Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі Қазақстан. Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттары Біздің еліміз тәуелсіздік алғалы бері әлемдік саяси аренада өзінің ұлттық ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты. Үш онжылдықтар бойы Қазақстан сындарлы, теңгерімді және көп векторлы сыртқы саясат жүргізіп келеді. Бұл саясаттың тұжырымдамалық негіздерін Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған және бірегей қазақстандық даму моделінің бір бөлігі болып табылады.
Елбасы Н. Назарбаев әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға белсене атсалысып, халықаралық аренада Қазақстанның беделін арттыруға көп үлес қосты. Елбасының 1991 жылы 29 тамызда әлемнің ең ірі ядролық полигондарының бірі – Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған ядролық сынақтарға алғашқы заңды тыйым ретінде ғана емес, сонымен бірге Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін белгілеу үшін маңызды негіз болды. Осы еңбегі үшін Елбасымыз «Ядролық сынақтардан азат әлем үшін чемпион» мәртебесіне ие болды. Бұл туралы 2020 жылы 27 тамызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған арнайы сессиясында жарияланды.
Ұлттық мүдделерді сәтті іске асыру, тиімді халықаралық стратегия жүргізу мақсатында сарапталған және шындыққа негізделген сыртқы саяси тұжырымдама болуы маңызды. Сондықтан Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 9 наурызда «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітті.
Қазақстан Республикасы өзінің сыртқы саясатын келесі негізгі қағидаттар негізінде жүзеге асырады:
1) Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел дамуының жаңа кезеңіндегі сыртқы саяси ұстанымының сабақтастығы;
2) тұрақты, әділ және демократиялық әлемдік тәртіп құруға жәрдемдесу; әлемдік саяси, экономикалық және гуманитарлық кеңістікке тең құқылы интеграциялану; қазақстандықтардың және шетелде тұратын қандастардың құқықтарын, еркіндіктері мен заңды мүдделерін тиімді қорғау;
3) мемлекеттің сыртқа ашықтығын ілгерілету, халықтың әл-ауқатын көтеру, елдің саяси, экономикалық және рухани әлеуетін дамыту үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасау;
4) Қазақстанды практикалық тұрғыда қызықтыратын барлық мемлекеттермен, мемлекетаралық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен достық, тең құқықтық және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуды білдіретін көпвекторлық, прагматизм және белсенділік;
5) көпжақты консультациялар мен келісімдер негізінде жаһандық және өңірлік мәселелердің кең ауқымын шешудегі халықаралық қоғамдастықтың тиімді тәсілдері мен ұжымдық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған мультилатерализм;
6) трансшекаралық сипаттағы сын-тегеуріндер мен қатерлерге ден қоюда, жанжалдарды реттеуде, қақтығыстан кейінгі елдерде бейбітшілікті нығайтуда халықаралық қоғамдастықтың интеграцияланған тәсілдерін әзірлеуді білдіретін ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейлердегі қауіпсіздік пен дамудың ажырамас байланысы
Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары:
Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау;
Экономикалық дипломатия;
Адам құқықтары, гуманитарлық дипломатия және қоршаған ортаны қорғау;
Өңірлік және көпжақты дипломатия.
Бүгінгі таңда Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болып табылады. 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас
Ассамблеясының 46-шы сессиясында Қазақстан Республикасы бірауыздан БҰҰ мүшелігіне қабылданды. Қазақстан қазіргі уақытта халықаралық саясатта ірі ойыншы болды, бұл оның әлемнің, Еуропа мен Азияның шекарасындағы, халықаралық қатынастардың негізгі қатысушылары, Ресей мен Қытай арасындағы жақсы географиялық жағдайымен байланысты. Жер көлемі әлемде тоғызыншы орында, пайдалы қазбалар мен басқа да табиғи ресурстардың үлкен қоры болуы елге өзінің халықаралық саяси рейтингін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстан 130 мемлекетпен (Ватикан мен Палестинаны қоса алғанда) және Еуропалық Одақпен дипломатиялық қатынастар орнатты. Қазақстан 70-тен астам халықаралық ұйымдардың қатысушысы болып табылады. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың толыққанды мүшесі, халықаралық қатынастардағы жауапты және сенімді серіктес ретінде бекітілді. Қазақстанның беделінің өсуі туралы, атап айтқанда, Сириядағы жағдайды реттеу бойынша Астана процесінің оң нәтижелерін айтсақ болады. Қазақстан түрлі интеграциялық жобалар мен халықаралық ұйымдардың құрылуына бастамашы болды.