Қарапайым саяси сана қалыптасып жүйеге түспеген, күнделікті саяси өмірден туған әдет-ғүрып, дағды, дәстүрлі нанымдар, тағы сол сияқтылардың жиынтығы. Ол күн сайынғы саяси өмір тәжірибесін байқап, пайымдаудан пайда болады. Саясаттың тереңіне бойламай, себеп-салдарын сараламай, көбіне сыртқы белгілеріне байланысты қорытынды жасайды. Сондықтан ол саяси сананың төменгі сатысына жатады.
Теориялық саяси сана жағдайлардың мән-мағынасын анықтап, оларды айтарлықтай жоғары дәрежеде теориялық түрғыдан жинақтап бейнелейді. Сондықтан ол тұжырымдамалар мен көзқарастардың жүйесі болып келеді. Теориялық саяси сана қарапайым саяси сананың негізінде пайда болады және олар бір-біріне ықпал етеді. Теориялық саяси сана стихиялық түрде туындамайды, оны арнайы дайындығы жоғары саяси сауаты бар теоретик адамдар қалыптастырады.