Keynotes: agriculture, increase the crop, efficient use of land, improving soil fertility, investment projects in agriculture
Әр мемлекеттің тағдырында жер өзге табиғи обьектілер сияқты бағасыз халық құндылығын білдіретін биопотенциялық құнарлы топырағын қамтиды. Қазақстан Республикасының Конституциясында жер табиғи ресурс ретінде, Қазақстан Республикасының халық өмірінің негізі болып белгіленген.
«Қазақстандықтардың көңілін алатын сұрақ – жер туралы сұрақ. Онымен елдің салт-дәстүрлері және адам тағдырлары байланысқан, олардың келешек ұрпақ алдында жауапкершілігі»,- деп ҚР-ның Президенті Н.А.Назарбаев өз үндеуінде ерекшелеп айтты.
Біздің негізгі жұмысымыз еліміздің басты байлығы деп саналатын жер ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауға байланысты болғандықтан, ауыл шаруашылығындағы жерлердің экономикалық, саяси-әлеуметтік дамуына тигізетін әсері мен алатын орны туралы тоқталамын.
Елбасы алғашқы кезеңдерде жер реформасын жүзеге асыру барысында оның қоғам дамуына қатысты рөлін бағалай келе “Жер табиғи байлықтармен және жылжымайтын мүлікпен қатар экономиканы көтеріп тұрған киттердің бірі болып табылады” деп атап көрсеткен болатын. Тәуелсіздік алған жылдан бері Мемлекет басшысының елімізді гүлдендірудегі мақсатына, осыған сәйкес Үкіметтің алдына қойған стратегиялық жоспарларына сай жүргізіліп келе жатқан жер реформасы қазіргі күні өзінің шешуші сәтіне аяқ басты. Елімізді жер қатынастарын жаңа заман талаптары негізінде айқындап, тұрақтандыруға бағытталған, жер байлығымызды ел байлығына айналдырудың маңызды мәселелерін шешуге бағытталған жер заңнамасы қалыптасты.
Міне, осы тұста біз жердің өзіне тән ерекшелігін, маңызы мен мәртебесін есте ұстауымыз қажет. Жер – өндіріс құралы. Адамдар жерді пайдаланып жұмыс істейді. Оның үстіне ол – өндіргіш күш. Себебі, жерге бидай тұқымын ексең, ол күзде бірнеше есе көбейіп шығады. Енді осылардың сыртында жер – табиғи фактор. Бүкіл жаны бар тіршілік оның аясында дамиды. Одан қуат алады.
Осындай үлкен ерекшеліктеріне байланысты адамдардың жермен қарым-қатынасы бірнеше заңдылықтар бойынша реттеледі. Жерді сақтау, қорғау мәселелерін, жерді өндірістік тұрғыдан игеру, оның күтіміне мән беру, басқа да ерекшеліктерін ескеру мәселесін көбінесе Жер кодексі қозғайды. Бұл жұмыс Жер ресурстарын басқару агенттігі құзырында, мемлекеттік стратегияға сай оның міндеттерін анықтап орындалуын қамтамасыз етеді. Ал еліміздің жер қорларын тиімді пайдаланудың заман мен қолданыстағы экономикалық қатынастарға сай жолдарын қарастыру және енгізу, оны қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру бойынша еліміздің жер заңдылықтарында, Үкіметтің шешімдерінде қарастырылған іс-шараларды өз құзіретіміз аясында жүзеге асыру «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (“МемжерҒӨО” РМК) жүктелген. Облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда (Астана мен Алматы қалалары) 18 еншілес кәсіпорны және еліміздің барлық аудандық (қалалық) орталықтарында 194 жер-кадастрлық бөлімшелері қызмет етеді.
Өмірдің серпінді дамуында ауыл шаруашылығының үлесі мол, еншісі қомақты. Ал жер ресурстары осы саланың өндіріс құралы. Республикамыздың ауыл шаруашылығы алқаптарының құрылымында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің үлес салмағы 38,5%. Халқымыздың 46 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Олар жер байлығын пайдаланып ауыл шаруашылық өндірісінің дамуына, халқымыздың ұлттық қадір-қасиетінің сақталуына үлес қосып отыр. Елбасымыз ұстанған сара саясаттың арқасында ауылдық жердің ажары кіріп, шаруа адамның тұрмысы түзеле бастағаны да шындық. Елбасы айтқандай, «...қай салада да әркім елдікті түсініп өмір сүрсе, ертеңіміз бұдан да жарқын болатынына сенім мол». Жолдаудағы жоба-жоспарлар, ой-түйіндер түсінген адамға осыны аңғартады.
Алайда, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі төмен жағдайда қалып келеді. Соңғы жылдардағы ауылшаруашылық өңімдерінің жетістіктеріне тоқтала келе, Елбасы өз сөзінде 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру біздің басты міндеттеріміздің бірі екенін айтты. Ол міндетті жүзеге асыру ауыл тұрғындарының тұрмысы мен өмір сүру жағдайын жақсартудың негізгі кілті.
Сөз жоқ, ауыл шаруашылығы дамыса ауылдарымыздың да көркейе түсетіні анық. Демек, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жеделдеп дамыту жөніндегі алға қойып отырған міндеті – қазіргі заман талабына сай еліміздің көкейкесті мақсат-мұратын қозғайтын дұрыс жол. Міне, осы іске үлес қосуда Жер ресурстарын басқару агенттігі құрамындағы кәсіпорынға үлкен міндеттер жүктеледі.
Бұл бағдарламаны іске асырудың негіздері егістік жерлердің өнімдерін жоғарылату, ауыл шаруашылығы тауарларының сапасын арттыру, жаңа құрал-жабдықтар мен жаңа технологияларды енгізу, әлемдік тәжірибені пайдалану. Бүгінгі таңда егістік жердің өнімділігін көтеру үшін топырақтың құнарлылығын арттыру, экологиялық жағдайды жақсарту өте маңызды. Міне, сондықтан, болашаққа серпін беретін Жолдауда көтерілген аса маңызды мәселелердің бірі ол жер ресурстарын, оның ішінде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді ұтымды әрі нысаналы пайдалану, оны бақылау және қорғау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін өткен жылы Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қарап, осы бағытта Үкімет пен Жер ресурстарын басқару агенттігіне бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Негізгі проблема – ол жер ресурстарының әлеуетін тиімді пайдалану және қорғау. Ел басшысы қойған стратегиялық тапсырмаға байланысты агенттік қабылдаған шаралар мен қабылданған іс-жоспарды орындауға өзіне жүктелген өкілеттікке сәйкес ғылыми-өндірістік орталық та жұмылдырылған.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдаланудың негізгі жолдары мен іс-шараларының басты бағыттары мыналар:
– өңірлік бағдарламаны әзірлеу;
– жерге орналастырудың бас сызбасын әзірлеу және оның тұжырымдамасын орындау;
– жерге орналастырудың ішкі шаруашылық жобаларын жасау;
– ауылшаруашылық жерлерін инвестиция тартудың сенімді көзіне айналдыру.
Бұл проблеманы шешу жолдары:
сұраныс тудыратын инвестициялық жобалар нұсқасын жасап облыстық, аудандық әкімдерге және ірі агроөнеркәсіптік кешендеріне ұсыну;
мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингтерінің мәліметтерін толықтыру жұмысы, жер кадастрының және оның ақпараттық жүйесінің келесі екінші деңгейін қалыптастыру.
ҚР Конституциясының 1-бабында көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы адам болып табылады. Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін сол ҚР әрбір азаматы заман ағымына сай, өз елінің патриоты, бәсекелестікке қабілетті болуы қажет. Осы сөздердің мағынасына жете түсінген әрбір қазақстандық қоғамдағы өз орнын, жауапкершілігін сезіне отырып, халық пен мемлекет мүддесі үшін аянбай еңбек етуі тиіс деп білемін.
Достарыңызбен бөлісу: |