Сүдігерде изен indd



Pdf көрінісі
бет28/38
Дата24.04.2022
өлшемі1,05 Mb.
#140653
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   38
Байланысты:
5-7 сынып

Сүдігерде изен ызыңдайды
– Аяқ-қолыңыз осыдан екі-үш жыл бұрынғы сау-
саламат кезіңіздегідей болады əлі, – деймін мен аурудың 
аяқ жағын жылы одеялмен қымтап.
Мен күнде түнде түсімде, қырда жүгіріп гүл теріп 
жүремін, тіпті кейде өзіміздің совхоздың клубында би 
де билеп жүремін, – деді Сырға.
– Әлі қарап тұр, өңінде де талай-талай билерсің, – 
деймін ауруға массаж жасауды сестраға тапсырып.
– Бұл өзі, жазылатын ауру ма еді? – дейді Сырға.
– Әрине, – дедім мен ə дегенде не дерімді білмей 
қалсам да. – Әрине, біздің ғылым үшін жеңілмейтін дерт 
жоқ. Байқап қарасаң, бір кезде жұртқа соқырішектің 
өзі жазылмас дерт еді. Сүзек, шешек дегенің тажал 
еді, қазір олар жойылды. Туберкулез күні кешеге 
дейін ем қонбайтын ауру болса, қазір ғылым оны 
емдеудің пəрменді жолдарын тапты... Тіпті жуырда 
ғана еліміздің ең көрнекті медиктерінің жиналысында 
атақты профессор Ефимов полиартритті сəтті емдеудің 
тəжірибелерін ортаға салып, жаңа антибиотик жасап 
шығарғанын да айтты ғой.
Сырғаның жансыз аяқтарының жүрмей қалғанынан 
қан жиналып бетіне шыққандай, боп-боз өңі қызыл 
шырайланды. Жұқалаң ерні дір-дір еткендей болды. 
Өзіне ғана жарасымды тəмпек мұрнының танауы 
делдиіңкіреп, тынысы жиіледі.
– Жаңа антибиотик пе? Жаңа дəрі ме? – деді Сырға, 
бұл жолы ол сыбырлағанын қойып, дауысын шығарып 
жіберді. Оның шын дауысын тұңғыш естігенім еді.
– Иə, жаңа дəрі, – дедім мен, əлсіз арық қолын қалай 
сипағанымды өзім де сезбей қалып.


97
Сүдігерде изен ызыңдайды
– Ол дəрі бар болса қайда? Маған неге бермейді 
екен? – Ауыр дерттен нұры қайтпаған үлкен қоңыр 
көзінен үміт ұшқыны бір жылт етіп, бір сөнді.
«Мен гүл ашпай жатып суық шалған адаммын ғой, 
мені алдамағайсың, əлі көрер жақсылығым бар ма?» 
дегендей еді ол көз.
– Ол дəрі əлі аптекаларға түскен жоқ көрінеді, тек 
лабораториялық тəжірибелерде қолданылады екен.
– А, лаборатория... лаборатория, əлі жоқ деңіз... жоқ 
деңіз...
Қоңыр көз мен ең алғаш рет көргендегідей əуелі 
жалт етіп, «жоқ деңіз» деген кезде мұңайып, тайып 
кетті. Мен ағат айтқанымды кешігіңкіреп түсіндім де:
– Сабыр ет, Сырға. Әлі-ақ аламыз ол дəріні, – дедім.
– «Сабыр, сабыр», – деді ол менің сөзімді 
ұнатпағандай, – Сабырдан келер пайда болса, мен сабыр 
еткелі жүздеген таң атып, жүздеген күн батты. Менің 
шыдамым сынға түскелі қашан! О, сіз түсінбейсіз оны...
– Мен түсінемін, Сырға, түсінгендіктен де, қайтсем 
де сол дəріні саған тауып əкеліп беруді ойлап отырмын. 
Командировка сұрап, облыс орталығына, тіпті 
Алматыға, онда болмаса, профессор Ефимовтың өзіне 
барамын, – деп Сырғаның нəзік саусағын алақаныма 
қалай салғанымды өзім де сезбей отырыппын.
– Сүйген жардан көрмеген жақсылықты сізден 
көрдім-ау. Алғаным мені ауырған соң қара шақа құрлы 
көрмей тастап кеткеннен кейін, енді мүлде құрыған адам 
екенмін деп үрейім ұшушы еді. Сіз неткен қайырымды 
жан едіңіз... Шынымен, жасыған көңіл жадырай ма? 
Шынымен, солған өмір қайта көгере ме екен? Адам 
аяғынан айырылады екен, қолынан айырылады екен, 
адам ажардан, сүйікті жардан айырылады екен, адам 


98
Сүдігерде изен ызыңдайды
от басынан, ошақ қасынан, басқа түссе бақытынан 
айырылады екен. Бірақ арманнан айырыла алмайды 
екен. Мен осы уақытқа дейін ауа жұтып, жарық дүниені 
терезенің бір қиығынан болса да көріп жатсам, оным 
осы арманның арқасы. Шіркін, жантақ жамылған кең 
далаға тағы бір шығып, кəрі əкемнің отарындағы қойға 
жамыраған қозылардың соңынан тағы бір жүгірсем-ау!
– «Сау адам көп нəрсенің қадірін біле бермейді ғой, 
əйтпесе қызыл тікен кешіп, қозы артынан жүгірген де 
арман болады екен, ə», – дедім ішімнен тағы да.
– Осыдан қара да тұр, бұл арманың да орындалар!
– Жоқ, бұл арман бұған дейін қанатсыз еді, енді сіз 
қанат бітірдіңіз, – деді Сырға.
Енді менің жатсам-тұрсам Сырғаға берген уəдем 
есімнен бір шықпайтын болды. Менікі де бір үміт еді. 
Әйтпесе жаңа антибиотиктің жарық дүниеге келгенін 
«Медицинский работник» газетінің он жолдық 
хабарынан оқып едім. Ал ол қашан пайдалануға 
беріледі, одан беймағлұм едім. Үміт қой. Адамға адам 
жақсылық тілеген үміттер көбейе берсе ғой, шіркін. 
Үміт пен арман алдыңнан шығып, ұдайы қол бұлғап 
тұрады. Ол періштедей көзге көрінбей, мен мұндалап 
алға жетелей береді. Аспандағы ай мен күндей арман 
да мəңгілік, ол еш заман өлмейді. Сырғанікі де сондай 
өлмес, өміршең арман ғой. Мейлі, ол қозы қайыруды-
ақ аңсасын, бірақ соның өзі қандай десеңізші, кеселі 
қатерлі адам үшін о да аспандағы айдай ғой.
Адамның жолы күннің жолына ұқсайды деседі. 
Адамның да арайлап атқан таңы бap, еңкейіп еңіске 
түскен кезі де бар. Жолдар ұқсас. Бірақ əркімде күннің 
нұры, күннің дарқандығы, күннің жомарттығы бар ма? 
Мен адамның ажалына ара түспекпін, оны қасірет-


99
Сүдігерде изен ызыңдайды
қайғыдан айырмақпын. Осы мақсатыма жетсем, мен де 
кішкентай күнге ұқсар едім.
Міне, Сырғамен соңғы əңгімеден кейін мен осылай 
ойладым. Ал енді менің неге сонша асығып отырғаным 
сізге түсінікті бола бастаған шығар? – деп Әшім 
тершіген көзілдірігін алып, бет орамалымен мұқият 
сүртіп, үндемей қалды.
– Жаңа дəріні таптыңыз ба, сонымен? – дедім мен 
шыдамсызданып.
– Таптым, – деді жас дəрігер күлімсіреп. – Үйден 
шыққалы, міне, бүгін он бес күн болды. Оның үш күні, 
өзіңіз білесіз, самолет күтумен өтті. Мені сағат сайын, 
минут сайын тосып жатқан адам бар, ал мен болсам, 
отырысым мынау.
Аэропорт ішіндегі домино ойнап отырғандар да, 
карта соғып жатқандар да, газеттің хабарландыруына 
дейін қалдырмай оқып отырғандар да, жалыға-
жалыға жантайып жатқандар да – бəрі де кенет тына 
қалды. Маңдайшадағы репродуктордан диктордың 
микрофонды шертіп тықылдатқаны естілді. Бұл көптің 
зарыға күткен дыбысы еді.
– Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! – деді диктор да 
қуанып. – Қарағайлыға қарай ұшатын самолетке отыру 
басталды. Қайталаймын...
Әшім көзілдірігін асығыс киіп, орнынан атып тұрып, 
кассаға қарай жүгірді. Геологтар артынып-тартынып 
тысқа шығатын есікке қарай анталады. Қону алаңында 
«АН-12» самолетінің моторлары бірінен соң бірі от 
алып, қалақшалары əуелі жайлап айналып, бірте-бірте 
боран таптаған ақ қарды құйындай ұшырып, көзге 
көрінбей, бұлдыр ауаға сіңіп кеткендей болды.


100
Сүдігерде изен ызыңдайды
– Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! – деді диктор дəл 
бір Әшімге ғана арнап айтқандай бір түрлі салтанатты 
дауыспен. – Көктоғайға ұшатын самолетке отырғызу 
басталды.
– Ал, сау-саламат болыңыз! Сіздің самолетіңіздің 
тезірек келуіне тілектеспін, – деді Әшім кішкентай қол 
чемоданын келіп алып тұрып.
– Сау бол, Сырғаға сəлем айт! – дедім мен шын 
пейіліммен. – Оның сауығып кетуіне, арманына жетуіне 
тілектес тағы бір бейтаныс адам бар екенін айт.
– Рақмет! – деді Әшім. Сөйтіп студент күннен 
мұраға қалған мақталы шолақ пальтоның жағасын 
көтеріп, көзілдірігін түзеп қойып, самолетке беттеді.
Сонда орта ғасырдың ұлы ғалымы Ибн-Синаның бір 
сөзі есіме түсті: «Дəрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, 
екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз» деп еді ол. Пышағы – 
хирургтің қандауыры, дəрі-дəрмек атаулының бəрі 
шөптен шығады. Ал шын жүректен шыққан жылы сөз, 
ауру адамға деген сүйіспеншілік сөзі – өте құдіретті сөз. 
Әне, анау самолеттің баспалдағына аяғын аттап салған 
жігіттің кішкене чемоданындағы əрең іздеп тапқан жаңа 
дəріге жас доктордың ауру адамға деген сүйіспеншілігі, 
жалынды сөзі қосылмаса, жалаң дəрінің өзі дəрменсіз 
болар ма еді...
– Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Алматыға ұшатын 
самолетке отырғызу басталды, – деп хабарлады диктор. 
Мен де алаңға қарай аяңдадым. Үш күннен бері үнсіз 
тұрған аэродром дəл қазір самолеттер ұшырып, салют 
атқандай, көк қырандарын жан-жаққа аттандырып 
жатты. Олар тек жолаушы ғана емес, шартарапқа 
сағыныш пен армандарды да алып ұшты.


101


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   38




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет