Альпинистер аман қалды
Грузин құтқарушылары Сванетиядағы Шхара тауына шығып, ондағы ең биік шыңды «бағындыруға» келген Польшаның төрт альпинисін ажалдан құтқарып қалды. Құтқару операциясы ауа-райының күрт бұзылуынан үш күнге созылды.
Бірақ, бәрі де сәтті аяқталып, альпинистер аман-есен жақын жердегі елді мекенге жеткізілді. Олардың денсаулықтарына еш залал келмеген, тек үш күнгі аштықтан әбден әлсірегендері сезіледі. Альпинистердің апатқа ұшырауына үзіліп кеткен арқан себеп болған екен.
Қысқа қайырып айтқанда:
Таяу Шығыста тәуелсіз Палестина мемлекетін құру таусылмайтын кикілжіңдерді шешетін жалғыз жол, деп жариялады АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Палестина және Израиль елдері сенімді өкілдерімен бірге болған баспасөз мәслихатында.
Иракта суниттер мен шииттер мешітінде де жарылыс болды. Соның салдарынан 9 адам қаза тауып, 11 адам жараланды. Екі жағдайда да жарылысты жасаған жанкештілер болып шықты.
Швейцарияда екі пойыздың бетпе-бет соғысынан бір машинист қаза болып, 35 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Бұл Еуропадағы соңғы үш аптада болған үшінші үлкен темір жол апаты болып отыр.
Ресей президенті В.Путин мен Украина президенті В.Янукович Севастопольде болған екі ел флоттарының мерекесіне қатысты. Сарапшылар екіжақты әңгіме барысында В.Путин әріптесін Кеден одағына тартуды талқылағанын айтады.
Италияда балаларды туристік сапармен әкеле жатқан автобус жардан құлап, алапат апат орын алды. Қазір құтқарушылар автобустың қалдықтарын жинастырып жатыр. Алдын ала мәліметке қарағанда, кем дегенде 38 бала мерт болған.
Украинаның Луганск қаласының жас тұрғыны Ольга Марченко аурухананың жүрмей қалған лифтіне қамалып қалған жерінде аман-есен босанып, дүниеге ұл әкелді.
Достарыңызбен бөлісу: |