Бірінші топқа мағынасы өзгеріске түспеген сөздерді жатқызуға болады. «Шежіреде» беретін мағынасы мен қазіргі қазақ тіліндегі мағынасы сол күйінде сақталған араб және парсы сөздері – шығарма тілінің негізгі арқауы. Мысалы, әділ, азап, айла, арзу, бақ, дана, дұшпан, дос, дарбаза т.б. атауға болады.
«Шежіре» тілінде абстракт ұғымдарды білдіретін сөздер негізінен араб элементтері болып келеді. Ал парсы сөздерінің басым көпшілігі тұрмыстық зат атауларына қатысты жұмсалған. Мұның себебін түркі халықтарының көп жылдар бойы парсылармен көршілес отырып, тікелей қарым-қатынас жасауымен байланыстырамыз. Мұндай сөздерді Әбілғазы өз шығармасында үнемі қолданып отырады.
Екінші топқа мағынасы кейбір өзгерістерге ұшыраған сөздерді жатқызуға болады. Мәселен, «Шежіреде» пуст сөзі кездеседі. Парсы тілінде пуст кожа, шкура, кора, скорлупа [ПРС, 97-б.] мағынасын берсе, «Шежіреде» шапан мәнінде жұмсалған.
- Бір кече йарым ахшам еркек ұғлан тұғұрды атасының пустының етегінден кесіб алды тағы ұғланны чырмаб үйінің кеніде йалқұн ічінде йылатұб қойды (34, 16-17). Атасының пустының етегіндін кесіб алды (56).
Кейбір араб және парсы сөздерінің өздерінің әдеби тілінде бірнеше мағыналары болатыны белгілі. Уақыт өте бір тілден екінші тілге ауысқан сөздердің мағыналары тарылады, яғни бір немесе екі мағынада ғана қолднылады.
«Шежіре» тіліндегі әсәр сөзінің араб тілінде көп мағынасы бар: 1) Із, белгі; 2) Аңыз, көне заманның ескерткіші; 3) ықпал; 4) әсер, эффект; 5) шығарма, еңбек (әдеби, ғылыми) т.б. [ПРС,7-б.]. Шығармада бұл сөз екі мағынада қолданылған. Бірі әсәр уа әләумәт (із және белгі) және екінші мағынасы әсер ету, ықпал ету мәнінде жұмсалған.
- Бу сөз ханның көңіліке әсәр қылыб йасауылға бұйырды (88,27). Анлар тағы Хендустан барыб хабар уа әсәр білмей қайтыб келділер (98,26).
Қазіргі қазақ тілінде сырттай бір құбылыстан, қимыл-әрекеттен болатын “ықпал” ұғымын ғана білдіреді. Демек, араб тіліндегі бұл көпмағыналы сөздің мағынасы қазақ тіліне ауысқанда мейлінше тарылып, жалғыз ғана түсінікті білдіретін болып қалған.
Парсы тілінің сөздігінде әуез сөзінің 1) голос, звук; 2) песня деген мағыналарды береді [ПРС, 46-б.]. Шығармада: 1) дауыс; 2) атақ-даңқ мағынасында қолданылған.
- Ерсе ұғлан әуезі келді барыб көрді өзінің постыны таныды (34,18). Ауезісі мағұл ічіне шұһрат табды (Атақ-даңқы маңғол ічінде белгілі болды) (44,6).
Ендігі бір тұстарында аты деген сөзбен қос сөз жасайды.
Мәселен, Екі йыл отұрған соң аты уа әуезісі төрт тарафқа түшді (Атағы барлық жерге белгілі болды) (48).
Үшінші топқа қазіргі қазақ тілінде кездеспейтін, қолданылмайтын араб және парсы сөздері жатады.
Б.Сағындықов: «Түркі халықтарында бұрын-соңды болмаған ұғымдар мен зат атаулары ескерткіштерде араб-парсы сөздерімен беріледі. Мұндай сөздердің көпшілігі діни ұғымдар, ел басқару істеріне, экономикаға, ғылым мен мәдениетке, қоғамдық өмірдің басқа да салаларына байланысты терминдер. Әрине, мұндай сөздер аударуға келмейді. Аударған күнде де негізгі мағынасы бұзылып кетер еді» [13,31-б.], – дейді.
Ал Әбілғазы осы кемшіліктерді байқай отырып, түркі халықтарына ортақ жеңіл қарапайым тілмен жазуды мақсат етсе де, өз заманының тілдік ортасынан алыстай алмаған. Шығарма тілінде, әдеттегідей, ортаазиялық, бірақ бізге түсініксіз қазіргі тілімізде қолданылмайтын араб және парсы сөздері ұшырасады. Бірсыпыра түркі тілдерінде бұл сөздердің бірқатары кеңінен қолданылуы да мүмкін.
«Шежіре» тілінде араб тіліне қатысты мынадай сөздер бар: хәмлә (жүкті), зағифа (әйел), бинеһаиат (шексіз), инғам (сыйлық), мұхтасар (қысқаша айтқанда), ғажражи (көну), уасел (есіткен, білген), сабахи (кінәлі), шайе (таралу) т.б.
- Ол ұрұш тамам Қарқын уа Харасан уа Мауренахрда шайе болды (53, 27). Хатұнұм хәмлә ерді тұғырды (14,15). Лафазы мұхтасар болса һәм мәһнәсы мұхтасар ермес ерді (52,11).
Ал парсы тіліне қатысты мына сөздер жиі ұшырайды: сетар (жұлдыз), сулих (бейбіт), сәкін (тыныштық), серат (жол), ләб (ерін), кенар (жаға) т.б.
- Ай уа хесабны он екі йұрт уа сетаре шүкүр алқабының хесабын барчасын біле тұрған сондағ еркендүр (53,15). Менің бірлән ұрұштылар мен ғалыб келдім сулих қылдылар (168). Шаһар Сарайчыққа качыб барды уа анда сәкін болды (98). Бір дарре бар ерді ол дарренің йолы сератының йолындын һәм нозу керек ерді (51,28).
Жалпы шығарма тілінде қазіргі тілімізде қолданылмайтын араб және парсы сөздері қазақ тіліндегі тақырыптық топтардың барлығын қамтиды. Мәселен, соғыс қимылдарына байланысты: масхар қылу, ғалыб келу, есір қылу, хежуб қылу, хамле қылу, банд қылу т.б. жарыса қолданылатын араб сөздері кең қолданылған. Діни ұғымдарға байланысты: шариф ислам, калиме шаһадат, фузала уа зуход, ғибадат, намазкаһ, бәде т.б. Ал тұрмыстық зат атауларына байланысты: сандан, чөкүч, қумаш, сарұпай, пост т.б сөздер.
«Шежіре» тілінде ел мен ел, хандар мен сұлтандар арасындағы уәде, келісім, жарасу, мадақтау мәніндегі сөздер мен сыйлық жасау, жол-жоралғылар мен ризашылықты білдіретін күрделі сөз тіркестері жұмсалған. Мысалы, ілтифат уа енаиатлар, хазына уа дафине, мал уа нәәмәт, хәт уа сауғат, енаиат уа шафақат т.б.
Қазіргі тілімізде жоқ бұндай тұрақты сөздердің қолдануының өзіндік себептері болған сияқты:1) түркілік баламаның болмағандығынан; 2) түркілік балама бола тұрса да өзінің сөзін нақтылау үшін; 3) тіл шеберлігін көрсету үшін қолданылған.
Араб және парсы сөздерін жеке және көмекші етістіктермен ғана қолданып қоймай, тұрақты, бейнелі сөз тіркестерін беруде де пайдаланған. Бұл жерде автор шығарманың тілін әсерлі, мазмұнды етуді мақсат етсе керек.
Қорыта айтқанда, «Шежіре» жазылған кезеңде бұл сөздер жергілікті халық тілінде, әсіресе жазба әдебиетте кең қолданылған болуы керек. Кейінгі тілімізде көп қолданылмағандықтан, мағынасы түсініксіз сөздерге айналған.
2.2 Араб сөздерінің тақырыптық топтары
«Шежіредегі» кірме сөздерді тақырыптық топтарға жіктегенде, араб тіліне қатысты тақырыптық топтар және парсы тіліне қатысты тақырыптық топтар деп бөлуді жөн көрдік, себебі, «Шежіреде» екі тілдің элементтері әртүрлі салаларға қатысты жұмсалған.
1.Әлеуметтік-қоғамдық, саяси атаулар: ахдпейман (келісім), хәкімнешин (әкім билейтін өлке), сиасат (саясат), султанат, мәслихат, хабар, арыз, қызмет, мәселе, насихат, т.б.
- Сұлтан ахдпеймандын хушхол болұб көңіліде макрар қылдыкім (52, 3). Илбарыс келген чақда үч хәкімнешин уәлайаты қалыб ерді (110,28). Сұлтан Мұхамеднің үстіке атланыб анка йағы болсұн деб маболе қылыб ерді (56, 5).
Барлық ортаазиялық түркі ескерткіштеріне ортақ «Шежіре» тілінде қолданылған әлеуметтік-қоғамдық, саяси атауларға қатысты араб және парсы сөздері көбінесе іс қағаздарына байланысты болып келеді: хат, мабале (мәмле-келісім), арызнаме (арыз хат), ахднаме (келісім хат), хисаб (есеб) т.б.
2. Атақ-дәрежеге байланысты атаулар: сұлтан, әмір, хәкім, уәзір, сейд, мәлік, шейх, уәлі әлғаһад т.б.
- Алтұн ханға уәзірінің сөзі мақұл болұб Шынғыз ханға елчі йіберді (53,11). Үкідай хан нәсілдін Ғали сұлтан теген Шағатай әуледіға ғалыб болды (84,16).
3. Діни ұғымдарға байланысты атаулар: аллах, азан, дұға, шариғат, кафір, құтба, мұсылман, месжед, айд, уағыз, масахәқ, т.б.
- Әлхамдулла біз мұсылман болдық (35). Йасауымның арқасы алты уа йеті арық болды ұрұш тараз болғанда алты айда алла алла деб икүрдүн йау қачды (56, 12).
4. Соғыс қимылдарына байланысты атаулар: ғалыб келу (жеңіп келу), ғам қылу (қыру), хераб қылу (талқандау), мәсһәр қылу (жаулау), фарағат сұрау (бейбітшілік сұрау), әсір қылу (тұтқындау), мухарабе қылу (талқандау), хежуб (шабуыл жасау) т.б.
- Екі мың кіші қалаға йүгірді кіріб алдылар қатал ғам қылдылар (4,67). Бірнече кундін соң ләшкәр йұртыны хераб қылды (106). Шыңғыз хан ұғұл болұб фарағат отұрұб ерділер (55).
Жаугершілікке қатысты соғыс қимылдарын көрсететін түріктің йасау йасау, күрен салу, ор қазу, қалғаға беркіну, қылыштан өткізу, чабу, қолына түсу (ұсталу), бойын имеу т.б. тіркестері жоғарыдағы келтірген араб және парсы сөздерімен синонимдік қатар түзейді. Негізінен, шығармада түркі көмекші етістіктерімен келетін араб сөздерінің қолдану жиілігі жоғары. Тіптен қазіргі қазақ тілінде кездеспейтін араб сөздері өз алдына семантикалық ерекшеліктеріне қарай топтастырылып, синонимдік қатар түзгені байқалады.
Осы аталған соғыс қимылдарына қатысты кейбір араб сөздерінің қазіргі қазақ тілімен сабақтастығы байқалады: фарағат – жайбарақат, майұб-майып, хераб-қирап т.б.
2.3 Парсы сөздерінің тақырыптық топтары
1.Тұрмыстық зат атаулары: тәбәр (балта), зәрбафт (зерлі мата), сарұпай (киім), хоссе (зат), хус (ыдыс), кефін (кебін), пуст (шапан) т.б.
- Ат сауытлы сарұпайлы кішіні алыб чыға білмес ат батыб бара тұрғанда шол кішінің сөзі йадымға келе қалды (162,1). Қазынасына бұйырдыкім қумаш келтүргіл барыб мың сандұқ зарбавт келтірді (24).
Тұрмыстық атаулардың басым көпшілгі парсы тіліне қатысты. Олар киім-кешекке, асыл бұйымдарға, күнделікті құрал-сайман атаулары, ыдыс-аяққа, тамақ атауларына қатысты іштей тақырыптық топтарға бөлінеді. Бұдан Әбілғазының өзі әңгіме етіп отырған «Шежіреде» бірыңғай тарихи фактілерді тізе бермей, түркі елінің тұрмыс-тіршілігінен, мәдениетінен хабардар етуді ойлағанын көреміз.
2. Сауда-саттыққа байланысты атаулар: керуен, базар, базарган, сауда, саудагер, баға, пұл, арзан, хұн (құн), ашраф (ақша), харыж (қарыз) , т.б.
- Бинаһаиат арзанлық болды бір пұлға бір нан болды тейділер (127,163). Бухара алыб барған бірнече өзбекдін Маңғытқа саудаға барұрмын деб бу ішлердін ғафыл көб келіб ерді (147,23-24).
3. Кәсіби сөздер: ұстадлар уа нақышлар (қолөнершілер), дадбан (прокурор), дафтардар (хатшы), дихан, нависанде (жазушы), базарган (базаршы), саудагер, чапан, пехлеван, табиб (дәрігер), ахл е пше (қолөнершілер), чубдар (табыншы), ракиб (салт атты кісі), бәдечілер (сиқыршылар) т.б.
- Өз халқымызда һеч білүр кіші йоқ біз мұны көрге алыб барғандын не файда тағы төрт нависандені олтұрдым. Хытайдын келтірген ұстадларларыны уа нақышларыны алдыға келтіріб йахшы үйлер уа күшкілер бана қылдылар (79,6-8).
4. Туыстыққа байланысты атаулар: аба аждад (ата-баба), фәрзәнд (перзент), кәдхуда (үйлену), дадкие (күң), бәрадарзад (немере ағасы), нәбире (немере) т.б.
- Шынғыз ханның аба уа аждадларыны уа әуледлеріні кім һәр уәлайатларда падишаһлақ қылыб турурлар (2, 6-7). Алтайдын та Аму суының кенериғаче Алғұға берді Алғұ Шағатай ханның нәбиресі тұрұр (83, 25).
Туыстық атаулардың басым көпшілігі түркі сөздеріне қатысты. Бұл шығарманың мазмұнына сай келеді, өйткені «Шежіреде» белгілі бір әулеттің бір-біріне қарым-қатынасы сөз болатыны мәлім. Ал парсы тіліне қатысты бүгінгі тілімізге сіңісіп кеткен зағифа (зайып), набире (немере), фәрзәнд (перзент) сөздерінен басқа қазіргі тілімізде қолданылмайтын иран сөздері кездеседі. Мәселен, кәдхуда (үйлену), додок (күң) т.б. атаулар.
5. Атақ-дәрежеге байланысты атаулар: падшаһ, сардар, фарман (қолбасшы), мырза, т.б.
- Йолда Қара Хытайның әксәр халқы Буәбәкі сардарға кошұлұб Ханбалығқа матуже болдылар (53,12). Қашқар, Йоркенд, Ұйғырстан мемлекетіне хан нәсілдін һеч падшаһ йа фарман йоқ ерді (42,9).
6. Діни терминдер: құдай, ауфариде, пайғамбар, ораза, намаз, фәрз, намаз, намазшам, намазкаһ, пайғамбар, бейіш, пері т.б.
- Кім пайғамбар тәңрінің елчісі тұрұр (74,27). Андын соң һәр күнде беш уақыт намаз оқұб тәңріке бенделі қалұб беһештке алыб барды (7).
Парсы діни сөздері араб тіліне қарағанда аз мөлшерде жұмсалған. «Шежіреде» пайғамбар, намаз, фәрз (парыз), бейіш, пері парсы діни сөздері араб сөздері сияқты күрделі бірлік құрайды. Мысалы: намазшам, намазгаһ, дарке жаһаннам (тозақ түбі), т.б.
7. Соғыс қимылдарына байланысты атаулар: бәнде қылу (тұтқынға алу), фарман болу (басшы болу), руи кардан болу (жауласу), ағаз қылу (бастау), т.б.
- Алқисса хан Балхының хылқы бірлән қатығ ұрұштылар тағы қытығ ғам қылыб Балхының қаласын йер иерло иексен қылды һеч кісіні қоймады шәһид қылдылар (60,24). Шейх Хасан Бузруг әмір шейх Хасан Кучекдін руи кардан болұб Бағдад барды (94,25).
Соғыс қимылдарына қатысты парсы сөздері аз мөлшерде жұмсалған. Оның орнына қару-жараққа қатысты зеңбірек, туфанг, найза, чарайна, әскер мағынасында ләшкер, сыпаһ, черік сөздері жарыса қолданылады.
«Шежіредегі» араб және парсы сөздерін тақырыптық топтарға жіктеп қарастырғанымызда, өмірдің барлық салаларын қамтитынын көреміз. Араб сөздері негізінен қоғамдық-саяси өмір саласына және діни ұғымдарға байланысты көбірек қолданылған. Ал парсы сөздерінің араб сөздеріне қарағанда тақырыптық топтары көбірек. Бірақ та әр салаға жататын сөздер саны аз болып келеді. Сондай-ақ, өсімдік атаулары, жер-су атаулары, астрономиялық атаулармен қатар адамның психологиялық көңіл күйіне байланысты сөздердің мөлшері аз болғандықтан, жеке-жеке топтарға бөліп қарастырмадық.
2.4 Араб және парсы сөздерімен жасалған фразеологиялық тіркестер
Әбілғазы да өз шығармасында көнетүркілік тұрақты, бейнелі сөз тіркестерін қолданумен қатар өзінің шеберлігін таныту мақсатында араб және парсы оралымдарымен келетін тұрақты тіркестерді қолданудан да бас тартпаған. «Жамиғ-ат тауарихтағы» есім мен етістікті тұрақты тіркестер Әбілғазы шығармасында да орын алған. Бұндай араб және парсы сөздерінің түркі көмекші етістіктерімен бірігіп қолданылуы – орта ғасыр жазба ескерткіштеріне тән құбылыс. Әсіресе шығармада соғыс қимылдарына, атақ-дәрежеге, діни ұғымдарға және адамның психологиялық көңіл-күйіне байланысты тұрақты тіркестер молынан қолданылған.
Араб тіліне қатысты фразеологизмдер: шұхрат табу (белгілі болу), ғазал қылу (өлтіру), һессе (кек қайтару), азар беру (қорлық көрсету), аман беру (ел болу, аузы бір болу) т.б.
- Нөкерлерінің олжасын алыб көб азар беріб қайта берділер (120, 2-3). Әуезісі мағұл ічінде шұхрат табды (44,6).
Парсы тіліне қатысты фразеологизмдер: патша көтеру (патша сайлау), саф тарту (шеп тарту), шырын забон (жақсы сөздер), сөзі дераз болу (мылжың болу), дастдераз қылу (ұрлық жасау), даруазасы төрт жаққа түсу (тас-талқан болу, тоз-тоз болу), дұшпандықтың оты жану (араз болу, жауласу) т.б.
- Бір екі иыл анда отұрғандын соң аның даруазасы төрт йақға түшді (30, 9-10). Сүйініч ханның заманында мұғұл бірлән татар елінің арасында дұшманлығ оты андағ көб йанды (7, 26-27).
Енді осы кірме сөздермен жасалған фразеологизмдердің қазіргі қазақ тілінде кездесетіні – халалы күю тіркесі амалы таусылу (біту) тіркесіне, ғұмыр табу – өмір сүруге балама бола алады. Уақытты көрсететін гөш пісім тіркесі қазақ тіліндегі ет пісірімге, фал бақу тіркесі бал ашу, һессесін өлтүру тіркесі есесін алу, кегін алу тіркестеріне жақын.
Үміт үзу тіркесінің «Шежіредегі» және қазіргі тіліміздегі мағынасының арасында аса бір алшақтық байқалмайды. Екеуінде де үміт үзу тіркесінің беретін мағынасы түңілу, ойлағаны орындалмайтынына көзі жету. Сол сияқты имамға үю, теһарат сындыру (дәрет сындыру), жар қылу (жариялау), есір болу (есіріп кету, мастану), азар беру (азаптандыру), қызмет қылу (қызмет ету), ажалы келу, әсіресе адамның көңіл күйіне байланысты араз болу (ренжу), хайран қалу (қайран қалу – таңғалу), пұшайман болу (өкіну), ғұссе болу (құса болу) сияқты тұрақты сөз тіркестерінің беретін мағыналары қазіргі тіліміздегімен бірдей.
Кейбір тіркестердің қазіргі қазақ тілінде дамыған, күрделенген түрлері кездеседі. Мәселен, қамын жеу (қамқорлық жасау), дем ұрмады (дем бермеді- үндемеді), т.б.
Араб тілінде бәрқ сөзі «жарқырау, жарқылдау» деген мағыналардағы найзағай ұғымын береді. Автор бәрқ (назағай) және бод (жел) парсы сөзін біріктіріп «дауылдай жайлап» деген ауыспалы мағынада қолданған.
- Сұлтан Мұхаммед ештідікім отыз мың кіші судын өтіб барқа уа бод келе тұрұр деб сұлтандын...(68,17).
Сонымен еңбекте сол заманның тұрмыс-тіршілігіне лайық әртүрлі ұғымдарды білдіретін тұрақты тіркестер қамтылған. Қазіргі тілмен мағына сабақтастығын танытатын араб және парсы сөздерінен жасалған тұрақты сөз тіркестері мен эпитеттер шығармада көп пайдаланылған.
3 «Түркі шежіресіндегі» араб және парсы сөздерінің фонетика-грамматикалық сипаты» деп аталатын тарауда «Шежіредегі» араб және парсы сөздерінің фонетикалық, тұлғалық сипаты және олар сөз таптары тұрғысынан қарастырылады. Яғни бұл сөздердің «Шежіре» тілінде фонетикалық, морфологиялық өзгерістерге түсуі сөз болады.
3.1 «Араб және парсы сөздерінің фонетикалық-орфографиялық сипаты».
«Шежіреде» қолданылған араб және парсы сөздері араб және парсы тіліндегі формаларын сақтап, фонетикалық тұлғасын өзгертпеген. Мұның себебі, араб тілін енгізуге тырысушылар оны қасиетті құран сөзі ретінде уағыздап, олардың шама келгенше бұзылмауына көп күш жұмсаған. «Шежіреде» араб тіліне қатысты мына сөздер өз тұлғасында таңбаланған: мәжіліс, жамағат, мемлекет, халық, наисхат т.б. Парсы сөздері де түпнұсқа тұлғасын сақтап таңбаланған: пул, қағаз, құран, намаз, раушан, т.б.
Араб графикалы ескерткіштердегі мәтінді транскрипциялаудың өзіндік қиындығы бар. Бұның себебі араб тілінде дауысты дыбыстар аз. Әсіресе қатар келген дауыссыз дыбыстардың арасында харакаттардың (қысқа дауысты дыбыстардың) белгіленбеуінен сыртқы графикалық формалары бірдей сөздерді түрліше оқып, транскрипциялауға болады. Ал біз талдап отырған баспа нұсқада таза араб әліпбиін емес, жалпытүркілік әліпбпиін қолданған.
«Шежіре» мәтінінде 28 араб әрпі және 2 парсы چ (че), پ (пе) таңбасы кездеседі. Осылардың ішінде араб әлібпиіндегі 2 таңбалы т ط ت немесе 3 таңбалы с ص س ث , з ز ظ ض түркі сөздерін таңбалауда барлығы бірдей қолданылмаған. «Шежіреде» т таңбасын ت белгілейтін, с-ні белгілейтін س , з-ні белгілейтін ز таңбалар қолданылған, ал қалған ط т, ص ث - с, ظ ض - з таңбалары тек араб, парсы тілінен енген сөздердің құрамында ғана кездеседі. Сонда «Шежіредегі» түркі сөздерін белгілеуде қолданылған таңбалардың саны 30 .
3.2 Араб және парсы сөздерінің сөз таптары тұрғысынан бөлінуі. Шығарма тіліндегі араб, парсы кірме элементтерін грамматикалық тұрғыдан зат есімдер, сын есімдер, сан есімдер, етістіктер, үстеулер және шылаулар деп топтастыруға болады.
«Шежіре» тіліндегі араб және парсы сөздерінен болған зат есімдер нақтылы және абстракт мағыналы сөздер қатарын қамтиды.
1. Нақтылы мағынаны білдіретін сөздер қатарына: гохворе (бесік), чорайна, дарбаза, зындан т.б.
2. Абстракт мағынаны білдіретін сөздер қатарына: зехн (сана), ғам (қайғы, мұң), мұхаббат, мехр (мейірім), фаһм (түсінік) сияқты элменттерді жатқызуға болады.
Арабизм болып келген сын есімдер ескерткіш тілінде аз емес. Әбілғазы «Шежіренің» кей тұстарында, әсіресе белгілі бір халықтардың өмір тіршілігі мен тарихи тұлғалардың мінез-құлқын араб және парсыдан алған сын есімдермен сипаттап беріп отырады. Мысалы,
- Ол шаһар ғажайыб уа мәсбуат шаһар ерді (83, 27). Алаңқу тұз салмақны әуел чығарда бу намгин рәісм андын қалды (10). Бір торғай йерге түшді аны алыб пейда йерсе хушмазе келді (10). Аның нешонасы ол болұр кім нөкерке мехребан болұр (12, 11).
Араб тіліндегі азим (үлкен, биік), парсы тіліндегі бузруг (үлкен), куче (кіші) сияқты сын есімдер шығармада кісі аттарына титул ретінде жұмсалған тұстары бар. Мәселен, Шейх Хасан Кучек, Шейх Хасан Бузруг.
- Шейх Хасан Бузруг әмір Шейх Хасан Кучекдін руи кардан болұб Бағдад барды (94,25).
Шығармада сын есімдер лексика-грамматикалық жағынан өз алдына сөз табы ретінде сараланып, анықталушы сөзбен іргелес орналасқан тұстары бар. Мәселен, боләнд әуез (қатты дауыс), содеқ дел (қарапайым жүрек), кухне тарихлары ( көне тарих), т.б.
Сонымен қатар араб және парсы сын есімдері көмекші етістіктерімен тіркес құрайды. Мәселен, абадан ерді (гүлденген еді), зиад болды (көбейді), ажез болды (әлсіреді) т.б.
- Аның заманында Үргеніч абадан ерді (127,15). Дәулеті күндін күнге зиод болды. Ол уақытда Хорасан ғажайыб мәмүр ердікім (70,13).
Қазіргі қазақ тіліндегі «мамыр» айының атауы осы араб тілінен енгенін аңғаруға болады. «Шежіреде» көмекші етістікпен бірігіп, «гүлдену» мәнінде жұмсалған.
«Шежіреде» араб және парсы сөздерінің үлкен тобы күрделі етістік ретінде қолданылады. Әсіресе, «Шежіре» тілінде араб қимыл есімдері (масдар) ішінде ең көп қолданылғаны – бірінші, екінші, үшініші, төртініші туынды үлгілер бойынша жасалған сөздер. Мысалы, тафсил (егжей-тегжей), мұхарабе (қирату, жою), етаиат (бағыну) т.б.
- Абдуллаһ ханның хикаиаты әлемде мәшһүр ерді ол себебдін тафсил баиан қылмадық (102,23). Әмәр Темір бірлән әмір Хусейн келіб Ілиас хожа бірлән мұқателе уа мұхарабе қылдылар (89,27). Қытай падишаһларыны етаиат қылұрлар қызмет қылұрлар ерді (43).
Есімдердің түркі тілінің -ерді, -деді, -болды көмекші етістіктерімен қосылып күрделі етістік жасайды. Оларды есім компонентінің түсінікті-түсініксіз болып келуіне қарай екі топқа бөлуге болады:
1. Қазіргі қазақ тілінде күні бүгінге дейін қолданылып жүрген, әбден сіңісіп, қалыптасқан араб және парсы сөздері: мақсат ету, дүниеге келу, ғашық болу, баян қылу т.б.
2. «Шежіре» тілінде ғана кездесетін, қазіргі қазақ тілі қолданысында кездеспейтін, түсінуге қиын сөздер тобы. Бұл сөздер я Әбілғазының өзі қосқан сөздер немесе көне сөздер. Мәселен, қысмәт қылу (бөлу), шайе болу (жайылу, таралу), мәсһәр қылу (жаулау), матуже болу (жүріп кету), масләт қылу (жазалау), хужум қылу (шабуыл жасау), муназаре болу (созылу-уақытқа байланысты), есхар қылу (табу), рәуаж беру (ауысу ), т.б.
«Шежіре» тілінде араб және парсы сөздерін сөз таптарына қатысты қарастыру – қазіргі әдеби тілімізде кездесетін кейбір ерекшелеу грамматикалық формалар мен құбылыстардың түп төркінін ашып, олардың даму процесін айқындауда, сол дәуірдегі түркі жазба әдеби тіліне тән құбылыстарды ашып көрсетуде септігін тигізеді.
3.3 Араб және парсы сөздерінің грамматикалық тұлғалануы
«Шежіредегі» араб және парсы сөздерінің сөз тудыру мүмкіншілігі семантикалық жағынан меңгерілуі, негізінен, тіл жүйесіндегі сөзжасам тәсілінің шегінен шықпайды. Шығарма тіліндегі араб және парсы сөздері сөзжасам жүйесінің 1) синтетикалық (морфологиялық); 2) аналитикалық (синтаксистік) формалары арқылы жасалады.
3.2.1 «Шежіре» тіліндегі синтетикалық жолмен жасалған араб және парсы туынды сөздері
Шығарма тілінде -кер, -мәнд -вар, -дар, -е, -ар, -ане т.б. парсы жұрнақтарымен жасалған туынды сөздер кездеседі.
1. -вар жұрнақтары зат есімге жалғанып, адамның белгілі бір қасиетке ие екендігін, бейімділігін білдіретін туынды сын есім жасайды. Мәселен, дәулет-мәнд, донеш-мәнд, умид-вар т.б.
Қазіргі қазақ тілінде осы -мәнд, -вар, -умәнд жұрнақтарынан қалыптасқан атаман, данышпан, қаһарман, сөзуәр т.б. сөздер бар.
2. -ане – зат есімге жалғанып, туынды сын есім жасайды. Мәселен, мард-ане (ерлік), енаиат падишах-ане (құрметтілік), див-ане (дуана, ақылынан адасқан), баһ-ане (себеп), ғайб-ане (сырттай), мархамат хусрау-ане (рақымшылық), т.б.
3. -һәм – бірлестік есімдігінің жұрнағы. Мәселен, һәм-рох (жолдас, серік, бірге).
4. -дар – белгілі бір іс-әрекет иесінің қалпын, болмысын білдіреді. Мәселен, сәр-дар (басшы), чорпо-дар (малды), хабар-дар т.б.
Сөзжасамның бұл -дар жұрнағы түркі тілдерінде, сондай-ақ кәсіп мағынадағы есім туынды сөз жасайтын -шы, -шыл аффиксінің қызметінде де қолданылады. Тілімізде -дар арқылы да жасалған біраз сөздер бар. Мысалы, хабардар, құлақдар, діндар т.б.
5. -е – өте өнімді жұрнақ, зат есімдерге жалғанып, кішірейту мағыналарын білдіреді. Парсы тілінде чашм (көз), чашм-е (бұлақ).
Мысалы, Хич неһайаты йоқ ағар сулар уа чашмелар уа .. (32).
Бұндағы чашме кішкентай бұлақ суы мәнінде қолданылған. Сондай-ақ, -е жұрнағы сын есім, үстеу жасауға да қатысады. Мысалы, шығармада дах-е (ондық), сад-е (жүздік), хезар-е (мыңдық) тұлғада кездесетін туынды сын есімдер бар.
6. -ар – өткен шақ етістіктің түбіріне жалғанып, етістіктерде айтылған іс- әрекет иесінің және қимыл қозғалысының атауын білдіреді. Рафтар (мінез-құлық, жүріс-тұрыс), герофтар-кіріптар (ұсталған) т.б.
Көптік мағынаны білдіретін -ган, -бан, -он, -стан жалғауларына қатысты мына сөздер қолданылады. Мәселен, базарган (базаршылар), бағбан (бағбаншылар), дарахтан (ағаштар), жаһанстан (бүкіл дүниежүзі), т.б.
- Йүзім бағы дарахтан ерді. Дайым базарганлар кумаш түн йүз оқ алыб барыб көб фаидлар көрүб ерділер (56,13).
Парсының и жұрнағы «Шежіреде» сирек те болса ұшарасып отырады, беретін мағынасы сапалық сын есім тудыратын -лы -лі жұрнағына жақын.
- Ағыш сұлтан адами фақыр дәруіш мұжық игіт еркендүр (118). Үргенішнің талаби игітлері Хорасанға барыб… табыб келүрлер ерді (119).
-кер, -гер жұрнағы ертеректе араб және парсы кірме сөздерінің құрамында ғана қалып қоймай, тіл дамуының кейінгі дәуірінде де номинативтік, терминдік сипаттарға ие болды. Шығармада күнәһәр, қызметкер, дасткир т.б. сөздер кездеседі.
Жалпы бұл араб және парсы өзара туынды сөздері түркі тіліне бүтіндей еніп, біртұтас лексикалық единица ретінде жұмсалады.
Сөз тудырушы негіздері араб сөздерінен:
1.Есімнен есім тудыратын жұрнақтар:
-лық -лік, -лұқ -лүк жұрнағы көне замандардан-ақ сөзжасам аясы мейлінше өте кең актив қолданылатын жұрнақтардың бірі болғандығы белгілі. Мысалы, мұсылманшылық, харамлық, т.б.
Сөз тудырушы негіздері парсы сөздерінен: хастелік, руи карданлық, саркашлық, достлық, душманлық, паришанлық, арзанлық т.б.
Дегенмен адамдардың түрлі жағымды-жағымсыз іс-әрекеті, мінез-құлқын білдіретін кірме сын есімдердің -лы,-лі жұрнақтары арқылы жасалған тұстары басым қолданылған. Ғақыллы, сарынжамлы, намұслы, арлы, дәулетлі, мивелі т.б.
2. -сыз, -сіз; Бұл жұрнақ қазіргі тіліміздегідей «Шежіреде» де жалғанған сөзінде белгілі бір қасиеттің (сапаның, болмыстың) жоқ екенін көрсетеді. Бұл жағынан ол жоғарыдағы -лы -лі жұрнағының беретін мағынасына қарама-қарсы. Мысалы, хәдсіз уа неһайатсыз, ғайратсыз уа намұсыз, үмідсіздік т.б.
-сыз -сіз жұрнағының беретін мағынасын «Шежіреде» көп жағдайда парсы тілінен ауысқан би, но префикстері атқарған. Мәселен: бирұқсат, бикүнаһ, биғылаж, нәмәрд, намағлұм, намағқұл, натамам, биқарор т.б.
3. -рақ, -рек; Бұл жұрнақ «Шежіреде» қазіргі тіліміздегі сияқты өзі жалғанған сөздегі сапа мағынасының көптігін білдірген және жиі қолданылған.
- Адамның бейішке барып қайтара келгені айдын раушанырақ уа афтабдын мәшһүрірек тұрұр (5).
2. Сөз түрлендіру жүйесі
Сөз түрлендіруші немесе сөз байланыстырушы қосымшаларға, әдетте, септік, көптік, тәуелдік және жіктік жалғаулары жатқызылады.
Көптік жалғау. «Шежіредегі» көптік жалғауының көрсеткіші–--лар-лер. «Шежіреде» көптік жалғауы бір-ақ вариантта, яғни -лар-лер тұлғасында келеді. Бұл жалғаулар «Шежіредегі» қазір қолданылмайтын араб және парсы сөздеріне де жалғанған.
- Хаммасы қылған етфақларыны (іс-әрекеттерін) айта башладылар (82, 26). Тағларының қашында уа жәнглларда (ормандарда) отұрұрлар (7). Жошы хан йахшы шырын забонықлар (сөздер) қылды (75, 18).
Араб тіліндегі көптік жалғау түбірдің іштей өзгеріске түсуі (ішкі флексия) жасалатын «бұрыс» көптік формалары арқылы жасалады. Шығармада мұндай формалардың мағыналық жағы ескерілмей, жеке мағынадағы сөз ретінде қабылданып, олар қазақ тілінің көптік жалғауын қабылдайды. Шығармада амра – әмір сөзінің көпше түрі болса да, аждад араб тілінде джад (ата) сөзінің көпше түрі. Бұл сөздер жекеше тұлғадағы зат есім ретінде ұғынылып, қазақ тілінің көптік жалғауын қабылдайды.
- Тамам шаһзадалар уа ноианлар уа әмраларка еноамат ғайыр макрар беріб һәр қайсысыны бір біріңізке барың деб рұқсат берді хейбатлық уа саясатлық падшаһ ерді (82,28-83,1). Шынғыз ханның аба уа аждадларыны уа әуледлеріні кім һәр уәлайатларда падишаһлық қылыб турурлар (2, 6-7).
Бұл заңдылық парсы тіліне де қатысты жұмсалған. Базарганлар – қазіргі біздің тілімізде базаршылар. Осындағы -ган парсы тілінде көптік ұғымды білдіретін көптік жалғау. Олай болатын болса, автордың бұл сөзді тұтастай бір единица ретінде жекеше мағынада қабылдап, түркі тілдерінің ортақ көптік жалғауын талғаусыз қолданып тұрғаны байқалады.
- Дайым базарганлар кумаш уа түн уа йүз оқ алыб қайтдылар (56).
Көмектес септік жалғауы бірлән арқылы беріліп отырған.
- Фатих уа нүсрет бірлән өз йұртыға келді (34). Боләнд әуез бірлән азан айтты (28).
Қалған септік жалғауларының барлығы да араб және парсы сөздеріне тікелей жалғана береді. Мысалы,
- Диуарының сайасына зилуче салдырлар. Енаиат падишахане уа мархамат хусрауанесіға махсұс болды (53,5-6). Төрт нависандені олтұрдұм кухне тарихларыны айттым. Ұлұғ шаһарларда йарым кече болғанда нақараға ағач қойдылар (42, 10). Жамұқаның сөзіндін уа Сәнкүдін хаиласындын ғафыл болды (42,17).
Тәуелдік жалғау. Тәуелдік категорияның көріну жолдары мен беретін мағынасы «Шежіреде» де шағатай тіліндегідей немесе қазіргі түркі тілдерінің көпшілігіне тән.
- Бізнің Шәріф Мұхаммед атланғандын һеч хабарымыз йоқ (308).
Тәуелдік жалғаудың 1-ші жағы парсы және түркі тіліне ортақ болса керек. Мәселен, «Шежіреде» мына бір сөздерде айрықша көрінеді.
- Бір мүфләс кіші ханға менің бір арз қылды дастмаиам йоқ деп… (80, 20). Сауытның йіргерінің қашыға салыб сарпұиам бірлән суға түшдүм (161,17). Ат сауытлы сарпұиамды кішіні алыбчыға білмеді (161,28). Хастеиам ұзаққа тартты (43,10).
Бұндағы хасте (ауру) сөзін тәуелдегенде 1-жақта парсыша хастеиам, түркі тілінде хастеим. Сол сияқты сарпұиам (шапаным), дастмаиам (мұқтаждық) түркі тілінде де осылайша тәуелденеді.
Жіктік жалғау.
- Біз мусафармыз падишахлық барлық қылғаныны білгеніміз йоқ (77,4). Бізнің енаиат уа шафақатмызны көрүб бардылар (56,298).
Сонымен, «Шежіредегі» араб және парсы сөздерін сөзжасамның синтетикалық тәсілі бойынша саралап қарастырғанымызда, түркі тілінің жұрнақ-жалғаулары араб және парсының түсінікті және түсініксіз сөздеріне талғаусыз қосылып, дыбыстар үндестігіне бағынып та, бағынбай да жалғана берген. Олар түркі тілінің көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларын қабылдайды. Сонымен бірге түркі жұрнақтарын қабылдап, сөз тудыруға негіз бола алады.
3.4 Араб және парсы күрделі сөздері
Біз қарастырып отырған қолжазбада түркі және кірме сөздердің бірігуі арқылы жасалған параллель түркі-араб, араб-парсы, парсы-араб немесе араб-араб сөздерінен жасалған күрделі сөздер жиірек ұшырайды. Әсіресе «Шежіреде» араб және парсының дара түбірлерінің бірігуінен жасалған синонимдес қос сөздер баршылық. Бұндай сөздерді автор өзінің сөз байлығын білдіру үшін, я шығарманың тілін әсерлі жеткізу үшін қолданған.
Р.Сыздықова: «Мағыналас сөздердің қатар /қосарлана/ қолданылуы ол сөздер беретін ұғымды күшейтіп, оның әбден, тіпті, мықты екенін білдіретін реңк үстейді» [14,166-б.], – дейді. Ал А.Н.Кононов: «Екі сөзді қосарлау негізінде пайда болған лексикалық комплекс жинақтау, жалпылама, қайталау экспрессивтік мағына береді» [15,104-б.], – дегенді айтады.
«Шежіредегі» араб және парсы күрделі сөздерін бес топқа бөліп қарастыруды жөн көрдік.
1) «Шежіредегі» араб және парсы қос сөздері былайша сараланады:
а) Бір сыңары түркі, бір сыңары араб түбірлерінен құралған сөздер: күш уа қуат, әсір уа олжа, жауан уа хатұн, фәрзәнд уа қарындаш, оқ уа туфәнг т.б.
- Бір кіш бар ерді аның һеч фәрзәнд уа қарындашы йоқ ерді (80,13).
ә) Бір сыңары түркі және парсы сөзі: оқ уа туфәнг (мылтық).
- Ол кемелерке бір амал қылыб ердім оқ уа туфәнг анка кор қылмас ерді (62,3).
б) Екі сыңары араб түбірлерінен құралған сөздер: асар уа әләумат (із және белгі), ілтифат уа енаиатлар (ілтипат және қайырымдылық), мұқател уа мухарабе (өлім және соғыс), хазына уа дафине (қазына және жерге көмілген қазына, байлық), фәтих уа нүсрет (жеңіс), жаз уа фазе (қайғылану), мәрз уа мәзмәне (ауру), іззет уа хұрмет, муқателе уа мажаделе (ұрыс-керіс ), хабар уа әсәр (хабар-ошар), мұрат уа мақсат т.б.
- Сұлтан Мұхаммед анга көб енаиатлар уа ілтипатлар қылды (64,24).
Осы келтірілген қос сөздердің басым көпшілігі қазіргі оқушыға түсініксіз сөздер болып келеді. Бір сыңары қазіргі тілімізде қолданылса, бір сыңары түсініксіздеу. Мысалы, енаиат уа шафақат, енаиат уа ілтипат тіркесіндегі енайат (қайырымдылық), ілтипат, шапағат. қазіргі тілімізде кең қолданылады. Дегенмен, кейбір сыңарларының фонетикалық өзгерістерге түскенін байқауға болады. Мысалы, хабар уа әсәр қос сөз тіркесінің екінші әсәр компонентінің парсы тілінде бірнеше мағынасы бар: 1) із, белгі; 2) аңыз, көне заманның ескерткіші; 3) ықпал; 4) әсер, эффект; 5) шығарма, еңбек (әдеби, ғылыми).
Шығармада бұл сөз «із, белгі» алғашқы мағынада қолданылған. Қазіргі қазақ тілінде қолданылатын хабар-ошар қос сөз тіркесі осы хабар уа әсәр тіркесінен туындаған болса керек.
в) Екі сыңары парсы түбірлерінен құралған сөздер: бәрқ уа бод (найзағайдай жарқылдап), бигоне фақир уа маскин (кедей), чуст уа челок (жылдам), кәм уа зиод (аз және көп) т.б.
- Мағұлстанда өлген падишахларының аталары мен әмірлері уа сұлтанатларының кәм уа зиадын білмеклік…(3,4).
г) Бір сыңары парсы, бір сыңары араб сөздері: дад уа әділ (әділдік), пәнд уа насихат, мехр уа мухаббат, ұстад уа нақыш т.б.
- Хан ата тахтында олтұрұб нече йыллар дад уа әділ қылыб (10).
ғ) «Шежіреде» қайталама қос сөздер де баршылық. Мәселен, таза таза, круһ круһ (топ-тобымен), ру бе ру (қарама-қарсы), аһасте аһасте (жай-жай), пара пара, мехле мехле (жер-жер) т.б.
- Үкідай хан Толы хынны мың кіші бірлән ілгері йіберді тағы аның артындын аһасте аһасте иүрді (78,16).
2) Біріккен туынды сөздер. «Шежіреде» араб және парсы сөздерінің бірігуі арқылы жасалған адам аттары мыналар: Хұдайдад (Құдайберген), Шахбақыт, Мубарзеаладдин т.б.
- Ұлығының аты Шахбақыт өзі шоер ерді (102,14).
б) Екі парсы түбірлерінен біріккен сөздер: ахднаме (келісім хат), чорподар (малды), хусрауане падишахане (рақымшылық, құрметтілік), жауанмәрд (жомарт), мардоне (ерлік), шарабхур (шарабхор), намазшам, намазкаһ (намаз оқитын сарай), шахзада, ханзада, пәнжшанбе, дастдераз (ұрлық), сахраипияз (жаужұмыр), т.б
Мәселен, шарабхор сөзіндегі хор парсы тіліндегі хурдан – жеу, ішу етістігінен жасалған. Чорподор чор (төрт), по (аяқ), дор (ие болу) бұдан шығатыны – «мал-жайы бар адамды» айтады.
- Йауға баһадұр жауанмәрд һеч мал сақламас ерді (133,5).
Шахзада, ханзада бұл сөздердегі зоде тұлғасы парсы тіліндегі зодән (туулу) етістігінен жасалған, яғни шаһ, хан балалары деген ұғымды білдіреді.
- Шыңғыз ханның айтұб ахднаме чықарұб ханның өсиетлеріні ханлық сенке тұрұр (77). Мен сізке барармын бек мардане болсұнлар керейт елі кендлері көб уа һәм чорподар ерді (160). Екі қарындаш бір йерге йаман қылыб хушамәд айтыб азарде қылдылар (53). Анда отұрған еллер мүсәфәр біліб малларына дастдеразлық қыла башладылар.
в) Араб және парсы түбірлерінен біріккен сөздер.
Мәселен, хабардар, хакемнешин, заһернешин, арызнаме, өсиетамиз, ахдпейман т.б. Өсиетамиз сөзі өсиет және омиз – парсы тіліндегі омухтән (үйрену) етістігінің осы шақ түбірінен жасалса, хәкімнешин сөзі хәкім және нешестан (отыру) етістігінің осы шақ түбірі нешин сөздерінің бірігуінен жасалған лексикалық біртұтас единица. «Шежіреде» хәкімнешин «әкім билейтін өлке» мағынасында қолданылған.
ғ) Түркі және парсы түбірлерінен біріккен сөздер: көрүнүшхане, пәтхана (орыс мешіті), ахтхане (атқора) т.б.
- Алқисса бір күн хан көрүнүшханада олтұрұб ерді (90,1). Кәфір пенхан болды уа пәтханаларыны отқа йақды (93,17). Бір ұлұғ елік ұчрады бүкіріп кірді ахтеханеда һеч кіші йоқ (121,28).
3) Синтаксистік тәсіл арқылы жасалған күрделі сын есімдер: әділ уа сайасатлы, серуили уа саранжамлы т.б.
4) Тіркесе келетін күрделі сөздер:
Араб және араб: сахт саламат (жарамды, дені сау), езхар етаиат (өтініш және кешірім), субх садақа куфран немат (жақсылықты білмеушілік) т.б.
- Оларның барчасы сахт саламат ермес әкәр рұқсат берсенгіз барчасын сіздің қызметіңізка алыб келтүр ердім (91,13).
Парсы және парсы: ширин забон (жақсы сөздер), пенхан кіші (жасырын кісі), ашно дуст (таныс дос), т.б.
- Пенхан кіші йіберіб найманның ханлары Тиаң хан уа Бұйрық хан бірлән сөзлеше тұрдылар (44,12). Йахшылықта мен бу халқының бірлән ашна дуст йарым ерді.
Араб және парсы: енаиат падишахане (құрметтілік), мәрз мәзмәне (әдеттегі ауру), аксар махле (көп жер), қары дұшман (ескі дұшпан), седқ дел (таза жүрек), т.б.
- Бүрке хан седқ дел бірлән мұсылман болды (131,1).
Сөз тіркесінің келесі бір түрі араб сөздері мен түркі сөздерінің тіркесіп келуі арқылы да жасалады.
Араб және түркі: жамиғ йахшылары, мұхкем қалғалар т.б.
Мұндай сөз тіркестерінің бірінші сыңары әдетте араб тіліндегі сын есім, есімше, есімдіктен де, ал екінші сыңары зат есімнен болады. Келтірілген мысалдардағы сөз тіркестерінің бірінші сыңары – араб сөздері де, екінші сыңарлары – түркі сөздері және олардың бәрінде «анықтауыш+анықталғыш» болып келетін синтаксистік қатынас сақталған.
Кейде автордың парсы сөздерін қатар тұрған сөз тіркестерінің арасына кірістіріп жіберген тұстары бар. Мәселен, бір ним жан (жарымжан).
- Қабыл уа қамыч екі суының арасында көб өлүклар айтұр анларының арасында бір ним жан тауыб хабар сұрадылар (57,20).
5) Изафетті тіркестер: ләфзе араб, соде дел (қарапайым жүрек), фәрзәнд азиз (құрметті перзентім), дәрке жаһаннам (тозақ түбі), т.б.
- Фәрзәнд азиз тамам ләшкәрің бірлән атлағыл Дештінің жануарларыны бізнің тарафамызка қойыб келтүргүл (75,8).
Сонымен фәтих уа нүсрет, дад уа әділ т.б. сияқты мағыналас қосарлардың бірі екіншісінің мағынасын түсіндіру үшін ғана емес, ол ұғым атауының бояуын қоюлату үшін, ұғымды күшейту үшін де жұмсалуы мүмкін. Мұндай қатарлар синонимдер болып келеді. Сөйтіп, біз тілін талдап отырған қолжазба мәтінінде кездесетін әртектік компонентті қатар қолдануды тілдік – құрылымдық (лексикалық) бірліктер ретінде емес, көбінесе сөз мағынасын айқындау, күшейту, т.с.с стильдік мақсат көздеп жасалған бірліктер деп тануға болады. Қолжазба мәтінінде араб және парсы элементтерінен жасалған тіркестермен қоса парсы изафетімен де жасалған тіркестер кездеседі.
Шығармада кірме сөздердің басым көпшілігі зат есім болғандықтан, араб және парсы лексикалық элементтері күрделі сөздер жасауда негізгі рөл атқарады. Қорыта айтқанда, «Шежіре» тілінде өзара мәндес қос сөздер де, күрделі сөздер де баршылық. Бұл Әбілғазы ханның шығыс тілдерін жақсы меңгергендігін көрсетеді.
Қорытынды
Әбілғазының «араб, парсы тілінен, шағатай түркісінен бір сөз қоспадым» дегенде ол өз заманындағы түркі ақын-жазушылары шығармалары тіліндегі күрделі араб және парсы сөз тіркестіру амалдарын, синтаксистік оралымдарды, түсініксіз араб және парсы сөздерімен ауырланған тілді меңзеп отыр. Міне, осы ерекшеліктерді аңғарып, барша түркі халықтарына ортақ көне түркі тілінде жазуды мақсат еткен. Сондықтан да Әбілғазы «Шежіресі» басқа түркі жазба әдеби үлгілерінің ішінде дәуірі жағынан да, тілдік ерекшеліктері жағынан да қыпшақ тілдері тобына, оның ішінде қазақ тіліне жақын келеді.
Әрбір сауатты деген қаламгердің өз заманындағы әдеби тіл нормасынан тыс кете алмайтыны сияқты «Түркі шежіресін» жазу үстінде Әбілғазы да ортаазиялық түркі әдеби тілінің дәстүрін сақтаған. Яғни өз еңбегінде автор белгілі дәрежеде араб, парсы сөздерін қолданған. Бұлар көбіне, араб тіліндегі діни немесе абстракты ұғымды білдіретін сөздер болса, парсы сөздері күнделікті өмірге қажетті заттық атаулар болып келеді. Сонымен қатар «Шежіреде» соғыс қимылдарын суреттеуде араб және парсы сөздері түркі көмекші етістіктермен қосылып, күрделі етістік құрайды. Қимыл атауларын араб және парсы сөздерімен, күрделі етістік тұлғасында берілуі - актив амал болған сияқты. Бұл амалдың өміршеңдігін ондай күрделі етістік формасының күні бүгінге дейін жетіп отырғандығы дәлелдейді.
«Шежіреде» беретін мағынасы мен қазіргі қазақ тіліндегі мағынасы өзгермей сол күйінде сақталып қалған араб, парсы сөздері – «Шежіре» тілінің негізгі арқауы. Кейбір мағыналық өзгерістерге ұшыраған сөздер де (кеңейген не тарылған) шығарма тілінен көрініс тапқан. Араб және парсы сөздерінің бұл тобы өздерінің бастапқы мағынасын мүлдем жойған я болмаса көп мағыналы сөздерге айналған немесе бертін келе жаңа мағына үстеп, өз мағынасын кеңейткен. Бұл аталған араб және парсы сөздерінің тым ертеректе енгендерінің белгісі болса керек.
Еңбекте қазіргі оқушыға түсініксіз араб және парсы сөздері де баршылық. Бұл сөздер сол замандағы жергілікті халық тілінде ұшырасатын не Әбілғазының өзі қолданған сөздері болуы мүмкін, қазіргі қолданыста кездеспейді.
Шығармада соғыс қимылдарына, атақ-дәрежеге, діни ұғымдарға және адамның психологиялық көңіл күйіне байланысты тұрақты тіркестер бірсыпыра. Сондай-ақ біздің тілімізге жақын келетін халалы күю, ғұмыр табу, фал бақу, үміи үзу сияқты тіркестер кездеседі.
«Шежіредегі» араб және парсы сөздерін сөз таптарына орай жіктегенде, есімдерді түркі көмекші етістіктермен қосылып күрделі етістіктер құрайтын етістік сөздерін, сондай-ақ сын есім, сан есім, үстеу, шылау сөздерін көруге болады.
«Түркі шежіресіндегі» араб және парсы сөзерінің сандық пайызын есептеп, оларды өзге жазба ескерткіштермен салыстыра отырып, Әбілғазы қолданысындағы мөлшерін анықтауға тырыстық.
Шығарма тіліндегі жалпы сөз саны шамамен – 5029 құрайды. Оның ішінде түркі сөздері – 79,3 пайыз, ономастикалық атаулар – 5,5 пайыз, араб сөздері – 7,9 пайыз, парсы сөздері – 7,3 пайыз шамасында. Бұл көрсеткіштен «Шежіре» авторының ортаазиялық шығыс элементтерін барынша түркі сөздерімен алмастырып қолданғанын байқауға болады.
«Шежіреде» автор араб және парсы тілдерінен тек жекелеген лексемалық бірліктерді ғана қолданған, өзге орта ғасыр ескерткіштеріндегідей араб және парсы тілдерінен бүтіндей сөйлемдер мен фразалық тіркестерді, сөз орамдарын қолданбаған. Яғни Әбілғазы шежіресінің ерекшелігі оның стильдік жатықтығы мен синтаксистік құрылысының түркі тілдерінің заңдылығын сақтауында деуге болады.
Бір сөзбен айтқанда, Әбілғазы халық арасында жазылып жүрген шежіре іспеттес шығармалардың басқа бір вариантын жасаған. Жас шағынан араб және парсы, көне шағатай тіліндегі әдеби шығармаларды көп оқыса да, өз туындыларында ол ізбен кете бермей, кірме сөздерді мейлінше саралап, аса қажет болған жағдайда ғана пайдаланған деп тұжырымдаймыз.
Сілтеме жасалған әдебиеттер тізімі
1. Березин И.Н. Библиотека восточных историков. Казань, 1854, т, III. Ч. I (Предисловие переводчика). С. 128.
2. Әбілқасымов Б. Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» және оның тілі.
– Алматы: Арыс, 2001. - 246 б.
3. Кононов А.Н. История изучения тюркских языков в Россий. – М. – Л., 1972. С. 272 .
4. Иванов С.Н. Родословное древотюрок Абул-гази-хана. – Ташкент, 1969.
-203 б.
5. Ескі түркі жазба ескерткіштері туралы зерттеулер. – Алма-Ата: Ғылым, 1983. -202.
6. Қордабаев Т.Р. Тарихи синтаксис мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1965.
-213 б
7. Әбілқасымов Б. Түркі шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 1991. - 208 б.
8. Журнал «Московский телеграф», 1826.
9. Рүстемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб және парсы сөздері. – Алматы: Ғылым,1982. -160 б.
10. Щербак А.М. Грамматика староузбекского языка. – М. – Л., Изд-во АНСССР, 1962. С. 274 .
11. Сыздықова Р., Қойгелдиев М. Қадырғали би Қосымұлы және оның
жылнамалар жинағы. – Алматы: Қазақ университеті, 1991. - 269 б.
12. Наджип Э.Н. Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века. (на материале «Хусрау и Ширин» Кутба). Книга I. М., 1979. С. 479.
13. Сағындықов Б. XIV ғасырдағы түркі жазба ескерткіштегі араб, парсы элементтерінің лексикалогиялық ерекшеліктері туралы // Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары. Тіл-әдебиет сериясы.1976, 1 (9).
14. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы: Санат, 1994. -190 б.
15. Кононов А.Н. Грамматика узбекского языка. – Ташкент, 1948. С. 284.
Шартты түрде қысқартылып алынған әдебиеттер тізімі
1. Қ: «Шажара и түрк» Қазан нұсқасы. -183 б.
2. П: «Шажара и түрк» Демезон нұсқасы. -183 б.
3. ПРС – Миллер Б.В. Персидско-русский словарь. – Москва: гос изд иностр и нац слов. 1989. С. 668.
Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған мақалалар тізімі.
1. Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасындағы араб және парсы сөздері // Тілтаным. 1, 2003. -104-107-б.
2. Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасындағы араб және парсы сөздерінің тақырыптық топтары // Тілтаным 1, 2005. 146-154-б.
3. Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасындағы араб және парсы сөздерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері // Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Орталық кітапханасында «Қазақ шежірелері және ұлттық таным мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция. – Алматы, 2005. -147-150-б.
4.Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасында кездесетін араб және парсы күрделі сөздері // «Академик Ш.Ш.Сарыбаев және қазақ тіл білімі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция. – Алматы, 2005. -307-312-б.
5. Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасындағы араб және парсы сөздерінің сөз топтарынан алатын орны // ҚР ҰҒА хабаршысы. Филология сериясы. 2006. 4. -60-64-б.
6. Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасындағы араб және парсы сөздерінің фонетика-семантикалық ерекшеліктері // Тілтаным. 2006. 4. -146-150-б.
7. Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасындағы араб және парсы сөздерінің кейбір грамматикалық ерекшелігі // «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы. 2007. 3.- 71-76-б.
8. Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасындағы араб және
парсы тұрақты тіркестері // Академик Ө.Айтбаевтың 70 жылдығына арналған «Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция. – Алматы, 2007.-170-173-б.
9. Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» бойынша кейбір текстологиялық байқаулар // М.Томановтың туғанына 75 жыл толуына арналатын «Тіл тарихы» кемелдену және кешенділік» атты Республикалық ғылыми-теориялық конференция. – Алматы, 2007. -135-138-б.
Достарыңызбен бөлісу: |