Сейтбекова айнұр аташбекқызы әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресіндегі» араб және парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі



бет1/3
Дата28.01.2018
өлшемі0,69 Mb.
#35593
түріДиссертация
  1   2   3
ӘОЖ: 811.512.122 Қолжазба құқығында


СЕЙТБЕКОВА АЙНҰР АТАШБЕКҚЫЗЫ

Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресіндегі» араб және парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі

10.02.02. – қазақ тілі


Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми

дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның



авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі


Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында орындалды.


Ғылыми жетекші: филология ғылымдарының докторы,

профессор Б.Әбілқасымов


Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,

профессор Г. Қосымова


филология ғылымдарының кандидаты,

доцент Б.Жұбатова


Жетекші ұйым: Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті
Диссертация 2007 жылы «19» қазанда сағат 14-де ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06. – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д.53.38.01. диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).

Автореферат 2007 жылы «19» қыркүйекте таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева



Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Тілдік жүйенің қазіргі қалыптасу заңдылықтары мен оның даму тарихын зерттеуге қатысты қандай мұраның болсын, шығу тарихын, табылу, зерттелу жайын жете меңгеріп, ол туралы ой-пікірлер, тұжырымдарды зерделеудің мәні ерекше екені белгілі. Осыған орай қазақ әдеби тілінің XVI–XVII ғасырлардағы жай-күйін танытатын жазба нұсқалар ретінде Захриддин Бабырдың «Бабыр-наме», Қадырғали Жалаиридың «Жамиғ-ат тауарих» атты тарихи шығармалары қатарында аталатын Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасын тілдік тұрғыдан қарастырудың маңызы зор.

Орыс зерттеушілері А.Н.Кононов, А.М.Щербак, С.И.Иванов Әбілғазының бұл шығармасын өзбек әдеби тілінің ескерткіші ретінде қарастырған. Аталған ғалымдар Әбілғазы мұрасының тілі қарапайым, түсінуге жеңіл, араб және парсы сөздерін шектеп қолданған деген тұжырымдар жасағанмен, «Шежіреде»* кездесетін араб және парсы сөздерін дәйектемелер мен мысалдар арқылы талдап көрсетпейді.

Әбілғазы шығармасының тіл ғылымы үшін, оның ішінде түркітану ғылымы үшін маңызы зор екендігін Г.С.Саблуков өзінің аудармасының кіріспесінде былайша көрсетеді: «Исправно изданный Родословной был бы при скудости литературы на восточно-джагатайском наречии, драгоценным даром для филологов тюркского языка, который в этом наречии чище, нежели в западных, как в лексикологическом, так и грамматическом отношении» [1,16-б.].

XVI–XVII ғасырдағы жазба нұсқалар, негізінен, шағатай тілінде жазылатындығы белгілі. Ал «Шежіренің» тілі жайында проф. Б.Әбілқасымов былай дейді: «XVII ғасырда жазылған Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре и түркі» шығармасы, оның тұсындағы шағатай тілінен өзгешелеу тілде, өз сөзімен айтсақ, түркі халықтарына ортақ, нағыз түркі тілінде жазылғанын көреміз. Шежіре тіліне жасалған талдауларымыз бойынша, оны қыпшақ тобына жататын тілдерге, оның ішінде қазақ тіліне жақындатуға мол мүмкіндік береді» [2, 25-б.]

Белгілі бір ескерткіштің түркі халықтарының қайсысына жақын-алыстығын дәлелдеу үшін ондағы оғыз, қыпшақ, қарлұқ элементтерінің қолданысын салыстыра қараумен қатар, араб және парсы сөздеріне де ғылыми талдау жасау арқылы нақтылай түсуге болады. Сондықтан араб және парсы сөздері ортағасыр шығармаларының белгілі бір пайызын құрайтындықтан біз «Шежіре» авторының араб және парсы элементтерін қандай мақсатпен, қаншалықты дәрежеде қолданғанына баса назар аударамыз.

__________________________________________________________________

*Әбілғазы баһадүр ханның «Шажара и түрк» аталатын бұл шығармасын біз бұдан былай түркі грамматикасының заңдылығына орай «Түркі шежіресі» немесе «Шежіре» деп бердік.

VIII ғ. бергі кезеңдердегі тарихи ескерткіштердің барлығында араб және парсы сөздерінің кездесетіні заңды құбылыс. Бұның себебі орта ғасырда ислам дінінің орнығуына байланысты араб элементтері түркі тілдеріне көптеп ене бастады және шығыс мәдениетінің өрлеу кезінде (XIV-XV ғғ.) ғылыми және әдеби шығармаларды араб және парсы тілінде жазу дәстүрге айналған еді. Міне, осындай жағдайлар түркі ғалымдарының өз шығармаларына арабша және парсыша ұғымдарды пайдалануына өз ықпалын тигізбей қоймады.

«Шежіре» тіліндегі араб және парсы сөздерінің арасалмағын айқындау, бізге түсініксіз араб және парсы элементтерінің лексика-семантикалық топтарын, құрылымдық ерекшеліктерін зерттеу, олардың қазіргі қазақ тілімен сабақтастығын анықтау арқылы Әбілғазының араб және парсы сөздерін қолданудағы төл ерекшелігін көрсете аламыз. Бұл мәселелердің қарастырылуы – жұмысымыздың өзектілігін көрсетеді.

Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты мен міндеті. “Түркі шежіресіндегі” араб және парсы сөздерінің қолдану ерекшеліктерін анықтау, оған тілдік тұрғыдан сипаттама беру. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттердің шешімін табуы көзделді:

- XIV-XVII орта ғасырлардағы түркі әдеби тілінде жазылған шығармалармен «Шежіренің» тілін салыстырып, айырмашылығын көрсету;

- “Шежіреде” қолданылған араб және парсы сөздерін анықтап, тақырыптық топтарға жіктеу;

- қазіргі оқушыға түсініксіз араб және парсы сөздерінің лексика-семантикалық, морфологиялық ерекшеліктеріне сипаттама беру;

- араб және парсы сөздерінің өзара және түркі сөздерімен бірігу, қосарлану, тіркесу жолдарына талдау жасау;

- шығарма лексикасындағы араб және парсы сөздерінің үлес салмағын көрсету.



Зерттеудің дереккөзі. П.И.Демезонның 1871 жылғы басылған сыни нұсқасы мен 1825 жылғы Қазан нұсқасы.

Зерттеудің нысаны. “Түркі шежіресіндегі” араб және парсы сөздерінің қолданылу ерекшелігі.

Зерттеудің пәні. “Түркі шежіресіндегі” араб және парсы сөздерінің лексикалық құрамы.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижесі. Шығарманың араб және парсы тілдік қабатына ғылыми тұрғыда сипаттама беріліп, араб және парсы тілдерінің сол кезеңдегі жазба әдеби тілдің лексикалық қорына тигізген әсері анықталды. Нақты айтқанда:

- араб және парсы сөздері жеке-жеке қолданыс салалары бойынша тақырыптық топтарға бөлініп талданды;

- қазіргі оқушыға түсініксіз араб және парсы сөздерінің қолданылу себебі түсіндіріліп, олардың семантикалық құрылымы ашылды;

- араб және парсы сөздерінің қолданысына статистикалық зерттеу жүргізіліп, олардың шығарма тіліндегі үлес-салмағы анықталды;

- текстологиялық жұмыстар негізінде екі баспа нұсқада қате жазылған сөздердің дұрыс нұсқасы қолжазба мәтіндері арқылы қалпына келтірілді.

Зерттеу әдістері. Сипаттамалы, тарихи-салыстырмалы, статистикалық талдау әдістері, топтау, жинақтау, жіктеу тәсілдері қолданылды.

Теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелері негізінде араб және парсы сөздерінің нақты шығармашылық негізде қолданыстық мәнінің ашылуы қазақ әдеби тілі тарихы, тарихи лексикология салаларына өзіндік үлесін қоса алады. Осы жазба ескерткіштің тілі мен қазіргі қазақ тілінің арақатынасын анықтаудың тіл тарихын зерттеушілер үшін теориялық та, практикалық та мәні бар. Жоғары оқу орындарында «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы», «Орта ғасыр ескерткіштері тілі» курстарынан дәріс беруде, ескерткіштің тілдік деректері мен анықтамаларын арабша-қазақша, парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктер жасауда қолданылуға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- Зерттеу нәтижесінде Әбілғазының араб және парсы тілдерінен, шағатай түркісінен сөз қоспадым деген ескертпесінің мәнін түсінуге болады.

- XVI-XVII ғасырлардағы шағатай тілінде жазылған өзге жазба ескерткіштерге қарағанда, автордың шығармада араб, парсы сөздерін қолдануында біршама өзгешелік бар, яғни қазіргі қазақ тіліне жақын деуге болады. Бірақ бұл тұжырым әлі зерттеуді керек етеді.

- Соғыс қимылдарына, ислам дініне қатысты араб сөздері, ал тұрмыстық зат атауларына, адамның психологиялық көңіл-күйіне байланысты парсы сөздерінің қолданылуы Әбілғазы заманындағы ауызекі сөйлеу тілінің жазба әдеби тілге айтарлықтай әсер еткенін көрсетеді.



- Кейбір араб және парсы сөздерінен құралған тұрақты тіркестер ретінде қабылданып, күні бүгінге дейін мағына тұтастығын жоғалтпаған.

- Ескерткіште арабша-парсыша, арабша-арабша, парсыша-парсыша, түркіше-арабша, түркіше-парсыша сияқты қос сөздердің қатар түзуі ерекше байқалады.

- Автор араб және парсы сөздерін қаншалықты мол қолданса да, түркі тілінің синтаксистік құрылысын жүйелі түрде сақтаған.



Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны мен тұжырымдары бойынша «Қазақ шежірелері және ұлттық таным мәселелері» атты ғылыми-практикалық (Алматы, 2005), «Академик Ш.Сарыбаев және қазақ тіл білімі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық (Алматы, 2005), академик Ө.Айтбаевтың 70 жылдығына арналған «Мемлекеттік тіл саясаты: терминология, аударматану, ресми құжат тілі» атты халықаралық ғылыми-теориялық (Алматы, 2007), проф. М.Томановтың туғанына 75 жыл толуына арналған «Тіл тарихы: кемелдену және кешенділік» атты республикалық ғылыми-теориялық (Алматы, 2007) конференцияларда баяндамалар жасалды.

Зерттеу жұмысы бойынша халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдарында және ғылыми басылымдар мен жинақтарда 9 мақала жарияланды.



Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
Жұмыстың негізгі мазмұны.

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі, нысаны, мақсаты мен міндеттері, теориялық және практикалық маңызы, ізденістердің ғылыми жаңалығы, зерттеудің әдіс-тәсілдері мен ұсынылған тұжырымдары айқындалып, жұмыстың талқылануы мен жариялануына қысқаша деректер берілді.

Диссертацияның бірінші тарауы «Түркі шежіресінің» қазақ тіл білімі тарихында алатын орны» деп аталады. 1.1 «Түркі шежіресінің» зерттелу тарихы. XVII ғасырда жазылған құнды жазбаша ескерткіш Әбілғазы баһадүр ханның «Түркі шежіресі» зерттеуші ғалымдардың (А.Н.Кононов, Б.Әбілқасымов, Т.Қордабаев) мәліметтеріне қарағанда, еңбектің біздің дәуірімізге келіп жетуіне, зерттелуіне, танылуына, аударылуына ықпал еткендер – Сібірге жер аударылған швед офицерлері, солардың бірі Филипп Иоганн Табберт Страленберг. Ол қолжазбаны Тобыл қаласынан тауып, орыс тіліне аудартса, швед Шенстрем неміс тіліне аударады. Бұл аударма арада көп уақыт өткеннен кейін 1780 жылы ғана кітап болып басылып шығады. Ал одан бұрынырақ қолжазба неміс тілінен француз тіліне аударылып, 1726 жылы Лейденде жарық көреді. «Шежіренің» баспа нұсқасын орыс тіліне аудару бірнеше рет қолға алынса да, олар сәтсіз шығады [3].

«Шежірені» түпнұсқадан орыс тіліне алғаш аударған – Г.С.Саблуков. Бұл аударманы ол Қазан басылымы бойынша және Петербургтегі Ғылым академиясының мұражайында сақталған қолжазбалармен салыстыру негізінде жасайды. 1906 жылы Қазанда Г.С.Саблуков аудармасы кітап болып басылып шығады.

Белгілі ориенталист ғалым И.Березин «Шежіренің» Г.С.Саблуков жасаған аудармасын жеке кітап етіп, «Книга родословия тюркского» деген атпен өзінің «Шығыс тарихшыларының кітапханасының» 3-томына кіргізеді [1].

Бұдан кейін Әбілғазы еңбегін зерттеу қолға алынып, ол XIX ғасырда көп ғалымдардың назарына ілігеді. А.Н.Кононов «История изучения тюркских языков в России» атты еңбегінде осы аталған шежіренің зерттелу тарихына көбірек тоқталады [3].

«Түркі шежіресінің» грамматикалық құрылысын сипаттауға арналған еңбектердің бірі – проф. С.Н.Ивановтың «Родословное древотюрок Абул-гази-хана» деп аталатын монографиясы. Ол «Түркі шежіресін» ескі өзбек тілі ескерткіші ретінде қарап, өз зерттеулері арқылы өзбек тілінің тарихи грамматикасын жасауға үлес қосатынын айтады [4,5-б.].

Әбілғазының «Түркі шежіресін» өз зерттеулерінің нысаны етіп кейінгі жылдары ғана алған қазақ ғалымдарының бірі Б.Әбілқасымов «Түркі шежіресі» кітабының зерттелу тарихына шолу жасап, ондағы тұрақты сөз тіркестерін тілдік тұрғыдан талдайды [5,48-62-бб.]. Сол сияқты Т.Қордабаевтың «Тарихи синтаксис мәселелері» атты монографиясында «Шежіренің» синтаксистік құрылысы сөз болады [6].

Проф. Б.Әбілқасымов Әбілғазының аталған шығармасын 1992 жылы «Түркі шежіресі» деген атпен қазақ тіліне аударады [7]. «Түркі шежіресінің» қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты көптеген мақалалар жариялады. 2001 жылы «Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» және оның тілі» атты кітабы басылып шықты. Ғалым «Шежіренің» фонетикалық-орфографиялық ерекшеліктеріне, лексика-фразеологиялық сипатына, грамматикалық құрылысына жан-жақты талдау жасайды. «Шежіренің» тілін зерттей келе, оның қазақ тіліне, сондай-ақ, тарихи грамматика мен тарихи лексикологияға көп деректер бере алатындығын дәлелдейді [2,4-б.].



1.2 «Түркі шежіресіннің» текстологиясы (Қазан және Демезон нұсқалары бойынша талдау)

Ерте замандағы жазба ескерткіштер ғасырдан ғасырға көшіріліп жеткізілгендіктен, көне дәуірлерден келіп жеткен құнды мұраларымыздың көпшілігі бірнеше нұсқада сақталғаны мәлім. Әбілғазының «Түркі шежіресінің» бізге белгілі екі нұсқасы бар. Қолжазбаның бір көшірмесі Мәскеудегі Ресей Сыртқы істер министрлігінің архивінде сақталып, 1825 жылғы Қазан басылымына негіз болған. Қолжазбаның екінші көшірмесі – кезінде В.И.Даль Орынбордан тауып алып, Академияның Азия мұражайына сыйлаған Петербург нұсқасы [2,4-б.].

Г.С.Саблуков өз кітабының кіріспесінде Қазан басылымындағы парсы сөздері Петербург қолжазбасында түркі өлеңдерімен ауыстырылғанын айта келіп, «кім де кім менің аудармамды баспа мәтінмен аударуды қайталаса, көптеген келіспеушіліктер мен жаңылулар табады» [1,16-б.], – дейді.

Расында да, Қазан баспа нұсқасын қолжазбамен салыстырсақ, біршама айырмашылықтар мен едәуір қателер байқалады. Мысалы, 18-бетте Оғыз ханның балалары мен немерелерінің аттары қалдырылып кеткен. Көшірушілер оны жай белгілермен белгілеп қойған. Мәселен, Қазан басылымында «Оғыз ханның ұғланлары уа нәбирелерінің зікірі» туралы айтылғанда, Ай ханның ұлдарының аттарын Ұшад (Ұшар деп жақша ішінде берілген), Қанық деп келіп, Жұлдыз ханның ұлдарының аттарына Тау ханның ұлдарының аттары жазылады. Ал Көк ханның ұлдарының аттары мүлдем аталмайды (18-б.).

Сондай-ақ, мұндай кемшіліктердің бірі – Оғыз ханға байланысты өлең жолдарында сөйлем құрылыстары екі баспа нұсқада (Демезон және Қазан) бірдей емес.

Жалпы ескі жазба мұраларымыздың тілін қарастыру барысында баспа нұсқалар арасындағы текстологиялық айырмашылықтар лексикалық, графикалық, морфологиялық, синтаксистік аспектілер бойынша анықталады.



Лексикалық айырмашылықтары бойынша түркі сөздерінің түркі сөздерімен, кірме (араб, парсы) сөздерінің түркі сөздермен өзгертілген тұстары бар:

Қ: Ләшкәрінің қолына ау чақлы олүк мал түшді кім йүклемекке түлүк арлық қылды (18).

П: Ләшкәрінің қолына ол чақлы олүк мал түшді кім йүклемекке ат азлық қылды (12,10).

Түсініктеме: Оғыз хан әскерінің қолына көп олжа түсті,артуға ат көлігі аздық қылды. Көшірмешілер өз дәуіріне дейінгі мағынасы көнерген сөздерді жаңа сөздермен өзгертіп отыруы мүмкін. Мұнда көріп отырғанымыздай, түлүк сөзі ат сөзімен ауыстырылған. Азлық сөзінің арлық деп берілуі диакретикалық белгілердің өшіп не көрінбей қалуынан болса керек.

Қ: Көб йыллар падишаһлық қылыб офат табды (8,15).

П: Көб йыллар падишаһлық қылыб өлді (11,13).

Графикалық ерекшеліктері. Сөз еткен кезеңдегі жазба дәстүр араб графикасымен жазылғандықтан, кейбір таңбалардың екі не үш түрлі таңбалануы бар. Себебі араб графикасында т әріптерінің 2 түрі, с әрпінің з түрі бар. Сондықтан әр нұсқада көшірмешілер кейбір әріптерді әр басқа таңбалаған.

- Оғұз елінің барчасыны мұсылманлыққа дауат қылды (17) деген сөйлемде дауат (шақыру) әр басқа берілген.

Қ: ﺓﻭﻋ ﺪ дауат (11,26)

П: ﺕﻭ ﻋﺪ дауат (17).

- Ұғланлары мен нәукерлері бірлән күш тақұқны ат бірлән чабдылар.

Қ : ﻂﺍ ат (18,5)

П: ﺖ ﺍ ат (25)

Морфологиялық ерекшеліктерінде Қазан нұсқасында -нің, -ның, -ға, -ні септік жалғауларының Петербург нұсқасында толықтырылып түзетілгені байқалады.

Қ: Беш алты мағұл қары сөзін (23)

П: Беш алты мағұлның қары сөзіні (35,20).

Қ: тәңрі әмірі білән (15).

П: тәңрінің әмірі бірлән (22, 13).

Шығарманың синтаксистік ерекшеліктері ретінде сөйлем жүйесіне қиыспай, қабыспай тұрған сөздер мен сөз тіркестері кездеседі. Бұрын түсіп қалған, жаңсақ жазылған сөз тіркестері өз тарапымыздан түзетіліп жазылды.

Қолданылу аясы шектеулі шығыс сөздерін айыра білмей, кей көшірмешілердің қате жазып жібергені, контекстік мағынасы ұқсас сөздерді шатастырып алғаны төмендегі сөйлемдерден байқалады:

П: Тудаменку хан бесиар зұлым уа бидар қалмақны ағаз қылды (93,3)



Түсініктеме: Осы сөйлемде бидар парсы тілінде ояу болса, онда бұл сөз аталған сөйлемге ешқандай қатысы жоқ. Ал бидад (әділсіз) сөйлемге негіз бола алады. Дұрысы: Тодуменку хан көп зұлым және әділсіз қалмақты қырды

Қ: Анлар көб фасадлар қыла тұрұр ермешлер теб Сүбідай баһадүр бірлән Тұғышарны көб черік бірлән анларының үстіне йіберді (54,6-б.).

П: Анлар көб қасадлар қыла тұрұр ермешлер теб Сүбідай баһадүр бірлән Тұғышарны көб черік бірлән анларының үстіне йіберді (54,6-б.).

Түсініктеме: енді бұл сөйлемде фасад емес, қасад болса керек, себебі қасад араб тілінде – ой дегенді білдірсе, онда бұл сөйлем былай аударылады: Сүбітай баһадүр мен Тұғышарды көп әскермен оларға қарсы жіберу ойларында болса керек. Шығарма тілінде мұндай ауытқулар баршылық.

Сондай-ақ, екі басылымды бір-бірімен және 1891 жылғы Қазанда басылып шыққан нұсқамен салыстырғанда, бірқатар жолдардың түсіп қалуы сияқты кемшіліктер де байқалады. Ал майда түзетулер баспа нұсқада диакритикалық белгілермен, сөздермен көрсетілген. Әбілғазының шығармасына арнайы текстологиялық жұмыстар жүргізілмегендіктен, баспа нұсқалардағы кейбір сөздерді дұрыс оқып, аударуға қиындық келтіретін тұстары баршылық.

Осы «Түркі шежіресі» кітабының шығуымен байланысты 1826 жылы «Московскиий телеграф» журналында жарияланған бір мақалада: «....Азиялық шежірелер мен аңыздардың құндылығы мен дұрыстығын, қай еңбектерге сүйенгенін анықтау үшін алдымен түпнұсқаларды білу керек. Шығыс зерттеушілері олардың мәтіндерін салыстырып, жөндеп, дұрыс аударылуын ұсыну керек» [8,10-б.], – дейді. Сондықтан бірнеше нұсқада жеткен орта ғасыр жәдігерліктеріне ең алдымен текстологиялық жұмыстар жүргізген абзал. Осымен байланысты олардың мұқият зерттелуі – ең жауапты мәселе.

1.3 «Түркі шежіресінің» өзге орта ғасыр шығармаларынан айырмашылығы

Әбілғазының өз шығармасының тіліне байланысты «... бұл тарихны йахшы уа йаман барчалары білсүн теб түркі тілі бірлән айтдүм һәм андағ айтыбмын кім беш йасар ұғлан түшүнүр уа бір калима чағатай түркісінден ғарабдын уа парсыдын қошмаймын» деген ескертпесі бар (36-б.).

Ал көптеген зерттеуші ғалымдар бұл шығарманың түсінуге жеңіл түркі тілінде жазылғанын өз еңбектерінде дәлелдеп берді. Бірақ автор “араб, парсыдан, шағатай түркісінен бір сөз қоспадым” десе де, оның өзі өмір сүрген уақытындағы түркі халықтары қолданған жазба әдеби тілде қолданылуы дәстүрге айналған араб, парсы, шағатай элементтерін пайдаланбауы мүмкін емес еді.

Әбілғазының араб, парсы сөздерін қолдануының өзіндік бірнеше себептері бар: 1) Арабтардың жаулап алуы мен ислам дінінің таралуына байланысты бұл тілдердің мәні басымырақ болды; 2) Араб тілінен түркі тіліне сөз ауысу үрдісі әсіресе түркі тілдерінің даму тарихына айтарлықтай үлес қосты; 3)Орта Азия және Таяу Шығыс халықтарының әдеби тілі тарихында классикалық араб тілі едәуір рөл атқарған.

Орта ғасырларда шығармаларды араб тілінде жазу дәстүрге айналды. Ал дәстүр жалғастығына сәйкес жазба тілге тән араб және парсы сөздерін қолдану мұсылманша сауаттылар үшін жат емес еді. Түркі халықтары көп жылдар бойы тәжік және парсы халықтарымен көршілес отырып, тікелей қарым-қатынас жасауы арқылы, сондай-ақ жазба әдебиет үлгілері мен мәдени байланыстары арқылы түркі тіліне парсы тілінен бірқатар сөздер енді. Тарихи деректер Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген түркі тайпаларының тіліне араб сөздерінен гөрі парсы сөздері әлдеқайда ертерек ене бастағанын көрсетеді [9,31-б.].

Әбілғазы да жастайынан халық ауыз әдебиетін, парсы тіліндегі тарихи шығармаларды сүйіп тыңдап, зерттеген. Араб және парсы тілдерін жетік білген. Бұған себеп кітабының кіріспесінде «Құдай бұйыртып, ажалдың үндеушісі келіп қалмаса, бұл кітапты парсы тілінде жазу ойымда бар» (37), – дейді. Сонымен қатар Әбілғазы «Түркі шежіресі» шығармасын жазу барысында Рашид-ад-Диннің «Жамиғ-ат тауарих» шежіресіне және басқа да Шыңғыс хан ұрпақтарының тарихы жазылған кітаптарға сүйенгенін айтады. Ал «Жамиғ-ат тауарих» шежіресі парсы тілінде жазылған, одан аударылған жерлерде иранизмдердің жиірек қолданылуы заңды. Ендеше, Әбілғазы «Шежіресінің» лексикасында қолданылған араб және парсы сөздерінің бір себебін осыдан іздеу қажет сияқты.

Жалпы Әбілғазы шығармасындағы араб, парсы сөздеріне қатысты әртүрлі пікірлер қалыптасқан.

Г.С.Саблуковтың айтуы бойынша, «Әбілғазының «Түркі шежіресінің» тілі Хиуа тұрғындарының тілінде жазылған. Ол тіл араб және парсы сөздері мен сөз оралымдарын қабылдағанмен, басқа тілдерге қарғанда түркі тілінің тазалығын сақтаған қырғыз, башқұрт және Оренбург татарларының тілдеріне жақын жазылған»[1, 9-б.].

Бұл пікірді А.Н.Кононов, С.Н.Иванов, Т.Р.Қордабаев сияқты ғалымдар да қолдайды.

Проф А.М.Щербак Әбілғазының жоғарыдағы ескертпесін “кейбір авторлардың шағатай тілінің жасандылығын дәлелдеу үшін айтқан, әйтпесе оның грамматикалық құрылысында парсы тілінің әсері байқалады” деп түсіндіреді [10,14-б.].

Аталған ғалымдардың бәрі де Әбілғазының «Түркі шежіресін» өзбек әдеби тілінің тарихын зерттеуге қажетті тілдік нұсқа ретінде қарастырады.

Б.Әбілқасымов: «Шығарма авторы өз еңбегінің тілі туралы белгілі бір мақсат көздеп, жазу үстінде нақтылы ұстанымды басшылыққа алғанын ескертсе де, оның лексикасында өз кезеңінің де, оның өз ортасының да сөз байлығын пайдаланғаны белгілі. Сондай-ақ онда көне түркілік, ортағасырлық жазба нұсқалар әсері, моңғол, араб, парсы тілдерінен енген сөздер молынан кездеседі, сондықтан бұларды жеке-жеке қарастыру қажеттігі туындайды» [2, 60-б.], – дейді.

Әбілғазының ескертпесіндегі шағатай түркісі деген ұғымға өз пікірімізді білдіре кетейік.

Орта ғасыр Науаи заманындағы ақындар туындыларында шағатай тілінің дәстүріне сәйкес парсы өлең құрылыстары мен араб тіліне тән синтаксистік құрылымдар мол қолданылса, ал кейінгі тарихи шығармаларда араб және парсы тілдерін қолдануындағы тілдік ерекшеліктер араб және парсы сөздері етістікті сөз тіркестері деңгейінде басым болған. Әрі қазіргі тілмен сай келетін араб және парсы сөздерімен жасалған тұрақты сөз тіркестерді, эпитеттерді көп пайдаланған. Мәселен, Р.Сыздықова «Жамиғ-ат тауарихта» да есімді, етістікті тұрақты тіркестердің дені қазақ тілінде бар тіркес үлгілерімен бірдей екенін көрсетеді [11].

Әсіресе бұл тілдік ерекшеліктер өз шығармасын халық тіліне жақындатуға әрекет еткен Әбілғазының «Түркі шежіресінде» ерекше байқалады.

Ендеше, Әбілғазының шағатай түркісі деп, өз заманындағы алдыңғы ақын-жазушылар шығармаларының тіліндегі күрделі араб және парсы тілдерінің сөз тіркестіру амалдарын, синтаксистік оралымдарды, өзге тілдік құрылымдардың көптеп қолданылуын, кей жағдайда оқыған сауатты адам болмаса, түсініксіз араб және парсы сөздерімен ауырланған тілді айтып отырғаны деп түсінген жөн сияқты. Міне, осы ерекшеліктерді аңғарып, өз шығармасын жазу үстінде ол дәстүрден шамасы келгенше аулақ болуға тырысқан. Барша түркі халықтарына ортақ түркі тілінде жазуды мақсат еткен.

Егер де автордың айтып отырған шағатай түркісі дегені жоғарыдағы айтылған өзге тілдік күрделі синтаксистік құрылымдар болса, онда “араб, парсы тілдерінің сөйлем құрылысын пайдаланбадым” дегені деп топшылауға негіз бар. Өйткені шығарманың сөйлем құрылысы, шынында да, өте жатық, қазіргі қазақ тіліне жақын.

Мұны Әбілғазының еңбегінде қолданған барлық сөзге лингвостатистикалық сипаттама жасау арқылы анықтауға болады.

Сандық есептеуді көлемді түрде алып, Әбілғазының сөз қолдану ерекшелігін нақтылы көрсету үшін қайталауды шығарып тастап шығарма тіліндегі барлық сөздерді бір бөлек, ономастикалық атауларды бір бөлек алып отырмыз. Өйткені ономастикалық атаулар шығарманың бірсыпыра пайызын құрайды. Біздің бұл есептеуіміздің қорытындысы шамамен мынадай болды (қайталауларды есептемегенде):



Ономастикалық атаулар

түркі сөздері

араб сөздері

парсы сөздері

277

3990

397

365

5, 5 %

79, 3 %

7, 9 %

7, 3 %

Э.Н.Наджиптің сандық есептеуінде, Құтыбтың «Хұсырау уа Шырын» поэмасында араб және парсы сөздерінің арасалмағы шығарма лексикасында 24-31 пайызды құрайды [12,138-б.]. Ал татар зерттеушісі З.А.Хисамиеваның есептеуі бойынша, Қадырғали Жалаиридың «Жамиғ-ат тауарихында» түркі сөздері – 58 пайыз, араб сөздері – 28 пайыз, парсы сөздері – 13 пайыз, орыс және моңғол сөздері 1 пайызды құрайды екен [11,27-б.]. Байқап отырсақ, проза жанрында жазылған осы орта ғасыр ескерткіштерінің ішіндегі аталған екі тарихи шығарманың қазіргі қазақ тіліне ең жақыны екені дау тудырмайды. Дегенмен, тілінің қазақтарға түсініктілігі жағынан біз қарастырып отырған «Түркі шежіресі» Қадырғали Жалаиыридың жазған «Жамиғ-ат тауарихынан» да жақын екенін мына сандық есептеулер көрсетіп тұр. Себебі Әбілғазы туындысында араб және парсы сөздері Қадырғали шығармасына қарағанда анағұрлым аз жұмсалған.

«Шежіреде» кездесетін араб-парсы сөздеріне сандық есептеу жүргізу арқылы біз Әбілғазы ханның араб және парсы сөздерінен қолданудағы өзіндік ерекшелігін біле аламыз:


Араб сөздері

397


7,9 %

Парсы сөздері

365


7,3 %

қазіргі қазақ тілінде қолданылатын араб сөздері

Қазіргі қазақ тілінде қолданылмайтын араб сөздері

қазіргі қазақ тілінде қолданылатын парсы сөздері

қазіргі қазақ тілінде қолданылмайтын парсы сөздері

235

162

223

142

4, 6 %

3, 2 %

4, 4 %

2, 8 %

Бұл сандық көрсеткіштен қазіргі қазақ тілінде қолданылатын араб және парсы сөздерінен гөрі қазіргі қазақ тілінде қолданылмайтын араб және парсы сөздерінің мейлінше аз мөлшерде жұмсалғаны байқалады.

Сонымен, автордың «араб, парсы, шағатай тілдерінен бір де сөз қоспадым» деген мәлімдемесін сол тілдерге тән сөйлем құрылысын пайдаланбадым деумен қатар, қазіргі қауымға түсініксіз араб және парсы сөздерін мейлінше аз қолданғанын айтқаны деп түсінеміз.

Әбілғазы «Түркі шежіресін» жазуда көп тілді білуі нақты көрініс табады. Оның өз заманында араб, парсы тілдерін жетік меңгергенін шығармада көп сөздерге этимологиялық талдаулар жүргізіп, мағынасын ашуға тырысқанынан да байқауға болады.

Әбілғазының өзі еңбегінің кіріспесінде өз заманының білімді, жан-жақты даярлығы бар адам екендігін және Құдай тағаланың оған берген қасиеті ретінде әскери өнерден, ақындық өнерден, араб және парсы, моңғол тілдерінен, тарихи маңызды оқиғалардан да хабардар екенін және оларды жатқа білетінін баяндайды.

Бұл шығармадан түркілердегі ру, тайпа аттарының шығу тектеріне байланысты көптеген деректер кездестіруге болады. Қаңқылы сөзінің шығу тегін арба жасаған адаммен байланыстырса, ұйғыр елінің атын ұю сөзінен шығарады. Ұйғыр өз төрелерінің атын йідіқұт дейді. Ол иіді (ию) және құт (арабша жан деген мағынада) сөздерінен құралғанын түсіндіреді.

Сондай-ақ араб және парсы сөздеріне де түсінік беріп отырады. Мәселен, автор аталған еңбегінің 5-бетінде адам «адам араб тілі тұрұр, араблар йерінің қыртышыны адам дер» деп жазады. Яғни оның себебін Құдай тағала адамды жер бетінен алынған топырақтан жасағаннан деп түсіндіреді. Идрис атауының да дәріс сөзінен шыққандығын көрсетеді. Шестің мағынасы ғабат аллах тимек болұр (Құдайдың құлы) дейді.

Оғыз ханның жиырма төрт немересінің аттарының мағыналарын көбіне араб және парсы сөздерімен түсіндіреді. Кейде түркі сөзінің араб және парсы, моңғол тілінде қалай аталатынына да тоқталады.

- Ағыб бара тұрған ұлұғ суны түркі тілінде сай дер уа тәжік күчекін руд уа ұлұғын рудхоне дер араб уады дер мағұл мұран дер (45). Темірдін даруаза қойдылар андағ диуарыны араб сәдд дер, түркі тілі бірлән торқорқа дерлер Хытай халқы онку дерлер (47).

Қорыта келгенде, Әбілғазы шығармасы, өзі кіріспесінде айтқандай, тап-таза түркіше неге болмайды десек, қателескен болар едік. Өйткені тілдің жалпы даму заңдылығы бұны көтермейді, шеттен кірген сөздердің кіруі табиғи құбылыс. Әбілғазы араб және парсы, шағатай әдебиетін де, діни оқуын да жетік білген, ислам дінінің шарықтау кезеңінде хатқа түскен бұл ескерткіште араб және парсы сөздері көп деп айтуға болмайды.

Сондай-ақ, Әбілғазы шығармасы көне дәуір тіліндегі сөз мағынасын тануда, жер-су аттарының этимологиясын айқындауда, өткен тарихымызды білуде тигізер пайдасы зор. Демек, Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» қазақ әдеби тілінің тарихынан ерекше орын алады деп білеміз.

2-тарау «Түркі шежіресіндегі» араб және парсы сөздерінің лексика-семантикалық сипаты» деп аталады. Оның «Араб және парсы сөздерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері» деп аталатын бірінші тараушасында «Шежіредегі» араб және парсы сөздері лексика-семантикалық ерекшеліктеріне қарай үш топқа бөліп қарастырылады:




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет