Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж


Белоруссия мен Украинаны азат ету



бет10/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   26

8. Белоруссия мен Украинаны азат ету
Белоруссия үш жыл бойы жау оккупациясының астында болып, қайғы-қасірет көрді. Фашистер белорусь халқының барлық қоғамдық байлығын талан-таражға салды, қалаларды қиратты, селоларды өртеді, 2 миллион 200 мыңнан астам тұрғын мен біздің елден тұтқынға түскен әскерлер құрбан болды. Гитлершілдерден қасірет шекпеген бірде-бір отбасы болмады. Бірақ Белоруссия халқы қас дұшпан алдында тізе бүккен жоқ, басын тік, рухын биік ұстады.

Қызыл Армияның Украинадағы неміс әскерлерінің быт-шытын шығарып, сағын сындырғанын естіген белорусь партизандары шешуші күреске дайындалды. 1944 жылдың жазында Белоруссияда 374 мың жақсы қаруланған партизан болды, олар ірі отрядтарға, бөлімдер мен құрылыстарға бірікті.

Кеңес әскерлерінің қол жеткізген табыстарына қарамастан жау жағы әлі де мықты еді. 1944 жылы неміс елінің өнеркәсібі соғыс жылдарындағы ең биік нәтижеге жетті. Алғашқы жартыжылдықта заводтар 17 мың әскери ұшақ, 9 мыңдай ауыр және орташа танк шығарды.

Гитлер елі мен халқынан барлық күшті сығып алды, жаппай мобилизация жүріп жатты. Кеңес-герман майданында біздің әскерлерге жақсы жарақтанған немістің 179 дивизиясы мен 5 бригадасы, сондай-ақ сателлиттердің 49 дивизиясы мен 18 бригадасы қарсы тұрды. Бұл әскерлерде 4 миллион адам, 49 мың орудия мен миномет, 5250 танк, 2800 әскери ұшақ болды.

Ал Кеңес Армиясында 6,4 миллион адам, 92,5 мың орудия мен миномет, 7,7 мың танк пен артиллериялық қондырғы, 13,4 мың ұшақ болды.

1944 жылдың қысы мен көктемінде Кеңес Одағы өз экономикасын күрт көтерді. Алғашқы жартыжылдықта 16 мың ұшақ, 14 мыңдай орташа және ауыр танк пен артиллериялық қондырғылар, 90 миллионнан астам снаряд, авиабомбы, мина шығарылды.

Кеңес әскерлері дайындаған Белоруссия операциясы аса ауқымды аумақты қамтыды – ұзындығы бойынша мың шақырымнан, ал ішке дендеп енуден 600 шақырымнан астам еді. Осы аймақта біздің әскерлер фашистердің сегіз жүз мың солдаты мен офицеріне қарсы тұрмақ еді, ал олардың қолында 9,5 мың орудия мен миномет, 900 танк пен штурм орудиясы, 1300 әскери ұшақ болды. Жау бекінісі 250-270 шақырымды алып жатты.

Кеңес әскерлерінің Белоруссиядағы шабуылы соғыс басталуының үш жылдығымен тұспа-тұс келді. Сол өткен үш жылда Кеңес Одағы фашист әскерлерін кескілескен ұрыстарда жер жастандырып, өз Отанын жендеттерден азат ете бастады. Енді неміс армиясының “Центр” тобын тас-талқан ету міндеті тұрды.

Дәл осы тұста Европада екінші майданның ашылуы да Кеңес әскерлеріне жігер берді.

1944 жылдың 3 шілдесінде Минск жаудан толық азат етілді. Ал 11 шілдеде қоршауға алынған неміс әскерлерінің жанталаса жасаған қарсылығына қарамастан олар тұтқынға алынды немесе көзі жойылды. Тұтқынға алынған 57 мың адам ішінде 12 генерал, оның 3-і корпус командирі, 9-ы дивизия командирі, болды.

28 шілдеде І Белорусь майданының әскерлері Брест қаласы мен Брест қамалын жаудан азат етті. Олар 1941 жылы соғыстың алғашқы күні ата жауға қайыспай қарсы тұрып, ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен еді.

Соғыстан кейінгі талдау көрсеткеніндей, Украина, Белоруссия және Прибалтика үшін болған шайқастарда гитлерлік әскери-саяси басшылық орын алған күрделі жағдайды ой елегінен өткізіп, дұрыс шешім қабылдауға қабілетсіз болды.

1944 жылдың жазында Кеңес Қарулы Күштерінің жауынгерлік қуаты одан әрі артты. Сол тұста біздің әскер неміс топтарын қоршап, көзін жою жөнінен 7 ірі операция өткізді. Олардың ішіндегі ең ірілері Белорусь, Ясеко-Кишинев, Львов-Сандомир операциялары еді. Оның барысында жаудың 127 дивизиясы жойылды.

Біздің облыста да қан майдандағы талай шайқастарға қатысқан, қасиетті жерімізді азат ету үшін қан төккен ержүрек жауынгерлер аз емес. Солардың бірі – Қазбек Әлжапаров ағамыз. Ол Ұлы Жеңістің 60 жылдығында Москвадағы парадқа қатысқан ардагер. Белорусь Республикасында болып, жорық жылдарын еске алып, ардагерлермен кездесіп қайтқан ағамыздың кейінгі жастарға айтар әңгімесі де аз емес. Талай ордендер мен медальдардың иегері, Қостанай қаласының және бірнеше аудандардың құрметті азаматы, полковник Әлжапаров ортамызда жүрген сыйлы да қадірмен қарттарымыздың бірі. Жеңіс күнін жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан осындай ағаларымыз әрқашан аман болып, алдымызда жол көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп адымдай берсін, ағайын!


9. Висла-Одер операциясы
1944 жылдың қазан айының соңында Ставкада Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті кейбір мүшелерінің және Бас штаб бастығының қатысуымен өткен кеңесте Ұлы Отан соғысындағы соңғы, қорытынды операцияларды жүзеге асыру жайы талқыланды.

Бұл кезде Кеңес Одағының экономикасы нығайып, алға басуда еді. Майдандағы жеңістер халықтың жігерін жанып, тылдағы толайым табыстарға бастаған. Соның нәтижесінде 1944 жылы 29 мың танк пен өздігінен жүретін артиллериялық орудия, 40 мыңнан астам ұшақ шығарылды. 122 мм. пушкасы бар ИС-2 ауыр танкісін, жетілдірілген Т-34 орташа танкісін, ЯК-3 истребителін, ИЛ-10 штурмовигін, ТУ-2 бомбардировщигін шығару екі-үш есе артты.

Кеңес экономикасының табыстары Қарулы Күштерді жан-жақты қамтамасыз етуді жақсартумен бірге Орталық және Оңтүстік Шығыс Европа халқына олардың азаттық күресінде қару-жарақпен көмектесуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Польша әскерлеріне Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысы кезінде 8340 орудия мен миномет, 630 ұшақ, 670 танк пен артиллериялық қондырғы, 406 мыңнан астам винтовка мен автомат, көптеген байланыс құралдары мен машиналар берді. Югославия осы уақытта 5800 орудия мен миномет, 500-дей ұшақ, 69 танк, 155 мыңнан астам винтовка мен автомат, 15,5 мыңнан астам пулемет алды.

Осы кезеңде кеңес әскерлері неміс-фашист жендеттерін Кеңес Одағы аумағынан дырқырата қуып, КСРО-ның мемлекеттік шекарасын қалпына келтірген болатын. Енді соғыс қимылы фашистік Германия мен Шығыс Европа мемлекеттері аумағында жүріп жатқан.

Фашистік Германия үшін қиын күндер еді бұл. 1944 жылдың соңында оларда қару-жарақ шығару қысқарды. Германия шығыстан, оңтүстік-шығыстан, оңтүстік пен батыстан қысымға алынды. Яғни ол 1944 жылдың соңында стратегиялық қоршауға алынды, одан шығу тым қиын еді. Гитлер болса, бұл кезде жан ұшыра жаппай мобилизация жүргізіп жатты. 18 бен 60 жас аралығындағы еркектер әскерге түгел шақырылып, фольксштурм (халықтық жасақ) құрылды. Сол 1944 жылдың аяғында гитлерлік командование әлі де болса қасарысып бағатын жағдайда еді, олар қорғанысқа көшіп, біздің әскерлерге қарсы белсенді түрде қарсылық көрсетті. Олардың әскерінде 7,5 миллион адам, ал соғыстағы армияда – 5,3 миллион әскер болатын.

Ал кеңес әскерлерінің күші бұл тұста немістерден әлдеқайда басым еді. Және біздің әскерлерге Польша, Чехословакия, Румыния, Болгария әскерлері қосылып, жауға қақырата соққы беріп жатты. Олардың жалпы саны 1945 жылдың басында 320 мың адам болды, олардың қолында 5200 орудия мен 200 танк бар болатын. 3-Белорусь майданында Францияның “Нормандия-Неман” авиация полкі асқан ерлікпен шайқасты.

Батыста американдық, ағылшындық, француздық әскерлердің жақсы жабдықталған 87 дивизиясы, 6500 танкі, 10 мыңнан астам ұшағы болды. Яғни, екінші майдан ашылғаннан кейін одақтастар күші жаудан адам саны жөнінен 2 есе, танктен – 4 есе, ұшақтан – 6 есе артық болды.

Жоғарғы Бас Қолбасшысының Ставкасы 1945 жылдың басында барлық стратегиялық бағытта жойқын шабуыл ұйымдастыруды ойластырды. Оның мақсаты мынандай еді:

- шығыс-пруссиялық топты талқандап, Шығыс Пруссияны алу;

- жауды Польша, Чехословакия, Венгрия, Австрия жерінде талқандау;

- Висла өзені-Бромберг-Познань-Бреслау-Моравска-Острава-Вена шетіне шығу.

Кейіннен Висла-Одер операциясы атанған бұл жоспар қараша айының аяғында бекітіледі. Басталуы 1945 жылдың 15-20 қаңтарына белгіленеді. Бұл жау ордасы Берлинге шабуылдың алдындағы аса маңызды шайқастардың бірі болатын. Кеңес әскерлері бұл шайқастарда асқан ерлік көрсетіп, жауды тас-талқан қылып, талқандады. Одерден өтуде ерлік көрсеткен жауынгерлердің бірі – Қозғамбек Халықов ағамыз еді. Ол майданға аттанардан аз күн бұрын ғана үйленген еді. Сүйген жары Беренге берген уәдесі бар болатын:

– Мені Жеңіспен күт, аяулым! – деген жас солдат. Ақыры ол уәдесінде тұрды. Елге Жеңіспен оралған қарт жауынгер бүгінде Қостанайда тұрады. Құдайға шүкір, ұл-қыздары өсті, заманына сай азаматтар болы. Немере-жиендер де өрісі. Майдангер аға тылдағы тауқыметті көтерген Берен апамен бірге ертең Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойы күні сол өркен жайған ұрпағының ортасында масайрап отырары хақ. Лайым, үнемі солай болғай...
10. Берлин үшін шайқас
Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытынды операциясы ретінде Берлин үшін шайқас ерекше орын алады. Кеңес Қарулы Күштері осынау соңғы шайқасқа дайындала отырып, алын ала одақтастармен келісілген саясатты ұстанды. Яғни Германия әскери, экономикалық және саяси жағынан сөзсіз капитуляция жасауға тиісті еді.

Соғыстың соңғы осы кезеңінде ең басты мақсат Германияның қоғамдық және мемлекеттік құрылымында фашизмді толық жойып, барлық нацистік жендеттерді олардың айуандығы, жаппай қырып, жойғаны, оккупациялаған аумақтардағы бассыздықтары үшін қатаң жауапкершілікке тарту еді.

Берлин операциясының жөн-жобасы Ставкада 1944 жылдың қарашасында айқындалды. Ол Висла-Одер, Шығыс-Пруссия және Померан операциясы кезінде нақтылана түсті.

И.В.Сталин гитлерлік басшылықтың соңғы уақытта ағылшын және американ үкіметімен сепараттық келісім іздеп, белсенді қимылға көшкенін білді. Фашистер өздерінің дәрменсіз жағдайын түсініп, батыстағы қарсылықты тоқтатып, американ және ағылшын әскерлеріне Берлинге жол ашуға бейімді еді. Яғни Берлинді Қызыл Армияға емес, одақтастарға беру жоспарында болды.

Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков кейін былай деп жазды: “Бүкіл соғыс уақытында мен көптеген ірі де маңызды шабуыл операцияларына қатыстым, бірақ алда тұрған Берлин үшін шайқас ерекше, ештеңемен салыстыруға болмайтын операция еді”.

Иә, соғыстың соңғы нүктесі Берлинде қойылады. Оны маршалдан қатардағы жауынгерлерге дейін білді. Бәрі де Жеңіс туының желбірер күнді асыға күтті.

Бірақ жаралы жау өліспей беріспеуге бекінген. Берлин алынбас қамалға айналған. Оның жалпы алаңы 900 шаршы километр еді. Жер асты құрылыстарының кеңінен дамуы жау әскерлеріне маневр жасауға жақсы жағдай туғызды.

Берлин операциясын дайындау жөніндегі жұмыс өзінің кең ауқымы мен қауырттығы жөнінен тым ерекше еді. І Белорусь майданының шағын учаскесінде қысқа уақыт ішінде 83 атқыштар дивизиясы, 1155 танк пен өзі жүретін орудия, 44628 зеңбірік пен миномет және 1531 реактивтік артиллерия топтасты. Кеңес жауынгерлері мұндай күшпен жаудың тас-талқанын шығаратынына сенімді болды.

Әскери техника, адамдар мен материалдық құндылықтардың бәрі де Одер арқылы арғы бетке өткізілді. Одердің ені кейбір жерлерде 380 метрге дейін жетті. Одер арқылы 23 көпір мен 25 паромдық өткел салынды. Өзеннен өту кезінде ол көптеген зениттік орудиялар және көптеген истребительдермен қорғалды.

Берлин үшін шайқас жүріп жатты. 1945 жылдың 30 сәуірінде 171-атқыштар дивизиясының аға лейтенанты К.Я.Самсонов басқарған батальоны мен 150-атқыштар дивизиясының капитаны С.А.Неустроев және майор В.И.Давыдов басқаратын батальондары рейхстаг ғимаратына баса көктеп кірді. Рейхстагтың төменгі қабаты алынды, бірақ жау жанталаса қарсылық көрсетуін тоқтатқан жоқ. Сағат 18-де рейхстагқа штурм қайталанды. 150 және 171 атқыштар дивизиясы жауды ғимараттың қабат-қабатынан тысқары қуды. Сол 30 сәуір күні 21 сағат 50 минутта сержант М.А.Егоров пен кіші сержант М.В.Кантария майданның әскери кеңесі берген Жеңіс туын рейхстагтың бас куполында желбіретті.

Соңғы анықталған деректер бойынша Рейхстагқа алғаш ту тіккендердің бірі қазақ Рақымжан Қошқарбаев пен оның майдандас досы Булатов екені белгілі болды.

Берлин үшін шайқаста қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін бүгіндер әркім де біледі. Сондай-ақ қостанайлық қас батырлар Илья Сьянов пен Сейітхан Темірбаевтың да ерлігі халық жадында. Олар Кеңес Одағының Батыры атағын осынау шешуші шайқастардағы ерлігі үшін алған. Илья Яковлевич Сьянов Семиозер селосында 1905 жылы туған. Ол әйгілі 150-дивизияның 756 полкінің бірінші штурм жасау ротасының командирі еді. Егоров пен Кантария рейхстагқа ту тіккенде И.Я.Сьянов ротасы оларды жау оғынан қалқалады.

Ал Сейітхан Темірбаев болса, Таран ауданы Қызылжар ауылында 1922 жылы туған еді. Берлин қаласының маңайындағы Альт-Ландсберг пен Карлс-Хорст елді мекендері үшін болған ұрыста капитан Темірбаевтың ротасы аяусыз қарсылық көрсеткен фашистерден 11 кварталды тазартты. Бұл рота дұшпанның жеті рет жасаған қарсы шабуылын тойтарып, полктің қалаған бөлімшелеріне каналдан өтуге мүмкіндік жасады.

Сейітхан Темірбаев ағамыз рейхстаг іргесіне: “Қазақ С.Темірбаев, Қостанай-Берлин” деп өз қолтаңбасын қалдырған жеңімпаз. Соғыстан кейін елге оралып, партия, кеңес органдарында қызмет істеді.

Берлин үшін шайқастың бел ортасында болған тағы бір майдангер – Сырлыбай Бүркітбаев ағамыз еді. Ол осы “Қостанай таңы” газеті редакторының орынбасары болып ұзақ жылдар жемісті қызмет атқарды. Полковник С.Бүркітбаев бірнеше жауынгерлік ордендердің иегері болатын және ол Тәуелсіз Қазақстанның “Құрмет” орденімен де марапатталған еді.
11. Капитуляция
1945 жыл. 1 мамыр. Сағат 3.50-де 8-армияның командалық пунктіне герман құрлықтағы әскерлері бас штабының бастығы генерал Кребс жеткізіледі. Ол өзінің Қызыл Армияның Жоғарғы Бас Қолбасшысымен келісім туралы келіссөз жүргізу үшін тікелей байланыс жасауға өкілеттігі туралы мәлімдейді. Және ол Гитлердің өзін-өзі өлтіргенін айтады.

Кребстің сөзіне қарағанда, оқиға 30 сәуір 15 сағат 50 минутта болған. Кребстің қолында Геббельстің біздің Жоғарғы Бас Қолбасшыға жазған хаты бар екен. Онда былай делінген: “Дүниеден өткен фюрердің өсиетіне сәйкес біз генерал Кребске мыналарға өкілеттік береміз. Кеңес халқының көсеміне бүгін 15 сағат 50 минутта фюрердің өмірден өз еркімен өткенін хабарлаймыз. Өзінің заңды құқығын пайдаланып, фюрер бүкіл билікті өзінің қалдырған өсиеті бойынша Дёницке, маған және Борманға берді. Мен Борманға кеңес халқының көсемімен байланыс орнатуға уәкілеттік бердім. Бұл байланыс аса ірі шығын шеккен державалар арасында бейбіт келісім жүргізуге қажет. Геббельс”.

Геббельстің хатына Гитлердің жаңа империялық үкімет мүшелері жөніндегі тізімі бар өсиеті қоса тіркеліпті. Бұл өсиетке Гитлер қол қойған және ол куәлардың қолымен расталған. Бұл құжат 1945 жылы 30 сәуір, сағат 4-те қабылданған.

Хабар И.В.Сталинге жетеді.

– Өз түбіңе өзің жеттің бе, оңбаған. Оның тірідей қолға түспегені өкінішті-ақ. Гитлердің мәйіті қайда? – деп тіл қатады Жоғарғы Бас Қолбасшы өзімен хабарласқан Г.Жуковке.

– Кребстің айтуы бойынша Гитлердің денесін өртеп жіберген, – дейді маршал.

Осы арада Сталин тікелей нұсқау береді. “Ешқандай келісім жүргізілмейді, тек қана сөзсіз капитуляция”.

Бірақ Кребс өзінің сөзсіз капитуляция жөніндегі мәселені шешуге өкілеттігі жоқтығын айтып, түлкі бұлаңға салады. Оның сөзінше, бұл мәселені тек Германияның Дёниц басқармақ жаңа үкіметі ғана шеше алады.

Біздің жақ мәселені төтесінен қояды. Егер сағат 10-ға дейін Геббельс пен Борман сөзсіз капитуляцияға келісім бермесе, кеңес әскерлері жойқын соққы беруге қазір-ақ әзір деп мәлімдейді.

Дегенмен белгіленген уақытта Геббельс пен Борман жауап бермейді. Біздің әскер 10 сағат 40 минутта Берлиннің орталығындағы ерекше секторға нөсерлетіп оқ пен от шашады. 18 сағатта неміс басшылығы өзінің парламентарийін жіберіп, Геббельс пен Борманның сөзсіз тізе бүгуден бас тартқанын жеткізеді. Жаудың бұл далбасасына дайын тұрған қызыл әскерлер қаланың орталық бөлігіне шабуыл жасайды, Империялық канцелярияны алады.

2 мамыр күні, 1 сағат 50 минутта, Берлин бекінісі штабының радиостанциясы неміс және орыс тілінде мынандай хабар таратады: “Бисмаркштрассе көпіріне өз парламентарийлерімізді жібереміз. Әскери ұрыс қимылын тоқтатамыз”.

Сол 2 мамыр күні 6 сағат 30 минутта немістің 56-танк корпусының командирі, генерал Вейдлинг тұтқынға берілді. Онымен бірге штаб офицерлерінің бәрі де берілді. Ал сол Вейдлинг осыдан бірнеше күн бұрын Гитлердің бұйрығымен Берлин бекінісінің қолбасшысы болып тағайындалған екен. Ол өз әскерлеріне ұрысты тоқтату жөнінде бұйрық беруге бірден келіседі.

2 мамыр күні 15 сағатта жау толық талқандалды. Берлин гарнизонында қалған 70 мыңнан астам әскер тұтқынға алынды. Бұл Кеңес Одағы халқының ерекше бір салтанат құрған, оның Қарулы Күштерінің даңқын еселеген, осы соғыстағы біздің одақтастарымыздың мерейін тасытқан тамаша күн еді.

Жоғарғы Бас Қолбасшының бұйрығында былай деп атап көрсетілді: “І Белорусь майданының әскерлері І Украин майданының қолдауымен 1 мамырда көшелердегі кескілескен ұрыстардан кейін неміс әскерлерінің Берлиндегі тобын күл-талқан етіп, Германия астанасы Берлин қаласын – неміс империализмінің орталығы мен неміс агрессиясының ошағын толық алды”.

1945 жылдың 9 мамыры. Одақтастар командованиелерінің өкілдері Теддер, Спаатс және Делатр де Тассиньи, Кеңес Одағы жағынан Г.К.Жуков, А.Я.Вышинский, К.Ф.Телегин, В.Д.Соколовский және басқалары Германияның сөзсіз тізе бүгуі жөніндегі актіге қол қоюға дайын отырған еді.

Қол қойылатын залда Кеңес Одағының, АҚШ-тың, Англияның, Францияның тулары. Тарихи оқиғаны Г.К.Жуков сөз сөйлеп ашып, залға неміс бас командованиесінің өкілдерін шақырады. Генерал-фельдмаршал Кейтель, генерал-полковник Штумф, флот адмиралы фон Фриденбург кіреді. Олар сөзсіз капитуляция туралы актіге қол қояды. Сол 1945 жылғы 9 мамыр 0 сағат 43 минутта қол қою рәсімі аяқталады.

Сөйтіп, адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қанды қырғын тоқтатылады. Кеңес Одағы жеңіске жетті. Бірақ ол еліміз үшін тым ауырға соқты. Соңғы деректер бойынша, ел тәуелсіздігі жолында, Отан-ананы басқыншы жаудан қорғау жолында 27 миллионнан астам адам құрбан болды. Арада 65 жыл өтсе де сол сұрапыл соғыс салған жара әлі жазылған жоқ, ол талай жүректерді сыздатып, талай жандарды қайғы-шерге батырып келеді. Бірақ барлық күш-жігерін Ұлы Жеңіс үшін жұмылдырған, ата жаудың сағын сындырып, күлін көкке ұшырған сол бір күндердің даңқы ешқашан өшпейді. Ол уақыт өткен сайын жаңа күшпен жаңғырады.
12. Подстам конференциясы
Соғыстан кейін Германияны басқару жөніндегі Бақылау кеңесі құрылды. Кеңес Одағы жағынан оған маршал Г.К.Жуков, Америка Құрама Штаттары жағынан армия генералы Эйзенхауэр, Англиядан – фельдмаршал Монтгомери, Франциядан – генерал Делатр де Тассиньи кірді.Олардың әрқайсында саяси кеңесші болды. КСРО жағынан бұл міндетті Сыртқы істер халық комиссарының бірінші орынбасары А.Я.Вышинский атқарды.

Бақылау кеңесінің барлық шешімдері бірауыздан ғана қабылданатын болды. Бұл Кеңестің басты міндеті герман халқының бейбіт өмірін барынша тез қалпына келтіру, фашизмді толық жою және жергілікті билік жұмысын ұйымдастыру еді.

1945 жылғы 5 маусымда Берлинге Д.Эйзенхауэр, Б.Монтгомери, Ж.Делатр де Тассиньи Германияның жеңілгені туралы декларацияға қол қоюға және КСРО, АҚШ, Англия және Франция үкіметтерінің Германиядағы жоғары билікті реттеу процесіне қатысу үшін келді.

Мәжіліс алдында Д.Эйзенхауэр Г.Жуковтың штабына келіп, оған АҚШ-тың ең жоғары әскери ордені – “Құрмет легионы” наградасын тапсырады.

Кеңес Одағы да одақтастар өкілдерін ең жоғарғы әскери наградалармен марапаттайды. Эйзенхауэр мен Монтгомери “Жеңіс” орденін, ал Делатра де Тассиньи І дәрежелі Суворов орденін алады.

Алғашқы кезде Бақылау кеңесі мен оның барлық органдары қалыпты жұмыс істеді. Дегенмен кейін АҚШ, Англия және Франция өкілдерінің жұмысында кінәрат көбейе бастады. Қырым конференциясы мен Бақылау кеңесінің шешімдері олардың аймағында жүрдім-бардым, құлықсыз орындалатын еді, тіпті кейде оған ешбір мән берілмейтін. Мұның Германияны демелитаризациялауға да қатысы болды. Бұл шешім экономикалық та, саяси да, тікелей әскери салада да жүзеге аспады.

Бақылау кеңесіндегі жұмыста КСРО өкілдеріне АҚШ және ағылшын өкілдерімен келісімге келу бірте-бірте қиындай бастады. КСРО-ның Германияның жеңілуі туралы декларация тармақшаларын орындау туралы ұсынысы үнемі әріптестер тарапынан қарсылық туғызып жатты.

Кеңес Одағына фашистік Германиямен соғыстың қорытынды кезеңінде Черчилльдің фельдмаршал Монтогомериге жолдаған құпия жеделхатының мазмұны белгілі еді. Ол былай деп жазды: “Герман қаруы мен әскери техникасын мұқият жинап, сақтау керек, өйткені егер кеңес шабуылы жалғасқандай болса, бөлімдеріне қайтадан үлестіріп беруге керек болады ғой”.

Бақылау кеңесінің кезекті мәжілісінде Г.К.Жуков бұл туралы өткір мәлімдеме жасайды.

Үкімет басшыларының конференциясын дайындау үшін Берлинге Сыртқы істер халық комиссариатының жауапты қызметкерлері келеді. Мұндай іргелі жиын өткізетін ғимарат Берлинде жоқ еді, сондықтан конференцияны Потсдамда өткізуге келіседі. Бұл пікірді Москва да, одақтас елдер де қолдайды.

16 шілде күні арнайы поезбен И.В.Сталин, В.М.Молотов және олардың жанындағы адамдар келеді. Сол күні Англия премьер-министрі У.Черчилль мен АҚШ президенті Г.Трумэн басқарған делегация мүшелері де келіп жетеді.

Потсдам конференциясы 1945 жылғы 17 шілдеде түстен кейін ашылды. Бірінші ресми мәжіліске үкімет басшылары, барлық сыртқы істер министрлері, олардың бірінші орынбасарлары, әскери және азаматтық кеңесшілер мен сарапшылар қатысады.

Алғашқы кезде конференция ерекше тартысты басталады. АҚШ пен Англия алдын-ала келісіп алып, бұра тартады. Конференциядағы негізгі мәселе Европа елдерінің соғыстан кейінгі құрылымы және, ең бастысы, Германияны демократиялық негізде қайта құру еді. Германия мәселесі Потсдам конференциясы алдында Европа консультациялық комиссиясында, халықаралық репартациялық комиссияда және Қырым конференциясында дайындалды.

Потсдам конференциясында одақтастардың Германияға қатысты саяси және экономикалық жағынан үйлестіру принциптері жөнінен келісімге қол жеткізілді. Конференция сондай-ақ Кеңес Одағына Кенигсберг қаласы мен оның маңындағы аудандарды беру туралы шешім қабылдайды.

Потсдам конференциясы көптеген маңызды мәселелерді талқылап және шешім қабылдап, өз жұмысын 2 тамызда аяқтайды.

Кеңес Одағының фашистік Германиямен соғыстағы орасан зор жеңісі АҚШ және Англия басшыларының мысын басты, олар сол кезде Одақ ұсынған мәселелермен келісуге мәжбүр болды. Бұл сол тарихи Потсдам конференциясының табысты өтуіне мүмкіндік берді. Бұл жоғары форумның шешімі әлемді соғыстан кейінгі қайта құруда демократиялық принциптерінің салтанат құрғанын айғақтайды.



ІІІ ТАРАУ
ТАҒЫЛЫМ

АСПАНТАЙ АБЫЗ-ӘУЛИЕ

ол жөнінде бізге жеткен аңыз-әңгімелер не дейді?


Жалпы Аспантай абыз-әулие дүниеде болған адам, оның қабірі біздің облыстың Ұзынкөл ауданына қарасты бұрынғы "Калинин" кеңшарының аумағында жатыр. Әулиені кұрмет тұтқан, оның аруағына сиынған жамағат күні бүгінге дейін оның басына түнеп, жаратқаннан тілек тілейді.
Бірінші аңыз

Қараөткел
Абылай хан тұсында Қыпшақ, күрлеуіт Нияздың Бұхардың әмірі болып, он екі жыл бойы аты жер жарып тұрғаны белгілі. Сырт жерде жүргенде Нияз бабамыз інісі Қалдардың баласы Аспантайды өз тәрбиесіне алады. Оны Бұхар медресесінде оқытып, сол кездегі түсінік бойынша жан-жақты білім бермекші болады. Бірақ бала Аспантай оқу-тоқудан гөрі жалғандағы басқа тіршілікке бой алдырып, әмірдің айтқанына көнгісі келе қоймайды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған әмір немере інісіне өктемдік жасамағанмен де, тезге салар тәртіп қолданады. Ұстаздарына қатаң тапсырып, күнделікті қадағалауға алады. Оған да болмаған соң табанын тілгізіп, оған жылқының қылын салып, байлап, жер астынан шығармай жеті жыл бойы оқытады.

Уақыт өткен соң Аспантайды алдына шақырып, жағдайын сұрайды. Енді ол бұрынғы бұғау-құрық тимеген ерке Аспантайды емес, кемелденіп, толысқан, білімнің әр саласынан жан-жақты хабардар, көзінің оты бар, түсінігі мол Аспантайды көреді. Аспантай да:

– Жеті жыл бойы текке жатқан жоқпын. Аспан мен жердің, адамзатпен қоса жан-жануарлар, өсімдіктердің де тілін, заңдылығын біліп шықтым, сәті келгенде бір сынарсыз, – деп сабырлы сөйлейді.

Бұл кезде Нияз баба да елге қайтуды, қазақ жеріне ойран салған қалмақтармен күреске шығуды ойластырып жүрсе керек. Өзбек бауырлар қанша жалынып, жалпайып, Бұхарда қалуын өтінгенмен ол Абылай ханмен тілдесіп, елге оралады. Өзімен бірге болған қырық мың қыпшақты да ала келеді.

Аты-шулы Ниязға Абылай хан да оң қабақ танытып, Есіл бойынан, қазіргі Астана қаласы төңірегінен жер береді.

Өзбек елінен көшіп келе жатқан осы қырық мың қыпшақ Есілдің арғы бетіне өте алмай қиналады. Арнасы кең, асау өзеннен осынша жан мен мыңғ-ырған малды қалай өткізуге болады. Осы сәтте Нияздың ойына "сәті келгенде бір сынап көрерсіз" деген Аспантай түседі. Оны шақыртып алып:

– Сынға түсер сәтің келді, бір амалын тап, – дейді Бұхардың бұрынғы әмірі.

Аспантай көп ойланып жатпай таспиғын тартып, дұғасын оқып, қолындағы қамшысымен ағынды судың бетін бір осып жіберіп:

– Өткел бол! – деп бұйырса керек.

Міне, ғажап! Өзен қақ айырылып, қақ ортасынан қара өткел пайда болыпты-мыс. Содан бері осы өңір Қараөткел атаныпты дейді аңыз.



Сәлім меңдібаев
Төңірегіне нұр шашқан
Жарты ғасыр жарасқан
Мөп-мөлдір дүние
Гагарин, «қаракөз» және әдемі қыз
Жарқайыңның саясы
Елін қорғаған есіл ер
Екінші аңыз көтерілген киіз үй
Алты інінің ағасы
Тоқтарбай қадамбаев:
Жеріме көңілге алған барып қалсам...
Дәрігер болу оңай ма?
Жер-ана жанашырлық күтеді
Сағындың алматыңды.
Тұлғаның бәсекеге қабілеттілігі –
Ақылбек шаяхмет,
Би-ағаңа қарыздармын

Каталог: wp-content -> uploads -> 2014
2014 -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
2014 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2014 -> Жақсыбай Мусаев шығармашылығы және көркемдік Зерттеуші оқушы: Мұратбаева Назерке
2014 -> Тақырыбы: Ақындықты арман еткен жерлес Талапбай Ұзақбаев
2014 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2014 -> «Қостанай таңының» кітапханасы Сәлім меңдібаев
2014 -> 3-деңгейлерге: а/берілген сөздерді аударыңдар


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   26


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу