Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж



бет12/26
Дата23.10.2016
өлшемі4,75 Mb.
#5
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   26

3. Арманы жоқ адам
Ғылым академиясының президенті кезінде Өмекең Қостанайға талай келді. Ыбырай Алтынсариннің 150 жылдық, Ілияс Омаровтың 80 жылдық тойларына қатысты. Келген сайын:

– Сен менің қасымда бол, облыс басшыларымен жақынырақ таныстырып кетейін, – деп талай айтты. Сонда мен ат-тонымды ала қашып:

– Басшыларды мен онсыз да жақсы білемін, ал олар мені газетім арқылы білетін шығар, – дейтінмін.

Сонда көп сөйлемейтін Өмекең:

– Бала күнімізде ауылда жетекке жүрмейтін бір тор ат болып еді, сен де сол сияқты болдың ғой, – деп күлетін. Сосын сәл-пәл үнсіз отырып:

– Бәлкім, сенікі де дұрыс шығар, әркімнің өз жолы, өз сүрлеуі бар ғой, – деп келісетін...

Мен бұдан бұрын да талай айтқан осы жайды академик ағаның бар болмысын ашу үшін әдейі келтіріп отырмын.

Өмекең 69 жасында ауыр науқастан қайтыс болғанда жерлеу рәсіміне қатыстық.

Алматы жұртшылығы халқымыздың біртуар ұлымен қимас көңілмен коштасты. Қазақ елінің көк байрағы жабылған табыт Ұлттық Ғылым академиясының кең залына қойылды. Табыттың жан-жағын ұйымдар мен мекемелерден келген азагүлдер көмкерген. Оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз атынан қойылған венок та бар. Үкіметтен, Парламенттен, Алматы қаласы әкімшілігінен, Ғылым академиясынан, жоғары оқу орындарынан, мекемелер мен ұйымдардан қойылған азагүлдерде сан жоқ.

Әскерилер құрметті қарауылға тұрған. Жерлеуді ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, белгілі ғалымдар, жұртшылық өкілдері кұрметті қарауылға тұрып, аза тұтуда. Қостанайдан барған жерлестері де үнсіздікпен бас иіп, Өмекеңнің туған-туыстарына көңіл айтты. Алматы қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен басқа да билік басындағы азаматтар академик ағамен қоштасу рәсімдерінің үнемі басы-қасында болды. Өмірзақ Махмұтұлымен қоштасуға келген халық легі толастамады. Олардың бәрі халқымыздың аяулы ұлын соңғы сапарға шығарып салуға арналған азалы митингіге қатысты. Қаралы жиынды сол кездегі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова ашып, Өмекеңнің өмір жолына, оның ғылымға қосқан өлшеусіз үлесіне, азаматтык келбетіне тоқталды. Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Өмекеңнің өмірдегі де, ғылымдағы да айнымас досы Кенжеғали Сағадиев біздің даңқты жерлесіміздің кісілік те, кішілік те қасиеттерін, оның азаматтық, парасаттық, отансүйгіштік қасиеттерін кеңінен қозғады, тебірене, толқи сөйледі. Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, академик, Халық каһарманы Мұхтар Әлиев, Қазақстаннан шыққан тұңғыш ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің сөздері жиналған жұртты толқытты.

Өмірзақ Махмұтұлының асына жиналған жандар да академиктің тамаша қасиеттерін, оның ғылымға қосқан үлесін ерекше атап көрсетті. Әсіресе, Бәйкен Әшімов ақсақалдың тебіренісі талайымызды толқытты. Академиктер Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев және басқа ғалымдар, Москвадан әдейі келген ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, "Асар" партиясының төрайымы Дариға Назарбаева және де басқа көптеген елімізге белгілі азаматтар Өмекеңнің жарқын бейнесінің әрдайым есте сақталатынын, оның ғылымдағы еңбегі мәңгі жасайтынын ерекше атап көрсетті.

Ғұлама ғалым, жаны нәзік біртуар азаматтың қазасына байланысты талай шетелдерден, бұрынғы Одақтас республикалар Ғылым академияларынан, жүздеген таныс та бейтаныс жандардан көңіл айтқан жеделхаттар санында да шек жоқ еді.

Елден келген мені Алматыда көрген сайын Өмекең Зұхаңды сұрайтын.

– Ол кісі қайталанбас тұлға. Біздің туған жерімізге екі бірдей университет сыйлаған азамат. Сен сол ағаңа жақын жүр, үлгі тұт, – деуші еді.

Біздің Қостанайдың тағы бір ғұлама ғалымы Манаш Қозыбаевтың да Зұқанға деген ықыласы ерекше еді.

Мен де шама-шарқынша Өмірзақ ағаның сол өсиетіне адал болдым. Зұхаң да мені іш тартты. Бір кітабына «Сәлім бауырыма! Өмірде ақ жол тілеймін» деп қолтаңба қалдырды. Көрген жерде арқамнан қақты, жылы сөз айтты, шығармашылық қабілетімді де жоғары бағалады. Университетте журналистика факультеті ашылғанда оқытушылыққа тартты. Сөйтіп мен бес жыл бойы болашақ әріптестерге дәріс оқыдым, солардың кейбіреулері бүгіндер өзіммен бірге қара шаңырақ – «Қостанай таңында» жемісті еңбек етіп жатыр.

Өмірзақ Махмұтұлы күрделі ота жасату үшін Германияға ұшар алдында сүйікті жары Райхан апайға:

– Мен арманы жоқ адаммын, – депті. Кешегі шалғайдағы ауылдың қара баласы едім, әлем таныған ғалым болдым. Ұл өсірдім, қыз өсірдім, үй де салдым, гүл де, ағаш та өсірдім. Ең бастысы елімнің жас өскініне өз өміріммен үлгі көрсеттім...

Бұл академик ағаның елімен қоштасу сөзі екен..



ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІ

Мәлік Фазылов туралы сөз


Тарихқа жүгінсек, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жас Кеңес үкіметінің Сауд Аравиясындағы алғашқы өкілетті өкілі белгілі қоғам қайраткері, шығыстанушы Нәзір Төреқұлов болған екен. Моңғол Халық Республикасы жарияланғаннан кейін сондағы Коминтерннің өкілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов болады. Олар Кеңес Одағының осы елдермен экономикалық және мәдени байланыстарын нығайтуға ерекше үлес қосты. Ал енді осы қос арыстан кейін жарты ғасыр уақыт бойы бірде-бір Қазақ КСРО-ның шет елдердегі өкілі бола алмапты.

Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанға дейін қазақтардың ішінен біздің жерлесіміз Мәлік Сабырұлы Фазылов қана Кеңес Одағының төтенше және өкілетті елшісі болды.

Мәлік Фазылов 1927 жылы 15 тамызда қазіргі Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы Қарағайлы ауылында туған. Ол отбасындағы бесінші бала болатын. Ата салтымен Мәлікті әкесі Фазыл өз перзенті болмаған ағасы Сабырдың тәрбиесіне береді. Мәлік мектеп есігін бес жасында ашады. Өйткені ата-анасы жұмысқа кеткенде үйде жалғыз қалғысы келмей өзінен үлкен балаларға ілесіп, ауыл мектебінен бірақ шығады. Зейінді де алғыр бала бастауыш сыныптарды үздік бітіреді.

Үлкен ағасы Сәлімжан Петропавл қаласында қызметке ілінген кез. Мәлік сол аға қамқорлығы арқасында осында орта мектепті аяқтайды.

Бұл Ұлы Отан соғысының жүріп жатқан қасіретті күндер еді. “Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін”. Мәлік №347 әскери заводта токарь болып еңбек жолын бастайды. Қаршадай бала таңның атысы, күннің батысы станок қасынан кетпей, берілген тапсырманы мұқият тындырып жатады.

Осы тұста Сәлімжанды қызмет бабымен Шымкентке жібереді. Мәлік те ағасымен бірге оңтүстікке келіп, осындағы мұғалімдер институтына түсіп, оны үздік бітіреді.

Мәлік Москва халықаралық қатынастар институты ашылғанын газеттен оқып, сол оқу орнына түсуді армандайды. Бірбеткей, алдына мақсат қойып, оған жеткенше тыным таппайтын жас сол кездердегі Қазақстан Сыртқы істер министрі Төлеген Тәжібаевтың алдынан бірақ шығады.

– Аға, оқығым келеді, дипломат болсам деген арманым бар, – дейді.

Министр қаршадай балаға таңдана қарайды.

– Дипломат дайындайтын институт жоқ қой, – дейді ойлы қалыппен.

– Бар, аға, Москвада, мына газетте жазыпты, – деп қиып алып, қалтасына салып жүрген газет қиындысын көрсетеді.

Төкең күледі. Баланың пысықтығына риза болады. Оқуға жолдама да береді.

– Бірақ, айналайын, Москва үлкен қала, оқу орысша, шетел тілін де білу керек, ұятқа қалдырма. Талабың бар екен, мақсатыңа жет, – деп батасын береді.

Міне, Москва! Кешегі ауыл баласына миллиондаған халқы бар астанаға үйреніп кету оңай болмайды. Және халықаралық қатынастар институтында ылғи ығай мен сығайлардың балалары оқиды. Олардың жүріс-тұрысы, киім киісі, сөз саптасы да өзгеше. Шет тілдеріне де ағып тұр. Ал Мәлік болса бәрін де басынан бастады. Кітаптан бас алмады, ұстаздарының бір дәрісін құр жібермеді. Кітапханадан шықпады. Француз бөліміне емтихандарды да үздік тапсырды. Тіл білу үшін қосымша сабақтарға қатысты. Оған ұлы Пушкиннің секунданты бол­ған кісінің немересі репетитор болды. Ол қазақ жігітін француз тілінің емілесіне, айтылуына, жазылуына жанын сала баулыды. Нәтижесінде – Мәлік француз тілін ерекше жетік меңгеріп шықты.

Сөз арасында айта кетейік, кейін Көкшетау облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып жүргенде Франциядан келген мәртебелі қонақтарға өзі аудармашы болған екен. Сонда француздар дала қазағының тілді осынша жетік меңгергеніне таң-тамаша қалыпты.

Мәкең Москвада халықаралық катынастар институтында оқып жүргенде болашақ жеңгеміз Антонина Васильевнамен танысады. Ағамыздың жесірі:

– Біз Мәлікпен соғыстан кейінгі ауыр уақытта, 1946 жылы таныстық. Бес жыл бойы достасып жүрдік. Ол әрқашан ұқыпты, айтқанын бұлжытпай орындайтын, ерекше таза адам болатын. Киімі қарапайым болса да өзіне қонымды, жараса кететін. Оқуға алғыр еді, сөйтіп 1950 жылы МГИМО-ны ойдағыдай бітірді. Бұл осы оқу орнын бітірген екінші лек еді, – деп еске алатын еді.

Оқуды бітірген соң Мәлік Сабырұлы жолдамамен Алматыға келіп, мұнда Жоғары партия мектебінде оқытушы болады. Ал 1951 жылы Антонина Васильевна екеуі үйленеді. Екі ұл, бір қыз дүниеге келеді. Олардың бәрі де өмірден өз орындарын тауып, ата-ананың көз қуанышына айналады.

Партия мектебінен кейін Мәлік Сабырұлы Сыртқы істер министрінің көмекшісі болып қызмет істейді. Кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратына алынады, ал 1961 жылы Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы, кейін екінші хатшысы болып сайланады. Осында жүріп тарих ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғайды.

1968 жылы Мәкең Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ғылым және жоғары оқу орындары бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Ал 1973 жылы ол Қазақ КСР Сыртқы істер министрі қызметіне кіріседі. Айта кетейік, сол кезге дейін Сыртқы істер министрі жеке-дара қызмет болмайтын, оны қосымша кызмет ретінде атқаратын. Өйткені сыртқы саясат мәселелерінің үлкені де, кішісі де Москвада шешіліп жататын. Мәлік Сабырұлы тұңғыш басқа қызметтерден босатылған тек қана сыртқы істермен айналысатын алғашқы министр болды.

Мәкеңмен сол кездері бірге министрлікте жұмыс істеген, бүгіндер Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, өзі де сол МГИМО-ны бітірген Ғани Қасымов былай деп еске алады:

– Мен Мәлік Сабырұлы Фазыловпен Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде ол қашан Мали Республикасына елші болып тағайындалғанға дейін бірге істедім. Мен кезінде осындай көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерімен жолықтырған тағдырыма ризамын. Ол дүниетанымы кең, ақыл-ойы кемел ерекше тұлға болатын. Онымен бірнеше жылдар бойы аралас-құралас бола жүріп күрделі дипломатия ғылымына бойладық, одан көптеген өмірдің өзекті мәселелерін шешуді үйрендік.

1976 жылы Мәлік Фазылов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Мали Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалады. Африка еліне қазақ елшісі осылайша қадам басады.

– Бамакоға, Мали астанасына, жауын-шашын кезінде келдік, – деп еске алатын Антонина Васильевна, – жер бетін су басып кеткен. Жыландар қақпа үстіне шығып кеткен, құрғақ жердің бәрінде ірілі-уақты аң. Алғашқы кезде далаға шығудың өзі қорқынышты еді...

Дипломаттар тұрмыс жағдайы тым ауыр болды. Совет елшілігі онда бұрынғы жылқы корасына орналасқан. 2-3 отбасы бір үйде тұрды. Осындай сәтте Мәлік Сабырұлы елшілік үйін салу мәселесін көтеріп, оны орындап шығады. Ұлы державаның төтенше және өкілетті елшісі ретінде Мали Республикасымен іскерлік, мәдени байланыстарды нығайтуға ерекше үлес қосады. Қазақстан өнер шеберлері негізінде КСРО-ның мәдениет күндерін өткізеді.

Малиде Мәкең жеті жыл төрт ай қызмет істейді. 1983 жылы ол КСРО-ның Марокко Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалады.

Төтенше және өкілетті елшінің құқығы мен міндеті, ел алдындағы жауапкершілігін тереңірек сезіну үшін сол кездегі КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Төрағасы Андроповтың берген сенім грамотасын сол қалпында орыс тілінде келтіре кетейік:

“Его величеству

Хасану II

Королю Марокко

Ваше величества

Следуя политике укрепления сотрудничества между народами и желая способствовать развитию дружественных отношений между Союзом Советских Социалистических Респуб­лик и Королевством Марокко Президиум Верховного Совета Союза Советских Социалис­тических Республик постановил назначить при Вас гражданина Малика Сабировича Фазылова в качестве своего Чрезвычайного и Полномочного Посла.



Аккредитуя гражданина Малика Сабировича Фазылова настоящей грамотой, Президиум Верховного Совета Союза Советских Социалистических Республик просит Вас, Ваше ве­личество, принять его с благосклонностью и верить всему тому, что он будет иметь честь излагать Вам от имени Правительства Союза Советских Социалистических Республик.

Ю.Андропов.

Скрепил А.Громыко

Министр Иностранных Дел СССР.

Москва. Кремль.

  1. декабря 1983 года”.

Мароккоға ұшып келгенде жұмаққа тап болғандай әсерде қалдық, дейді Антонина Васильевна, ертегі ел, Жерорта теңізді жұмсақ климат, жан-жағың жайқалған ағаш пен гүл, апельсин плантациясы...

Әрине, тропикалық Малидан кейін жайқалған Мароккода жұмыс істеу оңай еді. Және мұндағы елшілік үйі де, кадрлар да сай.

Дегенмен Төтенше және өкілетті елшінің жұмысы қай жерде де оңай болмаған. Мәлік Сабырұлы ретін тауып алыстағы елге қазақстандық өнер шеберлерін, мемлекет қайраткерлерін шақырады, сөйтіп екі ел арасын жақындата түсуге, іскерлік, мәдени байланыстарды нығайтуға дәнекер болады. Дәл осы тұста алыстағы Мароккоға Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы Заманбек Нұрқаділов келеді. Делегация құрамында Әлібек Дінішев, Мақпал Жүнісова сияқты өнерпаз жастар да болады. Делегация мүшелері Марокконың ежелгі астанасы Мекнес қаласында болады, Мәлік Сабырұлының бастамасымен Алматы және Мекнес бауырмал қалалар атанып, шартқа қол кояды. Кейіннен Марокко делегациясы Алматыға келіп, ынтымақ жалғаса түседі.

Мәкең Малиде және Мароккода он төрт жылдан астам уақыт елші болғанда ұлы державаның саясатын жүргізумен қатар туған Қазақстанын да үнемі бір бүйірінде ұстайды. Еліміздің делегациясы қатарында әдебиет пен өнердің талай өкілдері осы елдерде болып, шет жұртты қазақтың әдебиеті, киносы, эстрадасы, бейнелеу өнерімен таныстырады. Ұлтжанды азамат шет елде жүрсе де өзінің ана тілін қастерлейді. Сәлім Құрманғожин КСРО Сыртқы істер министрі Бас хатшысының кеңесшісі қызметіне тағайындалғанда алыстағы Малиден Мәкең оны құттықтап, қазақша хат жазады. Кейіннен Қазақстанның Венгриядағы елшісі, Сыртқы істер министрінің орынбасары болған ол өз естелігінде былай деп жазады:

Мәлік Сабырұлы құттықтауларды өз қолымен, қазақша жазатын еді...



Төтенше және өкілетті елші Мәлік Фазыловтың еңбегін Мали Республикасы үкіметі Мали ұлттық ордені офицері атағымен, Марокко Корольдігі “Алауит династиясы “Большая лента” жоғары дәрежелі орденімен наградтап, аса жоғары бағалады. Ол Кеңес Одағының екі бірдей Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, “Құрмет Белгісі” ордендерімен марапатталды.

1990 жылы отставкаға шыққан елші Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің кеңесші болып істеп, өзінің дипломаттық бай тәжірибесін ізбасар іні-қарындастарына дарытты.

Мәкең бүгін біздің ортамызда жоқ. Бірақ ол артына өшпес із қалдырды. Казақтан шыққан алғашқы Төтенше және өкілетті елшілердің бірі болып тарихта қалды.

АҚИЫҒЫ АҚСУДЫҢ

Жазушы, журналист, майдангер Аманғали Сегізбаев туралы

кейбір деректер
Аманғали Сегізбаев есімін студент күнімізде ұстазымыз, үлкен ғалым Темірбек Қожекеев ағамыздың аузынан естіген едік. Бірақ Темекең оның қайда туып, өскеніне, жалпы өмірбаянына тоқталып жатпай, Сегізбаевтың фельетондары жөнінде дәрісін бастап кетіп еді. Болашақ журналистерге үлгі ете сөйлеген болатын.

Кейін профессор Қожекеев Аманғали Сегізбаевтың әңгімелерін топтастырып, "Жазушы" баспасынан "Дала жұлдыздары" деген атпен кітап шығарды. Оған көсілтіп тұрып алғысөз жазды.

Сөйтсек, Аманғали Сегізбаев – қазақтың белгілі журналисі және жазушысы, өзіміздің жерлесіміз, Қостанай тумасы екен.
Аманғали Сегізбаев 1897 жылы Қостанай облысы, Орджоникидзе ауданы, Ақсу ауылында туып өсті. Ол кедей шаруаның баласы болғандықтан жастық шағы байлардың есігінде жалшылықта жүрумен өткен. Туысынан өжет те батыл Аманғали татар молдасынан сауатын ашады. Бұдан кейін ол Троицк қаласына барып, "Уәзипа" медресесіне оқуға түседі. Үш-төрт жыл оқып, оны бітіріп шығады. 1915 жылдан 1917 жылға дейін ауылдық жерлерде мұғалім болып, бала оқытады.

1918 жылы Аманғали Қостанай қаласына келіп, жаңадан ашылған мұғалімдер курсына түседі. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, әдебиет пен өнерге құштарлығы осы кезеңде айқын көрінеді. Жалынды жас оқушы жастардың басын қосып, ойын-сауық үйірмесін ұйымдастырады. Өзі үйірмеге лайықтап, тұңғыш рет "Қаламқас" атты шағын пьеса жазады. Соны сахнаға шығарады. Оның басты кейіпкерінің ролінде Аманғалидың өзі, Қаламқасты – Ерғали Алдоңғаровтың қарындасы Рахима ойнаған екен. Жас өнерпаздардың қойған бұл пьесасын Қостанай қаласының жұртшылығы қызыға қарсы алады.

1919 жылы курсты бітіріп шыққан Аманғали Тобыл өзенінің бойындағы бір қазақ ауылында мұғалім болып, бала оқытады. Онда өз төңірегіне ауыл жастарын топтастырып, оларды білім алуға үгіттейді. Осы кезеңнен-ақ талаптылығымен көзге түскен жас ұстазды Қостанайдың уездік оқу бөлімі инспекторлық қызметке алдырады. Бұл оның қоғамдық өмірге бұрынғыдан да кең араласуына жол ашады. Қайнаған қала тұрмысы оның ой-өрісін кеңейтіп, ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіре түседі. Жастар арасындағы беделі өседі.

Аманғали 1921 жылы уездік оқу бөлімінің жанынан 21 адамнан тұратын көркемөнерпаздар тобын ұйымдастырып, ауыл арасына шығады, ойын-сауық көрсетеді. Бұл өнерпаздар тобының белсенді мүшелері кейіннен сахна саңлақтары болған халық артистері Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов екен. Осы кезде Аманғали республикада жаңадан шыға бастаған қазақ газеттеріне ұдайы мақала жазып, көзге түседі.

А.Сегізбаевтың жазу қабілетін байқаған баспасөз орындары 1923 жылы Орынборға шақыртып, оны "Жас қазақ" журналының жауапты хатшысы етіп тағайындайды. Осыдан бастап ол қазақ баспасөзінің көрнекті қызметкерлерінің бірі болып алады. 1924 жылдан бастап "Еңбекші қазақ" газетінің жауапты хатшысы болады. Сонда жүріп "Қызыл Қазақстан", "Жас қазақ", "Әйел теңдігі" журналдарына белсене қатысады. 1927 жылы Коммунистік партияның қатарына өтеді. Кейінірек журналистердің коммунистік институтын бітіреді.

1930-1932 жылдары А.Сегізбаев Алматы облысындағы "Еңбекші қазақ" аудандық газетінің редакторы, ал 1933 жылдың аяғында Семейге жіберіліп, онда "Екпінді" газетінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарады.

Содан 1935 жылдың аяғында Алматыға қайта шақырылып, "Социалистік Қазақстан" газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшілігіне жіберіледі. Осы жерден ол 1942 жылы армия қатарына алынады. 1943 жылдың аяғынан бастап майданға жөнелтілгенге дейін әскери бөлімде партия ұйымдастырушысы болып және гарнизон газетінде істейді. 1944 жылы майданға аттанып, 27 ноябрьде Кенинсберг түбіндегі ұрыста қаза табады.

Оның қазасы туралы жазушы, ғалым Бүркіт Ысқақов "Қазақстан" баспасынан 1972 жылы шыққан "От ортасынан оралмағандар" атты кітабында жазады.

...Ұрыстан кейін шаршап қалжыраған солдаттар дем алмастан қала ішінде жарылған бомба мен снарядтардан шыққан өртті сөндірумен болды. Осы кезде өртеніп жатқан бір үлкен үйден шырылдаған жас баланың дауысы шықты. Үлкен жүрек иесі, балажан Аманғали Сегізбаев өз басына төніп тұрған қауіп-қатерге қарамастан өртеніп жатқан үйдің ішіне кіріп кетті де, көк түтінге булығып, тұншығып жатқан екі жасар неміс қызын от-жалынның арасынан алып шықты. Бала деген кім? Ол нәресте, ол сәби. Ол достың да, дұшпанның да кім екенін білмейді. Әлгі неміс қызы да сондай нәрестелердің бірі еді. Ол бейтаныс жауынгердің, Аманғалидың қойнына тығылып, мойнынан мықтап құшақтап алды. Аманғали оны қолына алып, екінші бір жауынгерге берді де:

– Бір қауіпсіз жерге апарып, аман сақтаңдар! – деп тапсырды. Ауыр ұрыстардан әрі өрт сөндіруден шаршап-шалдыққан жауынгерлер, жайғасып дем ала бастады. Осы кезде Аманғали өзінің жауынгер жолдасынан:

– Жаңағы баланың жайы қалай? – деп сұрады. Бірақ ол жауап беріп үлгірмеді. Қалтарыста тығылып тұрып оқ атқан қорқақ та зұлым жаудың сұрқия оғы Аманғали Сегізбаевтың үлкен жүрегінін соғуын тоқтатты, оның тамаша өмірін үзіп кетті.

Бұл қайғылы оқиға 1944 жылы қарашада болған еді.

А.Сегізбаевтың шығармашылық қызметі өлең жазудан басталады. Солардың ішінде ерекше орын алатыны "Аршалы бойында" деп аталатын дастаны. Шығарманың жазылу мерзімі 20 жылдардың іші болса керек. Аршалы – ақынның туған жері. Сондықтан ол кіндік кесіп, кір жуған аймағының табиғат сұлулығын суреттейді. Аманғалидың бұл поэмасы мен "Жаңбыр соңында", "Таң атқанда"деген өлеңдері кезінде "Қызыл Қазақстан" журналында басылды.

Аманғали Сегізбаев 20 жылдары ел тұрмысынан алып, көптеген әңгімелер жазады. Онда қазақ елінің хал-жайы, ескіліктің шырмауынан біржолата сытылып, әлі де болса жаңалыққа бас қоя қоймаған бұйығы қазақ әйелдерінің аянышты халін шебер суреттейді.

Аманғали Сегізбаев әдеби мұрасының елеулі бір саласы оның фельетондары. 1925-1930 жылдары ол ел арасындағы әдет-ғұрып, салт санадағы өрескелдіктерге: көп әйел алу, қалың мал беру, бел құда, бесік құда, құн, барымта, жер дауы, жесір дауы, саудагерлік басбұзарлық сорақылықтарға, тағылық әдет-ғұрыптарға қарсы көп жазады. Сондай-ақ оның жұртшылық көкейіндегіні дәл басып, проблемалық мәселелер көтеріп жазған мақалалары кезінде үлкен роль атқарады. Сол себепті оның әрбір жазған мақала, публицистикасы, фельетондары мөн әңгімелері онын есімін көпшілікке тез танытты. Ол жұртшылықтың сүйікті жазушысына айналды.

Аманғали Сегізбаевтың ұлы, философия ғылымының докторы, профессор О.Сегізбаевтың үйінде әкесінің талай суреттері сақталған. Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлинмен бірге түскен суреттері де бар. Әлекең, әсіресе, Би-ағаңмен ерекше жақсы қарым-қатынаста болғанға ұқсайды.

– Ол біздің отбасында жиі болатын. 1936 жылы менің жеті жас кезімде Бейімбет ағаның маған коньки сыйлағаны әлі есте. Ол кез үшін бұл ерекше сыйлық еді. Қатарлас балалар алдында мерейім өсіп, жаңа конькимен мұз үстінде айдатқаным бар, – деп еске алады профессор.

Би-ағаңды "халық жауы" деп айыптап, тұтқынға алған сәттен бастап Аманғалидан да маза кеткені анық.

Бірақ сәтін салғанда Әлекең саяси қуғын-сүргін құрығынан аман қалады.

Аманғали Сегізбаев пен қазақтың көрнекті ғалымы, биолог, академик Темір Дарқанбаев туыс адамдар екен. Бір-бірін сыйлап, құрметтеп жүрген жандар, ағайын-туғанға да шапағат шашыпты. Аманғали ұрыс даласында мерт болған соң оның ұлын Алматыға алдырып, оқуға түсуіне қамқор болған да сол Темекең екен. Оны профессор Сегізбаев жыр қылып айтады. Әкесі екеуінің 1941 жылдың жазында Москва-Алматы поезымен келе жатқан Дарқанбаевты Жамбыл қаласында күтіп алып, әңгіме-дүкен құрғандарын ұмытпапты. Темекең МГУ-дің аспирантурасын бітіріп, қасына келіншегі Елена Михайловна Попованы алып, Алматыға келе жатқан беті екен. Диссертациясын ойдағыдай қорғаған, ғылым кандидаты. Сол кездегі он екі жасар бала Сегізбаевқа өскенде ғалым болсам деген арман дәл бір сол сәтте түскен шығар, бәлкім.

1944 жылдың қысында оқуға келген балаға әкесінің қазасын естірткен де осы Темір ағасы екен.

Біздің жерлесіміз, журналист, жазушы майдангер Аманғали Сегізбаев халқына қалтқысыз қызмет етті, қаламды қаруға айырбастап, өзінің елін, жерін қорғау жолындағы күресте қаза тапты. Бірақ оның есімі мен еңбегі өшпек емес. Оның артында қалдырған мол әдеби мұрасы бар, әке рухын ардақтайтын ұрпағы, оның талантын құрметтейтін қаламгер іні-қарындастары бар. Өзі жемісті еңбек еткен кешегі "Социалистік Қазақстан", бүгінгі "Егемен Қазақстан" газеті редакциясының үйіндегі тақтаға оның есімі алтын әріптермен жазылған. Әттең, туған жерінде оның есімі ұмытыла бастағаны өкінішті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет