3 Қарқаралы петициясында қандай талаптар қойылды? Отаршыл өкімет билігінің атына жолданған ірі көлемді әрі мазмұнды петициялардың бірі Қарқаралы петициясы болды. 1905 жылдың маусымында Қарқаралы қаласына жақын жердегі Қоянды (Ботов) жәрмеңкесінде қазақ халқының атынан император II Николайға арналған петиция ұйымдастырылды. Оған Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінен халық арасында кеңінен танымал беделді 42 қазақ қол қойды. Кейінірек оған Семей және Ақмола облыстарының басқа да уездеріндегі қазақтар қосылды. Петиция Қарқаралы қаласынан жіберілген еді. Ол жерден 1905 жылғы 22 шілде күні жергілікті пошта-телеграф арқылы патшаның өз атына жолданды. Петицияны жазуға белгілі саяси қайраткерлер Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақбаев, Т. Нүрекенов, т.б. белсене ат салысты.Қарқаралы петициясында өлкені әкімшілік басқару жүйесін қайта қарау, азаматтық және сот ісін қазақ тілінде жүргізуді заңды түрде бекіту, отаршыл аппарат шенеуніктерін қысқарту, жоғары билік органдары мен Мемлекеттік Думаға қазақ депутаттарын сайлауға қатыстыру талаптары қойылды. Онда мынадай жолдар бар еді: «Мал бағумен айналысқаны үшін қырғыздар сайлау құқығынан неге айырылуы тиіс? Сауда-саттықпен, егіншілікпен, балық аулаумен және басқа да кәсіптің түрлерімен айналысушылар сайлау құқығынан айырылып отырған жоқ қой!»Қарқаралы петициясында жергілікті халықтың құқығы мен арабыройын аяқ асты етуге жол бермеу, патша әкімдерінің жүгенсіздігіне тыйым салу, халықтың ана тілінде білім алуын ұйымдастыру, қоныстандыру саясатын тоқтату, тартып алынған жерлерді қазақтарға қайтару сияқты талаптар да қойылды.Мемлекеттік шенеуніктер жоғары билік орындарына талап-тілектер айтып, петиция жолдаушыларды барынша жек көрді. Мұны Семей облысы әскери губернаторынын Дала генерал-губернаторының атына 1905 жылғы 19 маусымда жазған хатынан көруге болады: «Кырғыздардың петиция жолдап, талап қоюларына жол беруге болмайды».
Қарқаралы петициясынын мәтіні Ресей патшасының атына ғана жолданып қойған жоқ. Петицияның көшірмелері «Сын Отечества» және «Русские ведомости» сияқты орталық газеттерде жариялануы үшін олардың редакцияларына да жіберілді.1905 жылғы 22 шілде күні петицияның бір нұсқасын Темірғалы Нұрекенов орыс тіліне аударып, Ішкі істер министрінің атына жіберді. Петицияның бұл нұсқасы барынша толық еді. Ол 47 тармақтан тұратын. Петицияның мазмұны қазақ қоғамының XX ғасырдың бас кезіндегі өмірлік маңызы бар күрделі проблемаларын толық қамтыды.