Семинар Оңтүстік Қазақстанның сакралды тұлғалары мен киелі орындарының тарихын талдау



Дата20.04.2022
өлшемі15,99 Kb.
#140102
түріСеминар
Байланысты:
11 семинар


  1. Семинар

Оңтүстік Қазақстанның сакралды тұлғалары мен киелі орындарының тарихын талдау
Оңтүстік Қазақстан облысында киелі жерлер көп. Қасиетті Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенесі осы аймақта орналасқан. Мәселен, Арыстан баб кесенесі жанында емдік қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар десе, түркі халықтары Түркістан қаласын екінші Мекке ретінде санайды. Ал, Сайрам ауылындағы ХІХ ғасыр сәулетінің тарихи ескерткіші Қарашаш ана кесенесі Қожа Ахмет Ясауидің анасына арнап салынған. Сондай-ақ, осы ауданда Ибраһим ата кесенесі бар. XI ғасырда Сайрам ислам дінін тарату ошағы болды. Мұнда көптеген діни ұстаздар мен ғалымдар тұрды. Ал Түркістан қаласындағы 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен салынған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі XIX ғасырдың соңына қарай тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеле бастағаны мәлім. Өңірдің әр ауданында аңыз болып тараған әулие-әмбиелер жатқан жерлер мен ескерткіш, кесенелер де жетерлік. Өңірде сонымен қатар табиғаты тамаша көрікті жерлер мен аңыз ретінде танылған киелі орындар да бар.
«Ақ мешіт әулие» үңгірі - Бәйдібек ауданы, Көктерек ауылының жанындағы Қаратау сілемінің бөктерінде, 250 м биіктікте орналасқан. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыз бойынша бұл жерде бағзы дәуірде жерасты мешіті болған деседі. Ортадағы алаңнан бірнеше қамалдарға жолдар жалғапты. Кейін сол жолдар бітеліп, мешітке адам кіре алмай қалған. ХХ ғасырда күмбездің бір бөлігі опырылып, содан үңгірге кіретін саңылау пайда болыпты. Қасиетті жерге жол тапқан адамдар бұл орынды әулиелі жерге айналдырады. Келесі бір аңызда осы үңгірде жоңғар шапқыншылығынан бас сауғалау үшін балалар мен қазақ әйелдері мекен етіпті. Бүгінде киелі саналатын орынды көргісі келетіндердің қатары артқан. Себебі, үңгірдің өзіндік тылсым сыры көп. Үңгірдің іші қоңыр салқын, салқын леп ұрып тұрады. Оның кереметі сол, ішінде түрлі ағаштар мен өсімдіктер, құстар бар. Үңгірдің ортасында биіктігі 10-15 м, көптеген жылдан бері жиылған қазақта «киелі құс» деп аталатын үкі саңғырығының үйіндісі жатыр.

  1. жастағы шырақшы Асқар ақсақалдың айтуынша, бұл құстың саңырығы жүздеген жылда жиналған. Кейінгі жылдары үкі үңгір ішінде неше түрлі жұмыстар жүргізіле бастағандықтан ұшып кетіпті. Әулие үңгірдің шырақшысы жасы 70-тен асқандығына қарамастан келген адамдарды ертіп, кем дегенде 5-10 рет мешітке түсіп шығады. Шаршауды білмейді. Киелі орынның кереметі де осында. Киелі «Ақ мешіт әулие» үңгірі күмбезінің әр жерінен су тамшылап тұрады. Күмбез шаңырақтың қасиетінің арқасында судың тамшылары қысы - жазы тамшылағанымен ауада ешқандай келеңсіз патогенді ауру бактериялары болмайды. Сондықтан мұнда көгеру, шіру деген процесс жүрмейді екен. Қазіргі таңда киелі мекенге Алматыдан, Тараздан, Қызылордадан, Шымкенттен өзге ұлттың адамдары да ағылып келуде.

Оңтүстікке келген туристер жиі келетін киелі мекеннің бірі - Үкаша ата кесенесі. Халық арасында айтылатын аңызда «Үкаша ата сахаба Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың замандасы, сенімді серігі әрі күзетшісі, Ислам дінін таратушы болған. Жергілікті тұрғындар «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жауырынының астындағы мөрді сүйгеннен кейін Үкаша сахабаның денесіне атса оқ, шапса қылыш өтпеген». Осы әңгіме ел арасында кеңінен тараған.
Бәлкім бұл ғажайып ертегідей естілер. Десе де мұны білікті қазақ ғалымдары өз еңбектерінде айтып өткен. Шәді төре Жәңгірұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Шайқысламұлы біраз деректер қалдырған. Бұл кісілердің шығармаларында Үкаша атаның есімі Ғакаша деп беріледі. Бізге аңыз болып жеткен Үкаша сахаба жайында Ш. Уәлихановтың кітабында да (онда Оксе деген есіммен көрсетілген) айтылған. Бұдан ұққанымыз, Үкаша атаның ешқандай да аңыз ертегі емес тарихи тұлға, өмірде болғандығын анық көрсетеді.
Тағы бір деректі қоса кетейік. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайы ғылыми зерттеу бөлімінің мәліметінше, Үкаша сахаба біздің даламызға Ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға. Ол Түркі тайпаларының бірінен шыққан. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады дейді. Тағы бір аңызда Үкаша атаны жау жеңе алмаған. Ол тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер Үкаша ата таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып Үкаша ата басы оған түсіп жерасты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған. Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаша атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның жасаған күнәларының кесірі, дейді.
Сауран - ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. Түркістанның солтүстік батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы қалалардың бірі. Орта ғасырда Сауран қазақ елінің әлеуметтік-саяси, шаруашылық-этникалық және мәдени дамуының орталығы болған.
Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашық туралы алғашқы деректер 10-ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. 13-ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. 14-ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болып, ислам дінінің Қазақстанға тарауына ықпал еткен. 16-ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалдармен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құрылыстарының ішінен замандастары «шайқалмалы минаретті» және қала мен оның айналасын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді - жердің астынан салынған каналды ерекше атаған.
Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 - 800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың 7 - 18 ғасырларға жататынын дәлелдейді. Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған, терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.




Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет