Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі
Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Факультеті «Филология және әлем тілдері»
Кафедрасы «Қазақ тілі және әдебиеті»
Семинар сабақ
Тақырыбы: «Тарихи эпос және шындық»
Орындаған: Келдос Л.Е.
Тексерген: Абишев Ж.Д.
Алматы, 2020ж
Қазақ фольклорындағы өлеңмен берілген эпикалық мұрамыздың ең көркемі, ең көлемдісі эпостар екені мәлім. Фольклордың басқа тектері мен түрлеріне қарағанда ең көп тексеріліп, қызыға және құлшына зерттелген саласы да эпостар екені анық. Осы уақытқа дейін эпостың жиналуы, жариялануы, зерттелуі туралы өзіндік шежіре қалыптасып үлгерді. Соның ішіндегі мәндісі эпостың дүниеге келуіне түрткі болған оқиғалар, көлемді жырдың шығу тегі мен дамуы және тарихилығы туралы біршама зерттеулер жүргізілді. Осындай зерттеулердің нәтижесінде эпостың тегі мен түрлеріне үңіліп, жанрлық жіктеулер жасауға талпыныс қалыпты жолға түсті. Қазақ эпосын бұл тұрғыда түсіндірушілер көбіне академик Ә.Х.Марғұлан мен профессор Ә.Қоңыратбаевтың жіктеулеріне сүйенеді. Ең алдымен сол жіктеуге орын беріп, қазақ эпосының төмендегі бөлінісіне назар аударайық:
1.Ертегілік эпос («Ер Төстік», «Құла Мерген», «Таласбай мерген», «Дотан», «Мұңлық - Зарлық»
2.Түркі қағанаты дәуірінде туған жылнамалық эпос («Орхон жазулары», «Күл-Тегін» жайындағы жырлар)
3.Оғыз эпосы («Кітаби дадам Қорқыт» жырлары, «Оғызнама»)
4.Тайпалық эпос («Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар», «Шора батыр»)
5.Лиро эпос («Қозы-Көрпеш», «Қыз Жібек»)
6.Ноғайлы эпосы («Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ер Тарғын», «Қырымның қырық батыры» жырлары)
7.Тарихи эпос («Бекет», «Досан батыр», 1916 жыл поэзиясы)
8.Шығыс дастандары («Рүстем Дастан», түрлі қиссалар)
9.Авторлық эпос («Еспембет», «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Нарқыз»)
10.Совет эпосы (Аманкелді, Мәлік, Төлеген туралы жырлар) .
Дәл осы жіктеуді басында қазақ эпосының жанрлық бөлінісі деп ұғып, текпен түрге қатысты бағалағандар болған. Қазақ эпосын тегі жағынан жинақтап, жанрлық тұрғыдан түсіндірген ғалымдар негізінен төмендегідей түрлерге жіктеді:
1.Көне эпос
2.Батырлық эпос
3.Лиро – эпос
4.Тарихи жырлар
5.Діни дастандар
Бұл әлемдік тұрғыдағы эпосты жіктеу тәжірибелеріне сәйкес, ғылыми тұрғыдан дұрыс тұжырым екендігі аян. Жоғарыдағы алғашқы жіктеудің қазақ эпосын тақырыптық және дәуірлік жағынан ерекшелеу десекте, оның дәуірлік жағынан сәйкеспейтін тұстары бар. Мұнда қазақ хандығының
қалыптасуы, ондағы эпос тудырған оқиғалар ескерілмеген. Екіншіден, қазақ тарихи жырларының тақырыптық және жанрлық жіктелісі хронологиялық тұрғыдан дұрыс берілмеген. Үшінші, діни дастандар туралы ештеңе айтылмаған.
Эпостағы тарихи шындықтың бейнеленуін тауып, дәлелдеп шығу теориялық тұрғыдан аса күрделі екендігін мойындау керек. Бұл пікірдің дәлелсіз еместігін орыс халықтары былиналарының тарихилығын сөз етіп, тұтыстай түсіндірмек болған ғалымдар: А.М.Астахова, А.П.Скафтымов,
М.М.Плисецкий және т.б. еңбектерінде де айтылған (9,10,11). Қазақ фольклортану ғылымы тым кеш қалыптасты десекте, эпостану саласында айтарлықтай жетістіктер бар. Ғылымда эпостанудың көптеген шарттары мен өлшемдері қалыптасқан. Оның кейбіреуін айта кетейік. Эпикалық аңыздардың туған жылын немесе ғасырын дәл «түстеп» көрсету қиын болса да, уақыттық жағынан қандай дәуірлерге тән екенін анықтауға көмектесетін методологиялық таяныштар бар. Қай халықтың арасында туғанына қарамастан олардың көбіне тән ортақ белгілерді жинақтап, жүйеге түсіруге
болады .
Эпостанушылардың бәрі де эпостың бастауы ертегілерге қатысты екенін айтады. Ерлік пен елдікті, батырлық пен бірлікті дәріптеудің тарихы тым ұзақ, қазақ фольклорында соның ізі эпоста айтарлықтай орын алған. Бұл тұрғыда, алдымен айтатынымыз «Еділ, Жайық», «Дотан батыр», «Құламерген», «Құбығұл», «Рауан батыр», «Жоя мерген», «Әділ Зайыт» және тағы басқалар. Осы аталған көне эпос үлгілерінің сюжеті ертегілерде де бар, оның дәлелін жекелеген мотивтерден тануға болады. «Алайда ертегі мен эпостық жанрлардың сюжетін іс жүзінде мотив пен кейіпкерлердің қызметіне (функциясына) жіктеп қарастыру фольклорлық зерттеуде бірәздан бері орын алған.
Мұның себебі сюжетті құрайтын сан қырлы оқиғаларды жіктеп таратып, олардың ішінде бір-біріне сәйкес келетін белгілерін бірыңғай жинақтауға қолайлы болуында» . Бұл мәселенің біздің назарға
алып отырған эпостың тарихилығына, эпикалық сюжеттің шығу тегіне қатысы бар. Алдымен ертегі мен эпостың екеуінде де бірдей қайталанып, қаһармандар бейнесін жасауға қатысты ортақ мотивтерге тоқталайық:
1.Перзентсіз ата-ананың арманы;
2.Қаһарманнің ғажайып туысы;
3.Киелі күштердің «көмегі», ата-бабалар аруағы мен әулие-әнбиелердің қолдауы;
4.Баланың батыр болып, ерекше ер жетуі;
5.Батырдың қалындығын іздеуі, сол жодағы ерлігі;
6.Батырдың өзіне лайықты жар тауып, еліне оралуы;
7.Батырдың өз елін жаудан қорғаудағы күресі
Ертегілік эпостағы сюжеттің бұлай қалыптасып, классикалық эпостарға ауысуын генетикалық сюжеттер дейміз. Бұндағы таза ертегі мен эпостың шындыққа қарым-қатынасы, тарихи танымдық қырларын былайша ажыратуға болады. Тағы да ең негізгі белгі басты қаһарман болып шығады.
Айталық, ертегі кейіпкерінің мұраты үйлену, отбасы мүддесімен ғана шектелсе, эпостағы қаһармандар тайпалық, елдік, ынтымақ пен бірлік, өз сертіне беріктік жолындағы халықтық істерге араласады.
Ертегідегі кейіпкердің ортасы, шыққан тегі «баяғыда бір кемпір мен шал» болса, эпоста
кейіпкердің ортасы, ата-бабасы, ел билеуші хандар мен ел-жұрттың жайлаған жері нақтылана түседі. Бұл көне эпостың өмір шындығын көрсетудегі ертегіден айырмашылығы, тарихқа қарым-қатынасының белгісі деуге тұрарлық көрсеткіші.
Жалпы фольклорға тән басты ерекшеліктің бірі – көп нұсқалық. Бұны көбіне варианттылық деп те жатамыз. Эпостың неғұрлым варианттары көп болса, онда оның версиялары пайда бола бастайды. Эпостағы шындықты немесе тарихты іздеу осыдан басталып, салыстырмалы зерттеулердің сандаған тәжірибелері зерттеу нысанына енеді. Фольклортану ғылымында эпостың көп варианттылығын айтушыға, жыршыға байланыстырылады. «Қазақ даласы ежелден позияның сарқылмайтын дариясы, шалқар теңізі болғаны әмбеге мәлім. Ән мен айтыс бір егіз болса, күй мен жыр екінші егіз болды.
Әнші, айтыс ақындары салт жырларының мектебін жасаған десек, айтушы жыраулар эпос мектебін жасады» .
Қазақтың батырлар жырларының ең көп нұсқалы болып келетіні «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» жырлары екендігі аян. Ғылыми зерттеулер арқылы «Алпамыс батыр» жырының қазақ халқының жыршылары жеткізген 16 варианты бар болса , жырдың түркі халықтарына кеңінен жайылғаны өзбек, қарақалпақ, башқұрт, ноғай,татарлар арасындағы нұсқаларын атауға болады. Бір ғажабы жырдың барлық нұсқаларында да бір перзентке зар болған ата-ана арманы, жаратқанның құдіретімен ғажайып бала тууы, тез өсіп, ер жетуі және өзіне лайықты жар табуы толық сақталған.
Ертегі сюжетінің немесе мотивінің эпостағы сақталу дәстүрі осылай өрбіп, генетикалық сюжет өзіне тән заңдылығын қалыптастырады екен. Ал жырдың деректілігі мен тарихи негізі қаһарманның ел қорғауы, жерін қорғаудағы іс-әрекеттерінен көрінеді. Бұл мәселені айқындау үшін ең алдымен
Алпамыс жырының версияларына тоқталайық:
1.Жырдың ең толық нұсқасы саналатын «Алпамыстың Гүлбаршынға үйленуі, Алпамыстың
қалмақ ханы Тайшықтың соқтығысуы, Ұлтанның үстемдіг» туралы оқиғаларға қатысты
М.Сандыбаев, С.Аққожаев, Ә.Байтұрсынов, К.Серғазиев нұсқалары өз алдына бір версия құрайды.
2.Алпамыстың Гүлбаршынға үйленуі, Байбөрінің малын барымталап кеткен Тайшықтан кек алу үшін Алпамыстың жорыққа аттануы. Қаракөзайым, Кейқуат бейнелерінің жырдағы қаһарманға көмекке келуі. Бұл жырдың Жиемұрат, Рахат жырау нұсқаларында ұшырасады.
3. «Алты жасар Алпамыс» атты ертегі түріндегі нұсқасы. Бұл нұсқаны Е.Аханбековтен жазылған.Орыс тіліне аударып бастырған Ә.Диваев екен .
Зерттеуші ғалымдардың дені жырды тайпалық дәуірдің туындысы десе, кейбір ғалымдар Қорқыт жырларындағы «Бәмсі-Байрақ» жырымен сабақтастырады. Жырдың тарихына қатысты пікір айтқан В.М.Жирмунскийдің айтуынша бұл жырды XII-XIV ғасырларға жатқызып, жырдың жасалуын моңғол шапқыншылығына қатысты дегенге тоқталды .
Жырдың тарихына қатысты қазақ, өзбек, орыс, қарақалпақ, башқұрт халықтары ғалымдары арасында талас пікірлер өрбіді. Осының ішінде жырдың тарихы негізін дұрыс саралап, дәлелді түсіндірген Ә.Марғұлан еді. Ғалым жырдың көне заманда жасалғандығын нақтылайды . Кезінде рухани құндылықтарымызды қатаң таптық тұрғыдан бағалап, қайта саралауда бұл пікірді негізге алып, «Алпамыс батыр» жырын оқу бағдарламасынан алып тастауға дейін барды. Сондағы басты ұстаным қаһарманның бай табынан
шыққандығы болып, жырдағы «Ұлтан құлды» жақтаушылар пайда болды. Нақтылай айтқанда жырдың рулық кезеңде шығып, қалыптасып, даму үстінле болғанын түсіндіру қиынға айналды. «Алпамыс батыр» жырындағы басты қаһарманның шыққан ортасы, мекендеген кеңістігі мәлім. Басты таяныш Алпамыстың қоңырат руынан шығып, соның қолдаушысы және қорғаушысы болғандығын жырдың барлық сюжеттері дәлелдейді. Олай болса, жырдағы қоңырат руы туралы мағлұматтар бар ма, бар болса қай кезеңдерден белгілі екендігіне назар аударайық. «Қоңырат-ру аты, тарихи мәліметте моңғол шабылуымен (XII ғасырдың аяғы, XIII ғасырдың басы) байланысты пайда болған.Осы кезеңнен бастап Алтын Орданың тарихында маңызды роль атқарады. Қазіргі уақытта қоңырат руы Орта Азиядағы түрік халықтарының: өзбектің, қарақалпақтың, қазақтың,
түркіменнің құрамында бар» . Бұл берідегі тарихи оқиғалар кезіндегідеректер десек, қоңырат руының түркі халықтарының бір тайпасы болып жүрген кезеңін VI-VIII ғасырлар деуге болады. Оның үстіне жырдағы аталатын Жиделі Байсын жері, Байсын көлі осы күнгі Өзбекстанның оңтүстік
бөлігі, Ауғаныстанмен шекаралас жатқан аймақ екендігі белгілі. Байсын атты жер мен Байсын атты тау табиғаты тамаша, аса бір шұрайлы кеңістік болып табылады. Анығын айтсақ Алпамыс шыққан қоңыраттың ежелгі мекені осы Байсын жерінен басталып, ұланғайыр аймақты алып жатқан. Жырдың
оқиғаларын әр дәуірде өзгеріп, өңделіп отырғандығын Алпамыстың қалмақтармен соғыстары дәлелдеп тұрғаны анық.
Қазақ арасына кең тараған батырлық эпостың енді бірі – «Қобыланды батыр» жыры. Бұл жырдың 29 нұсқасы бар. Біз білетін бұл жырдың 26-сы Қобыланды батыр жайында жырласа, үшеуі
Қобыландының балалары жайындағы нұсқалар. Көп нұсқалы жырдың негізгі версиясы үшке бөлуге болады.
1.Жырдың толық нұсқасы болып табылатын немесе бірін- бірі толықтыратын алғашқы версиясы айтушылары: Марабай жырау, Мергенбай жырау, Біржан Тойлыбайұлы, Күлзақ Аманкелдин айтатын жыр үлгілері. Барлық жырдағы ортақ мативтер : Перзентсіз ата-ана арманы; Қаһарманның ғажайып туысы, өзіне лайық жар таңдауы жолындағы ерлігі, еліне шапқан жаумен айқасы, қапылыста қолға қолға түсуі, бәрін жеңіп еліне келуі, өзі жоқта елін көшіріп әкеткендерден елін азат етіп, батырдың жеңісімен жыр шешімі жасалған. Бұндағы Қобыландының негізгі айқасатын жауы қызылбастар мен
қалмақтар болып шықан.
2.Жырдың екінші версиясын жасаушы жыршылар: Мұрын Сеңгірбаев, Сүйіншалы Жаңбыршин, Айса Байтабынов, Нұрсейіт Битілеуов, Нұрпейіс Байғанин, «Ноғайлы қара қыпшақ Қобыланды батыр», Ережеп Тілеумағанбетұлы және тағы басқалар. Бұл нұсқаның мотивтері
алғашқы вариантқа ұқсас десекте, мұндағы Қобыландының айқасатын жаулары қалмақтар болып шыққан. Жырды ноғайы дәуіріне қатысты қылып шығарған.
3.Жырдың үшінші версиясын Қобыланды батыр жөніндегі қарасөзбен айтылытын аңыздар, батырдың балалары туралы эпикалық жыр үлгілері құрайды.
Осыған байланысты жырды зерттеуші ғалымдар пікірі жырдың тарихи негіздеріне қатысты үшке бөлініп, үш түрлі дәуірлерге байланыстырылған.
1.Жырдың алғашқы тарихи қарым- қатынасы туралы пікір айтқан М.О.Әуезов болса, оның пікіріне қосылған С.Мұқанов, Қ.Бекхожин, Қ.Жұмалиевтер «Қобыланды батыр» жыры XVI
ғасырда туды, оған осы күнгі татар республикасының астанасы Қазанқаласын орыс патшасы Иван Грозныйдың 1552жылы өзіне қаратып алуы себеп болды деп көрсетеді. Бұған жырда Қазан қаласының аталуын дәлел етеді»
2. «Қобыланды батыр» жырына қатысты терең тексеріп, ғылыми еңбек жазған М.Ғабдуллин бұл жырды қызылбастар мен қыпшақтардың арасындағы оқиғаларды бейнелейтін жыр деп қарап, жырдағы «Қазан» қала атауы емес, «Қазан ханы» Ғазан, Ғазан хан деп түсіндірді. Бұл пікірді кейін
М.О.Әуезовте және т.б. ғалымдар қостады.
Сонымен назарға алынып отырған «Қобыланды» батыр жырының оқиғасын үш түрлі деректің
негізінде жинақталып, ғылыми түйіндер үш түрлі дәуірлерді көрсетеді.
1. IX-X ғасырлардағы оғыз - қыпшақ қарым- қатынстары.
2. XIII ғасырдағы қызылбастар мен қыпшақтар арасындағы қарым- қатынастар.
3. XIV-XV ғасырлардағы қазақ - қалмақ шапқыншылығы оқиғалары.
« Алпамыс батыр» жырындағыдай «Қобыланды» батыр жырыда тайпалық кезеңде туып, қыпшақ руының әйгілі батырын дәріптеуге құрылған эпикалық шығарма екендігі талас тудырмайды. Тек жырға әр дәуірдің оқиғалары телініп, идеясы жыраулар тарапынан енгізіліп отырғаны болмаса...
Жырдағы Қобылындының жауы бірде қызылбастар , енді бірде қалмақтар болуы да бұны бұлтартпай дәлелдейді.
Қазақ эпосында рулық, тайпалық кезеңнің салт- дәстүрін, қоғамдық қарым- қатынастарын тап басып, тереңдей түсіндіретін Алпамыс, Қобыланды және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |