Дәріс №16
Тақырыптың атауы: Түргеш қағанаты.
Дәрістің мақсаты:Студенттерге түркеш қағанатының территориясы, этникалық тарихы, түркеш-араб, түркеш-қытай, қарлұқ-түркеш шиеліністері жөнінде мәліметтер беру.
Негізгі сұрақтар және қысқаша мазмұны: 1. Түргеш қағанаты – Батыс Түрік мемлекетінің заңды жалғасы. 2. Түргеш халқының Қытай және араб агрессиясына қарсы күресі. 3. Қарлұқ-түргеш шиеленісі.
Түркеш қағанаты 704-756 жылдар аралығында өмір сүрді. Бұл кезде Жетісу аймағында араб басқыншыларына қарсы күрес жүріп жатқан болатын. Жетісуда Түркеш қағанаты билеушілерінің негізін қалаушы Үшелік-қаған. Оның билік жүргізген кезі-699-706 жылдар. Ол Жетісудан Батыс Түрік билеушісі Бөрішадты қуып, Ташкенттен Турфанға және Бесбалыққа дейін өзінің өкіметін орнатты. Оның басты саяси орталығы-Шу өзені бойындағы Күнгүт қаласы. Үшелік елді 20 ұлысқа бөліп, олардың әр қайсысында 7 мыңнан әскер ұстады.
705 жылы арабтар шабуыл жасап, Әмударияның шығысындағы Мауереннахрды жаулап алуға кірісті. Хорасанды билеуші Күтеиб-ибн-Мүсілім Балхы жерін басып алып, Бұхараға аттанады. Осындай қиын кезеңде түргештер Соғды еліне көмекке келеді, Күтеибке тойтарыс береді. 709 жылы Күтеиб Мауереннахрға қайтадан жорық ұйымдастырады. Ол Соғдиана патшасы Тархунды алдап, оны түріктердің көмегінен бастартуға мәжбүр етеді, сөйтіп Бұхараны басып алады.
Түркеш қағанатында Үшелік өлгеннен кейін билеуші оның баласы Сақал-қаған болды. Оның ел билеген кезі 706-711 жылдар. Бұл кезде елдің ішкі және сыртқы жағдайы өте күрделі еді, бірлік болмады. Батыста түркештер соғдылармен бірігіп арабтарға қарсы күрес жүргізді. Оңтүстіктен оған Қытайдың Тан империясы, шығыстан Орталық Азия түріктері қауіп төнгізді. 711 жылы Шығыс Түрік қағанаты Қапаған Жоңғария жерінде(Болучи түбегінде) түркештерге соққы беріп, Сырдариядан өтті. Бұл кезде арабтарға қарсы самархандықтар мен Орталық Азия түріктері көтерілді. 712-713 жылдары арабтарға қарсы түріктер, соғдылар, Шаш қаласы тұрғындары және ферғаналықтар бірігіп күш көрсетті. Мауереннахрдағы араб иелігіне төніп отырған қауіпті түсінген Кутеиб Шаш қаласын өртеді, 714 жылы ол Исфиджабқа шабуыл ұйымдастырды.
Көптеген қиындықтардан кейін Түркеш қағанаты Сұлу қағанның(715-738жж.) тұсында қайта күшейе бастады. Сұлу екі майданда: Батыста арабтарға қарсы, шығыста Тан империясымен күрес жүргізді. 723 жылы түркештер Ферғана қарлұқтармен және Шаш тұрғындарымен бірігіп, арбтарға күйрете соққы берді. Дегенмен 732 жылы өз әскерлерін біріктіріп, түркештерді қирата жеңіп, Бұхара қаласын басып алды. 737 жылы Сұлу арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып, Тохарстанға дейін жетті, бірақ кейін жеңіліп қалды. Қайтып келе жатқанда, оны өзінің әскери басшысы Баға-тархан өлтірді.
Түркеш мемлекеті өз ішіндегі күрестің нәтижесінде едәуір әлсіреді, оның осы жағдайын Тан империясы ұтымды пайдаланды. Оның Шығыс Түркістан жеріндегі билеушісі 748 жылы түркештердің басты қаласы Суябқа әскер жіберіп, оны басып алды, Шаш қаласының билеушісі өлтірілді. Оның баласы арабтардан көмек сұрады. 751 жылы Тараздың қасындағы Атлах қаласы жанында Зияд-ибн-Салых бастаған араб әскерлері мен Гао-Сяньчжи басқарған қытай әскерлерінің арасында 5 күнге созылған қырғын соғыс жүрді. Қытайлықтарға қарсы оның тылындағы қарлұқтар көтерілді. Нәтижесінде қытай әскерлері жеңіліске ұшырады. Олар Жетісуды ғана емес, Шығыс Түркістан жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ арабтар Талас жерін қалдырып, Шаш қаласына шегінде. Бірақ өз ішінен әлсіреген Түркеш мемлекеті 756 жылы құлады.
Достарыңызбен бөлісу: |