Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
Найман конфедерациясына қанша тайпа кірді?
Найман мемлекеті Х-ХІІғғ. Қай жерде орналасқан?
Керейлер туралы ең алғашқы жазбалар қай ғасырда кездеседі?
Керейлер этникалық одағы қандай тілдік топтағы тайпалардан құралған?
1007ж. найман мен керейлер қай дінді қабылдады?
Дәріс №25
Тақырыптың атауы: Қыпшақ хандығы (XI ғ. б. – 1219 ж.).
Дәрістің мақсаты:Студенттерге қыпшақтардың этникалық құрамы, географиялық орналасу аймағы, саяси тарихы, мемлекеттік құрылымы туралы араб, қытай, еуропа деректерін негізге ала отырып мәліметтер беру.
Негізгі сұрақтар және қысқаша мазмұны: 1.Араб-парсы, қытай, еуропа, ежелгі орыс деректері қыпшақ тайпалары хақында. 2. Қыпшақ билеушілерінің оңтүстік және батыс бағыттарындағы белсенді қимылдары. Дешті Қыпшақ. 3. Хандықтардың құрылуы.
“Қыпшақ” атауы ең бірінші рет 760ж. ежелгі түріктің руникалық ескерткішінде аталады. Мұсылман деректеріне қыпшақтар тұңғыш рет араб географы Ибн Хордадбектің жылнамалық жағынан ҮІІІғ. жататын түрік тайпаларының тізімінде көрсетіледі.
656ж. Батыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының солтүстік жағы яғни Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтардың едәуір мол топтары кимектердің басшылығымен тайпалар одағының өзегін құрайды. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-зі билеуге ұмтылған талабы ҮІІІғ. соңында оларды кимек федерациясынан бөлініп, олардан әрі, батысқа қарай көшуіне апарып соғады. Бірақ қыпшақтар түбірлі тәуелсіздікке жете алмайды. ІХ-Хғғ. қыпшақтар тарихы кимектер тарихымен қоса өрледі.
ХІғ. басында кимек қағанаты тарағаннан кейін, кимек, қыпшақ және куман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери-саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді.
ХІғ. ІІ ширегінде қыпшақ тайпаларының ақсүйектері оғыз жабғысын Сырдария мен орта және төменгі бойларынан, Арал мен Каспий өңірі далаларына тықсырып, қуалап жібереді.
Аймақтағы этникалық-саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес, ХІғ. ІІ ширегінің бас кезінде жазба деректерде бұрын аталып келген “Оғыздар даласының” орнына Дешті Қыпшақ аты пайда болады. Маңғыстау мен оған таяу жатқан аудандарды алғаннан кейін қыпшақтар Хорезмнің теріскей шебіне жетіп барады.
ХІғ. орта кезінде қыпшақ тайпалары Еділден көктей өтіп, батыс жаққа жылжи бастайды. Батысқа қарай жылыжып өрлеген сайын кумандар тайпаларының қалың жұрты бірінші болып, Шығыс Еуропаны, әсіресе Орыс, Византия, Венгрия халықтарының тура қарым-қатынас жасауға көшеді.
Ертістен Днестрге дейінгі бүкіл аридтік зонаны алып жатқан Дешті Қыпшақтың тарихи-географиялық облысын шартты түрде Еділ бойы арқылы аса үлкен екі этникалық-территориялық бірлікке бөлуге болар еді: басында Тоқсоба рулық әулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі және Ел-бөрілі руының хан әулеті билеген Шығыс Қыпшақ қағанаты.
Қыпшақ этникалық қауымның қазақ территориясында құрылуы күрделі де ұзақ процесс болған, оның даму жолынан үш кезең айқын көрінеді.
Бірінші кезең кимек тайпалық бірлігі өз елінің құрылуына байланысты, онда ҮІІғ. ІІ жартысынан бастап, ҮІІІғ. аяғына дейін қыпшақтар елеулі рөл атқарады. Осынау замандарда қыпшақтар мен теле тайпалары өзара өте тығыз этникалық-мәдени байланыста болып, жақындасып кетеді.
Екінші кезең ҮІІІғ. аяғынан ХІғ. басына дейін. Осынау күннамалық аралықта қыпшақтар бірте-бірте еркін жайылып, шығысындағы Алтай мен Ертістен бастап батыстағы оңтүстік Орал тауларымен Еділ бойларына жетеді.
ХІғ. басынан ХІІІғ. басына дейін қыпшақтардың этникалық қауымдастығының құрылуы өз дамуының үшінші кезеңіне өтеді, бұл ең әуелі қыпшақ хандарының құдырет күшінің өсуіне байланысты болатын, өйткені олардың өкіметі ел-бөрілі руының әулеттік билігімен заңдастырылған еді.
ХІғ. орта кезінде қыпшақтар қазіргі Қазақстанның шығысындағы Алтай мен Ертістен бастап, батысындағы Еділ мен Оңтүстік Оралға дейін, оңтүстігіндегі Балқаш көлінен теріскейдегі оңтүстік-батыс Сібірдің орманды дала аймағына дейінгі кең территориясына тарап, емін-еркін қоныстанады.
ХІғ. ІІ жартысында қыпшақтар Маңғыстау мен Үстірт жерлеріне орнығады, олармен бірге сол арада оғыз тайпаларының біраз топтары да көшіп-қонып жүреді. Әл-Идрисидің “Кіші картасында” ХІғ. ІІ жартысындағы шындыққа сәйкес, Арал және Каспий теңізі аралығымен шектелген “Қыпшақтар даласының” этникалық топонимі көрсетілді.
Қыпшақтардың ХІғ. орта кезінде батысқа қарай жылжуының бастапқы кезеңі Махмуд Қашғаридің географиялық картасында бейнеленген, ол картада қыпшақтардың мекені ретінде Еділдің ар жағы мен Каспий теңізінің арғы бектіндегі солтүстік-батыс жерлері көрсетілген, ал Еділ өзенінің өзі қыпшақ елі ішінде қалады.
Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шекарасын кеңейте отырып, оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді, сөйтіп қарахандармен шектесіп жатқан жерден Қанжек Сеңгір бекінісін салады. Қыпшақ билеушілері мен қарахандар арасындағы тарихи шекара Балқаш көлі мен Алакөл шұңқырының көлдері болады.
Олардың шығыс шекарасы Ертістің оң жағалауындағы алқап пен Алтай тауларының жоталарын қамтыған. Махмуд Қашғари имектерді Ертіс аймағына, олардың “Имек даласы” деп аталған ежелгі жеріне орналастырады. ХІғ. Алтай мен Ертістің жоғарғы бойында қыпшақ тайпалары наймандармен, қаңлы, керейттермен шектесіп жатады.
Солтүстік-шығыс бетте қыпшақтар өркениет пен мәдениеттің Саян-Алтай ошағымен байланысты болған, бұл мәдениеттің иелері қырғыздар мен хакастар және басқа да тайпалар еді. Қыпшақ хандығының солтүстік шекарасы қазіргі қазақ даласын Батыс Сібірден айырып тұратын орманды дала зонасы арқылы өткен.
Солтүстік-батыс жағында қыпшақтар Еділ бойы мен Орал өңірінің халқымен этникалық-мәдени және саяси қарым-қатынас жасаған. Қыпшақ тайпаларының ХІғ. ІІ жартысы мен ХІІІғ. бас кезінде бұлғарлармен және башқұрттармен өзара алыс-беріс жасап, аралас-құралас тұруы қыпшақ тілі мен мәдениетінің оларға ықпал етуі бағытында дамып отырған.
Қыпшақ ақсүйектері Шығыс Дешті Қыпшақ тайпаларының қоныстық-өрістік жерін едәуір кеңейтуге себепші болған және Сырдария бойындағы Оғыздар мемлекетімен, Орта Азиядағы Салжұқтармен, Хорезмшахтармен және Қарахандар әулеттерімен соғыстар және қақтығыстарға әкеліп жеткізген. ХІғ. І жартысындағы буырқанған дауылды уақиғалар қыпшақтар мемлекетін құрудың объективті себебіне айналды.
ХІғ. орта кезінде Дешті Қыпшақтағы ыдыраушылықтың көзі болып келген қыпшақ пен куман тайпаларының көптеген топтары көшіп кеткеннен кейін, Қыпшақ хандығының саяси тірегі едәуір күшейіп, нығая түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |