Үй, киім және тамақ. Қазақстан аумағында тұратын халықтарда тұрғын үйдің екі түрі болды. Жазды күндері тасымалы жеңіл киіз үйлерде тұрса, қыстүгіні жер үйде-шымнан, балшықтан немесе тастан салынған жылы кәдімгі киіз үй, екіншісі дөңгелек үстіне орнатылған жылжымалы үй-күйме еді.
Киіз үй-жайылымнан-жайылымға көшіп отыру жағдайында қолайлы жеңіл құрама үй. Бұл үш бөлімнен тұрады, қабырғасын-кереге деп атады. Одан жоғарғы құрама бөлігі-уықтар, ең жоғарғы түйісу тұсы-шаңырақ деп аталды. Кереге сыртынан тоқылған ши ұсталды. Үйді жауып тұратын киіздер-туырлық, үзік, түндік деп аталды. Түндік шаңыраққа жабылды.
Қазақтардың қыстүгіні тұратын жер үйлері шымнан, балшықтан немесе тастан салынды. Бұдан басқа солтүстікте тұратындары ағаштан да үйлер салды. Қазақтар тұрғын үйдің сыртын төрт бұрышты дуалмен қоршайтын болған. Оны саз балшықтан, шымнан немесе тастан қалап көтерген. Солтүстікте мұндай дуал шарбақтан жасалды, оңтүстікте қамысты да пайдаланды.
Сол замандағы қазақ мәдениетінің кейбір өзіндік ерекшеліктері киім түрлерінен де жақсы көрінді. Қазақтар жазғұтырым көбінесе көйлек сыртынан бешпент, камзол немесе шапан киді. Қыстыгүні қойдың немесе түйенің жабағасынан қалың матамен тыстап, кең тігілген күпі немесе шидем шекпен, тон, құлын терісінен тігілген жағалы жарғақ шекпен, қой терісінен түгін ішіне қаратып тіккен шалбар киді.
Достарыңызбен бөлісу: |