Жауап: Сіздің өтінішіңізге орай құрамында аудандық сәулет және жер қатынастары бөлімдерінің өкілдері бар жұмыс тобы құрылды. Ол топта Талапкер селолық округі әкімдігі мен мердігерлердің өкілдері де бар. Жұмыс тобы құрылғы орналастырылып жатқан жерде болып, оның ешқандай қауіп-қатері жоқ екенін анықтады. Қауіпті құрылғыға орнатылған ретранслятор ғана туғызуы мүмкін. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің талаптарына сәйкес ретранслятор орнату тек қана оң сипаттағы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алынғаннан кейін жүзеге асырылады. Нормаға сәйкес келмесе орнатылмайды.
Сенім телефоны арқылы түскен сұрақтар
Ермек Ермашұлы Мирамқұлов, Көкшетау қаласы, Центральный шағын ауданы, 43/24, тел:. 42-42-51, зейнеткер.
Сұрақ:Тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету туралы (жертөледе бойлер арнатылған, бірақ, жұмыс істемейді).
Жауап: «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабы, 24- тармағына сәйкес жертөледе орнатылған бойлер сіздердің көп пәтерлі тұрғын үйлеріңіздің ортақ мүлкі болып табылады. Осы Заңның 35-бабына сәйкес пәтер иелері ортақ мүліктің және жертөленің сақталуына және қауіпсіз пайдалануына жауапты. Көп қабатты тұрғын үйдің иелерімен жөндеу жұмысына қажетті қаржы жинау туралы жиын өткізілді. Бірақ, шешім қабылданған жоқ. Қалада тұрғын үй иелері өз үйлерінде жөндеу жұмыстарын жүргізгені туралы жақсы мысалдар аз емес. (Боровской ш/а 68, Юбилейный ш/а 41, Әуелбеков көшесі, 66, Жеңіс көшесі, 33, Железнодорожная көшесі, 94, Әуезов көшесі, 178).
Балкен Рәшитқызы Мәлікова, Көкшетау қаласындағы Абай көшесі, 78 үйдің тұрғындарының атынан.
Сұрақ:Үйлерді газбен қамту мәселесі қашан шешіледі?
Жауап: Көкшетау қалалық әкімдігі Әділет органдарына сіздердің үйлеріңіздің ауласындағы резервуар құрылғысын иесіз деп тану туралы сұрау жолдады. Заңды иелік құжаттары қалпына келтірілгеннен кейін газ бөлу құрылғысы Көкшетау қаласының коммуналдық меншігіне беріледі. Одан соң («Көкшетаутрансгаз», «Газ қызмет» немесе «ЭРСУ Газстройсервис») компанияларының біріне сенімді басқаруға беріліп, одан әрі газ бөлу құрылғыларын қалпына келтірудің жобалау-сметалық құжаттары дайындалады.
Көкшетау қаласы Краснояр ауылының тұрғындары.
Сұрақ:Краснояр ауылындағы емхана қайта құрылған соң дәріхана жекеменшікке берілді. Ол өзінің коммерциялық мүддесін көздеп жұмыс істейді. Бұл бізді қанағаттандырмайды. Емхананың жанында дәріхана болуы керектігі белгілі. Сізден осы мәселені шешіп беруді сұраймыз.
Жауап: Облыстық денсаулық сақтау басқармасына бір айдың ішінде көтеріліп отырған мәселенің мәнін зерттеп, емхананың жанынан дәріхана ашу мүмкіндігін қарастыру туралы тапсырма берілді.
Алмагүл Айдашқызы Мұқашева,
Көкшетау қаласы.
Сұрақ:Бірлік шағын ауданын көгалдандыру мәселесі қашан шешіледі? Біз бұл мәселені 2016 жылы көтерген болатынбыз. 2017 жылы мәселенің шешілетіні туралы уәде берілген, бірақ, ештеңе істелген жоқ.
Жауап: 2017 жылы Бірлік шағын ауданындағы Дружба көшесінің бойындағы жолдың 650 метріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді (қиыршық тас төселіп, тегістелді) №22 мектеп аумағында спорт алаңы абаттандырылды (футбол алаңына жасанды жамылғы жамылды). 2018 жылы шағын ауданның абаттандыру жұмыстары жалғастырылатын болады.
Владимир Александрович Балашов,
Аршалы ауданы Аршалы кенті, Промышленная көшесі, 11,1-пәтер. Тел:. 87013486840, зейнеткер,бұрынғы жол бойы жұмысшысы.
Сұрақ:Аршалының кіреберісіндегі жолмен 40-60 тонналық жүк көліктері қиыршық тас тасиды. Егер осылай жалғаса берсе, көктемде бүтін жол қалмайды. Бұл облыстық маңыздағы жол. Бұларға кім рұқсат беріп отыр?
Жауап: Аршалы кентінде 2008 жылы «Аркада Индастри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржысына салынған қиыршық тас зауыттарынан шығатын өнімді тасымалдайтын жүк көліктері кенттегі жалғыз жол арқылы өтеді. Осы жол арқылы бір жарым шақырым жердегі «Астана-Қарағанды» бағытындағы автомагистральмен түйіседі. Автобанды пайдалануға беру алдында бұрынғы шығаберіс жол құрылыс жұмыстарына байланысты жабық.
Жергілікті атқарушы органдар «Аркада Индастри» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе отырып, жол қозғалысы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау үшін үстіміздегі жылдың көктемінде серіктестіктің жеке қаржысына қосалқы жол салмақ.
Мұрат Қалжанұлы Здуалиев, Бурабай ауданы,
Щучинск қаласы, Профессиональная көшесі, 13-үй, 41-пәтер, тел: 87756809303.
Сұрақ:Қызым 11-сыныпты бітіреді. Астана қаласындағы медициналық университетке түскісі келеді. Облыс әкімінің грантын алу үшін не істеу қажет?
Жауап: Облыс әкімінің шәкіртақысын Ақмола облысының тұрғыны саналатын, оқу үлгерімі жақсы және озат, медициналық жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқитын әлеуметтік жағдайы аз қамтылған тұрғындар қатарындағы студенттер болып есептелетін азамат алуы мүмкін. Егер сіздің қызыңыз берілген талаптарға сай болса, онда медициналық жоғары оқу орнына оқуға түскеннен кейін Ақмола облысының жастар мәселелері жөніндегі арнайы комиссиямен қарастырылуы үшін құжаттарын тапсыруға құқылы.
Алпысбай Тоқпайұлы Байғабылов,
Целиноград ауданы, Р.Қошқарбай селосы, Механизаторлар к., 2-пәтер, тел: 5195380;
Сұрақ:
1. Қошқарбай ауылының ауруханасы жабылып қалды;
2. Дәріхана жоқ;
3. Жедел жәрдем көлігі жоқ;
4. Ауылдағы ауыз су мәселесі;
5. Ауылдық округтің әкімдері жиі ауысып жатады.
Жауап: «Денсаулық сақтау мекемелері желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылдың 28 сәуіріндегі №284 бұйрығына сәйкес, аурухана тек аудан және облыс орталықтарында ғана болуы қарастырылған. Қошқарбай ауылында фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Оның жалға алынған ғимаратта орналасуына байланысты жеке ғимарат салу мәселесі қарастырылуда. ФАП-та дәрі-дәрмек сатылатын дәріхана пункті бар.
Дәрігерлік көмек алу үшін сондай-ақ, Қабанбай батыр ауылындағы 3 дәрігер, жалпы ауқымы 16 медициналық қызметкер жұмыс істейтін дәрігерлік амбулаторияға барып көрінуге болады. Дәрігерлік амбулатория санитарлық көлікпен қамтылған.
Сумен қамту жайына келетін болсақ, 2017 жылы облыстық бюджет қаржысы есебінен 53 шақырымдық су желісі таратқышының құрылысы басталды. Биылғы жылы жобаны аяқтау үшін 403 миллион теңге қарастырылып отыр.
Ауыл әкімінің жиі ауысатындығы жайына келсек, 2013 жылдың тамызынан бергі уақытта 2 әкім ауысты. 2015 жылы ауыл әкімі Бүркітбай Шахарбаев қызметінен өз арызы бойынша босатылды. Биылғы жылдың ақпанында Талғат Мұқашев Астрахан ауданы әкімінің орынбасары болып ауысуына байланысты ауыл әкімдігінен босатылды.
Сергей Леонтьевич Нижников,
Көкшетау қ., Краснояр с, Мир к., 22/27, тел: 87052984744, «К-СтройАқжолҚұрылыс» ЖШС-і жүргізушісі.
Сұрақ:Краснояр селосының Мир көшесіндегі ауған кентінде электр жарығы жоқ, жол жоқ, қоғамдық көлік келмейді. Бізге бұл мәселені 3 жыл бойы шешеміз деп келеді. Осы мәселелер қашан шешімін табады?
Жауап: Биылғы жылы Мир көшесіне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі күні көшені жарықтандыруға байланыс-ты жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда, оған Краснояр селосының Мир көшесі де кіреді. Осы жұмыстарға 91 миллион теңге қарастырылмақ. Жобаны жүзеге асыру үшін қажетті қаржыны бөлу мәселесі 2019 жылдың бюджетін қарау кезінде шешіледі.
Гүлнәр Бабырқызы Қабзалелова, Көкшетау қаласы.
Сұрақ:Көкшетау қаласының орталық базарын ретке келтіру мәселесі бойынша өтінішім бар. Жаз айларында саяжайшыларға арнайы орын бөлінсе.
Жауап: Өз бетінше ашылған сауда алаңдарын жою және сатушыларды стационарлық нысандарға орнықтыруға байланысты 2017 жылы орталық базар аумағынан 2 сауда үйі салынды («Армада» және «Алтын орда»).
Биылғы жылы «Орталық базар» АҚ 400 миллион теңге көлеміндегі өз қаржысы есебінен жабық рынокты жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Онда ішінара жөндеу жасалып, келушілерге жайлы қызмет ету деңгейін көтеру, сонымен бірге, жаз айларында саяжайшыларға арналған орын қарастырылмақ. Бұл жұмыстар биылғы жылдың 1-ші тоқсанында жүзеге асырылу жоспарланған. Сонымен бірге, көтерме-тарату орны құрылысы да жоспарлануда.
Күлдерай Қайратқызы Қабдуллина, Көкшетау қ., Сайын к., 30, 14-ші пәтер, тел: 87081795323.
Сұрақ:Біз жас отбасымыз, үш баламыз бар, мемлекеттік бағдарламаға ілінбейміз, өйткені, табыс деңгейіміз төмен. Тұрғын үй жағдайын қалай жақсартамыз?
Жауап: «Тұрғын үй қатынасы туралы» ҚР Заңының 67-бабы, 1-тармағына сай, коммуналдық тұрғын үй қорына кіретін немесе жергілікті орган жалға алған тұрғын үй кезекте тұрған адамдарға кезек тәртібімен беріледі:
1. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға;
2. Әлеуметтік әлжуаз топтарға (Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілгендерге, бірқатар ауыр созылмалы дертпен ауыратындарға, жасы жеткен зейнеткерлерге, оралмандарға, экология апатына сай баспаналарынан айырылғандарға, көпбалалы отбасыларына, мемлекеттік қызмет барысында қаза тапқандардың отбастарына, толық емес отбасыларына);
3. Мемлекеттік мекемеде істейтін қызметкерлерге, әскери қызметшілерге, арнайы мемлекеттік органдарда істейтіндерге және сайланбалы органдарда қызмет ететіндерге;
4. Жалғыз баспаналары апатты деп танылған азаматтарға заңда көрсетілген тәртіппен беріледі.
Тұрғын үй азаматтарға кезекке тұрған уақыты бойынша кезек тәртібімен беріледі. Егер сіз жоғарыда аталған категориялардың біріне жататын болсаңыз, онда тұрғылықты орныңыз бойынша «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясына, егер сандық қолтаңбаңыз болса, онда «электронды үкімет» веб-порталы бойынша www.egov.kz сайты арқылы кезекке тұра аласыз.
Сонымен бірге, сіздің 2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту бағдарламасы шеңберінде Тұрғын үй жинақ банкі арқылы депозит ашып, баспана мәселесін шешуіңізге мүмкіндігіңіз бар.
Көкшетау қаласының тұрғыны, Горький к., 3/3.
Сұрақ:Бір апта болды, үйде жылу жоқ. «Монолит» ПИК жылу берушілердің кінәсінен десе, олар кооперативті айыптайды. Жылу мәселесі қашан шешіледі?
Жауап: Сіздің сұрағыңыз бойынша 23 ақпанда тұрғын үй инспекциясы өкілдерімен «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнына және «Монолит» ПИК-іне барып жағдаймен таныстық. Жылу беру құбырын ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, жылу беру қалпына келтірілді.
Владимир Алексеевич Дрожкин,
Көкшетау қ., Пушкин к., 68 үй, 6-пәтер, тел: 32-88-42.
Сұрақ:Неге Көкшетау қаласында қоғамдық көлікпен жүретін тыл ардагерлері ақы төлейді? Басқа қалаларда тыл ардагерлері тегін жүреді.
Александр Петрович Нартов,
Көкшетау қ., Капцевич к., 217, 89-пәтер, тел: 32-63-20.
Сұрақ:43 жыл Алматыда тұрдым. Онда зейнеткерлерге жолақысы үшін жәрдемақы төленеді. Көкшетау қаласында неге тыл ардагерлері қоғамдық көлікте ақы төлеп жүреді?
Ольга Васильевна Зитева,
Көкшетау қ., Осипенко к., 27, 29-пәтер.
Сұрақ:Петропавл қаласында тыл ардагерлері қоғамдық көлікте тегін жүреді, ал, Көкшетауда неге ақылы?
Ирма Хрестьяновна Пугачева,
Көкшетау қ., Уәлиханов к., 162, 25-пәтер.
Сұрақ:Көкшетау қаласында тыл ардагерлері неге қоғамдық көлікте ақша төлеп жүреді?
Валентина Кузминична Усенко,
Көкшетау қ., Көктем шағын ауданы, 14, 44-пәтер.
Сұрақ:Көкшетау қаласында неге тыл ардагерлері ақы төлеп жүреді?
Жауап: Қазіргі күні «Көкшетау қаласының жолаушы тасымалы ассоциациясы» қоғамдық ұйымы өз қаржылары есебінен азаматтардың 13 категориясын тегін тасымалдайды:
-Ұлы Отан соғысы ардагерлері;
-ҰОС ардагерлерінің жесірлері;
-16 жасқа дейінгі бала жасынан мүгедектер;
-«Алтын алқа», «Күміс алқа» медалімен марапатталған көпбалалы аналар;
-Элита, Застанционный, Красное, Подхоз селоларында тұратын балалар;
-мүгедек интернационал-жауынгерлер;
-Чернобыль атом электр стансасы апатын жоюға қатысқан мүгедектер;
-Ленинград қоршауында қалғандар;
-Семей полигоны аумағында тұрған мүгедектер;
-Автокөлік транспортының еңбек сіңірген қызметкерлері, «Құрметті автокөлікші» құрмет белгісімен марапатталғандар;
-Көзіне байланысты 1-ші топтағы мүгедектер;
-Фашистік лагерьде болғандар.
Көкшетау қаласының әкімдігіне тыл еңбеккерлерін де жоғарыда аталған категорияға қосу туралы ұсыныс айтылды.
Раушан Сейітқазықызы Белгібаева,
Көкшетау қ., Шевченко к., 136, 3-пәтер, тел: 87712828824.
Сұрақ:Шевченко көшесіндегі 134, 136, 134 г үйлері аумағында қашан ішкі жолдар жөнделіп, жарықтандырылады?
Жауап: 2018 жылы Шевченко көшесінің жолына (Сәдуақасов көшесінен Горькийге дейін) ағымдағы жөндеу жүргізіледі. Сонымен бірге, Шевченко көшесіне (Куйбышев көшесінен Сәтпаевқа дейін) көшені жарықтандыратын бағаналар орнатылмақ.
Нұрмұханбет Тоқмағанбетұлы Тілеуімбет, ІІ топтағы мүгедек, Целиноград ауданы, Софиевка ауылы тұрғындарының атынан, тел: 87024021162.
Сұрақ:
1. Софиевка ауылында ауыл әкімі аппаратының үйін салып, онда халыққа қызмет көрсету орындарын орналастырса, осыған бюджеттен қаржы бөлінсе.
2. Ауылдың әкімшілік орталығында ескі қойма тұр. Ол пайдаланылмайды және орталықтың сыйқын бұзып тұр. Соны сырып тастап, орталықты абаттандыру мәселесін шешсе.
Жауап:
1. Софиевка ауылының әкімшілік ғимаратының құрылысын мақсатсыз деп санаймыз. Қазіргі күні Софиевка ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында халыққа қызмет көрсету үшін қазпошта, мал дәрігері және «электрондық үкімет» бұрышы орналастырылған. Ғимаратты жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы бөлуге мәслихаттың қарауына өтінім берілді.
2. Софиевка ауылының орталығында тұрған қойма жекеменшікте. Әкімдіктен қойманы көрсетілген мақсат бойынша пайдалану туралы және тиісті аумақ бойынша абаттандыру жүргізу жөнінде хабарлама берілді.
vse_dlia_dam_syrymbet_kоkshe (инстаграм)
Сұрақ:Сәлеметсіздер ме. Біздің қаламызда қашан Қонаев атындағы көше болады?
Жауап: Көше атауын өзгерту үшін тұрғындардан жазбаша арыз түсуі керек, ол ономастика комиссиясында қаралады. Комиссия бұл мәселені оң шешіп, қолдаған жағдайда оны қарау үшін облыстық ономастика комиссиясына жолдайды. Одан әрі республикалық ономастика комиссиясына жіберіледі. Онда оң шешімін тапқан жағдайда облыстық мәслихат сессиясында қаралып, бекітіледі.
Aida197803 (инстаграм)
Сұрақ:2017 жылы Қызылсуат кентінде кіре берісте қар тоқтатылды. 2018 жылы жолдың басқа бөлігінде қар тоқтатылу жүргізіле ме? Әуежай көшесіндегі 7-8 үй жыл сайын су астында қалады. Бұл жерге ешқандай көлік, оның ішінде жедел жәрдем, өрт сөндіргіш көліктер келе алмайды. Әкімдік көшені тегін тазартпайды. Осы көшеде тұратын 2-3 үй өз қаржыларына (7000 теңге бір сағаты үшін) көше тазартады. Басқалардың оған шамасы жоқ. Сондықтан, бюджетке көше тазарту үшін қажетті қаржы салу қарастырылса. Алдын ала алғысымды білдіремін.
Жауап: Биылғы жылы Қызылсуат селосының 5 шақырымдық көше жолдарын жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттандыру жасалмақшы. Жөндеу жұмыстары негізінен орталық көшелерге, оның ішінде Әуежай көшесі де бар, жасалады. Жөндеу жасалып біткен соң қар тоқтату жұмыстары да жүргізіледі.
Көше жолдарын тазартуды «Атамекен 2020» ЖШС жергілікті бюджет қаржысына жүргізеді. 2017-2018 жылы қардан тазарту жұмыстары коммуналдық қызметпен орталық көшелерге жүргізілуде, ал, екінші деңгейлі көшелер шаруашылық субъектілерінің көмегімен тазартылады.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшы ауылын абаттандыру бағытында қандай да бір жұмыстар атқарыла ма?
Жауап: Биылғы жылы Республика көшесін абаттандыру қолға алынбақшы. Жалпы, облыс бойынша көктемгі-күзгі айлықтар шеңберінде аумақтарды тазарту, көгалдандыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілетін болады.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшы селосын орталықтанған сумен жабдықтау бағытында қандай жұмыстар атқарылады?
Жауап: Қолданыстағы су желісінің жұмысын қалыпқа келтіру үшін 2016 жылы Нижнемарковкадан Қосшы селосына дейін су таратқыш құрылғы құрылысы басталған болатын. Ертеректе осы аумақтан 3 сусорғыш орнатылған еді. Бұл қазіргі күні Қосшы селосын тәулігіне 1100 текше метр сумен қамтамасыз етуге жағдай жасауда. Сутаратқыштың құрылысы 2018 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшы селосында жекеменшік сектор орталықтанған сумен қашан қамтамасыз етіледі?
Жауап: Қосшы селосын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын «Қосшы коммуналдық қызметі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі жүзеге асырады. Бүгінгі күні селода тұратын жекеменшік үйлердің 65 пайызы сумен қамтылған. Сумен қамту қуатының жетіспеушілігінен жекелеген тұрғындардың суға қолы жетпей отыр. Барлық орталықтанған сумен қамту құрылғыларын Нижнемарковкадан келетін су іске қосылғанша қосу суды ластандыруға ұшыратуы мүмкін. Аудан әкімдігімен 4 кезеңнен тұратын құны 1 миллиард теңгені құрайтын 19 шақырымдық канализация желісін салудың жобасы дайындалды. Қазір құрылыс басқармасы салалық министрлікке бюджет өтінімін дайындауда.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшы селосының жекеменшік секторында қашан кең жолақты дұрыс интернет болады?
Жауап: Биылғы жылы «Қазақтелеком» АҚ облысымыздың 100-ден астам елді мекенін интернет желісіне қосуды жоспарлап отыр. Оның ішінде Қосшы селосы да бар.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшы селосында қашан емхана болады?
Жауап: Қосшы селосы тұрғындарының саны жыл санап өсуіне орай жаңадан салынатын нысандар саны да өседі. Биылғы жылы алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсетуге арналған орталық құрылысының жобасын жасауға 20 миллион теңге бөлінді. Нысан 2019 жылы пайдалануға берілетін болады.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшы селосында қашан мектеп болады?
Жауап: Бүгінгі күні 1200 орындық мектеп құрылысының жобасы дайындалып, 2018-2020 жылдарға арналған басымдық берілген жобалар қатарына енгізілді. Сондай-ақ, биылғы жылы облыстық бюджеттен 280 орындық балабақша құрылысын бастау үшін 25 миллион теңге және 280 орындық екінші балабақшаның жобалық- сметалық құжаттарын дайындауға 12 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, оқушыларды тасымалдауға автобус сатып алынбақшы.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшы кенті жедел жәрдемінің автопаркі ұлғаяды ма?
Жауап: Жалпы, ағымдағы жылы облыс бойынша автомобиль паркін жаңарту жоспарланған (30 көлік), соның ішінде Қосшы кентіне 2 көлік сатып алынады.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшы кенті полициясының жеке құрамы көбейтіле ме?
Жауап: Қазіргі күні Целиноград аудандық ІІБ штатын ұлғайту және оған басқарма дәрежесін беру мәселесі ҚР Ішкі істер министрлігінде қарастырылуда.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Тайтөбедегі сібір жарасына шалдыққан малдарды көму алаңы қашан тәртіпке келтіріледі?
Жауап: ҚР АШМ ветеринария референттік орталығының, С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университеттің, «ҚазНИВИ» ЖШС және «Қазгеодезия» ЖШС жұмысшы тобының қорытындысы бойынша Тайтөбедегі мал қорымы есеп кітапшасындағы – Кадастр деректердің толық емес географиялық координатына байланысты анықталмаған деп танылды. Мұның (сібір жарасы) нақты орналасу аймағын белгілеу бақылауға алынған.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қаңғыбас иттерге қатысты мәселені шешуді сұраймыз, «Төрт түлік» компаниясының қызметі жеткіліксіз. Бізге Қосшы мәслихатының депутаты Сайра Айтенова иттерге арналған приют салып беруге уәде берген. Бұл қашан шешімін табады?
Жауап: Иттер мен мысықтарды күту мен серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстап, жою Ақмола облыстық мәслихатының шешімімен бекітілген.
Бұл шараларды атқару қалалар мен аудан әкімдіктерінің мемлекетттік ветеринариялық ұйымдарына жүктелген.
Қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау, жою жеке және заңды тұлғалардың өтініші негізінде жүргізіледі.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. 2017 жылы облыс бойынша 35 миллион теңге бөлінген, мұның 5,4 миллион теңгесі Целиноград ауданының үлесінде.
Қолданыстағы заңдылыққа сәйкес, приют жасақтауға бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмаған. Бұл істі еріктілер жеке және демеушілік қаржыларды тарту арқылы атқаруына болады. Мұндай жағдайда біз ұйымдастыру шараларына көмек көрсетуге дайынбыз.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшының жеке секторында қоқыс жәшіктері қашан қойылады?
Жауап: Қосшы кентіндегі тұрмыстық қатты қалдықтарды тұрғындардың, кәсіпорындар мен мекемелердің тапсырысы бойынша «Қосшы-Тазалық» ЖШС атқарады. Бұл өзара келісімшарт арқылы іске асырылады.
Бүгінгі күні Қосшы кентінде 180 еуроконтейнер, бөлектеп жинайтын 71 контейнер және жеке секторда 250 контейнер орнатылған. Ағымдағы жылы әртүрлі 590 контейнер қосымша қойылады.
Marat Sydykov (Facebook)
Сұрақ:Қосшының нақты қайсы көшелеріне асфальт төселеді?
Жауап: 2018 жылы «Астана қаласының маңындағы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына» сәйкес Қосшы кентінде 12,5 км. Жол құрылысының ЖСҚ түзіледі (Сейфуллин көшесінде – 2,5 км., Үбілеу хан – 3 км., Сейфуллин және Абылай хан көшелерінің аралығында – 1,5 км., Сүйінбай – 2,5 км., Алтын дала – 300 м., Ж.Жабаев – 1 және 2 «Лесная поляна» ТМ – 1,2 км.жолдар) және кентішілік орталық көшелердің км. күрделі жөндеуден өткізіледі. Аталған жобалар бойынша конкурстық шаралар өткізілуде.
Сондай-ақ, кентішілік көшелерді орташа жөндеудің ЖҚҚ да-йындалды (Қонаев көшесі – м., Тоғанас батыр – м., А.Байтұрсынов – 1,2 км., Ақан сері – 2 км., М.Ғабдуллин – 600 м., Азаттық – 600 м., Ә.Жанкелдин – 510 М., Нұра – 900 м., Ш.Уәлиханов – 1,7 км., Желтоқсан – 2 км., Ш.Айманов – 600 м., М.Шоқай – 1,5 км., Ескі азаттық – 650 м., Республика – 1 км.). Салалық министрлікке бюджеттік тапсырыс берілді.
Гүлдарай Кемелова (Facebook)
Сұрақ:Әкім мырза, Қосшы кентіндегі емхана мен жедел жәрдем қалай жұмыс істейтінінен хабардарсыз ба? Жедел жәрдем машинасының тежегіші істен шыққандықтан, жол-көлік оқиғасына ұшырағандарды алып кете алмағанын білесіз бе? Бізге қонаққа келіңіз, жағдайымызды өз көзіңізбен көресіз. Бізде өзекті мәселелер жиналып қалған. Бұрынғы әкім Кулагин мырза сөзбен алдаусыратып кетті. Сіз халықтың жағдайын ойлайды деп сенеміз.
Жауап: Биылғы жылдың басынан жедел медициналық көмек көрсету қызметі аудандық аурухананың ведомстволық бағынысынан шығып, тұрғындарға орталықтандырылған көмек көрсету мақсатында облыстық жедел көмек станциясының қарауына көшті. Қазіргі күні Қосшыда 2 санитарлық автокөлік қызмет етеді, тағы да 1 машина бөлінді.
Ағымдағы жылы облыс бойынша автомобиль паркін жаңарту жоспарланған (30 көлік), соның ішінде Қосшы кентіне 2 көлік сатып алынады.
Асқар Бизақов (Facebook)
Сұрақ:Әкім мырза, Конституцияның 1 статьясында мемлекеттің байлығы оның азаматтары және олардың құқы деп көрсетілген. Егер осы шын болса, неге 50 мыңнан астам тұрғыны бар Астананың шекарасында тұрсақ та әлі күнге дейін емхана, не аурухана жоқ? Мектеп болса жетіспейді, қанша адам каникулда, тіпті осыншама халқы бар ауылға қала статусын бермеске. Статус өзгерсе қаншама адам жұмыспен қамтамасыз етілер еді. Осы сұрақтарға жауап берсеңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |