СӘрсенбай гүлнар сәрсенбайқызы болашақ МҰҒалімдердің бойында ұлттық сананы қалыптастырудың педагогикалық негіздері



бет1/6
Дата15.09.2017
өлшемі1,86 Mb.
#32267
  1   2   3   4   5   6
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

ӘОЖ 3701: 014.544.018
СӘРСЕНБАЙ ГҮЛНАР СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

БОЛАШАҚ МҰҒАЛІМДЕРДІҢ БОЙЫНДА ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

6М010300- Педагогика және психология мамандығы бойынша

педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекші: педагогика ғылымдарының

кандидаты Р.Т. Игенбаева

Қызылорда, 2012 ж



МАЗМҰНЫ






КІРІСПЕ.................................................................................................

3

I

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПӘНДЕРДІ ОҚЫТУДА ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ....................................................................

6


1.1

Ұлттық сана ұғымының мазмұны мен сипаты...................................

7

1.2
1.3

Ұлттық сананы қалыптастырудағы халықтық педагогиканың маңызы....................................................................................................

Жастардың бойындағы ұлттық санаға кереғар

құбылыстар...........................................................................................

28
41



II

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ САБАҚТАРДА СТУДЕНТТЕРДІҢ БОЙЫНДА ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ӘДІСТЕМЕСІ ......................................................................................

53


2.1

Студенттердің бойында ұлттық сананы қалыптастыруды эксперименттік зерттеу ....................................................................

53





ҚОРЫТЫНДЫ.....................................................................................

84




ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР..............................................


87


НОРМАТИВТІК СІЛТЕМЕЛЕР
Осы диссертациялық жұмыста келесі нормативтік сілтемелер қолданылды:


  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» - 27.07.2007-№319 ШЗ РК заңы.

  2. Ағымды үлгерімін бақылауды, білім алушының аралық және қорытынды аттестациялауын жүргізу ережесі. (ҚР БжҒМ 18.03.2008 ж. №125 бұйрығы, өзгерістері және толықтыруларымен 1.11.2010 ж. №506, 16.03.2011 ж. №94 бұйрықтары).

  3. ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру стандарты 5.04.033 – 2011. Магистратура.

  4. ҚР МЖМБС 7.09.102. – 2009, 6М010300 – Педагогика және психология мамандығы. Магистратура.

  5. ҚР БжҒ Министрінің 2009 ж. 28 мамырдағы №247 бұйрығымен бекітілген ҚР бакалавриат және магистрант мамандықтарының жіктеуіші мен жоғары білім беру мамандықтарының жіктеуішінің сәйкестік тізбесі.

  6. Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеуіші (01.09.2009 ж. енгізілген).

  7. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ҒМС бекіткен, магистрлік диссертацияға қойылатын талаптар (хаттама №2, 25.11.2009 ж.).



КІРІСПЕ
Тақырыптың көкейкестілігі. Адамзат баласының ежелден келе жатқан ортақ мүддесінің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Осы мақсатта әрбір халықтың сан-алуан ой - пікірлері мен іс-тәжірибелері ғасырлар бойы жинақталып отырған. Адамзат баласына ортақ рухани қазынаның құрамдас бір бөлігі болып саналатын бұл жетістіктерді халықтың тәлімгерлік тәжірибесі дейміз.

Еліміздің егемендікке қол жеткізуі халқымыздың мәдени, әдеби, кәсіптік және ғылыми бағыттарының жаңаша рең алып, өркендеуіне себепші болды. Осы тұрғыда жаңа ұлттық тәрбие, тұлға қалыптастырудағы оқу-тәрбие жұмыстары да жаңа мазмұнға – ұлттық мазмұнға ие болды.

Еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты 2012 жылғы Жолдауында: «Оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет. Олар патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық» деп атап көрсетті [1]. Осыған орай, қазіргі жастардың бойында ұлттық сананы ұлтаралық келісім, толеранттылық негізінде қалыптастырудың маңыздылығы – бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында: «Қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін оқып-үйрену үшін тәрбиелік мүмкіндіктер, жағдайлар жасалу керек», - деп көрсетілген [2].

Қазақ халқының да сан-ғасырлық тарихи-мәдени жетістіктерінің жемісін, рухани байлығын, жанына біткен еңбексүйгіштік, имандылық, бауырмалдық, балажандық, қонақжайлық, т.б. қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данғой қариялар, ғұлама ойшылдар, би-шешендер және ақын-жыраулардың саналық болжамдарының, психологиялық пайымдаулары мен педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр.

Осы орайда республикамызда ұлттық сананы жинақтап зерттеу, саралап игеру, оларды жастар тәрбиесіне кеңінен ендіру, жаңғырту үлкен міндет болып табылады. Өмір талабымен бұл өмірге қайта оралған ұлттық сана мен ұлттық құндылықтардың озық дәстүрлері бұл күнде отбасы, мектеп тәжірибесінен лайықты орын ала бастады. Бұл мәселеге мемлекет тарапынан да қамқорлық көрсетілуде. Мұндай игі бастама қазірдің өзінде білім мазмұны мен әдістеріне, оқу жоспарларына жаңалықтар мен өзгерістер әкелуде.

Қазіргі кезде әр саладағы көрнекті ғалымдар ұлттық негіздегі қарым-қатынас мәселесінің мән-маңызына, жалпы адамзат қоғамындағы рөліне айрықша ден қоюда. Әсіресе, болашақ мұғалімдердің ұлттық педагогика идеялары негізінде қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселесі арнайы зерттеуді талап ететіндігі дәлелденіп отыр.

Белгілі педагогика классиктерінің өздері де халқының тәлімгерлік тәжірибесінен үйреніп, оны зерттеулеріне арқау болса, бұл мәселелерге қазақ ағартушылары Ш. Уәлиханов [3], Ы. Алтынсарин [4], А.Құнанбаевтардан [5] басқа А.Байтұрсынов [6], Ж.Аймауытов [7], М.Жұмабаев [8], Ш.Құдайбердиев [9], т.б. үлкен мән берген.

Ұлттық сана категориясын философиялық аспектіде қарастырғандар
Д. Кішібеков [10], С.Қ. Мырзалы [11], Ә.Н. Нысанбаев [12],
Қ. Мұхамбеталиев [13], Ж.Ж. Молдабеков [14], Т. Бурбаев [15], Ә. Қалмырзаев [16], А.Х. Қасымжанов[17] т.б.

Бүгінде Қ.Бөлеев [18], Қ.Жарықбаев [19], С.Қалиев [20], С.А. Ұзақбаева [21], К.Ж. Қожахметова [22], С. Ғаббасов [23], Р. Әбдіқасымов [24],


Ә. Табылдиев [25], Р. Төлеубекова [26] т.б. көптеген қазақ зерттеушілері осы дәстүрді жалғастырып, халық педагогикасы тарихын, оның ауыз әдебиеті мен ақын-жыраулар поэзиясындағы көріністерін, орта ғасыр ойшылдарының педагогикалық ой-пікірлерін жан-жақты қарастырып келеді.

Осындай жетістіктермен қоса педагогикалық әдебиетте, баспасөзде жазылып, қоғамда, өмірде көрініс беріп жүрген талғамсыздық, сыңаржақтылық, ұраншылдық, мәселенің ішкі мазмұнына емес, сыртқы көрінісіне әуестенушілік секілді келеңсіз құбылыстар бой көрсетуде. Мұның өзі уақыт талабына сай оқыту үрдісінде халық педагогикасын пайдаланудың қажеттілігі мен педагогика теориясы мен практикасындабұл мәселенің жеткілікті зерттелмеуі арасында қарама-қайшылықты тудырады.

Осыған орай, зерттеу проблемасы оқу-тәрбие үдерісінде ұлттық сананы қалыптастыруды пайдаланудың педагогикалық негізін қарастыру, педагогикалық мүмкіндіктерін айқындау қажеттілігінде болып отыр.

Бұл қайшылықты шешу диссертациялық жұмысымыздың тақырыбын «Болашақ мұғалімдердің бойында ұлттық сананы қалыпастырудың педагогикалық негіздері» деп таңдауға мүмкіндік берді.



Зерттеудің мақсаты - Болашақ мұғалімдердің бойында ұлттық сананы қалыпастырудың педагогикалық мүмкіндіктерін ғылыми теориялық және практикалық тұрғыда негіздеу.

Зерттеу объектісі - жоғары оқу орнындағы оқу-тәрбие үдерісі.

Зерттеу пәні – студент-жастардың бойында ұлттық сананы қалыптастыру үдерісі.

Зерттеу болжамы – оқу-тәрбие үдерісінде ұлттық сананы қалыптастыру тиімді болуы мүмкін, егерде оқу-тәрбие үдерісінің мазмұны мен әдістемесі оқушылардың сана-сезіміне, ұлттық рухын, ұлттық мүддесін, ұлттық идеясын, ұлттық намысын, сенімін, еркін, қарым-қатынасын және мінез-құлқын ұлттық тәлім-тәрбиелік мақсаттылықпен қалыптастыруға бағытталған жүйемен қамтамасыз етілсе, жоғары оқу орнындағы оқу-тәрбие процесінде мақсатты түрде жүзеге асырылса.

Зерттеу міндеттері:

- педагогикалық пәндерді оқытуды ұлттық сананы қалыптастырудың ғылыми-теориялық негізін қалыптастыру;

- ұлттық сананы қалыптастырудың тәрбиелік мүмкіншіліктерін ашып көрсету;

- ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған жоспарлардың озық үлгілерін оқу-тәрбие үдерісіне ендірудің нақты жолдарын көрсету.



Зерттеу көздері – ұлттық сана тақырыбына байланысты тарихшы-этнографтардың, философтардың, психологтардың және педагогтардың еңбектері, Қазақстан Республикасының ресми құжаттары; зерттеу проблемасы бойынша жазылған ғылыми педагогикалық еңбектер; жоғарғы оқу орны оқытушыларының оқу-тәрбие жұмысындағы озат тәжірибесі; автордың педагогикалық тәжірибесі.

Зерттеу әдістері: тарихи-этнографиялық, философиялық, психологиялық, педагогикалық және оқу-әдістемелік әдебиеттерге теориялық талдау жасау, оқушылардан сауал-сұрақ, пікіртерім алу, интервью алу, әңгімелесу, педагогикалық бақылау арқылы озат педагогтық іс-тәжірибені зерттеу, оны қорытындылау.

Зерттеу жұмысының құрылымы: диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Кіріспеде зерттеудің көкейтестілігі, мақсаты, міндеттері, зерттеу әдістері, зерттеу болжамы, зерттеу көздері, құрылымы, ғылыми жұмыстың осы кезге дейінгі зерттеу деңгейі, теориялық және практикалық мәнділігі көрсетілді.

Зерттеудің «Болашақ мұғалімдердің бойында ұлттық сананы қалыпастырудың педагогикалық негіздерідың ғылыми теориялық негізі» атты бірінші тарауында ғылыми теориялық жақтары қарастырылған.

Зерттеудің «Педагогикалық сабақтарда ұлттық сананы қалыптастыру әдістемесі» атты екінші тарауында теорияның практикалық мәнділігі көрсетілді.

Қорытындыда теориялық және тәжірибелік эксперимент нәтижелеріне негізделген тұжырымдар берілді.



  1. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПӘНДЕРДІ ОҚЫТУДА ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗІ


1.1 Ұлттық сана ұғымының мазмұны мен сипаты
Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» стратегиялық бағдарламасында толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн екендігі айтылған [27]. Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.

Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағының діңгегі десек те болады.

Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері бізге сол рухани мәдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Сонымен бірге ұрпақ тәрбиесіне, жалпы халықтың рухани дамуына байланысты ұлттық тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерді: Қорқыт ата [28], әл-Фараби [29], Қожа Ахмет Йассауи [30], Мұхамед Хайдар Дулати [31], Жүсіп Баласағұн [32], Махмұт Қашқари [33], Асанқайғы [34,258] т.б. қазақ ақын- жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің тәлімдік сөздерінен көреміз.

Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі, өзінің туған жеріне өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек. Халықтық әдет-ғұрып, салт-санасының байлығы, патриоттық сезім Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.        

Көне заманнан-ақ қазақ халқында жазбаша педагогикалық еңбек жазып қалдырмаса да білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған. Олар өз көзқарастары мен әрекеттерінде белгілі-бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраттары мен арман-тілектеріне сүйеніп отырған.            

Ұлттық сана-сезім, ұлттық патриотизм әр адамды, әр халықты ұлттық ойлау қабілеті, ұлттық әдет-ғұрып, ұлттық салт-дәстүр қоршауында сақтайтын негізгі рухани байлық. Егер бір ұлттың бір бөлшегі басқа жерде, я өз Отанында бөлек ұлттың сана-сезімі негізінде тәрбиеленсе, онда ол қоғамның мүшелері басқа ұлттың әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін қабылдайды, біраз уақыттан кейін сол ұлтқа сіңіп кетеді. Сондықтан халықты ұлт ретінде сақтайтын жалғыз жол бар. Ол жол – жас ұрпақты ұлттық сана-сезім негізінде тәрбиелеу. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы бала дүниеге келгеннен бастап отбасындағы ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты. Егер отбасында ұлттық тәрбие болмаса, балалардың ұлттық тұлға болып қалыптасуы сондай теріс тәрбиеге лайықтанып қалыптасады.



Бәсекеге төтеп бере алмаған ұлттың болашағы қашан да бұлыңғыр.Саясаттың кесірінен ұлттық құндылығынан біртіндеп (немесе біржола) қол үзген талай-талай ұлттың жер бетінен жойылып кеткендігіне тарих куә. Ғалымдардың есебінше, «ақпараттар айқасы» басталған ХХІ ғасырда тағы көптеген ұсақ ұлттардың басына осындай қатер төніп тұр. Төл мәдениеті мен әдебиетін сақтай алмағандықтан, ұлттық болмыс-бітімінен адасып, тілі мен ділінен айырылып бара жатқан мұндай халықтар өзге ұлттарға сіңісіп кетуде. Осындай жағдайларға қарап отырып қазақтарды жолы болған халық деп санауға болатындай. Дүние жүзін мекендеген елдердің ішінде тіршіліктің кермек дәмін молынан татқан, тағдыр тәлкегіне түсіп, заманның қиын тұстарымен қатар келген екі халық болса, соның бірі қазақ шығар, жалғыз болса, ол да қазақ болар. Барлығымызға белгілі талай «қилы замандарды» басынан өткерген біздің жұрт қазіргі мемлекет дәрежесіне дін аман, алдына асқақ мақсаттар мен міндеттерді межелеп жетіп отыр. Тәуелсіздігімізді алған жылдар ішінде саясат пен экономикадағы жетістіктеріміз бен бағындырған асуларымыз туралы көп айтылып, көп жазылып жүр.

Кеңестік идеологияның кесірінен ғасырлар қойнауынан сыр шертетін ұлттық ерекшеліктерімізді айшықтайтын төл тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз қолмен тұншықтырылып, ел игілігі үшін жұмыс істеудің орнына сан жылдар бойы архивтерде «шаң басып» жатқандығы мәлім. Өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдарына дейін орта білім алған әрбір қазақ баласының санасы миллиондаған ұрпақ құдайдай сенген «ұлы кеңестік идеологияның иісалмас идеясымен уланып», нәтижесінде түрі өзгермесе де тілі шұбарланған әрі ділі дүдәмаланған талай буын төл тарихы мен мәдениетінің, одан қала берді әдебиетінің тамырына терең бойлай алмады [35.14]. Ал сол асылдарымыздың барлығын тарих бетіне шығарып, ұлтымыздың қисапсыз мұраларын жаңғыртуға тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Оларды жинақтап, бір арнаға тоғыстыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленіп, жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» [36] мемлекеттік бағдарламасының қосқан еңбегі өлшеусіз. Алғашқы кезеңі 2004-2006-шы жылдар ішінде жүзеге асырылған, ал екінші кезеңі 2007-2009-шы жылдарға арналған бағдарлама аясында өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртуда, жалпы мәдени мұрамыздың тұтастай жүйесін жасауда көңілді қуантатын, көзді сүйсіндіретін толағай игілікті істер жасалды, әлі де жасалып жатыр. Бағдарлама аясындағы сондай берекелі істердің бірі бұл мәдениетіміздің, әдебиетіміздің, салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыпымыздың, жалпы ұлттық болмысымыз бен бітіміміздің, тілдік ерекшелігіміздің, сондай-ақ түрлі дереккөздерден алынған тарихымыздың тұңғиығына етене бойлап, барымыз бен жоғымызды жан-жақты саралауға мүмкіндік беретін көп томдық еңбектердің (кітаптар) жарық көріп жатқандығы. Бағдарлама жүзеге асып жатқан кезеңнен бері түрлі мазмұндағы көп томдық 50-ге тарта кітаптар жарық көріпті. Басылып, түптеліп бүгін-ертең баспаханадан бұқараға жол тартуға дайын тұрған томдықтар да жетерлік. Осының барлығы әрине көңілдің қуанышын еселей түседі. Мұндайда қандай жұрттың алдында болсын «біздерде мынадай бар, мынадай бар», деп мақтануға болады. Бұл мәселенің бір жағы. Мәселенің екінші жағының сабағын тарқатар болсақ, ендігі жерде бағдарлама аясында шыққан еңбектер діттеген жеріне жетіп жатыр ма, жетсе қалай, қаймана қазақ, соның ішінде әсіресе жастар сол кітаптармен жіті таныс па, деген сауалдар төңірегінде мықтап ойлану қажет сияқты. Бұл сөз жоқ үлкен жауапкершілікті талап ететін дүние. Егер кез-келген мемлекеттің ұлттық идеологиясы сол мемлекетті құрған (қалыптастырған) ұлттың тарихы мен мәдениетінің, әдебиетінің, жалпы ұлттық ерекшелігінің негізінде жасалатынын ескерсек, бұл көзқарас тұрғысынан алғанда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жаңағы жарияланған еңбектердің, сол еңбектердегі жазылған идеялардың тиісті жеріне жетіп, ұлт игілігі мен мемлекет болашағына, ұлттық сананы қалыптастыруға жұмыс істеуіне маңыз беру қажет. Өйткені адам баласын тал бесіктен, жер бесікке дейін жалықпай-талмай өз ұлтының ұлттық көзқарасы тұрғысынан жазылған кітаптар мен соларды айтылған идеялар ғана тәрбиелей алады. Ал дәл қазіргі таңда қазақ халқының ұлттық санасы толық қалыптасты ма, деген сауал төңірегінде әртүрлі пікірлер айтылып жүр.

Ал сол ұлттық сана ұғымына анықтама берер болсақ, ғаламтордағы ашық энциклопедияда оған төмендегідей анықтама берілген. Ұлттық өзіндік сана дегеніміз — этностық сананың жоғары, күрделіленген, жетілдірілген формасы. Ұлттық өзіндік сананы ұлттың өзінің әлеуметтік-этностық мәнін танып білуі, дүниежүзілік қауымдастық жүйедегі өзінің орнын және қандай орын ала алатынын, адамзат тарихындағы атқарып жүрген әрекеттік рөлін және оның қандайын атқара алатынын, адамзат жасап жатқан өркениетке қосқан және қоса алатын үлесін сезіп тұшынуы, сонымен қоса өзге халықтармен тең, еркін және тәуелсіз өмір сүрудің табиғи-тарихи құқығын түсінуі деп ұғуға болады [37].



Ұлттық сананың қалыптасуына және оның дамуына екі тұрғыдан қарауға болады: біріншісі-сезімдік, түйсіктік, екіншісі-саналы теориялық. Біріншісі өз елін, халқын, ұлтын сыйлайтын, сүйетін алғашқы ыстық сезімнен туса, екіншісі өз елінің, халқының, ұлтының өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп, халық тағдырына, ұлт мәселелеріне мемлекеттік, елдік, тіпті дүние жүзілік тұрғыдан теориялық ұлттық бағыт-бағдарлама тұрғысынан қарап, аңғару арқылы болатын саналы ойдан туады. Ал, ұлттық сананың жасаушысы, қолдаушысы, қорғаушысы, сақтаушысы әрқашанда ұлттық интеллигенция, ұлттық зиялы қауым.

Ұлттық сананың ең негізгі белгісі - әр ұлттың өзін-өзі танып білуі, өзін өзге ұлттардан айыра білуі, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді іске асыру үшін күресу, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді бүкіл адамзаттың мақсаттары мен мүдделеріне ұштастыра білу. Өз ұлтының жетімсіздер, мешеулеу жағымен күресе отырып, ілгері дамыған ұлттардың жақсы, жағымды жақтарынан үйрену, дүние жүзілік гуманистік санаға жету [38.214].

В.Бромлей ұлттық сана-сезім - «адамның өзінің осы ұлттың өкілі екендігін, ұлт мүддесі мен құндылықтарын және басқа ұлттарға көзқарасын сезініп-түсіну, бір сөзбен өзінің кешенді ұлттық ұғымын калыптастыру» деп білгірлікпен атаған [39.76].

Біздің ойымызша, ұлттық сананы қалыптастырып қана қоймай, оны заман ағымына сай жетілдіріп отыру бүгінде басқа басқа, дәл біздің халық үшін аса көкейкесті болып отыр. Ұлтты тәрбиелеу, ұлттық сананы қалыптастыру өте нәзік дүние. Оны күштеп істеу мүмкін емес. Сондықтан, бағдарлама аясында аса ауқымды жұмыстар атқарылып жатқан тұста мәдени мұраларымызды насихаттап, ондағы идеяларды жастардың санасына терең сіңіру жұмысы уақытында әрі жоғары сапада жасалуы тиіс. Түйіндеп айтқанда, «қолымызды мезгілінде дөп сермеуіміз керек». Өйткені мемлекеттің болашағы өсіп келе жатқан жас буынның, жастардың қолында. Оған ешкімнің таласы жоқ. Олай болса, енді бір бес-он жылдан кейін шешуші мемлекеттік құрылымдардың тізгінін ұстайтын азаматтардың төл тарихы мен мәдениетін тұмардай қастерлеп, әдебиетін әспеттеуі бүгінгі тәрбиенің, бүгін қалыптасып жатқан ұлттық сананың деңгейімен тығыз байланысты болмақ. Ал ақпараттың ағыны артқан заманда қазақ жастарының ұлттық санасы қалай қалыптасып жатыр, қандай бағытқа бет алуда деген сұрақ қоғамды алаңдатуда. Бұл бүгінгі күні санамызды өзге ұлттың, соның ішінде батыстың ықпалы артып тұрған тұста зиялы қауымнан бастап, қарапайым әрбір азаматты ойландыруы тиіс. Бұл жерде әрине ол еңбектердің таралымын мейлінше көбейтіп, еліміздің барлық өңірлеріндегі кез-келген кітапханалардан табылуына, ол кітаптарға студент жастардың қол жеткізуін жеңілдетуге жағдай жасау қажет. Қазақтың әрбір баласы ата-бабаларының кім болғандығын, қандай жолдармен жүріп өткендігін мейлінше терең танып-білгені жөн. Бүгінде «Мәдени мұра» бағдарламасын насихатайтын электрондық кітапхананың жұмыс істей бастағанын білеміз [40]. Олардың барлығы жастар тәрбиесіне оң ықпалын тигізері анық. Соңғы кездері жастардың ұлттық санасынының қалыптасуына мәдени, ұлттық құндылықтардың тигізер әсерін жандандыру керектігі күн тәртібінен түспей отыр. Ол уақыт талабы. Бұл жайында ғылыми еңбектерге талдау жасай отырып, жастар тәрбиесіндегі мәдени құндылықтары деп төмендегілерді айтуға болады:

1. Жетілген адам, яғни «Сегіз қырлы, бір сырлы адам» тәрбиелеу.

2. Отанды, халқын, жерін,елін сүю. «Атаның ұлы емес, халықтың ұлын» тәрбиелеу.

3. Адал, арлы азамат тәрбиелеу, яғни «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы».

4. Жеті атасын білуге тәрбиелеу. «Жеті атасын білмеген жетесіз».

5.  Отбасы шежіресі және мұрагерлік (туыстық қарым-қатынас, үш жұрт, отбасындағы кенже ұлдың ерекше рөлі). Ата-баба дәстүрін жалғастыру.

Оқу мен тәрбие егіз. Оны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде-ақ оқушы бойына сіңе бастайды [41.30].

Елімізде ұлттық сананы қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) маңызы ерекше. Жаңа қазақстандық қоғамда жастардың теледидар мен радионы еркін пайдалануға мүмкіндік мол.

Радио мен телеарналарда біраз ұлттық болмысымызға сай бағдарламалардың жүргізілуін үлкен игілікті істің бастауы деп санауға болады. Мәселен: «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ», «Алтыбақан», «Ақсүйек», «Шаңырақ», «Бастаңғы», «Айтыс», т.б. бағдарламалардың тәлім-тәрбиелік құндылығы өте зор. Сонымен қатар, бала тәрбиесінде өзіміздің ұлттық дәстүрімізде жасалған мультфильмдердің, кітаптар мен бейнетаспа үлгілерінің атқарар рөлі де ерекше деп білеміз.

Өскелең ұрпақ білім мен ұлттық тәрбие негіздерін өзінің ұлттық мектебінен алатыны сөзсіз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аласың» демекші, ата дәстүріміздің қалыптаса беруіне отбасы тәрбиесінің ықпалы зор. Әйтседе, күнделікті тірлікте ортақ тәрбие құралы – бұқаралық ақпарат құралдарын баса пайдаланып келеміз.

Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай кезінде былай деген: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» [42.71].

Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзатттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени-рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету арқылы жастардың бойында ұлттық сананы қалыптастыру басты міндетіміз болып қала бермек.

Ұлттық тәрбиеге негізделген ұлттық сана – біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Ал мұндай мәселелерді зерттеп, көпшіліктің ой-пікірлерін жас ұрпаққа жеткізетін негізгі құрал – бұқаралық ақпарат құралдары екені даусыз.

Өмірден қымбат нәрсе бар ма адамда,

Орындыға жұмсасаң өлмес дәрі.

Қасиетін өмірдің білу керек,

Басында ми бар болса, бетінде ары, - деп Шәкәрім ақын жырлағандай, біздің жастарымыздың өз өмірлерін бос өткізбей, білімге жұмсауды, артында өшпейтін із қалдырып, ұлттық болмысымызды, мүддемізді, намысымызды сақтап қалуға ұмтылуына көмектесуіміз керек. [43.76]. Біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу – ұлттық сананы қалыптастырудың қайнар көзі болмақ. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – баршамыздың парызымыз. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған ұрпақ тәрбиелей аламыз

Сонымен қорытындай келе, осындай халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды өздеріңіздің талмай, қажымай еткен еңбектеріңіздің арқасында дарынды да тәрбиелі оқушылардың бойына сіңіріп, ұлттық мәдениетімізді әлемдік деңгейдегі мәдениетке жеткізіп сақтауға деген патриоттық сезімді қалыптастыруға бір кісідей атсалысу қажет. Ендігі кезекте ұлттық сананы құрайтын компоненттерге тоқталсақ.



Ұлт толыққанды ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы және ұлттық мүддесі болуы керек. Олай болса бүгінгі күні қазақтар өздерінің саяси тәуелсіздігін алып, егеменді ел болғаннан бері, өткен жиырма жылдың ішінде ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарын қадірлеп, ұлттық мүддесін қорғауда қандай жетістіктерге қол жеткізгенін білу үшін біз әуелі ұлттық сана, ұлттық құндылық, ұлттық мүдде деген сөздердің мағынасына талдау жасап, оның ұғымына түсінік беруіміз керек.






Кесте - 1. С.Пірәлиев бойынша ұлттық сананың құрамдас бөліктері


Ұлттық сана дегеніміз сол ұлтты құрайтын халықтың әр адамының жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған ұжымдық түрі, яғни ұжымдық сана.

Ұлттық сана абстракты ұғым емес, ол ұлт тірлігінің тұрмыстық көрінісі, былайша айтқанда, сол ұлтты құрайтын халықтың бүкіл ғұмырнамасының, әдет-ғұрпының, салт-дәстүрінің, әдебиеті мен мәдениетінің, өнерінің, тұрмыс-тіршілігінің тарихын білу дәрежесі, яғни халықтың өзін өзі жете танып, түсінуі. Ұлттық сана ұлттық дүниетанымға негізделеді. Ал ұлттық дүниетаным дұрыс таным-түсінік арқылы өріс жайып, ұлттық дәстүр арқылы өз болмысын танытады.

Өз ұлтыңа деген құрметтің көрсеткіші — ұлттық сана-сезімнің қалыптасу деңгейіне байланысты. Қазақ этносының өкілі болуды құдай маңдайыңа жазғаннан кейін, оны мамандық ауыстырғандай ауыстыру мүмкін емес. Өйткені, ауыстырмақ болып, басқа ұлттың мәдениетін қаншама бойыңа сіңірдім дегеніңмен, бәрібір сен сол ұлтқа кірмейсің, төлтумасы бола алмайсың. Қабылдамайды, реті келген тұста өгейлігіңді есіңе салады да тұрады. Мұндай жағдайды бастан кешірген жан кейін рухани дағдарысқа ұшырап, өмірінің соңы бақытсыздыққа айналады [44.135].

Сана-сезімі өзінің төл этникалық ортасында, төл мәдениетінің аясында қалыптасқандар ұлтшыл болып келеді. Өйткені, оған өзін қоршаған ортаның бәрі етене жақын, адамдарының бәрі бірге туған туысындай көрінеді.

Рухани дүниесін қалыптастырған сезімдердің бәрі ортақ. Сондықтан да ол осы ортақ сезімге қатысты мәселенің қандайына болсын бейтарап қарай алмайды. Бәрін тікелей өзіне қатыстыдай көреді. Ортақ қуанышқа өз қуанышындай мәз болады, ортақ ренішке өз қайғысындай қайғырады. Халқының этномәдени құндылықтарын қасиет тұтады. Ең ғажабы, өздері осылай болған соң, өзгелерді де өздеріндей көріп, оларға түсініс­тікпен қарайды. Олардың мәдениетін сыйлап, құрмет көрсетеді және олардан осындай кісілікті талап етеді. Ұлттық кемсітушіліктің қандайына болсын төзбейді, ондай жағдайда басын бәйгеге тігуге бар.

Ал бұған керісінше, сана-сезімі өзінің этникалық ортасынан тыс, өзге мәдениет аясында қалыптасқандар ұлтшылдықтан ада болып келеді. Ондай жандарды қазір халық “мәңгүрт” деп атап жүр. Ғылым тіліндегі “этнонигилистер” де осылар [45.152]. Бұлар туралы қазір баспасөз бетінде аз жазылып жүрген жоқ. Төл халқының мәдениетінен бейхабар өскендіктен, олар күнделікті тұрмыста өзінің этникалық ортасына бөгделігін сезініп, қолайсыз жағдайға ұшырайды да, бірте-бірте араласып-құраласып тұруына қолайлы өзге ортаға қарай бейімделіп, соның мәдениетін меңгеріп, солардай болуға ұмтылады. Сол арқылы жанына жұбаныш табады. Бөгде мәдениетті қорғаныс құралы етіп, өз халқының мәдениетіне қарсы қояды. Нәтижесінде өз халқын іштей жек көріп, өз халқының құндылықтарын менсінбейді. Маңында жүрген өз ұлтының әлдебір өкілінің жағымсыз тірлігін көрсе, соны бүкіл халыққа теліп, бүкіл халыққа тән құбылыс етіп көрсетуге дайын тұрады. Өзін өзге қандастарынан артық санап, осы халықтың ұрпағы болғанына іштей өкініп, күйінеді. Сол себепті, бар мүмкіндігінше өзін бір ұлттың емес, бүкіл адамзатқа ортақ перзент етіп көрсетуге ұмтылады. Бірақ өмір шындығы – алдымен ұлттың ұлы болып танылып, содан кейін адамзаттың ұлы болуға ұмтылудың даналық, ал ұлтының ұлы бола алмай жүріп, адамзаттың ұлы боламын деу – шалалық екенін әр жағдайда дәлелдеп келеді.

Сонымен ұлттық сана жайлы ғылыми зерттеулерді талдай келе оның төмендегі құрамдас бөліктерін, компоненттерін белгіледік. Олар: ұлттық мүдде, ұлттық мінез, ұлттық намыс, ұлттықпатриотизм, ұлттық сезім, ұлттық тәрбие, мәдени құндылықтар. Ұлттық сананы құрайтын компонеттер кесте-2-де көрсетілген.



Кесте – 2. Ұлттық сананы құрайтын компонеттер

Бұдан шығатын қорытынды – адам ата-анасын таңдай алмайтыны сияқты этносын да таңдай алмайды. Тағдырдың жазуы солай. Өзінің тәрбиесіздігінен, біліксіздігінен төл мәдениетін жатсынып, өзге мәдениеттің шапанының шалғайына жармасып жүргендер ерте ме, кеш пе, дағдарысқа ұшырап, Абай айтқан: “не ол емес, бұл емес, менің де күнім күн емес” күй кешеді. Асылы, дана халық “Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң” дегенді бекер айтпаса керек. Біздің міндет – үйіріне қосылуға талпынғандарды қолдап, барынша бауырмалдық көмек беру, ұлттық сананы қалыптастыру [46.126].

Жалпы ұлттық сана төмен болса, халық халықтық қасиетінен айырылып, мылқау күш тобырға айналады. Мұндай кезде ұлттық мүдде жеке бастың пайдасының құрбандығы болып, ұлт, халық, намыс деген қасиетті ұғымдар тілде бар да, ділде (жүректе) жоқ, тек рухани алыпсатарлардың көпшілік көзін алдар құралы мен ұранына айналады. Ел болашағын ойлаған есті азаматтың алысты болжаған аңғарлы саясаты жұртынан қолдау таппай, бар уақыт “жалаңаш патриоттардың” жайдақ айқайын басуға, соларға түсіндіруге, өзімен өзі арпалысуға кетеді. Елдік істе нәтиже болмайды. Адамзаттың ұзақ тарихының сабағы осыны көрсетеді.

Мұның бәрі, жоғарыда айтқан, отарлаушылардың жүргізген зұлым саясатының салдарынан қазақтың ұлттық санасы тәуелсіздік талабына ілесе алмай, кенжелеп қалып отырғанын айғақтайды. Бұл кең мағынасында қазақтың төл мәдениетінің де кейіндеп қалғанын байқатады. Сондықтан да қазақ арасындағы қазіргі қазақшылдық көп жағдайда ұлттық жоғары санаға емес, дертке ұшыраған жерлестік түйсік, қандастық соқыр сезімге негізделген. Содан да болар, қазіргі қазақта шамдану бар да, шамырқану жоқ; кіжінісу бар да, қыжыл таныту жоқ; ұрандасу бар да, ұйымдасу жоқ; халқым деу бар да, оның қамын жеу жоқ. Айналып келгенде жетер жеріміз баяғы бос сөзді судай сапырып, өзара қауқылдасумен ғана шектеліп қала беру. Тәуелсіздік алғаннан бергі тілге, жер сатуға және басқа өзекті мәселелерге, тіпті, қылаяғы кешегі ұлттық валютамызды өзгертуге қатысты ықпалды бір нәтижесі жоқ көп шуылымыз осының жарқын айғағы. Бұдан тек ұлттық мүдде ұтылыста болады [47.22].

Қазаққа тән игілік пен ұлттық сана дегеніміз ол - әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, ұрлық, қиянат жасамау, үлкенді сыйлау, тағы сондай сияқты [48.23].

Қазақ ойшылдарының көзқарасындағы басты идея «атаның баласы болма, адамның баласы бол, жақсы көпке ортақ, пайдаң еліңе, халқыңа тисін», деген гуманистік ой-пікірді қуаттау болды [49.196].

Қазақ халқы баланы жамандықтан жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болуын, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі өң мен түрден ләззат ала білетін, һәм байсалды, ойламды, шымыр болып өсуін ұлт тәрбиесінің негізгі қағидасы етіп ұсынған.

Ұлттық мүдде дегеніміз, сол ұлттың құрамындағы халықтардың (адамдардың) өздеріне тән халықтық рухани-мәдени және материалдық құндылықтарын сақтай отырып, ұлттың ілгері дамуын, өмір сүруін қамтамасыз етуді көздейтін негізгі нысаналы ортақ мақсаты. Сондықтан да ұлттық мүдде өмірдің бар саласында бірінші кезекте тұруға тиіс. Саясатта да, экономикада да, мәдениетте де, таным-талғамда да, қысқасы күнделікті жасалынатын іс-әрекеттің бәрінде де мәселенің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі – елдің тұрақты өркендеуінің, мемлекеттігінің нығаюының басты кепілі болып табылады. Сол себепті де ұлттық мүддені қорғау — қоғам мүшелерінің бәріне бірдей ортақ қажеттілікке айналады. Бұл ретте ұлттық мүддені уақыт талабына сай белгілі бір нәтижелі мақсаттарға бағыттап отыратын пәрменді тетік мемлекеттік институттар болуға тиіс. Өкінішке қарай, бізде әзірге бұлай болмай отыр.

Біздің қоғамда елдік мәселе ұлттық мүдде тұрғысынан шешілмей, тек қалайда табыс табу, пайда түсіру тұрғысынан ғана шешіліп келеді. Ал мұның ақыры түбінде ұлт болашағы үшін орны толмас өкінішке соқтыруы мүмкін. Өйткені, тарих ұлт мүддесін ойламай, күндік табысқа қызығып, пайда қуғандардың күндердің күнінде тәуелділік, басқа күшті елге кіріптарлық қамытына амалсыз өзі барып бас сұғуға мәжбүр болатынын сан дәлелдеген. Соның үшін де бүгінгі билік басындағылардың да, тәуелсіздігі қолына тиіп, ертеңінен үлкен үміт күтіп отырған жалпы қазақ жұртының да ұлттық мүддені ұмытып, уақытша табыстың қызығына берілудің ақыры қайыр болмайтынын естен шығармағаны абзал. Ұлттық мүдденің қорғаушысы – намыс. Ұлттық намыс болмаған жерде ездік үстемдік алып, ұлтқа қатысты құндылықтарға бейтараптық, немкеттілік көзқарас қалыптасады.

Ұлттық сананы құрайтын компонеттің бірі ұлттық намыс. Ұлттық намыс дегеніміз – ұлтты құрайтын халықтың әр адамының ұлтқа қатысты айтылған кез келген кемсітушілікті, ұлтқа қарсы жасалған іс-әрекетті бейне өзіне бағытталғандай қабылдап, соған қарсы жандүниесінде пайда болған сезімнің буырқанған серпілісінің жалпы халықтық сипатқа айналған ұжымдық түрі. Ұлттық намыс – азаттықтың жаршысы, құлдықтың қас жауы. Ол бар жерде құлдыққа орын жоқ [50.185].

Кешегі бір елдің екінші елді отарлауы жаппай үрдіске айналған кездегі отар болған елдердің тарихына зерде көзімен үңілсек, отарлаушы елдердің көп жағдайда әлі ұжымдық сипатқа ие бола алмай, рулық, тайпалық, әулеттік, кландық намыс аясында күн кешіп жатқан елдерді жаулап алып, боданына айналдырғанын көреміз. Ал ұлттық намысы оянған елдердің бірде-біріне тиіспеген, тіпті, қуаты аз шағын елдерге де. Өйткені, ұлттық намысы оянған ол елдердің құлдыққа көнбейтінін, бүгін қарудың күшімен бағындырғаныңмен, ертең бәрібір азаттығы үшін қайтадан күреске шығатынын білген.

Біз де осындай жағдайдың салдарынан XVІІІ ғасырда орыс патшалығының боданына айналдық. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте дүркірей оянған ұлттық намыс шешуші шайқаста Ұлы Жеңіске жеткеннен кейін билікке таласқан хандардың ел тұтастығына жарықшақ түсіруіне байланысты күрт құлдырап, әлсіреп кетті. Ұлттың ішкі тұтастықтан айырылуы ұлттық намыстың жүзге бөлінгендердің жыртысын жыртқан рулық, тайпалық намысқа телімденуіне әкеп соқты. Осыны пайдаланған орыс патшалығы отарлау саясатын кезең-кезеңімен жүзеге асырып, ақырында қазақ халқының мойынына тәуелділік қамытын біржола кигізіп тынды [51.25].

Билік тізгінінен айырылып, бодандықтың бұғауында тыпырлаған халқының осындай мүшкіл күйге ұшырауының себебін ХІХ ғасырда өмір сүрген Абайдың дәл танып, көре білгені қайран қалдырады. Бәлкім, данышпанның данышпандығы да осы — өмірде болып жатқан өзгерістердің өзгелер мәніне жете бермейтін құпиялы қалтарыстарын сезіп-біліп отыратындығында шығар. Қалай болғанда да, Абайдың қазақ халқының осы күйге жетуінің екі себебінің бірі ретінде сонау азат Қазақ хандығы кезіндегі ұлттық намыстан айырылып қалуы екенін ашып көрсеткені шындық. Ата-бабамыздың намысқойлық “мінезі жоқ болған соң, үйренген өнеріміздің бәрі адамшылыққа ұқсамай, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың үлкен бір себебі сол” дейді данышпан Абай бұл орайда [52.36].

Біз жоғарыда, қазақы болмысқа оралу дегеннің не екені жөнінде әңгімелегенде, қазіргі таңда таным-түсінік тұрғысынан да, елдік мүддені ойлау тұрғысынан да біртұтас қазақ халқының бірнеше бөлікке бөлініп отырғанын санамалап айтқанбыз. Енді ойласып көріңіз: осындай ішкі біртұтастығынан айырылып, сан бөлшекке бөлінген халықты ұлттық санасы оянған намысты халық дейміз бе, әлде әр бөлшегі өз тобының намысын жыртқан ұлттық санасы ұйқыдағы халық дейміз бе?! Міне, ұлт болып ойласудың да, ұлт болып нәтижелі іс-әрекетке көшудің де қажеттігі осы тұс! Осы қажеттілікті сезіну үшін ұлттық мінез керек [53.10].

Ұлттық сананың және бір құрамдас бөлігі ұлттық мінез болып табылады.

Ұлт адамдардан құралатындықтан, сол ұлтты құраушы адамның болмысына тән дүниенің бәрі ұлттың болмысына да ортақ болуы заңды құбылыс. Тек, жеке адамға тән дүниенің тұтас ұлтқа ортақ болуы үшін оның танылу деңгейі жекелік аясынан шығып, жалпылық сипатқа ие болуы, яғни көпке ортақ болуы шарт. Бұл ұлттық мінезге де қатысты. Сондықтан “ұлттық мінез,-деп,-ұлттық дәстүр негізінде тәрбиеленген ұлт адамы мінезінің белгілі бір түрінің ұлт мүшелерінің бәріне бірдей болмаса басым көпшілігіне тән ортақ деңгейге көтеріліп, жалпылық сипат алуын айтсақ керек.

Мінезділік жеке адамның да, ұлттың да болмысының көрінісі іспеттес. Халықтық қасиеттеріміздің негізінде мінез жатыр. Өйткені, мінезсіз адамда қасиет болмайды. Бұл ұлтқа да тән. Ұлттық мінезі жоқ халық та солай. Тағдыры шешілер тартысты кезеңде тастүйін бірігіп, ұлттық мінез көрсете алмаған халық — қалың тобырмен тең. Ездіктің езгісінде болып, құрметтен құр қалады. Мінезді халық – намысты халық. Намысты халық ешкімге есесін жібермейді, кеудесін басқызбайды. Демек, ұлттық мінез — ұлттық намыстың егізі, бірінсіз бірі жетім.

Ғасырларға созылған тәуелділік текті халықты жаппай орындаушыға айналдырды. Ата-баба тектілігін танытып, бодандық бұғауын үзбек болып бұлқынған бұла мінезділерді отарлаушы ожар күш аяусыз қырғынға ұшыратып, езіп-жаншып, елдің есін тандырды. Ақырында — өрлік өңезелікке, ерлік ездікке жол берді.

Қазір бәрі өзгерді. Осындай кезде, яғни тәуелсіз ел болып, өз билігіміздің тізгіні өзімізге еркін тиген шақта ежелгі тектілікке оралып, ұлттық мінезді қалыптастыру – мемлекеттік тұрғыдан қолға алынар бүгінгі күннің басты шаруасының бірі болғаны дұрыс деп ойлаймыз. Бұл орайда көрші өзбек елінің ұлттық мінезді қалыптастыру жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама жасап, соны жүзеге асыруға ел болып жұмылып жатқаны бізге де ойласудың қажеттігін көрсетсе керек.

Тектілік мінез қай кезде де халықтың парасат биігінде болуын қамтамасыз етеді, адамды аздырар жаман мінездерден сақтандырады. Қазіргі кезде сондай сақтануға тиісті жаман мінездің бірі – мақтаншақтық. Мақтаншақтық – надандықтың белгісі. Бұл ретте ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай: “әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз, қорқақ мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ ақылсыз надан келеді” – дейді [54.14-18].

Мақтаншақтық – ұлттық мінез емес. Жалпы түрік халықтары мақтануды ұнатпаған. Бұл ретте ХІ ғасыр ғылымының ірі өкілі Махмұт Қашқари “Диуан-и лұғат” атты әйгілі еңбегінің “Түрік” атты бабында: “Түрікте өзін ұнату, мақтану жоқ. Түрік үлкен ерліктер және жанкештілік жасағанның өзінде ерекше іс істемегендей сезінеді”, — деп жазады [55.191].

Бұлай болуы заңды да еді. Өйткені түрік қоғамында ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша адамның бала күнгі кезінен бастап бүкіл тірлігі қоғамның бақылауында болған. Сондықтан қоғам мүшесінің бірде-бірінің жасаған жақсы ісі де, жаман ісі де назардан тыс қалмай, дер кезінде өзіне лайық әділ бағасын алып отырған. Бар тірлігі таразыға тартылып, соған орай ортасы өз бағасын беріп отырғаннан кейін, адамның өзі туралы “мен бүйттім, мен өйтім” деп мақтануының да, ақталуының да қажеттілігі болмаған. Бәрін өскен ортасы дұрыс та әділ бағалап отырған соң, адам ештемеге алаңдамай, барынша қоғам талабына сай тірлік кешуді ғана мұрат тұтқан.

Халқымыздың өмір жолына зер салсақ, жалпы түріктерге тән бұл мінез қазақ халқына да ортақ болғанын көреміз. Мұның солай екенін қазақтың өзінің: “Хас жаман қатынын мақтайды, бас жаман баласын мақтайды” немесе “Өзін өзі мақтаған өліммен тең” болмаса “өзін өзі мақтаған өлімнің қара басы” деген тәріздес ой тұжырымдары да дәлелдейді. Бұдан мақтануды хош көрмеген бұрынғы қазақтың, азат қазақтың ұлттық мінезі анық көрінеді. Кейінгі бодан қазақ бұл мінезден айырылып қалды. Дұрысы – айырылуға мәжбүр болды [56.106].

Отарлаушылар өздерінің үстемдігін толық орнату үшін бұрынғы қазақ қоғамында бар қалыптасқан кісілікті, парасаттылықты түрлі айла-амал қолдану арқылы біртіндеп қажеттіліктен шығарып, оның орнына қазақ жұртын қалайда жанын жалдап күн көрудің артықшылықтарын пайдаланып қалуға насихаттап бақты. Осы жолда кім отарлаушылардың ойынан шықса, сол жақсы адам ретінде бағаланып, марапатқа ие болды. Ал ойынан шықпағандар – неше жерден керемет болса да, жамандар қатарына жатқызылды. Соның салдарынан жұрт асыл мен жасықтың, жақсы мен жаманның парқын ажыратудан қалды. Осыдан келіп, өз тірлігінің өзгелерге қарағанда артық екенін, дұрыс екенін біліп тұрған анау адам биліктілер тарапынан жасалған әділетсіз бағалауға төзе алмай, “ау, мен бүттім ғой, мен сөйттім ғой” деп өзін-өзі көрсетуге тырысты. Бірақ оны құлаққа ілген жан болмады. Бағалаудағы әділетсіздік қайталанған сайын, қиянатқа төзбеушілердің үні де молая түсті. Олар алғашқыда ызамен, күйініп айтса, кейін өзін өзінен басқа бағалар ешкімнің жоғын біліп, өзі жөнінде барынша майын тамызып, сүйініп айтатын болды. Сөйтіп, мақтаншақтық жат мінез біртіндеп қазақтың болмысына еніп, әдеттегі тірлікке айнала бастады. Қазір мақтанды ұнатпайтын қазақ аз.

Кезінде мән-мазмұнын ұлы Абай ашып берген осынау жат мінез, жаман мінез еліміз тәуелсіздік алып, өз билігіміз өз қолымызға тиген қазіргі шақта да кәрі қойдың жабағысындай жабысып қалмай жүргені еріксіз ойға қалдырады. Қол жеткізген азды-көпті жетістігімізге желпініп, жер-көкке сыймай жарыса мақтанғандарды көргенде осы құрғыр жаман мінез ұлттық мінезге айналып кете ме деп қорқамын. Қалайда жаманның жамандығын жаныңмен сезініп, одан аулақ болғанға не жетсін! [57.186]

Ұлттық сананы зерттеуде құндылық мәселесінің маңызы зор. Құндылық мәселесі қазіргі таңда тек кана әлеуметтану мен философия саласының ғалымдарын емес, қоғамның барлык салаларын ойландыратын деңгейге жетіп отыр. Өйткені, ұлттың ұлттық санадан құндылықты іздеуінің өзі сол ұлттың руханилығьньң төмендеуі, ия артуы немесе бағалаушылық деңгейден айырылуы. Сондықтан да құндылықты кез-келген тұстан іздеу бүл қателік деп ойлаймын. Бүл белгілі бір идеалды нәрсе болуы керек. Мұндай қатынас тікелей, ия болмаса жанама түрде құндылықтың мәнділігінің жойылуына апаратыны сөзсіз. Ал құнсызданудың ар жағында дәстүрлі мәдениеттің дәрменсіздігімен ұлттық мұраттың утопиялық идеал екенін көрсетеді. Құндылык болса, өзінің болмыстық табиғаты бойынша бұл сапалық көрсеткіш. Сондықтан да қазіргі коғамдық ой-толғам шеңберінде ұлттық санадағы құндылық дегеніміз не? құндылық неден туындайды және казіргі таңдағы ұлтымыз үшін не құнды? деген сұрақтардың қойылуы заңды құбылыс деп ойлаймын.

Ұлттық санадағы құндылықтық бағыт-бағдар мемлекеттің әлеумет экономикалық-саяси жағдайының негізіне сай анықталуы мүмкін. Мәселен, Кеңестік дәуірде ұлт үшін ең маңызды құндылык ол партия идеологиясымен дәріптелінген Кеңестік ұлттардың моралдық-саяси бірлігімен мемлекет алдындағы борыштық парызы болса, Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Батыстан келген демократиялық басқару, нарықтық қатынастар, батыстық ойлау мен өмір сүру үрдісі біздің ұлттық санаға маңызды әсер етті. Бұл әрине, құндылықтың табиғатын күрделендіре түседі. Соның нәтижесінде қазіргі таңда құндылықты зерттеудің екі ұмтылысы анықталынып отыр. Ол:

1) санадағы бар, шынайы өмір сүретін құндылықтар;

2) жүрек қалауындағы мақсат-мүдделер мен идеалдар[58.161] .

Бұл бойынша жаңакантшылдықтық Баден мектебі (неміс философы Виндельбанд үшін философияның өзі жалпымәнділікті құндылықтар туралы ілім. Жоғары құндылықтар ол ақиқат, игілік, сұлулық, қасиеттілік) дамытқан аксиологиялық трансцендентализм үшін құндылық эмпирикалықпен емес, трансцендентализммен арақататынасты норма болмысы, идеалды болмыс, немесе нормалық санамен арақатынасты болмыс. Құндылықтық бағыт-бағдар өзіндік түрде сананың өзегінде қалыптасқан идеалды нәрсе және ол сана деңгейінде де, денгейінде де әсер етеді. Бұдан түсінетініміз құндылықтар-адам өмірінің бағыттарын анықтаушы күш болып табылады. Сондықтан да құндылық, біріншіден, экцистенциалдық және сапалық мінездемелеріне қарағанда белгілі бір объектінің жағымды және жағымсыз мәнін көрсететін ұғым. Екіншіден, қоғамдык (субьекті санасының) бағалаушылық, нормативті жағын көрсететін ұғым. А.М.Коршуновтың есептеуінше кез-келген идеалды мәнділікті (сапалы) құндылық деп түсіндіруге болмайды. «Құндылық жағымды мәнділік немесе адамның коғамдық-тарихи іс-әрекетінің жүйесіндегі сол немесе басқа құбылыстардың қызметі. Сол арқылы біздер мәнділіктің бір формасы ретінде түсіне отыра, құндылық өрісін шектейміз. Қоғамдық дамуда жағымсыз ролдегі құбылыс жағымсыз мәнділік ретінде түсіндіріледі. Сондықтан да құндылықтық болып коғамдық прогресске қызмет ететіннің барлығы табылады» [59.341].

Ұлттық сананы жүзеге асырушы жеке адам санасы. Бұл тұрғыда субьекті өзінің таным логикасының процесі кезінде обьектіні бағалау актісі орындалады. Яғни обьектіні сезімдік сенситивті бейнеленуі кезінде салыстыру, белгілеу немесе керісінше ұқсамайтын нышандар, қасиеттерді айқындайды. Бұл түсінікте «бағалау» ұғымы «құндылық» ұғымымен арақатынасты. Бүдан түсінгеніміз құндылықтар бағалаудың негізінде жатыр [60.918]. Ұлттық сана үшін құндылықтың мәнін айқындаушы ұлттық сапаның бағалаушылығы. Бұл орайда сонау еліміз егемендік алған кездері біздің елде де өзіндік бір ұлттык ренесанс басталғаны белгілі. Соның нәтижесінде ұлттық сана өзіндік дүниеге көзкарасының негізінде қайта бағалаушылық жасап, өмірлік күндылықтармен катар, тәуелсіздік, бостандық, дәстүрлі мәдениет, әдебиет, тіл, тарих, атамекен, дін, мемлекет, ұлттық рух, ұлттық мұра, ұлттық болмыс секілді ұлттық құндылықтарды айқындады.Мұндай құндылықтар адамзаттың мәдени әлеуметтенуінің көрсеткішіне айналып, даму идеясын дүниеге әкеледі. Даму идеясы құндылық ретінде дүниеге көзқарастың ұйытқысы. Бұл орайда ұлттық сананы жүзеге асырушы жеке адам санасы даму процесі кезіндс ең алдымен өзі үшін не пайдалы, не пайдасыз екенін анықтайды. Ал жоғары құндылықтар әлі де болса алда. Өйткені біздің ұлттық идеалдар (оны мойындауымыз кажет) шетелдік идеалдарға ұласып, әлемдік жахандастыру өз әсерін ұлттық санаға тигізуде. Сондықтан да ұлттық санадағы басты құндылық:


  • тарихи процесс;

  • сананың тұрақтылығы;

  • тұрақтылық (меніңше әлеуметтік, саяси-экономикалық);

  • ұжымдық (рушылдық) [61.193].

Нәтижесінде ұлттық мәдениет ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, сакталып, дами түседі. Ұлттың рухани мәдениеті бағалы құнды, өзіндік қайталанбас феномен. Мәселен, белгілі ғалым Мұхтар Арын үшін оның бес анығы бес құндылықты білдіретін секілді. Дегенмен де «ұлт үшін маңызды нышандардың бірі болғанымен де, тіл, дін, территория, мемлекеттік тәуелсіздік ұлттың болмысын анықтай алмайды. Ұлтты анықтайтын нышан ол тарихи тағдырының бірлігі. Бұл бірліктің санасы ұлттың санасы [62.18].

Құндылықтар ұлттық бірлік, тірлік, жігер мен қайрат. Бұл жөнінде Абай алтыншы қара сөзінде қазақтың «Өнер алды бірлік, ырыс алды тірлік» мақалы төңірегінде ұлттық бірлік туралы ой толғайды. Абайдың айтуынша бірліктің негізі ат ортақ, киім ортақ, дәулет ортақтық емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жолданып бірлік құрады. «Жоқ, бірлік-ақылга бірлік, малға бірлік емес»,-дейді Абай. Абайдың айтып тұрғаны дәстүрлі мәдениет дүниетанымындағы философиялык ой-толғамдармен тәлім-тәрбиелік үрдіс негізіндегі рухани құндылықтар. Бұл құндылықтар құндылықтардың ішіндегі ең құндысы [63.245].

Рухани құндылық ең мағыналы құндылықтардың мекені. Егер ондай құндылықтар жоқ болса, рухани дүние де жоқ, ұлт та жоқ. Әрине, бұл жоғарыда айтылғандарсыз да өмір кешуге болады. Бірақ, белгілі құндылықты идеалдарсыз өмір сүру қиын. Бұл орайда карап отырсақ, Еураазиялық кеңістікте ұлт болып сақталып калудың өзі біз үшін құндылықты. Ұлтымызбен бірге дәстүрлі мәдениетіміз де сақталды. Ұлттық дәстүрлі мәдениет-ұлттық сананың негізі. Мәдениет-барлық құндылыктардың жиынтығы. Ол өзімен бірге құндылықтардың әмбебап жүйесін емес, тарихи әдіс арқылы анықталынатын терең мазмұнды, мәнді құндылықтар жүйесінің көптілігі.

Жалпы құндылық-әмбебап категория ретінде адам өмірінің бағыттарын анықтаушы күш. Ол әлемнің суретін жасаудағы ең басты категориялардың бірі. Өйткені, қазіргі таңда ұлт үшін құндылықты идеалдар шеңбері кең. Дегенмен ол ең алдымен ұлттың саналы бағалауымен койған мақсатына және де уақыт пен кеңістікке сәйкес жүзеге асады. Ол үлттың бостандығы. Бұл бостандық көп түрлі мәнділіктердің бәрін қамтитын түпкіллікті мән. Яғни, ұлт негізінде бостандыққа талпыныс болуы тиіс. Бостандық (немесе еркіндік) өзі мәндердің мәні. Бостандық-құндылық. Бостандық-өзінің жаның калаған нәрсені жасау. Бостандық - бұл еріктің бостандығы. Ерік-жігер-өзінің мәні жағынан әрқашанда еркінді ерік. Бұл катынаста біздің коғамымыздағы демократиямен азаматтық қоғам да құндылыктың ортасына дәлме-дәл келеді. Бұл жөнінде академик Асқар Жұмаділдаев: «Бостандық өзінің табиғаты бойынша салыстырмалы ұғым», «Бостандық ұлттық тәртіппен реттеліп, қазақ болмысына негізделуі қажет»,- деп атап көрсетті [64.53].

Ұлтымыздың құндылықтарының бірі, ол – спорт. Спорт адамдардың денесімен қатар, рухын да шынықтырып, олардың дамып жетілуіне жағдай жасайды. Әр адам өмірде денсаулығы мықты болып, денесінің сымбатты болғанын қалайды. Адамдарға оған тек спортпен айналысу арқылы қол жеткізуіне болады. Қазақ халқы бұрын көшпенді мал шаруашылығымен айналысқандықтан оларда өзінің өмір салтына бейімделген спорттың түрлері қалыптасты. Көбіне ол ойындар жылқы малымен байланысты болатын. Атап айтар болсақ – бәйге, көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу т.б. Қазақ қоғамында онан да басқа спорттың түрлері көп. Мысалы, қазақша күрес, жаяу жарыс, асық ойындары, тағы басқа.

Спорт ойындарының маңызы сол, олар тек жеке адамдардың денесін шынықтырумен шектелмейді. Жылда республика бойынша және халықаралық жарыстарға еліміздің спортсмендері қатысып, ол басқа елдің адамдарымен арадағы өзара қатынасты нығайтуға себеп болады және сол жарыста жеңіске жеткен спортшыларымыз еліміздің абыройын көтеріп, мемлекетіміздің беделінің өсуіне ықпал етеді. Қазіргі кезде республикамызда спорттың түрлері көбейіп, стадиондар, спорттық кешендер салынып, адамдарға спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасалып отыр. Бірақ та қазіргі кезде ұлттық ойындар, соның ішінде ат ойындары өте мардымсыз дамуда. Әсіресе қазақтар жиі орналасқан ауылдық жерлерде ұлттық ойындар жоқтың қасы деуге болады.

Құндылықтар - кеңістік пен уақыт шеңберінде өлшенетін, адам және коғам табынатын идеялар, идеалдар. Ол идея-ұлттық идея. Ұлттық идея ұлттық сананың негізі. Адам, коғам, өркениет жоғары игілікті идеяларсыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Сол идеялар өзінің мәнділігін мәдени байлықтан іздейді. Мәдени байлық және жеткен жетістіктер ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, өткен дәуіріміздің құндылықтарының жиынтығы ретінде мәдени мұраға айналады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтуынша «ұлт тарихын түгендеу, ұлт руханиятын қайта түлету», «халық бірлігі мен ұлттық тарихты нығайту. Міне, ұлт санасындағы басты құндылық осы» [65].

Енді бүгінгі таңда қазак халкының сана-сезімінің өзгеру себептеріне тоқтала кетелік. Өткен жолымызды сараласақ, қазақ халқының сана-сезімінің өзгеруіне ғылым мен техниканың дамуы, саяси төңкеріс, экономикадағы алға басу, үлкенді-кішілі өзгешеліктер әкелді. Көшпенділер даласының каймағы бұзылмай тұрғандағы қазақ психологиясымен қазіргі қазақтың білім болмасында коп өзгешелік бары талас тудырмайтын мәселе. Біздің пайымдауымызша, қазақ баласы психологиясының өзгеруіне әсер еткен құбылыстарды шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші, қазақ даласын Ресейдің отарлауынан басталып, Қазан төңкерісіне дейін созылған уакыт аралығы Қазақстанның патшалық Ресейдің қол астына кіруі қазақ еліне, жеріне біраз өзгеріс енгізгендігі ақиқат. Екінші, қазақ психологиясының өзгеруіне көп әсерін тигізген Қазан төңкерісі. Бұл кезең 1917 жылдан басталып, Кеңес үкіметінің құлаған уақыт аралығы айтқанда, 1990 жылдармен аяқталады. Үшінші кезең 90-шы жылдардан бастау алып, бүгінгі күндері де өз жалғасын табуда.

Енді осы мерзімдердегі құбылыстарға тоқтала өтейік. Қазақ елінің біртіндеп тәуелсіздігін жоғалтуы - басқасын айтпағанның өзінде ел баскару ісіне көптеген жаңалықтар әкелді. Хандық жойылып, аға сұлтандық жүйесінің енгізілуі, дін арқылы халықты бағындыру саясатын жүргізу, сот реформасын іске асыру қазақтың Ресей патшалығына бағыныштылығын арттырды, дала демократиясына тиген алғашқы соққы болды. Енді жүзге бөлу, болыстық сайлаулар өткізу, партияға бөліну сияқты алдын ала жоспарланған шаралар біртіндеп «басканың аузына қарау» психологиясының қалыптасуына әсер етті [66.304]. Халқымыздың ұлттық сана-сезіміне кері әсерін тигізетінін осы кезден бастап, қарастырған жөн сияқты. Айрандай ұйып отырған қазақ баласы жергілікті патша әкімшілігіне арыздану, қол жинау, ел ішіндегі дау-дамай өршіп, алауыздық туғызған халыктың бірлігіне кері әсерін тигізген құбылыстар осы кезде белең ала бастады. Алайда ол кездегі қалыптасқан жағдайлар халқымыздың психологиясын, оның қазақтың калпын айтарлықтай өзгерте алған жоқ.

Еліміздің өміріне әртүрлі жаналықтар кіргізген, жақсылықтан көрі жамандықты көбірек әкелген халқымыздың әдет-ғұрпына, тіліне, дініне зор әсер еткен Қазан төнкерісі еді. Әсіресе кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған кезде ұлттық мінез-құлық көп өзгеріске ұшырады. Дәл осы кезеңде қазақ тұрмысы жаңа арнаға түсіп, салт-дәстүрге жаңалық кірді. Елдің қалыпты дағдысы, өмір сүру тәсілі түрленіп шыға келді. Әр халықтың өзіне тән мінез-құлқы, қасиеттері, ерекшеліктері болатынын ескерсек аталмыш кезеңде казақтық, қалыпқа көп өзгешілік енді. Орталықтан бастау алған солақай саясат ұлтсыздану процесін мейлінше тереңдетіп жіберді. Әсіресе белең алған дінсіздік идеологиясы халкымызға кепрі әсерін тигізді. Қазақтың рухани-психологиялық қасиеттері орынсыз бұрмаланып күнделікті тұрмыстан шектелуге ұшырады. «Ескінің сарқыншағымен» күрес деген желеумен көптеген тарихи дәстүрлер, әдет-ғұрыптар жойыла бастады .

Халық сана-сезімінің көп өзгеруіне қазақтың туа біткен әсершілдігі де ықпал етпей калған жоқ. Әсіресе, тек халкымызға ғана тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге «жаңашылдық» кіріп, ел ішінде жат рәсімдер енгізіліп, тілдің шұбарлануына жол ашылды. Ата-бабалардың сара жолына, дініне іріткі салынды. Аралас неке дәріптелді. Ескіден безу мәдениеттілік деп түсіндірілді. Бұл дәуірде халқымыз басқалардың жақсы қасиеттерімен қатар жамандық жақтарын тез үйренді. Адамгершілік түрғысынан түкке тұрмайтын, имансыздыққа итермелейтін дәстүрлерді бойына сіңіре бастады. Бұлар ұлтымыздың табиғатына жараспайтын жат қылықтардың қалыптасуына әкеп соқты. Қазақ арақ ішуді дәстүрге айналдырды. Еліктегіш халқымыздың жер атаулары, адам есімдері өзгеріс тапты. Той-томалақ арақ-шарапсыз өтпейтін халге жетті. Мұндай «жаңалықтар» әсіресе тың және тыңайған жерлерді игеру басталған мезеттен халықтың әдет-ғұрпына тереңдеп кірді. Арабтан латынға, одан «кирил» әрпіне көшу ұрпақ арасындағы табиғи байланысты үзді. Әртүрлі дәрежеде тойланатын мерекелердің саны артты. 80-ші жылдардың ортасына қарай қазақ мектептері жабыла бастады. «Тірі ұлттық, мазмұны социалистік» деген ұран ұлттық дәстүр, тілді аяқ асты етті [67.104].

Қазақ халқының ұлтық және тілдік ерекшеліктері бұзылып «біртұтас жаңа қауымдастық - Кеңес халқына» айнала бастағаны осы кезбен тұспа-тұс келді. Үкімет саясатынан берік орын алған құдайсыздық кағидалары адамды имандылық қасиеттерден ұзақ қалдырды. Дінге деген көзқарастың өзгеруі халық психологиясына кері әсерін тигізді. Кешегі инабатты, ибалы қазақ кызының мінезінде анайылық пайда бола бастады. Некесіз бала көтеру, ажырасу сияқты әрекеттер белең алып, көбейе түсті. Ел ішіндегі ағайын-туысқандардың қарым-қатынасында салқындық пайда болып, сыр берді. Бұл аталмыш - екінші кезең қазақтың өзіндік ерекшеліктеріне қатты әсер еткен үлкен соққы болды. Қазақ психологиясына, оның табиғатына түбегейлі өзгерістердің енуі халқымыздың түрленіп сала беруі - осы кезде тамырын тереңге жіберді. Аталмыш процестердің халық психологиясында қалыптасуына коммунистік идеология қызметкерлері аз тер төккен жоқ.

Әрине, өткеннің бәрі жаман деген пікірден аулақпыз. Ол кезде болған жетістіктер жөнінде аз жазылған жоқ. Кейбіріне тоқтала кетейік. Елде білімді адамдар көбейіп, көптеген оку орындары ашылды. Зиялы қауым қазақтың мақтанышына айналды. Ауылдар қанат жайып, қалалар көркейіп өсті. Елде тың әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар қалыптасты. Ең бастысы - жаңару қазақ психологиясына өзіндік ерекшеліктері желді ұлтымыз өзін басқалармен салыстырып, жетістік-кемшіліктеріне сыни көзбен карайтын болды. Өткен өміріміз адамзаттық даму тұрғысынан бағаланды. Әйтсе де Қазан төңкерісі - казаққа көп нәубет әкелген, ұлттық қасиеттеріміз бен ерекшеліктеріміздің жөнсіз жоғалуына себеп болғаны даусыз.

Біз елдегі саяси-әлеуметтік өзгерістердің үшінші кезеңін Кеңес үкіметінің құлау процесімен байланыстырдық. Оның өзіндік себебі бар. Саясатта, бүкіл Кеңестер Одағын «жұмса жұдырығында, ашса алақанында» ұстаған коммунистік идеология келмеске кетті. Егеменді еліміз солақай саясаттан бас тартты. ТМД елдері арасындағы бұрыннан келе жатқан байланыстар үзілді. Жаңа карым-катынастардың орнығуы оңай соқпады. Себебі - қазақ халқы қандай қиындықты басынан кешірсе де, дәл егемендіктің алғашқы жылдарындағыдай тарихи жауапкершілігі мол заманмен бетпе-бет келген жоқ-ты. Оның сыртында әлемдегі жаһандану процесі елге жаңа леп, өзгеше даму әкелді. Бүған бірден көндіге алмаған халық не істерін білмей, қиналды. Әлеуметтік тұрмыстың төмендеуі көп күттірген жоқ, өз нәтижесін берді. Жайбарақаттықты, жалқаулықты, есепсіздікті нарық экономикасы көтермейтінін көрсетті. Көптеген адамдар жұмыссыз қалды. Адамдардың моральдық азғындауы көбейді. Жезөкшелер ашық көшеге шықты. «Азаматтық неке» деген желеумен ер мен әйелдің бір шаңырақта тұруы үрдіске айналды. Баспасөз беттерінде «жезөкшелер үйін» ашу жөнінде пікір талас кылаң бере бастады. Есірткі мектепке жетті. Үй-күйі жоқ кезбелерге көз үйренді. Қоғам өмірінде парақорлық орын алды. Бұлардың бәрі жаһандану процесі әкелген келеңсіздіктер еді. Бірақ соны қарым-қатынастардың оң нышандары көрінбей қалған жоқ. Халқымыз дінге ден қоя бастады. Әсіресе жастардың дін қауымның негізін қалауы - көңілге қуаныш ұялатты. Бірте-бірте әлеуметтік тұрмыста тұрақтылық орын тепті. Нарықтың қатал заңы әрбір отбасыға жетті. Жаңа қазақтар көш бастады. Сөйтіп, халқымыздың сана-сезімі өзгеріске ұшырай бастады [68].

Бұл жерде айта кететін бір жай бар. Біздің пайымдауымызша, елдегі қазіргі катынастар ескі мен жаңаның тайталас күресінің нәтижесінде орнығып жатыр. Әрине, келтірілген әлеуметтік факторлар қазақтың мінез-құлқына, ұлттық психологиясына әсер етуде әрбір әлеуметтік топтың өзіндік ерекшеліктері көрініс беруде. Қазіргі қазақ тап мынадай деп айта алмайсың. Өйткені, халықтың рухына ықпал еткен күштері сан-салалы. Бүгінгі қазақ ұлтының тыныс-тіршілігі күрделі. Ұлтымыздың даму процесін алсақ, бұл көп сатылы, әр деңгейлі, әртүрлі құбылыстардың жиынтығы десек кателеспейміз. Ұлттың әрекеттілігі, маргиналдануы, өмірде әртүрлі бағытты ұстануы оның даму, жаңару бағыт-бағдарын айқындауы қиындатып жіберді. Жаһандану дәуірінен басталған үшінші кезеңнің әсері мол, аумалы-төкпелі, болғандықтан халқымыздың ұлттық қасиеттері мен ерекшеліктері әлі де талай өзгеріске ұшырататыны даусыз. Осындай жолайрықта тұрған күрделі кезеңде коғамымыз халықтың санасына әсер ететін күштерді тиімділікпен пайдалансақ, ұлтымыздың жағдайын көтеруге мүмкіндік бар. Өйтпейінше, қазақтың бойына біткен тамаша қасиеттерін жоғалтып алуымыз әбден мүмкін.

Ата-бабаны қастерлеу рулық құрылымның діни сенімінен де туындайды. Өйткені рулық жүйе салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтаушы орта. Ол негізінен аруактың моласына тағзым етуден байқалады. Кезінде Ш.Уәлиханов қазақта қайтыс болған адамға корған немесе ескерткіш орнату балаларының парызы саналған деп атап өткен. Бұл -қазақ үшін киелі үғым.

Аталмыш мәселені қазақ халқының өмірі жайында жазылған көптеген тарихи-этнографиялық, археологиялық жазба, филологиялық деректерге сүйене отырып С.Н.Ақатаев зерттеген, ол ата-бабаны қастерлеу «бабаны құрметтеу арқылы ру-тайпалық топтардың этнонимдік байланысын өзінше көрсетеді» деп санайды [69.113].

Қазіргі кезде қазақтардың ата-бабаны қастерлеуге деген ұлттық сана-сезімінің деңгейі өзінің рулық тегін («шежіре») ең құрығанда жеті атаға дейін білуге деген талпынысынан байқалады. Қазақтар үшін шежірені білу жерге, елге деген ерекше көзқарастан туындайды және ол айналасындағылардың өзіне деген құрметі деп есептейді. Мұның бәрі түптеп келгенде, қазақ халкының ұлттық сана-сезімін дамытады. Ал өз ата тегін, тарихын, тілін білмегендерді өзінің тарихи түп тамырынан мақұрым қалған мәңгүрт деп атайды. Ұлт ретінде өз-өзін сезінудің маңызды элементі адамның этникалық стереотиптің бір бөлшегі ретінде өз-өзін тануында. Оның тууы автоэтнонимнің қалыптасуымен, яғни озін «біз» нақты ұлт өкіліміз деп білуі болып табылады.

Қазақтарда ұлттық сана-сезімінің қалыптасуы қазақтардың біртұтас этникалық топ ретінде құрыла бастаған XV-XVI ғасырлардан бастау алады. «Қазақ», «Алаш» этнонимі өмірге келуі арқылы қазақтар өздерінің өзгелерден айырмашылығын көріп, қазақ халқының рулық негізде біріге бастады. Қазақ халкының ұлт ретіндегі біртұтастығы қазақ этносының үш жүзге - ұлы, орта, кіші жүздерге бөлінуімен ерекшеленеді.

Территорияның ортақтығы да қазақтар үшін үлкен маңыз атқарады. Олар өздерін шалқар даланың перзентіміз деп қабылдады. Қазақтардың ұлттық сана-сезімінде дала («Арқа») туған үйім, Отаным («Ата-мекен») деген ұғымдар қасиетті, қадірлі түсініктер тізбесін құрайды. Сондықтан қазақтардың ұлттық сана-сезімінде тарихи мәдениет өте маңызды. Ол ата-бабаны қастерлеумен, киені құрмет тұтумен байланысты. Қазақтар үшін Қожа Ахмет Яссауи мазары, Айша бибі мазары, Ұлытау тауы қасиетті орындар [70.34].

Тарихи мәдениет, фольклормен және халықтың тарихи тұлғалары (Абылай хан, Кенесары, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би немесе қазақ батырлары) атымен сақталып жеткен халықтың тарихи естеліктерімен тығыз байланысты. Халықтың тарихи естеліктерінде халық өміріне қатысты тарихта болған барлық жарқын оқиғалардың ізі бар. Кей жағдайда ол жағымсыз қырымен де көрініп қалып жатады. Мәселен, тарихтың көлеңкелі беттеріндегі ұлттық әліпбидің жоғалуы, сталинизм кезіндегі ең таңдаулы ел зиялыларының атылыл-асылып кетуі, т.б. жайттар көпшіліктің есіне түседі. Көп уақыттар бойы өз проблемалары жөнінде ауыз аша алмай келген халықтың қайта құру, жариялылық саясаткерлердің мемлекеттік тілді білмеуі, іс қағаздарын жүргізуге тиісті жағдайдың жоқтығы, тіл саясатын жүргізуге көптеген факторлар кері әсер етуі мүмкін. Бір халықтың екінші бір халықтың ұлттық мәдениетіне менсінбей қарауынан, ұлттық салт-дәстүрлерін білмеуінен этникааралық қатынастар күрделене түсе бермек. Сондай-ақ, жағымсыз этникалык стереотиптің қалыптасуына экономикалық даму денгейінің төмендігі де әсер етеді (нарықтық қатынастардағы теңсіздік, бюджет дефициті, экономикадағы ұлттық құрылымның дифференциясы).

Халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуына әсер ететін факторлардың бірі -тіл, оның «Қорғаушысы, тілдің жұтаңдана бастауы ұлттық сана-сезімнің құлдырай бастауының айғағы» [71.26]. Тіл арқылы орта ахуалы, шынайы акиқат айтылады. Сондықтан тіл ерекшелігін зерттей отырып халықтың ұлттық өзіндік болмысын тануға болады. Тіпті тіл аркылы адамның-адамға деген қарым-қатынасын түсінуге болады. Маңызы мұнан кем емес тілдің атқаратын тағы бір функциясы-этноинтеграциялық. Ол рухани құндылық ретінде адам тұрмысының барлық қырларын жалғайды. Сонымен катар, тіл арқылы біз бір-бірімізбен, ортамен қарым-катынас жасаймыз және ұлттық, жалпы халықтық мәдениетпен жалғасамыз.

Республикамызда қазақ тілі толық құқылы мемлекеттік мәртебеге ие. Сондай-ақ Қазақстан территориясында ресми тіл ретіндегі орыс тілінің кұқын шектемей тең дәрежеде колданылады. Сондықтан да біз Р.Овсянико-Куликовскийдің бір тілге мемлекеттік мәртебе беру арқылы, сол халық өкілдеріне артықшылық беру ескіліктің арыны деген жалған пікіріне үзілді-кесілді қарсымыз [72.84].

Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.

Адамдардың бойында қалыптасқан имандылық қадір-қасиеттер рухани құндылықтарға, ал адамдардың қолымен жасалған тұтыну заттары мен кәсібі материалды құндылықтарға жатады.

Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру – ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, отбасында да, мектепте де ұлтжандалылық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын тұлғаларды тәрбиелеп шығару.

Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» - дейді [73.16]. Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі -өзім, екіншісі-халқым» - дейді [74.61].

Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық  рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге қолдануға болады деп ойлаймыз.

Қоғамдағы адамдар жасаған рухани, материалдық, мәдени құндылықтардың алмасуы оқыту процесі арқылы жүзеге асырылады.Соның ішінде сын тұрғысынан ойлау жобасы арқылы оқыту – саналы процесс екенін айтқым келеді. Интеллектуалдық деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан – жақты дамытуға қолайлы, оқытудың шығармашалақ түрін жасау қажет, яғни шығармашылық оқу әрекетін туғызу қажет. Бұл баланы, берілген оқу материалын жаттап алу ғана емес, керісінше өз бетімен білім алу үшін ізденуге үйретеді

Ұлттық құндылықтарды оқушы бойына сіңіруде ақын-жазушылар мен еліміздің ұлтжанды азаматтарымен болған кездесулер әсер етеді десек артық болмас.

Ұлттық тәрбиенің идеялық көздерін Шығыстың екінші ұстазы Әл-Фараби еңбектерінен табамыз. Ол адамның адамгершілік санасы қайырымдылық пен ақиқатқа арналған деп өсиеттеді. Әрбір адам мен халықтарды бақытқа жету үшін бірігуге шақырады. Оның түсінігінше бақыт-жер бетіндегі бейбітшілік,адамдар мен халықтар достығы, олардың бір-біріне көмегі [75.18].

Ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігі-өз халқыңның тарихи мен мәдени ескерткіштері болып табылады. Руың мен отбасының да өткенін есте сақтау пайдалы. Мешіттер мен шіркеулер де адамгершілік бағытында көп жұмыстар жүргізе алады.

Тарихи салт-сана, ұлттық зерде-мәдениетті азаматтық иек артар рухани қазынасы. Өзінің тегін білу ұлттық ерекшелік негізіне арқа сүйеуі тиіс. Оның адамгершілік пен тәрбиелік байқауы қазіргі дәуірдің–жалпықазақстандық шаңырақтың мұраттарына сәйкестенуі қажет. Осы тұрғыда Н.Назарбаев былай деп ерекше көрсеткен: «Тарихи тек-тамырыңның тереңнен бастау алғанын танып-түсіну, ата-бабаның шапағатын мол шабыты істерін заңды мақтаныш ету, тоталитарлы кезеңнің зардаптарынан айырылу, сөйтіп тарихи сананы уақыт талабына сай қалпына келтіру ұлттық тұтастануға тегеурінді серпін беруге тиіс» [76.16].Осы орайда ата-бабаларымыздың өткен жолына үңіліп, тарих дерегінің берер мағлұматын сараптай зерделесек, ұлтқа қатысты киелі ұғымдардың бәрі сол ұлтты құрайтын халықтың қалыптасқан дәстүрінен бастау алып, тамыр жаятынын пайымдау онша қиындық туғызбайды. Осыдан келіп, барлық халықтық құндылық­тардың бастауы – ұлттық дәстүрдің мәні мен мазмұнын жете танудың қажеттілігі туындайды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет