Цаплин Петр Ефимович
Еңбек ардагері. Табиғатты қорғау қоғамының құрметті мүшесі (1985ж.). 1936 жылы 17 желтоқсанда Орынбор облысы Сорочинск ауданында туған. Әскери борышын өтегеннен кейін механизатор болып еңбек етті. Никольский поселкесіне 1972 жылы келді. «Қазақмысқұрылыс» (казмедьстрой) тресі «Рудстрой» ҚБ-да (құрылыс басқармасы) құрылыс механизмдердің механигі болып жұмыс істеді. Қалалық Кеңес депутаты, халық жасақшысы, «Рудстрой» ҚБ-ның халықтық бақылау тобының төрағасы, қалалық соттың заседателі (уақытша мүшесі) болды. Қалалық «Шарайна» газетінің штаттан тыс тілшісі, оның өлендері мен мақалалары «Центральный Казахстан», «За медь», «Экокурьер» газеттері мен «Агитатор», «Наука и жизнь» т.б. журналдарда жарияланды. «КСРО ауырқұрылыс Министрлігі социалистік жарысының үздігі» белгісімен марапатталған.
Шегірбаев Әмірбек Шегірбайұлы
Тау-кен инженері. Еңбек ардагері. 1940 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ тау-кен металлургиялық институтын бітірген. Еңбек жолын 1962 жылы Жезқазған тау-кен металлургиялық комбинатында бастады. Жерасты учаскесінде тау-кен шебері, шахталардың бастығы, Оңтүстік және Батыс Жезқазған кеніштерінің директоры, техникалық қауіпсіздік бөлімінің бастығы, «Жезқазғантүтіметалл» ҒӨБ (НПО) техникалық директорының орынбасары, «ЖЦМ» АҚ-ы атқарушы директорының орынбасары, «Қазақмыс» корпорациясы техникалық мәселелер және күрделі құрылыс жөніндегі вице-президентінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Қарағанды металлургиялық комбинаты Атасу кенбасқармасына қарасты «Батыс Қаражал» шахтасының бастығы (1978-1979), Ақбақай таукен байыту комбинатының бас инженері (1989-1990) болды. Бірнеше рет Никольский қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Әбдікәрімова Балдырған Әбдікәрімқызы
ҚР-сы оқу-ағарту ісінің үздігі. Еңбек ардагері. 1941 жылы 2 мамырда Ұлытау ауданы Қызылшың колхозында туған. 1965 жылы Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген. Еңбек жолын Жезқазған поселкесіндегі №7 қазақ орта мектебінің физика мұғалімі болып бастады, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, №27 мектеп директоры (1973-1975) болды. 1975-1991ж. – халық депутаттары қалалық Кеңесінің атқарушы комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 1992 жылдан құрметті демалысқа шыққанға дейін №19 мектептің физика пәні мұғалімі болып еңбек етті. Халық депуттары қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланған.
Құнанбаев Әшірбек (1938-2003)
Тау-кен инженері. Еңбек ардагері, техника ғылымдарының докторы, ғылым және техника бойынша Қазақ КСР Министрлер кабинеті сыйлығының лауреаты (1991 ж.). Республика деңгейіндегі дербес зейнеткер. Щучинск тау-кен металлургиялық техникумын, Қазақ политехникалық институтын, Қарағанды политехникалық институтының аспиратурасын бітірген. Еңбек жолын 1957 жылы №51 шахтада тау-кен шебері болып бастады. Шығыс Жезқазған кеніші №57 шахтасының бас энергетигі, Оңтүстік Жезқазған кенішінің бас энергетигі, Ақшатау тау-кен байыту комбинатының бас энергетигі қызметтерін атқарды. 1974-1986ж. – Жезқазған қалалық Атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Сәтбаев қалалық Атқару комитетінің төрағасы (1976-1982), Жезқазған облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің төрағасы орынбасары (1982-1986) болды. 1986 жылы Қазақ түстіметаллургия Министрлігінің жұмыстық жабдықтау басқармасы бастығы болып тағайындалды, ал 1989 жылы жұмыстық жабдықтау бірлестігінің бас директоры, содан кейін «Отырар» АҚ-ның президенті болды. Бірнешедүркін Жезқазған және Сәтбаев қалалық Кеңесі депутаты болып сайланды. Ғылыми өнертабыстар, ғылыми монографиялар мен бірнеше өнеркәсіп энергетикасына байланысты ғылыми-тәжірибелік еңбектер авторы болды. «Құрмет белгісі» ордені және медальдармен, Қазақ КСР Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.
Достарыңызбен бөлісу: |