Громак Мария Ивановна
Еңбек ардагері. Тыл еңбеккері. 1924 жылы 15 желтоқсанда Ставрополь өлкесі Буденовский ауданының Орловка селосында туған. 1951 жылдан құрметті демалысқа шыққанға дейін «Қазақмыс» корпорациясында аға инженер-байытушы, ұнтақтау цехының бастығы, шахталар бюросының меңгерушісі, 1961 жылдан 2003 жылға дейін тау-кен өнеркәсібі ТББ-нің (ОТК) бастығы болып еңбек етті. Бірнеше рет Жезқазған поселкелік Кеңесі халықтық бақылау тобының төрайымы боп сайланды. Жезқазған кенбасқармасының кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары, халық депутттары поселкелік Кеңесінің депутаты, Сәтбаев қаласы халықтық бақылау комитетінің екпінді мүшесі болды. Қазір «Қазақмыс» корпорациясының тау-кен өндірісі ардагерлерін қолдау қорының төрайымы. «Қажырлы еңбегі үшін» медалі және «Социалистік жарыс жеңімпазы», «Соц.жарыс үздігі», «Коммунистік еңбек екпіндісі» төсбелгілері мен КСРО, Қазақ КСР түсті металлургия Министрлігі құрмет грамоталарымен, 3-ші дәрежелі «Кенші даңқы» құрмет белгісімен марапатталған.
Орал Серік Қолданұлы
Жоғарғы санатты дәрігер. 1949 жылы Қарсақпай поселкесінде туған. Еңбек жолын 1967 жылы Жезқазған поселкесіндегі №3 ауруханада емгер (медбрат) болып бастады. 1969 жылы Жезқазған медучилищесін бітіргенсін жедел жәрдем фельдшері боп еңбек етті. 1979 жылы Қарағанды медицина институтын бітіргенсін, Жезқазған облыстық емханасына жіберілді, онда дәрігер-ординатор, хирург, оташылық бөлім меңгерушісі болды. Шақырту бойынша санитарлық авиациямен аудандық емханаларға шығып операциялар жасады. 1980 жылдан ургентті хирургия дәрігері, 1993 жылдан бері «Қазақмыс» корпорациясының медициналық-санитарлық бөлімінде жұмыс істейді. 1966 жылы Жезқазған аймағы тарихында бірінші рет Серік Қолданұлының жүзеге асыруымен лапароскопиялық холицистэктомия енгізілді. ІХ Бүкілодақтық хиругтер Пленумының, Қазақстан хирургтерінің Алматыда (1986) өткен V съезінің делегаты болды. Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты.
Төлепбергенов Сағи
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген кеншісі. Еңбек ардагері. 1940 жылы 11 мамырда Ұлытау ауданы Сарыкеңгір совхозында туған. Еңбек жолын 1957 жылы Жезқазған кенбасқармасының №51 шахтасында бастады: забойшы, сосын шығыс Жезқазған кеніші тазартым забойы жұмысшылардың бригадирі болып еңбек етті. Халық депутаттары қалалық Кеңесінің депутаты (1973-1975) халықтық сот төрағасы (1975-1983) болды. «Құрмет белгісі» (1974), 3-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» (1977) ордендері және «Социалистік жарыс жеңімпазы», «ІХ бесжылдық екпіндісі» (1973-1978) төсбелгілерімен марапатталған.
Юн Александр Борисович
Тау-кен инженері, экономист. Техника ғылымдарының кандидаты. 1955 жылы16 маусымда туған. Иркутск ауылшаруашылығы институтын (1992), Қарағанды политехникалық институтын (1997) бітірген. Еңбек жолын 1977 жылы №57 Шығыс Жезқазған кенішінде тау-кен шебері болып бастады. Учаске бастығы, Шығыс Жезқазған кеніші №57 шахтасының бастығы (1977-1985), Приморск өлкесіндегі «Еңбек Қызыл Ту» орденді Хрустальненский комбинатының тау-кен жұмыстары технологиясы жөніндегі бас инженерінің орынбасары, «Мир» Нельканстарательный артелі кен орны жерасты жұмыстарының тау-кен шебері, Приморск Алтын іздеушілер (старатели) артелі жерасты тау-кен учаскесінің бастығы (1985-1996), №65 шахта бастығы, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары, бас инженер, Оңтүстік Жезқазған кеніші директоры (1996-2000), «Қазақмыс» корпорациясы бас басқарушысының 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір инвестиция және стратегиялық жоспарлау басқармасы вице-төрағасы міндетін атқарды.
Аманжолов Әкбар
Еңбек және соғыс ардагері. КСРО және Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнертапқышы, рационализатор. 1924 жылы 26 шілдеде Байқоңыр совхозында туған. ФЗО-да металлург мамандығы бойынша оқыды. 1941 жылдың мамырында тәжірибеден өту мен оқуды жалғастыру мақсатында Мәскеуге барды, бірақ 1941 жылдың шілдесінде өз еркімен майданға аттанды. Дзержинский ауданынан барған алғашқы мәскеулік жасақшылар қатарында болды. Батыс майданда жаумен шайқасты. Барлау бөлімшесінің командирі ретінде Смоленск, Ельна, Дорогобуж, Вязьма майдан жолдарынан өтті, 1941 жылы қарашаның басында жараланып контузия алып, немістердің тұтқынына түсті. Тұтқыннан бірнеше рет қашады, бірақ жолы болмайды. Күнделікті қорлау, аштық, жалаңаштық жас қазақ жігітінің сағын сындыра алмады. Тұтқыннан аман босағанымен сатқын деген желеумен Колымада 17 жыл отырып шығады. Қазақстанға оралғансын геологиялық барлау экспедициясында инженер-механик болып және рационализация-өнертапқыштық бюросында еңбек етті. Медальдармен, Қазақ КСР және КСРО ХШЖК-нің (ВДНХ) дипломдарымен марапатталған.
Достарыңызбен бөлісу: |