СӘтбаевтану оқу-әдістемелік құралы (хрестоматия) Павлодар Кереку 2009 (574) ббк 72(5каз)я7 с 23 С. Торайғыров атындағы пму-нің тарих және кұқық факультеті әдістемелік кенесінің отырысында басуға ұсынылды Пікірсарапшы



бет3/16
Дата15.09.2017
өлшемі4,77 Mb.
#33273
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16

Ер Едіге

Ерте заманда Бабағұмар деген әулие бар екен. Он бесте әулиелік қылып кеткен екен. Сол уақытта бір қызға көзі тиген екен. Көзі тиген сол қыз буаз болған екен. Буаз болған соң ұл тапты. Ол ұлының атын Бабатүкті шашты Әзиз қойды. Жиырма бес жасқа келгенде әулиелік қылып жөнелді. Агун дариясына барды. Дария жағасында алтын шашын алдына алып тарап отырған қызды көрді. Қызға жақын келгенде суға шомып кетті. Бабатүкті шашты Әзиз де қыздың артынан шомып кетті. Дарияның астында алпыс ақ отау тұр екен. Отауға кіріп барды. Ішінде ай десе аузы жоқ, күн десе көзі жоқ, бұлғарыдай бұлқыған, бұлусы жұпар аңқығаған ғажайып бір қыз отыр екен. Қызды көрді де қайта шықты. Қыз етегінен ұстап, - я жігіт қайда барасың? дейді, «Мен саған сөйлеспеймін, сөйлесем күнәкар боламын, - мен сені іздегенім жоқ, жібер» - деді. Қыз айтты: «егер мені алмай кетсең, он бестегі күнәм мойныңа» - деді. Жігіт ақыл ойлады: «мен сені алмай кетсем, күнәм жоқ болар деп едім, алмай кетсем күнәм көп болады екен, алайын» деп ой қылды, некелеп алды, қыз айтты: «Әбден менікі болдың ба?» - «Я болдым» деді.

- Олай болса, мен етігімді шешкенде аяғыма қарама, көйлегімді шешкенде қолтығыма қарама, басымды жуғанда шашыма қарама», - деді. Күндерде етігін шешеді: аяғы ешкінің аяғындай, оны жігіт көрді. Бір күні көйлегін шешті: Қолтығынан өкпесі көрініп тұр. Жігіт тағы да көрді. Қыз көргенін білді. Аспанға ұшып кетті. Қайран «кет құдайым» деп қайтып түсті. Тағы күндерде бір күн қыз шашын жуады. Бас терісі алдына алып тарап отыр. Жігіт тағы көрді. Қыз аспанға ұшып жөнелді. Ей, жігіт, - деді, - «ішімде алты айлық балам кетіп барады, Ніл дариясының басында, Құмкент шәһәрінің қасына балаңды тастап кетермін», өзің іздеп тауып ал деді. Сонымен қыз кетті. Бабатүкті шашты Әзиз баланы іздеп, Ніл дариясын қыдырды. Ніл дариясының басында, Құмкент шәһарінің қасында жібек орамалға ораулы жатқан баласын тауып алды. Елсіз, күнсіз жерде туды деп атын Едіге қойды да, жаурынына таңды. Тоқтамыс ханның ауыр жұртына алып келді. Ноғайлының жұрты екен. Үш жасқа келгенде қолынан ұстап молдаға берді. Баласының бар парызынан құтылған соң Шашты Әзіз ғайып болды, ұшып кетті. Онан соң сегіз жасында Едіге оқуда тұрды. Оқуда тоқсан бала бар еді, сол балалармен күрескенде бәрін де жықты. Бәрінің де киімдерін алып үйіп салды, киімдерінің үстіне шығып отырып айтты: «Міне Тоқтамыс ханның тағының үстіне отырдым» деді де, киімдерін қайтарып берді.

Күндерде бір күн екі кісі келе жатыр еді. Едіге балаларға айтты:

«Өздеріңіз сәлем бермеңіз, егер сәлем берсе алыңыз, сәлем бермейсіңдер деп сөксе, жауабын мен берейін», - дейді, Екі кісі келді, балалар сәлем бермеді. Балалар, неге сәлем бермейсіңдер?» деді. Едіге: «бастан өздерің неге сәлем бермейсіңдер?» деді. Екі кісі айтты: «Біз үлкен бе, жоқ сендер үлкен бе?» Едіге айтты: «біз үлкен», екі кісі: «сендер қалайша үлкен боласыңдар?» деді. Егер мен тоқсан баланың жасын санап салсам, сонда біз үлкен болмаймыз ба?» - деді. Екі кісі сөзден жығылды: «бағанағы дауымызды осыған салайық» деді. «Ей бала, даулы болып Тоқтамыс ханға бара жатыр едік, енді дауымызды саған салғалы тұрмыз. Бітіресің бе?» - деді. «Егер құдай аузыма салса бітірермін» дейді.

Олай болса мынау Алшын атасы Көкжалды мерген мен Кеңестің ұлы Кекжанбаймын. Еділ мен Жайық менікі еді. Онан қашқан қоян да менікі еді. Жайықтың жағасында, Ақ көлдің сағасында жатқан ақ коянды көрдім де, атайын деп мылтығыма кеттім. Мен мылтығымды алып келгенше Көкжалды атып алыпты. Осының төресін беріңіз, - деді. Бала: «Сен қандай жерден аттың?» деп Көкжалдан сұрады. Ол қанша жерден атқан мөлшерін көрсетті. Егер бір төре берсем, екеуіңіз де көнесіз бе?» деді. Екеуі де «көнеміз» деді. Баланың берген төресі: қоянды алып бір балаға құшақтатты да Кеңестің Кекжанбайына айтты: «Балаға тигізбестен қоянды атқан жерден ат: егерде балаға тигізсең - құнын бер, оқ далаға кетсе қояннан бейдамақ бол, тигізсең қоян сенікі болады», деді, «бұл төреге көнбеймін, Тоқтамыс ханға барамын» деп Кекжанбай ашуланды. Қайтып келді: «ұстат балаңа, атамын», деді. Балаға дарытпастан қоянның қалаған жерінен тигізеді. Едіге «ендеше бұрын көрген қоян сенікі» деді. Көкжалды «бұл төреңе көнбеймін» деп ашуланды. Екеуі Тоқтамыс ханға барысты. Хан алдында Кекжанбай: «бір төре болып еді» деді, Тоқтамыс: - Қандай төре? деп сұрады. Кекжанбай баланың берген төресін айтты. Сонда Тоқтамыс хан «Сол баланың төресі төре, біз ондай төре бере алмаспыз да» деді.

Сол бала Едіге сегіз жасқа келген сон оқуда шықты. Мал табамын деп біреудің қойын бағады. Бір күні төрт кісі келеді. Орталарында бір аяғы ақсақ жетегі бар. Төртеуі «мынау қойшыға жүгінейікші» деп Едігеге келеді. Төртеуі бір ағайынды екен: «Орталарымыздағы бір қара еді. Осы ақсақ мал біздің еншімізге тиген еді. Басы үлкен ағамызға, төрт аяғы төртеумізге тиген еді. Осы ақсақ мал барын, кәпірдің егініне түсіпті. Көпір төрт аяғының тиген жеріне төрт жүз ділде сұрайды. Біздер соған даулы болып отырмыз. Төресін бересің бе?» деді. Едіге: «Алда аузыма салса берермін» деді. «Мынау ақсақ аяғы қайсыңызға тиесі еді?» - деп сұрады. Ең кішісі: «маған тиіп еді» - деді. «Ендеше сен төлеуден бейдамақ бол» деді. «Екі жүзін басын алған ағаң тартсын. Өйткені малды егінге көзі көріп, басы сүйреп алып барды. Екі жүзін екі ағаң тартсын, өйткені ауру аяқты сау аяқ сүйреп апарып бастырған еді. Үш ағасы бұл төреге көнбей, Тоқтамыс ханға барады. Хан алдында кішісі: «Біз біреуге жүгініп едік» - деді. Хан: «Жүгінген уақытта қандай төре беріліп еді?» - деп сұрады. Баланың берген төресін естіген соң хан: «Соның төресі - төре, мен ондай төре бере алмаймын» - деді.

Тағы да бір күні атан түйені жетелеп, екі кісі келе жатыр еді. Едігені көріп: «Мынау қойшыға жүгінейікші» деп бұрылды. «Әй қойшы, осы түйеге даулымыз, төре бересің бе?» - деп сұрады. Едіге: «беремін» деді. Біреуі айттьі: «Осы түйе менікі. Бота кезінде жоғалған. Атай болғанында танып отырмын. Ұрлаған ұрын мынау дейді. Едіге қалған біреуіне, «сен сөйлеші» деді.

«Өз түйемнің ботасы, өз бурамның баласы. Осынаудың маған қылып отырған жаласы» - дейді. Едіге біреуіне: «сендегі енесі бар ма?» дейді. Анасынан тағы да енесін сұрап алып, екеуіне: «екі інген мен бір арқан алып келсеңдер төресін берейін» - дейді. Сұраған нәрселері даяр болған соң Едіге атанның тақымына арқан салып, бұрады. «Жоғалтып едім» дегеннің інгені атанның үстіне боздап түсе қалады. Сонда бала: «мұның ұрлатқаны шын, сіздің ұрлағаның шын екен. Мұның түйесін бересіз» деді. Төре тимегені: «Бұл төреге көнбеймін» деп Тоқтамыс ханға барды. Дауды айтты. Төре тиген адам ханға: «осындай бір төре болып еді», - деді. «Ендеше соның төресі төре, мен ондай төре бере алмаймын, түйесін бер» - дейді.

Тағы да бір күні қой бағып жүргенде екі қатын мен екі еркек орталарындағы бір балаға таласып келеді екен. Едігені көріп: «Мынау қойшыға жүгінейік» дейді. - Жүгінсек жүгінейік» деп бұрылып отырып, қойшыға келді. «Әй қойшы, біздер даулы болып келеміз, төре бересің бе?» -деді. Едіге: «Төресін берейін» - деді. Бір қатын мен бір еркек айтты: «Осынау баланы бесікте жоғалтып едік. Жүгіріп жүргенде танып отырмыз» - «Он ай көтеріп омыртқамды сөгіп тапқан балама жала қылады» деді қалған екеуі. Едіге төртеуіне де: «Берген төреме көнесіздер ме?» - деп сұрайды. Төртеуі де: «көнеміз» дейді. Сонда Едіге баланы екі қолынан екі қатынға ұстатты. «Жоғалтып едім» деген қатын үндемей тұр, анау қатын «не қылсаң да мейлің білсін» дейді. Едіге даулы баланы семсерменен екеуіңізге қақ бөліп беремін» деп семсерді көтере бергенде «жоғалтып едім» деген қатын білегінен ұста алды. «Өлтірмеңіз» деді, менен туған бала болса, өскенде мені бір табар, әзірене мынау-ақ алсын» деді. Едіге үндемеген қатынға «сенікі ұрлағаның шын екен. Өлтірсе өлтірсін деп үндемедің мынаның баласын өзіне бер» дейді. Өзім таптым деген еркек пен қатын: «Бұл төреге көнбейміз» деп Тоқтамыс ханға барады. Төре тимеген қатын мен еркек, ханға «даулы болып сізге жүгінуге келдік» - дейді. Нақ баланың шешесі: «бір төре болып еді, деді, хан «қандай төре болып еді?» деп сұрады. Бұлар қойшы баланың берген төресін айтты. Хан: «Соның төресі төре, ондай төрені мен бере алман» - дейді.

Мұнан соң Тоқтамыс хан: «Төрт рет мұндай әділ төре берген қандай бала? Кім де болса мұнда шақырыңдар» - деп бұйрық береді. Дереу Едігені шақырып алып келеді. Хан: «Төрт рет төре берген сен бе?» - деп сұрайды.

«Иә, мен едім, тақсыр», - деді.

Атың кім? - деді.

«Атым Едіге» дейді. Үстіндегі киімдері жаман екен. Хан бұл киімдеріңді таста, - дейді.

Жаурындары жақталы,

Түйме баулы тартпалы

Ал қаракес тон берді,

Мұны үстіңе ки деді,

Көкала жорға ат мін деді,

Көнте белбеу бу деді,

Тұтам бауы сом алтын

Ақсұңқар құс беремін,

Ұшан теңіз шүй деді.

Қырымнан қиын дау келсе

Төресін соның бер деді.

Қырымнан қалың жау келсе

Едігем, соны қыр деді.

Едіге дауды бітірді, жауды қырды, Тоқтамыс хан тыныш болып, жайына тұрды. Жұртты билеп топ еркін қолына алды.

Күндерге бір күн Тоқтамыс ханның қатыны айтты: «Осы алып жүрген жалшы балаңыздың аруағы сіздің аруағыңыздан басым көрінеді» -деді. Хан: «Ей тентек қатық есігімдегі жалшының аруағы бағып менен артық болсын», - деді. Ханым: «Ендеше сіз білмеген екенсіз, Едіге «Аллаң жар болсын» деп кіріп келгенде кашанда сіз селк ете түсесіз. Сескенетініңізді өзіңіз де білмейсіз. Егерде менің сөзіме иланбасаңыз, киіміңіздің етегін тебен инемен түйреп қояйын, сол уақытта селк ететініңіздің белгісі мәлім болар» - деді. Ханның етегінен тебен ине түйрейді. Сол уақытта Едіге: «Аллаң жар болсын» деп есіктен еніп келгенде, хан селк ете түсті. Түйрелген тебен ине ортасынан екі үзіліп, аспанға ұшты. Ханым: «Енді білдіңіз бе аруағының зорын?» - дейді.

Едігенің аруағын төмен түсірейін деп ханым «бір аяқ қатық ұйытып, ішіне өзі сиіп араластырып қойды. Едіге кіріп келіп отырған соң манағы қатықты қолына ұстатты. Едіге қолындағы ыдысқа үңіліп қарады да, жанындағы пышағын суырып алып, қатықты төрт тіліп, ортасын бұлғап жіберіп көтеріп ішіп салды. Ханым: «Едігем, тәтті ме екен?» деді. «Егерде ыдысы ескі болмаса, тәуір көрінеді» деп Едіге шығып кетті. Едіге шыққан соң хан ханымға қарап: «Ыдысы ескі болмаса, тәуір екен дегені несі?» - деді. «Кәрі қатынның сідігі болмаса, тәтті екен дегені ғой» -дейді. Хан тағы да: «пышақпен осып ішкені несі?» - деп сұрады. Ханым: «Жұртыңды төрт бөлек қылармын дегені, ортасын былғап ішкені жұртыңды да осындай бөлшектермін дегені» - дейді.

Хан: «Ендеше мұны өлтірейік» - деді. Ханымы: «Мұны бүйтіп жүргенде өлтіре алмайсыз» - деді. «Арақ-шарап жинайық, алпыс басты ақ орданы шетке тігейік. Ноғайлының ауыр жұртының барлы-жоғын жиыңыз. Едігені аяқшыға қойыңыз. «Едігем, кел батырға» зорлатыңыз, сонда арақ ішіп, мас болып жүргенде өлтіресіз», - деді.

Бұл сырды естіп жүрген Едігенің алты жастан Аңғысын атты бір досы бар еді. Естігенін Едігеге айтты: «Кел батырға зорлап аяқ бергенінде ішпейінше осы меске құя бер» деп серке терісінен істелген бір мес берді. «Мен келген кісілердің аттанар жақ үзеңгі бауын қиып қоярмын. Сол мезгілде даладан өзіңе бір ауыз сөз айтармын, берік бол», - дейді.

Арақ-шарапты жиды, Ақ отауды тікті. Ноғайлының ауыл, жұрт, барлы-жоғын жиды, тоғыз ерді босағаға аңдушыға қойды. Алпыс алыбын айдаладан аңдытты. «Едігенің бала досы Аңғысын жиылған адамдардың аттанар жақ үзеңгі бауларын айналдырып қиып қойды. Едігені үйге кіргізді. Аяқшыға қойды. Едіге серке терісі месті ішінен буып алған. Жиылған топ Едігені зорлады, «кел, кел"-ге басып, әрқайсысы аяқ берді. Ішкенін ішіп, ішпегенін беліндегі меске құйып жүр.

Бойы қызыңқырап келгенде Аңғысын досы есік алдынан келіп қарады, онан соң айтты:

Табаны жалпақ тарлан боз,

Түн қатуға күн - сана.

Тақта отырған қамқа тон

Төрде отырған билерге

Қолың қақпай бұл сана.

Менің атым Аңғысын,

Берген саған алғысын

Барлағайсың түнеугі

Сөзіміздің соңғысын.

Едігенің жадына түсіп, үйден шықты. Бір аяғы босағаға тигенде, бір аяғы тарланның үзеңгісіне тиеді, қарауылға қойылған Тоқтамыстың тоғыз ері бірін-бірі пышақтайды, Тарланға атып мініп садағын жерден ала бергенде тарланның жанбасы жерге бір тиеді. Тоқтамыстың алпыс алыбы бастары түсіп, бата алмай қала береді. Едіге сол кеткеннен кетіп, Еділ мен Жайықтың арасында бір тіл алып кетейін деп жатты, - дейді.

Ноғайлының ауыр жұрты абдырады, айланды. Айланыш кеңес таппады. Сонда Тоқтамыс тоғыз ерін алдырып, есігінің алдына қойды. Шақырып ақыл сұрады.

Есенімде ешкімді берсем елемес,

Егескенде жыға тисем кектемес.

Есентай ұлы Қүдайберді батырым

Толған көрені деп еді.

Енкейіп үйге кіргеннен

Қол қусырып тұрғаннан

Тұрды, тағы сөйледі.

Айтып еді бір сөзді

Өкіліне түспеді,

Байыбына бармады.

Оның сөзін жаратпай

Үйімнен тез шық деді.

Қос-қос пышақ асынғақ

Қосалқы отау тіктіргек

Көшкенде бартал тарттырғақ

Салтанатын хан ұлынан арттырған.

Мойтандардан ер шыққан

Екі бірдей қос дәулет,

Егізіңмен еніп кеп

Толғап көрені - деп еді,

Еңкейіп үйге келген соң,

Қол қусырып тұрған соң.

Екеуінің де сөзін жаратпай

Байыбына бармады.

Өкіліне түспеді,

Екеуің де үйден шық деді,

Көшкенде күшін айланғақ

Өткір семсер байланған.

Жау қарасын көргенде –

Жауар күндей торланған.

Кетер құстай сайланған,

Бір алладан қашанда

Тілек тілеп зарланған.

Арғындардың басы едің,

Қара қожа батырым.

Сен бері кеп ойланып,

Толғап көрені деп еді.

Еңкейіп үйге кіргеннен

Қол қусырып тұрғаннан

Толғау салып көріп еді,

Өкіліне түспеді,

Байыбына бармады,

Оны да үйден шық деді,

Қараңғыда жол тапқақ

Қапы жерде сөз тапқақ

Жауырының үлкен қақпақтай,



Айдарың үлкен тоқпақтай,

Адам тілін алмаған,

Өзі ырайсыз болмаса,

Асу жерге бармаған,

Қара қыпшақ Қобыландым,

Сен бір кіріп ойланып,

Толғап көрені деп еді,

Еңкейіп үйге кіргеннен

Қол қусырып тұрғаннан,

Ол да толғап көріп еді,

Оның да сөзін жаратпай,

Байыбына бармады,

Өкіліне түспеді,

Оны да үйден шық деді,

Қос қояндай қасқарған,

Қараңғы меңіреу түндерде

Сансыз қолды басқарған,

Күнде бір сүңгі сындырған,

Ер көңілін тындырған,

Сүңгіге кісі міндірген,

Алмаған жау қоймаған,

Ішсе қанға тоймаған,

Елге аз да жауға көп,

Ақбалтыр ұлы Уағым.

Манжур ұлы Шуағым.

Егізіңмен бері кеп,

Толғап көрені деп еді,

Егізімен екеуі,

Үйге кіріп келгеннен,

Қол қусырып тұрғаннан,

Толғауға салып көріп ед,

Оның да сөзін жаратпай,

Байыбына бармады,

Өкіліне түспеді,

Оны да үйден шық деді,

Садағын қырық нарға тарттырған,

Салтанатқа үлде мен бүлде арттырған.

Тойға келсе ерке едің,

Қасқита басқа кигенің

Алтай қызыл бөрік еді,

Кеңесімнің бұрышы едің,

Кең қарнымның құрышы едің,

Кеңестің ұлы Кекжанбай.

Шаршамайтын бұлбұлым,

Сен толғашы деп еді,

Еңкейіп үйге келгеннен,

Қол қусырып тұрғаннан.

О да толғау салып еді,

Оның да сөзін жаратпай,

Байыбына бармады,

Өкіліне түспеді,

Сендағы үйден шық деді,

Ноғайлының ауыр жұрт

Абдырады, Айланды,

Айланып кеңес таппады,

Аузында отыз тісі жоқ,

Сұм аяқты, су бөрікті,

Сыпыра сынды сұм жырау

Жібекпен жағын тарттырып,

Салтанатқа үлде мен бүлде арттырып,

Алып бір келені деп еді.

Сұм аяқты, сүп бөрікті,

Сыпыра сынды сұм жырау.

Алып бір жетіп келгеннен

Еңкейіп үйге кіргеннен

Қол қусырып тұрғаннан

Тұрадыдағы толғайды,

Толғайды да сарнайды,

Сарнайды да жырлайды,

Толғап сарнап жырласа,

Сансыз ноғай қорлайды,

Өкіліне түскен жақсылар

Не оқиға болды деп,

Қамыққанын зарлайды,

Өкіліне түспес жамандар

Қартайғанда қазымыр,

Сандыраққа басты – деп

Көңілсіз жүре тыңдайды,

Мен қартыңмын, қартыңмын,

Не көрмеген қартыңмын?

Бастыққа бастық бастық хан,

Оны көрген кәріңмін.

Онан соңғы Кедей хан

Оны көрген кәріңмін,

Онан соңғы Алақан

Оны көрген кәріңмін.

Онан соңғы Қарақан,

Оны көрген кәріңмін.

Құлағы шұнақ Назарқан

Оны көрген кәріңмін.

Он екі тұтам оқ атқан

Онан соңғы ер Шыңғыс

Оны да көрген кәріңмін,

Мұнарасы қырық құлаш

Өзден сұлтан Жәнібек,

Оны көрген кәріңмің

Ұлы бабаң Домбауыл

Соны көрген кәріңмің

Жас та болсаң Тоғым хан

Сені көрген кәріңмін.

Жүз сексенге келгенде

Шықпаған жан жүргенде

Менен дәурен кеткенде

Саған дәурен жеткенде

Сонша хандар өткенде

Кешегі кеткен еңселі

Ерні салпы құбаша ұл

Сонша жасқа келгелі

Осындай ер жігітті

Көре алмаған кәріңмін.

Артынан келіп сынасам,

Қарадан пайда болғандай

Алдынан келіп сынасам.

Жалыннан пайда болғандай

Сонау бір жалғыз кеткен сол

Сатемір қанға жетер сол

Сатемір хан қол берсе

Алда тағалам жол берсе

Қырқада біткен қырық адыр

Қырық басып жүрер-ді.

Қырық күншілік шөліне

Айдында бұлақ салар-ды.

Сауырлы бұт, күреңене ат,

Бұтқа тартып мінер-ді.

Екі түгей торша ат,

Ылауға жайдақ алар-ды.

Алағаншық күндей боп

Алды-артынан шығар-ды.

Ноғайлының ауыр жұрт,

Баяу жатқан қайран жұрт,

Аш күзендей бүгіліп,

Аш бөрідей керіліп,

Шетіннен қиқу асырсын.

Ащылы сүрең салар-ды.

Есілдің басы Қызыл жар,

Аспадан суат салар-ды.

Ертістің басы Қарадөң,

Екі арасын қосар-ды.

Алтыннан соққан Ақордаң

Күмістен соққан ақ есік,

Түсі суық шым - болат,

Ұшыменен ашар-ды,

Төрге төсек салар-ды.

Төс аршынды сұлудың

Сұлулығын аямай

Төс астына салар-ды.

Керегеңді кертер де,

Туырлығың түлер ұл

Тіліп тоқым қылар ол

Тоқсан басты ақ орда

Тонамай ие болар-ды,

Торылы жылқы тобыншақ

Топтан жиып алар-ды,

Қанікейдей көріктіңді

Тінікейдей тектіңді

Ат көтіне міндіріп

Ал ендігін солдырып

Тегін олжа қылар-ды,

Сонау бір жалғыз құбаша ұл

Әлі де ұзап кеткен жоқ,

Еділден ары өткен жоқ

Тоғыз мынау еріңді

Тобымен жібер де

Алдап-сулап қасыңа ал,

Қасыңа ал да басын ал.

Есен-аман кетсе ол

Еділден арман өтсе сол

Сатемір қанға жетсе сол

Осы үшін сірәда

Сенен алмай қоймас-ды.



Деді дағы Сұм жырау

Жағы түсіп өледі,

Мұнан кейін Тоқтамыс,

Тоғыз ерге келеді,

Ей тоғыз ер, тоғыз ер

Тоғызың да бара көр

Алдан-сулар Едігені

Қастарыңа ала көр

Алдап-сулап қасыңа ал,

Қасыңа ал да басын ал

Тоғыз ер кетті алданып.

Бір алла деп зарланып,

Еділдің бойына барғанда

Едіге отыр қасқайып,

Едігені көрген соң

Жалбарынып тоғыз ер

Айбарынан қорыққаннан

Қасына барып жетпеді,

Сөйлесуге батпады,

Тоғыздан төртеу бөлініп,

Бір-бірінен өтінді

Ең соңында өтілдің.

Кеңестің ұлы Кекжанбай,

Келді дағы сөйледі:

«Ей Едіге, сен енді қайт сана

Қайтып Еділ өт сана,

Еңсесі биік ақ орда

Еңкейіп сәлем бер сана

Ернеуі жұқа сары аяқ

Ер сарқытын іш сана

Жаурындары жақталы,

Түйме бауы тартпалы

Ақ қаракес тон береді,

Үстіне соны ки сана



Көкала жорға ат мініп

Көн дабылпаз байланып

Ұшан теңіз айланып,

Тұтам бауы сары алтын

Ақ сұңқар құс береді,

Көл айлана, шүй сана

Арбан да арбан жүгіртіп,

Адымын жерде куыртып,

Арғымақ ат береді,

Салтанатқа ілсана

Құлағын біздей кадаған

Кекілін қыздай тараған.

Жүргенде ізін санаған

Бауырын тартып жараған

Қысыр жылан өзекті

Қолтыраудап танаулы

Сапы аяқтай ерінді

Сарымсақтай азулы

От орнындай тұяқты

Қиған қамыс құлақты

Табаны жалпақ тарлан боз

Ат береді мін сәнә.

Байтал бөлір береді

Байлап қымыз ін сәнә



Байтақ бөліп береді

Патеналық сұр сәнә.

Алған жарың атақты

Омарқанның қызы еді

Айтулының өзі еді

Оймақтайын үзілді

Сағынды да сарғайды,

Салқын түспей бар сана

Ібін-сібін екі нақ

Сыбырласып, сөйлесіп



Сыңқылдасып күлісіп,

Жек үшінен жалғасып

Ши түбінде сырласып,

Не дегенін біл сәнә.

Тоқтамыстай хан иең

Саған өкпе қылады

Өкпе пани сөзіңді

Хан алдында арыз қып

Өз аузыңнан айт сана,

Кел, Едіге бауырым

Енді ырайдан қайт сана.

«Мен қайтпан-ды, қайтпан-ды

Қайтіп Еділ өтпен-ді.

Еңсегей биік Ақ орда

Еңкейіп сәлем бермен-ді.

Еңсеме қатты иманнан,

Болат шоқпар тиген-ді.

Ернеуі жүқа сары аяқ

Қан сарқытын ішпен-ді,

Ернім жерге былғанды

Жаурындары жақталы

Түйме бауы тартпалы

Тон берсең де кимен-ді.

Иініме ноғай қотыр шыққанды

Көк ала жорға ат мініп

Көн дабылпаз байланып,

Ұшан теңіз айланып

Тұтам бауы сом алтын

Ақсұңқар құс берсең де

Көл айлана шүйе алман,

Қолымнан құт кеткендей,

Арбаң да арбаң жүгіртіп

Адымын жерде қуыртып,

Арғымақ ат берсең де



Салтанатқа іле алман,

Салтанат бізден кеткен-ді.

Құлағын біздей қадаған,

Кекілін қыздай тараған

Жүргенде ізін санаған

Бауырын тартып жараған

Қысыр жылан өзекті

Қолтыраудай танаулы

Сапты аяқтай ерінді

Сарымсақтау азулы

От орнындай тұяқты

Қиған қамыс құлақты,

Ат берсең де міне алман.

Ауымнан құт кеткенде

Байтал бөліп берсең де

Байлап қымыз іше алман

Байтақ бөліп берсең де

Мен байшылық сүре алман.

Басымнан бақ кеткенде

Алған жарым айтулы

Омарқанның қызы еді,

Сағынбақтан сарғайсын,

Салқын түспей барман-ды.

Ібін-сібін екі нақ

Сыбырласып сөйлесіп,

Сыңқылдасып, күлісіп,

Ши түбінде сырласып,

Жең үшінен жалғасып,

Не дегенін білмен-ді.

Құлағым саңырау болған-ды

Тексіз иең Тоқтамыс

Енді еңкейіп барман-ды.

Өкпе пани сөзімді

Көктен оғым зуылдап



Зымырап барып айтпаса

Сірә аузымнан айтпан-ды.

Еркек боп атқа мінген соң

Қатындай болып қайтпан-ды,

Салпақ-салпақ жортармын,

Саразбанға қосым артармын.

Ұшайын десем қанат жоқ,

Қонайын десем құйрық жоқ,

Ей жалғыздық қайтермін,

Сұм жалғыздық қайтермін?

Жалғыз да болсам кетермін

Сатемір қанға жетермін,

Сатемір қан қол берсе

Қадір алда жол берсе

Тілегімді мол берсе,

Қырқада бітқан қырық адыр

Қырық басып жұрт басам,

Қырық күненілік шөліне

Айдынды бұлақ салмасам,

Сауырлы бұт күреңене ат

Бұтқа тартып мінбесем,

Екі түгей торша ат,

Ылауға жайдақ ілмесем,

Алағаншық күндей боп,

Алды-артыңнан шықпасам,

Аш күзендей бүгіліп,

Аш бөрідей шумандап,

Ноғайлының ауыр жұрт

Баяу жатқан қайран жұрт

Шетінен қиқу асыр сап,

Ащы сүрен салмасам,

Есілдің басы Қызылжар.

Аспадан суат салмасам,

Ертістің басы Қарадөң.



Екі айырым қоспасам

Алтындап соққан Ақордаң

Күмістеп соққан ақ есік

Түсі суық шым-болат,

Ұшыменен ашпасам,

Төрге төсек салмасам,

Төсі аршынды сұлудың

Сұлулығын аямай,

Төс астына алмасам,

Керегеңді кертпесем,

Кертіп отын қылмасам,

Туырлығың тілмесем,

Тіліп тұқым қылмасам,

Тоқсан басты Ақордаң,

Тонамай ие болмасам,

Торылы жылқы тобыншақ

Топтап жиып алмасам,

Қаныкейдей көріктің,

Тінікейдей тектіңді,

Ат көтіне салмасам

Тегін олжа қылмасам,

Осы өенімді алмасам,

Дегеніме жетпесем,

Айтқанымды қылмасам,

Күні кеше жапанда

Есіл ерді еңкейтіп,

Екі иінін жауыр ғып,

Қамар белін ауыртып,

Ніл дарияның басында,

Қүмкент шәрі қасында

Баба түкті шашты

Әзіз Мені сонда тауып ап,

Едіге деп ат қойғанда

Едіге атым құрысын,



Мен, мен дүрмін, мен дүрмін,

Мен, менсіген мінезден,

Тауба қылған ер дүрмін.

Досымның отын сөндірмен,

Дұшпаным отын жандырман,

Өзім емес нәмартқа,

Шаңқан бозат мірдірмән,

Тоқсанды жебе салдырман,

Асылын сұрамай ас бермен,

Атасын сұрамай дос қылман,

Өзім демес нәмарттың

Еңсесіне мінген соң

Иманнан шоқпар төндірмән,

Мұнан әрі мақтанбан,

Мұнан әрі мақтансам,

Он екі тұтам оқ тартқан,

Кешегі өткен ер Шыңғыс,

Өзіменен тең дүрмін,

Тауға ұялар сұңқармын,

Тау бөктерлей шүйермін,

Торлаусыз өскен құланмын,

Мезгілсіз жусап өрермін,

Бұжығынан ащымын,

Сербет құйсаң тұщымын,

Буыршыннан қаттымын,

Бұйдаласаң шөге алман,

Буырлыштан асаумын,

Бұғалық салсаң тоқтаман,

Өзім деген жақсыны,

Өлгенімене боқтаман.

Шалғынды көл төңірек,

Шалулы сөзің не керек?

Қоғалы көл төңірек

Сенің маған қорлықты сөзің не

Безенді гүл төңірек,

Құр мені алдап желген сөзің не керек?



Білгің келсе, тоғыз ер

Қарағайдан берік біткен терекпін,

Басымнан дауыл үрсе теңселмен,

Қарағайға қайнап біткен бұтақпын,

Балталасаң айрылман.

Еменге айыра біткен бұтақпын,

Еңкейіп келсем оңдырман,

Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,

Қасалассам оңдырман,

Қылтаңдаған күреңене ат,

Қыдырауды жыққанмын

Жағасы алтын кіреуге

Жағаласып жыртқанмын

Тоқсан баулы ақ көбе

Тоғысқан жерде кигенмін,

Садақ толы сай жете

Саудыратып төккенмін.

Атанға тартсаң ауырмын,



Батпанға тартсаң бастырман,

Таразыға тартсаң теңдірмен

Мұнан әрі мақтанбан.

Мұнан әрі мақтансам, -

Жеп ұсатқан қарт көк сең

Өзіңменен тең дүрмін.

Тұра тұршы тоғыз ер

Туған жерім айтайын,

Айтпағанда қайтейін?

Баба Омар бабамды

Мен батамда көргенмін.

Баба түкті Шашты Әзіз,

Арқа беріп жүргенмін,

Әзірейіл сынды періште

Алты күн арыз еткенмін,

Жәбірейіл сынды періште

Жеті күн арыз еткенмін

Омар менен Оспанға

Әбубәкір Сыдыққа

Әзірет Әли бабама

Арқа беріп жүргенмін,

Мұхамбет атты піріме

Меке деген шәрінде

Барып арыз еткенмін,

Тәңірі үйі мекені

Үш айланып, зыр кещіп

Бар күнәмнен пәк болып

Сонда айрылып қайтқанмын,

Түсімде аян береді

Ақ шалмалы бір кісі

Оқымысты дүр кісі

Енді Едіге батырды

Шанжауға қағып иментіп,

Тоқтатам дейтін қай кісі?

Тоқтамыстың тоғыз ер

Сен тоғыз да мен жалғыз

Мәнің болса кел доңыз

Қамшы тиер мойныңа

Қан сорғалар қойныңа

Шыдамассың бірақдақ

Тарқи қылған ойныма

Кеңестің ұлы Кекжанбай

Ашпа көзің тесермін.

Сөйлеме тілің кесермін,

Атаң қара кісі еді,

Мал бергеннің құлы еді,

Шең қара кісі еді

Ас бергеннің күңі еді,

Мен салпаң-салпаң жортармын,

Саразбанға қосым артармын

Алла жалғыз жаратты

Бір шыбындай қаріп жан

Кім алар деп қорқармын?

Осыны айтып Едіге онан-мұнан құралып 18 кісі болды. Едігенің атқа жүруіне 17 серігі шыдамады. Ас ішуіне қарыны ашып шыдамады. Бұлардың шыдамайтындығын Едіге ойлап білді.

Ей, он жеті дос,

Біз жиылсақ он сегіз

Мен шаршадым деп налықпа,

Сусадым деп талықпа

Қарным аш деп қамықпа

Тамақтарың таусылса,



Тамақ тауып берейін,

Киімдерің жыртылса

Киім тауып берейін

Атың өлсе төлейін,

Өзің өлсең не дейін,

Арық атты көк жасық

Серен қылып жесейік.

Жаңбырдан тұрған қызыл қақ

Сербет қылып ішейін,

Он жеті досым өлсеңдер

Жаназаңды шығарып

Баялыштан от жағып

Таза арулап көмейін

Бәрін де айт та, бірін айт

Мен тіріде өлмессің.

Он жеті досым кедейім.

Бір күні Едіге түс көріп шошып оянды,

ояна сала жолдастарына айтты:

Әй.Он жеті дос, сүйінші

Түре келіп киінші

Беліңді қынай буыншы

Бет-қолыңды жуыншы

Мен бүгін бір түс көрдім;

Сол жақсылық түс болса,

Жақсылыққа жорышы,

Егер жаман түс болса

Осы он сегіз кісіні

Төңіректен қорышы,

Мен бүгінгі түсімде

Алтынды ер, ақбоз ат

Жалынан тартып мініппін,

Ақсұңқар құс болыппын,

Көкке таман ұшыппын

Көкте жүрген періште

Оларға барып сөйлесіп,

Онан да аса ұшыппын.

Төбеде жүрген қоңыр қаз

Көк үстінде іліппін

Төр тауына қоныппын.

Төс етіне тойыппын.

Ол не болар, он жетім?

Он жеті дос ұйлықты,

Ұйлыққанның белгісі

Бір-біріне жилықты.

Еш амалын таппады,

Жиын тұрған бәрісі

Іштеріңде бар екен,

Жасамыс бір кәрісі,

Түс жоруын сол тапты

Алтынды ер ақбоз ат

Түс ұйқыңда мінсең сен

Бар мұратқа жеткенің

Көкке таман ұшсаң сен

Жұрт алдына шыққаның.

Көкте жүрген періште

Оларға барып сөйлессең,

Қайып ерендер қолтықтап,

Демеу істеп жүрген-ді.

Онан да асып ұшсаң сен

Қызыр сүйеп жүрген-ді.

Төбедегі қоңыр қаз

Көк үстінде ілсең сен

Төр тауына қонсаң сен

Төс етіне тойсаң сен

Кеше сені жұртынан

Отарлап қуған Тоқтамыс

Соны быт-шыт қыларсың.

Тояттап мейірің қанарсың.



Ал жүріп кетті, бір күнде алдарынан бір ақ, бір көк шатыр көрінді. Атын он жеті досына беріп, өзі бір таз көбеген болып шатырға келді. Келіп көрсе, өзінің іздеп бара жатқан Сатемір ханның қызын Дәудің ұлы Қабантын алып келе жатыр екен. Зорлықпен айдап әкеле жатқан қырық биесі, қырық қосшысы бар екен. Бұларды көрген сол Едіге жолдастарына қайтып барды: «Ей он жеті досым, мен іздеп бара жатан Сатемірханның қызын міне Алып зорлықпен апара жатқан көрінеді. Енді мен Алыпқа қосшы болайын, Сендер осының қонған жеріне қонып, түстенген жеріне түстеніп отырыңдар. Сендердің тамақ-азықтарыңды мен әрбір шоқпыттың түбіне жасырып қойып кетермін. Іздеп тауып алып тамақтанып келерсіңдер» деді де өзі қайтып келіп Алыпқа косшы болып тұрды. Алып қырық қосшыларынан да мұны артық көрді.

Едіге қырық косшыға суды тасытып алып, ай ламен далаға қондырып отырды. Күн сайын жасырын бір биені сойып кейінгі жолдастарының азығы үшін шоқпыттың түбіне қойып келеді. Оны жолдастары кейіннен алып жеп келеді. Бір күні Едіге қыздан: «Сен кімнің қызы едің?» деп сұрады. Қыз: «Мен Сатемір ханның қызы едім, осы Алып зорлықпен алып келе жатыр» деді. Едіге: «Егерде мен осы Алыпты өлтіріп сені есен-аман жұртыңа алып барсам, әкең мені жақсы көрер ме еді?» - дейді. Қыз: «Егерде мені есен-сау жұртыма алып барсаң, әкем сені өзінен соңғы патена қылар еді» - деді. Едіге: «Олай болса, алыптың ұйықтайтұғын күнін маған сездір» деді. Қыз: «Мен қашан сізге бауырсақ берсем, содан сезерсіз» - деді. Бір күні қыз жеті жарым бауырсақ берді. Едіге мұнан алыптың жеті күн өтіп, түс жарымда ұйқыға кететінін білді. Жеті күн өткен соң Едіге қызға бір бауырсақтың жарымын берді де айтты: «Мен жолдастарыма барып бір оғымды кезеп, бір оғымды тістеп келермін, сен алыптың төсін аша бергейсің, мен бір атайын сонда» дейді. Үйден шығып бара жатып алыптың оқшасын көрді. Қолына алып тартып қарады: «күші өзімдей-ақ екен, артық емес екен, бекер қорқып жүр екенмін» деп желіп жүре берді. Қырық қосшыны суға жіберіп, он жеті серігіне келсе, бәрі де семіріп қалған екен. Жолдастарына алладан тілеп тұрындар, бүгін бір ойын болады» - дейді. Бір оғын кезеп, бір оғын тістеп, ұйықтап жатқан Алыпқа жақын келіп қызға: «Төсін аша бер» -деді. Қарға жүнді, қозы жаурын, масақты оғымен тартып, өте шыққанда алыптың бөксесі жатып қалып, кеудесімен сермегенде тарланның құйрығы қолына түсті. Тартып еді жата қалды.

«Бал аштырғанда балгерлер ажалың өзіңдей перінің қызынан туған Едігеден болар деуені еді, сол қалтақ Едіге сен болдың ба?» - деді де Алыптың жаны шықты.

Едіге манағы суға жіберген қырық қосшыға жетіп барып: «Не қылып жатырсыздар, Алыбың бәрімізді қырамын деп отыр» - деді. Қосшылардың бәрі де жылады:

Жалғызға жасақ болған,

Жаяуға таяқ болған,

Едігені қайдан табарсың.

Қарны ашқанға тамақ болған,

Аты жоққа ат болған

Ол қайдан келер дейсің?

деп зарлады.

Едіге бұлардан: «Егерде Едіге келіп Алыпты өлтірсе, не берер едіңдер?» - деп сұрады.

- «Егерде Едіге келіп Алыпты өлтірсе, біздер әркімнің жалғызы едік, біздерге ерік берсе, біз жол батасын берер едік».

Едіге: «олай болса, Едіге деген ер мен, Алыпты жаңа өлтіріп келдім» - деді.

Сонда қосшылар: «Біздер әркімнің жалғызы едік. Біз сізге жол батасын берейік, сіз біздерге ерік батасын беріңіз. Барып ата-анамызды қуантайық» - деді.

Едіге оларға: «ендеше бәріңе де ерік бердім. Барыңдар. Сатемір ханға сәлем айтыңдар. Алыпты өлтіріп, қызыңды Едіге аман-есен алып келе жатыр деп сүйінші сұраңдар» - деді.

Қырық косшының бәрі де Едігеге батасын беріп:

Жорытқанда жолың болсын,

Жолдасың қыдыр болсын, -

деді де жолдарына кетті.

Осы қырық ердің батасы тиіп, Едіге батыр болды. Қырық ер Сатемір ханға барып, «Едіге деген бір ер шығып, Алыпты өлтіріп, қызыңды алып келе жатыр» деді. Сатемір хан қуанып: «Күнге, желге тигізбей Едігені алып келіңдер» деп алдынан үш сан қол жіберді. Үш сан қол күндік, түстік жерге келгенде:

- Жалғыз атты кедейді

Қайдан тауып аламыз,

Іздеткен хан тентек пе,

Іздеген біз тентек пе? -

деді де кейін қайтты.

Едіге бұлардың кеткенін біліп ашу қылды. «Қашан болса да сендерді бір қырмасам ба», -деп серт қылды. Ел шетіне барып кірді. Алдынан хан кісі жіберіп, өз ордасының қасына түсірді. Төбел бие сойды. Төрт қырлап ошақ қазды. Сатемірдің сансыз қолының барлы-жоғын жиды. Үлкен бір той істеді. Ақ некесін қидырып, қызын Едігенің қойнына салды. Мұнан соң қыз буаз болып, айы жетіп, күні толған соң, бір ұл тапты.

Қаракеске бөлетті,

Ал Қаракес батыр деп

Бала Кеске бөлетті,

Алтыннан шүмек ойдыртты.

Күмістен түбек қойдыртты.

Көкірегі жаулы өссін деп.

Қашқан бір жауды қудыртты.

Хан Нұралын туғанда

Сатемір хан сансыз қол

Барлы-жоғын жидыртты.

Төбел бие сойдыртты.

Жалғызыма алғыс тисін деп

Арақ пенен шарапқа

Сонда жұртты тойдыртты,

Үлкен бір той қылдыртты,

Көңілін сүйтіп тындыртты.

Нұралын он екі жасқа келгенде асық атып ойнайды. Торғай аулап күн көрген бір жаман шалдың жілігін атқан асығы үздіртті. Шал мертігіп жатып: «Жүгірмек, менің жіліншігіме әліңжеткенене, жұртыңнан қуып шығарған Тоқтамыс ханнан барып, кегіңді алсайшы» - дейді. Нұралын ашуланып үйіне келді. Әкесіне: «Ей ата, сіздің көңіліңізде бұрыннан қалған ескі кек бар екен» - дейді. Атасы Едіге кегін ұмытып бара жатыр екен, есіне түсірді. Сатемір ханға білдірді, Сатемір үш сан қол берді. Бұрынғы ішкен анты барды. Едіге де қолмен аттанды.

Қырқада біткен қырық адыр

Қырық басып жортыпты.

Қырық күненілік шөлдерге

Айдынды бұлақ салыпты

Сауырлы бұт, күренше

Бұтқа тартып мініпті

Екі түгей торша ат,

Ылауға жайдақ алыпты.

Алдында шалқыған, жалтыр-жалтыр сулардан сусындап, қол кетіп бара жатыр дейді.



Жарандары сұрайды: «Бұл қандай қуы жоқ, қотаны жоқ, жигені жоқ, борығы жоқ, неткен көлдер?» - деп. Едіге айтады: «Бұл Қоғалы көл, қорлы көл, жигені жоқ, борығы жоқ, сорлы көлдер деген осы көл» - дейді. Едігенің атқа жүруіне шыдамай, қолдың бір саны қайтып кетті. Көрінген судан су ішемін деп ауру болып, бір сан қол қырылды. Су құрып қалған жерлерде түтігіп, тағы бір сан қол қырылды. Жалғыз-ақ аталы-балалы екеуі кетті. Алдында бір Қаратау көрінді. Тауға келгенде Едіге Нұралынға айтты: «Бұл Тоқтамыс ханның қарауыл қарайтын тауы, бізден күндік, түстік жерде түр, Тоқтамыстың қарға бұтты қара кемпірі осы Қаратаудың басына торғай қонса да көретұғын Берік болып шық» - дейді. Нұралын тауға шыға келді, қарға бұтты қара кемпір қарауыл қарап отыр екен Нұралынды көрді. Бірақ кісі екенін, қарақұс екенін, айыра алмады. Кемпір жұртына кісі шаптырды. «Тауға бір қара шықты, құс екенін, адам екенін айыра алмай тұрмын, жұрт берік болсын» - деді. Нұралын атасына: «Бір қара жамылышты алып кел, айла жасайық, кемпір не екенімді айырмай тұр» - деді. Әкелген қара жамылышты алып киіп, екі шетінен ұстап, құстың қанатындай қылып жайды, бір уыс топырақты алын, шашын жіберіп, таудан түсті. Кемпір жұртына қайта кісі шаптырды: «Бейбіт болсын, қара құс екен, ұшып кетті» - деп. Жұрт бейбіт болып жатқанда аталы-балалы екеуі ел шетіне кірді. Ел қорқып бөлінді. Тоқтамыс ханға хабар жіберді: «Едіге екеулеп келіп, ел шетіне жетті» деді. Хан айтты: «Ей жұртым. Қойларынды сойындар, қол қусырып алдына барыңдар. Сендерге тимес, мен үшін бүлінбеңдер» - деді. Елдің бәрі де қойын сойып, қолын қусырып Едігеге барысты, қабыл алынды. Сонда Тоқтамыс ханның жұртынан айрылғандағы жыры:

«Едігем менің бар еді,

Едігемнің мінгені,

Аузы ақтан кер еді.

Едігемнім асу ісі сол еді,

Өзінен бір жас үлкенге,

Әзіз ағам, сіз біліңіз дер еді.

Өзінен бір жас кішіге,

Әкем сен тұра, тұр мен сөйлейін дер еді,

Ескіден кегі бар еді,

Кете алмай-ақ жүр еді,

Көре алмасы көп болды,

Көтермесі жоқ болды.

Едіге сынды батырдан

Қапыда сөйтіп айрылдым,

Сұм жыраудың айтқаны

Ақырында дүп келді. -деп жылап тұрған жұртының алдына Сыпыра жыраудың бастап айтқан жырын айтып, тоқбақ жалды торшаны алдырды. Тоғыз көзді, кіреукені киді. Жеті кетпеннен ағыс атады екен, тоғыз көзді кіреукесінен өтпейді екен. Қарағай найзасына сүйеніп, тоқбақ жалды торы атына мініп жұртын жиып айтқан сөзі:

Ой, жігіттер, шоралар,

Ормамбет би өлгенде,

Он сан ноғай бүлгенде,

Саназар батыр жауынан

Жаралы болып келгенде,

Алашты алаш болғанда,

Алаша қан болғанда

Аязды күнде аршындап

Арасат оты жанғанда

Бура мұздан тайғанда

Шыңырлаған буыршын,

Қаннан кайрат кеткенде

Биге мәдет жеткенде

Қан қашып, би қуғанда

Хан Тоқтамыс қарланып,

Байтағым деп зарланып,

Айтып жылай жөнелді.

Ей, байтағым, байтағым,

Бастатып сені алдырттым.

Ал, аман бол, менен соң.

Байтағымның іенінде

Он сан елім ноғайлы

Сені тағы алдырттым.

Он сан ноғай ішінде

Үш жүз алпыс отау қазағым:

Сені тағы алдырттым.

Ал аман бол менен соң,

Он бес шорам арта алмас

Он екі атан тарта алмас

Байдалы туым, басты ордам,

Бастата сені алдырттым.

Ал, аман бол менен соң,

Өзенді өзен су, өзен су,

Өнектеп ордам қонған жұрт.

Өзектей соққан сом темір,

Есігіме шынжыр болған жұрт.

Жағасынан балапан торғай ұша алмас,

Басқұрдан баса қонса жапырылмас.

Балығы жылқы жусатпас,

Бақасы кісі ұйықтатпас,

Маралы бар киіктей.

Балдырғаны білектей,

Алмасы бар жүректей,

Еділ менен Жайығым,

Сені тағы алдырттым.

Ал, аман бол менен соң,

Ормамбет би өлген жұрт,

Он сан ноғай енген жұрт,

Саназар батыр жауынан,

Жаралы болып келген жұрт.

Бие сауған сүтті жұрт,

Қымыз ішкен құтты жұрт,

Атам күйеу болған жұрт,

Еңкейіп тәжім еткен жұрт.

Анам келін болған жұрт.

Иіліп сәлем еткен жұрт,

Көрікті туған сүлуым,

Алғаным келін болған жұрт,

Ақ бүркеншік салған жұрт,

Ал ендігін жаққан жұрт,

Қызыл маржан таққан жұрт,

Ақбозатқа мінген жұрт,

Жаңғызда қалқам Қадірберді,

Қадірберді сұлтан туған жұрт,

Қаплы қамқа тұтқан жұрт,

Он сан ноғай жиған жұрт,

Асырлы той қылған жұрт,

Жалғызыма алғыс тисін деп,

Қаріппенен қасарым,

Арақ пенен парапқа

Сонда аман тойған жұрт,

Жабағылы нар тайлақ

Жардай атан болған жұрт,

Адасып қалған бір тоқты,

Жайылып мың қой болған жұрт,

Ал, аман бол менен соң,

Жапырағын жайқалтқан,

Жардай атан семірткен,

Жарлыны байға теңелткен,



Суы менген жары тең,

Құлыны мен тайы тең,

Өзені мен сайы тең.

Үш алапты үлкен су,

Сені тағы алдырттым.

Ал, аман бол менен соң,

Алыс жерді көре алман.

Жуық жерге жете алман,

Жаяулық басқа түскен соң,

Алдымда қатер болған соң,

Сап-сап жүре, сап жүре

Сай азамат қосылып,

Жауды жайқай ала алман.

Қарақыпшақ Қобландым,

Сен секілді ерден соң,

Отыруены едік жайласып,

Шалғынға бие байласып,

Құлынтайдай ойнасып,

Иіңдесіп, сырласып,

Асылдан саба толтырып,

Тең құрдаспен отырып,

Әзілді қымыз іше алман.

Ноғайлы мың ауыр жұрт,

Сен секілді елден соң

Маңдайым күнге күймей ме?

Табаным жерге тимей ме?

Басқа зорлық түскен соң,

Жалғыз да қалқам Қадірберді,

Маңдайын иіскеп сүймедім,

Бұл барғаннан барармын,

Телі көлден асармын,

Көкөлдінің көліне,

Баса барып жатармын,

Тілеу тілеп тұрғайсың.

Алдам ие ес берсе,

Аруақтар дес берсе,

Он үш жылдың жүзінде

Қайта айналып жетермін, - деді де жүріп кетті. Бара жатып сусады. Бір кемпірден бір аяқ ас сұрап ішті. Бара жатып алқынды. Тоғыз көзді кіреукені шешіп алып жанына бөктерді. Кіреукесі жанындағы қанжығасынан босап түсіп қалды. Сол барғаннан Төлікөлге барды. Онан қорыққан соң Көкөлдінің көлін баса барып жатты. Қалған байтағына Едіге ие болды. Тоқтамыстың екі қызы бар еді. Бірін Едігенің өзі алды, біреуін баласы Нұралынға бермек болып қойды. Нұралын Тоқтамыс ханды іздемекені болды. Едіге айтты: «Ей балам, маған қырық ерден бата тиген еді, шын іздесең, табарсың» деді. «Тауып, Тоқтамыстың басын аларсың» - деді. Кеңестің ұлы Кекжанбай отыр еді. «Қай жағыңнан жолығар екен?» - деді. Едіге айтты: «Әйтеуір бір жағыңнан жолығар. Егер жаны үшін жалынып сөз айтса, басын ал, егер өзіңмен қарсыласып сөз айтса - бірерде тимегейсің» - деді. «Бұл қызды маған сақтап қоярсың» - деді де Нұралын жүріп кетті. Хан Тоқтамыс ас сұрап ішкен кемпірден бұ да ас сұрап ішті. Бара жатып тоғыз көзді кіреукені тапты. Үстіне киіп алды. Тағы да әрі іздеп кетті.

Көкөлдінің көлінде жатқанда Тоқтамыс ханның жүрегі дүрсілдейді, найзасы солқылдайды, жапырылады. Су толықсиды. Қызғыш құс үстінен түйіп-түйіп шығады. Хан мұның бәрінен қорқады. Зұқарланып жылайды.

Бекер тұрып туламашы, торша ат.

Күн-түн қатсам тұрарсың,

Бекер тұрып дүрсілдеме сұм жүрек,

Едіге екеу, мен жалғыз

Сайысқан жерде тынарсың.

Солқылдама ақ найза,

Салысқан жер де сынарсың.

Бекер тұрып жапырылма, көк орай,

Бұл қатерден жан қалса,

Ноғайлының ауыр жұрт,

Басшы болып әкелсем,

Ен дәулетті байларым,

Баса қонып үстіңнен,

Төрт түлік малын жайғанда,

Қу шөп болып соларсың.

Толықсыма тұнық су

Дәулеті ен байларым,

Жылқыларын баса айдап,

Жалдатып бір суарса,

Құрым батпақ боларсың,

Қиқулама, қызғыш құс

Даусың зарлы байғұс құс

Қанатың қушық мойның бос.

Байтауық толған жылқым жоқ,

Жиек толған жұмыртқаң,

Етектеп жинар ұлым жоқ.

Мен елімнен айрылдым,

Сен көліңінен айрылсаң,

Сен де мендей боларсың,

Бұл қатерден жан қалса,

Алдам ие ес болса,

Жұртымның ауыр күшіне,

Бас болғандай күн болса,

Саятшылар үстіңнен,

Алғыр қара лашынын,

Бастыра келіп сілтесе,

Сонда қорқып жымырсаң.

Қызғыштың түйіп шығып жүрген жеріне Нұралын жетіп келгенде хан ұшып түрекелді. Бір-біріне сәлем беріскен соң, Нұралын ханға «атыңыз» деді. Хан: «жоқ сен ат» - дейді. Нұралын: «Жол сенікі, сен ат әуелі» - деді. Хан үш мәртебе атты. Өзінің жоғалтқан тоғыз көзді кіреукесінен өтпеді. Кезегі біткен соң: «өз құраныма жолықтым» деп хан басын сұна берді.

Нұралын басын кесіп, қанжығасына байлап алып жүре берді. Көз ұшында көрінген бір бәйтерекке түстік етейік деп жетіп барды. Барса, терек саясында бір адам қара арғымағын кесе қаңтарып ұйықтап жатыр екен. Өлтірейін деп ойлады да «ұйықтағанды өлтірген қатын ісі» -деп оятты. Адам сарнай түрекелді де айтты:

Ей Нұралын, Нұралын

Еен бермесін мұрадың,

Тоғыз көзді кіреукем,

Оны нетттің Нұралын?

Саурығы бие мүтң еді,

Байсалды жұртқа құт еді

Тоқтамыстай хан ием.

Оны неттің Нұралын?

Сонда Нұралын айтты:

Тоқбақ жалды торыны

Тонаған жерде мінгенмін.

Тоғыз көзді кіреукең



Тоғысқан жерде кигенмін.

Саурығы бие сүт болса,

Байсалды жұртқа құт болса,

Телі келде ізін шығарып



Көкөлдінің көлінде

Баса барып жеткенмін.

Тіңкитіп басын кескенмін,

Ей Нұралын, Нұралын,

Еен бермесін мұрадың.

Төбеге шыққан төртеуге

Төре берер күн туғай ма?

Арқада тұрған алтауға

Аға болар күн туғай ма?

Арқаға біткен Алатау,

Ер аттар күн туғай ма?

Төбедегі төрт жұлдыз,

Таң атар күндер туғай ма?

Төбел торы ат құйрығы,

Төрт шалуға келгей ме?

Қалған-құтқан ел болып,

Қадірберді сұлтан хан болып,

Бұрынғыдай ел болып,

Ту желкілдеп шыққай ма?

Бізге туған осы күн

Сендерге де туатын,

Шүйделі балта қолға алып,

Иініңе мінетін

Төбеншік көзді бабанды

Төбелер күндер туғай ма?»

Атасы Нұралынға «Қарсы сөз айтса, ерді өлтірме» деген сөзі бар еді. Сондықтан Нұралын да тілін тартпай қасқиып тұрған жігітті өлтірмей жүре берді.



Нұралын жолға кеткен соң Кекжанбай жасырын атасы мен баласын шағыстырайын деп Едігеге жетіп келді. Келді де Едігеге: «Тоқтамыстың бір қызын қуантып, бір қызын қуартып қойғаның не?» - деді. «Бір дәуір сүргенде екеуін де өзің алсайшы, баланың ырысы өзінде емес пе» - деді. Кекжанбайдың шақыстырып отырғанын білмей Едіге екі қызды да өзі алды. Үлде мен бүлдеге малды. Екі қолын екі қыздың үстіш салды. Бір заманда Нұралын кіріп келді. Ерні кезеріп, көзі бозарып, екі қыздың иініне қолын артып отырған әкесін көрді. Сол заман ашуы келіп, атасына «а» дегенде атасының көзі шықты. «Ма» дегенде қолы сынды. Едіге зарлап жылады:

Ей тумағыр, тумағыр,

Сені қайдан тудырдым?

Сен туғанда Нұралын,

Төбел бие сойдырдым.

Төрт қырлап ошақ қаздырдым.

Сатемірдің сансыз қол

Барлы-жоғын жидырдым.

Жалғызыма алғыс тисін деп,

Қаріп пенен қасірді,

Арақ пенен шарапқа

Сонда аман тойдырдым,

Сен туғанда Нұралын

Қаракеске бөлеттім

Ал қаракес батат деп

Бала кеске бөлеттім.

Алтыннан шүмек ойдырттым,

Күмістен түбек қойдырттым.

Хан қасында туды деп

Тумағыр сенің атыңды.

Хан Нұралын қойдырттым

Беліңе садақ будырттым,

Көкірегі жаулы өссін деп

Қашқан жауды қудырттым

Қарға қонбас қара ағаш

Қаз қондырдың Нұралын.

Құзғын қонбас қу ағаш,

Қу қондырдың Нұралын.

Қу қанатын сал етіп,

Еділ, Жайық өзеннен

Көктей өттің Нұралын.

Қарасуға қан құйдың,

Суды қайдан ұрттарсың?

Қара арғымақты қатырдың

Атты қайдан мінерсің?

Қара лашын қашырдың,

Құсты қайдан шүйерсің,

Жан дегенде жақының

Жалғыз атаң мен едім,

Алғаштан көзім шығардың,

Бергештен қолым сындырдың,

Қайда барсаң тынарсың?

Сонда Нұралын айтты:

Қарға қонбас қара ағаш

Қаз қондырдым жұрт үшін,

Құзғын қонбас қу ағаш,

Қу қондырттым жұрт ұшін,

Қу қанатын сал қылып,

Еділ - Жайық өзеннен,

Көктей өттім жұрт үшін

Қарасуға қан құйсам,

Сербет суын ұрттармын,

Қара арғымақ қатырсам,

Ат тұлпарын мінермін,

Қара лашын қашырсам,

Сұңқар құсты шүйермін

Қарулы жерге өрт қойсам,

Шүйгін шөпті ұрттармын,

Жан дегенде жақыным,

Жалғыз әкем сен болсаң,

Алғаштан көзің шығарсам,

Бергештен қолың сындырсам,

Тәңірім үйі-Мекені

Үш айлансам тынармын, -деді де жұртты қақ бөліп алып кетті. Судың екі жағында екеуі жатты. Сонда Едіге жалғыз баласын сағынады. Сағынып сарнайды:

Терлігім алтын болмады,



Теңім мінер болмады,

Қан жиені бу ұлы

Нұралын хан болмады.

Хан болғанның несі артық?

Өзімізден соңғыға

Жора болып қалмады.

Алыстан қара көрінсе,

Айланысқан мырза ұлым,

Жетекшісі келіссе

Жер жаңылмас мырза ұлым

Жеті дария қосылып,

Көбіктеніп тасқанда

Жел қайықтай омырауын

Желге беріп қасқиып,

Көктей өткен мырза ұлым.

Борай да борай қар жауса

Керіскей кигіз мырза ұлым

Борасындап оқ жауса

Темір шымды болаттай,

Қалқан болған мырза ұлым.

Бір күні Нұралынның қатыны баласының құйрығына болат бізді сұғып алып жылатты. Нұралын ашу қылды. Сол уақытта қатыны айтты:

«Қаракеске оратқан, алтыннан шүмек қойдырған, әлпештеп өсірген атаңа сен не көрсеттің? Бұл да бізге не көрсетер дейсің» деді. Мұнан соң айыбын біліп, Нұралын өзін бір кісіге жетелетіп, бір кісіге қамшылатып атасы Едігенің алдыш барып татуласты - дейді.

Тоқтамыс ханның баласы Қадірберді сұлтан жүз кісімен қаенып кеткен еді. Жанына жиналғ-ан қалған-құтқан ел болып Қадірберді сұлтан-ды хан сайлайды. Сол уақытта Кадірбердінің жылқысындағы бір құлашаны құлының да емді, тайың да емді, құнандарың да емді. Дөненінде үйретті, бестісінде жібек арқан сүйретті. Алтысында адуынды ат болды. Жетісінде жіліктеніп толды. Сегізінде серіппей құлан атты. Тоғыз жаста әбден толысты. Он жасына келгенде пат құндыздай оңысты. Он бір жасқа келгенде оқ жыландай қарғыды. Бір мезгілде Қадірберді сұлтан садағын байланды. Жұртқа құрбан боламын деп жұртын үш қайтара айланды. Ақылын іеніне сақтап кіжінді. Құлаенаға мініп алып жұртына сырын айтпай, Едігені іздеуге жөнелді. Талтүсте ел шетіне келіп кірді. «Едігенің ордасы қайсы?» - деп сұрады. Бір адам Едігенің үйі анау» - деп көрсетті. Көрсеткен үйге құлашамен желіп келіп түсті. Үйге шіп келісімен төрде жатқан Едігенің кеудесіне мінді.

«Кімсің кеудеме мінген?» - деп сұрады. Сонда Қадірберді:

Төбедегі төрт жұлдыз,

Таң атудың кезіне,

Төбел торы ат құйрығы

Төрт шалуға келгенде,

Қалған-құтқан ел болып,

Қадірберді сұлтан хан болып,

Әуелгідей біздің жұрт,

Желкілдетіп ту ұстап.

Шүйделі балта қолға алып,

Төрде отырған сіресіп,

Төбененік көзді Едігенің

Шүйдесіне мінетін,

Бізге туған ауыр күн,

Саған дағытуатын,

Төбеңдегі шүйдеңе

Төбелер кез болған-ды, - деді де, басынан үш қайра секіріп түсіп; «Ер болсаң өлерсің, қор болсаң жүрерсің» деді де шығып кетті. Бұл қорлыққа шыдамай Едіге мен Нұралын аталы-балалы екеуі де құсамен өлді. Қадірберді сұлтан қайтып келіп, жұртына хан болды, сөйтіп өмір кешіріп қалды.



Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет