1.3 Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуының шетелдік тәжірибесі
Экономиканың инновациялық даму жағдайында шағын және орта бизнес секторын қалыптастыру және дамыту - кез келген мемлекеттің, әсіресе дамушы мемлекеттерде, әлеуметтік-экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. Экономиканың инновациялық даму жағдайында шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту инновациялық үрдісті және отандық ғылымды дамытады, білім сапасы жоғарылап, бәсекеге қабілетті кадрлер даярланады, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттырады, ал жұмыспен қамтылған халықта табыс деңгейі де өседі. Табыс деңгейінің өсуі тауарлар мен қызметтерге сұраныс тудырады, ал ол өндірістік циклдың дамуына әкеледі. Осы процестердің салдарынан өңірлік инфрақұрылым дамиды, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижесі ретінде халықтың өмір сүру деңгейі артады.
Экономиканың инновациялық даму жағдайында инновациялық шағын және орта бизнес белсенді дамуына Үкімет те қызығушылық білдіреді, себебі тұтастай алғанда экономикалық өсу, экономика даму тиімділігі және адамдардың әл-ауқатының артуы ШОБ дамымай мүмкін емес. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Президенті Стратегия-2050 халыққа Жолдауында [1] экономиканың ұдайы өсуі мен шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 50% -ға 2050 жылға дейін жетуін стратегиялық мақсат етіп қойды.
Сурет 2 – Әлемдегі ШОБ-тің ЖІӨ-дегі үлес динамикасы
Ескерту: дерек көзі негізінде жасалды [16]
Дүниежүзілік банк деректерінде [16] егер ЖІӨ-нің 40% төмен шағын және орта бизнес беретін болса, бұндай ұлттық экономикаға құйылған инвестициялар қажетті экономикалық әсер бермейді деп көрсетілген. Ал 2016 жылғы статистикалық мәліметтерге сай Қазақстанда бұл көрсеткіш 26% құрап отыр. Дамыған, экономикасы тұрақты болып табылатын Франция, Англия, Германия, Италия, АҚШ, Жапония, Канада мемлекеттерінде шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің шамамен 70% құрап (сурет 2), 60-80% жуық жұмыс орнымен қамтып отыр(сурет 3), ал инновациялық өнімнің үлесі 39-16% болса және өндірістік дамыған мемлекеттердің ЖІӨ-нің 70–75% өсімін инновация береді.
Сурет 3 – Әлемдегі ШОБ-тің ЖІӨ-дегі үлес динамикасы
Ескерту: дерек көзі негізінде жасалды [16]
Сол Жапонияны алатын болсақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін шағын және орта бизнес арқасында қазір ең технологиялық-инновациялық дамыған мемлекеттердің бірі болып отыр. Жапонияда 2016 жылға сәйкес шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің 55% жоғары көлемде, барлық кәсіпорындардың 99,7% осы шағын және орта бизнеске тиесілі, 70% немесе 44,88 миллион адамды жұмыспен қамтып отыр [17].
Сурет 3, дау туғызатын мәселе болып, Ресейде ШОБ белсенді халықтың 25% құрайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 37%. Өкінішке орай, біздің мемлекетте өзін-өзі қамтумен айналысатын жұмыссыз халық, заңнамалық өзгертулер салдарынан статистикалық көрсеткіштің мәнін бұрмалап отыр.
Барлық мемлекеттерде шағын және орта бизнес мемлекеттік араласу, қолдау есебінде дамиды. Ол қолдау шараларына:
− салалық мемлекеттік бағдарламалар;
− салықтық саясат;
− кедендік реттеу;
− өндірістік, инновациялық инфрақұрылымның дамуы;
− жаңа технологиялар инфрақұрылымының құрылуы;
− шикізат-өнім циклінің салалық бағдарламасы;
− дайын өнімді өткізу көмектері жатады.
Инновациялық кәсіпкерлікті ынталандыру бойынша ең тәжірибелі пионер-мемлекет болып Жапония саналады. Жапондықтардың көзқарасы бойынша, кәсіпкерлерді инновациялық дамуға ынталандырудың ең тиімді құралы болып салықтық ынталандыру табылады. Жоғарыда сипатталатын салықтық саясат арқасында Жапондық шағын және орта бизнес ел экономикасының инновациялық дамуын тиімді деңгейге көтерді.
Сарапшылардың тұжырымдауынша, Еуропада шағын және орта бизнес субъектілерінің екі түрлі моделі бар. Бірінші модельге бизнесте жұмыс атқаратын орта жұмысшылар саны аса жоғары емес, бірақ жұмыс орнын қамтамасыз етуде үлкен үлеске ие (Португалия, Испания, Италия, Греция, кей жағдайда Франция).
Ал екінші модельде бизнестегі орташа жұмысшылар санының көптігі, бірақ жұмыс орнымен қамтамасыз етуде үлкен үлес алмайды(Германия, Австрия, Нидерланды)[18].
Еуропа одағының шағын және орта бизнеске қатысты жылдық 2015-2016 есебінің [58] мәліметтеріне сай ЖІӨ құрамындағы шағын және орта бизнес үлесі Францияда - 57% , Англияда - 52%, Германияда - 53%, Италияда - 68%, Испания - 61% құрап отыр.
Ал әлеуметтік жағдайдағы шиеленіс тудырып отырған жұмыс орнына қатысты, Франция - 63% , Англия - 60% [19], Германия - 63%, Италия - 79%, Испания - 73% шағын және орта бизнес жұмыс орнымен қамтиды.
Германияда басымдық мемлекеттік қолдауға емес кәсіпорындардың дербестігіне беріледі. Көп нәрсе салынған салымдардан келтірілген таза түсім айқындайтын кіріске байланысты. Дегенмен, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға екі бағдарлама – Орталық инновациялық (орталықтан инновацияға қабілеттілігі жоғары аймақтар үшін) және Инвестициялық субсидиялар(экономикалық құрылымы әлсіз аймақтар үшін) бағдарламалары бар. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдікпен берілетін дотациялар несие сомасының 3–10% құрайды.
Тағы бір айтып кететін жайт, Германиядағы шағын және орта бизнесте жоғары кәсіби білікті мамандарға аса маңызды көңіл бөлінеді. Кәсіби оқытудың қос жүйесі бар. Бірінші түрі – дәстүрлі – университеттен білім алып, дипломға ие болу, екіншісі – университетке бармай, кәсіпорын қарамағында алдымен теориялық және сол теорияны тәжірибе жүзінде игеріп, диплом алу.
Әлемдегі экономикалық мәселелерге сәйкес, соңғы жылдары Германдық импорт сәл төмендеді. Оған себеп, Германия тарапынан Ресейге , Украиналық дағдарыс салдарына, санкциялық шаралары болды, яғни германдық импорт Украинада - 33%, Қазақстанда - 20%, Беларусь - 21% төмендеді. Германдық Henkel концерні, Persil, Schwarzkopf Ресей нарығында қиындықтарға ұшырады, ал Opel (General Motors немістік бір тармағы) өзінің Ресейдегі бөлімдері мен зауыттарын мүлдем жабуға ұйғарды (сұраныс пен рубль курсының төмендеуімен түсіндіреді). Осындай себептердің арқасында, Германияда шағын және орта бизнес жағдайы соңғы жылдары тауарды өткізу нарығына қатысты қиыншылықтар көрді [20].
Франция мемлекеті барлық салада орталықтануды ұйғаратын мемлекет, сол сияқты шағын және орта бизнесте, барлық кәсіпорындар бірігуге, орталықтануға ұмтылады. Әдетте шағын және орта бизнесте ірі кәсіпорынмен субконтрактинг немесе субмердіргерлік сияқты байланысы болады. Яғни, француздық ірі кәсіпорындар өзінен бөліп шығарған, тәуелсіз шағын кәсіпкерлікпен бірігіп бір өндірістік циклде қызмет атқарады. Шағын бизнес ірі бизнеске техникалық сервис немесе жөндеу қызметін көрсетсе, екіншісі ехнология, инновация, материалдар және шикізатпен қамтамасыз етеді. Дегенмен, мемлекет арапынан шағын және орта бизнесті қолдайтын «Француздық ұлттық инновациялық агенттік " ANVAR" (Agence nationale de valorisation de la recherche)», «Шағын және орта бизнесті дамыту банкі "BDPME"(Banque du Developpement des PME)» және т.б. мекемелер жан-жақты дамыту бағдарламаларын ұсынады [21].
Франциялық салық заңнамасы шағын кәсіпорындарға жеңілдетілген салық салу режимінің қолданылуын қарастырған. Мысалы, қайта құрылған шағын кәсіпорындар акционерлік қоғамдарға салынатын салықтан және жергілікті салықтардан 2 жылға босатылады. Кәсіпкерлер табыс салығы мен пайданың инвестицияланатын бөлігіне салынатын салықты төмен мөлшерлемемен төлейді. Өз бизнесін дотациялық аймақтарда ашуға бел буған кәсіпкерлерге жеңілдіктер беріліп, тіпті әлеуметтік қамсыздандыру қорларына төлемдерден босатылады. Шағын инновациялық кәсіпорындар жұмысының алғашқы 2 жылында табысқа салынатын салықтан толығымен босатылып, мұндай салықты жұмысының 6-жылынан бастап, толығымен төлей бастайды [21].
Еуропалық мемлекет Италияда ШОБ дамуының өзіне тән ерекшелігі – өнеркәсіптік округтер құру негізіндегі кластерлік даму. Өнеркәсіптік округ немесе кластер әлеуеті мен сыртқы нарыққа шығу мүмкіншіліктері жоғары өндіріс секторларында мамандану және кооперациялану негізінде жұмыс істейді. Округ қандай да бір өнімнің жекелеген өндіріс фазаларына маманданатын бірқатар инновациялық бизнес субъектілерін біріктіреді. Дегенмен, Италияның басты қалаларында туризмдегі шағын және орта бизнестің даму деңгейі жоғары. Шектеулі аумақта орналасқан кәсіпорындардың жоғары тығыздығы кластердің инновациялылық, икемділік, аз тәуекел, транзакциялық және жалпы ұсталымдардың аз болуы сияқты артықшылықтарына мүмкіндік береді. ШОБ дамуын қуатты әрі жан-жақты құқықтық және ресурстық қамсыздандыру аз уақыттың ішінде Италияға әлемнің ең дамыған елдерінің ортасында лайықты орын алуға мүмкіндік берді.
АҚШ – кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының дамуында тәжірибесі сәтті болған елдердің бірі. Шағын бизнес әкімшілігі (SBA) – АҚШ-тағы шағын бизнесті дамыту мәселелері жөніндегі орталық мемлекеттік ведомство. Аталмыш ведомство Шағын бизнесті дамыту орталықтарының (ШБДО) бағдарламасын қоса алғанда, бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырады. ШБДО бағдарламасы бизнес жүргізудің барлық аспектілері бойынша консультациялық қызметтер, тренингтер мен техникалық қолдау көрсету үшін әзірленген. АҚШ-та инновациялық қызметті қолдайтын бірнеше мемлекеттік «Шағын кәсіпкерлікте инновациялық зерттеу жүргізу» (SBIR) және «Шағын және орта кәсіпкерлікке арналған трансферт технологиялар» сияқты бағдарламалар бар. SBIR бағдарламасының негізі – мемлекеттік мекемелердің көмегімен қаржыландыратын, шағын кәсіпкерлікте жүзеге асатын, тақырыптық ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар болып табылады.
Инновациялық бизнес дамыған Қытайда шағын бизнес субъектілері - орта бизнес субъектілеріне қарағанда басым. Шағын бизнес секторында мемлекеттің инновациялық өнімінің көп бөлігі шығатындықтан, ол Қытайдың ғылыми қозғалтқыш күші болып табылады. Әлемдік нарыққа шығарылатын экспорттың негізі осы шағын бизнес кәсіпкерлер өндіретін өндіріс есебіне тиесілі.
2002 жылы қабылданған «Шағын және орта кәсіпорындардың дамуын ынталандыру» туралы заңның 12 бабында мемлекет тарапынан шағын бизнесті қолдау қоры туралы баяндалады. Бұл қор шағын бизнесті қаржыландыруға бөлінген бюджеттік қаражаттардан, қор табыстарынан, қайырымдылықтан және өзге қаржылық түсімдер есебінен қалыптасады. Осы қордың көмегімен шағын бизнесте жоғары инновациялық ғылымғасыйымды өндірістік үрдісті дамыту жүзеге асады. Бұл қордан басқа, салық саясатында шағын және орта бизнесті дамытуға өте мықты ойластырылған жеңілдіктер көзделінген. Мысалы, ауылдық жерде тіркелген шағын бизнес кәсіпорны 25% көлемінде табыс салығын төлейді, депрессивті аймақтарда құрылатын шағын бизнес 3 жыл ішінде табыс салығын төлемейді, ауылдық жерде тіркелген және ауыл тұрғындарын жұмысқа алған шағын бизнес агенті 10% көлемінде табыс салығын төлейді, инновациялық қызметпен айналысатын шағын бизнес агенті 15% табыс салығын төлейді, шағын бизнес субъектілері ҚҚС 10,4% төлейді, ал қалған кәсіпорындар 17% ҚҚС төлейді [21].
Қытайда шағын және орта бизнес субъектілері ең басты шешетін мәселесіжұмыссыздық. Жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін мемлекет тарапынан үнемі шағын бизнес субъектілерін қолдау бағдарламалары жүзеге асырылады.
Ресейде де, Қазақстанда да және өзге Орталық Азия мемлекеттерінде шағын және орта бизнесті дамыту ел экономикасын дағдарыс жағдайында құтқару қайығы сияқты болып отыр. Бірақ Ресей өз тарапынан жасалынып жатқан шаралардан басқа, шетелдік даму модельдерін инновациялық ШОБ дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларды құрастыруда қолдануды ұйғарып отыр. Бұдан басқа, Ресей ұзақ мерзімде шағын және орта бизнес субъектілер саны 5,6 млн болып отыр, оны 18 млн. жеткізу; ЖІӨ-дегі үлесін 21%дан 50 % көтеру; ШОБ субъектілері 18 млн. Халықты жұмыспен қамтудан 35 млн. Жұмыс орнымен қамтуды және ШОБ өндірістегі үлесін 10%-дан (600 мың) 20%(3,5 млн.) көтеруге бағытталған мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жақын болашақта қабылдауға жоспарлап отыр. Осындай шаралар жүзеге асқан соң, бәсеке деңгейінің өсуі, өнім мен қызмет сапасының артуы, оптималды бағаның орнығуы, инновациялық тауарға сұраныстың өсуі, жоғары білікті мамандарға сұраныс өсуі, сапалы білім беру жүйесінің орнығуы, шикізат ресурстарына тәуелділік азаюы, елдің ел-ауқатының жақсаруы сияқты нәтижелер күтілуде.
Ширек ғасыр ішінде Өзбекстан ұлттық экономиканы қайта құрылымдады: өндірістің жаңа саласы автомобиль құрастыру пайда болды, текстиль өндірісі дамып жатыр, республика экспортқа мақта маталарын ғана емес, текстильден дайын өнімдерін шығаратын болды [22]. 2017 жылы Өзбекстан президентінің 2016 жылға қорытынды есебінде шағын және орта бизнес мемлекеттегі әлеуметтік ауыртпашылықтың шешуші факторы ретінде басты орын алады деп баяндайды. Бұдан басқа Өзбекстанда жалпы экспорттың 25% осы бизнес кәсіпорындарына тиесілі. Өзбекстан шағын бизнестің ең басты ерекшелігі – оның көп бөлігінің ауылдық аймақта шоғырлануында.
Қырғызстан Республикасының орта және шағын бизнес субъектілері халықаралық нарыққа табак, мақта маталарын, текстиль және жүн өнімдерін экспорттайды. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай тудыру және инвестициялық тартымды мемлекет ретінде қалыптастыру шаралары жүргізілуде.
Қырғыз Республикасының Үкіметі елдің халықаралық рейтингтеріндегі көрсеткіштерді жақсарту үшін түбегейлі реформаларды жүзеге асырды. Мысалы, 2015 жылы Дүниежүзілік банктің «Doing Business» жобасы бойынша «100 күн реформа» бағдарламасын келтіруге болады. Бұл бағдарлама бойынша бизнесті жүргізу үшін қиыншылық тудыратын бюрократиялық және әкімшілік кедергілерді төмендетуге бағытталған заңдар мен нормативтік актілердің жиынтығы даярланды, бұның нәтижесі ретінде 11 заң мен 30 қажет емес процедуралық рәсімдер жойылды. Осыған орай келесідей басым бағыттар «кәсіпорындарды тіркеу», «инвесторларды қорғау», «салықтарды төлеу», «құрылысқа рұқсат алу», «халықаралық сауда», «кредит алу», «жылжымайтын мүлік тіркеу», «қызметкерлерді жұмыспен қамту» бойынша үкіметтің орта мерзімді жоспарлары жүзеге асуда [22]. Бұдан басқа 2009 жылы қабылданған жаңа «Салық кодексі» бойынша бизнес жүргізуде бірталай жеңілдіктер көзделді. Кәсіпорынның табысына салынатын салық 20-дан 10 % азайтылды. Ал арнайы әлеуметтік-экономикалық аймақтардағы бизнес субъектілері барлық алым-салықтардан және мемлекеттік төлемдерден босатылды.
Қырғызстан соңғы жылдары Орталық Азия мен Ресей елдеріне Қытай тауарларының кері экспорт жасайтын өңірлік орталыққа айналды. Дүниежүзілік банк сарапшыларының зерттеулерінде Қырғыз бизнесмендері басқа Орталық Азия елдеріндегі әріптестеріне қарағанда бәсекеге қабілеттіліктері жоғары, себебі олар тауарды оптималды бағамен алып, оларға деген сұранысты дұрыс анықтап, кәсіпкерлік духқа ие деп жазылған.
Заманауи нарықтық өзгерістерге байланысты әкімшілік ресурстарды пайдаланбай бәсекелестікке қабілетті тәуелсіз шаруашылық субъектілерінің жеткілікті санын құру ең көреген, болашаққа алыс қарайтын үкіметтердің стратегиялық мақсаты болып табылады [23].
Осылайша, дамыған елдердегі халықаралық тәжірибеге сәйкес шағын және орта бизнесті қолдаудың мынадай тенденцияларын байқауға болады:
- әлемдегі көптеген мемлекет үкіметтері жыл сайын экономиканың инновациялық дамуының негізі ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға арналған ондаған миллиард доллар сомаға бағдарламаларды дайындайды;
- негізгі қолдау құралдары ретінде қаржылай және инфрақұрылымдық, консультациялық, ақпараттық қамтамасыз ету, экспортты жылжыту жүреді;
- экономиканың инновациялық даму жолында ШОБ қолдау бағдарламаларының негізгі мақсаттары ретінде жаңа кәсіпорындар құру,
- инновацияны қолдау және жаңа технологияларды қолдану, әлемдік нарықтардағы өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, жекелеген аймақтар мен салалар дамуын қолдау болып табылады;
- көптеген елдерде заңнамалық актілер әкімшіліктік барьерлерді төмендетуге, активті антимонопольдік саясат жүргізуге және бизнес субъектілері ішіндегі әділетсіз бәсекеге жол бермеуге әсер ететін заңнама базасын құруға бағытталған шаралар жүргізеді;
- шет елдерде, ірі, шағын және орта бизнес ынтымақтастық қағидалары қалыптасады, олар әсіресе жекелеген салаларды мамандану саласында және инновациялық әзірлемелермен бір-бірін толықтыруда жәрдемдеседі. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы мемлекет халықты жұмыспен қамту үшін белсенді саясат жүргізу сияқты мемлекет функцияларының бірі ретінде қарастыруға болады. Бұл секторда бәсекелестік орнайтын болса, тауарлар мен қызметтер бағасының тұрақтылығына, өнім сапасының өсуіне және жаңа технологиялардың енуіне әкеледі. Шағын және орта бизнестің зор әлеуеті, оны материалдық, қаржылай, адами ресурс ретінде өндірістің негізгі факторлары ретінде анықтайды.
Шетелдік тәжірибені талдай отыра, олардың даму тенденциялары анықталды. Осыған орай, қазіргі қазақстандық бизнес саласында тәуелсіздік алғанымыздан бері, шетелден қандай тәжірибелерді алғандығымызды сипаттауға болады:
Достарыңызбен бөлісу: |