Қазақтай ұлтты әлемге танытқан балуанның келесі жылы тойланғалы отырған 150 жылдық мерейтойы да ел есінен шықпақ емес. Бұған қос депутаттың сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауап хаты дәлел. «Сіздердің қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Әйгілі балуанның 150 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 228 бұйрығымен бекітілген 2019 – 2021 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тiзбесiне енгізілген. Жалпы алғанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлын ұлықтауға арналған шаралар елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қазақ күресінен Қ. Мұңайтпасұлын еске алуға арналған жастар арасында дәстүрлі спорттық турнирлерді жыл сайын ұйымдастырады. 2021 жылы республикалық және халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде, сондай-ақ ұлттық спорт ойындарын, Қажымұқанға арналған көрмелер және т.б. шараларды өткізу көзделіп отыр» дейді Үкімет басшысы. Қажымұқан бабамыз жайлы көркем фильм, анимациялық фильмдер де көрерменнің көзайымына айналған. Есімін дәріптеуде жұрт жұмыла кететіні көңіл қуантады. Содан да болса керек, бір ғана Оңтүстік өңірінде Қ. Мұңайтпасұлына арналған жеті ескерткіш бар екен. Есімін мектепке, көшеге беру ісі де ұмыт қалмаған. «Десек те, көңілде ұдайы тұратын бір кірбің бар» дейді тарих ғылымдарының кандидаты, доцент ОҚМПУ профессоры Сағынғали Әбубәкіров. Мәселе «Қажымұқан Мұңайтпасұлы өмірінің соңғы күндерінде жадап-жүдеп, аш болыпты», «Талғажу етер тамақ таппай қиналыпты» деген әңгіменің кең таралып кетуінде болып тұр. Бұл орайда ғалым Сағынғали ағамыздың өз айтары аз емес.
Қажымұқан Мұңайтпасов
Қажымұқан бабамыз жайлы көп айтыла бермейтін деректердің қатарында оның алашордалықтармен одақтас болғаны да бар. Кеңестік саясат, сол заманның жүйесі халықтың қалаулы ұлына айналған Қажымұқанға қатысты осы бір деректерді тарихтан әдейі өшірген сияқты. «Қуғынға түспеу үшін жасалған болар» деу де қисынға келмейтін тәрізді. Себебі, балуан бір кісідей-ақ қуғын көрген адам. Ал, оның ұлттың бетқаймақтары Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жұмат Шанин сынды арыстармен иық тірестіре қатар жүргені көп айтылмайды. Әйтпесе, Қажымұқан өмірін зерттеушілердің айтуынша ол тапқан табысынан «Алаш» партиясына ақша аударып, ұлт зиялыларының ойға алған мақсат-мүдделерінің жүзеге асуына қаржылай қолдау жасап отырған.