Оныншы бөлім
ТҮГЕЛ СӨЗДІҢ ТҮЙІНІ
Құрметті оқырман, түгел сөздің түйінін біз емес академик Шахмардан Есеновпен бірге қызмет істеген, әріптес болған және сол кездері партия мен Үкімет қызыметін атқарған, сол уақыттың қазанында бірге қайнасып, халықтық істер атқарған, мемлекет пен қоғам қайраткерлері түйеді. Олар Қазақстанның ішкі саясатын жасады, үлкен ортаның тіршілігіне араласты,үн қосты, өмір сүрді.
«Адам деген жолаушы, бақытын талмай іздеген...» демей ме ақындар. Бақытқа жету жолында Шахмардан тосын оқиғалар мен күрт бұрылыстары көп өмір соқпағымен жүрді. Оның алдында түзу, даңғыл жол болған жоқ. Жадыраған жазды да, күркіреген күзді де, ақырған ақ бораны мен аязды да көрді, басынан өткерді. Бірақ, бір білетін нәрсеміз-- қандай қиындықтар мен қиянаттар болса да Адамдықтың ақ туын жерге түсірмей, жаны мен тәні қанша жерден қиянатты, әділетсіздікті көрсе де, нағыз хас батырларша қасқайып тұрып қарсы алып, рухын құлатпады.Қанша жерден әміршіл-әкімшіл жүйе мойнына бұғаулық салып, өз дегендеріне көндіреміз дегеніне көнбеді, биліктегілерге өтірік жағынып, жарамсақтана алмады, өз болмысынан ауытқи кетпеді, халық мүддесі үшін әділін, ашығын айтты. Оның бақытқа барар жолы сондықтан да қиын, соқпақты болды. Бірақ ол сол тағдырына, өз өміріне өкінбей өтті. «Күннің жарық сәулесін, соққан желдің зуылын, ақан судың сылдырын есту үшін күресу керек, жолдастар!» дейді екен Шахмардан қиын сәттердің өзінде де қалжыңын қосып.
Ел тұтқасы бола алатын тұлғаның, кемеңгер басшының, ұлы ғалымның шуақты күндер мен шырғалаңға толы ғұмырын суреттеген, оның өз замандастарының, әріптестерінің жадында жатталып жатқан естеліктерінің біршамасын сөйлеттік. Бірақ, бәрібір біздің санамыздан «Есенов неге қудаланды?» деген сұрақ кетер емес. Бұл сұраққа жауап іздеушілер бізден де бұрын аз емес екен, оған осы кітапты жазу барысындағы ізденістеріміз үстінде көз жеткіздік. Ендігі кезекті біз сол кезде партиялық басшылықта болып, мемлекеттің маңызды істеріне араласқан ел азаматтарына көбірек сөз бермекпіз. Оның сыры мынада—олардың бәрі де партияның «қызыл солдаттары» болды, Қазақстанның жоспарлы экономикасы мен мәдениетін көтеруге қызмет жасады, саясатын жүргізді. Сол кездің, сол ортаның, ел басқарған басшылардың мінез-құлқын, әрекетін бізден көрі олардың жақсы білетіні де шындық. Шындықты білетіндерге айтқызғанымыз орынды шығар да. Тағы да бұл шындық не үшін керек дерсіз. «Тарихтан—тағылым!». Міне, осы үшін қажет.
Біріншіден, тарихты жасаушылар, яғни, ел басқарған адамадар өздерінің әділетсіздік пен қатыкездіктері туралы «жылнама» болып жазылып жатпаған соң, ол туралы келер ұрпақ білмейді, өзіміз ғана білеміз, ертең ұмыт болады деп ойлайды. Бізден басқа ешкім білмейді деп ойлайды. Бұл барша хан мен патшалардың қателігі. Олар өздерімен бірге басқалардың да қызметтес екенін, сол уақыттың саясатын бірге жасап, экономикасын жылжытып жатқан жандардың бар екенін, партия мен Үкімет адамдарының, тіптен көмекші, хатшылардың барын ескермейді. Бар әрекет өзіңді қоршаған адамдар санасында естелік болып жазыла беретінін ұмыт қалдырады. Адамның ес мен зердесі болған жерде ештеңе өшіп, жоғалып кетпейтінін жазу сызуы болмаған, бар тарихын жадында сақтаған біздер, қазақтар басқалардан гөрі жақсы білуіміз керек. Қысқасы, біздің қателік, кемшіліктерімізді, әділетсіздік, қысастықтармызды бізден басқа ешкім білмейді, келер ұрпаққа ол қажет емес, тарих бетінде қалмайды деп ойлау барынша қате түсінік. Әсіресе, бұл түсінік ел басқарған адамдарды түптің-түбінде абыройсыздыққа, өздерін өздері әшкерелеуге әкеледі.
Екіншіден, бұл біздің басты мақсатымыз: өсіп келе жатқан өреннің, ертеңгі Қазақстанның болашағы қолында болатын жастардың өткеннің қателігінен, мемлекет басшыларының әділетсіз әрекеттерінен сабақ алып, соны қайталамаса екен деу ғана. Тарихтан тағылым алу өсер елдің әрекеті болса керек.
Әрине, бар шындыққа көз жеткізу үшін біздің ортамызға Қонаев пен Есенов қайта келуі керек те, барша Адамзат алдында ағынан жарылып, күнә мен кінәларын айтысып, ақтарылуы керек. Жаратушы өз пенделеріне мұндай құдіретті әзірге сыйламапты, ол өз құзырында! Тек әруаққа айналған асыл ағалардың алдынан пейіштің нұры шалқығай, жаратушыға сабыр бергей дейміз де. Бүгінгідей ашық әңгімеге баруымыздың тағы бір себебі-- олардың кемеңгерлік пен даналық істерінен үлгі алуды жастарға аманат ету де бар.
Әр басшының күндіз-түні қасында болып, бар шаруасынан хабардар болып отыратын «көмекші» деген қызмет бар. Академик Шахмардан Есеновтің соңғы жылдары көмекшісі болған, геология ғылымарының кандидаты, доцент Асанов Мәдениет біраз шындықтың бетін ашқандай болды:
«-- Өз өмірімде абырой-беделі Шахмардандай зор адамды көрген емеспін. Қайдан есітіп қоятындарын қайдам Шахтың Мәскеуге келген сәтін біліп қояды ғой.Содан біреуі көмек сұрап келеді, екіншісі қызмет, шет елге шықсақ дейді... не керек қайтқанша қабылдауынан адам үзілмейтін. Тағы да бәрі беделді-беделді ғалымдар мен мемлекет қызметкерлері.
Ол КСРО Жоғарғы Кеңестің депутаты болды, Лениндік сыйлық беру комиссиясының мүшесі және Жоғарғы Кеңестің сыртқы саясат палатасының төрағасы Сусловтың орынбасары болды. Ой жүгіртіп қараңызшы, қандай бедел, қандай қызмет. Соның бәрін ол абыроймен атқарды. Бір жұмысына бір жерде ескерту болған емес. Мәскеуліктер ортасындағы Шахтың аса жоғары беделі, олардың құрметтеуі, оны сыйлауы біртіндеп-біртіндеп Қазақстан басшылығының қызғанышын тудыра бастады. «Не дейсің, Шахмардан Қонаевтың орнына дайындалып жүр екен» деген де қауесет шыға бастады. Өсек болса да Қонаевқа ұнайтын өсек деп айта алмаймын. Ақыры солай болып-та шықты. Шахтың беделінің өзінен асып бара жатқанын қызғана бастады. Қанша жерден кемеңгер, тұлға дегенмен оларда да пендешіліктің болатынын өзім көрдім. Әйтпесе, қызмет орнын пайдаланып ешкімге жәбір-жапа көрсетпесе де, мемлекет қаражатын талан-таражға салмаса да, жоқтан өзгені кінә етіп тағып, асыл азаматты азаптауға бола ма?!
Қызметке кіріскен бойда байқағаным Орталық Комитетің көз-қарасы Шахмарданға дұрыс емес екені. Бір күні Мәскеуден, ЦК КПСС-тен бір топ комиссия келді, қолдарында аты-жөні белгісіз біреудің Есенов Шахмардан үстінен жазған домалақ арыздары бар. Арыздың мазмұны: Есенов көппен ақылдаспайды, квартираны дұрыс бөлмейді, қазақтардан басқаны жұмысқа алмайды, тұрған бойы ұлтшыл...осы тектес. Есімде сол комиссияны Орталық Комитеттің қызметкері Шевченко деген адам басқарып келді. Бірақ біздер мұндай тексеріске әбден үйреніп алғанбыз, тіптен бірін шығарып салып, екіншісін күтіп отыратын жағдайға жеткенбіз. Қанша жерден үйренгенбіз десек те мұндай тексерістер жұмыстың берекесін кетіріп, Шахты да шаршатқан болатын. Ақыры, бұл комиссия да бір айдай тексеріп, қортынды справкасын жазды. Арыздағы жазғандардың көбісі жалған болып шықты, дәлелденбеді. Тек бір ғана квартирдің заңсыз берілгені анықталды. Ал, ұлтшыл деген жеріне, Есенов керісінше «шовенист» екен, академиядағы ғалымдардан басқа қызметкерлерді қосқанда ғана қазақтар саны 20% -ке әрең жетіп тұр деп жазыпты олар. Бірақ, біздің Орталық Комитет бұған қараған да жоқ, 1974 жылы қайта сайлау өткізіп, Дінмұхамед Қонаевтың інісі Асқар Қонаевты президент етіп сайлады. Бір Қазақстан ағайындылардың монополиясына айналды.
Ал, Есеновті Геология министрі етіп, бұрынғы орнына қайта тағайындады. Мен Геология институтында ғылыми хатшы болып қалдым. Бірақ, жаңа басшылық маған ашығын айтқанда күн көрсетпеді. Шахмарданның біраз кадрлерін қуғынға түсірді, академиядан кетуіне мәжбүрледі. Бір күні Асқар Қонаевтың өзі мені шақырып алып арызыңды жаз да қызметтен кет деді. Өз правомды өзім білетін кезге келіп қалғанмын, мен «жазбаймын арызды» дедім. Бір кезде мен хақында: « слушай, Шахмардан, где ты нашел такого парня?» деп едіңіз ғой. Енді неге бұлай болып қалдыңыз. Қызметімді бір кісідей атқарып жатырмын, мен кетемін деп арыз жазбаймын дедім.
Сөйтіп, алты айдай жүрдім, маған жұмыс та, тапсырма да бермейді, әйтеуір, келіп-кетіп жүрмін. Бірақ жұмыстан бір мөнетте қалмаймын, тоғызда келмін, алтыда кетемін. Шамалы тәртіп бұзсам болды статьямен шығарып жібергелі тұр, сеземін. Бұлай қашанғы жүруге болады, жұмыс іздей бастадым.
Бір күні институттан шығып бара жатыр едім Шахмарданның машинасы алдыма көлденең тоқтай қалды, жүргізушісі «сені Есенов шақырып жатыр» деді. Сөйтсем соның алдында ғана ....................... барып қызмет сұрап, шығып келе жатқан бетім еді. Ол мен шығысымен Шахқа телефон соғып Мәдениет жұмыс іздеп жүр деген ғой. Содан, ішіме жиналып қалған жаңа бастықтарға деген өкпемді ақтарып-ақ жатырмын. Ол да шерін бір тарқатсыншы дегендей үндемей тыңдады мені. Сосын маған айтқаны:
--Қой сен өкпені, қызбалыққа салынба, ол жақтан шық та, осында маған көмекші болып кел. «Битке өкпелеп тоныңды өртеме» деген қазақта сөз бар ма, бар. Одан да мен осында отырғанда үйіңді алып ал, кандидаттығыңды қорғап ал,-- деді. Академияда үйді алайын деп тұрған жерімнен сызып тастаған-ды. Соған өзін кінәлі кісідей сыңай танытып. Көмекші болып бір орыстың жігіті жүр екен оны тез басқа жұмысқа, жалақысы жоғары қызметке, ренжімейтіндей етіп орналастырды да, мені қайыра өзіне көмекші етіп алды.
Бәрі баяғы қалпына келді. Бірақ маған Шахтың «мен осында отырғанда» деген ертеңгі күніне сенімсіздеу айтылған сөзі ұнамады. Содан жұмысқа кірісіп кеттім. Шахты білемін ғой, ол бірсыдырғы, жанын күтіп ешқашан отырмайды. Мұнда да мәселені көтеріп, проблемаларды шешіп, жаңа бастамаларды бастап, жұмыстың көрігін қызыдырып-ақ жатыр екен. Қазақстанның Батысында да, Шығысында да, Оңтүстігінде де толған кен көзін іздеу, табылғанын өндіру... барлаушы мен геологтың тұрмыс жағдайын ойлау... Мәскеудегі Орталық Комитетке, Геология минстрлігіне хат жазу, ұсыныс жасау, не керек, бітпейтін, шеті мен шегі жоқ шаруалардың ортасына қайта түстім. Қанша дегенмен де Шахаңда баяғы көңіл-күй жоқ, бәсең. Білмеймін бір нәрсені сезе ме, қайдам.
Негізі Шах болашақта не болатынын болжады, ақылды адам ғой. Маған келісімен Мәдениет ғылыми жұмысыңды тездет, қорғап ал деді. Бір жылдың ішінде қорғап алдым. Сөйтті де мені минстрлікке қарайтын Геология басқарма бастығының орынбасары етіп, басқа жұмысқа ауыстырып қойды. Онда да әжептәуір жұмыс істедім. Бірақ көмекшілікті де қосымша алып жүрдім. Өзінің басы қатып жүрсе де менің жағдайымды ойлап, шешіп бергеніне әлі күнге риза боламын, әруағының алдында басымды иемін.
Бірақ, Есеновтің үстінен арыз жазу алғашқы жылы-ақ қайта басталды. Бәрі домалақ арыздар, жазатындары ұсақ-түйектің маңайы. Мемлекетті ойлап, халықтың қамын жеп жатқан ешқайссы жоқ, бәрінікі қатын өсек.
Өмірдің аты өмір, ол өз заңдылықтарын тоқтатпайды ғой.Шахтың да бабалары өсіп, ер жетті, қызы өсіп бойжетті. Бір күні балаларының үлкені, жалғыз қызы тұрмысқа шықпақ болды, той жасап,ұзатуға дайындалды.Ұзату тойын Панфилов паркінің ішіндегі «Жұлдыз» ресторанында жасады. Алқытып-шалқытқан артық ештеңе де болған жоқ, кәдімгі, сол кездегі екінің бірі жасап жатқан той. Бірақ, осы той Шахқа үлкен бәле боп жабысты. Арыз жазушы өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп, масқаралап жазған. Отыз телевизор, қырық кілем түсті деген арызда, тура подаркінің бәрін өздері қабылдап тұрғандай. Күйеу баланың жолдастары жиылып бір телевизор әкелген екен, оның өзін көпке көрсетпей машинаға салып тастадық. Сосын той үстінде бір секундтай жарық жалп етіп өшіп, жарқ етіп жанған –ды. Соны электор жарығы екі сағатқа сөніп қалды, барлық машиналар прожекторын жағып, тойды тоқтатпай өткізді деп жазған арызда. Сұмдық. Қазір ойлаймын, соны жазып отырған адамда ар-ұят деген бар ма екені деп. Көпе-көрнеу біреуге қиянат жасау күнәнің үлкені емес пе, оған да жауап беретін кез келеді ғой.
Не керек, жұмыстан да, өзімізден де тіптен береке кетті. Орталық Комитетке Шахты қайта-қайта шақырып, түсінік жазғызып әуреледі, мені де арасында шақырып алды. Мен ойлап қоямын, "Шахты, бұл орында да отырғызбайды-ау, бұлардың түрі жаман" деп...
Сол тұста Алтайда геологтардың үлкен бір жиыны өтті. Оған Түсті-металлургия министрі Ломака, Орта машина жасау министрі , Екі рет Еңбек Ері атанған Славский Мәскеуден арнайы келіп қатысты. Қазақстан делегациясын хатшы Коркин бастап барды. Біз де бардық. Жиналыс біткен соң кешке үлкен банкет болды. Столдың басына Ломака мен Славский келіп жайғасты. Коркин олардан төмендеу келіп отырды. Шахмардан болса президенттіктен түскен кезі, сондықтан аралықты сақтап Коркиннен көп төмен отырды. Дастарханды Ломака басқарып, жүргізуде. Бір-екі мәрте Қонаевты мақтап, сол үшін деп, тост көтерткізіп тастады. Сосын бір кезде орнынан тұрды да «Слушый Шахмардан, тұр, тұр, менің қасыма келіп отыр» деді де, болмай шақырып, қасына отырғызып қойды. Содан Ломака бірінен кейін біріне, өңкей Мәскеуден келген министрлерге сөз бере бастады. Сәлден кейін Шахмарданның атына жылы-жылы сөздер айтып, тост берді. Көңілінің аса хошы болмай жүрген кезі, ол көп сөйлеген жоқ, тек Ломака мен Славскийдің геология, металлургия саласына қосқан үлестерін айтып, сөзін бітірді. Қонаев үшін тост көтерткен жоқ. Қайтадан Ломака тосты мәскеуліктерге, басқа респубикадан келген министр, ғалымдарға бере берді. Коркин бір кезде «не, басқа сөйлейтін адам жоқ па?» деп, өзінің сөйлегісі келіп отырғанын жеткізді. Ломака оған жұлып алғандай: «Нет, нет, тепер ни кто не будеть говарит, тепер будем есть и пить» деді де тост беруді тоқтатты. Ломаканың осы әрекетіне, Шахмарданның шашбауын бір көтеріп тастағанына мен қатты риза болдым. Бұның бәрін ол әдейі істеп отырғандай, Шахмарданға көрсеткен әділетсіздіктеріне жариялаған қарсылығындай көрінді. Орталық Комитеттің хатшысы Коркинге бермей, қызметтен төмендетіліп жатқан Шахмарданға сөз беру үшін қандай абырой-бедел болуы керек екенін түсіне беріңіз. Ал, Ломака мен Славскийдің абыройы, атақ-даңқы Одақ емес шет елдерге де белгілі, құдіретті бір күш болатын. Ол екеуі де Шахмарданды өте құрметтейтін, кездесе қалса әңгімелері жарасып кететін. Бүгінгі әрекетінде жаны жүдеп жүрген Шахмарданға көрсеткен қолпашы болғанмен, Коркиннің жүйкесіне тигені рас, ал, оның «Орталыққа» жақсы әңгіме айтып бармайтыны да айдан анық нәрсе еді..
Өзімнің Шахаңмен қалай танысқаным, өз өміріме оның қандай ықпал жасағанын айту да маған ардақты.Түсінікті болу үшін әңгімені танысқан кезімізден бастайыншы. Менің геолог мамандығын таңдауыма Шахмарданның ел арасына тараған атағы әсер етті десем болады. Соғыстан кейін қазақ жастары жаппай оқуға ұмтылды емес пе, сол кезде біріміздің алдымызда «кім боламыз» деген сұрақ тұрды. Мен өзіме геолог мамандығын таңдадым. Себебі сол кезде біз жақта, Шиелі өңірінде «не дейсің баяғы Жорабектің баласы геолог екен, жердің астындағы байлықты табатын көрінеді, тұрмысы да жақсы екен» деген сөз тарап кеткен болатын. Геолог деген мамандықтың бар мәнін түсінбесем де мен де Шахмарданға ұқсағым келіп Қазақ политехника иеститутына түстім. Ойдағыдай бітіріп Жезқазғанда Кен –металлургия комбинатында бас геологтың орынбасары болып істедім. Ал, 1968 жылы жолым болып Алжир мемлекетіне барып жұмыс істеуіме тура келді. Ол кезде шет мемлекетке әркімнің де барғысы келетін, өйткені жалақыны жоғары төлейтін, біраз жағдайыңды жақсартып алуға мүмкіндік туатын. Төрт жыл геолог болып жұмыс істегенімде шынымен-ақ біраз тұрмысымды түзеп келдім. Содан Алматыдан басқа жаққа барғым келмей, жұмыс іздей бастадым.
Бұл 1972 жыл болатын. Ол кезде Шахмардан Ғылым академиясының президенті және соған қарайтын Геологиялық ғылымдар институттың әрі директоры. Сол институтта «Жезқазған зертханасы» деп аталатын бөлім болды, сол бөлімнің бастығы кезінде Қаныш Сәтбаевтың шәкірті, Шахмарданның досы Сайд Сейфуллин басқаратын-ды. Онымен мен баяғыдан, Жезқазғанда жұмыс істеген кезімде ғылыми зерттеуші ретінде және комбинат жұмысымен бұл зертханамен тығыз қарм-қатынаста болғаным бар-ды. Содан, жұмыс сұрап Сейфуллинге келдім.
Достарыңызбен бөлісу: |