Шахмардан есенов



бет2/123
Дата31.12.2021
өлшемі0,85 Mb.
#107253
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123
Байланысты:
Шахмардан есенов

Бірінші бөлім

ӨМІРІ «ӨЛАРАДА» ӨТКЕН ЖОРАБЕК

« Бойы екі метрден асатын Шахмардан

палуан денелі, өз тұлғасы өзіне

жарасымды, сөйлескен кісілеріне лебінің

жылылығы үнемі сезіліп тұратын ақпейіл

жан еді. Мен Шахмарданға қарап

отырғанда есіме оның әкесі, біздің ағамыз

Есенов Жорабек түсуші ед...і»

Әбділда Тәжібаев

Ақын Әбділданың: «бойы екі метрден асатын, палуан денелі, өз тұлғасы өзіне жарасымды, сөйлескен кісілеріне лебінің жылылығы үнемі сезіліп тұратын ақпейіл жан» деп, суреттеп отырған адамы-- Лениндік және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, екі рет Ленин орденімен марапатталған, академик, қазақтың біртуар азаматы, осы кітаптың басты кейіпкері – Есенов Есенұлы Шахмардан. Турасын айтқанда ол Есеннің емес Жорабектің ұлы. Бұлай әкесінің емес атасының атына жазылуына бала Шахмарданның өзі «кінәлі» еді.

Бір жылы Жорабек бастаған біраз ағайын Жөлектен «Ащықұдық» колхозының екінші өндірістік бригадасына қоныс тепті. Олар: Жорабек, Палымбет, Әбіқан, Даулет, Әшекей, Мәшен, Есжан, Қобланды, Ыбырай, Әли, Мұрат, Нұрмағанбет, Сарсенбай, Асқар... Ұжымға қосыламыз деген ағайындар көбейіп, ақырында үлкен бір ауылға айналды. Қауымдасып егін-егіп, бақша өсіріп, мал басын көбейтпек болды. «Ащықұдықта» мектеп болмағандықтан ауыл балалары аудан орталығы «Тартоғайға» барып оқуларына тура келді. Дүние кем болғанмен адамдардың пейілінің кең кез ғой, Жорабек жақын бір ағайынның үйіне балаларын жатып оқуға жайғастырды. Екі ұлының ара жастары жақын болғандықтан және Шахмардан оқимын деп қоймаған соң бірінші класқа бірге әкелді. Алдарынан ақжарқын шыққан жас мұғалім Ержігітке Жорабек:

--Айналайын қалқам, мынау менің үлкен ұлым Шаһызадан, мектеп жасында, ал, мынау кіші ұлым Шахмардан, бірақ бұның жасы әлі толыңқырамайды. Бірақ «оқимын да, оқимын» деп болмай тұр. Не істейсіңдер бұны, оқуға аласыңдар ма, әлде ауылға алып қайтамын ба?—деді.

--Көке, қайтпаймын ауылға, оқимын,--деді, жұлып алғандай әкесіне өктем үнмен мұғалімнің жауабын күтпей-ақ.

--Аға, оқимын деген баланы алмағанда кімді аламыз. Бір-екі жас ештеңе етпейді, қайта екеуі бір-біріне серік болмай ма?--деді. Бұған Жорабектің көңілі көтеріліп-ақ қалды. Шахмарданның «оқимын!» деген ынтасын «мектепке жасы жетпейді» деп, қайтарып тастар ма екен деп ойлана келіп еді. Іштей «бұл дұрыс болды» деп қойды.

Жас мұғалім көздері көкшілдеу, жүздері сары, бір-бірінен түрлері айнымай тұрған екі балаға кезек-кезек қарап:

-- Сонда қалай, екеуің де Жорабеков боласыңдар ма, біз қалай ажыратамыз сендерді?—деп, жеңіл әзілдеген болды. Оны шын көрген Шахмардан:

--Жоқ, мен атамның баласымын, мен Есенов боламын,-- деді, мектепке алмай қояр ма екен дегендей бірден жауап қайтарып. Сөйтті де «дұрыс па?» дегендей әкесіне жалт қарады. Жорабек болса:

--Әй, осы сарынікі дұрыс, болсын, болсын!--деді де, баласының арқасынан қағып-қағып қойып, кеңкілдеп күліп алды.

--Аға, қысылып тұр едіңіз, балаңыз жөнін тауып кетті-ау деймін,- деп, Ержігіт мұғалім оған қосыла күліп.

Не керек, осы сәт, осы күнен бастап Жорабектің екі ұлының үлкені Шаһызадан Жорабеков, ал, кішісі Шахмардан Есенов болып бірінші кластың жазу «тарихына» есімдері жазылды.

Мұндай ауыс-түйіс, үлкендердің тұңғыш немересін бауырына басып, өз нәмдеріне жазуы қазақ үшін таңсық емес, әрине, қайта дәстүрі мен салты десе де болады.

***


Әрбір адам-тарих, әрбір адам-өмір! Академик Есенов Шахмарданның әкесі Жорабек екенін білдік. Енді білмегіміз, Жорабектің әкесі Есен, Есеннің әкесі Деріпсал, ал, Деріпсалдың әкесі Маңдай... Олар туралы біз не білеміз? Шыққан тектері, ата-бабалары кім болған? Бабабек кім? Олар өмір сүрген қоғамның қам-қаракеті, тіршілік-тынысы қандай еді? Сұрақ көп. Жауап аз. Бірақ сол аз жауаптың өзінен құн пікір тапқандаймыз. Орта жүздің айтулы ақыны Тәтіқара Сарыарқаны қиып өтіп, Сыр бойына талай-талай келген екен. Жыр төкпесі Тәтіқарадан мынадай жолдар қалыпты:

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,

Деріпсал, Маңдайды айт Қыпшақтағы.

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын,

Сары менен Баянды айт Уақтағы,--дейді.

Бізге керегі: «Деріпсал, Маңдайды айт Қыпшақтағы»!

Хош деп тұралық. Жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин: «...ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақ халқының басынан өткен ұрыс-соғыстарға қарапайым жауынгер ретінде қатысқан Тәтіқара көне заман батырлары, олардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы жұрттың рухын көтеретін үлкенді-кішілі жырлар айтумен қатар өз жанынан күделікті әскери өмірге қатысты, жауынгерлерді қиындыққа мойымауға, ерлікке, күреске үндеген өлеңдер шығарып отырған...»дейді. Олай болса ақын Тәтіқара тектен-текке Маңдай мен Деріпсалды жырына қосып тұрған жоқ, олардың ел мен жерін, халқын қорғаудағы ерлігіне сүйсінгендіктен аттарын атап отыр. Ал, Маңдай мен Деріпсалдың Шахмардан бабалары екенін көне көз қариялар Дәулетов Абдолла мен Ізтілеуов Серғара да айтады, «Қыпшақтар» шежіре кітабында да жазылған. Шахмарданның текті тұқымнан шыққанын қиыннан қиыстырып отырғанымыз жоқ, бар деректі баяндадық.

Баба Маңдай, Деріпсал мен ата Есен өте күрделі, қарама-қайшылығы мол кезеңде өмір сүрді, тіршілік кешті. Қазақ халқы өз дербестігін, бостандығын жоғалта бастады, орыстар қаптап қазақ жеріне кіре берді, кіре берді. Осы кездерде өмір сүрген Маңдай мен Деріпсал текке қарап жата бермеген болып тұр ғой. Бас көтеріп, елдің сөзін сөйлеп, халықтың қамын жеген батыр, кезекті сөзін ешкімге жібермеген шешен болғандай. Өз уақытының жақсы мен жаманын таразылап, жалпы жұртқа жариялап жүретін Тәтіқара секілді ақын-жыраудың назарына ілігулері тегіннен тегін емес, әрине.

Амал қанша, патша әкімшілігі қазақ жерін отарлап, шұрайлы жерлерін тартып алып, өз заңы мен зүкінін орнатты, хандық билікті таратып, қазақ жерін бөлшектеп тастады. Қазақ ішіне іріткі салды. Қысқасы, бар байлығы—жерінен және тәуелсіздігінен айырылған қазақ халқы ХХ ғасыр есігін азып-тозып, аш-жалаңаш күйде ашты...

Дәл осы тұста Деріпсалдың баласы Есен өз балалары Жорабек пен Бабабекті өткен ғасырды басында орыс оқуына, анықтай айтқанда Жорабекті Тәшкеннің Діни семинариясына, Бабабекті Мұғалімдер семинариясына апарып оқуға береді. «Баларыңды кәпірдің оқуына бердің» деген, қалың ағайынның қарсылығына қарамайды. Әліпті таяқ деп білмеген Есеннің бұл әрекетіне бүгінгі біз де қайранбыз, әрі ризамыз. Ақырында оның балаларына берген бағыт-бағдарының дұрыс болғандығын уақыттың өзі көрсетті. Семинарияны бітіріп, қараңғы қазақ ортасына келіп, сауаттылықтың, білімділіктің артықшылығын, былайғы өмірде қажеттілігін іс-әрекеттерімен көрсетті, көптің көзін жеткізді.

Есен ақсақалды қазақ үрдісінде ол кезде жоқ-- бала оқытуға мәжбүрлеген кім немесе нендей себеп болды екен деген сауал туу мүмкін. Бұл сұраққа да нақтылы жауап табу бізге де қиын. Себебі, ол кезден қатталып қалған құжат, мұрағат бізде жоқ. Еріксіз халық даналығына, фәлсапасына құлақ түреміз. Халықтың данагөй жырауы Майлықожа ақын айтпай ма: «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да тартпай қоймас негізге» деп. Осы тұжырым-түйінге біз де сүйене отырып баба Маңдай, Деріпсал, ата Есен дүние-әлемнің білімін меңгермеген сауатсыз болса да жаратушы ақыл-естен, түсінік-түйсіктен кенде етпеген-ау дейміз. Әйтпесе, ауылдағы көптің бірі болып, барды қанағат тұтып отыра бересе де ешкім оларға ештеңе демес еді ғой. Жоқ, жаратушы берген түйсік оған өмір ағысының өзгеріп бара жатқанын, ендігі жерде ел-жұрт болу үшін оқу мен білім керектігін түсіндіріп тұр. Бабалары Маңдай, Деріпсалдың батыр, шешендігіне, ата Есеннің көрегендігіне, Жорабек пен Бабабектің зерек, алғыр, іскерлігіне, Шахмарданның шалқар білімі мен ғұлама ғалымдығына қарап жақсыдан жақсы, тектіден текті туатынына, данагөй Майлықожа фәлсапасына мүлтіксіз сенесіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет