-Прощай, немытая Россия!
Страна рабов, страна господ.
И вы, мундиры голубые,
И ты, им преданный народ.
Маған өкпелеме! Бұны айтқан сенің бауырың Лермонтов! Сен тартып алмақ болған жер Сәрсеннің ата-бабасынан қалған мұра. Сенің ата-бабаңнан қалған жер Ресейде! Бар да тауып ал!-деді, дүрілдеген үнмен. Содан кейін еңгезердей денесін Иванның тәштек бойына үйіріп,--егер мұндай істі тағы қайталайтын болсаң ендігі әңгіме басқаша болады!-деді. Екі көзі тас төбесіне шыққан тәштек сары орыс лып етіп жоқ болды.
Бірақ Жорабек былай шыға бере Сәрсен көршісіне:
Ойында жоқ бірінің,
Салтыков пен Толстой.
Я тілмаш, я адвокат,
Болсам деген бәрінде ой,-
деп, данышпан Абай айтқан. Сенің де қазағың оңып тұрған жоқ, бауырым! Сондықтан балаларды оқыту керек, бұларды біз солай жеңбесек төбелесіп, не қорқытып жеңе алмаймыз. Қойын-қоншымызға кіріп алды ғой...-- деп, абажадай алақанымен Сәрсеннің арқасынан қағып-қағып, дүрілдей бір күлді де жөніне жүріп кетті.
Әйтеуір, бұл оқиғадан кейін Шиелі өңіріндегі қазақтар бір-біріне: «Жорабек сөйдепті!» деп, арқаланып, айбарланып қалса, орыстар: «сақ болыңдар, ол дүлей!» деп жатыпты. Мұндай дау бұл өңірде бұдан кейін қайталанбапты.
***
1917 жыл. Перовск уездік милиция бастығы Есенов Жорабекке өте маңызды іс тапсырылады. Тарихта 1917 мен 1918 жыл «жылан жылы» болып аты қалған. Ол жылдардың қысы қатты, жазы ыстық болып Оңтүстік өңір астықсыз қалады. Содан Перовск-Ақмешіт жұмысшы, шаруа және мұсылман депутаттар уездік Кеңесі 1918 жылы 7 маусымда мәжіліс өткізіп, қаулы қабылдайды. Сол жылы жауын-шашыны көп болып, астығы мол шыққан Қарсақпай өңірінен Перовскіге, темір жолға астық жеткізу шешімін шығарады. Қарсақпай мен Перовскі арасы 500 шақырымнан аспаса, аз емес. Жол бойы ашыққан ел, толған қарақшы. Содан, «астық дайындау» ұйымы құрылып, оған төрағаның орынбасары Лукьянов басшылық жасайды. Қарулы күзет тобын жасақтау, оны басқару милиция бастығы Есенов Жорабекке, 1600 түйе керуенін жабдықтау Аралбаев Бегайдарға жүктеледі. Ұзын сөздің ырғасы, бұл тапсырманы олар бұлжытпай, дер кезінде орындайды. Олар Сыр бойы, Түркістан, Ақтөбені астықпен қамтамасыз етіп, елдің жаппай аштыққа ұшырамауына аз да болса септіктерін тигізіп, игі іс атқарады. Жауапты тапсырманы жақсы атқарып шыққан олар абыройға ие болып, халықтан да, өкімет тарапынан да алғыс алады.
***
Амал қанша! Жас Кеңестер Одағы үшінші рет бес жылдық жоспарын қабылдап, халық жаңа бір дәуірге ентелей еніп, коммунистік екпінді еңбектің көрігін енді қыздырып, ұрандатып жатқанда неміс-фашистері тұтқиылдан шекара бұзып, соғыс жариялады. Бір күнде Қорғаныс Комитеті құрылып, оның қолбасшысы Сталин тағайындалды. Ел шетін түре кірген неміс-фашистеріне тойтарыс беруге көп ұлтты совет халқы жұмған жұдырықтай, тас-түйін болып жауға қарсы тұрды. Майдан мен тылдың ұраны бір-- «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!». Майдан даласынан алыста жатқан, шағын ауыл Тартоғайлықтар да жеңіс үшін таңды таңға, күнді күнге ұрып еңбек етті. «Алпыс» деген жасты артқа «шегере» тұрып Жорабек ауылда қалған қарттар мен бала-шағаға басшы, көз болды. Ауыл адамдары енді-енді басы көбейіп келе жатқан қоғамдық малды қыста қырып алмау үшін жаз бойы жем-шөп дайындады, соқаменен жер жыртып бидай, тары, күріш екті. Күзде оны мемлекет қамбасына құйып, колхоз мүшелерінің үлестерін теңдей етіп бөліп берді. Не керек, жеңістің келуіне аянбай-ақ өз үлестерін қосып жатты. Ауыл адамдарын шаршатқан бейнеттің ауырлығы емес, майданнан жеткен «қара қағаздың» хабары еді. Елу-алпыс үйі бар «Ащықұдық» пен жүзден асатын от басы бар «Тартоғайдың» әр шаңырағын соғыс оты шарпыды, бірінен кейін біріне «қара қағаз» келіп, азаматтарынан айрылып жатты. Ағайын-туманың қасіретін көру Жорабекке оңайға түспеді, елді сөзімен де, ісімен де жұбатумен жүрді.
Ойына не түскенін кім білісін бір күні Жорабек үлкен ұлы Шаһызаданға «үйленесің!» деді. Ол оған қарсы бола қойған жоқ, сөз байласып жүрген Құрманкүлге үйленді. Бірақ Жорабек шаңырағындағы шуақты күндердің өмірі «ұзақ» болмады. Ұлы Шаһызаданның отау құрғанына жылға жетпей, яғни, 1943 жылы жасы 18-ден асар-аспастан майданға шақырды. Бірақ, бірден соғысқа әкеткен жоқ, Тәшкен маңында аса құпия түрде он ай әскери дайындықтан өткерді. Хабарды бәрін ата мен анасы оның өлеңдетіп жазған хатынан біліп, қайта-қайта оқып, сағыныштарын басатын-ды. Ақырында, айтулы Гомель қаласын азат ету операциясына қатысып, қайшыласқан қанды қырғында ерлікпен қаза тапты. Осылай делінген «қара қағаз» келді. Шаһызадан мына жарық дүниеге жарқ етіп келіп, өмірі лап етті де өшті. Қайғының қайссысы оңған дейсің, Шаһызаданның қазасы анасы Шәрипаны күйретіп кетті.
Отан қорғау әрбір азаматтың парызы, міндеті деп ұрандатып ақ жатамыз. Шындығында елдің бәрі «парызым!» деп қабылдай ала ма, алды ма? Міне, мәселе осында. «Соғыс!» дегеннің аты да, заты да суық. Ол ел шетіне келмесін деңіз, егер келіп жатса «батырмын» деп жүргендердің біразы сыр білдіріп қояр-ау. Өйткені соғыстың екінші аты—Ажал! Ал, ажал аузына барып кімнің түскісі келсін... сол соғыс жылдары «қашқындар» көбейіп , ақырында Қорғаныс Комитеті «О легализации беженцев из рядов Красной Армии» деген қаулы шығаруға мәжбүр болды. Оның талабы қашқындарды ұстап, заң алдында жауапқа тарту.
Қаулы шығуын шықты-ау, бірақ оны іске асыру оңайға соқпады. Соғыстан қашқан адам қаулы шыққан екен деп өз аяғымен келіп, кінәсін мойындамасы анық. Олардың тығылатын, паналайтын жері: тау мен тас, орман мен тоғай. Оның қай жерін тінтіп, қалай ұстамақсың. Қызылорда облыстық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкері Жармағанбетов Тәңірберген өзіне тапсырылған істі орындауда ел ішіндегі қадірлі азаматтарға арқа сүйеуді жөн деп тауып, Сыр өңіріне сөзге шешендігімен, екі тілде: орысша, қазақша шебер сөйлейтін, ел ішінде беделді Жорабекке барып ақылдасуға келеді...
Талай жылдар Қауіпсіздік Комитетінде қызмет атқарған, полковник Ізтілеуов Серғара ағамызды Шиеліге арнайы іздеп барып, осы оқиғаға байланысты әңгіме сұрадық:
--Шырағым, бұл әңгімені айтқанда біреуді қаралап, әйтпесе, біреуді мақтап тастайын деп отырған жоқпын. Ол бір қиын кез еді ғой. Қиын кездің қилы оқиғасы болады, оған төрелік айту да оңай емес. Адам баласының басына бермесін...мысалы, біреу бір үйдің жалғызы, ол кетсе шаңырақ құлайды, екіншісінің, бес-алты баласы қалып барады артында...кімнің өлгісі келеді...соғыстың аты соғыс, әрбір сәт саған ажал аузын ашып тұрады. Сол ажалдан қашқандар соғыс жылдарында аз болған жоқ.
Қызылорда облыстық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Тәңірберген Жармағанбетов біздің ағамыз Жорабекке келеді. Жәй-жапсарды түсіндіріп айтады. Жорабек батыр тұлғалы, орақ ауыз, өткір тілді болғанмен орынсыз содырлық, бас бұзар мінезі жоқ болатын. Қандай бір нәрсеге де «тағдыр, жазмыш» деген тұрғыдан қарайтын. Мүмкін бұл Діни семинарияның берген тағылымы, тәлімі шығар, кім білсін?!
Көпшілік жиналды-ау деген кезде нақ төрде, екі-үш адамның орнын бір өзі алып отырған алып денелі, екі иғына екі кісі отырғандай, жауырыны қақпақтай Жорабек баяу үнмен сөз бастады. Ол сонау Адам ата, Хау анадан бастап, Нұқ пайғамбарға соғып, Ақтанбердіге келіп тоқтап:
Достарыңызбен бөлісу: |