Шахмардан есенов



бет6/123
Дата31.12.2021
өлшемі0,85 Mb.
#107253
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123
Байланысты:
Шахмардан есенов

Екінші бөлім

«ТАЛАПТЫҢ МІНІП ТҰЛПАРЫН»

«Бірге оқыған құрбыға,

Бас бәйгені бермедің...»

Абай

«Алдымда толған мақсат, толған таңдау,

Алайын анасын ба, мынасын ба?..»

Сұлтанмахмұт Торайғыров

«-- Анда-санда ышқына-ышқына айғайлап, төбесінен будақ-будақ буды бұрқыратып дәу қара паравоз алға ұмтылып-ақ келеді. Ол қанша тез жүйткідім дегенмен терезеден далаға телміре қарап тұрған, мұрты енді-енді тебіндеген үш жасөспірім үшін өте баяу жүріп келе жатқандай.

--Ту, қашан жетеміз Алматыға?- деді, тағаты таусылған Сәрсен ақырында.

-- Әрі қарай көшіп кеткен бе өзі, екі күн болды... жетер емеспіз ғой,-деді Асан.

--Жетуін жетерміз-ау, оқуға түсуді айтыңдар. Сәрсен сен сонымен мединститутқа баратын болдың ба, әлде ойландың ба? Үшеміз бірге оқиық та, пединститутқа жүрсейші,-деді Шахмардан досына қарап.

--Жоқ, менің дәрігер болғым келеді. Бір қаладамыз ғой, кездесіп тұрамыз. Асан сен не істейтін болдың?- деді Сәрсен.

--Шахмардан КазПи-ге барайық дейді ғой, мұғалімдіктің училищесін бітірдік, енді институтын да бірге оқиық дейді,-деп, Шахмарданға қарады.

Үшеуі де үнсіз. Көздерін көкжиекке тіреп алған. Домалақ жер дөңгеленіп-дөңгеленіп, дөңгелек астына түсіп жатыр. Санадағы сансыз арман қиял қанатына мініп-ап, сонау-сонау алысқа алып-ұшып барады. Кеудесін қайқайтып алған қара пойыз жаздың аңызақ желін қақ айырып алға өрши ұмтылады.

«Өмір» деген ұлы керуенге енді ілескен үш жасөспірім арман қанатында Алматыға қарай ұшып келеді...

Пойыздан түскен оларды ұшар басына ақ кимешек киген қарт ана- Алатау қарсы алды. Күн қайнап тұрса да тау басындағы қар ерімеген. Шахмардан тауға қарап тұрып: «біздің Қаратаудың басында ғой өмірі қар жатпайды, ерте көктемнен-ақ еріп кетеді. Қызық.»-деді. Соғыстың табы сезіледі. Вокзал басындағы қара қалпақ радио саңқылдап, майдан хабарларын беріп тұр. Арлы-берлі сапырылысқан адамдар. Киімдері де жұпыны, жүздері де сынық. Асан мен Сәрсен институттарына асықты. Енді кешіксе жұмыс бітіп, жатақханадан орын ала алмай қалулары мүмкін.

Шахмардан әкесінің інісі Бабабектің қызы Аяш әпкесінің үйіне бармақшы. Шахмардан егделеу келген ер адамға қолындағы адресті көрсетіп жөн сұрады. Ол бәрін, қалай бару керектігін түсіндіріп берді. «Менің балам кетіп бара жатыр, күтіп алыңдар, оқуға түсіріңдер!» деген базынаны Жорабек қарындасы Аяшқа жасамады. Айтатын несі бар, бәрі де түсінікті емес пе. Бөтен біреу болса екен, тәтпіштеп айтып, көмек сұрап жалпақтайтын. Өз туысы емес пе. Әкесі Шахмарданның қолына Аяштың адресін ұстатты да: «қазақ, сұрай-сұрай Меккені де тапқан балам. Оған қарағанда Алматы таяқ тастам жерде емес пе, табасың, жолың болсын!» деп, пойызға салды да жіберді.

Шынымен-ақ, көп әуре болмай әпкесі Аяштың үйін бір сағаттың ішінде тауып алды. Сол кезде «Казачи» атанатын көшедегі нөмірі бесінші, бір қабатты үйдің есігін қақты. Ешкім аша қоймаған соң есікті ішке қарай итеріп еді көп адамның дабырлаған дауысы шықты. «Басқа үй болар?» Шахмардан тосылыңқырап есік алдында тұрып қалғанмен әпкесі Аяштың үйін дұрыс тауып тұр еді. Сөйткенше болған жоқ арғы жақтан бір әйел адам шықты. Есік алдында ұзын бойлы, әдеміше келген жас өрен тұр. Екеуі де бірін-бірі таныған жоқ. Қайдан танысын, олар бірін-бірі жаңа көріп тұрса. Аяш ауылдан кеткенде Шахмардан әлі туылмаған болатын. Аяштың әкесі Бабабек 1926 жылы қылшылдаған қырықтың ішінде қайтыс болып, әкесінің ағасы Жорабек қолында тәрбиеленді. Ер жетіп, есейген соң бар салмақты Жорабек ағасына салғысы келмей жұмыс іздеп Қызылордаға, одан әрі Алматыға келді, Ғылым Академиясының шаруашылық жағын басқаратын Сыдықов Тәңірберген деген азаматқа тұрмысқа шықты, балалы-шағалы болды. Жаңадан құрылып жатқан ғылым Академиясының мың-сан шаруасын шешемін, академик ағасы Қаныштың сенімінен шығамын деп жүріп Тәңірберген жары Аяшты төркіндетуге де мұршасы келмеді. Туыс іздеп, ел қыдыратын мүмкіндік те болды ма ол кезде. Түсініксіздеу бір қоғам орнап, аштық, жоқтық жайлап, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып кетпеді емес пе?!

--Қалқам, кім керек еді?-деді әйел.

--Мен Шиеліден келдім, Жорабектің баласы Шахмарданмын, Аяш әпкемді іздеп келдім,-деді, әрі қысқа, әрі нұсқа баяндап. Сол сол-ақ екен Аяштың түрі бозарып, даусы дірілдеп, Шахмарданды «бауырымдап!» бас салды. Талайдан жиналған сағыныштың өксігі кеудесін кернеп, көз жасы болып ағылды. Үйдегі қонақтардан қысылғандай тұншығып-тұншығып жылады. Қайтсін, ағайын-туманы көрмегелі көп-көп жылдар өтіп кетті. Не керек, үйдің іші әп-сәтте абыр-сабыр болды да қалды. Аяш Шахмарданның қолынан жетектеп, бір топ қонақтар отырған үлкен бөлмеге әкелді де, «менің төркінім!» дегенді іштей айтып, аса бір мақтаныш сезіммен оны таныстырды. Әкесі Бабабекті, ағасы Жорабекті еске алды, туған топырақты сағынғанын сездіріп, көңілі босады.

Шахмарданды стол басына, дастарханға отырғызды. Ол отырғандарға көз тоқтата қарады. Үш әйел, үш ер адам. Жұбайлар болар деп топшылады. Қақ төрдегі шашы толқындалып, маңдайы жарқырап, ақжарқын отырған адамға басқалардың ілтипаты ерекше. «Қанеке, Қанеке!» дейді өзеуреп. Әдемі киінген, сыпайы сөйлейтін бұл адамадарға Шахмардан шыны керек қызыға қарап қалыпты. Ауылдағы жерлестеріне ұқсамайды, бұларда паңдық, зиялылық бар. Тамақ алып, осылай өз ойымен өзі әлек болып отырған оған жездесі Тәңірберген:

--Қалқам, жолың болады екен. Қандай жақсы адамдардың үстінен түстің, дәмдес болып отырсың...төрде отырған ғалым ағаң, қазақ халқының бүгінгі мақтанышы Қаныш Сәтбаев...,--деді де осы үрдіспен қалғандарын таныстырып шықты. Бәрі мықты. Олардың есіміне тіркеліп жатқан бұрын Шахмардан көп ести қоймайтын кілең «профессор-доктор-директор...» деген атақ пен лауазым.

Бәрінің шыққан тектері қазақ ауылы болғандықтан ба, әлде қалалық мәдениеттің көрінісі ме, әйтеуір, Шахмарданды жылы қабылдап, жақсы ықыластарын аямай жатыр. Аяшта жан қалған жоқ, өлген әкесі тіріліп, барша Шиелі мен Тартоғай көшіп келгендей: «іш, же» деп, құрақ ұшып жүр.

Әңгімені баппен айтып отырған Қаныш бір кезде Шахмарданға барлай бір қарады да:

--Иә, қалқам, қандай оқуға келдің?-деді Шахмарданға. Алматыға келген жастың бәрі оқу іздеп келеді ғой дегендей.

--Педучилищені бітірдім... КазПи-ге түсем бе деймін,--деді. Үнінде өзіне-өзі сенетін адамның екпіні бар. Бұл Сәтбаевқа ұнады. Жыл сайын оқу іздеген жастардың көбейіп келе жатқаны, ертең соғыс бітсе одан да зор болатыны, қазақтың болашағы хақында түрлі әңгіме айтыла бастады. Шахмардан бұл әңгіменің бәрін табжылмай отырып, зейін қоя тыңдады. Жасөспірімнің бұл қылығы да Қанышқа ұнады.Бір кезде:

--Шахмардан сабағың қалай, педучилищені қалай бітірдің? –деді.

--Жақсы аға, беске бітірдім,- деді, Шахмардан.

--Математика мен физикаға қалайсың?-деді Қаныш.

--Бәрі де бес қой, аға.

--Аяш, Тәңірберген, сендерге тапсырма, мына Шахмарданды геолог жасауымыз керек, қазір мұғалімдер көбейді ғой, жетіспей жатқан барлаушы-геологтар! Қазақ балалары түсінбейді, бара бермейді... сондықтан сендер балаға түсіндіріп, документін геология факультетіне тапсырыңдар,--деді. Өзімсінгендіктен сөз ырғағында бұйыру бар. Қалған қонақтар «Қанекеңдікі дұрыс, Қанекеңдікі дұрыс!» деп, қолпаштап кетті. Бар әңгіме-пейілдің өзіне ауғанына Шахмардан ыңғайсызданып қалды. Оның үстіне «геология» деген сөздің де, не мамандық екенін де жете түсініп тұрған жоқ еді.

Не керек, жан-жақтан жамырай айтылған «...өзгелерден қалып барамыз, басқалар билеп кетеді... жастарды тәрбиелеу керек...Қазақстан-- тұнған байлық... халық... ел мен жер...»-- әңгімелерінің бәрі осы төңіректе. Ауыл ақсақалдарының: қойың қоздады ма, сиырың қашты ма, қай баласың, руың не...әңгімесіне мүлдем ұқсамйды.

Қызық. Тура бір бәрі Шахмарданның келуіне орай, оның қандай оқуға түсу керектігін талдап-талқылауға арнайы жиылған секілді.Табиғатта таң қалатын тылсым тіршілік көп қой. Ал, осындай тосын кездесу өміріңді өзгертіп жатса, таң қалмағанда не істемексің?! Не керек, отырыстың соңында Шахмардан академик Сәтбаевқа өзі толық түсініп тұрмаса да геология факультетіне құжаттарын тапсыратынына уәде берді.

Ол кезде емтихан да соншалықты қатал болмайтын. Оқу іздеп, талаптанып келген жастың меселін қайтармай, институтқа ала беретін кез еді. Сыры біреу- тез арада оқыған, білімді түрлі мамандық иелерін өсіріп, өндіріп шығару, білімді-білікті елге айналу. Мектепті онсыз да жақсыға бітірген Шахмарданға мұндай жеңілдіктің қажеті бола қойған жоқ, емтихандарын ойдағыдай тапсырып, Кен-металлургия институтының геология және барлау факультетінің студенті атанды.

Абай айтпай ма:

Есіңде бар ма жас күнің,

Көкірегің толық, басың бос,

Қайғысыз, ойсыз мас күнің,

Кімді көрсең—бәрі дос.

Студенттік кезде шыныда да Шахмарданда дос көп болды. Ашық-жарқын мінезді ол көптің ортасына түсісімен-ақ досты да, жолдасты да молынан тапты. Олармен қызық қуып кеткен кездері, сабақты да жіберіп алған сәттері болды. Біреуді мақтар болсақ асыра сілтеп кететініміз бар. Соған салып, Шахмардан тек қана сабақ оқуды ғана білді, ірі, лауазымды қызметтерді ғана көкседі десек, шындықтан ауытқып, оның болмысына қиянат жасаған боламыз. Ол да жас болды, жасқа тән қызбалық, қызық қуып кету, сабаққа бармай қалу, жерлестермен кездесу... оған да тән еді. Бірақ, жаман қылықтың әдетке айналып кетпеуіне, әрине, Аяш әпкесінің ықпалы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Біздің пікірімізді растайтын бір оқиғаны шиелілік Ізтілеуов Серғара ағамыз қызық етіп баяндап берді:

--Бірде Алматыға іссапармен бардым. Ол кезде қонақ үйге бару дегенді білмейміз, туыстарды жағалаймыз ғой баяғы. Содан әпкеміз Аяштың үйіне бардым. Обалы не керек, бәрі де құрақ ұшып қарсы алды. Тез арада ас әзірлеп, дастархан жайып тастады. Шахмарданның осы үйде жатып оқитынын білемін, бірақ көзге көріне қоймады. Біраз уақыт өткен соң шыдамым таусылып «Шахмардан қайда?» дедім Аяшқа. Ол үндемеді. Жымиып күлген жездеміз Тәңірберген: «Ол Аяштың қаһарына ұшырап, қамалып отыр» деді. Мен түсінбей, шошып қалдым. Онымды түсіне қалған жездеміз: «Жоқ, ол үйде, басқа бөлмеде қамаулы отыр. Біраз қызық қуып, сабағын жіберіп, бағасын төмендетіп алыпты...» деді, Аяшқа бір қарап қойып. Аяшта үн жоқ, төмен қарап шәйін құйып отыра берді. Не керек, сол жолы мен ауылға Шахмарданды көрмей-ақ кеттім.

Обалы не керек, жандары жәннатта болсын, әпкеміз Аяш пен жездеміз Тәңірбергеннің ауылдан барған, көп нәрсенің мәнісін біле бермейтін бала Шахмарданға көрсеткен қамқорлығы мен берген тәрбиесі мол болды...»

Ия, ол кісілердің Шахмардан өмірінде алатын орынын біз де жоққа шығара алмаймыз, оны өзі де жоққа шығарған емес. Жақсылықты қасиеті жоқ адам ғана ұмытады. Алға оза тұрсақ та айта кетейік, әруақтары риза болсын. Өмір шіркін бір орында, бір қалыпта тұрған ба? Ол бір ұстараның жүзіндей қылпылдап, тәртібі мен талабы күнде өзгеріп тұрған кез еді ғой. Ғұлама ғалым Сәтбаевқа жоқтан өзгені кінә етіп тағып, президенттіктен түсірді. Артынша Сәтбаев кадры деп талайға таңба басып, көп ғалымды қуғынға ұшыратты. Солардың ішінде Академияның шаруашылық жағын басқаратын Тәңірберген де бар еді. Қызметтен алды, кінәлі етті... Доспыз деп жүргендер Күн төбеде тұрғанда ғана екен, шамалы бұлт айналып еді көлеңке секілді жоқ болып кетті, кейбірі жәй кетпей сатып кетті. Қасында қалған Шахмардан ғана болды. Жездесін Жезқазғанға шақырып, жұмысқа орналастырды, жаңадан үй алуына көмектесті, не керек, қолынан келген қамқорлығын аямады.

Шыны керек, Шахмарданның жеке тұлға болып қалыптасуына жездесі Тәңірберген мен Аяш әпкесінің ықпалы аз болмады. Өз еріктері өзінде, қалай болса солай жауапсыз жүріп-тұрып, ақырында жаман жолға түсіп, оқу да жоқ, диплом да жоқ ауылға қайтып барған талай баланы көргенбіз. Шахмарданда ондай «еркіндік» болмады, әпкесінің үйінде тұрды. Жездесі Тәңірбергеннің шаңырағы қонақтан арылмайтын. Ол осы үйде небір оқымысты-ғалымдар, ақын- жазушылармен кездесті, әңгімесін тыңдады. Көрудің өзі көп нәрсе. Біздің бабаларымыз баласын айтумен емес, іс-әрекетімен, тіршілігімен тәрбиелеген. Шахмардан да солай болды. Шындығында осы үйде ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевпен кездеспесе Шахмардан Пединститутқа түсіп, ұстаздық жолды қуып, үлгілі ұстаз атанатыны даусыз еді. Біз бұдан ұстаздық мамандықты кеміткелі, төмендеткелі отырған жоқпыз. Айтпағымыз—Қаныштай ағаның артықшылығы, елдің болашағын ойлауы, жастарға деген қамқорлығы, бәрінен де Адам тану қабілетінің зорлығы. «Жақсыдан шарапат» деген осындайдан кейін айтылса керек.

Қазақтың белгілі ақыны Әбділда Тәжібаевпен Шахмардан осы шаңырақта танысып, бір-біріне ағалы-інілідей болып, өмір бойы араласып, сыйласып өтті. Әбділда ақын жас Шахмарданның талабына, әсіресе, әдебиетті ұнататынына сүйсінетін, жанына жақын тартып жүретін. Ағаның осы пейілін сезетін ол өзі оқу бітіретін кезде Алматыға келген әкесі Жорабекті ақын Әбділдамен таныстырмақ болды. Бір күні Шахмардан:

-- Әке, мен Сізді қазақтың мықты ақыны Әбділда Тәжібаевпен таныстырғым келеді,-деді.

--Е, оны сен қайдан танисың?

--Жақында ол кісі біздің үйде қонақта болды, Сыр өңірінің тумасы екен ғой... әңгімені жақсы айтады, білмейтіні жоқ, -деді, әкесін қызықтырып.

--Барсақ барайық. Мынау қайдан келген шал деп қабылдамай жүрмесе,- деді әкесі Жорабек. Танымайтын адамға барып ыңғайсыз болып қалмасын деген ойын жеткізіп.

--Жоқ, әке, ол кісі ондай адам емес, қарапайым.

--Негізі ақын-жазушы деген қарапайым болу керек, әйтпесе ол халық өмірін қайдан, қалай біледі. Жазатыны халқы емес пе..,-деді, Жорабек әдебиеттен, оның ішінде ақын Әбділда өлеңдерінен хабардар екенін білдіріп. Шахмардан әкесінің осы қабілетін білгендіктен де ақын мен ақынжанды адамды кездестіргісі келіп тұр,-- Барсақ барайық, ондай адамдарға ауылдан келген біздер сәлем бергеніміз жөн де шығар, балам...кеттік!-деді, көңілденіп.

Жаздың жайма шуақ күні. Алматы барынша әдемі болып кеткен. Көшелері түп-тү зу, таза. Айнала көк-майса, гүл, арықтағы су сылдырлап жаздың жырын жырлап жатыр. Әкелі, балалы тауға баратын автобусқа келіп отырды. Көңілдің көк кептері аспанда. Ақынды ақынжанды адам іздеп барады. Бір кезде ақын демалып жатқан санаторийға да жетті. Бұл жердің табиғаты мүлдем маужырап тұр. Жеміс ағаштары мәуесін көтере алмай, бастарын жерге салған. Ұшар басындағы ақ орамалын жаздың ыстығы ала-құла етсе де Алатау тәкаппар, асқақ тұр. Таудың дәл етегіне келді.

Қызық, дәл осы кездесу жайлы кейіннен Әбділда ақын естелік жазыпты. Кез келген кездесуді жаза беретін талғамсыз ақын емес қой, тегінде жүректі тербер бір оқиға болған-ау. Оқып көрелік:

«...Қай жылы екені дәл есімде жоқ. Ертеректе институтта оқып жүргенде Шахмардан таудағы Үкімет саяжайында тұрған бізге әкесін ертіп кепті.

-Аға,-деді маған Шахмардан,- мен Сізге аға тауып әкелдім, қабыл алыңыз, туысқаныңызды!

Мен ағама сәлем беріп құшағымды аштым, ол мені шын ықыласымен кең дүниедей кеудесіне басты.

Сыпайыгершілікті қашанда берік ұстанатын ағамыз баласымен бірге қайтқанын жөн көретінін, бізбен білісіп, танысқанына ырза екенін айтты.

-Қойыңыз, аға,- дедім иығынан басып қайта отырғызып,-Кірген үйінен шай ішпей шығу сізге жараспайтын болу керек, таудай ағасына шай бермей шығару бізге де жараспайтын шығар- дедім.

Аталы сөз айттың інім,- деді Жөкең жайғаса отырып жатып, аралас-құраласымыз аз болғанмен мен де сыртыңнан қанықпын, поэзиядағы абыройыңа тілектес, дұғағөй ағаңмын.

Біз Жөкеңмен осылай әңгімелесіп, шайға бара бергенімізде демалыс үйінен менің өлеңдерімді орысша аударып жатқан ақын досыммен бірге Михаил Луконин келіп сәлемдесті.

Ағаммен ақын достарымды таныстырып шайға отыра бергенімде, мені Қызылордамен сөйлесуге телефонға шақырды. Қызылорда кітапханасында менің шығармаларыма бір бөлме бөлініпті. Соған кітап бөлуім керек екен. Осы телефондағы сөз мені он минуттай ұстады. Содан босанып қайтып келсем , дастархандағы ағаммен екі ақын досым әбден-ақ жарасып қалыпты.

-Біз орыс тілін осынша білетін орыс қарияларын Москвада да сирек кездестіреміз,-деді Луконин.

-Менің ағам Тәшкен семинариясын алтын медальмен бітірген. Керек десеңіздер «Евгений Онегинді» де жатқа айтып береді,- дедім.

- Рас болса, бұл Ресейде де сирек кездесетін оқиға,-деді достарымның бірі.

-Менің інім өтірік айтпайтын адам, оның сөзіне сенімсіздік білдіруге қарсымын,-деді Жөкең күліп.

Біз тым-тырыс отырып Жорабек ағаның жарты сағаттай «Евгени Онегинді» жатқа оқығанын тыңдадық...

Екі алып қазақ тұр көз алдымда бірі-інім десе, екіншісі аға дейді мені. Мен екеуіне де барлық ықыласыммен бауырлық-туысқандық сезімімді жеткізуге тырысамын.

Мен де інім деп Шахмарданға қарасам, аға деп оның әкесі Жорабек ағама қараймын.

--Қарағым, Әбділда,- деді Жөкең мені өзіне қаратып алып,- Мен Діни семинария бітірсем де қазақшылығым жоғалмаған ағайыншыл адаммын. Біздің Шиелі ауданынан ашаршылықта ауып кеткен жүз үйдей қыпшақ туыстарымыз қазір Өзбекстанның Оңтүстік ауданының бірінде көшпелі өмір сүреді. Өкімет қыспаққа ала бастаса тауға сіңіп кетіп, тыныштық барын сезінсе, қайта кеңістікке шығатын көрінеді.

-- Сен, шырағым, маған жәрдемдес, сол ұшатынын жел біліп, қонатынын сай біліп жүрген мүсәпір ағайындарға барайық, оларды қайтадан елге көшіріп әкелейік деймін. Бұған не дейсің, Әбділдажан?

--Әбден дұрыс, аға! Сізбен бірге ұзақ сапарға шығуға он күннің ішінде әзір болуға уәде беремін.

--Жүрегіңнен айналайын, бауырым,-деп Жөкең мені кеудесіне басты.

Бірақ мені Шиеліде күтпек болған Жорабек ағам сол он күннің бірінде қайтыс боп кетті...»

Табиғат ананың тылсым дүниесін пендесі түсініп бола ма?! «Жорабек өмірден озар алдында ақын інісімен кездесіп, бой жазғандай болыпты-ау, жарықтық!» деп жатты бұны естіген үлкендер. «Жазмыштан-озмыш жоқ» деген рас шығар, мүмкін.



***

Нағыз азамат болатын адамның жас кезінен-ақ жүрген, өскен ортасында айрықша істерімен көрініп, озық ойларымен көптің есінде қалып қоятыны бар. Есіңде қалып қана қоймайды, ондай адам өмір бойы сені өз әрекетімен тәрбиелейді, жаныңа нұр құяды. Шахмарданмен жастық шақтары, студенттік кездері бірге өткен, бір-біріне адал дос, әрі әріптес болған Сыдықов Жүргенбектің естелігін оқи отырып осыны сезесің де .





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   123




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет