«... Мен онымен 1944 ж. қыркүйекте алғаш рет кездескенімде сұрапыл соғыс әлі де жүріп жатқан еді.
Қазақ Тау-кен институтының геологиялық-барлау факультетіне студенттікке енді ғана қабылданған қыздар мен жігіттердің арасында Шахмардан ерекше көзге түсті. Ол – бойы биік, шынардай сымбатты, келбеті келіскен, ер көңілді жігіт еді. Маған, майданнан қайтқан соғыс мүгедегіне, ол бірден ұнады. Онымен жақын танысқым келді. Оның ашықтығы, әңгімешілдігі біз танысуымызды жеделдете түскендей болды.
Достығымыз нығайып студенттік өмірде де, одан кейінгі уақытта да беки түскен сыйластығымыз бен қимастығымыз оның ғажайып өмірінің соңына дейін жалғасты.
Институттағы қиын емтихандарды тапсырып, бірінші семестрді бітірген шақта байқағанымыз арамыздағы оқуды да, басқа студенттік іс-әрекеттерде де ең белсендіміз Шахмардан болып шықты. Менің есімде қалғаны екінші теориялық курсты аяқтағаннан кейінгі бірінші далалық геологиялық практикаға шықтық. Шахмарданның білімге деген құштарлығы, болашақ мамандыққа қызығушылығы ерекше еді. Біздің практикамыз Ұйғыр ауданы Кетпен қыраты маңында тамаша педагог, ғылым докторы, профессор, кейіннен академик атанған Евгений Дмитриевич Шлыгиннің басшылығымен жүргізілді.
Практика кезінде ортамыздағы ең қайратты және ең бастамашыл Шахмардан тұрмысымыздың белгілі бір қиыншылықтарына қарамастан қырық шақты студенттің көшбасшысына айналып, практика жетекшісінің бірінші көмекшісі бола білді. Әрбір маршрут сайын ол достарымен бірге әр түсті, салмағы мен қаттылығы әр түрлі тастар тауып базаға оралатын. Ешқашан олар құр қол келген емес. Ол өзі әкелген тастарын тәжірибесі мол ұстазына көрсетіп, оның тастар туралы анықтамасын мұқият тыңдайтын. Ал, жетекші ұстазымыз маршрутқа шықпай қалған кездерде жауапкершілік өзінен-өзі Шахмарданға ауатын. Ол мұқият жүрген жерлерімізді, тас тапқан жерлерімізді топографиялық картаға түсіріп, дәптеріне әлденелерді жазып алып жататын.
Кейбір маршруттар кезінде, сондай-ақ, демалыс күндері ол жергілікті тұрғындармен танысып, әңгімелесуге де уақыт табатын. Ауыл ақсақалдарымен танысып, олардың тұрмыс-тіршілігін біліп, сол аймақтағы жер атауларының тарихын сұрап білетін. Біздер жаз бойы азық-түліктен таршылық көрген емеспіз. Тамағымыз таусылып бара жатса болды Шахмардан ауылдағы танысқан адамдарынан алып келетін. Осыған байланысты мынадай бір қызық оқиға болды.
Рас, тамағымыз таусылуға жақындап, студенттердің қарны ашуға жақындап қалған болатын. Не істеу керек? Содан демалыс күні екеуміз тауда мал бағып отырған шопанның үйіне келдік. Шахмардан шопанға жәй-жапсарды түсіндіріп айтты. Обалы не керек шопан: «ой, айналайындар, сендер секілді өзімнің де балаларым сыртта жүр...» деп, салмағы 20 килограмдай болатын бір қойын жетектетіп жіберді. Құнына азын-аулақ ақша тастаған болдық. Және өзімізді ет асып тойдырып жіберді. Ал, әлгі қойымыз қырсықтың қырсығы екен, е айдағанға көнбейді, не жетектегенге жүрмейді, тыртысып, артқа қарай көткеншектеп тұрып алады. Екеуміз әбден қалжырадық. Не істерімізді білмейміз. Бір кезде Шахмардан әлгі қойды аяқтарын қосақтап ұстады да өз мойнына атып ұрды. Сөйті де маған «кеттік» деді. Ол қадамын адымдай басып студенттер қосын бетке алды, мен артында желіп келемін. Бір-екі жерде дем алып, түс ауа жеттік-ау. Студенттер әуелгіде таң қалып, сосын риза болып, рахметтерін айтып жатыр бізге. Бізде оларға жауап қайтаруға мүмкіндік жоқ, шаршағаннан екі аяғымызда әрең тұрмыз.
Қаншама жылдар жылжып, небір оқиғалар өтіп жатса да мен осы бір оқиғаны, Шахмарданның көпке деген жанашырлығын еш ұмыта алмаймын.
Тағы да бір оқиға болды. Қазір оған күле қарауға болады, ал, ол кезде оған күлуге болмайтын. Елдің әлі ауқаттана алмаған кезі. Ашыққан ел қолында барын сатып, тамақ алып жан сақтайтын. Біздің алдымызда да сондай қиын сәт тұрды. Кез-келген бір киімімізді сатып, азық алу керек болды. Сатуға жарайтын Шахмарданның үстіндегі резіңкеленген плашы және менің солдаттан келген шинелім. Содан екеуміз ақылдаса келіп менің шинелімді тамаққа айырбастайтын болдық. Бұдан басқа менде киетін сырт киім болмағандықтан Шахмардан өзінің плашын маған сыйлады. Менің алмасыма қоймады, менде де басқа амал жоқ еді. Айтқандай-ақ, жаңбырлы салқын күз келіп плашты ешқандай қысқартпастан ұзын күйінде киіп алдым. Басқа жылы киім жоқ еді менде. Менің тапал бойыма Шахмарданның бойына ылайық ұзын плаш тура ұзын таяққа жамылғы іліп қойғандай, күлкілі кейіп болған ғой менде. Мұны маған біраз уақыт өткен соң ғана курстастас құрбыларым айтып, күледі ғой, баяғы. Кезінде менің ол тұрпатыма ешкім күлген жоқ, өйткені басқалар да сүйгенін емес сыйғанын киіп жүрген-ді. Себебі, уақыт сондай болатын...
Далалық практиканы бітірер уақытымыз да таяды. Көпкүндік маршруттардың қорытындысы бойынша геологиялық карта сызып, оған түсініктеме қажет болды.
Екі ай өте шықты, біз қайтатын көліктің келуіне де екі-ақ күн қалды, бірақ тапсырма әлі орындалған жоқ. Сонда біз жиналыс ашып қорытынды есебімізді жазу үшін Есенов бастаған ең белсенді деген төрт адамнан «шағын топ» құрдық. Топ күні-түні жұмыс істеді, дегенмен оқу құралының—геологиялық карта және әдебиеттердің жоқтығы әбден қинады.
Жетекшімізден әрең дегенде ірі геолог Николай Григорьевич Кассиннің 1926 жылы баспадан шыққан, Кетпен қыраттары мен Шарын өзені бассейніне 1915 жылы геодезиялық сипаттама жасаған кітабын сұрап алдық. Және дәл осы шақта Шахмарданның және кейбір ұқыпты студенттердің жаз бойы жинастырып келген тау жыныстарының жүздеген үлгілері, жер қыртыстарының ерекшеліктері туралы жазып жүрген жазбалары мен сызбалары бізді құтқарды. Оның алдында ғана профессор-жетекшіміз тастар жиылған жерлердің геологиялық орналасуы туралы мәліметтерді, тас үлгілерін көріп мақұлдап, құптаған еді.
Сонымен, карта мен түсіндірме жазбаша дайындалды, есебімізді біраз сұрақтар қойып сынап алған соң жетекшіміз қабылдады. Көлік келгенше жиналып, баршамыз қалаға қайтуға дайын тұрдық. Айтпақшы, біздің сол картаны Евгений Дмитриевич сақтап қойған екен, бірнеше жылдан соң біз институтты бітірерде өзімізге көрсетті.
Жаңа, үшінші оқу жылының басында сол баяғы Есеновтің бастамасымен, геология факультетінің деканы тамаша педагог, Республикаға белгілі геолог-барлаушы Василий Петрович Гуцевичтің қолдауымен және геологиялық практиканың дәмін татып қалған біздер студенттік геологиялық үйірме құрдық. Үйірме жетекшілерінің бірі Шахмардан Есенов болды.
Үйірме тұрақты да пайдалы жұмыс істеді. Бірқатар студенттердің жұмыстары жалпықалалық студенттік ғылыми конференцияда (1948ж.) жоғары бағаланып сыйақымен марапатталды, КСРО жоғары білім министрлігінің мақтау қағаздарына ие болды.
Сол баяндамалардың кейбір авторлары институтты бітірісімен жуырда ғана ашылған Республикалық Ғылым Академиясының аспиранттары қатарына алынды».
(«Наш Шахмардан», Ғылым баспасы, 1997ж.)
Міне, осылай студент жолдастарының арасында Шахмарданның бойы да, ойы да озық болды. Сымбатты тұлғасы, көпшіл қасиеті, ашық-жарқын мінезі оны көптің ортасынан оқшауландыра түсті. Институттың қоғамдық өміріне белсене араласты, факультеттің қабырға газетін шығарды, түрлі салтанатты мерекелер кезінде іс-шаралар ұйымдастыру оның сүйсініп, әрі белсене істейтін ісі еді. Ғылыми-зерттеу жұмыстары институт аралық, одан қалалық ғылыми-конференцияларда үздік атанып талай рет дипломдармен марапатталды. Не керек, Шахмардан өз факультетінің қозғаушы күші, жақсы істердің бастамашысы, әрі белсенді ұйымдастырушысы бола білді. Бұның бәрін тізіп, тәтпіштеп айтуымыздың сыры, осындай қоғамдық жұмыстар оның болашақта геолог, ғалым, инженер, министр, президент болуына ықпалының зор болғандығын айту еді.
Қазақстанда 1946 жылы жеке Ғылым Академиясы құрылып, бұрынғы Мәскеудің «филиалы» деген аттан құтылып, қазақ ғылымының өз шаңырағы көтерілді. Осы кезде институтты жақсы бітірген, талабы бар жастарды көптеп Академияға қалдыра бастады. Міне, солардың қатарында Шахмардан да болатын. Бірақ, бәрі тағы да табан астынан өзгерді...
Шахмардан мемлекеттік емтихандарын ойдағыдай тапсырып, көптен армандаған дипломын қолға алған күні әпкесі Аяш пен жездесі Тәңірберген мұндай оқиғаны атаусыз қалдырғылары келмей Қаныш ағаларын және бір-екі достарын қонаққа шақырды. Көп емес, үш-төрт кісі ғана отырып, дәм татылды, әңгіме-дүкен құрылды, Шахмарданға жақсы тілектер айтылды. Баяғы оқуға түсуге жаңадан келген кездегі ұялшақтықтан арылған, әрекетінде еркіндік, тіптен отырғандарды өзіне жақын тұту пейілі басым. Жөні бар, бұл отбасы үшін аса құрметті Қаныш ағасын Шахмардан осылай, тікесінен тік тұрып, арақ-шараптарын, суын құйып талай күткен. Неге екені белгісіз, Қаныш ағасын көрсе болды жанына жақындап, әңгімесін құныға тыңдайтын. Жас Шахмарданның бұл пейілін аңғарған Қаныш ағасы да іш тартып жүретін. Сондықтан да бүгін оның диплом алған қуанышына көп шаруаның ішінен уақыт тауып келіп отырғаны. Қонақтан қайтар кезде Қаныш аға:
--Шахмардан, әзірге бос екенсің, ертең Мәскеуден келген академик Бардин екеуміз Жезқазғанға ұшқалы отырмыз, сен бізбен бірге жүр. Сен білесің бе, қазақта атқосшы деген сөз бар. Атқосшылықты баяғының байлары мен билері, тек хандары ғана ұстаған. Біз би де, хан да емеспіз, бірақ сенің көмегің керек, жүр бізбен. Шахмардан, сен біліп қой, атқосшылыққа кез келгенді ерітпеген олар, --деп, жарқырай күлді.
Қаныш ағаның жеңіл әзіліне қалғандар желпілдей күлді. Апасы Аяш: «Барсын, барсын Қанеке! Сізге атқосшы болса арманы не?» деп, ағынан ақтарылып жатыр.
Содан ертеңіне академик Қаныш Сәтбаев бастаған бір топ ғалым Жезқазғанға ұшты. Араларында «атқосшы» Шахмардан да бар еді...
Достарыңызбен бөлісу: |