Шахмардан есенов



бет1/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21


ШАХМАРДАН ЕСЕНОВ

Кенжеғали Сағадиев, академик



ОЛ-- ҒАЛЫМ, ҚАЙРАТКЕР, АЗАМАТ

Арамыздан кеткеніне жиырма жыл болғанына қарамастан оның есімі ел жадында өшпестей сақтаулы. Демек, оның ғылыми жаңалықтарының маңыздылығы уақыт өткен сайын арта түсуде. Есенов Шахмарданның, оның әріптестері мен ізбасарларының геология саласында ашқан ғылыми жаңалықтары және олар тапқан түрлі кен орындары бүгінгі Қазақстанның экономикасының жаңа белестерге көтерілуіне мүмкіндік жасауда.

Есенов Шахмардан: «Сәтбаев маған ғылымның таңғажайып әлемін ашқан ұлы ұстаз, кемеңгер тәлімгер» деуден жалықпайтын. Сондықтан да замандастарының: «Ол Сәтбаевты пір тұтатын» деп, нық айтатындары. Айтса айтқандай, Шахмардан шын мәнінде Қаныш Имантайұлының ең сүйікті, сенімді ғылыми жолын жалғастырушы шәкірті болды. Олардың өмірлерінде ұқсастықтар көп болды: екеуі де геолог мамандығын таңдады және еңбек жолдарын өздерін танымал еткен, абырой әперген Жезқазғаннан бастады. Әрі қарай екеуі де таланттары ашылып, ғылымға етене бауыр басып, Қазақстан ғылымының қара шаңырағы Ғылым Академиясының өсіп-дамуына барлық күш жігерлерін жұмсады.

Шахмардан Есенов Қызылорда облысының шалғайдағы ауылында туып, сол жерде орта мектепті бітіріп, кейіннен Қызылорда Педагогикалық техникумында білім алады. Жас Шахмарданға бағыт-бағдар беріп, жоғары білім алуына ықпал еткен өз әкесі болды. Оның әкесі Есенов Жорабек Сыр өңіріндегі аз ғана сауаттылардың ғана емес, аса білімділердің қатарында болды. Кезінде ол Тәшкендегі Діни гимназияны орыс тілінде үздік бітіріп, дүние жүзілік әдебиет пен мәдениеттен хабары мол болған адам. Жерлестері мен замандастары Жорабектің Пушкиннің «Евгений Онегинін», Лермонтов, Крылов тағыда басқа орыс классиктерінің өлеңдерін жатқа айтатынына қайран қалатын. Бұған дәлел болатын ақын Ә.Тәжібаевтың естелігі. Онда ол Жорабек қабілетіне, зердесіне таң қала отырып кездесуден алған әсерін әдемі, әрі шынайы баяндайды.

Осындай көрегенді ортадан өсіп, тәрбие алған Есенов Шахмардан 1944 жылы Қазақ тау-кен институтына (Қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университет) оқуға түсіп, геолог мамандығын таңдайды. Егер әділдікке жүгінсек, сол кездегі жас жеткіншектердің көбісінің геолог мамандығын таңдауы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағының соғыстан кейінгі экономикасын көтеруге аса қажетті геологтар мен жер қойнауын зерттейтін барлаушыларға, қысқасы, минералды ресурстардың жаңа көздерін табушыларға деген үлкен сұранысынан туындаған еді. Осы тұста Үлкен Жезқазған ашылып, оның мол кен байлықтары қазылып ел экономикасын нығайтуға айтулы үлес қосып жатты. Бұл игі істің басында атақты академик Қаныш Сәтбаев тұрды. Әсіресе ол Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ республиканың өндіріс орындарының жұмысын қорғаныс ісіне жұмылдырыуға бар күшін салды. Өндірісті стратегиялық шикізатпен--темір және марганецпен қамтамасыз ету үшін республикада жұмыс жүргізіп жатқан барлық геологиялық мекемелерді біріктіруге бар күшін салды. Сөйтіп, Жезқазған, Жезді кен орындары еліміздегі зауыттардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Фашистерге атылған он оқтың тоғызының Қазақстанда жасалынуы осының нәтижесі еді. Ал, Қаныш Сәтбаевтың мұндай ерен еңбегі ескерусіз қалмады, ол 1942 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Не керек, оның даңқы елімізге кеңінен жайылып кетті. Осы кезде, одан кейін де Қанышқа ұқсағысы келіп, геолог мамандығын таңдағын жастар республикамызда күрт өсті. Соның бірі – Есенов Шахмардан еді.

Қаныш Имантайұлы жас Шахмарданның зеректігін және таңдаған мамандығына деген аса қызығушылығын оның студент кезінен байқады. Қаныш Имантайұлы институтты жаңа ғана тәмәмдаған Шахмарданға қайнаған еңбектің ортасы Жезқазғанға баруына кеңес берді. Және онда Одақ көлемінде ғана емес, әлемде теңдесі жоқ мыстың мол қоры барын айтып, соны зерттеп, көлемін анықтап, негіздеп, дәлелдеу керектігін баса айтты. Аманат еткендей де болды. «Геология менің қызым, ал, сенің туған әпкең!». Бұл сөзді Қаныш Имантайұлы таудай талабын байқап, талантын таныған, адал шәкірті Шахмарданға талай рет қайталаған-ды.

Содан, өз ісіне барынша адал, ұстазына ылайықты шәкірт Шахмардан он бір жыл Жезқазғанда, ұлы Ұлытау төсінде, жеті қат жер астынан кен байлықтарын іздеді, тапты, ел игілігіне айналдырды. Осы уақыт ішінде ол қатардағы геологтан барлау экспедициясының бас геологы және бас инженері қызметіне көтерілді. Кенді кешенді барлау және алынған минералдық ресурстарды жедел және толық игерудегі инженерлік жаңалықтары оған көп абырой әкелді. Жер қойнауын зерттеуде жұмысты шебер ұйымдастыра білетін нағыз басшы ретінде көпке танылды. Ол өз мамандығын жете меңгерген кәсіби геолог, зерделі ғалым, елін, жерін сүйетін нағыз азамат екенін дәлелдей білді.

Бірде Шахмардан жаңадан зерттелген, болжанған Жезқазған кен қорының мөлшерін Мәскеудегі майталман маман--геологтардың алдында дәлелдеп шығуға келеді. Мәскеулік ғалымдар: «шалбарының балағын керзі етіктің қонышына тыға салған, галстуксіз, өте жұпыны киінген қазақстандық жас жігіт мінберге көтерілгенде, ол жаңадан ашылған кен орындарын, оның мол қоры туралы өз болжамдарын дәлелдеп, қорғап шыға алар ма екен деген күмәнді ойдың баршамызда болғаны рас еді. Бірақ оның орыс тілін өте жақсы меңгергендігі, ал, қорғап отырған мәселесінің мәнін одан да артық түсінетіндігі, соны жеріне жеткізе дәлелдей білуі жезқазғандық геологтардың тұжырым-пікіріне сенбеуге, келіспеуге біздер үшін еш мүмкіндік қалдырмады»--деп, кейіннен талай рет еске алып жүрді.

Қ.Сәтбаевтың алғаш Жезқазғанға келгенде жасы 27-де еді. Ал, Ш.Есенов жаңа кен орындарының қорын қорғау үшін, оны дәлелдеу мақсатында алғаш Мәскеуге барғанда бар-жоғы 26-да ғана еді.

Жас кезінен бастап Қаныш Имантайұлы көп жылдар бойы Үлкен Жезқазғанды түсті индустрияның аса қуатты шикізат орнына айналдыру жолында тынымсыз, қажырлы еңбек етті. Ол кеншілер және металлургтармен бірге, өзінің қуатты потенциялымен әлемге әйгілі, қазір «Қазақмыс Корпорациясы» аталатын, Жезқазған Тау кен-металлургия комбинатын құрудың бастаушысы болды. Ал, Шахмардан Есенов болса кейінгі жылдары жоғары лауазымды қызметте жүргенде Жезқазғанның өсіп өркендеуіне көп көңіл бөлді. Дәлірек айтсақ, 1963-1965 жылдары Геология министірі кезінде Жезқазған мыс-кен қорын қайта бағалау жөніндегі комиссияның басты жетекшілерінің бірі болды.

Шахмардан Есенов екі мәрте, жылдарын қоса есептегенде тоғыз жылға жуық республиканың Геология министрлігін басқарды. Алғаш министр болғанда ол бар жоғы 33-те ғана еді. Бұл ол жылдар тәжірибесінде өте сирек кездесетін жағдай. Осы қызметте Ш.Есеновтің геологияның маңызды мәселелерін шешуде, барлау жұмысының ең тиімді бағыттарын таңдауда, теориялық болжауларды жүзеге асыру жолында, ұйымдастырушылық қабілеті жаңа қырынан танылды. Оның осындай алдына биік мақсаттар қойып, оған жетудегі табандылық пен еңбекқорлығы Қазақстанда өзге де бірқатар кен орындарының ашылуына себеп болды. Атап айтсақ, өте қысқа мерзім ішінде дәйекті жүргізілген барлау жұмыстары арқасында, Оңтүстік Маңғыстауда теңдесі жоқ мұнай мен газдың көзі ашылды. Олар бүгіндері әлемге танымал Жетібай, Өзен, Қаламқас, Қаражамбас, Солтүстік Бозашы, Кеңқияқ тәрізді мұнай көздері болатын. Жетібай мен Өзендегі мұнай көздерін барлауға тікелей жетекшілік жасағаны үшін, бір топ әріптестерімен бірге Ш.Есенов Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды.

1973 жылы Өспен кен белдеуіне ірі геологометаллогендік зерттеулер жүргізгендері үшін Ш.Есенов пен оның бірқатар әріптестері Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сол жылы, Ш.Есеновтың бастауымен, академик А.Каюпов екеуінің бүткіл Қазақстан бойынша металлогендік-болжау картасын құрастыру жұмысы басталды. Ол жұмыс 10 жылдан кейін, он бір бөлімнен тұратын «Қазақстан металлогениясы» монографисының басылып шығуымен аяқталады. Бұл еңбекті дайындап іске асырушыларға 1985 жылы СССР Мемлекет сыйлығы берілді.

Республика геологиясының ардагерлерінің бірі М.Байлярованың айтуынша: «Қазақстандағы 75 мың кен барлаушылар ұжымының ең табысты кезеңі 1960-1977 жылдарға тура келеді. Мен ғана емес, сол жылдары еңбек еткендердің көпшілігі бұл жетістіктерін Ш.Есеновтің есімімен байланыстырып, ол жылдарды аса қанағаттық сезіммен еске алады.»

Геология министрі, содан кейін Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін жақсы атқарып, қоғам қайраткері ретінде көпке, республика жұртшылығына танымал болды. Ол осы кезеңдерде өзіне бай тәжірибе де жинады, білімін де молайтты.

Ш.Есенов 1967 жылы академик атанып, Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып сайланды. Сөйтіп, Шахмардан Есенов өзінің ұстазы, Қазақстан Ғылым Академиясының жеке отауын құрып және оны 15 жыл басқарған ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтің игі ісін жалғастыру жолына біржола түсті.

Ғылым Академиясында еңбектенген уақыты Шахмардан Есеновтің өмірінің ең жарқын тұсы болды деуге толық негіз бар. Мұнда ол нағыз кемел шағында келіп, қазақ ғылымын жаңа биіктерге көтеріп, әсіресе дарынды жастардың академияға көптеп келуіне барлық мүмкіндіктерді жасады. Кейіннен біздер, Ш.Есенов басқарған жеті жыл ішінде Ғылым Академиясы алға қойған көптеген творчествалық жоспарлардың іс жүзіне асқандығының куәсі болдық.

Ең бірінші ол іргелі (фундаментальный) ғылымға, оның жаңа актуальды даму бағытына, баса назар аударды. Және бұл түсінікті де еді, себебі іргелі ғылым - халық мәдениетінің қомақты бір бөлігі, ұлт өркениеті деңгейінің нақты, сенімді көрсеткіші болып табылады. Отан даңқын ылғи да осы іргелі ғылым өкілдері шығаратын. Олар, ерте заманда-- Әбу-Насыр әль-Фраби, біздің заманымызда – Сәтбаев, Әуезов, Марғұлан, Бөкетов, Айтхожин, Сұлтанғазин, Қозыбаев және олардың ізбасарлары.

Ш.Есенов баса назар аударған және бір бағыт – ол ғылым мен өндірістің тығыз байланыста болуына мүмкіндік жасау. Ғылым өндірістің дамуына қызмет етуі керек – бұл сатбаевтік дәстүр. Осы дәстүрдің жалғастырушысы Ш.Есенов болды.

Ол қоғам тіршілігінің кей салаларының нақты мәселелерін жетілдіру тұрғысында бірқатар институттар мен лабораториялар ашты. Атап айтатын болсақ, 1965 жылы Қазақстанның аридті аумағында (аридные территорий) аса маңызды су мәселесін зерделеу мақсатында Гидрогеология және геофизика ғылыми зерттеу институты құрылды. Республикамыздың көптеген бөліктерінің және ең ірі қала Алматының сейсмикалық аумақта екені ескеріліп Сейсмология ғылыми-зерттеу институты құрылды. Металлургия және кен байыту, астрофизика, философия және құқық институттарында, Ботаникалық бақша және басқа бөлімдерде өндіріс пен әлеуметтік салалардағы маңызды ғылыми мәселелерді шешу мақсатында бөлімшелер мен лабораториялар ашылы. Бұл шаралар Академияны материялдық жағынан нығайтып, білікті кадрлармен толықтырды.

Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бұрынғы төрағасы Камал Кетебаев былай деп еске алады: «Бірде маған Шахмардан Есенов хабарласып Мемлекеттік жоспарлау комитетінің коллегия жұмысына қатыспақ ниетінің барлығын айтты. Сол жиында ол тоғызыншы бесжылдықтағы халық-шаруашылығы жоспары көрсеткіштерінің басты бөлігін – ғылым мен техника жетістіктерін өндірісте пайдалану мәселесін бірге қарастыруды ұсынды. Содан, Мемлекеттік жоспарлау комитеті мен Қазақстан Ғылым академиясы Президиумының бірлескен отырыстарының графигі жасалды. Бұл жұмыс ұзақ уақыт жалғасты және тоғызыншы бесжылдықтың халық-шаруашылығы жоспары толығымен түзіліп, жасалып болған соң, республика басшылығымен мақұлданғаннан кейін ғана тоқтатылды.»

Бұл бастама көп ұзамай өз жемісін берді. Тоғызыншы бесжылдықта республикада өнеркәсіп өнімдері 60 пайызға, ұлттық табыс 42 пайызға өсті. Өкінішке орай, соңғы жылдары әртүрлі себептермен тиімді де әдемі дәстүрді жоғалтып алдық, оның себептеріне төменірек ораламыз.

Ш.Есенов Академияның ғылыми кадр мәселесін жетілдіруге, әсіресе, жастармен толықтыруға қомақты үлес қосты. Одақ көлемінде бірінші болып жас ғалымдардың ұйымын құрды. Басқа республикалардың академиялары бұдан үлгі алып артынша мұндай ұйымды аша бастады. Сөйтіп, жыл сайын жас ғалымдардың ғылыми конференциясын өткізіп тұру әдетке айналды. Соның арқасында Ш.Есенов басқарған жеті жыл ішінде Академияның жас ғылымдар мен қызметкерлер саны 1,5 есеге өсті. Мен Академия Президиумының Бас ғылыми хатшысы болып келген 1990 жылы, осы кезде еңбектеніп жүрген академиктердің жартысына жуығы Ш.Есенов президенттігі кезінде академия құрамына мүше болып сайланғандар еді. Осы бір ғана фактінің өзі оның іскерлігін, өзіне сеніп тапсырылған қызметке деген жауапкершілігін, мұның артында Қазақстан ғылымына деген жанашырлығын көрсетсе керек.

Ғылым Академиясының сала-салаға бөлінген салиқалы жұмысының ортасында отырып та, Қ.Сәтбаев атындағы Геология Институтының директоры қызметін атқарып жүріп те ол геология мен жер қойнауын барлау мәселесінің теориялық зерттеулерімен айналысуға уақыт табатын. Қанатты сөзге айналып кеткен Шахмардан Есеновтің: «Жанымның жалауы -- Қазақстан, әуені – геология!» --деген сөзінің мағынасы өте терең, айтпағы мол.

Академияны басқарған кезінде ол металлогения саласында ғылыми мектептің іргетасын қалады. «Қазақстан кеніші», «Маңғыстаудың тектоника және мұнай мен газдылығы» және басқа монографиялары республикамыздың аса құнды ғылыми қорын байытып тұрған еңбектер.

Ғылым мен экономиканы дамыту жолындағы қажырлы еңбегі мен белсенді қоғам қайраткерлігі оны республика дәрежесіндегі тұлға ретінде қалыптастырады. Ш.Есеновтың араласатын ортасы ғалымдар мен геологтар ғана емес, жазушы, ақын, даңқты еңбек ардагерлері де болды. Қазақстанға белгілі адамдар: Әбділда Тәжібаев, Әзілхан Нұршайқов, Кеңес Нүрпейсов, Ағын Қасымжанов, Досмұхамбет Кішібеков, Ахмет Ержанұлы. Кейінірек, бұлардың бәрі Шахмардан Есенов хақында, қазақтың біртуар азаматымен бірге замандас болып, әріптес атанғандарын және онымен дос болу бақытына ие болғандарын мақтан етіп, тамаша-тамаша естеліктер жазды. Бұл естеліктер Шахмардан Есенов бейнесін бүгінгі ұрпаққа, болашақ жастарға танытуға тұрарлық татымды еңбектер деп бағалаймыз.

Ғылым Академиясы 1972 жылы Жамбыл Жабаевтің туғанына 125 жыл толуына байланысты арнайы сессия өткізді. Осы мерейтойда Ш Есеновтың: «Өзінің замандас ақындарының арасында Жамбыл Алатаудың ең биік шыңы іспетті» деген сөзі әлі халық жадында, біздің де көкейімізде күмбірлеп тұр.

Орта Азия халықтарының рухани мәдениетін қайта жаңғырту, оның әлем мәдениетіне қосқан үлесін айқындап және оны дәріптеу мәселесі Шахмардан Есеновтың жадынан бір сәтке де шыққан емес. Соның айғағы – Ш.Есеновтың тікелей араласуының арқасында жерлесіміз, отырарлық Әль-Фарабимен халық қауышты және оның мол ғылыми еңбектерімен, философиялық ойларымен танысу мүмкіндігіне қол жеткізді. Қазір Әль-Фарабидің ғылыми жаңалықтары тарих, әдебиет оқулықтарының барлығына дерлік енген.

Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» маңыздылығына Ш.Есенов ғылыми тұрғыдан өте жоғары баға бере отырып, әлемдік мәдениеттің мол қорына қосылатын құнды еңбек екенін атап айтты.

Сонымен бірге бүгінгі таңда Ш.Есенов өмірінің «көлеңкелі» тұстарын жасырып қалып, айтпай кету ағаттық. «Тарих» деген күрделі оқу құралы бар. Одан ештеңені алып тастай да, жаңадан бірдеңелерді қоса да алмайсыз. Есеновтің басынан өткерген әділетсіздік пен қысастықты біз бүгінде айтар болсақ, біреуді мұқату мен кекету үшін емес, болашаққа сабақ болсын, ұрпағымыз ондай әдепсіздікті қайталамаса екен деген ниетте ғана айтамыз.

Білгір ғалым, кәсіби маман атанып, кемелденген кезінде ол 47 жаста еді. Осы уақытқа дейін Ш.Есенов: министр, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Ғылым Академиясының президенті, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлық беру Комитетінің төрағасы, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлық Комитетінің мүшесі, академик, Республика Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, депутат, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, Кеңестер Одағы Компартиясы Орталық Комитетіне мүшелікке кандидат, КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаты, Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесінің халық ағарту, ғылым және мәдениет жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары болып сайланды. Лениндік және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері болды, Ленин орденімен екі рет марапатталды. Осылардың барлығы оған Қазақстандағы ең жауапты қызметтердің тапсырылуының және оны аса жауапкершілікпен жоғары деңгейде атқарғанының айғағы десе де болады.

1974 жылы Ш.Есеновты Ғылым Академисы президенттігі қызметінен босатып, қайтадан Геология министрлігіне тағайындады. Содан соң себебі түсіндірілмей бұл жұмыстан да босатып, Бетпақ даладағы екінші дәрежелі Балхаш экспедициясын басқаруға жіберілді. Ол онда да жұмысты ұйымдастырудың асқан үлгісін көрсетіп, Бетпақтың даласында жатқан экспедиция мүшелерін Балқаш қаласына көшіріп, пәтерлер алуына көмектеседі. Геологтардың балалары бала бақшаларға барып, орта мектептерде оқуға мүмкіндік алады. Жаңадан бірнеше кен орындары бірінен соң бірі ашылады. Есенов есімі қайтадан Бетпақтың даласынан асып, мықты ғалым-геолог ретінде биікке көтеріле бастайды. Биліктегілерге бұл да ұнамайды. Содан Алматыға қайта оралып, Қазақ политехникалық институтына (Қазір Қ.Сатбаев атындағы Ұлттық техникалық университет) қызметке шақырғандарды да, Есеновті де қайта қудалау басталды...

Ол өмірінің осынау бір қиын кезеңі туралы айтуды қаламайтын. Ал оны жақсы білетін замандастары мен қызметтестері мұның барып тұрған әділетсіздік екенін ол кезде ашық айта алмағанмен бәрі де біліп, сезіп жүрді. Ал, жаңа заман, демократиялық қоғам орнаған кезде оның биліктен көрген қорлықтарын әріптестері жасырып қалмай, ашып жазды да. Көрнекті тұлғалардың айналасында қызғаншақ, іші тар адамдардың болатыны әуелден-ақ тіршілік заңында бар құбылыс. Өкінішке орай сондайлар дарынды, іскер, ел қамын ойлай білетін Ш.Есеновтің өмір жолына тап келіп, өтірік жала жауып, оның үлкен «орбитадан» шығарып тастауға арам пиғылдарын жүргізіп бақты. Ақырында қолдарында билігі бар олар мақсаттарына жетті де. Біртуар, аса дарынды ғалым, басшы Есеновті шыққан биігінен төмен қарай құлатты...

Осы бір ауыр жылдарда, кейіннен Қазақ политехникалық институтында кафедра меңгерушісі болған кезінде, Республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған тұсында да және өмірінің соңғы уақыттарында біз Шахаңмен жиі кездесіп тұрдық. Әр тақырыпта, әсіресе, қазақ ғылымының болашағы жөнінде әңгімелесетінбіз. Мен айтып отырған естеліктер осы кездесулердің жемісі. Өмірдің орны толмас қатал да әділетсіз соққысын басынын өткізсе де ол жанының сұлулығы мен парасатын, ерік пен жігерін бұрынғыдай сақтап қала білді. Оның терең ойы, иманды жүзі, батыр тұлғасы әркез маған жақсы әсер қалдыратын.

Ол ұзақ уақыт ауыр науқастан төсек тартып жатып қалды. Осы кездерде емханаға жиі барып тұрдым. Басқа түскен жан азабына мойымай, төзе білгенінің куәсі болдым. Адал жары Кәмилә Бегімбайқызының күні-түні, айлар бойы, қасында болып, басқа түскен қиыншылықты жарымен бірге көтеріп, жарының қас-қабағына қарап, бір сәтке де мұңлы көздерін алмай отырғанының талай куәсі болдым. Олар – Шахмардан Есенов пен Кәмилә Бегімбайқызы кішкентай ғана қарапайым қазақ аулында туып-өсіп, аса білімді, парасатты, жандары сұлу, текті тұқымнан шыққан тектілер екенін көрсетіп, зиялылықтарынан айнымады.

1994 жылы Ғылым Академиясын басқарып тұрған кезімде Президиумның сессиясына Ш.Есенов те шақырылып, 20 жыл өткеннен кейін бұрынғы өзінің үйреншікті орнына жайғасқан оған еріксіз көз қиығымды салдым. Әлде бір алысқа бағытталған, ойға тұнған көздерін көрдім. Осынау алып тұлғалы, өр мінезді жан сол сәтте нені ойлады екен: ғылымға, еліне сіңірген еңбегі үшін бақытты екенін ойлады ма, әлде құдай сыйлаған талантын өз дәрежесінде халқы үшін толық пайдалануға мұрша бермеген тағдырына налыды ма, жоқ туған даласының, ел мен жұртының ендігі жағдайы, болашағы мазалады ма екен? Иә, біз оны енді ешқашан біле алмаймыз, ол сол-- 1994 жылы өмірден озды».

Бірінші бөлім

ӨМІРІ «ӨЛАРАДА» ӨТКЕН ЖОРАБЕК

« Бойы екі метрден асатын Шахмардан

палуан денелі, өз тұлғасы өзіне

жарасымды, сөйлескен кісілеріне лебінің

жылылығы үнемі сезіліп тұратын ақпейіл

жан еді. Мен Шахмарданға қарап

отырғанда есіме оның әкесі, біздің ағамыз

Есенов Жорабек түсуші ед...і»

Әбділда Тәжібаев

Ақын Әбділданың: «бойы екі метрден асатын, палуан денелі, өз тұлғасы өзіне жарасымды, сөйлескен кісілеріне лебінің жылылығы үнемі сезіліп тұратын ақпейіл жан» деп, суреттеп отырған адамы-- Лениндік және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, екі рет Ленин орденімен марапатталған, академик, қазақтың біртуар азаматы, осы кітаптың басты кейіпкері – Есенов Есенұлы Шахмардан. Турасын айтқанда ол Есеннің емес Жорабектің ұлы. Бұлай әкесінің емес атасының атына жазылуына бала Шахмарданның өзі «кінәлі» еді.

Бір жылы Жорабек бастаған біраз ағайын Жөлектен «Ащықұдық» колхозының екінші өндірістік бригадасына қоныс тепті. Олар: Жорабек, Палымбет, Әбіқан, Даулет, Әшекей, Мәшен, Есжан, Қобланды, Ыбырай, Әли, Мұрат, Нұрмағанбет, Сарсенбай, Асқар... Ұжымға қосыламыз деген ағайындар көбейіп, ақырында үлкен бір ауылға айналды. Қауымдасып егін-егіп, бақша өсіріп, мал басын көбейтпек болды. «Ащықұдықта» мектеп болмағандықтан ауыл балалары аудан орталығы «Тартоғайға» барып оқуларына тура келді. Дүние кем болғанмен адамдардың пейілінің кең кез ғой, Жорабек жақын бір ағайынның үйіне балаларын жатып оқуға жайғастырды. Екі ұлының ара жастары жақын болғандықтан және Шахмардан оқимын деп қоймаған соң бірінші класқа бірге әкелді. Алдарынан ақжарқын шыққан жас мұғалім Ержігітке Жорабек:

--Айналайын қалқам, мынау менің үлкен ұлым Шаһызадан, мектеп жасында, ал, мынау кіші ұлым Шахмардан, бірақ бұның жасы әлі толыңқырамайды. Бірақ «оқимын да, оқимын» деп болмай тұр. Не істейсіңдер бұны, оқуға аласыңдар ма, әлде ауылға алып қайтамын ба?—деді.

--Көке, қайтпаймын ауылға, оқимын,--деді, жұлып алғандай әкесіне өктем үнмен мұғалімнің жауабын күтпей-ақ.

--Аға, оқимын деген баланы алмағанда кімді аламыз. Бір-екі жас ештеңе етпейді, қайта екеуі бір-біріне серік болмай ма?--деді. Бұған Жорабектің көңілі көтеріліп-ақ қалды. Шахмарданның «оқимын!» деген ынтасын «мектепке жасы жетпейді» деп, қайтарып тастар ма екен деп ойлана келіп еді. Іштей «бұл дұрыс болды» деп қойды.

Жас мұғалім көздері көкшілдеу, жүздері сары, бір-бірінен түрлері айнымай тұрған екі балаға кезек-кезек қарап:

-- Сонда қалай, екеуің де Жорабеков боласыңдар ма, біз қалай ажыратамыз сендерді?—деп, жеңіл әзілдеген болды. Оны шын көрген Шахмардан:

--Жоқ, мен атамның баласымын, мен Есенов боламын,-- деді, мектепке алмай қояр ма екен дегендей бірден жауап қайтарып. Сөйтті де «дұрыс па?» дегендей әкесіне жалт қарады. Жорабек болса:

--Әй, осы сарынікі дұрыс, болсын, болсын!--деді де, баласының арқасынан қағып-қағып қойып, кеңкілдеп күліп алды.

--Аға, қысылып тұр едіңіз, балаңыз жөнін тауып кетті-ау деймін,- деп, Ержігіт мұғалім оған қосыла күліп.

Не керек, осы сәт, осы күнен бастап Жорабектің екі ұлының үлкені Шаһызадан Жорабеков, ал, кішісі Шахмардан Есенов болып бірінші кластың жазу «тарихына» есімдері жазылды.

Мұндай ауыс-түйіс, үлкендердің тұңғыш немересін бауырына басып, өз нәмдеріне жазуы қазақ үшін таңсық емес, әрине, қайта дәстүрі мен салты десе де болады.

***


Әрбір адам-тарих, әрбір адам-өмір! Академик Есенов Шахмарданның әкесі Жорабек екенін білдік. Енді білмегіміз, Жорабектің әкесі Есен, Есеннің әкесі Деріпсал, ал, Деріпсалдың әкесі Маңдай... Олар туралы біз не білеміз? Шыққан тектері, ата-бабалары кім болған? Бабабек кім? Олар өмір сүрген қоғамның қам-қаракеті, тіршілік-тынысы қандай еді? Сұрақ көп. Жауап аз. Бірақ сол аз жауаптың өзінен құн пікір тапқандаймыз. Орта жүздің айтулы ақыны Тәтіқара Сарыарқаны қиып өтіп, Сыр бойына талай-талай келген екен. Жыр төкпесі Тәтіқарадан мынадай жолдар қалыпты:

Бөкейді айт Сағыр менен Дулаттағы,

Деріпсал, Маңдайды айт Қыпшақтағы.

Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын,

Сары менен Баянды айт Уақтағы,--дейді.

Бізге керегі: «Деріпсал, Маңдайды айт Қыпшақтағы»!

Хош деп тұралық. Жазушы, тарихшы Мұхтар Мағауин: «...ХІХ ғасырдың орта шенінде қазақ халқының басынан өткен ұрыс-соғыстарға қарапайым жауынгер ретінде қатысқан Тәтіқара көне заман батырлары, олардың ел қорғаудағы ерлік істері туралы жұрттың рухын көтеретін үлкенді-кішілі жырлар айтумен қатар өз жанынан күделікті әскери өмірге қатысты, жауынгерлерді қиындыққа мойымауға, ерлікке, күреске үндеген өлеңдер шығарып отырған...»дейді. Олай болса ақын Тәтіқара тектен-текке Маңдай мен Деріпсалды жырына қосып тұрған жоқ, олардың ел мен жерін, халқын қорғаудағы ерлігіне сүйсінгендіктен аттарын атап отыр. Ал, Маңдай мен Деріпсалдың Шахмардан бабалары екенін көне көз қариялар Дәулетов Абдолла мен Ізтілеуов Серғара да айтады, «Қыпшақтар» шежіре кітабында да жазылған. Шахмарданның текті тұқымнан шыққанын қиыннан қиыстырып отырғанымыз жоқ, бар деректі баяндадық.

Баба Маңдай, Деріпсал мен ата Есен өте күрделі, қарама-қайшылығы мол кезеңде өмір сүрді, тіршілік кешті. Қазақ халқы өз дербестігін, бостандығын жоғалта бастады, орыстар қаптап қазақ жеріне кіре берді, кіре берді. Осы кездерде өмір сүрген Маңдай мен Деріпсал текке қарап жата бермеген болып тұр ғой. Бас көтеріп, елдің сөзін сөйлеп, халықтың қамын жеген батыр, кезекті сөзін ешкімге жібермеген шешен болғандай. Өз уақытының жақсы мен жаманын таразылап, жалпы жұртқа жариялап жүретін Тәтіқара секілді ақын-жыраудың назарына ілігулері тегіннен тегін емес, әрине.

Амал қанша, патша әкімшілігі қазақ жерін отарлап, шұрайлы жерлерін тартып алып, өз заңы мен зүкінін орнатты, хандық билікті таратып, қазақ жерін бөлшектеп тастады. Қазақ ішіне іріткі салды. Қысқасы, бар байлығы—жерінен және тәуелсіздігінен айырылған қазақ халқы ХХ ғасыр есігін азып-тозып, аш-жалаңаш күйде ашты...

Дәл осы тұста Деріпсалдың баласы Есен өз балалары Жорабек пен Бабабекті өткен ғасырды басында орыс оқуына, анықтай айтқанда Жорабекті Тәшкеннің Діни семинариясына, Бабабекті Мұғалімдер семинариясына апарып оқуға береді. «Баларыңды кәпірдің оқуына бердің» деген, қалың ағайынның қарсылығына қарамайды. Әліпті таяқ деп білмеген Есеннің бұл әрекетіне бүгінгі біз де қайранбыз, әрі ризамыз. Ақырында оның балаларына берген бағыт-бағдарының дұрыс болғандығын уақыттың өзі көрсетті. Семинарияны бітіріп, қараңғы қазақ ортасына келіп, сауаттылықтың, білімділіктің артықшылығын, былайғы өмірде қажеттілігін іс-әрекеттерімен көрсетті, көптің көзін жеткізді.

Есен ақсақалды қазақ үрдісінде ол кезде жоқ-- бала оқытуға мәжбүрлеген кім немесе нендей себеп болды екен деген сауал туу мүмкін. Бұл сұраққа да нақтылы жауап табу бізге де қиын. Себебі, ол кезден қатталып қалған құжат, мұрағат бізде жоқ. Еріксіз халық даналығына, фәлсапасына құлақ түреміз. Халықтың данагөй жырауы Майлықожа ақын айтпай ма: «Жаманнан жақсы туса да, жақсыдан жаман туса да тартпай қоймас негізге» деп. Осы тұжырым-түйінге біз де сүйене отырып баба Маңдай, Деріпсал, ата Есен дүние-әлемнің білімін меңгермеген сауатсыз болса да жаратушы ақыл-естен, түсінік-түйсіктен кенде етпеген-ау дейміз. Әйтпесе, ауылдағы көптің бірі болып, барды қанағат тұтып отыра бересе де ешкім оларға ештеңе демес еді ғой. Жоқ, жаратушы берген түйсік оған өмір ағысының өзгеріп бара жатқанын, ендігі жерде ел-жұрт болу үшін оқу мен білім керектігін түсіндіріп тұр. Бабалары Маңдай, Деріпсалдың батыр, шешендігіне, ата Есеннің көрегендігіне, Жорабек пен Бабабектің зерек, алғыр, іскерлігіне, Шахмарданның шалқар білімі мен ғұлама ғалымдығына қарап жақсыдан жақсы, тектіден текті туатынына, данагөй Майлықожа фәлсапасына мүлтіксіз сенесіз.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет