Шахмардан есенов


Сарыарқа төсінен Итауыз, Сарыоба, Қарашошақ, Қыпшақбай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас мыс кеніштері және Жыланды, Қумола көгілдір асбест... теңдесі жоқ кен орындары



бет4/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Сарыарқа төсінен Итауыз, Сарыоба, Қарашошақ, Қыпшақбай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас мыс кеніштері және Жыланды, Қумола көгілдір асбест... теңдесі жоқ кен орындары ашылды.

Жезқазған жеріндегі Шахмарданның айтарлықтай атқарған бір ісі—жер асты теңіз көзін тауып, ауыз сумен халықты қамтамасыз ету болды.

Айналасында гүрілдеп аққан өзен мен көгілдір көлі болмаған соң Жезқазған тұрғындары мен өндіріс орындары судың тақсіретін тартып отырғалы талай жыл. Сусыз өмір, өмір ме? Жер бетіндегі тіршіліктің өзі су ішінде басталмап па еді?! Олай болса халықты бұлай қинауға болмас, су көзін табу керек деп Шахмардан геологтарына жаңа мақсат қойды. Жері таулы- қыратты, Ұлытауды айнала ағып жатқан жылғалы бұлақ аз емес. Ғылымға жүгінсек мұндай аймақта жер асты су көзінің болмауы мүмкін емес, тек таба білу керек. Бұл мәселе геологтар алдына бұдан бұрын да талай қойылған. Бірақ, үнемі бастауын бастағанмен аяқсыз қалып, кейінге шегеріле берді. Енді, шегіне жеткен су проблемасы шегінерге жер қалдырмай тұр. Жезқазғанда өндіріс ошақтары көбейді, қала өсті, халық көбейді. Суға деген мұқтаждық өсті. Мұқтаждықты жоюдың жолы—су асты көлдер көзін табу. Осындай сауапты да, салиқалы міндет Шахмардан экспедициясына жүктелді. Тапсырманың маңыздылығын түсінген олар оны орындауға құлшына кірісті.

Жер асты суын айлап, жылдап іздеді. Ғылыми тұжырымдарға сүйенді, халық сөзіне құлақ түріп, ескі, көзі жабылып қалған бұлақ пен өзен табандарын іздеді. Не керек, күндердің бір күнінде Жанай мен Айдос мекенінен тап-таза, мөп-мөлдір су аспанға атылды. Ойхой, ол күнгі жезқазғандықтардың қуанышында шек болған жоқ. Шахмардан бастаған геологтарға айтылып жатқан алғыс пен марапатта шек болсайшы. Енді қайтсін, өмір бойы суға жарымай Артынша жер-жерге құбыр тартылып, көп қабатты үйлерге алғаш су кіргізілді, өмір гүлденіп, тіршілік мәнденіп қалды. Рудниктер мен көптеген шахталар суға «тойып», халық бау-бақша салып, көкке ауыздары тиді. Осы еңбегін бағалап оған «Жанай мен Айдостан су көзін тапқан Бас геолог» деген диплом берілді. Бұл марапаттың жас Шахмарданға берген құш-қайраты аз болған жоқ. Іштей ол да: «халықтан алған алғысқа ештеңе жетпейді» деп, түрленіп қалған-ды.

Шахмардан Жезқазған мен ұлы Ұлытау арасын, тораңғылы толған дала мен ақселеуі желкілдеген кер жазықты оңды-солды кезді, сырын ішіне бүгіп жатқан жер қабатын зерттеді, көңіл көзін жүгіртті. Жастың талабын көрген, белсенділігін байқаған, біліміне сенген басшылар оны аз уақытта отряд геологі қызметінен аға геолог қызметіне көтерді. Барлау жұмысының көп сырларына қанықты. Институтта жақсы оқыған ол «бәрін білемін» деп жүргені бекер, кітап теориясынан дала «теориясы» жұмбақтау, кей тұста алшақтау екенін түсінді.

Біртіндеп-біртіндеп Шахмардан алдынан геологиялық барлаудың түрлі проблемалары шыға бастады. Шешуге ұмтылды, бастамашы болды. Ол Жезқазған кенді аймағының ірі масштабты геологиялық болжау картасы сызылып, онда мыс, қорғасын және мырыш рудалары таралған аудандардың шекаралары айқындалып, олардың таралу географиясы бұрын белгілі болған кенді аймақтан да сыртқары жатқаны анықталды. Осыған орай Шахмардан тың ойларын ұстазы Қаныш Сәтбаевқа айтып, ақылдаса келіп Мәскеу мен Алматының тиісті министрліктерінің алдына мәселе етіп қойды.

Бұл істің мән-жайын жақсы білетін ғалымдар, академиктер С.М.Қожахметов пен Х.А.Беспаев былай дейді:



«- Алғашқыда отряд геологы қызметінен бастаған ол аз уақыттың ішінде аға геолог дәрежесіне дейін көтеріліп, көп кешікпей экспедицияның Бас геологы, ал, 1957 жылдан бастап Қазақстан және сол кездегі Одаққа белгілі аса ірі Жезқазған кешенді геологиялық экспедициясының Бас инженері қызметін атқарды.

Ұлытау-Жезқазған өңірінде жүргізілген геологиялық жұмыстарды Ш.Есенов 11 жыл бойы үзбей басқарып, мыс, түсті металлдардың республика бойынша аса ірі шикізат қорын жасауға үлкен ықпал жасады. Оның тікелей инициативасы және басшылығымен 50-ші жылдарда Жезқазған кенді аймағының ірі масштабты геологиялық болжау картасы сызылып, онда мыс, қорғасын және мырыш рудалары таралған аудандардың шекаралары айқындалып, олардың таралу географиясының кенді аймақтың территориясынан да сыртқары жатқаны белгілі болды.

Міне, осы болжамға қарап, сол кезде Жезқазғанның айқындалған қорын 3-4 есе ұлғайтуға болатындығы жайында тың идея туды. Келешегі жоғары саналатын аудандарда қолда бар күшпен жан-жақты толық бұрғы салып барлау жұмысын жүргізу мүмкін де емес еді, әрі көп уақытқа созылатыны белгілі. Осыған орай перспективасы жоғары аудандарды небәрі 10 жылдың ішінде барлау үшін Шахмардан Есенов экспедицияның басқа да басшыларымен келісе отырып, бұрғы жұмысының көлемін (бұрғылау техникасын) 5 есе арттыру мәселесін алға қойды. Осындай батыл ұсынысты Ғылым Академиясы (Қ.И.Сәтбаев) және Қазақ ССР-інің Геология және жер қойнауын қорғау министірлігі де қолдады. Қуатты бұрғы техникасын, 100-ден артық бұрғылау агрегаттарын пайдалану, Жезқазғандағы мүмкіншілікті барынша арттырды, сонымен бірге 60-шы жылдардың басында Ш.Есенов басқарған геологтардың болжауы таңқаларлық дәлдікпен анықталды. Бұл Жезқазғанның сол кездегі қорын 2,5-3 ұлғайтуға мүмкіндік берді, оны кейінгі жылдарда кен орындарында жүргізілген бас есептеу нәтижесі көрсетті. Осы кезеңде Жыланды мыс кендерінде (Итауыз, Сарыоба, Қарашажақ, Қыпшақбай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас,т.б.) барлау жұмыстары жүргізіліп, олардың болашағы айқындалды. Осындай аса ірі көлемде жүргізілген жұмыстарының нәтижесі үшін «Ш.Есенов кен орындарын алғаш ашушы» деген дипломын алды.

Шахмардан Жорабекұлы өзінің Жезқазған өңірінде жасаған қызметі кезінде мыс кен орындарын барлау және бағалау жұмыстарымен ғана айналысып қойған жоқ, сол сияқты басқа да металлдар кен көздерін ашуға барынша ат салысты: кендіртас, марганец, полиметалл, никель, кобалть, темір, тағы басқа да металлдар қорларын айқындады. Осы кезе ол үлкен әрі бағалы жаңалық ашты: кен орындарына жан-жақты тексеру және барлау жұмыстарын өзі арнайы жасаған әдістемесі бойынша жүргізді. Осы әдіс бойынша аса ірі стратегиялық маңызы жоғары родусит-кендір тасы бар Қумола кенін анықтады. Елімізде оны «Жезқазған түрі» деп атады. Айта кететін бір жәйт Ш.Есенов жүргізген кен орындарының барлау және бағалау әдісі сол кезде қолданылып жүрген құжаттардың нормасы мен талаптарына мүлде кереғар болатын, бірақ жаңа әдістеменің уақытты тиімді пайдаланып, үлкен экономикалық жетістіктерге жол ашатыны белгілі болды. Осындай жаңа барлау әдістемесінің кен орындарын барлау және бағалауда бұрыннан қолданылып жүрген құжаттар талаптарына қайшылықтарына қарамастан Қумола өңіріндегі кендіртас кен орындарының жаңа әдіспен есептелген қоры СССР Мемлекеттік Қор комиссиясында бекітілді. Осылай родусит-кендіртас кен орыны өте қысқа мерзім ішінде өндіріске енгізіліп, Шахмардан Жорабекұлының әдістемесі бұрынғы Одақтық геология салалары бойынша негізгі құжат болып қабылданды...

Көп жылғы қажырлы еңбегі және аса білікті инженерлік қызметі, кенді аймақтың байлығын ашу бағытында жан-жақты кең ауқымды және кешенді жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары, минералды ресурстарды тездетіп іске қосу, игеру, басқа да көптеген кезегін күтіп тұрған проблемаларды дер кезінде шешуі—ол үшін тамаша өмір мектебі болды. Практикалық жұмыста жинақтаған бай тәжірибесін, терең ғылыми білімін және ұйымдастырушылық талантын Ш.Есенов кейінгі жылдардағы лауазымды қызметтерінде де толық пайдалана білді...»

***


Зымыран уақыт бір сәтке артына қарайлап тоқтасайшы. Жоқ, оның тоқтауға мүмкіндігі жоқ. Табиғат заңы солай. Сол заңмен ол өз шығырында шыр айнала береді. Шахмардан: «Барлау... Ұлытау... Жезді... алтын, күміс, мыс, жез...» деп жүргенде біраз жылдардың өтіп те кеткенін байқамапты. Бұл кезде Кәмила мектепте оқу ісінің меңгерушісі болатын. Шәрипа ана тұңғыш немересі Шайзаданы бауырына басып, қызық көрген кезі. Ендігі тілегі жалғызымның ізін жалғайтын бір ер бала болса деп армандап, іштей тілейді. Жаратушы көп ұзамай Шарипаның тілегін берді, екінші немересі ұл болып, атын ырымдап, мақсатты, мұратты болсын деп «Мақсұтбек» қойды. Оның соңынан Ескендірбек, Сұлтанбек келді өмірге.

Сол бір жылдардың естелігін Кәмила апайдың аузынан естігіміз келіп, әңгімеге тарттық. «Е, несін сұрайсың, қалқам...» деп, жеңіл ғана күрсініп алды да:

--Шахаң, «Өтті де кетті-ау қайран бір, көктемгі тасқын суындай» деп, Тургенов өлеңін соңғы жылдары жиі еске алып, айтып отыратын. Сол секілді бәрі де өтті де кетті ғой. Өткен өмірге өкінуге хақым жоқ, тек Батырдың өмірден ертелеу кеткені болмаса.., - деді, көңілі жабырқап. Біз «Батырым» деп кімді айтып отыр екен деп, енді сұрақ қоя бергенімізде: - бәрі түсінікті болу үшін әңгімені басынан бастайын, қалқам. Біз де жас болдық, біз де ғашық болдық, Батыр сөзіне де, ісіне де берік жігіт екенін дәлелдеп, мен институтты бітіргенше күтті, ақырында үй болдық, балалы-шағалы болдық.

Олар төрт жігіт: Темеш, Ғазиз, Далабай, Батыр (Шахмардан) Алматының Кен-металлургия институтын бір жылда бітіріп Жезқазғанға бірге келді. Айналайын, сен мені дұрыс түсін, тіршілікте бақырайтып-бадырайтып «Шахмардан!» деп атамай «Батырым» деп кетіп едім. Көзі жоқ болса да солай атаймын әлі. Оның сыры мынадай. Жаңадан келін болып түсіп, жат ортаға енді-енді үйреніп жатқан кезім. Әлгі төрт дос байқастап қарасам бірін-бірі «Батыр» деп атайды екен. Қандай жақсы. Қазақ айтпай ма, «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер, өспес елдің баласы бірін бірі қатын дер» деп. Олардың бір-біріне деген мұндай ілтипаты маған қатты ұнады. Өсер елдің ұлдарын көргендей қуандым. Қарасам олардың әйелдері де ерлерінің есімін атамай бәрі «батыр» дейді екен. Бізден басқалары үйлі- баранды, балалы- шағалы болып қойған. Содан мен де Шахаңды «Батыр» деуге көштім. Бір қызығы, «Батыр» деп атау екеуміздің арамызда бір жола қалып қойды. Шынында да Шахаң «Батыр» деген атқа ылайық еді. Бойы да, ойы да сай азамат еді-ау...

Несін сұрайсыз, ол жылдар біздің өміріміздің ең бір тәтті, қызықты кезеңі. Қызық. Бірде олардың бір жолдасы брезент туфли сатып алыпты. Тапшылық кез ғой, теріден тігілген туфлиге ақша қайда. Содан оған Батырлар жу да, жу деп қоймайды ғой баяғы. Таңертең қарасам әлгі жігіт брезент туфлиін арықтың суына жуып отыр. Маған: «Кәмилаш, сенің Батырларың оңбайды... қарашы, кеше ғана алған брезент туфлимді батпаққа батырып... «жаңа затты жуу керек» деп, қояр да қоймай жуғызды, алған бағасынан үш есеге асып түсті. Солай да бола ма, Кәмилаш!... Ең болмаса кожынный болса да өкінбес едім ғой...әй, бұл батырлар ма, батырлар...» деп қойып, өзі шиқ- шиқ күледі.

Жас адамның әр күні қызыққа толы болады екен. Есейе келе ғой, балалар өсіп, түрлі проблемалардың шығатыны. Біздің жастық шағымыз бәрінен де қызық болған секілді. Әрқайсымыздың соңымызда екі-үш баладан, не керек «құстың базары» сияқты улап-шулап бір-біріміздің туған күнімізді, мерекелерді бірге өткіземіз. Әсіресе, «Батырларымыздың» бір-біріне деген достығы мықты болды, қайда барса да жұптарын жазбай, төрт жігіт қатар жүретін. Олар отырған той-жиын, отырыс қызықты, думанды өтетін, Батырлар ән де айтатын, биді де билейтін. Қалжыңды қандай әдемі айтушы еді. Әйтеуір, жатқан бір қыран-топан күлкі болатын. Шіркін-ай, десеңізші, Абай айтпай ма, «бұл өмір қызығыңды білдірмей ұрлайды» деп. Ақыры солай болды.

Қалқам-ай, айтып-айтпай не керек, төртеуі де дарынды, өз істерін жетік білетін мықты маман, қызметтеріне белсенді, берік болды. Соның нәтижесі шығар, мысалы, Темеш (Садуақасов) көптеген шахтаның бас инженері, басқарма бастығы болды. Жезқазған қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, сосын, Орталық Комитетте ауырөнеркәсіп бөлім бастығының орынбасары, бір жылдары Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы, Түсті металлдар министрлігінде министрдің орынбасары қызметін атқарды. Осы қызметтен зейнеткерлікке шықты. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен үш рет марапатталды.

Ал, Ғазиз (Омаров) болса өзі Ұлытаудың тумасы болатын. Қызметті смена бастығы, сосын Бас инженер болды, шахта басқармасының бастығы, «Жезқазғанкенбайыту» басқармасында партия комитетінің хатшысы, ал, 1966 жылы жаңадан «Жезқазғаншахтапроходка» тресі құрылып, сонда бірінші басқарма бастығы болды. Осы қызметте ол 21 жыл істеп, зейнеткерлікке шықты. Кейіннен «Қазақмыс» болып құрылған кезде тау-кен мәселесі бойынша корпорация президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. Оның көп жылғы жиған тәжірибесі мен білімін жаңа басшылар пайдалана білді. Көптеген орден, медалдармен марапатталды, Социалистік Еңбек Ері атанды.

Тау-кен саласында маркшейдер деген мамандық бар. Далабай (Ешпанов) еңбек жолын осы мамандықтан бастады. Бірақ бұл жерден оны атақты кенші Байқоңыров бір шахтаға учаске бастығы, сосын бас инженер етіп жіберді. Себебі, сол кезде жаңадан табылған бір әдісті, тәсілді кен байыту жұмысына тез енгізу керек болып, бұл міндетті Далабай ойдағыдай орындап шықты. Бұдан кейін оны Шығыстағы «Түрліметаллкенбайыту» комбинатына директор етіп жіберді. Ол «Жезқазғанкенбайыту» басқармасында Бас инженер, Ақшатау «Тау-кен металлургия», Балхаш «Таукенметаллургия» комбинатында директор болып қызмет атқарды. Далабай СССР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды, Қазақстанның Еңбек сіңірген кеншісі деген де атағы бар.

Ал, Шахаңды білесіз, сол кездің ең жоғарғы марапаттарының бірі- Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Кейде ойланып отырамын да, біздің жігіттеріміз қандай мықты болған, батыр десе батыр екен-ау өздері деп қоямын. Тау- кен мамандығының нағыз майталмандары бола білді, төртеуі де. Бүгінде балаларыма, немерелеріме айтып отырамын. Бәрі де әруаққа айналып кетті. Жатқан жерлері жайлы болсын, жарықтықтардың...

...Төрт баламыз да сол Жезқазғанда дүниеге келді. Ол жақтың қысы қатты ғой. Бұрғылау станоктары қатып қалмасын деп Батыр түнде бір аралап келетін. Даладағы аяздан үсті-басы аппақ қырау-қырау болып үйге кіріп келгенде балалары: «Аяз ата келді, аяз ата келді!» деп, алдынан шұрқырай шығатын, мәз болатын. Дәл осындай сәттерде Батыр мен анасы өздерін ең бақытты жандардай сезінетін. Оларға қарап менің де жүрегім қуанышқа толатын. Апам жарықтық «тәубасын» тауысқан емес, өмір бойы жалғыз үлының, немерелерінің тілеуін тілеумен өтті. Баласы жалғыз болып, баланың кемдігін көргеннен болар деп ұғатынмын. Өзі жалғыз өскен соң ба білмеймін, Батыр балаларын өте жақсы көрді, бірақ беталды еркелетпеді. «Өмірге әкелдік пе, жақсылап тәрбиелейік, Батыр» деп, қатты айтсам ренжіп қала ма дегендей ойын еркелете тұрып жеткізетін маған. Пейілін түсіндім де, балалардың басы көбейген соң мектептегі оқу ісінің меңгерушілігі қызметімді қоя қойып, үй шаруасымен айналыстым, анамызға қарадым.Батырдың анасы алтын адам еді, жалғыз баламның әйелі ғой деді ме білмеймін, еш ренжіп, бетіме келген емес. Айтар ақылын аялап, жұмсартып қана жеткізетін. Бір үйдің қызындай тату-тәтті өмір сүрдік...

Мына бір оқиға дәл кешегідей көз алдымда тұрады да қояды. Ер баламыз Мақсұтбек өмірге келгенде апам да, Батыр да қатты қуанды. Түсінікті ғой. Біреуінің баласы жалғыз, біреуінің өзі жалғыз. Тіршіліктің жалғасы келгендей қатты қуанды. Бір күні Батыр жұмыстан келе сала:

-Апа, Жорабектің ұрпағын жалғастыратын Мақсұтбек деген ұлды дүниеге әкелген келініңізге сый-сяпат жасауға рұқсат етіңізші, -деді, дәу тұлғасын қайда тығарын білмей, еңкейіп, анасына жалт-жалт қарап, балаша еркелеп. Ол кісі не болғалы тұрғанын аса түсінбесе де, әйтеуір, «рұқсат, рұқсат, құлыным!» деп жатыр. Бір кезде Батыр қалтасынан алтын сағат алып менің қолыма тақты, шифон матаны иығыма жапты. Кімнің әйелі ұл бала таппай жатыр дейсің,қалқам! Батыр өзінің жалғыздығын кей-кейде сезініп, соғыстан оралмаған ағасы Шаһйзаданды есіне алып, мұңайып қалатын. Мақсұтбекті өзіне серік, таяныш болатын болды-ау деп қуанған түрі ғой. Мен апамнан ыңғайсызданып көйлекті Сіз киіңіз деп жатырмын..,- деді де Камила апай үнсіз отырып қалды. Біз бұл үнсіздікті бұза алмадық. Салықов Кәкімбек ағамыз айтпай ма, «өмір кездесу мен қоштасудан тұрады, ал, оның арасын жалғап тұратын сағыныш деген асыл бір сезім бар» деп. Кәмила апайдың Батырына деген бүгінгі сарғайған сағынышы сол күндерге бастап әкеткенін сездік те үндемедік. Бір кезде өз-өзіне келіп:-- Содан біздер, бас-аяғы Жезқазғанда 11 жыл тұрып, жора жолдас, дос, ағайын-туыс тауып Алматыға оралдық. Себебі, 1960 жылы Қазақстан Геология министрінің орынбасары болып тағайындалды Батыр...».

***


Елуінші жылдардың аяғында Есенов Шахмардан есімі Жезқазған өңірінен асып, білгір геолог-барлаушы, геолог-инженер ретінде барша Қазақстанға есімі таныла бастады. Қашанда ел үшін еткен еңбегіңе баға беріп, бақылап отыратын саяси басшылық қой. Облыс басшыларының қолдауымен, халықтың ілтипатымен ол 1953 жылы Жезқазған аудандық Кеңесінің депутаттығына ұсынылды, сайлады. Одан соң 1955 жылы Жезқазған қалалық Кеңесінің депутаты, халық қалаулысы атанды. 1959 жылы Шолақтау сайлау округі бойынша депутаттыққа түсіп, сайланды. Ал, 1960 жылы Бүкілодақтық «Білім» қоғамының мүшесі болу құрметіне ие болды. Не керек, Шахмардан орда бұзар отызына ылайықты белсенді әрекеттерін көрсетіп, өмірге деген жалынды құлшынысын, іскер ұйымдастырушы екенін танытты.

Және Шахмарданды өз ортасынан оздырып тұрған оның білімділігі мен сөзге шешендігі еді. Онымен қай тақырыпта болса да шешіле отырып сөйлесіп, көсіле тұрып пікір таластыруға болатын-ды. Онымен жұмыс бабында болсын, жора-жолдастың ортасында болсын арласу өте қызықты, көңілді және өзіңе сабақ алатындай салиқалы бір әңгіме еститінсің. Мұндай пікірді бізге әріптес, қызметтес болғандар көп айтты. Күн сайын қасында болған жары Кәмила апай айтады ғой: «Шахмардан жүрген ортасын, отырған айналасын күлкіге көміп отыратын» деп.

Көптің көкейінде қалу үшін, көпке бір нәрсе айту үшін өзің бір нәрсе біліуің керек қой. Ал, Шахмарданның шын мәнінде білері көп еді. Ол әке мен анадан келген зеректік пен алғырлықты біліммен толықтырды. Тағы да Кәмила апай айтады:«күнделікті газет-журналдарды, қазақ жазушыларының шығармаларын, шет ел әдебиетін үзбей оқитын» деп. Ойлап қарасаңыз, бұл оның ішкі жан-дүниесінің сұранысы, сол сұранысты қанағаттандырудан туған жақсы қасиет екен. Әлкей Марғұлан айтқандай-ақ: «Білеміз! Білген соң айтамыз да». Көп оқыған адамның көп білетіні заңды. Шахмарданның көп оқығанын да, көп біліетінін де оның жазған хаттарынан, жасаған баяндамаларынан, айтқан әңгімелерінен көрдік, көзіміз жетті, таныдық.

От басында, жары Кәмиланың қолында Шахмардан ағаның қолжазба-құжаттары мол. Сол құжаттардың ішінен мына бір мақала назар аудартпай қоймады. Геолог ғалым бұл мақаласында Қазақстанның бар байлығын қолмен қойғандай етіп, талдап, таратып, бүгіні мен болашағын болжамайды, нақ айтады. Таң қаламыз, біздің еліміз қандай бай мемлекет деп. Есенов айтқандай: «сондай байлық үстінде отырып біз неге қайыршымыз?» деген сұрақ біздің де көмейімізге келіп кептеле береді. Оқып көріңіз, Сізге де қызықты болады, өзіңіз бұрын біле бермейтін Қазақстанның кен байлықтары жөнінен мағұлымат алап, көзіңіз көп нәрсеге ашылады.



«ҚАЗЫНАЛЫ ҚАЗАҚСТАН»

« -Республикадан бұрын жерінің көбі ақ селеулі боз дала болып көрінетін қасиетті қазақ жері талай сырды бойына бүгіп келіпті-ау! Сағымға бөккен сары белдері, тобылғысы мен тораңғысы таралып өскен қазақтың өзі сияқты момақан қоңыр төбелері ғасырлар бойы қыңқ демей талай байлықты бауырына басып жатыпты. Әрі кетсе сұр жебелі сары садақ пен ақ сойылды қару қылған қайран бабам, сөйтіп жүріп-ақ кейінгі ұрпағына алтынға толы ақ сандықтай жерін сары майдай сақтап келіп, аманат етіп кеткен екен...

Енді келіп қарасақ, жерімізде не жоқ десеңізші! Тек өндіріске жарамды сынап пен платина демесеңіз, әлгі айтып жүргеніміздей «Менделеев кестесіндегілердің бәрі бар» ғой, бәрі бар. Революциядан кейін қара жердің қойынын ақтарып, талай көмбенің үстінен шықтық. Сөйтіп, қазіргі біздің республикамыз, міне, бірнеше ондаған жылдардан бері қорғасынның , мырыштың, күмістің, вольфрамның, хромның, висмуттың, ванадийдің, бариттің, мыстың, молибденнің, марганецтің, кадмийдің, бокситтің, фосфорит пен аққеріштің қоры жағынан Одақта бірінші орында келеді. Елімізде өндірілетін мыстың , мырыштың, қорғасынның да дені бізде. Қазақстан бұл үшеуін Англия мен Францияны қосқанда өндірілетін өнімнен көп береді.

Сөйтіп, бүгінде Одақта өндірілетін қорғасынның -60, мырыштың-40, фосфордың-90, минералды тыңайтқыштардың -80 проценті біздің республиканың еншісінде болып отыр. Қазақстан көмір өндіру жөнінде АҚШ-ты, ГФР-ды және Францияны қуып жетіп, мұнайды Англия, ГФР, Франция мен Жапонияны қоса алғанда көп өндіретін болды. Ал, темір рудасын Болгария, Венгрия,Полша, Румыния мен Чехословакияны қос алғанда 5 есе, Ұлыбритания, ГФР мен Жапонияны қоса алғанда 2 есе артық өндіреді. Бұл жерде біз болашақ алыптар Теңіз мұнай кеніші мен Қарашығанақ газ конденсаты конденсаты жөнінде сөз қозғап отырғанымыз жоқ. Олардың көрсетер қызығы әлі алда.

Түсті және сирек кездесетін қасиетті металдармен қатар қара металлургия үлесі де бізде осал емес. Қазақстанның кен-металлургия комплексінің Одақтың халық шаруашылығына қосар үлесі металдардың көптеген түрлері бойынша 10-70 процент аралығында.

Бір адамның ғана өмір жасына татырлық тарихтың аз уақыты ішінде-ақ Қазақстан Совет өкіметі жылдары «тұз басқан өмірден» (П.Семенов-Тяньшанскийдің берген бағасы) қойны толған қазына, инддустриалды-аграрлық республикаға айналды. Алғашқы бес жылдықтың аяғында-ақ республика түсті металл қоры жөнінен жетінші орынға, сирек кездесетін металдар жөнінен алғашқы қатарға шықты. Бұрын мұндай кен көздері бұл өңірлерде мүлдем жоқ деп есептеліп келген ғой.

Ал соғыс алдындағы және майдан жүріп жатқан жылдары Қазақстанда шикізат көздері бірінен соң бірі ашылып, жау төбесіне от болып құйылып, оқ болып борап жатты. Жауға атылған он оқтың тоғызының Қазақсатанда құйылатын кезі осы тұс. Жезқазған, Қоңырат, Риддер, Зырян, Ащысай, Ақсу, Жолымбет, Бестөбе сияқты қазыналы кеніштер өз қойынын айқара ашты. Орал-Ембі өңірінен табылған мұнай көздері еліміздің энергетикалық күш-қуатын еселеп арттырды. Жалпы, 1940 жылдарға дейін Қазақстан жерінің 70 проценті геологиялық тұрғыдан толық зерттеліп қартаға түсірілді.

Қазақ ССР-інің Одақтық көмір өнеркәсібін өркендетуге де қосқан үлесі аса зор. Бұл жағынан ол РСФСР мен Украинадан кейінгі үшінші орында. Қарағанды, Екібастұз, Торғай, Майтөбе бассейіндері сияқты республикада 42 миллиард тоннадан астам көмір қорын қойнына басқан 500 кеніш бар. Мұның сыртында соңғы кездері Шерубай-Нұра, Саран, Шұбаркөл сияқты аса қорлы көмір қабаттары табылып отыр.

Қазақстанның темір рудасы көздерінің де бүкіл еліміз экономикасы үшін маңызы зор. Бүкілодақтық қордың 12 проценті біздің жерімізде. Бұл жөнінде де республика РСФСР мен Украинадан кейін үшінші орында.

1949 жылы Торғай ойпатында темір қорының табылуы ірі жаңалық болды. Бүгінде республикамыздың темір рудасы қорының 90 проценті, Одақ қорының 11 проценті осы өңірде жатыр. Ал, қазір Қазақстан алтын мен күміс қоры жөнінен де Одақ бойынша үшінші орында. Негізгі алтын кеніштері Көкшетау мен Целиноград өңірлерінде. Алтын мен күмістің едәуір бөлегін Алтай полиметалл кеніштері береді. Сондай-ақ, бұл бағалы байлықтың барлығы Қолба жотасы мен Шығыс-Тарбағатай өңірлерінде, Оңтүстік Қазақстан мен Шу-Іле тауларында да байқалып отыр.

Қазақстанның , сондай-ақ, қара және түсті металлургияны өркендетуде де орны өлшеусіз. Түсті металдан, әсіресе, мыс, қорғасын, мырыш қоры бізде басым. Республикамыз қорғасын мен мырыш қоры жағынан 1941 жылы-ақ Одақта бірінші орынға шыққан. Қазақстанда орасан зор мыс рудасын шикізат базасы жасалынған. Бүгінде, белгілі мұндай 48 кеніштің 19-ы жұмыс істеп тұр. Соның ішінде өте-мөте ірісі—Жезқазған-Балқаш кен көздері. Республикамыздың мыс қорының 46 проценті осы өңірде. Сондай-ақ, соңғы кезде полиметалл және түсті металл руда өндірісі Шығыс Қазақстанда да жедел өркендеп келеді. Бізде рудаға жатпайтын шикізаттар, кенхимиялық және агрономиялық шикізаттар мен құрылыс материалдары да жеткілікті. Бұл салада фосфор қоры жағынан Одақта екінші орындамыз. Бір ғана Қаратау бассейнінде фосфор шикізатының 41-тан астам кеніші бар.Ал, Ақтөбе өңірі ше?! Онда қазіргі геологиялық деректер бойынша 1,0 миллиард тонна фосфор шикізаты бар.

Батыс Қазақстанда халық шаруашылығына маңызы зор, аса мол бор тұзы қоры табылып отыр.

Міне, мейлінше қысқартып айтқанда, республикамыздың басты байлық көздері—осылар. Бұл—барынша ширатып айтқандағымыз. Ал, жеріміздің барлық байлық көздерін карта бетіне түсіріп, солардың әрқайсысын электірмен жанатын жарықпен белгілесек, ол түнгі аспандағы жұлдыздай жыпырлап шыға келер еді!»

Қазақстанның байлығы жайлы бұдан артық қалай айтуға болады.Халық несібесі қайда, қалай бөлініп жатыр?.. Біріншіден, бұл бөлек әңгіме, екіншіден, бұл тақырыпты қозғасақ әңгіме төркіні басқаларға ауып, өзекті әңгімемізді өзгертіп алармыз. Сондықтан да бұл тақырыптың нүктесін осы жерден қоя тұралық.



Одан да біз жиырма үш жасында Жезқазғанға Қаныш Сәтбаевқа атқосшы болып барып, аға ақылын тыңдап, сонда қалып, ақырында ұлы ғалымның ісін жалғастырып, білікті ғалым, мықты ұйымдастырушы атанған Есенов Шахмардан туралы айталық. Өз қатар-құрбыларының алды болып, замандастарының ішінен оқ бойы озып шыққан ол туралы геология-минерология ғылымдарының докторы, пофессоры, Ш.Есенов атындағы арнаулы сыйлықтың иегері Сейітов Нәсіпқали былайша сыр толғайды:

«-- Шахмардан Есенов өмір жолын саралап қарасаңыз, ол Жезқазғанда маман ретінде жетіліп қана қоймаған, алуан түрлі қиын-қиын шарулардың дұрыс тетігін таба білетін ғаламат ірі ұйымдастырушы, шын мәніндегі қайраткер ретінде қалыптасқан. Жезқазған кешенді геологиялық барлау экспедициясында аға геолог, бас геолог, бас инженер болып жұмыс істеген он бір жыл ішінде (1949-1960) Шахмардан Есенов тындырған жұмыстарды түгел саналап шығу да мүмкін емес. Бұл орайда, сол жылдардағы «Жезқазған» өнеркәсіптік бірлестігінің, тіпті бүкіл Жезқазған—Ұлытау рудалы ауданының рудалы шикізат базасын одан әрі нығайту және кеңейту сияты ұланғайыр міндетті орындау парызы түгелдей дерлік Шашмардан Есеновке жүктелгендігі республиканың геологиялық жұртшылығына кеңінен мәлім. Жас инженер осыншама ауыр жүкті қайыспас қара нардай-ақ көтере білді. Комбинатты шикізатпен уақтылы да толық қамтамасыз етіп тұру міндеті аздық еткендей, ол рудалы аймақты іздеу, картаға түсіру жұмыстарына да басшылық етті. Сөйтіп бұл өңірден мыстың, қорғасынның, мырыштың, марганецтің, темірдің, кобальтың, никельдің... жаңа кен орындары ашылды. Оның басшылығымен жүргізген жұмыстар нәтижесінен ауыз суға өте зәру Жезқазған-Ұлытау өңірінен Жанай және Айдос жерасты суларының мол қоры табылды, өнеркәсіпке өтк қажетті көгілдір талшықтас (голубой асбест) кенорыны ашылып, игеруге ұсынылды...» десе, дала төсінде, экспедицияда жатқан, бар жағдайды көзімен көрген, ғалымның жанкүйер әріптесі Т.Ақышев тебірене тұрып толғайды:

...1966 жыл. Жазда Жезқазғаннан бізге, Ағадырға, Экспедицияға АН-2 ұшағымен КСРО Геология Министрі, академик А.В. Сидоренко және Қазақ ССР-ы Геология және жер қойнауын қорғау министрі Ш.Е. Есенов ұшып шықты деп хабарлады. Олар соңғы жылдары ашылған кен орындарын көру мақсатында Ақадыр-Қоңырат-Саяқ маршрутымен келеді екен. Үш сағат өткенде ст. Ағадырға таяу жерде орналасқан экспедициялық мекенде дайындалған қону алаңына пошталық АН-2 келіп қонды. Қарсы алушылар арасында қазір о дүниелік болып кеткен белгілі геолог-барлаушы, геологиялық-барлау экспедициясының бастығы С.Б. Мыңбаев, бас инженерлер, екі экспедицияның геологтары бар-тын. А.В. Сидоренко мен Ш. Есенов ұшақтан түсіп бізбен амандасты, бірден геологиялық материалдармен, аудандарға тау-жыныс түрлерімен, руда үлгілерімен танысуға кірісіп кетті. Күн күйіп тұрған, 40 градустай ыстық. Одақтық министрді ілестіріп келген Ш. Есеновте шаршағандық белгісі бар. Сөйтсек, ұшақта ол лоқсыпты, ұшу үдерісін ауыр қабылдапты.

Ал, А.В. Сидоренко болса әзілге салып егер ұшар алдында жүз грамм тартып алса АН-2-де адам өзін жақсы сезінеді. Баршамыз оған күлдік. Екі министрде біз берген түсініктерді мұқият тыңдады көруге қойған геологиялық материалдармен, руда үлгілерімен танысып әбден риза болысты. Оларды әсіресе қызықтырған Көктенкөл, Қараоба, Ақшатау, Ұзынжол, Қайрақты және т.б. кен орындары еді.

Біз министрге Ағадырда қонып, ертеңіне ұшып шығуды ұсындық. Бірақ олар бізге алғысын айтып, жемісті еңбектенуімізге тілек білдіріп Балқаш қаласына ұшып кетті.

Ұшақта екі ұшқыш, екі министрден басқа ешкім болған жоқ. Олар бізге министр лауазымында емес, кәдімгі маман геологтар сияқты әсер қалдырды.

Біз геологтардың шенеунік те, партократ та емес, ғылым мен халық үшін жер қойнауын зерттеушілер екендігіне көз жеткіздік. Бізге олардың қарапайымдылығы, дала геологтарына деген шынайы, сыйластық мейірімдері қатты ұнады.

Экспедицияға екі министрдің келуі дала геолог-барлаушылары үшін ірі оқиға еді, содан болар Біз жұмысымызға көтеріңкі көңілмен кірісіп кеттік. Осылайша, біздер, геологтар далалық жұмысымызды жалғастырдық, бізде жақындардың, отбасының, тіпті өзіміздің болашақ тағдырымыз ешбір алаңдатпаушы еді.

Мен Шахмардан Есенұлымен кейіннен осы экспедицияның далалық партиясында кезіктім. Ол мұнда Қаратас мыс-молибусы кен орнында жүр екен. Айнала құм, бұта-тікен, шаң, ыстық 400С жетеді ауыз судың өзі 150 км. қашықтықтан, Балқаш қаласынан тасып әкелінеді. Адамға жайлы климаттан гөрі Сахаралық жағдайға жақын болаты. Дегенмен де Шахмардан мені өзіне тән ғажайып жымиысымен қарсы алды. Кездескенімізге екеуіміз де қуанып қалдық, ұзақ әңгімелестік, ол менен Солтүстік Балқаштың геологиясы, тектоникасы, магматизмі, метоллогениясы туралы тәптіштеп сұрады. Ол бұл аймақтан мыс кен орындарын іздеудің әдістемесін –згерту қажеттілігі туралы, Балқаш Тау-кен металлургиялық комбинаты үшін жаңа, ірі кен орынын табу керектігі туралы пікірін білдірді.

Бетбақ даланың қатал климаты мен сараң ландшафты жағдайында мен жігері темірдей адамды көрдім. Портократтар ұйымдастырған «қан ішуден» кейін, құмды далада ол өзін тәп-тәуір сезініп, сабырлы қалыпта ұстады. Ол осы аймақ халқының өмір сүру деңгейіне қынжылды. Елді мекендер арасын қосатын жол жоқ, телефон байланысы туралы жергілікті тұрғындар естіген емес, білмейді де, көлік ешқайда қатынамайды...

Келесі күні мен Орталық Қазақстандағы Қараоба кен орнынан Көктенкөл арқылы Баянауыл таулары мен Ертіске қарай тартылған бағытпен геофизикалық профильді бетке алып жүріп кеттім. Шахмардан Есенұлы мұндай геофизикалық терең зерттеулерді құптады және жаңадан талдап жасалған әдістемені де қолдады».

***


Сарыарқа төсінде «Шахмардан шоқысы» деген жер бар. Әдетте қазақ қанша жері кең болса да кез келгеннің атын, шоқысы түгілі төбесіне бермеген. Жезқазғандықтар болса еліне, жеріне, оның ішінде Сарыарқаға сіңірген еңбегін, нағыз азаматтығын қадірлеп, ұлы Ұлытаудың етегін ала жатқан бөктердің бір шоқысына Шахмардан есімін қиып тұр. Біздің ойымызды әріптесіміз Өтеген растай түседі.

«-1983 жылдың маусым айы. Күн ауып, қоңыр самал соққан кезде шопандар тойы тарап, күнімен сұхбаттас, дәмдес болған аудан басшыларымен бірге қайттым. Дала жолы ойқы-шойқы, 50 шақырымдай жүрген соң биік адырлардың арасына келіп бұлақ басына аялдадық.

-Мынау «Суық бұлақ» деген бұлақ. Осыдан шөл басып, сосын мына «Шахмардан шоқысына» шығамыз.,-деп Ұлытау аудандық аупартком төрағасы Қапанов Белгібай оң тұстағы биік жотаны нұсқады.

Айналаның бәрі биік-биік шың-құз. Жаяулап бәріміз соның ұшар биігіне шықтық. Әп-сәтте салқын леп соғып, серігіп сала бердік. Шалғын үстіне газет-дастархан жайылып, шөл басар кәде жасадық. Аупарткомның біріші хатшысы Төрегелдин Мәкен сөз сабақтады:

-Тілші інім, қонақ болған соң (онда мен «Социолистік Қазақстан» газетінің Жезқазған облысындағы тілшісі едім) өзің жер жағдайын танстыра кетейін. Мына біз тұрған биік «Шахмардан шоқысы» деп аталады. Бұл анау Ұлытаудан кейінгі биік жотаның бірі. Осы биіктен бұл маңайдың бәрі анық көрінеді. Анау түтін атақты Қарсақпай зауытынікі, мына беткейде көсіле жатқан Жезқазған, одан әріректе кеншілер қаласы Никольский мен Рудник, ал, мына арттағы қоныс Жезді кенті.

-Тамаша екен. Ал, енді «Шахмардан шоқысы» болып қалай аталған?

-Есенов Шахмардан деген геолог-академикті білетін шығарсың?

-Хабарым бар, ептеп...

-Ол кісі осы Жезқазғанда геологиялық партияға басшы болып он жылдай қызмет істеді. Талай кен ошақтарын ашты, әлі аузы «тігулі», яғни, жабулы жатқандары да баршылық.

-Қанекеңнен кейінгі осы төңіректің бағын ашқан сол Шахаң еді ғой, бұл маңда ол барламаған, ізі түспеген жер жоқ,- деп, ертеде сапарлас болып жүрген кен иеженері Мүсілім Тоқтамысов сөзге араласты. Хатшы тағы сөз сабақтады.

-Жақсы қатысамыз, сыйласпыз. Құдай өзіне келбетті де бере салған ғой. Адами парасатын айтсаңшы! Сол Шахмардан осында жүргенде ертелеп шығып, мынау тау-тасты ерінбей жаяу аралайтын. Жұмыстан кейін әріптестерімен бірге күнде кешқұрым осы шоқы басында отырып дем алатын. Осы жерде отырып күні бойы жазған-сызғандарын, жиған-тергендерін, ойларын қорытатын. Келесі күні, арғы күні ...осылай жалғаса беретін. Кейін Алматыға қызметі өсіп кеткен соң ел бұл қыратты «Шахмардан шоқысы» атап кетті. Сол дәстүрмен әліге дейін қалт еткенде осында келіп демалып тұрамыз.

...Сөйтіп, Алаш ардақтысы, ұлы ғалым есімімен аталатын шоқы басынан қимай-қимай амалсыз етекке түстік»- дейді, журналист Өтеген Жаппархан.

Қандай, керемет емес пе?! Сенің еңбегің асылданып, есімің мәңгілік жер бетіне өшпестей болып «жазылып» жатса бұдан артық не керек. Жарық дүниеге босқа келіп, тіршілктің қазанында босқа қайнамаған екенсіз-де. Шахмардан нақ солай болды. Құлшына еткен еңбегі, ашқан жаңалықтары мен белсенді бастамалары бедел әкелді, өмірдегі орнын анықтады, нәтижесінде Сарыарқаның төсінде «Шахмардан шоқысы» деген, өшпестей болып аты қалды. Ұстазының ақылын тыңдағаны дұрыс болыпты. Адамзат адамзат болғалы бір сұраққа нақ жауап тауып, дөп басқан ешкім жоқ әлі. Ол өмір сүрудің мәні не деген сауал. Артыңда өшпестей боп белгі-«Шахмардан шоқысы», ашқан ғылыми жаңалықтары, ел-жер үшін атқарған игі істері осылай ел аузында айтылып, жұрт жадында қатталып жатса бұдан артық қандай мән керек! Мүмкін сол сұрақтың жауабы осы шығар!






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет