Шариғат қабір орындарын құлшылық-ғибадат орындарына айналдыруға тыйым салғандығы туралы



бет1/4
Дата31.12.2019
өлшемі256 Kb.
#54697
  1   2   3   4
Шариғат

қабір орындарын құлшылық-ғибадат орындарына айналдыруға тыйым салғандығы туралы

Дайындаған: «Абу Ханифа мирасы» сайты



Аса Мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен

Әлемдердің Раббысы Аллаһқа мақтау-мадақтар, Пайғамбарымыз Мухаммадқа және оның отбасына әрі барлық сахабаларына Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын!



1-Бөлім. Қасиетті мәтіндер қабір орындарында Аллаһқа құлшылық етудің тыйым салынғандығы туралы

1. Абу Са’ид әл-Худри Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Зираттар мен моншалардан өзге барлық жер ғибадат жасайтын орын болып табылады» (хадис сенімді (сахих); Ахмад 3/83; Абу Дауд 492; Тирмизи 317; Ибн Мәжаһ 745 т.б.; шейх әл-Әлбани, Муқбил т.б. хадисті сахих (сенімді) деген. Қз.: «әл-Ируа» 1/320 және «әс-Сахих "әл-Муснад"» № 380).

Осы хадистен біз намазды және т.б. ғибадаттарды қабірлер мен моншалардан басқа жердің барлық бөліктерінде орындай аламыз деген қорытынды шығарамыз.

2. Ибн ‘Умар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Намазды өз үйлеріңде де орындаңдар, үйлеріңді қабірлерге айналдырмаңдар» (хадис сенімді (сахих); Бухари 1187; Муслим 777; Ахмад 4511, 4653, 4065; Абу Дауд 1448; Ибн Мәжаһ 1377).

Бұл хадис егер адам үйінде нәпіл-сүннет намаздарын орындауды тоқтатса, оның үйі зиратқа ұқсап қалатындығы туралы куәлік етеді, өйткені қабір орындарында намаз орындалмайды.

3. Жундуб ибн Самура Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің өліміне бес күн қалғанда былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, сендерге дейінгі (қауымдар) пайғамбарлары мен салиқалы адамдарының жерленген орындарын ғибадат орындарына айналдыратын, ал сендер бұлай істемеңдер, ақиқатында, мен мұны сендерге харам етемін» (хадис сенімді (сахих); Муслим 532).

Бұл хадистен бірден бірнеше қорытынды жасауға болады:

1. Пайғамбарлар мен салиқалы адамдар жерленген орындарда ғибадат жасау бізге дейін өмір сүрген қауымдардың амалдарынан болған. Мұның мәні бұл амалдың Исламға ешқандай қатысы жоқ екендігінде.

2. Бұл хадисте пайғамбарлардың ғана емес, сондай-ақ салиқалы адамдардың жерленген орындарында да ғибадат-құлшылық жасауға болмайтындығына дәлел бар.

3. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұл туралы қайтыс болуына бес күн қалған кезде айтқан еді, ал бұл осы мәселенің өте маңызды және қауіпті екеніне нұсқайды. Не үшін өзінің қайтыс болуының қарсаңында ауырған кезінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл осы туралы айтты? Өйткені Аллаһқа қабірлерде, кесене-мазарлардың алдында және адамдар жерленген орындарында құлшылық ету салиқалы адамдардың өздеріне құлшылық етуге алып келетін қауіпті құбылыс болып табылады, ал соңғысы көпқұдайшылықтың нағыз өзі. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл сол көпқұдайшылықтан сақтандырып ескерту үшін жіберілген еді ғой!

4. Көпқұдайшылыққа алып баратын барлық жолдарды жабу шариғаттың маңызды мақсаты болып табылады. Дәл осы себепті де Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлім алды ауруына қарамастан осы ескерту сөздерін айтқан болатын.

5. Бұл хадисте «...ал сендер бұлай істемеңдер...» деген сөздерде қамтылған қабірлердің жанында ғибадат жасауға деген айқын тыйым бар, осыдан соң бұл тыйым, ешкім оны тек жай ғана құпталмайтын амал деп есептемеуі үшін, «Ақиқатында, мен мұны сендерге харам етемін» деген сөздермен қайта күшейтіледі. Ал, ендеше, осыдан кейін қалайша: «Біз Түркістанға да, Бекет Атаға да бара береміз және сол жерлерде Аллаһқа құлшылық жасаймыз», - деп айтуға болады?! Бұл – сол адамның: «Сенің тыйымдарың, уа, пайғамбар, бізді мүлде қызықтырмайды, өйткені біздің осы сапарларда белгілі қызығушықтарымыз бен мүдделеріміз бар», - деп айтқанымен тең болады.

6. Бұл хадистен Аллаһқа қабір орындарында құлшылық етуге тыйым салынатыны бір мағыналы түрде түсініледі, тіпті біреу-міреу «осыда ешбір жаман нәрсе» көрмесе де.

4. Ибн Мәс’уд Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндаған: «Ақиқатында, ең жаман адамдардың бір тобы солардың өмір сүретін кезінде Қиямет басталатын, сондай-ақ қабірлерді ғибадат орындарына айналдырытын адамдар болып табылады» (хадис жақсы (хасан); Ахмад 4143; Ибн Хиббан 6847; Ибн Хузайма 789 т.б.).

Бұл хадисте қабір орындарында Аллаһқа құлшылық жасайтын адамдар ең жаман адамдардан деп аталған. Сондай-ақ олар солардың өмір сүретін кезінде Қиямет басталатын адамдармен теңестірілген. Ал Қиямет күні келгенде жер бетінде кәпірлердің ең жамандары өмір сүретіні белгілі ғой.

5. ‘Аиша былай баяндайтын: “Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болуының алдындағы ауруымен ауырған кезінде, оның әйелдерінің кейбіреулері оның алдында өздерінің Эфиопияда көрген "Мәриям" деп аталатын шіркеуді тілге алды. Умм Сәләма және Умм Хабиба бір кездері Эфиопияда болған еді. Мұны естіп, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ақиқатында, олардың арасында салиқалы кісілерден біреу-міреу қайтыс болса, олар оның қабірінің үстіне мешіт1 салатын, ал содан соң оның ішіне соның бейнелерін орналастыртын. Ақиқатында, олар Қиямет күні Аллаһтың алдындағы ең жаман жаратылыстар»”2 (хадис сенімді (сахих); Бухари 427; Муслим 528).

Бұл хадистен келесі қорытындыларды шығаруға болады:

1. Салиқалы адамдардың қабірлерінің басына мешіттер соғуға тыйым салынған. Ал кім осы тыйымға қарсы шықса және бәрібір қабір орындарына мешіт салса, сол Қиямет күні Аллаһтың алдындағы ең жаман адам болады.

2. Тірі жандарды бейнелеу (сомдау) және оларды мешіттерге кіргізу, ең үлкен күнәлардың қатарына жатады3.

3. Қабір орындарында құлшылық жасауға деген тыйым пайғамбарлардың қабірлеріне ғана емес, дәрежесі бойынша пайғамбарлардан төмен болғандардың барлығына қатысты.

6. ‘Аиша былай баяндайтын: «Аллаһтың Елшісінде (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өлім алдындағы қиналыс сәті басталған кезде, ол өз бетіне жамылғы жаба бастады. Ал одан тұншыға бастаған кезде, оны алып лақтыратын. Әрі осы күйінде болған кезінде ол былай деген еді: «Яһудилер мен христандар пайғамбарларының қабірлерін ғибадат орындарына айналдырғандары үшін Аллаһтың лағынетінде». Осынысымен ол осы амалдан сақтандырған болатын. Ал оның осы сөздері болмағанда, оның қабірі ашық қалдырылатын еді. Бірақ (сахабалар) адамдар оның үстінде ғибадат жасай бастайды деп қорықты» (хадис сенімді (сахих); Бухари 435; Муслим 531).

Хафиз Ибн Хәжар былай деген: «Бұл хадисте христиандардың да аталып айтылуы кейбір ғалымдарда түсінудегі қиындықтар туғызды. Бұл яһудилерде пайғамбарлардың болғандығы, ал христиандарға келер болсақ, Иса мен біздің Пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) арасында пайғамбарлардың болмауы, ал Исаның қабірі жоқ болғандығы себепті еді. Бұған келесідей етіп жауап беруге болады: не оларда елшілерден басқа да, мысалы, Исаның немесе (тағы бір пікірде) Мәриямның хауарилері (апостолдары) сияқты пайғамбарлар болған4, немесе «пайғамбарлар» деген сөз ауыспалы мағынада айтылған, әрі онымен пайғамбарлар мен олардың басты ілесушілері меңзелген. Соңғы пікірді Жундубтың хадисінде келтірілетін Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мына сөздері нығайтады: «Өздерінің пайғамбарлары мен салиқалы адамдарының жерленген орындарын ғибадат орындарына айналдыратын». Сондықтан да Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) христиандар туралы сөз еткенде: «...олардың арасындағы салиқалы кісілерден біреу-міреу қайтыс болса...», - деп айтқан, ал яһудилер туралы: «...өздерінің пайғамбарларының қабірлерін...», - деген. Сондай-ақ бұған христиандардың яһудилер ұлықтайтын пайғамбарлардың қабірлерінің көбін ұлықтайтындығымен де жауап беруге болады». Қз.: «Фәтх ул-Бәри» 435-бет. Әрі осы үшінші пікір ең дұрысы.

Хадистен алынатын қорытындылар:

1. Қабір орындарында Аллаһқа құлшылық ете бастаған адам Аллаһтың лағынетіне лайық.

2. Өлім алдындағы қиналған сәтінде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) дәл осы нәрседен сақтандырды, өйткені ол адамдар оның қабірінің қасында Аллаһқа құлшылық жасауынан немесе оның үстіне мешіт салуынан қорықты. Ендеше, осы мәселенің қаншалықты маңызды екендігіне назар аударыңыздар. Өйткені Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарында Аллаһқа құлшылық етуге тыйым салынғандығын бұған дейін де оларға бірнеше рет түсіндірген еді, ал кейіннен, яғни қайтыс болуынан бес күн бұрын сахабаларына осыны қайталай беретін, ол мұны айтуды өлім аузында қиналып жатқанда да тоқтатпаған болатын.

Хафиз Ибн Хәжар былай деген: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы ауруынан айықпайтынын білген сияқты болды және бұрын өмір сүрген (қауымдар) істейтіндей оның қабірін де ұлықтай бастайды деп қорықты. Сондықтан да ол яһудилер мен христиандардарды лағынеттеді де, оларға осы нәрседе ілесетіндерге сөгіс айтылатындығына нұсқады». Қз.: «Тахзир ус-Сажид» 18-бет.

3. Сахабалар осының қауіптілігін түсініп, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірін адам оған қол жеткізе алатындай ашық етіп қалдырмады да, оны Айшаның үйінде жерледі. Сөйтіп олар адамдарға оның қабіріне барар жолды жапты.

Аллаһпен ант етеміз, сахабалар қандай амал жасағанын және дінді қалай түсінгені мен сопылар және рафидилер жасап жатқан нәрселердің және олар дінді қалай түсінуінің арасындағы айырмашылықты көрмеу үшін соқыр болу керек! Аллаһ біздің діни «қайраткерлерімізге» өз жүректерінде Аллаһтың алдында қорқу сезімін табуға және істеп жатқан нәрселерін тоқтатуға көмектессін!

7. Абу Хурайра Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін баяндайтын: «Уа, Аллаһ! Менің қабірімді құлшылық жасалатын пұтқа айналдырма. Пайғамбарларының қабірлерін ғибадат орындарына айналдырған халықтарды Аллаһ лағынеттеді» (хадис жақсы (хасан); Ахмад 2/246; Ибн Са’д «Табақатта» 2/241-242; әл-Хумайди 1025 т.б.).

Ал ‘Ата ибн Ясардан жеткен осындай бір хадисте: «...халыққа Аллаһтың ызасы күшейді», - деп айтылады (хабардың иснады мықты; Мәлик «Муаттада» 1/172).

Бұл хадисте, қабірдің өзіне құлшылық жасайтындарды айтпағанның өзінде, адамдар оның қасында Аллаһқа құлшылылық етудің өзімен-ақ қабірді пұтқа айналдыру іске асатынына нұсқау бар.

2-Бөлім. Не үшін Аллаһ пен Оның Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарында Аллаһқа құлшылық етуге тыйым салды?

Құрметті оқырман Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы мәселедегі алғаш қарағанда таң қалдыратын қаталдығына және Аллаһ Тағаланың қорқытуларының дәрежесіне назар аударған болар. Ал неліктен адам Аллаһқа ғана құлшылық етуіне, Оның алдында дінде ықыласты болуына қарамастан, Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны лағынеттеді, оны ең жаман адамдардың бірі деді, содан соң оны Қиямет күні Аллаһтың алдындағы ең жаман жаратылыс деп атады, Аллаһтың оған қатысты ашу-ызасы күшейді деді?

Бұл Аллаһ Тағаланың шариғаты тіпті алыс болашақта көпқұдайшылыққа апаратын кез-келген жолдарды барынша жабатындығынан.

Имам Ибн әл-Қайим былай деген: «Ал жалпы айтар болсақ, кім құдайшылықтың не екенін, оның себептері қандай, қандай жолдар оған алып баратынын түсінсе, әрі Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бұйрықтарымен және тыйымдарымен нені меңзегенін түсінсе, сол осы қаталдықтың, лағынеттер мен тыйымдардың барлығы қабір орындары жай ғана лас орындар5 болғандығынан айтылмағанын, бірақ осының себебі көпқұдайшылықтың лас екендігін бірмағыналы түрде айтады… Мұның барлығы бірқұдайшылықтың шеңберіне көпқұдайшылық еніп, оны жаулап алмауы үшін, оның шекараларын қорғау мақсатында (айтылған)». Қз.: «Иғасат ул-Ләхафан» 1/296-297.

Шейх Суләйман ибн ‘Абдилләһ былай деген: «Сондай-ақ осы қаталдықты көпқұдайшылықтан қорқумен түсіндіріп бергендердің қатарында: имам әш-Шәфи’и, Абу Бакр әл-Асрам, Абу Мухаммад әл-Мәқдиси, шейхул-Ислам Ибн Таймия т.б., әрі бұл – күмәнсіз, ақиқат». Қз.: «Тайсир ул-‘Азиз ил-Хамид» 329-бет.

Әрі осы бөлімнің соңында оқырманның назарын тағы да бір маңызды жайтқа бұрғымыз келеді. Бұл қорқытулар мен тыйымдар бірқұдайшыл болып табылатын және «қабірлердің алдында ғибадат жасау Аллаһқа сүйіктірек», немесе «осы қабірлер құт-берекелі», немесе «осы қайтыс болған адамдар естиді» деген қандай да бұрыс сенімдері жоқ адамға қатысты. Бұл қабірлерді ұлықтауды, немесе осы «әулие» оның Аллаһ алдындағы дәнекері болып табылатындығы туралы сенімдер сияқты көпқұдайшылықтың айқын көрініс табуларын айтпағанның өзінде.

Мұның барлығы жай қабірлердің алдында Аллаһқа құлшылық етіп қана қоймай, адамдарды осы орындарды зиярат етуге шақыратындарды, осы сапарларларды ұйымдастыратындарды, осы орындарды сақтап қалу үшін қам жейтіндерді, адамдарға осы кесірлі амалдың мән-мағынасын түсіндіруге талпыныс жасап жатқандарға қысым көрсететіндерді айтпағанның өзінде. Ендеше, осыны бүкіл өмірінің мәні деп санап, көпқұдайшылықты орнату жолында уақытын, күш-қуатын, қаржы мен құралдарын сарп етіп жүрген адамдарды қандай азаптар күтуде екен?!

3-Бөлім. «Қабір орындарын ғибадат орындарына айналдыру» деген не?

Қабір орындарын ғибадат орындарына (масажидке) айналдыру өзіне үш мағынаны қамтыған:

1. Осы жерлерде Аллаһқа иілу (сәжде немесе намаз орындау);

2. Осы жерлерде құлшылық-ғибадаттың басқа түрлерін жасау (Аллаһты зікір ету, Құран оқу, құрбан шалу т.с.с.);

3. Осы жерлерде ғибадат үйлері болып табылатын мешіттер тұрғызу;

Осы үш мағынаның барлығы қандай да бір ғибадаттарды қабірдің үстінде тұрып немесе отырып, немесе қабірге қарай бұрылып, немесе қабірдің жанында орындайтындарға қатысты.

Бұл жіктеуге дәлел осы тараудың келесі бөлімдерінде шашыраңқы түрде келеді.

4-Бөлім. Қабірдің үстіне қандай да бір нәрсе - мейлі мешіт, мейлі басқа құрылыс болсын - құруға тыйым салынғандығы туралы.

1. Қабірді биіктеу деңгейі

Шәфи’и мәзһабынан басқа, барлық үш мәзһабтың ғалымдары қабірдің үстіне өзінен шыққан топырақтан басқа топырақты үю құпталмайтындығы туралы айтқан.

Ал ханафи мәзһабының ғалымдарына келер болсақ, олар мұның жай кұпталмайтындығы ғана емес, сонымен қоса тыйым салынғандығы (харам екендігі) жөнінде айтқан. Қз.: «Радд ул-Мухтар» 2/236.

Әрі ханафи ғалымдарының бұл мәселедегі пікірі ең дұрыс пікір болып табылады. Басқаша айтқанда, қабір қазылып, оған мәйіт қойылған соң, қабірге тек сол қабірді қазу кезінде шыққан топырақ қана тасталады да, оған бөлек топырақ қосылмайды. Осы орайда қабірдің жер бетінен көтерілетін биіктігі шамамен 20-25 см (шибр6) болады. Жерден биіктеу төбешік қабірдің ішіндегі мәйіт қойылатын текшеден (ләхәд) шыққан топырақты қабірдің үстіне үюден пайда болады7.

Ал қабірді бір қарыстан жоғарырақ етіп биіктетуге тыйым салынғандығына дәлелдерге келсек, олар келесідей:

1. Жәбир ибн ‘Абдилләһ былай деп баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір үстіне құрылыс тұрғызуға, сондай-ақ одан шыққан топыраққа басқа топырақты қосуға, сондай-ақ қабірді гипспен қаптауға тыйым салды» (хадис сенімді (сахих); Муслим 970; Нәсаи 2154; Абу Дауд 3226; Бәйһақи 6735).

2. Сумама ибн Шуффай’ былай деп баяндаған: “Бірде, біз Фудайл ибн ‘Убайдпен бірге Родостағы румдықтардың жерінде болдық. Біз сол жерде болған кезімізде сахабаларымыздың біреуі қайтыс болды. Сонда Фудайл ибн ‘Убайд қабірді жермен бірдей етіп тегістеуді бұйырды да: «Мен Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірлерді жермен бірдей тегістеуді бұйыратынын естідім», - деді (хадис сенімді (сахих); Муслим 968; Абу Дауд 3219; Нәсаи 2029; Ахмад 1/18).

3. Абу әл-Хайяж әл-Асади ‘Али ибн Аби Талиб оған былай деп айтқанын баяндаған: «Сені Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) маған берген тапсырма сияқты тапсырманы орындауға жіберейін бе? Ол мені бірде-бір бейне қалдырмай оларды өшіріп тастау үшін және бірде-бір биік қабір қалдырмай оларды тегістеп тастау үшін жіберген болатын» (хадис сенімді (сахих); Муслим 969; Абу Дауд 3218; Тирмизи 1049; Нәсаи 2030; Ахмад 1/96, 124).8

Имам әш-Шаукани былай деген: «Бұл хадисте қабірді өте биік көтеру Сүннет еместігіне нұсқау бар. Осы орайда қабірде кім жерленгені: құрметті адам ба, құрметтілер қатарынан болмаған адам ба – мұның айырмашылығы жоқ. Бұл хадистің айқын мәтіні сондай-ақ қабірдің деңгейін рұқсат етілген деңгейден биік көтеру тыйым салынғандығына да нұсқайды». Қз.: «Нәйл ул-Әутар» 4/131.

Ал кейбір бірбеткей қабірге табынушыларға келер болсақ, олар: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ‘Алиді осы тапсырмамен кәпірлердің елдеріне, ол мұсылмандардың емес, кәпірлердің қабірлерін тегістеп тастау үшін жіберді», - деп пайымдайды. Бұл пайым өтірік және негізсіз. Осы хадистің имам Ахмад жеткізетін басқа бір риуаяты Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оны Мәдинаның төңірегіне жібергеніне нұсқайды.

4. Му’ауия былай деген: «Қабірлерді тегістеу – Сүннет. Ал оларды биіктетуге келер болсақ, мұны яһудилер мен христиандар істейді, ендеше, оларға ұқсамаңдар!» (хафиз әл-Хайсами: «Оның жеткізушілері – сахих жинақтың жеткізушілері», - деп айтқан. Қз.: «Мәжма’ уз-Зауаид» 3/60); әт-Табарани «әл-Кәбирде» 19/352 (823).

5. Сондай-ақ ‘Усман ибн ‘Аффаннан «ол қабірлерді жерден бір қарыс биіктікке дейін тегістеуді бұйырды» деген жеткізіледі. Ибн Аби Шәйба 3/222; Ибн Хазм «әл-Мухалләда» 5/133.

Ал оған бір қабір көрсетіліп, ол оның қызы - Умм ‘Амрдың қабірі деп айтылғанда, ол қабірді жермен бірдей етіп тегістеуді бұйырды. Ибн Аби Шәйба 4/138.

6. ‘Амр ибн Шарахбил былай дейтін: «Менің қабірімді биіктетпеңдер, ақиқатында, мен мухажирлердің мұны сөгетінін көргенмін» (сахих хабар, оны шейх әл-Әлбани «Тахзир ус-Сажидте» растаған, 131-бет; Ибн Са'д «Табакатта» 6/108).

Жоғарыда келтірілген хадистердің және хабарлардың барлығынан егер Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), не оның сахабалары биік қабір көрсе, немесе ондай қабір бар екенін білсе, оны жерден бір қарыс биіктікке дейін тегістейтіні түсінікті болады. Ал егер осы қабірлер алыста орналасқан болса, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оларды жермен бірдей тегістеу үшін өзінің кейбір сахабаларын жіберетін.

Ендеше, Түркістанға, Бекет Атаға т.с.с. жерлерге сапар ұйымдастырушыларға Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бұйрығына бағынуға, бұдан қалса осыда өз мәзһабына ілесуге не кедергі жасайды? Және оларды осы қабір орындарын қорғаштауға және дұрыс емес кейіпте қалдыруға не мәжбүр етеді?! Олар осынысында қабірлердің басына құрылыс салудың негізін салушылар болып табылатын рафидилердің жолымен кетті. Дәл солар адамдарды қабір орындарына, қабір-кесенелерге қуып алып келіп, Аллаһтың үйлері болған мешіттерді босатып, мұсылмандардың арасына осы жаман салтты енгізді. Дәл солар һижраның 549 жылы Каирда Хусайнның кесенесін құрды. Рафидилерге осы жаман салтта түрлі сопы тариқаттарының өкілдері ілесті де, осыны мұсылмандар арасында қатты таратты.

Ал қабірлерді артық биіктетуге тыйым салудың себебіне келер болсақ, қабірлерді биіктету оларды қадірлеп-қастерлеуге, ал бұл өз кезегінде көпқұдайшылыққа алып келеді. Дәл сондықтан да Аллаһ Тағала көпқұдайшылықтың есігін жауып және бірқұдайшылықтың негіздерін бекем етіп, осы тыйымды орнатты.

2. Қабірлердің үстілеріне қандай да бір құрылыстарды салу.

1. Жәбир ибн ‘Абдуллаһ былай деп баяндайтын: «Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабірдің үстіне құрылыс құруға тыйым салған…» (хадис сенімді (сахих); Муслим 970; Нәсаи 2154; Абу Дауд 3226; Бәйһақи 6735).

Бұл хадис кез-келген қабірлердің үстіне кез-келген құрылыстарды салуға тыйым салынғандығына нұсқайтын айқын дәлел болып табылады. Бұл хадистің тыйымы қабірдің шетіне құрылыс салатындарға, сондай-ақ қабірдің айналасына, мысалы, бұл күмбездер, мешіттер, мазарлар мен кесенелер тұрғызу барысында қабір не солардың ішінде, не қасында қалатындай қандай да бір құрылыс тұрғызатындарға қатысты. Имам әш-Шаукани «Шарх ус-Судур фи тахрим раф’ил-қубур» 29-бет.

2. Абу Хурайрадан ол өзінің қабірінің үстіне қандай да бір нәрсе құруға тыйым салған өсиет қалдырғаны жеткізіледі (хабардың иснады сенімді (сахих); ‘Абдурраззақ 3/418; 6129; Ибн Аби Шәйба 4/135; Ибн Са’д 4/338).

3. Имам әл-Бухари өзінің «Сахихында» Ибн ‘Умар Абу Бакр әс-Сыддықтың ұлы ‘Абдур-Рахманның қабірінің үстіндегі шатырды9 көріп: «Оны алып тастаңдар, ақиқатында оған оның амалдары ғана көлеңке болуда», - деп айтқан «му’алләк»10 түріндегі хабарды жеткізеді.

4. Мухаммад ибн Ка’бтан оның былай деп айтқаны жеткізіледі: «Осы қабірлердегі құрылыстар – бидғат». Ибн Аби Шәйба 3/218.

Осы хадистер мен хабарлардың барлығынан Исламда қабірге қандай да бір нәрсе: мейлі ол қоршау немесе шатыр, ескерткіш, мәрмәр тастан жасалған тақталар болсын – қоюға тыйым салынғаны түсінікті болады. Тура сол сияқты, қабірдің үстіне кез-келген: мейлі олар үлкен, мейлі кіші болсын - ғимараттар салуға да тыйым салынады, әрі бұл тыйым қабірде (хан, әмір т.с.с.) құрметті, не қарапайым адамдар жерленгенін жіктеместен, барлығына бірдей күшке ие.

3. Қабірлерде құрылған кез-келген құрылыстар бұзылуы қажет екендігіне ислам ғалымдарының бірауызды келіскен пікірі.

Жоғарыда біз қабірлердің үстіне қандай да болсын құрылыстар құруға тыйым салынғандығы туралы айтқан болатынбыз.

Ал осы жерде Ислам ғалымдарының арасында қабірлердің үстілеріндегі кез-келген құрылыстар - мейлі олар ежелгі, мейлі заманауи болсын - міндетті және шұғыл түрде түрде бұзылуға тиісті екендігіне келіспеушілік жоқ екендігін айтып кету қажет.

Осы жерде біз қабірлердің үстілеріндегі кез-келген құрылыстарды - мейлі олар кесенелер, күмбездер, мазарлар т.с.с. болсын - дереу бұзу қажет екендігі туралы айқын және бір мағыналы түрде айтқан ханафи мәзһабы имамдарының сөздерін келтіреміз.

Бұл сөздерді біз Түркістанда, Бекет Атада т.с.с. жерлерде жиындар ұйымдастырушылар олар өздерін соған телитін, алайда олардың кесірлі амалдарына еш қатысы жоқ ханафи мәзһабы оларды осы қабір орындарында салынған кез-келген ежелгі және заманауи - мейлі олар мешіттер немесе кесенелер болсын - құрылыстарды бұзуға міндеттейтінін білуі үшін келтіреміз. Осының барлығы адамдардың сау, дұрыс идеологиясын сақтап қалу үшін, аймақтағы мұсылман халықтарының әрі қарай салауатты дамуы үшін қажет.

Ал егер біреу-міреу Аллаһ Тағаланың мешіттерді бұзуға бұйыруына таң қалса, онда бұл мешіттер Аллаһ Тағала оларды құруға тыйым салған жерлерде салынды ғой. Олар Аллаһқа және Оның Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнбаушылықтың негізінде құрылды.

Имам әл-Баркауи біз осыдан бұрынғы бөлімде келтірген хадистерді келтірген соң былай деген: «Бұл қасиетті мәтіндерде қабірлердің үстілерінде құрылған барлық нәрселерді - тіпті олар мешіттер болса да – бұзу қажеттілігіне дәлел бар. Өйткені Исламның олар жөніндегі үкімі – олардың толық бұзылуы. Қабірдің үстіне құрылған бірде-бір мешітті қалдыруға болмайды, тек оларды толығымен жермен бірдей етіп тегістеуден басқа, өйткені бұл мешіттер Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мойынсұнбаушылықтың негізінде салынған. Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қабір орындарындағы кез-келген құрылыстарға тыйым салды және олардың үстіне мешіт салатындарды лағынеттеді. Ол сондай-ақ биіктетілген қабірлерді жермен бірдей тегістеуді бұйырды. Осыдан шыға келе, Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) құруға тыйым салған барлық нәрселерді алып тастауға асығу міндетті болып табылады. Ақиқатында, осы құрылыстарды қабір орындарында құрғандар Аллаһ Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) лағынетімен лағынеттелген. Ал Аллаһ Тағала Оның діні мен Оның Елшісінің Сүннетіне көмек және қорғау көрсететіндерді міндетті түрде нығайтады». Қз.: «Зиярат ул-Қубур» 49-51 беттер («Дар ул-Ифта» баспасы).

Мұндай сөздерді сондай-ақ ханафи мәзһабының басқа да имамдары да айтқан, олардың қатарында: Ахмад ибн Мухаммад әр-Руми (Қз.: «әл-Мәжәлис ул-Абрар» 128-129 беттер), Мухаммад әл-Музаффари (Қз.: «Мисбах ул-муминин» 16-18беттер), Субхан Бахш әл-Хинди (Қз.: «Хазинат ул-Асрар» 128-бет.), Ибраһим әс-Сурати (Қз.: «Нәфаис ул-Азхар» 159-160 беттер.), Шах Уалиуллаһ әд-Дахләуи (Қз.: «әл-Баләғ ул-Мубин» 16-19 беттер).

Сондай-ақ ханафи мәзһабының ұлы имамдарының бірі болған имам Ибн Әбил-‘Изз әл-Ханафи де қабірлердің үстіне мешіттер, кесенелер, мазарлар, күмбездер соғуға тыйым салынғандығы және қабірлердің үстіндегі осындай нәрселердің барлығын дереу бұзу қажет екендігі туралы айтқан болатын. Қз.: "Шарх «'Ақида әт-Тахауия"», 21-22 беттер («Дар ул-Баян» баспасы).

Сондай-ақ бұл туралы Бағдад ханафилерінің имамы – имам Махмуд әл-Алюси де (1270 һ/ж) айтқан. Қз.: «Рух ул-Мә’ани» 15/237-239.

Сондай-ақ осындай сөздер имам әл-Хужандиде (Қз.: «әл-Мушахадат» 27-бет) және имам әр-Рибатиде (Қз.: «’Ақд ул-алә» 104-105 беттер) бар.

Қабір орындарындағы кез-келген құрылыстарды бұзу және алып тастау қажеттілігі туралы ғалымдардың бірауызды пікірін (ижма’) сондай-ақ шәфи’и мәзһабының имамдарының бірі – имам ән-Нәуауи де келтірген. Қз.: «әл-Мәжму’» 5/266.

Ал имам әш-Шәфи’идің өзі былай деген: «Мен Меккенің әмірлері (билеушілері) қабірлердің үстілеріндегі құрылыстарды бұзғанын көргенмін, әрі, сонымен бірге, мен осы әмірлердің іс-әрекетін сөккен бірде-бір ғалымды көрмедім» Қз.: «әл-Умм» 1/464.

Сөзге орай, имам әш-Шәфи’идің қабірінің үстіне де кезінде күмбез орнатылған болатын, бірақ кейін ғалымдар оны бұзу туралы пәтуалар шығарды.

Ал егер құрметті оқырман осындай қабірлердің соншалықты көп болуына – тіпті имамдардың қабірлері де олардың үстіне күмбез-кесенелер тұрғызылуынан құтыла алмағанына таң қалса, онда бұл құрылыстарды Ислам ғалымдарымен күресуде еш нәрседен жиіркенбейтін сопылар мен рафидилер тұрғызған ғой. Сопылар әркезде өздерінің қулығымен және зұлымдығымен танымал болған. Олар билеушілер алдында құрметке ие болып, білгендерін істеу үшін олардың алдындағы кез-келген кемсіну мен жағымпаздыққа барады. Олар – өздерінің сұм болмысын адамдардан жасыру үшін әркез жүздеріне қолайлы бетперде жабуға дайын арамза, сұм және өтірікші адамдар. Олар адамдардың алдында үнемі өздерін ізгі, қамқоршы, жұмсақ адамдар етіп көрсетеді де, содан соң адамдар олардың сөздері мен сырт бейнесіне алданып, ата-бабаны құрметтеу идеясымен рухтанып, топ-топ болып Түркістан, Бекет Ата сияқты жерлерге барады. Аллаһ оларды опат етсін, олар нендей жаман бет бұрғандар!!!

Егер оқырман осыған күмән келтірсе, онда Мәруан ибн Мухаммад әт-Татаридің келесі сөздеріне үңілсін: «Үш адамға дінде сенуге болмайды: сопыға, бидғатшыларға қарсы теріске шығару жазатын бидғатшыға, сондай-ақ қиссашыға». Қады ‘Ияд «Тартиб ул-Мәдарикте», Мәруан ибн Мухаммад әт-Татаридің өмірбаяны.

Шейхул-Ислам былай деген: «Пайғамбарлардың, билеушілердің, салиқалы адамдардың немесе кез-келген басқа біреулердің қабірлерінде соғылған мешіттер міндетті түрде бұзулуға немесе басқа жолмен болса да алып тасталуға тиісті. Бұл – мен осыған қатысты танымал ғалымдардың арасында ешқандай келіспеушіліктер білмейтін нәрсе». Қз.: «Иқтида» 159-бет.

Тіпті қабірлерге табынушы сопылардың кейбіреулері де қабірлердің үстілеріне құрылған құрылыстарды бұзу қажеттігі туралы айтқанын білу керек. Сопылардың дьюбандия тариқатының жетекшілерінің бірі Шәбир Ахмад әл-‘Усмани (1369) бұл мәселені қарау барысында келтірілген хадистер қабірлердің үстілеріне құрылған барлық құрылыстар бұзылуы қажет екендігіне нұсқайтынын мойындаған. Қз.: «Фатх ул-Мулхим» 2/506.

Имам Ибн әл-Қайим: «Осыдан шыға келе, қабір үстіне құрылған мешіт бұзылуға тиіс, ал егер мешіт бұрын құрылған болып, мәйіт (оның ішіне) кейіннен жерленген болса, онда мешіт бұзылмайды, бірақ ондағы қабір қазылып, мешіттен алып тасталады. Бұл туралы имам Ахмад т.б. айтқан. Сондықтан Исламда мешіт пен қабір бірікпейді, бірақ олардың екеуінен қайсысы кейін пайда болған болса, сол алынып тасталуға тиіс». Қз.:«Зад ул-Ма’ад» 3/507.

Алайда осы жерде бір маңызды жайтқа назар бұру қажет. Қабір орындарындағы осы құрылыстарды бұзу қатардағы мұсылмандардың міндеті болып табылмайды, бірақ тек осы аймақтың билеушісінің бұйрығы бойынша орындалады. Бұл ешқандай бүліктер мен толқулар орын алмауы үшін, өйткені Ислам кез-келген бүліктер мен толқуларға және анархияға қарсы.

Сондықтан да имам Ибн әл-Қайим былай деген: «Адамдар оларға Аллаһпен қатар табынып, пұтқа айналдырған қабір орындарындағы салынған кесенелерді бұзу әмірлерге міндетті болып табылады». Қз.: осыдан алдынғы дереккөз.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет