Әбунасырәл-Фараби - түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, “Әлемнің 2-ұстазы” (Аристотельден кейін) атанған ғұлама. Оның толық аты- жөні — Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл- Фараби. Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы Фараб (Отырар) қаласында, отырарлық әскербасының отбасында дүниеге келген. Сырдария құйылысы — Мысыр үшін Ніл өзені, Месопотамия үшін Тигр мен Евфрат қалай болса, Қазақстан тарихындағы ежелгі өркениеттің бесігі болып саналады. Фараб қаласында халқы 70 мыңдай болатын үлкен қала болған қалада мызғымас қамалы, мешіттер, базарлар болған. Қала Отырар алқабында орналасқан. Қалаға шектес аудандары отырықшылыққа бейімделген, егін шаруашылығымен айналысқан, Қазақстандағы қала мәдениетінің негізін қалаған. Отырар қала типтес кент ретінде біздің эрамызға дейінгі соңғы ғасырлардың бірінде пайда болған. Қаланың экономикалық және мәдени даму масштабы туралы 60-тан астам елді мекен, қалалар мен қамалдардың қираған үйінділері, қуатты және кең тармақталған суғару жүйесінің іздері осыған дәлел. Ол құнарлы жерлерді суғару көзқарасы тұрғысынан қолайлы позиция алатын әртүрлі географиялық ландшафтар тоғысында орналасқан. Қала құрылысының көне дәстүрлерін және егін шаруашылығында тәжірибесі мол үлкен соғдылардың қоныс аударуына байланысты Орталық Қазақстанда өзіндік қала өркениеті қалыптасқан. Білімге, ізденуге деген құштарлықтың жетелеуімен ол жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, әрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасаған. Өз өмірінің көп жылдарын ол араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін әбден тиянақты меңгеріп, толықтырады. Көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы 16 арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен абырой-беделге ие болады. Бірақ өресі тайыз кертартпа хадисшілер оны жек көріп, күндей бастаған, әсіресе, олар әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден емес, бұ дүниеден іздеп табуға мегзейтін еді. Ақыр соңында әл- Фараби лажсыздан Бағдадтан кетеді. Әл Фараби Бағдад және оның рухани қалыптасу жолындағы ролі туралы ерекше атап өтеді. Бұл қала, қарқынды дамыған мәдениет орталығы еді, сондықтан әртүрлі мәдени дәстүрлер мен ілімдердің тоғысқан жеріне айналды. Әл-Фараби ұжымдық қала туралы: «Бұл қала тоғышар қалалардың бірі болып табылады, сыртқы пішіне қарап, түрлі-түсті бояуға енгендей әсер қалдырады, кез келген адам бұл қалада өзінің тілегені мен қалағанын қанағаттандыра алады. Сондықтан халық қалаға қарай ағылады, орнығып қалады. Қала күннен-күнге ұлғаюда. Осында рулары әртүрлі адамдар дүниеге келуде, шығу тегі мен тәрбиелері мүлдем бөлек балалалар өмір есігін ашуда. Бұл қала әртүрлі бірлестіктерден тұратын, бір-бірінен ерекшеленетін бөліктерден тұрады, сырттан келген адам жергілікті халықтан ешқандай айырмасы жоқ, олардың барлық тілектері мен әрекеттері тоғысады. Сондықтан уақыт ағымына сай қалада атақты адамдар, яғни ғалымдар, шешендер, дана адамдар, ақындар шығуы мүмкін». Бағдад сол кезеңдегі ақыл-ойдың Меккесі еді. Олар өз күштерін, білімін сарп етіп, мектептер ашты, табыстарға қол жеткізді. Осында аудармашылардың тамаша мектебі жұмыс істеді, онда несториандардың қосқан үлесі зор. Олар Платон, Аристотель, Гален, Эвклидтің шығармаларын аударды. Үндістанның мәдени жетістіктерін игеру процесі параллель жүрді. Мұндай жұмыс дербес шығармашылық белсенділікке әсер етті. Бағдадта Әл-Фарабидің тәлімгерлері Юханн ибн Хайлан және белгілі аудармашы Абу Бишр Матта болды. Әл Фараби Юханн ибн Хайлан туралы Аристотель мұрасын шәкірттеріне таратқан адам ретінде баяндайды. Абу Бишр Матта логикадан сабақ жүргізген. Бірақ, орта ғасырдағы деректерге қарағанда шәкірті ұстазынан асып түсуі тиіс. Әл Фарабидің Бағдаттағы жылдарынан бір жағдайда атап өту керек: ол Аристотельдің «екінші Аналитикасымен» танысу мүмкіндігіне ие болды. Әл Фараби Харран қаласына келеді, онда Александрия қаласынан қудаланған несториан ғалымдар тұрған. Ол өмірінің соңғы жылдарын Халеб пен Дамаск қалаларында өткізеді, Солтүстік Сириядағы — Хамданид Сайф ад-Даул жоғары құрметіне ие болады. Әл Фараби 950 ж. желтоқсанда жасы 80-ге келіп, қайтыс болды. Әл Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық- гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты. Әл-Фарабидің философия көзқарастарында басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілігін мойындады, танымның болмысқа 17 тәуелділігін растады, ақыл-парасат туралы ілімді саралады. Мәңгілік пен тәуелділік бастауларын құдіретті Алладан, аспан әлеміндегі құбылыстардың мәнінен, ақыл-парасаттан, адамның жан-дүниесінен, түр мен материя арақатынасынан іздеді. Аристотель қағидаларынан өз дүниетанымына жақындарын қабылдады және оны осы тұрғыдан түсіндірді. Әл-Фарабидің философиялық көзқарасын тарихи жағдайда, оның өз дәуірімен байланысты қарағанда ғана терең түсінуге болады. Орта ғасырларда философиялық ойдың дамуы діни ілім негіздеріне сүйенді. Демек, әл Фарабидің философиялық ілімін де өз кезеңінің діни түсініктері тұрғысынан қарастырған лазым. Бірақ ол бұл түсініктерді философиялық тұрғыдан дамытты. Философ адамды өз болмысын өзі танып білуге тәрбиелеу ісіне үлкен мән берді. Бұл мәселені логикалық, этикалық, педогогикалық, тілдік тұрғыдан кеңінен саралап, бұларды бір-бірімен өзара сабақтастықта қарастырады. Рухани жоғарғы мақсат нышандарын адамдарды өзара байланыстыратын бастаулардан — жан-дүние үндестігінен, әдеміліктен, қайырымдылықтан, бақыттан іздестіреді. “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мемлекет қайраткерлерінің қанатты сөздері”, «Азаматтық саясат», «Бақытқа жол сілтеу» және т.б. саяси-әлеуметтік трактаттарында қайырымдылық пен бақыт мәселесіне кеңірек тоқталды. Қоғамдық өмір проблемаларына арналған барлық еңбектерінен «Китаб ас сийаса ал-маданийа» («Азаматтық саясат» немесе «Саясат») мұсылман әлеміне барынша танымал болды. Адамдар бірлестіктерінің ерекшелік белгілері болып табылатын теориялық және практикалық қайырымдылықтарға тек философияның көмегімен жетуге болады деп тұжырымдайды ұлы ғұлама. Демек, әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Шығыстың ұлы ойшылының мол мұрасына бүкіл дүние жүзі қызығушылық тудыруда. 1975 жылы оның 1100-жылдығын атап өту шарасында үш халықаралық ғылыми конференция болды: Мәскеуде - «Әл-Фараби және әлемдік өркениет», Алматыда - «Әл-Фараби және Шығыс елдерінің ғылымы мен мәдениетін дамыту», Бағдадта - «Әл-Фараби және адамзат өркениеті». Осы халықаралық конференцияда өткен ғасырда пайда болған барлық рухани, прогресшіл және демократиялық идеяларын игеру жөнінде жер бетіндегі әртүрлі халықтардың ғылыми және мәдени ынтымақтастығын кеңейту үрдісі айқын аңғарылды. Ұлы ғұламаның 1100-жылдығына байланысты Қазақстанда тақырыптық жинақтар түрінде әл Фараби шығармалары орыс тілінде жарық көрді. Қазіргі кезде әл Фарабидің бес томдық трактаты баспадан шығарылды: «Философиялық трактаттар», «Әлеуметтік-этикалық трактаттар», «Логикалық трактаттар», «Математикалық трактаттар», «Птоломейдің "Алмагесіне" түсініктеме»; алғашқы екі томы қазақ тілінде жарық көрді. Әл Фарабидің шығармаларының орыс және қазақ тілінде жарық көруі ұлы ойшылдың толық шығармашылық бейнесін жаңғыртуда маңызды теориялық негізді құрайды. Әл Фарабидің 1100 жылдығы біздің еліміздің мәдени өмірінде маңызды орын алды, әлем мәдениетінің тарихына деген қызығушылық тудырды. 18 1951 жылдарға дейін әл Фарабидің «Софистика» және «Риторика» трактаттары сақталып келді: ең біріншісі - еврей тілінде, екіншісі – латын тілінде. Бірақ Ахмед Атеш 1951 ж. Стамбул кітапханасынан логикалық трактаттардың қолжазбасын тапты, ол қолжазбалардың арасында «Софистика» және «Риторика» трактаттары болды. 1960 ж. осы трактаттар қамтылған Братислава қолжазбасы табылды. Әл-Фараби трактаттары қазіргі кезде ғылыми айналысқа түсті деп санауға болады — бұл «Китаб ал-Хуруф», қазақша «Әріптер кітабы». «Әріптер кітабы» — бұл Аристотельдің «Метафизика» еңбегіндегі араб тіліндегі философтардың атауларының бірі, онда тараулар грек әріптерімен берілген. «Китаб ал-Хуруф» —әл Фарабидің бірегей туындысы, оның негізінде Аристотельдің «Метафизика» еңбегіндегі идеяларды талдау мен саралау жатыр. Логикалық пайымдауларға көп көңіл бөлінеді Кітап 1970 жылы Бейрут қаласында шыққан. Аристотельдің ізімен «Метафизикасында» барлық ғылымдардың негізінің алғышарты болып табылатын философия категориясы ретінде «бірінші философия» ұғымын жан-жақты саралап, оларды логикалық ғылымның негізі ретінде қарастырады. «Әріптер кітабы» айрықша жағдайдағы категориядағы логикалық рольді талдайды. Әл Фараби логикалық және ғылыми - философиялық терминологияның, негізін қалап араб және басқа тілдерде ғылыми-философиялық терминдердің салыстырмалы мәндеріне жан-жақты түсініктемелер беруімен, оларды грек және сирийлік тілдерінен араб тіліне аудару тәжірибесі, халықтардың тілі және ғылым тілі, грамматика мен логика терминдері сараланды. Дүние жүзі мәдениетінің дамуында із қалдырған сол көрнекті қайраткерлер, шындығында, адамзат мәдениетінің бірлігін паш етіп келеді. Әл-Фараби осындай дүниежүзілік тарихи тұлғалардың санатына қосылады. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала біліп, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді.