Бақылау сұрақтары:
Жануарларды тасымалдау кезінде жұқпалы аурулар байқалған, ауруға күдік туған кездегі алдын алу шаралары?
Улану кезіндегі терапияның жалпы принциптері?
Жүйке жүйесінің ауруларын атап беріңіз?
Мұрынның кілегей қабаттарының қабыну көріністері?
Ас қорыту жүйесінің аурулары байқалғанда қандай емдік шаралар қолданады?
Тасымалдау кезіндегі жануарлардың жұқпайтын ауруларын атап беріңіз?
Көліктік күйзеліс деген не және алдын алу шаралары?
Аминазин препаратын қандай ауруларда қолданады?
Жануарлардың күйзеліс жағдайында қандай шаралар қолданады?
10 Тарау
КӨЛІК ЗАТТАРЫН ВЕТЕРИНАРЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ ӨҢДЕУГЕ
АРНАЛҒАН ДЕЗИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЗАТТАР Инфекциялық аурулардың алдын алу және күресу үшін дезинфекция маңызды рөл атқарады. «Дезинфекция» сөзі латын тілінде
«infectio» және француз тілінде «des» -жою сөздерінен шыққан. Қазақ тіліне аударғанда дезинфекция сөзі «жұқтырудан сақтау» деген мағынаны білдіреді.
Жалпы ветеринарлық-санитарлық құрама бөлігінің бірі –ол темір жол көлігіндегі тазалау, ыстық сумен жуу және дезинфекция жұмыстары. Вагондардың ветеринарлық-санитарлық қолайлылығын сақтау үшін дезинфекциялық жуу және дезинфекциялық пунктер үлкен жұмыс атқарады.
Темір жол көлігінде вагондардан басқа, дезинфекцияға жататындар: малды жөнелту платформалары; мал загондары; суару пунктерінің территориясы; жол бойымен стансаларда алынған жануар өлекселерін сақтайтын бөлмелер; стансалық сақтау қоймалары; ашық канализация; қиды сақтау территориясы және т.б.
Вагондарда жұқпалы ауруға шалдыққан мал тасымалданса; жолда мал өлуі байқалса; импорттанатын жануарлар және жануартекті өнімдер тасымалдағанда жол көліктерінде вагондар дезинфекциясы міндетті түрде жүргізіледі.
Вагондар дезинфекциясының тиімділігі ең алдымен механикалық тазалаудың, әсіресе малдарды тасымалдағаннан кейінгі сапасына байланысты.
Дезинфекцияның негізгі шарты, ол вагон ішінің техникалық қалпы, оның құрылымының толық болуы болып табылады (тегіс қабырғалар, тесіктердің жоқ болуы, еден тақтайлары тегіс болуы керек).
Жоғары температура дезинфекциялық заттардың әсерін жоғарылатады, себебі ол физикалық және химиялық әсерлерді тездетеді. Жылы және құрғақ ауа райы болғанда, мысалы, жуылған вагон тез кебеді, ол дезинфекциялық ерітіндінің қабырғаларына сіңірілуін жақсартады. Ауа райы суық және ылғалды болғанда, вагонның қабырғалары мен едені дұрыс кеппейді. Әсіресе дезинфекциялық заттардың әсері қысқы уақытта төмендейді.