Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) Қазақтың



Дата15.09.2017
өлшемі443,96 Kb.
#33545
Шәкәрім Құдайбердіұлы

(1858-1931)

"Қазақтың өлеңінің пірі болған,

Халқының сөзін айтар ұлы болған.

Абайдың аманат қып беріп кеткен

Шәкәрім түсірмеген туын қолдан"

(С.Мәуленов)

Өмір жолы мен шығармашылығы

 

Абай дәстүрін жалғастырушы қазақ халқының аса көрнекті ақыны, ойшыл ғалымы Шәкәрім Құдайбердиев 1858 жылы 24 шілдеде бұрынғы Семей уезіне қарасты Шыңғыстау болысының Кеңбұлақ деген жерінде дүниеге қелді. Әкесі Құдайберді Құнанбай баласы, ұлы ақын Абайдың ағасы, шешесі Қаракесек руынан шыққан Алдаберген есімді кісінің қызы. Аты – Төлебике. Ол өзінің қолының ашықтығымен, көпшілдігімен, қайырымдылығымен, дастарқанының молдығымен елдің ықылас ілтипатына бөленіп, кейін келе Дәметкен атанып кеткен мейірімді жан болатын. Шәкәрімнің ерекше ақылдылығы басқа балалардан өзгешелігі 4-5 жасынан-ақ байқалады. Әкесі оны бес жасында өз ауылындағы молдаға арабша оқуға береді. Аса зеректік танытып, ол көп кешікпей арабша, парсыша хат танып, кітап оқуға жарайды. Өйткені Құнанбай аулында араб, парсы тіліне жүйрік, шығыс әдебиетін жақсы білетін адамдар болған. Сондай-ақ, атасы Құнанбай жылда қант-шай, өрік-мейіз, мата әкелуге Ташкент қаласына керуен жібергенде араб, түрік, парсы, шағатай тілдерінде шығатын әдеби кітаптар мен лұғаттар алдырып отырған. Кейінен Құнанбай балалары осы әдеті бойынша Семейден де орыс, қазақ кітаптарын, газет-журналдар алдырып тұрған. 1866 жылы 37 жасында Құдайберді дүниеден қайтады. Ол кезде Шәкәрім 7 жаста еді. Сол күннен бастап, ол атасы Құнанбайдың қолында тәрбиеленеді. Ал, әкесінің інісі 20 жастағы Абай оның шын қамқоршысы болды. Ол Шәкәрімнің ерекше зеректігін, дарындылығын байқап, білімін тереңдету ісін тікелей өз қолына алады. Орысша жақсы сауаты бар Мүрсейіт Шәкәрімге орысша хат танытады. Ол кезде жер мәселесі жөнінен ауылға землемерлер көп шығады екен. Зерделі де алғыр бала соларға еріп жүріп, орысша жақсы сөйлейтін болады.

Шәкірімнің ойшыл, суреткер, ақын ретінде қалыптасуына біріншіден, қазақтың ежелден келе жатқан аса бай ауыз әдебиеті мұрасы өз ықпалын тигізгенін көреміз.



Ол туған халқының осынау бай рухани қазынасына жастайынан қанық болды. Эпостық аңыздарды сүйіп тыңдап, жаттап алды. Бейнелеу, жанды суреттеулерге назар аударып, кейін өз шығармаларында шебер пайдалана білді. Халық өлеңдері мен туындыларынан кейіннен үндестік тауып, тілдік қазыналар мен мақал-мәтелдер, жұмбақтарды, шешендік сөздерді, афоризмдерді орнымен қолданып отырды. Ол үлкен жиын-тойларда сал-серілер салған ән, тартқан күйлерді естіп, ақындар айтысын қызыға тыңдайды. Ауылдарына жиі келетін ертекші, қиссашыларды тыңдап, билер сөзіне ерекше ден қойып, көкейіне тоқи білді. Мұның бәрі оның білімге, ғылымға деген ынтасын арттыра түсті. Абай да үнемі қозғау салып, қазақша, орысша кітаптарды, хат оқуға, өлең шығаруға баулып тәрбиеледі. Арабша, парсыша лұғаттарға үңіліп, тани білді. Абайша еңбек етіп, өмір сүруді мақсат етіп қояды. Шәкәрімнің дүниетанымы, әдеби-музыкалық талғамы, эстетикалық қөзқарасы Абайдың әсерімен прогрестік бағытта дамып қалыптасады. Шәкәрім 14-15 жасынан бастап өлең шығара бастайды. 1859 жылы "Жастық" туралы өлеңін жаңа түр, формада Абайдың "Сегіз аяқ" үлгісінде шығарған. Зерделі суреткер айналасындағы өмір өзгерістерін жіті бақылап көре білген. Ол өнердің басқа түрлеріне де қызығып өз қабілетін таныта білген. Ерекше шешендік, тапқырлықпен талай шиеленіскен дауда билік айтып көзге түскен. Ою-өрнек сызып, тасқа бедер салған. Қашып бара жатқан түйені қуған қасқыр бейнесін тасқа қашып салған. Әдемі киім үлгісін ойлап тауып, жеңгелеріне киім пішіп берген. Домбыра, скрипка жасайтын шебер болған. Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы ұстап, аңшылық, саятшылық құрған. Мұның барлығы Шәкәрімнің жан-жақты дарын, қасиеттерін ашып, дәлелдей түсері хақ. Этнограф Садық Қасиманов: "Мен өзім сол елдікі болғандықтан Шәкәрім қажыны арнайы іздеп барып, бірнеше рет сәлем беріп әңгіме тыңдаған адаммын. Ол кісінің әңгімелерінің көбі жаратылыс және "не жақсы", "не жаман" – деген тақырып төңірегіндегі философиялық ойлар, болжамдар болып келуші еді", – деп жазады. 1899 жылы Абай Шәкәрімді шақырып алып жаңа бір бағытқа жол сілтейді: – "Сен жассың ел көр, жер көр, араб жеріне қажыға бар, сонан соң үлкен шығыс шаһарлары Медине, Мысыр, Стамбулды арала, ондағы дүние жүзіне белгілі кітапханаларға барып, ғылыммен таныс, жол қаражатыңды мен берейін", – дейді. Демек, ұлы Абай інісіне зор үміт артып, сенім білдіріп, келешегіне көрегендікпен қарай білгенін танытады. Шәкәрім, бұл ұзақ жолға бірнеше жыл дайындалады. Араб тілі лұғаттарын бірнеше рет қайта қараттырып, түрік, парсы тілдеріне де терең үңіліп ден қояды. Бауырларының қазасы, ұлы Абайдың дүниеден өтуі қаншама қиыншылықтар әкелгенімен, Абай ағасына берген уәдесінде тұрып, 1906 жылы қажыға барады. Медине, Мысыр, Стамбул қалаларындағы кітапханаларға барып көне қолжазбалармен танысады. Еуропалық философ ғалымдардың басылып шыққан ғылыми еңбектерін сатып алып, оларды Семей қаласында тұратын Әнуар Молдабаевтың үйіне почта арқылы салып жіберу, көшірмесін алу т.б. қыруар жұмыстар атқарып, елге 1907 жылы оралады. Бұл сапардың нәтижесінде оған бұдан былай тек шығармашылық пен ғылымның тұнығына терең бойлауға жол ашылады. Абай танып, оқып білген Шығыс ақындарымен Шәкәрім ерте танысып, зерделей білген. Ол: Хожа Хафиз, Фзули, Науаи, Хафизді жанына ерекше жақын тұтқан. "Оятқан ерте мені Шығыс жыры" – деп өнеге алған алғашқы бұлақ бастауы деп сақтаған. Фзулидің "Ләйлі-Мәжнүнін" осы үлгімен 1907 жылы қазақша жазған.

Шығыс ақындарының әр түрлі үлгіде дамытқан мысал жанрын ақын жақсы игере білді. Мысалы: "Бояушы суыр", "Ақылшы торғай", "Епті тышқан" т.б. мысалдар арқылы адам бойындағы келеңсіз жайттарды көркемдеп суреттей отырып адал еңбекті, адамгершілікті, әділдікті насихаттады. Мысалы: өзінің жан дүниесіне әсер еткен жайларды, қуаныш, сүйініш сәттерін, заман туралы ой-толғаныстарын өлең жолдарына түсіреді. Шәкәрім сомдаған кейіпкер мен фольклорлық кейіпкерлер арасында ұқсастық, көрінгенімен, әр сөзі өз орнын тауып жаңа бір қырынан сыр шертеді.

"Ғалымсыз адам айуан

Не қылсаңда ғылым біл".

Мысалы, "Жастық туралы" өлеңінде батырлар жырында кездесетін теңеулерді өте әдемі қолдана білген. Мұнда ақын: қыз сұлулығын "Гауһардай көзі, айдай жүзі", "Сымдай бойы" деп суреттей отырып, "Қыздың мінезі майдай, ақылы мол дариядай", – деп суреттейді. Демек, бұл жерде қанша сұлу болғанмен қыз бойындағы асыл қасиеттер оның мінезі мен ақылынан көрінсе керек деп ой тұжырымдайды. Басқалардан артықтығы осында жатқанын дәлелдейді. Ақын іздеген, армандаған қыз кімді болса да бей-жай қалдырмайтыны осындай болса керек. Шәкәрім сұлу қыздың бейнесін жасауда аспандағы күн, ай, жұлдыз шоғырын толық қатыстырып, жандандыра, қозғалыста жырлайды. Сұлу қызбен бетпе-бет келгенде ажарына шыдамай күн де батып кетеді. Бұл сұлулықты сезіну, оның рахатына бөлену Ай мен жұлдызға бұйырады. Аңыздағыдай тамаша теңеу, суреттер, ғажайып көрініс оқырманды ерекше бір шынайы сезімге бөлейді. "Ақыл құсы адаспай аспандаса", деп философиялық ой түйіндеп, сезім отына өртенбей аман қалуды меңзейді.

Шәкәрім өзі өмір сүрген кездің, қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық дамуын, өсу дәрежесін, кемшіліктерін т.б. жан-жақты саралап жете түсіне білген. Өз халқының болашағы үшін жанын ауыртып, тұйықтан шығар жол іздеумен болған. Келешек жастарға үлкен үмітпен қарап, сенім білдірген.

Кел жастар, біз бір түрлі жол табалық”


"Жастарға" атты өлеңінде ағартушылық көзқарасы толық көрінеді. Данышпан, ойшыл ақын, парасатты, әділ жан ұлы Абайды жастарға үлгі тұтуы тектен-тек емес, үлкен білімпаздығын танытып толықтыра түседі. Жастарды білім жолындағы шамшырақ Абайдан ақыл – үйренуге шақырады. Мысалы:

 

... Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,



Жалыналық Абайға жүр баралық

Білімді сол кісіден ізденелік.

 

Шәкәрімнің көптеген өлеңдері ағартушылық сарында жазылған, бірақ ол жаман ұраншылдыққа ұрынбай, құр ақыл айтумен шектелмейді. Айтар сөзін жеріне жеткізе, кімнің болса да жүрегіне дөп тигізер сәтті іздейді. Мысалы, ақынның "Насихат" атты өлеңінде жастарды білімге, ғылымға өнерге шақыра отырып, оны меңгеріп үйренудің жолын көрсетуге тырысып, ой қозғайды. Қазақ халқының сол кездегі рухани-психологиялық портретін жасай білді. Азаматтық істер, жауапты міндеттерді атқаруға үндейді. Ғылым-білімді үйренуді таңсық көрмей, білгеніңді еліңе, халқыңа таратып, басқаларға үйрете білу басты парыз екенін нақты дәлелдейді. Мысалы: "Қай ғылымды білсеңіз де, қазір оны елге жай, құр ішіңде кеткенше пайдалансын өзгелер", – деп міндеттейді. Бұл жерде ақын ұлы Абай нұсқаған жолды, оның идеясын өз халқын оқуға, білімге, ғылымға шақырған ойларын шығармашылықпен жалғастырып, дамытады. Ол да Абай кешкен күйді кешіп, өз өлеңдерінде өнер мен ғылым, еңбек тақырыбын бірінші кезекте жырлайды. Ақын лирикасындағы шыншылдық, терең-ой, тың толғаныстарды байқаймыз. Әсіресе, ғылымды ойын-қулыққа айландыру арам ниетті адамдардың ісі екенін, олардың қолына түскен ғылымның пайдасы жоқ, – деп түйіндейді.



 

Шын залымға берме ғылым, ол алар да оқ қылар.

Қаруым дер, кісі атын жер, ол ғылымды айла етер", –

 

т.б. сияқты өлең жолдарында ащы шындық жатқанын, ақынның жан айқайын сеземіз. Егер ұлы Абай:



 

"Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез", –

 

деп сөз түсінетін, ақылды, талапты жандар ғана ғылымды халық игілігіне жарататынын данышпандықпен көрсетсе, Шәкәрім де осы терең ойды бекіте түсіп, нағыз шын ғалымды армандайды.



Оны

 

"Ғылымсыз адам – айуан,



Не қылсаң да ғылым біл", –

 

деп жастарға ой тастап, осы жолға шақырады.



 

"Ғылым тап жас күніңде буын қатпай,

Басында байқамассың дәмін татпай.

Менің көрген жайымды сендер білсең,

Ғылым үшін жүрер ең тыным таппай.

 

Өзінің басынан кешкен жағдайын мысал етіп, тынымсыз еңбекке үндейді. Адамның ең асыл қасиеттерінің бірі еңбек ету екенін ашып көрсетеді. Адам бақытының негізі үш нәрсеге тірелетінін, яғни кірсіз ақыл, мінсіз сөз және адал еңбекке тірелетіндігін көрсетеді.



Ақын өлеңдерінің негізгі өзегі – еңбек тақырыбы, бұл бүкіл жаман әдеттерден тазарудың кілті, шындыққа жеткізетін сара жол, – деп бағалайды.

 

Ақ жүрек пен Таза ақыл,



Қылсаң адал еңбек,

Бәрінен де сол мақұл –

Артқыға жол бермек.

 

немесе



 

Адал еңбек берер бақ,

Бассаң соған қадам,

Сен бола гөр аққа хақ,

Болам десең адам, –

 

деп адамдық биіктік адалдықты жақтау жолында еңбектенсең, өмірден өз бақытыңды табасың, деп өз ой-толғамын жас ұрпаққа жеткізе түсіндіреді.



 

"... Еңбекке шыда ебін тапта",

" Сабырдың түбі – сары алтын"

 

сияқты өлең жолдарынан мақал-мәтелді орнымен пайдалана білгенін көреміз. Өзінің күрделі ойларын жеткізуде әсерлі, көркем бейнелі сөздер қолдануымен, әсерлі, бейнелі теңеу, эпитет, сан құбылған ауыстырулар өлеңдерінде мол кездеседі.



Шәкәрімнің "Жастарға" атты өлеңінде жақын ағасы Абайдың биік ақыл-ой-парасатын, білімін, халыққа, болашаққа жол сілтеуші ретінде ерекше бағалап, түсінгенін көреміз. Оның кемеңгер даналығына бас иеді, одан үлгі алуға, өнеге, ғибрат тұтуға бүкіл қазақ жастарын шақырады, үндеу айтады. Мыс:

 

Білімді сол кісіден ізденелік!



"Әдейі іздеп біз келдік сізге" – делік

"Өмір зая болмастық өнер үйрет,

Ақылыңды аяма бізге" – делік...

 

Өмірдің шам-шырағы, жарық, жұлдызы, бар қазақ үшін ұлы тұлға болатынын көрегендікпен дәл болжайды.



 

...Надандықтан еліріп босқа жүрсең,

Мына заман қөрсетер бізге тарлық", –

 

дей философиялық тұрғыдан тұжырым жасай отырып, жастардың сана сарайын ашудың жолдарын іздестіреді.



Абайдың ұлылығын түсінбей, ұқпағандарды сынға алады, надандығын ашып айтып, олардан аулақ болуға шақырады. Халқының, жастардың болашақ тағдырына зор үмітпен қарап, алға ұмтылуға үндеуді азаматтық парызым деп ұққанын көреміз.

Қазақ халқының мәдениетті, білімді ел болып басқа елдермен тең болуын армандаған ақын, ел ішіндегі келеңсіз жайлардан қорқады, жаман әдеттен арылуды мақсат тұтады.

 

Қазақтың жайнар даласы,



Жетілер оқып баласы.

Шошытатын мені сол,

Олардың күнде, таласы, –

 

деген өлең жолдарынан ақынның ащы даусын, жүрек жарды үнін анық танимыз. Бұл толғаныстың бүгінгі, ертеңгі заманның адамдары үшін қажеттілігі мен құндылығы, мән-мағынасы жарқырай беретіні сөзсіз. Ақын қорқынышы кімді де болса ойлантпай қоймайды. Күндестік, мақтаншақтық жақсы жолға апармайтынын жеріне жеткізе айтады.



Өз халқының тағдырына ерекше жаны ашыған ақын Абай сияқты айналасындағы келеңсіз жайттарға сын көзбен қарайды, озық елдердің тәжірибесін үлгі тұтады.

 

"Көрінгенге көз сүзбей күнін көріп,



Қазақ қашан ел болар құдайым-ай, –

 

деп жалқаулық пен еңбексіз, қыдырымпаз тоғышарларды паш ете отырып, өзінің лирикалық туындыларында қатты сынға алып көрсетіп, одан құтылудың жолын нұсқайды, өзіндік ой-тұжырымдарын білдіреді.



Шығыс пен Батыстың көптеген туындылары Шәкәрім шығармашылығы арқылы қазақ еліне белгілі болды. Ол XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің озық туындыларымен танысты. Гоголь, Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Л.Толстой, Некрасов, Салтықов, Щедрин т.б. еңбектерін шығармашылық тұрғыдан зерттеп үйреніп, терең үңіліп, нәрін түсінген. Өзінің тарихи-философиялық, эстетикалық ой-тұжырымдарын қалыптастыруға орнымен пайдалана білген, өзін "Толстойдың шәкіртімін" – деп мақтан тұтып, бірнеше әңгімелерін қазақ тіліне аударған; Пушкиннің "Дубровский", "Боран", повесін өлеңмен аударып, 1908 жылы жариялаған.

Тынбай ізденуінің арқасында Шәкәрім философ Шопэнгауердің, Ало Бичер Стоу Гариэттидің еңбектерімен танысып қоғам, өмір жайлы көзқарастарына сын пікір білдірген. Ақын ең негізгі артта қалар байлық ғылым, білім, өнер екенін айтып ерекше бағалағанын



 

Анық байлық дүниеге біткен өнер,



Білімдінің бәрі де соған көнер, –

 

деген жолдарынан анық көреміз. Шәкәрім – өзінің ізгі ойларын, халқына деген адал махаббатын өлеңмен өрнектеп жеткізген ақын.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет