* * *
Наполеоннан кейін басы адам, денесі арыстан пішінді
Сфинкстің мұрны түсіп, сәңкиіп қалған. Ротмистр Аркадий
Приходькодан кейін Сыпатай күмбезінің төбесі қара шешек
шалғандай, шұрқ-шұрқ тесік, шұбар ала болып қалды.
Дүние қызық қой. Сол Наполеон топан судың ортасында,
Әулие Елена аралында айдауда жүріп өлді. Асқазан рагінен
азаппен өлер алдында мүмкін оның көзінің алдында мұрны түсіп,
сәңкиген үрейлі Сфинкс жаналғыштай болып тұрған шығар,
кім біледі. Наполеонның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал сәңкі
пұшық Сфинкс әлі тұр Мысыр шаһарында...
Ротмистр Аркадий Приходько қайтар жолда мұны ойлады ма,
ойламады ма – белгісіз. Бірақ жол бойы жақ ашып, тіл қатқан
жоқ, әкесі Приходько өлгендей мәстек аттың үстінде түнерді де
отырды.
Ол жұрт топырлап тұрған жерде ғана басын көтеріп алды.
Теляшкин тобы соңғы тұтқынды жайғастырып болып, бұларды
күтіп тұр екен. Соңғы тұтқын екі қолы артына байлаулы, екі
аяғы да қосақталып таңылған, қарағай бағанның темір құлағына
өзінің қам қайыс белдігіне мойнынан ілініп салаңдап қалыпты.
Қарағай бағанға асылған адам аса ірі көрінді. Адам өлгеннен
кейін бойы ұзарып кетеді деседі, мүмкін рас та шығар, әйтеуір
мына тұтқынның аяғы жерге тиер-тимес салбырайды.
Ротмистр салбыраған денеге таяп барып, әлгінің бетіне ұзақ
қарады. Тұтқын басы ротмистрге жоғарыдан төніп тұр. Екі ұртын
басқан шалғы мұрттың ұшына тұрып қалғандай бір-бір тамшы
жылтырайды. Жантәсілім алдында көзінен жас шыққан шығар.
Зор денесінде жыртық-жыртық бөз көйлектің сілемі ғана бар.
Басы құлаған төсінен тұмар сияқты бірдеңе көрінеді. Ротмистр
аласа аттың үстінде үзеңгіге аяғын тіреп тұрып, ерден құйрығын
көтеріп, әлгі тұмарға үңілді. Алақандай ағаш тұмар ала жіппен
әлгі адамның мойнына тағылған екен. Орысша жазуды көріп,
ротмистр бұрынғыдан бетер құмарлық қысып, әлгіні оқи бастады.
Ағаш тақтаның бетіне сия қаламмен қисық-қисық жазылған сөз:
«Туркестанский край, Аулие-Атинский уезд, Меркенский
участок, аул Манрак, Тайлак» деп тұр.
– Маңырақ қайсы? Өртеніп кеткен ауыл емес пе? – деп сұрады
ротмистр Теляшкиннен.
– Дәл солай, мәртебелі мырза.
– Ауылда жүріп адасып кетем деп ойлады ма, мұны неге тағып
алған?
– Надан киргиз ғой, мәртебелі мырза. Бұл киргиз да солдатқа
қара жұмысқа алынатын болған. Егер солдатқа кетсем, керек
шығар дегендегісі ғой, сірә. Бұлардың көбісі сөйтеді. Осындағы
орыстарға жаздырып алады.
Ротмистр ойланып қалды.
– Демек, бұл солдатқа баруға бір мезгіл пейілді де болған.
Бірақ бүлікшілдердің дүрмегіне қосылып кеткен. Кешірім етуге
де болатын екен. Бекер дарға асып жібергенсіңдер, Теляшкин!
– Дәл солай, мәртебелі мырза! Бұл өзі осындағы құрметті
Кузьмин байдың жалшысы еді. Мұны азғырған сол Кузьминнің
екінші жалшысы Пахом Петров деген орыс, майданнан мүгедек
болып қайтқан. Соның арбауына түсіп қалды.
– Соны біле тұра, неге өлтірдің иттің баласы?!
– Өзіңіздің әміріңіз бойынша мәртебелі мырза. Бұлардың ақ-
қарасын тексеріп жататын сот болған жоқ қой.
– Қысқарт!
– Ал Пахом ит болатын болса, киргиз бүлікшілеріне қосылып
кетіп, кеше бізбен соғысты ғой.
– Ол қайда қазір?
– Оққа ұшып өлді, мәртебелі мырза. Мен өзім көрдім. Алғашқы
шайқаста. Маңырақ маңында.
– Атама сол қарғыс атқан ауылдың атын!
Ротмистр әлдеқайда, батыс жаққа көз қадап, басын әнтек
шайқап, мырс етті.
– Герман соғысында ерлікпен өлудің орнына, елге оралып,
бүлікшілерге қосылып, өз қандастарының қолынан оққа ұшу...
неткен масқара!
Әйтеуір мырзаға жағымды бірдеңе істесем деген ниетпен
Теляшкин ептеп қана:
– Мәртебелі мырза, онда бұл киргизді адам сияқты жерлесек
қайтеді? – деп сипақтады, бағанды нұсқап.
– Қажеті жоқ, болары болды. Тұра берсін.
Осыны айтып ротмистр мәстек аттың тоқ бүйірін торс-торс
тебініп қалды.
Жапқан көзден бастап көрген-білгенін айтқан кезде – о
дүниеліктердің бәрі-бәрі Тәңірінің өзі бастап, күллі періштелер,
әзірейіл, жәбірейілдер селт етпестен ұйып тыңдап, үнсіз
тебіреніп, күйзеліп, күңіреніп кетті. Тіпті, Тәңірінің де қызыл
жиек кәрі көздерінен сора-сора жас парлап, ұзын ақ сақалын
жуып ағып жатты.
– Апырай-ай, біздің мұндағы тамұғымыз – жарық дүниедегі
сұмдықтарға қарағанда жұмақ екен ғой! – деп тіл қатты бас
Әзірейіл.
– Е, бейшара пендем, көрген азап-тозағың басыңдағы
шашыңнан да көп екен. Сен күнәдан пәк, нағыз періштесің, – деді
Тәңірі кеуілжірігі жібіп кеткен дәу мұрнын бір тартып қойып. –
Қаласаң, осындағы періштелердің бастығы етіп қояйын. Қаласаң,
сені тірілтіп, жарық дүниеге қайта жіберейін. Таңдағаныңды ал.
– Жо-жоқ, қайтпаймын! – деп Тайлақ шар-шар етті.
– Сонда қалай? – деп Тәңірі сарсаң, екі қолын екі жаққа жайып
жіберді,– «Уа, Тәңірі, тірі қыла гөр, өлтіре көрме!» – деп жарық
дүниеден келіп жатқан арыздардан менің құлағым керең болып
қалды. Ал сен ғой, қайта тірілгің келмейді.
– Ей, Тәңірі! Жақсылық қылсаң – мен жарық дүниеде жүргенде
қайда қалдың! Мен саған сонда жалынбады дейсің бе?! – деп
Тайлақ ашына айқайлап жіберді.
Тәңірі қызыл жиек, ақ шел көзін тайқытып, төмен қарады.
Аппақ періштелер ұялғаннан қып-қызыл болып кетті. Әзірейіл,
Жәбірейілдер өз бастарын өздері тоқпақтап, беттеріне тырнақ
салды...
Достарыңызбен бөлісу: |