Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет53/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
4кл Презентациядағы анимация, 4кл Презентациядағы анимация, 00178533-2638c567, 2-sabak-57867617be58f (1), 2-sabak-57867617be58f (1), Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер, Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
* * *
Гүрс  ете  қалған  мылтық  дауысы  шатқалдың  ішін 
жаңғырықтырып,  тау  теңселгендей  болды.  Тұрар  аттың  басын 
тарта  беріп,  қатарында  келе  жатқан  Қабылбекке:
– Тоқта! – деді.
Қабылбек онсыз да тізгін тартқан.
–  Аңшы  болар,  –  деді  Қабылбек  қаһарлы  үн  шыққан  жаққа 
құлақ  түріп.
– Ел көшіп жатқан сайда аң жүре ме? – Тұрар шүбәланып сәл 
тұрды да:
– Не де болса, барып көрейік, – деп аттың басын өрге қарай 
бұра  берді.
– Жолдан бұрыс қой, Тұрар. Ерте күнді кеш қылмай Бектеннің 
ауылына жетейік те, – Қабылбек осылайша уәж айтып еді, Тұрар 
көне қоймады.
– Бектен бізді сағынып қалса да, күте тұрады. Жүр!


Қос салт атты шоқыға түсіп көлденең белдің қырқасына шыға 
келгенде,  алдарынан  Аспара  өзенінің  аңғары  арса-арса  болып, 
лебімен  тартып  жіберердей  суық  көрінді.  Аңғардың  түбінде 
күміс  жалатқан  жыландай  жалтылдап,  ирелендеп  шапшып 
жатқан өзен. Сол өзенді бойлай көтерілген жалғыз аяқ жолдың 
үстінен қараң-құраң мына биіктен құрт-құмырсқадай жыбырлап 
қана  байқалады.
Қырқадан қиялап төмен түсу атқа қиын. Құйысқанды ердің өзі 
аттың мойнына лықсып кете берді.
«Қазақ  жастары  революциялық  одағының»  мүшелері  бүгін 
Меркенің  болыс-болысына  екеу-екеуден  бөлініп  аттанған. 
Мақсат  –  Атамырзаның  «декретіне»  қарсы  үгіт.  Халықтан  мал 
өндіріп алу туралы шешімін әшкерелеп, елді уақытша үкіметке 
қарсы  күреске  шақыру.  Тұрар  мен  Қабылбек  бұл  мәселенің  ең 
түйінді жері – Аспара болысына бет алып еді. Жолдан бұрылып, 
тау  қиялап  түсіп  келе  жатқан  беттері  мынау.
Осы шатқалмен өзен бойын өрлеп, ойдағы ел Сусамыр асып 
жатқан  шақ.  Жар  жағалаған  жалғыз  аяқ  жол  –  қияметтің  қыл 
көпіріндей.  Сусыма  қорым  тасты  жолдан  тұяғы  тайған  мал 
құзға құлап, төменде шапшып жатқан асау өзенге барып бір-ақ 
дамылдайды.  Ол  судан  ешкімнің  сүйегі  табылып  көрген  емес.
Сол қиыншылыққа қарамай биыл ойдағы елдің байлары ғана 
емес,  жөндем  шаруалары  да  азын-аулақ  тұяқтарын  Сусамыр 
асыруға асыққан. Атамырза жұрттың малын жинап алады екен 
деген хабар тарасымен, не де болса, тау асып, тас басып кетейік 
деп сасқан ел.
Тау қырқасын қиялаған қос салт атты сол соқпақтың үстінен 
түсті.
* * *


Тобылғы  гүлдеген  тоты  дәурен.  Қырық  жыл  қуаң  болса  да 
таудың  нілі  таймайды.  Ойдағы  тозаң  тұтқан  кермек  жусаннан 
кейін тау беткейіндегі дүрия шалғынға  мал құныға бас қойып, 
қомағай  қара  мал  сасырдың  жапырағын  тілімен  орап  алып 
сыдыра сыпырады. Жылқы баласы сыпайылық сақтап, киік оты 
мен теңге жапырақ сияқты шөп асылдарын ғана таңдап шалады. 
Ешкі жарықтық адамдардың «шәй-шәйіне» көнбей тобылғының 
қабығын,  долана  мен  аюбадам  қабығын  кеміреді.
Беткей қусырылып, мал да, адамдар да қаздай тізіліп, бір табан 
жолға түскенде, гүлрайхан дүниенің түсі өзгеріп, мүк пен қызыл 
қына басқан тарғыл тастар әлемі басталды.
Тастұмсық бұлым айналып, ең бір қылға тұстан өтер жерде 
алдыдан  иттің  үйшігі  сияқты  жыбырлаған  жәшіктер  көрінді. 
Жайлау жолының жымын жақсы білетін жол бастаушы Дүрмен 
жылқышы белі бекем келте торы аттың басын тартып, таң қалып 
тұрып  қалды.
Алды бөгелген көш іркіліп, не кейін шегіне алмай, не қиянға 
шыға  алмай,  не  құзға  түсе  алмай,  тар  қылғада  қысылып,  мал 
болса, бір үрей билеп, сиыр мөңіреп, солықтаған қой маңырап, 
кебенек  келгір  шыдамсыз  ешкі  қиянға  өрмелеймін  деп  сусыма 
тастан домалап түсіп, құзға құлап бара жатып жан дауысы шыға 
бақырды.
– О, не боп қалды, неғып тұрмыз?! – деп арттағылар айқайлады.
– Мына біреу... – деп жолбасы Дүрмен жылқышы күмілжіп, 
ол  «мына  біреудің»  не  екенін  өзі  де  түсіне  алмай,  аттан  түсті. 
Алдында қаз-қатар тізулі тұрған жәшіктердің шеткісін аяғымен 
теуіп  көрді.  Ары-бері  шұқылап  болып:
– Ой, әкеңнің! – деп рахаттана бір сыбап алды да, әлгі жәшікті 
теуіп кеп жіберіп еді, салдыр-гүлдір төмен қарай, тастан тасқа 
секіріп,  жол-жөнекей  быт-шыты  шығып,  жәшіктің  жаңқалары 
жан-жаққа  шашырады.
–  Еріккен  енеңді  ұрайындардың  істеп  жүргенін  қарашы! 
Құдайдың кең даласы жетпегендей тар жолға әкеліп омарта қойған 
қандай  жын!  –  Дүрмен  жылқышы  енді  бал  ара  омарталарын 
шетінен  теуіп,  құзға  құлата  берді,  құлата  берді.


– Әй, дүлей, абайла, орыс байынікі болып жүрмесін, бәлесіне 
қалып жүрмейік, – деп арттан біреу тоқтау айтты.
Айтса – айтқандай, жақпар тастың тасасынан сау етіп үш-төрт 
атты шыға келді. Сонда ең алдында келе жатқан Кузьмин байды 
біреу танып, біреу танымады.
– Ей, ақымақ! – деп Кузьмин Дүрменге айқай салды. – Heгe 
тиісесің  омартаға?!
–  Е,  жолды  неге  жабасың?  Басқа  жер  таппадың  ба?  –  деп 
Дүрмен  ежірейе  түскенде  ашудан  жалақ  ерні  шытынап,  қан 
шығып  кетті.
–  Ойбай,  Көзмін  ғой  анау!  Онымен  шатаспайық.  Былтыр 
Маңырақты өртетіп жіберген Көзмін ғой. Ол аямайды. Қайтайық! 
– деп арттағылар шу-шу етеді.
«Өзі  Көзмін  болса,  өзі  Маңырақты  өртеп  жіберсе,  одан 
аянатын не бар?! Неге қорқады мына сорлылар?! – деп Дүрмен 
арттағыларға  ашуланды.  –  Менің  әкем  Шәкінің  қаны  да  осы 
Көзмін  сияқтылардың  мойнында».
Дүрмен  қайта  қуанған  сыңайлы.  Мына  тас  қия,  тар  жолда 
құдай айдап өзі кездескен Көзмінді құзға құлата салмақ болып, 
атына  мініп  алға  ұмтылды.
–  Қайт  ойбай!  Ұрынба  сойқандыға!  –  деп  арттан  ағайын 
айқайлады.
Дүрмен  дүлей  ағайынның  айтқанына  көнбей,  омарта 
жәшіктердің  ара-арасымен  жылжи  берді.  Сайыскер  жігіт 
Көзміннің  жағасына  қолым  бір  іліксе  екен  деп  ентелей  түседі. 
Осы  пиғылын  бет-әлпетінен  таныған  Кузьмин  ауыр  әскери 
винтовканы  тақымынан  суырып,  ердің  үстіне  көлденең  салып 
қойды  да  соқпақта  соң  тұрған  Атамырзаға  бұрылып:
–  Комиссар,  мынаны  мен  атамын.  Біліп  қой,  ол  өзі  шабуыл 
жасады.  Менікі  қорғану  амалы.  Оның  өліміне  мен  жауапты 
емеспін,  –  деді.
Мерке уақытша үкіметінің комиссары Атамырза Айбаров пен 
атаман Кузьмин тау шатқалдан ойда жоқта шыға келгендерінің 
сыры  бар-ды.  Ел  малын  тауға  алып  қашып  жатқанынан  олар 
да  хабардар  болған  соң  жандарына  солдат  алып,  қылта  асуда 


тосып жатқан. Малды үй-үйден жинап әуре болғанша, жиналған 
жерінен  бір-ақ  қайтарып  алмақ  ойлары.
– Ат! – деді Атамырза сыбырлап қана.
–  Жоқ,  сен  айқайлап  айт!  Естісін  ана  киргиздар.  Маған 
комиссар  бұйырғанын!
– Ат! – деді Атамырза сол бұрынғы үнмен.
Бұл  кезде  Дүрмен  Кузьминге  таяп  бетпе-бет  төніп  қалған. 
Қол созуға ыңғайланып, қасқыр ілер бүркіттей шүйіле түскенде, 
Кузьмин аттың қос құлағының арасынан мылтықты бұрқ еткізді. 
Тау-тас  шайқалып  кеткенмен,  одан  шетінеп  шығып,  кетіліп 
түскен бір-ақ адам болды. Дүрменнен басқа ешкім құзға құлаған 
жоқ.
Мылтықтың өкірген дауысы шыңдарды шайқалтып, тастарды 
тітірентіп,  таулардың  қабырғасы  сөгіле  жаздады.  Бірақ  таудан 
бөлініп түскен Дүрмен ғана болды. Шешек атқан тасжарғандар 
мен қияға біткен боз қылша тасасынан қызыл суырлар бұқпалап 
қарап, балалы елік тастан тасқа секіріп, қатерлі құздан аулақтап, 
әйтеуір  аспанға  қарай  өрмелеп  барады.  Қанаты  келте  кекілік 
жер  бауырлап  қана  ұшып,  жабайы  шие  бұтасының  тасасымен 
жорғалай қашып, о да биікті бетке алады. Тау мақлұғы адамдардан 
қашқанда ешқашан төмен қарай беттемейді, тек биікті жебелейді. 
Қауіпті шақта олардың қорғаны – биіктік. Биікте тырбық арша 
өседі.  Бұталары  жер  бауырлап,  туырлықтай  тұтасып  жататын 
сол қасиетті арша, тау мақлұғына кейбір зау қарағайлардан гөрі 
көбірек пана.
Жабайы жан-жануар жасыл аршадан араша іздер-ау, ал адамдар 
паналайтын жер таппай, қысыр аттың қыл көпірінде қалғандай 
бір  хал  кешкен  заман.  Көпе-көрнеу,  көз  алдарында  Дүрменнің 
атылғанын көріп, босқын Ботбай, Қоралас, Қарақойлы, Аққойлы 
елі  ұлардай  шулады  да  қалды.  Кері  шегініп  қашайын  десе  тар 
жолда  тұтасқан  малды  кейін  қайыру  бір  қиямет.  Әсіресе  қой 
баласы  жарықтық  икемге  келмейді.  Бүйірлеп  қияға  шығуға  да 
шара  жоқ,  қиғаштап  құзға  түсуге  де  айла  қалмаған.  Қақпанға 
түскен  қасқырдай  ұлыған  жұрт  бір  алып  арысынан  жазықсыз 
айырылып,  жаудың  жағасынан  ұстап  өлейін  десе  оған  қолы 
жетпей,  қаңсылап  қашайын  десе  –  жолы  жабық,  соры  қайнап, 


сорпасы  ащы  болып  тұрған  кезде,  төбеден  екі  салт  атты  төніп 
тұра  қалды.
Төмендегілер алақандағыдай ап-анық көрінді. Бетпе-бет келіп 
тұрған екі топ. Бір жағында азынаған көш, бір жағында төрт-бес 
қаралы атты адамдар. Орталарын әлдеқандай жәшіктер бөлген. 
Және  тізгіні  бос,  ер-тоқымы  қисайып,  бауырына  түскен  бір  ат 
сүлесоқ тұр.
– Мылтық атқан қайсың? – деп айқайлаған Тұрардың дауысы 
шатқал жаңғырығымен бір кереметтің үніндей құдіретті естілді.
– Ойбай өлтірді! Арысымызды жайратты!
– Дүрменді атып тастады мына Көзмін! – деп қылтадағы көш 
шулап қоя берді.
–  Жайлауға  көшіп  бара  жатқан  бейбіт  елміз.  Алдымыздан 
шыға келіп, жолбасшымызды мына атаңа нәлет атты да тастады.
–  Кімге  барып  айтамыз  зарымызды?!  Атамырза    ұлықтың 
тұрысы  анау.  Атпа!  –  деп  арашалауға  да  жарамады.
Тұрар  былғары  куртканың  қалтасынан  ауыр  кольтті  суырып 
алып  жоғары  көтерді.  Жанындағы  Қабылбек  те  револьверін 
шығара  берді.
–  Өзі  Атамырза  болса,  ол  «атпа»  деп  айтар  ма  еді!  «Ат!»  – 
дейді  ғой  ол!
–  Рас  айтасың,  Рысқұлов.  «Ат!»  деген  осы,  –  деп  Кузьмин 
қолымен  көзін  көлегейлеп,  төменнен  жоғары  қарады.  Күннің 
көзінен емес, төбеден төніп тұрған тажалдан жасқанып қалған түрі 
бар. Адам қаны – су емес, әлгіде ғана одыраң кеуде озбырлықпен 
бір  ер  азаматтың  жас  қанын  мойнына  жүктеп  алған  Кузьмин 
қанша қанішер болса да, зіл-батпан күнәға батқанын сезіп, тұла 
бойын әлдеқалай үрей билеп алған-ды. Осының зауалы бары кәрі 
санасына жеткендей болған. «Атқаным бекер болды» деп опынып 
қалған. Сол күдігі көп ұзамай аспаннан түскен зауал бұйрықтай 
мына екі большевиктің жар басынан төніп тұрғаны Кузьминнің 
еңсесін  мүлде  басып  тастады.  Мылтық  кезеніп  атып  салса 
да  амалы  бар  еді,  бірақ  алғашқы  Дүрмен  өлімінің  суреті  оның 
көзін шорлап, санасын шелдеп тастағандай еді. Құздан құлаған 
Дүрмен шапанының екі шалғайы екі жаққа бүркіттің қанатындай 
жайылып  кетіп  еді.  Сол  қара  шапанның  қара  шалғайы  кәрі 


атаманның көзінің алдында көлбеңдеп тұрды да қалды. Енді ол 
мылтық кезеніп нысана көздеуге дәрменсіз болатын. Шақшақай 
көзін  шұқып,  жан-жағын  шайтан  от  қамаған  сияқты  бір  елес 
шалықтап өтті. Кузьмин көзі бұлдырап, басы айналып, тұла бойы 
безгектей қалшылдап, қолы дір-дір етіп, ат үстінде әрең отырған.
–  Атқызған  Атамырза!  –  деп  жан  дауысы  шыға  айқайлап 
жіберді.  –  Ат  деген  сен,  комиссар,  жалтарма!
Кузьминнің  түк  басқан  езулерінен  көбік  бұрқырап,  түкірігі 
Атамырзаның  бетіне  шашырап  кетті.
– Ей, кәрі қақбас! Есіңнен адасқан шығарсың?! Не деп оттап 
тұрсың? Мына тар жолға омарта орнатып, сыныққа сылтау іздеп, 
малдың  бәрін  айдап  аламыз  деп  азғырған  өзің  емес  пе  едің? 
Омартаға тиісті деп әлгіні атып тастаған өзің емес пе? Жөнел сен 
де соның артынан, алжыған ақымақ!
Атамырза  жалпақ  белдіктен  салаңдап  тұрған  кабурға  қол 
сала  бергенде,  Кузьмин  қарттығына  қарамай  көз  ілеспес 
жылдамдықпен  Атамырза  френчінің  жағасынан  шап  етіп  ала 
түсті.  Кузьмин  жағасына  жармаспағанда  Атамырза  оны  атар 
ма еді, атпас па еді, қарға қарғаның көзін шұқымайды ғой, тек 
қорқытпақ  болған  шығар,  ал  енді  сіңірі  қатты  әлуетті  атаман 
қолы алқымынан алған кезде Атамырза Кузьминнің дәл қарнына 
пистолетті  тақап  тұрып,  шүріппесін  басып  кеп  қалды...
Атуын  атқанмен,  Кузьмин  шалқая  түсіп,  аттан  ауып  бара 
жатқанмен,  Атамырза  оның  сексеуілдей  қатты  шеңгелінен 
құтыла алмады да, өзі де Кузьминмен бірге құлап бара жатқанын 
үрейлене  сезді.
Құлап бара жатып Атамырза әлдекімнен көмек тілегендей бос 
қолын  ербеңдете,  қарманатын  зат  іздеп  жанталасып  бақты.  Ат 
үстінде тұрған солдаттар оған жетіп үлгіре алмады да, Атамырза 
жан  дәрменде  құз  кемердегі  бір  түп  шөпті  үмітінің  ақырғы 
ілігіндей қармай түсіп еді, таурайхан  жарықтық Атамырзаның 
тым ауыр денесін ұстап қалуға жарамай тамырымен үзіліп, құм 
аралас  топырақ  комиссар  мен  атаманның  шарасынан  шыққан 
көздеріне сау-сау етіп, құйылып жүре берді.
Жол тосар қарақшылардың бұ дүниеде тоймай кеткен үңірек 
көздерін  таурайхан  тамырының  топырағы  толтырып  жіберген 


кезде,  Атамырзаның  жан  дауысы  шығып,  обыр  құздың,  тар 
қолтық терең шатқалын жаңғырық кернеп, үрейлі үн тамұқтың 
өзінен  естілгендей  болды.
Әзірейілдей жаңғырықтың қаңсылап біткен ақырғы ызыңын 
сонау  төменде  алқынып  аққан  ақ  толқындар  сарыны  жұтып 
жіберді  де,  шатқал  ішін  лезде  тыныштық  жайлады.
Әлгі  бір  сойқан  көрініс,  ақылға  сыйымсыз  арпалыс 
болмағандай,  бейбітшілік  жаршысы  бозторғай  шырылдап, 
жақпар  тастар  қуысынан  шықылықтап,  таудың  өз  тіршілігі  өз 
бетінше созыла берген. Тау, шіркін, адамдардың алқын-жұлқын 
ақымақ  әрекеттерін  елең  қылмағандай,  өзінің  мәңгілік  екенін, 
қас-қағым өткінші ит-ырғылжың ырду-дырдуға көзінің қиығын 
да  салмайтынын  білдіргісі  келгендей,  паң-тәкаппар  күйінде 
маңқиып  қалыпты.  Түптің-түбінде  оның  паңдығында  да  тұрақ 
жоқ. Асқар таулар да шөгеді. Шындықтың бір аты – уақыт. Уақыт 
бәрін  жеңеді.
Тұрар  төмендегі  ақ  айдаһар  тәрізді  шапшып  аққан  Аспара 
суынан  Атамырза  белгісін  іздегендей  үңіле  қарап  біраз  тұрды:
– Атамырза, Атамырза. Мұның ақыры осылай болар деп кім 
ойлаған? Бірге жүрдік, бірге өстік. Жұтқан ауамыз, ұшқан ұямыз 
бір  еді,  өрісіміз  басқа-басқа  болды.  Тағдыр  –  тосын,  ақыры 
аянышты-ақ.  Бізді  алда  не  күтіп  тұр  десеңші?  Талқан  қашан 
таусылмақ?
– Ау, сен Тұрарға ұқсамай тұрсың ғой, – деп Қабылбек ежірейе 
қалды. – Немене, аяп тұрсың ба Атамырзаны? Кәдімгідей жоқтау 
айттың  ғой  тегі.  Тап  жауың  сол  емес  пе  еді?!  Жауды  аяған  – 
жаралы.
Тұрар мырс етіп күліп жіберді. Айнала тауға қарап тұрып:
– Мен аяп тұрған жоқпын, Қабылбек. Жәй, әншейін өмір деген 
қызық қой. Өзімнің ақырымды ойлап тұрмын. Әйтеуір бір кетпек 
бар.  Ол  ақиқат.  Бірақ  қандай  сәт,  қандай  жағдайда?  Болжап 
болмайды. Айталық, енді бір жиырма жылдан кейін? Қазір ғой 
он жетінші жылдың көктемі... Жиырма жылдан кейін не болад?
–  Ей,  қайдағы-жайдағыны  күңірентпей  қойшы  әрі.  Ондай 
философияны жиып қой. Онан да ана аңтарылып тұрған жұртқа 
қара! – деп Қабылбек қолын бір сілтеді. – Не болад? Не болад? 


Өзің айтқан жақсылық жаңа заман болад. Қой үстіне бозторғай 
жұмыртқалайтын,  еңсеміз  көтеріліп,  іргелі  ел  болып,  халық 
қатарына  қосылатын  күн  туад.
– Оның рас, Қабылбек, сенікі дұрыс. Ал бірақ жаңа Кузьмин 
бізді  атып  жіберуі  де  мүмкін  еді  ғой.  Яки  Атамырза,  яки 
солдаттар.  Оны  ойладың  ба?  Немесе,  осыдан  он  минут  бұрын 
Атамырза өлемін деп ойлап па еді? Жә, жарайды, өмір мен өлім 
туралы  философия  соғатын  жер,  шынында  да  бұл  емес.
Тұрар төменде аттарының басын бұрып алып, тас тұмсықты 
айнала жорта берген екі солдатқа қарап:
– Грач! – деп айқай салды.
Алдыңғы солдат атының басын шалт тартып жоғары қарады.
– Грач! Сен мені танымай қалдың ба? Мен – Рысқұлов. Жол 
тосып, жұртты тонауға сен де қатысып жүрсің бе?
–  Жоқ,  жолдас  Рысқұлов.  Бұйрық  солай  болды.  Комиссар 
солай  бұйырды,  –  деп  Грач  Атамырзаны  іздегендей  шыңырау 
құзға  үңілді.
–  Мұныңды  Хмелевский  жолдас  білсе,  не  айтар  екен?  Егер 
адал екенің рас болса, қазір біздің қасымызға кел! Мені Әулие-
Ата, Мерке гарнизондары түгел танитынын білесің ғой. Қорықпа. 
Ақылдасатын шаруа бар.
Тұрар  қия  жол  қамауында  әлі  есін  жия  алмай  тұрған  көшке 
қарап,  дауыстап  тұрып:
– Оу, бауырлар! – деді. Бұрын да жалтыр жар басында төмен 
түсе алмай тұрған қос салт аттыға көз тіккен халық енді жоғарыға 
ентелей  қарап  қалды.  –  Босқын  болған  түрің  бар.  От  басы, 
ошақ  қасы  –  Отаныңнан  үдере  көшпей,  кері  қайт.  Малыңның 
құйрығынан  ұстап,  тым-тырақай  қаша  жөнелгенді  қой  енді!
– Жарқыным, сен Тұрарсың ғой. Танып тұрмын. Қасыңдағы 
Сармолданың Қабылбегі. Қияметтің қыл көпірін о дүниеде емес, 
бұ дүниеде көрді ғой бұ халқың. Сол қатерде сен екеуің аспаннан 
ақ періште болып түстіңдер. Әйтпесе, әлгі жауыздар бізді түгел 
қыратын түрі бар еді. Мен Досмайыл ғой, таныдың ба, Тұрар?
– Таныдым, Досеке! Таныдым, ағатай! Былтырғы көтерілістің 
көсемдерінің бірі болған ардагерді танымай не болыпты маған.


–  Е,  жарқыным,  басшысынан  айырылып,  қайтқан  қаздай 
қаңқылдап жүрген біздерді танымай қалу да ғажап емес. Аруақ 
тозса, жын болар. Мен қайбір көсем болып жарытыппын. Жас та 
болсаң бас болған өзің едің он алтыншы жылдың аламан ғасыр 
алапатында.  Нағыз  көсем  Ақкөз  еді,  иманы  салауат  болсын. 
Тұлпар мініп, ту ұстаған сол еді, есіл ерім. Мерке түбінде тоз-тоз 
болған соң, сен жау қолына түсіп қалдың, біз Шуға қарай шегіндік. 
Ақкөз  тағы  да  қол  жинап,  Тройцкіге  шабуылдағанда,  бозала 
шаңның ішінде он солдаттың ортасында жалғыз қалып, алтауын 
жастығына ала жығылды, арыстаным. Сөйтіп, боздағымды бор 
қылды. Сенен көз жазып қалдық. Сені дарға асып өлтіріпті деді, 
жоқ  Төрткүлдің  түбінде  атып  тастапты  деді.  Жоқ,  Рысқұлдың 
Тұрары Самардан қол жиып, Петербор асып, патшаны құлатыпты 
деді.  Сенерімізді  де,  сенбесімізді  де  білмедік.  Әйтеуір,  шөптің 
басы жел тұрмаса қимылдамайды. Халық айтса – қалт айтпайды. 
Енді сені көзімізбен көріп тұрмыз. Құдайдың мұнысына шүкір!
Күлуі сараң Тұрар бұл жолы қалай қарқылдап қатты күлгенін 
өзі де байқамай қалды. Қабылбек басын шайқап, таңдайын қағып 
қойды.
–  Досеке-ау,  патшаны  құлатқан  мен  емес.  Халық  құлатты. 
Орыс  халқы  құлатты.  Мен  ол  кезде  Ташкентте  едім.
– Мың да бір рақмет орысқа. Бірақ патша құлады, ал біздің 
арқамызды  аяз  әлі  қарып  тұрғаны  қалай?  Таудың  суық  суын 
қашанғы  жалаңаяқ  жалдап  кеше  береміз?  Осы  тұрыста  біз 
Сусамырдан  қырғыз  асып,  қырғызға  сыймасақ,  Қытай  асып, 
көз  көрмес,  құлақ  естімес,  құлдықтың  құрығы  жетпес  жерге 
құриық біржолата деп, тәуекелге бел байлап, тас жұтып тұр едік, 
мұнымыз қалай, Тұрар? Жаңа сен қайт дедің. Қайтқанда, күніміз 
не  болмақ?
–  Сауалыңыз  орыңды,  Досеке!  Сіздермен  түйенің  үстінде 
тұрғандай сөйлескенімді ерсі көрмеңіз. Мына қиядан түсе алмай 
қалдық.  Айта  берсе,  әңгіме  көп.  Кейін  қайтыңыздар.  Біз  мына 
бұлымды  айналсақ  –  тоқайласамыз.
– Әй, шырағым, қайту-қайтпау біз үшін тәуекелдің тіршілігі 
болып тұр, – деп Досмайылдың жанынан басқа біреуі тіл қатты. 
–  Айтарыңды  қазір  айт.  Сені  тау  басында  тұрып  сөйлесті  деп 


ешкім сөкпейді. Біз сенімді болайық. Неменеге сенеміз – соны 
айт.  Тәпе-тәнде  қапылы  қаза  көбейіп  кетті.  Ана  Атамырза  мен 
Көзміннің  қазасын  бізден  көріп,  таусылмас  дауға  қалмайық. 
Соны  ашып  бер!
– Иә, соны айт!
– Қан жуды жол бұл!
– Бұлтартпай айт!
Әлгіде бұғыңқырап, «енді не болад?» деп есеңгіреп тұрған ел 
лезде қаудың өртіндей лаулап, тұс-тұстан айқай андыздады.
– Уай, шуламаңдар, түге! – деп Қабылбек тоқтау айтты.
Әр-әр  тұстан  айқай-ұйқай  үдегенге  мал  екеш  малға  дейін 
еліріп,  іштері  солықтаған  сиырлар  мөңіреп,  жылқы  кісінеп, 
арқаларына  құрым  киіз,  кереге-уық,  шаңырақ  артқан  түйелер 
боздап,  шатқал  іші  азан-қазан  ұлы  шуға  молықты.
– Ендеше, тыңда! – деді Тұрар дауысын көтеріп – жақсылық 
жақын, ағайын. Ішкі Ресейден соққан халық дауылы күннен күнге 
үдеп  келеді.  Патша  құлады,  бірақ  үкімет  әлі  де  үстем  таптың 
қолында қалып тұр. Оған халықтың көзі жетті. Ендігі міндет – 
сол үстем таптың уақытша үкіметін құлатып, кедей тапқа теңдік 
алып беретін кеңес үкіметін орнату. Кеңес үкіметі сенің арқаңды 
аязға тестірмейді, байлардың, әкімдердің қанауынан құтқарады. 
Бұрынғыдай  бүгежектемей,  еңсең  көтеріледі.  Кеңес  үкіметі 
сен орыс, сен қазақ деп бөлмей, алаламай, ұлттар тендігін тең 
ұстайды.  Патша  тартып  алған  жерінді  өзіңе  қайтып  береді. 
Халықты сол халықтың өз өкілдері басқарады. Ол күн таяу. Ал 
әзір қиыншылық болуы мүмкін. Өйткені, айттым ғой, үкімет әлі 
де  байлар  мен  помещиктердің  қолында.  Одан  билікті  тартып 
алу  үшін  күрес  керек,  ұйымшылдық,  ауызбірлік  керек.  Тоз-тоз 
болып,  жел  аударған  қаңбақтай  қаңғырып  кетсең,  әрине,  жау 
жеңеді.  Қытайға  ауамын  дейсің.  Қытай  саған  құшағын  жайып, 
бауырым-ай деп емешегі езіліп тұр ма екен? Қорлықтың көкесін 
сонда  көресің.  Туған  жеріңе  жете  алмай,  көзіңе  көк  шыбын 
сонда  үймелейді.  Тұқымың  тұздай  құриды.  Қырқына  шыдап, 
біріне шыдамайсың ба?! Қайтыңдар ауылдарыңа. Шөбіңді шап, 
егініңді жина. Биыл қуаңшылық. Қыс қамын ойла. Ал Атамырза 
шығарған жарлыққа көнбеңдер. Малыңды тартып алуға уақытша 


үкімет әлі де әрекет жасайды. Бірақ бір жеңнен қол, бір жағадан 
бас шығарсаң – ешкім сені жеңе алмайды.
–  Қазіргі  солдат  –  бұрынғы  солдат  емес,  олар  бізге  жақ. 
Міне, жаңа ғана Атамырзаның жанында жүрген солдаттар мына 
өзімізге  келіп  қосылды,  –  деп  Қабылбек  сөзге  араласты.
Әлгі екі солдат, шынында да, тұмсық айналып барып, желке 
тұстан Тұрар мен Қабылбекке келіп қосылып тұрған.
– Атамырза мен Кузьминнің өліміне сендер кінәлі емессіңдер. 
Оған мына біз куә, міне, мына солдаттар куә. Ал Шәкінің Дүрменін 
атқаны үшін олар жазасын алып та қойды. Сондықтан енді мына 
ыстық күнде солықтамай, көштің басын кері бұр, ағайын, – деп 
Тұрар жар жағадан аттың басын елге қарай қайырды. – Ал біз, 
мына  Қабылбек,  ана  өздерің  білетін  Жылысбайдың  Мақсұты, 
Нұршанның  балалары,  Тұрдалы  Тоқбайұлы  сияқты  азаматтар, 
Әулие-Ата  гарнизоны  мен  Мерке  гарнизонының  солдаттары, 
орыс  жұмысшыларымен,  қазақ,  қырғыз  кедей  шаруаларымен 
қосылып,  күреске  аттанамыз.  Жер-жерде  кеңес  орнатамыз. 
Бұл істі әуелі Бектен ауылынан, Аспара болысынан бастаймыз. 
Жолымыз  болсын,  туғандар!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет