ШЕРУБАЙ ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ ЖӘНЕ ТЕРМИНДЕНУ ҰҒЫМЫ Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Шерубай Құрманбайұлы (27.11.1964 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылында туған) – филология ғылымдарының докторы (1999), профессор (2001).
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері (2006).
«Қазақ лексикасының терминденуі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
150-ден астам ғылыми жарияланым мен 4 монографияның авторы.
ЕҢБЕКТЕРІ: «Термин шығармашылығының біз қарастырғалы отырған тәсілі – семантикалық (мәністік) тәсіл болып табылады. Алайда тілші-ғалымдар терминологиядағы семантикалық тәсілдің жалпы әдеби тілдегі семантикалық тәсілден елеулі өзгешеліктері бар екендігін көрсетіп жүр. Мәселен, В.В. Виноградов термин жасаудың семантикалық тәсілінің жалпы әдеби тілдегі семантикалық тәсілден айырмашылығы – жалпы әдеби тілде сөздің семантикалық тұрғыдан өзгеріске ұшырауы терминологиядағыдай емес, ұзақ эволюциялық процесс екенін айтса, В.П.Даниленко осы пікірді қолдап терминологияда тілде бұрыннан бар сөздің семантикалық тұрғыдан өзгеріске ұшырап, жаңа мағынаға бейімделуі үшін ұзақ мерзімнің қажет емес екендігін атап көрсетеді. Сондай-ақ, соңғы аталған автор «жалпы әдеби тілде бұрыннан бар сөздердің семантикалық тәсіл арқылы мағыналық тұрғыдан кайта жаңғыруын, яғни, семантикалық тәсілді сөзжасамның тұрақты және өнімді тәсілі деп тануға болмайды. Тек жаңа дербес мағынаға ие болған жекелеген сөздер туралы ғана айтуға болады. Ал ғылым тілінде семантикалық тәсілдің орны айрықша. Бұл тәсілдің көмегімен жаңа терминдерге деген барлық сұраныстар өтеліп отырады», дейді Ш.Құрманбайұлы.