Моңғолияның батыс бөлігінде тұратын қазақтардың негізгі тобын абақ керейлер құрады. Абақтардың басым көпшілігі бұл елге XIX ғасырдың 60—70-жылдары Қытайдан келген болатын. Оларды бастап келгендер Қожамжар, Самырхан сұлтандар мен Көбеш Айтбайұлы, Жылқышы, Ақтайұлы сияқты рубасылары еді.
Қоныс аударып келудің негізгі себептері Қытайдағы 1850—1864 жылдары тайпиндердің (шаруалардың) және 1862-1878 жылдары дүнгендердің көтеріліс жасауы болды. Көтерілістің негізгі себебі жер тапшылығына байланысты еді. Қытай үкіметі бұл мәселені шешу үшін «жаңа жерлерді игеру» саясатына көшті, Шыңжанда жер иеленуші дүнгендер мен қытайлар қаптап кетті. Мұның өзі ондағы қазақтарға қиын тиді. Малдарына жайылым қалмаған қазақтар Моңғолияға қоныс аударуға мәжбүр болды.
Олар жаңа қонысында да мал шаруашылығымен айналысты. Бірақ жалға алып пайдаланған жайылымдары үшін монғолдарға ақы төлеп тұрды. XX ғасырдың бас кезінде Моңғолиядағы қазақтардың жалпы саны 12 мыңға жуықтады. Моңғолиядағы белгілі қазақ азаматтары Көбеш батыр (1802—1888), Жуанған би, Сугірбай би, Тілеубай молда және басқалар болды.