Қазақтар Ресей империясымен шекаралас аймақтарда сонау ерте замандардан бері, Ресей отаршылдығы басталудан көп бұрын көшіп-қонып жүрген болатын. Кіші жүз қазақтары Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын сонау XV—XVII ғасырларда-ақ емін-еркін жайлап, көшіп-қонып жүрді. XVIII ғасырда қазақтардың едәуір бөлігінің Оңтүстік Оралда башқұрттармен аралас көшіп-қонып жүргені де белгілі. Башқұрттар мен қазақтар көп жағдайда ауылы аралас, қойы қоралас бірге көшіпқонып, жайылымды бірге пайдаланып келді. Қазақтар мен башқұрттардың төскейде малы, төсекте басы қосылып, құда-жекжат болып туысып кеткен тұстары да аз емес. Олар жиын-тойлар мен үлкен астарда ат жарысын, балуан күресін ұйымдастырып, талай қызықты күндерді бірге өткізген болатын.
XVIII ғасырдың 30—40-жылдарында Орынбор өлкесіндегі шекара шебінде әскери бекіністер салу үрдісі қызу қарқын алғанын білеміз. Қазақ халқы өздерінің бұрыннан отырған ата қоныс жерлерінен кең-байтақ даланың ішкі жағына қарай бірте-бірте ығыстырыла түсті. XVIII ғасырдың 30—80-жылдары арасында қазақтар Жайықтың оң жағалауындағы өздерінің дәстүрлі мал жайылымдарын қайтарып алу үшін талай рет әрекет жасап та көрді. Бірақ одан еш нәтиже шығара алған жоқ. Ұзақ жылдар бойы күш-жігер жұмсай отырып, 1782 жылы «сенімді» деген көшпелі Кіші жүз қазақтарының бір бөліп ғана қыс кезінде уақытша көшіп барып, бұрынғы жерлерін қыстап шығуға рұқсат алды.
1801 жылы Кіші жүз қазақтарының бір бөлігіне Жайықтың он жағалауында қайта көшіп баруға ресми түрде рұқсат берілді. Мұнын өзі Ішкі Орданың (Бөкей хандығының) құрылуына алып келді.