Жаңа заманда қазақ халқының бір бөлігі өздерінің тарихи отанынан тыс жерлерде тұрып жатты. Олар бір бөлігі ирредента, ал екінші бөлігі диаспора саналды. Ирредента деп өздерінің ежелгі атамекенінде дәстүрлі өмір сүріп отырған біртұтас халықтың бір бөлігін айтады. Алайда өкінішке қарай, қазақтардың бірқатар жерлері шекаралардың өзгеруі, отаршыл басқыншылық сияқты оқиғалардың салдарынан басқа мемлекеттің құрамында болып шықты. Ал диаспоралар халықтың бір елден екінші елге лажсыз қоныс аударып, өзге халықпен бірге тұруы болып табылады.
Қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге лажсыздан қоныс аударуы ХІХ-XX ғасырлар шебінде жиі орын алды. Ол кезде қазақ даласын Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударып келген шаруалар арқылы отарлау жаппай жүріп жатты. Қазақтардың ең жақсы, құнарлы да шұрайлы жерлерін күшпен тартып алу жалғаса берді. Міне, мұндай жағдайда қазақтардың өздерінің ежелден отырған, дәстүрлі көшіп-қонып жүрген жерлерін лажсыздан тастап, қайдағы бір құнарсыз, сусыз жерлерге қоныс аударудан өзге амалы қалмады.
Көптеген ұлт-азаттық көтерілістері аяусыз басып-жанышталғаннан кейін қазақтар басқа мемлекеттердің аумағына көшіп кетуге мәжбүр болды. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен соң 300 мыңға тарта қазақ Қазақстан аумағын тастап Қытайға көшіп кетті