Шығарма жұмысының сипаты.
Шығарма оқушының мәтінді ұғынуына, тіл заңдылықтарына орай ойын, сапасын тереңдетіп, ой – пікірін жүйелі жазбаша шығармашылықпен жеткізуге баулиды. Білімін көтереді, эстетикалық сезімін, талғамын, ұлттық танымын байытады. Шығармашылық жұмыстар – оқушылардың тілін дамыту барысындағы тәжірибелік жұмыстардың бірі. Оқушыларды шығарма жаза білу, үйретудегі мақсат Абай, Мұхтар, Ғабит сияқты ірі сөз зергерлерін дайындау міндетін шешу емес, өз ойын, пікірін орамды түрмен дәлді әрі нақты, әсерлі де жүйелі жеткізе алатын сауатты адам тәрбиелеу, оның түрлі тәсілдері мен амалдарын меңгере отырып, жазу жұмысына үйрету болмақ.
Шығарма – тіл дамыту жұмыстарының ішінде оқушылардың өзіндік ойын, тілін, сөйлеу мәнерін қалыптастыру ісіне тікелей қатысы бар пәрменді жұмыс түрі. Шығарма жазу арқылы оқушылардың тақырыпты өз бетінше әңгімелей білуге, жоспар жасап, мәтінді жоспарға сай жүйелі айта білу, ойын жинақтап, белгілі мәселе төңірегінде өз пікірін жеткізуге жаттығады. Ойды екінші біреуге түсінікті, нақты, жүйелі айтып, не жазып жеткізу үшін мектеп оқушыларынада мынадай дағдылар қалыптастырылады: естіген, оқыған, айтылған мәседені есте сақтап, сапалы түсіне білу; бір мәселе не тақырып жөнінде өз ойын басқаға нақты, дәл, жатық, әсерлі жеткізіп айта білу; ойын сауатты, мәдениетті, жүйелі жаза білу.
«Шығарма жұмысы, оның түрлерін, тұлғаларын үйретудің кезеңдері мен әдіс-тәсілдері қалай?» деген мәселелер қазіргі әдіскерлер мен мұғалімдердің тәжірибесінде әр түрлі қарастырылып келеді. Әр сынып оушыларының жас және білім ерекшелігіне байланысты шығарманың көлемі мен мазмұны анықталған жоқ. Сондай-ақ әдебиет пен тілге байланысты теориялық біліміне сәйкес шығарманың түрлері мен формаларының қайсысын жаздырып жаттықтыру да бір жүйеде емес. Әр мұғалім өзінің тәжірибесіне байланысты шығарманы өзінше ұйымдастырып келеді. С.Мақпыров пен Л.Алтынбеков шығарманы екі бағытта қарастыру керектігін айтады: «Сонымен шығарма не үшін жазылады? Оны жаздырудағы мақсат қандай?» дей келіп, «Сонда шығарма жұмысы оқушының өзі оқып, таныған туынды жайындағы, ондағы адамдар бейнесі, іс-әрекеттері туралы өзіндік тұжырымы, қорытынды пікірлері болып табылады» деп көрсетті. Атап айтқанда, шығарма жұмысын бұл авторлар әдебиет пәніне байланысты қарастырады да, оның мақсатын көркем туындыны игеруге көңіл бөлу деп есептейді. (С.Мақпыов «Қазақ әдебиетінен шығарма жұмыстары» Рауан, 1994ж., 74-б.).
Шығарма жұмысын оқушының тілін дамыту мақсаты бойынша қарастырсақ, онда шығарма оқушыны жазбаша сөйлеуге, яғни ойын жазбаша түрде бере білуге үйрету болып табылады. Сондай-ақ кейбір әдістемелік пікірлерге мазмұндама мен шығарма аралығында аталған екеуіне де жатпайтын жазу жұмыстары бар деп есептейді. Атап айтқанда, жазу жұмысының бұл түрін М.А.Рыбникова «Күрделенген мазмұндама», В.В.Голубков «Шығарма» деп, ал Қоңыратбаев «Шығарма типті жазу жұмысы» деп атайды. (М.А. Рыбакова. Письменные работы в старших классах литература в школе. 1941,№3,7-47 б.; В.В. Голубков. Методы преподавания литературы. М.,1962, Учпедгиз, 493-б.)
Жазу жұмысының ішіндегі шығарма жұмысына баға беру, оның әдіс-тәсілдерін анықтауға тілшілерден гөрі (қазақ тілі бойынша) әдебиетшілер (әдебиет пәні бойынша) белсенді қатысады. Тіпті шығарма жұмысын әдебиетті оқытудың,әдебиеттен берілетін теориялық-практикалық білім берудің бірден-бір жолы деп қарастырады. «Шын мәніндегі шығарма 8-10 сыныптарда әдебиет тарихы курсына байланысты жүргізіледі. Ол сыныптарда жазылатын шығарманың нысанасы белгілі бір дәуірде өмір шындығына байланысты туған оқиға, көркем бейне болып есептеледі. Олардың бірін жазғанда оқушы пікірін, ой топшылауларын, берер бағасын тарихи шындыққа сүйене отырып нақтылы айтуға, алған тақырыбын бүгіннің бөлшегі етіп көретуге талпынады.» (С.Тілешова. Әдебиет сабағында жүргізілетін жазу жұмыстары. А., «Мектеп», 1971, 116б.). орыс тілінің әдіскерлері «Шығарма – қандай да бір болмасын материалды өздігінен байланыстырып мазмұндап тұратын тұтас жаттығулар жиынтығының жалпы анықтауы» дейді. (Л.С.Айзерман. школьник пишет сочиненеие. М., «Знание», «Просвещение», 1977, 64-б.).
Әр мұғалім шығарманы не үшін жаздыруына, яғни мақстына байланысты оның түрін де, көлем мен мазмұнын да анықтайды. Көркем шығарма жазушының жеке шығармашылығы болғанымен, өзінің шеберлігін, тілдің қарым-қатынасқа түсу қалыбын танытады. Сондықтан түптеп келгенде көркем шығарманы тану, білу дегеніміз тілдің қызметінің бір қырын игеру болып шығады. Шығарма оқушының өзінің танымына, білімдеріне сүйеніп ойын жазбаша дұрыс, жатық, әсерлі, нақты жеткізе білуге дағдаландыратын тәжірибелік жұмыстың бірі болса, онда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудағы мақсат та осы оқушының дербес ойлау білуі мен сол ойын дұрыс жеткізе алуға баулу болып табылады. Сондықтан қазақ тілі пәні болсын, әдебиет пәеі болсын, шығарма – екеуіне де ортақ тәжірибелік жұмыс, бірақ екі пәннің өзіндік ерекшелігіне байланысты шығарманы орындау, даярлау бағытында да өзгешелік, ерекшеліктері бар. Біз шығарма жұмысын әр пәнге байланысты бөліп көрсетуді емес, оқушының жазбаша сөйлеу әрекетін шығарма жұмысы арқылы дамытудың әдіс-тәсілдерін қарастырдық.
Шығарма дегеніміз – оқушылардың тілдік және әдебиеттік білімдері мен өзінің таным, түйсік, көзқарасының тәжірибелеріне сүйене отырып өз ойын жүйелі, әдеби тіл қалыбында бере білуге машықтандыратын жазбаша тәжірибелік жұмысының бірі. Қазақ тілі әдебиеті пәндерінен шығарма жаздырудың мақсаты мен міндеті осы мазмұннан туындамақ.
Достарыңызбен бөлісу: |