Жоспар
I. Кіріспе бөлім:
1. Айтыс - ауыз әдебиетінің ерекше түрі.
2. Қазақ қызы - ақын қыз.
II. Негізгі бөлім:
1. «Біржан - Сара» айтысындағы әлеуметтік мәселе.
2. «Өнерің ұлдан артық қарағым-ай» ...
3. «Заман айыбы - қалыңмал».
4. Сөз саңлағы ақын Сара.
III. Қорытынды бөлім:
Саңлақ Сара салтанаты.
«Айтыс» - қазақтың ауыз әдебиетінде ертеден келе жатқан жанр. Мысалы, «жар-жар», «бәдік айтысы» т.б. Содан бері әлеуметтік тап тартысы туа бастаған кезде ақындар айтысы да туа бастады. Айтыста ақынның ақындығы, оның шешендігі, тапқырлығы, білім дәрежесі қандай екендігі көрінеді де, ақынның ақындығын бағалағанда, қай жағы болса да озған ақынға қиянат жасамай, озған ақынды ел ардақтап, даңкы қазақ даласына тарай бастайды. Айтыстың бір өзгешелігі, мұнда жаттама, даяр өлеңдер аз болады. Айтысушы ақындар сол айтыс үстінде өлең шығарып, бір-біріне күтпеген жерден қойылған сұраққа тез, тиянақты, өткір тілмен нақтылап жауап берген ақын көпшілік алдында тапқырлығымен, өткірлігімен көзге түседі.
XIX ғасырда атағы ерлермен қатар шыққан қыздар да болған. Әрине, қазақ қыз-жігіттері өлеңге ертеден-ақ шебер болған, бірақ бұл кездегі айтысқа түскен қыздардың өзгешелігі - олардың ақылдылығы немесе ақындығында ғана емес, қоғамдық мәні бар оқиғаларға қатысуында. Сол айтыстардың көбі сақталып бізге жеткенін білеміз.
Мысалы, Ақсұлу мен Кеншімбай, Ақбала мен Боздак, Ажар мен Уақит, Әсет пен Ырысжан, Біржан мен Сара. Бұл ақын қыздар өздерін еркін ұстап, сөздерін тайсалмай, батыл айтады. Сондай ақын қыздар айтысындағы дарынды қыз - «Біржан - Сара» айтысындағы ақын Сара. Біржан да халқымыздың кемеңгер, үздік әнші, ақыны. Арқаның ардагер ақыны Біржан даңқы қазақ даласына еркін жеткен.
... Көкшетау дуанына даңқым барған,
Мен, Біржан, алтын тудай айқындалған.
Сайраған Ортажүздің бұлбұлымын...
Ақиық, мұз балақпын жерге түспес...
деген өлең тармақтары Біржанның кім екенін дәлелдейді. Осындай ақынмен айтысқа тускен ақын Сара жай ғана ақын қыз емес, жасынан-ақ өлең, әнге құмар болып, ақындықты ерте бастаған ақын, сауықшыл, әнші, домбырашы қыз болып еседі. Он үшінде домбыра алып, өлең шығарып, ойын-той жиындарда ерекше болып көзге түседі. «Біржан - Сара» айтысының негізгі тақырыбы да халықтың ойын толғандыратын әлеуметтік өмір тіршілігі, бас бостандығына еркіндік ала алмаған жастар, қазақ қыздарына қатаң салынған кісен - қалыңмал мәселесі болып саналады. Сондықтан да ақын Сара, өткір тілді шешен қыз, тек өз басының ғана қайғысы емес, сол кездегі қазақ қыздарын өз теңіне бермей, кімнің малы көп, кім бай болса, соған мал орнына сата салатын салтты да қатаң сынға алып әшкерелейді. Өзінің Жиенқұл сияқты топас, еш нәрседен хабары жоқ, «екі аяқты мал» екенін тура айтады, соған атастырғанына қынжылады:
Адамға жол бермеген қызыл тілім,
Күні өтіп, қор боп өтті-ау, қызыл гүлім.
Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем,
Есекке қосақтаулы өтті-ау күнім.
Көрмейсіз, неге менің кез жасымды...
деп, Біржанмен таласпай, сөзді өзінің туыстарына, бай -шонжарларға арнай айтады. Міне, сол кездегі ерен жүйрік, өткір ақын қыз Сара шаршы топта өз ойын жарып айтып, арттағы ұрпағына өсиет-үлгісін қалдырды. Сара үздік өнер иесі, сөз шебері, оны сөз мәнісін түсінетін қазақ халқы әрқашан бағалап отыратынын білеміз. Алғашында үй сыртында тұрып, «алты қырдың артынан асқақтата салған үні естілетін» Біржан даусын естігенде, аз да болса бөгеліп қалған Сараға, «өнерің ұлдан артық қарағым-ай» деп, Арғынды бір дөңгелетерсің дегендей болған ата сөзі-ақ дәлелдейді. Содан-ақ Сара сөз маржанын өткір тілмен түйдектетеді. Екеуі де елдерінің күшін, байлығын, жақсы адамдарын салыстырып айтып шыққан кезде де Сара Біржанға алдырмайды, кейде тең, кейде асып түседі.
Айтыс барысында өз елдерінің байларын мадақтаған уақытта, сол байлардың, сол әкімдердің қайшылықтары ашылып, халық алдына жайылып салынады, сөйтіп қанаушылықты, озбырлықты, халық қамын ойламайтын ел адамдары әшкереленеді.
Сара да Біржанның өнер иесі екендігін таниды, бір-бірінің қасиеттерін сөз бастауынан, ақындығынан, шешендігінен байқайды.
Ей, Біржан, жасың үлкен, өзің аға,
Қымбаттығым белгілі білсең баға.
Қамысты терең келдің сұқсырымын
Қаңғырған ілдірмеймін қаршығаға, -
деген, немесе, «Кешегі сөз майданы болған шақта, тең түскен саңлақ еді терезесі», - деген өлең тармақтарында Сараның талай ақындарды жеңгенін айта келіп, өзін қаз да емес, үйрек те емес, ешбір жауға оңайлықпен ұстата қоймайтын, жау көрсе тереңге сүңгитін сақ көлдің сұқсырына теңеп, қаңғырған қаршығаға ілдірмейтінін ескертеді.
Сара сөздің ғана саңлағы емес, Сара сұлу, қазақ қызына тән сұлулық - Сараға да тән. Сондықтан да, бай қызы болмаса да, талай жақсының көзі түсіп, қолы жетпеген сұлу қыз.
... Майысып нәзік белім бұраң қаққан,
Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан.
Сөйлесем май тамызған бұлбұл тілім,
Секілді гауһар сағат нақыс шапқан, -
дейді де, Жиенқұл сияқты наданға қосақтағанға келгенде, тілінің кесіліп, үнінің шықпай қалғанын мойындап, Біржаннан жеңілдім деп, ат мінгізіп, шапан жауып, Біржанға сый-сыяпат көрсетеді. Ақындықты, халықтың өнер ардагерін ардақтаған Сара, Біржанды үлкен аға, халықтың құрметтісі екенін айтады. Орта жүздің өнер тарпаны, «Сандаптып Орта жүзді әнмен қырған», «Құланның дауысындай кемейің бар» деп, Біржанның асқан талантының алдында бас иеді.
«Біржан - Сара» айтысында екі ақын да үздік көркем эпитет, теңеу сөздерді тамаша орында қолданады.
«Қырандай желді күнгі аспандаймын»,
«Қанды көз май жеп алғыш ақиықпын»
деген Біржанның бейнелеу сөздері, Сараның:
«Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын»,
Даусыма аспандағы құс айналару
Құбылып тоты құстай төңкерілген»,
- деген фабула, бейнелеуіш сөздерді шебер пайдаланған.
«Қазақ халқы - саңылағы мен ардағын құрметтеп өткен халық. Халқымның ақындығын, шешендігін, әншілігін талай ұлы адамдар қаншама халыққа паш етіп өткенін білеміз.
«Қазақ, қырғыз халқы шешен, өткір, көркем сөзді сүйеді. Поэзияны өте қадірлейді. Сондықтан да оларда халық поэзиясы мейлінше өркендеген... Қазақтарда суырыпсалма ақындар, жыраулар көп болады. Өлең, жыр айтып жаттыққан ақын, жыраулар өз жанынан өлең шығарып, суырып жатқа айта береді»,- деп, В.В. Радлов сипаттап жазып кеткен екен. Соның бірі - саңлақ ақын Сара.
Сараның туғанына 140 жыл толу тойын халқымыз қазақ даласын дүбірлетіп өткізді. Арқа елінен Біржан бабасының ұрпағы Баянғали ақындар айтысына қатысып, бас жүлдеге ие болды. Талдықорғанның орталық көшесінде ақын Сараға ескерткіш орнатты. Талдықорғандағы ең бас көшелерге қатарынан Біржан, Сара аттары берілді. Сара секілді ақын қыздың ізбасар сіңлілері - Әселхан, Ләззат т.б. ақын қыздар өсиетін ұрпағына жалғастыруда. Сара болып әБіржан - Сара» операсында ойнаған Күләш Бәйсейітованың есімін халық ешқашан ұмытар емес.
Алмастай өткір сұңғыла жыр
(Жыраулар поэзиясының өзіндік ерекшеліктері)
Халық жыршылары халық өмірімен біте қайнасып турғандықтан, халыктың көңілін сергітетін өзінің ғасырлар бойы тарихынан, сол күнгі өмірінен, киял дүниесінен қызықты жырлар, ғажайып дастандар, тапқыр шешен сөздер таратқан. Олар - халық мұңын жырлайтын сарқылмас бұлақ көзі болып саналады.
Есмағанбет Ысмайылов,
«Ақындар» 27-6.
Жоспар
I. Кіріспе бөлім:
Жыршылар - ғасырлар қазынасының шежіресі.
II. Негізгі бөлім:
1. Жыр - халқының қамын ойлаған бабалар өсиеті.
2. Алмастай ойып түсер өткір тілді жыршылар.
3. Ғасырлар қатпарынан бізге жеткен нақылдар
III. Қорытынды бөлім:
«Азамат елдің баласы,
Жабыққанын білдірмес»... (Қазтуған жырау).
Қай халықтың болса да әдебиетінің пайда болуы - күрделі құбылыс. Қазақ әдебиеті де осындай биікке тез көтеріле қойған жоқ. Сол заманына сай дамыған мәдениеті болғанын, сөз өнерін ерекше қастерлегенін, өздерінің де жазуы болғанын, тіпті VII-VIII ғасырлардың өзінде мәңгі өлмес мұралар қалдырғанын енді-енді ғана оқып, біліп жатырмыз. Соның айғағы - «Орхон - Енисей» жазуларынан бастап, «Қиссас-үл-әнбия» (XIX). «Кодекс куманикус» (XIII ғ.), Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» («Құтты білік») сияқты жазба әдеби мұралар жасалған екен.
Қазақ халқының алғашқы бөлініп шаңырақ көтерген кезінде туған жырдың сақталған нұсқасында:
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным.
Сексен асып таянғанда тоқсанға
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным!
Адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы ұлының!
Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың!
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным! - деген Дайырқожа өлгендегі Қодан тайшының жыры.
Арғыннан шыққан атақты Жанақ ақынға Уақ Жарқын би сұрақ қойған екен: - Жанақ ақын, атаңда ақындық бар ма? - дегенде, Жанақ ақын:
«Арғынның түп атасы ақын Қотан,
Өлеңге бізден ұста болса керек, - деген екен. Бірақ сол Қотан бабамыздан қалған жыр үлгілері бізге әзір жеткен жоқ.
Халқының қамын ойлаған жыраулар жырларының қадірлігі - елін, Отанын сүйетіндігі, қалың елінің қамын ойлап, қайғы жұтып күңіренетіндігі, әлеумет мәселесі, халықтың тыныштықта, бақытты өмір сүруді ойлайтындығында. Жыршылар халық басындағы тарихи оқиғаларды, халқының арман-мұратын айтып қана қойған жоқ, кіндік кесіп, кірін жуған жерін, олардың тіршілігін, ой-санасын, дүниетанымын шебер де көркем бейнелеу тілмен суреттеп беріп кеткені - біз үшін алтын қазына.
Бабалар жырларының негізгі тақырыбы - осы туған елі, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, халқының бірлігі, еліне жайлы қоныс іздеуі, сөйтіп халқының «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» жерде тұруын аңсаған мәселелер болды. Сол кездегі аты аңызға айналған Асан Қайғының желмаясына мініп, жиһан кезіп, жасыл орманды, көгорай шалғынды, мөлдір сулы жерді іздегенде ұлан байтақ қазақ даласында Асан атаның табаны тимеген, ол баға бермеген мекен-жұрт аз болса керек. Асан Қайғы Еділ мен Жайық арасынан өткенде:
- Еділ менен Жайықтың - бірін жазда жайласаң, бірін қыста қыстасаң: Ал қолыңды маларсың алтын менен күміске!
Бабамыз Жетісуды көргенде:
- Мынау Жетісудың ағашының басы сайын жеміс екен, шаруаға жайлы қоныс екен, -депті.
Асан Қайғы бабамыз сияқты баласы Абат - Байтақ та көрегендігімен, ақылды, ел қамын ойлайтын, Асан Қайғының ізін жалғастырушы, халқын бақытты етпекші болып, жолбасшы ретінде суреттелетін жырларда Жерұйықты іздеп жүрген Абат пен әйелі қаза тауып, Ақтөбе облысы, қазіргі Қобда ауданы, Талдысай деген жерде қаза тауып, сонда жерленген екен. Сол жерде қазір Абат - Байтақ кесенесі салынған, халқымыздың өте зор бағалы орны болуда. Халқымның ғасырлар бойынан бізге жылжып жеткен жыр ағымынан Қазтуған жырау Сүйіншіұлының (туып - ескен жері Еділден бөлінген Ақтуба Бузан)
Шырмауығы шеккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас», - деп жырлаған ортағасырлық поэзияның үнін естиміз. Сонау XV, XVI, XVII ғ. өмір кешкен Доспамбет жырау да, Шалкиіз жырау Тіленшіұлы да, (Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келген екен), Жиембет жырау Бортағашұлы да (Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі), Ақтамберді жырау Сарыұлы (Оңтүстік Қазақстанда Қаратау бойында дүниеге келген) - барлығы да алмастай өткір тілді жырларымен қоса, қолына қару алып, елін қорғап, ел қорғайтын сарбаздарының бастығы болып, талай жауды жеңуге қатысқан екен. Сондықтан да олардың жыры өткір тілді, алмастай жарқылдаған, ащы тілді, тиген жерін жарып өтер жыр болған. Ханға да, халқының қамын ойламаған үстем тап, би-байына да турасын айтып, әділ шешім беріп отырған.
Шалкиіз жырау Тіленшіұлы Әмір Темірге де:
- Еділ жапырағын жайқалтып,
Жағасында қыршын біткен тал еді, -
Терек етсе Тәңірі етті!
Тебінгінің астынан
Тепсініп келгенде,
Тең атаның ұлы едің, -
Дәрежеңді артық етсе Тәңірі етті!
Темірге де турасын айтады. Өр, тәкаппар, ешкімді басынан асырмайды, сөйтіп жыршының жырлары терең ақылдың, шалқар даналықтың иесі болғандығын көрсетеді. Шалкиіз жыраудың сөзі - жыры көбі мақалға айналып кеткен афористік сөздер. Көзі жіті жырау өзінің айтпақ ойын неғұрлым өткір, неғұрлым дәл бере алатын сөздерді іріктеп қолданады. Және жырлары жай ғана қарапайым сөздер емес, қынаптан суырған қылыштай айдынды әсем де көрікті сөздерді жинақтап, аз сөзге көп мағына сыйғызатын терең мағыналы афоризмдер.
Жағаға дұшпан қолы тимеске,
Артыңда туысқанның көбі игі,
Күндердің күні болғанда
Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игі! —
деп, жауға қорған болатын айбар, елге қамқор боларлықтай туған-туысқанның болғанын тілеп, «жалғыздың жағы жоғалса табылмас, рулының оғы қалса табылар» деген мақалдың даналығына бас ұрады.
Ғасырлар қатпарынан ұрпағына сары алтындай сақталып қалған жырларда Доспамбет жыраудың талай ұрыс-қағыстың, куәсі болғандығын жырларынан көреміз.
... Ton бастадым, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып
Дұспан аттым, өкінбен...
Туған айдай нұрланып
Дулыға кидім, өкінбен, - деп, халқы үшін қан майданда жүргенде жарақаттанып жатып айтқан сөзінің өзінде қайғы-уайым жоқ, оптимистік сарын көзге елес беріп, ойға рух туғызады.
Қорыта келгенде, жыраулар жырында әлеуметтік, адамгершілік сарынды үлкен де маңызды мәселе деп қояды да, халықтың басына жақсылық орнату жолында тамаша-тамаша толғаулар тудырады. Ой өрнектерінде қайталаулар, синтаксистік параллелизмдер, арнау түріндегі нақыл, афоризмдерді әдемі ырғақ, орынды ұйқастармен келтіретін жырларды тамашалаймыз. Сондықтан да, жаттап алуға жеңіл, балалық сезімімізге әсерлі де сүйкімді болып келеді.
«Қазақ әдебиеті Қазақстан жерін қазіргі жайлап отырған тайпалар арасында өмір кешкен жыраулардың жырларынан туған бай рухани қазынаның заңды мұрагері еді. Ол өзіне дейін ғасырлар бойы жасалған мол мұрадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамытты, соны соқпақ-сораптар қалыптастыру нәтижесінде кемелденді», - дейді Мұхтар Мағауин ағамыз. Біз, болашақ ұрпақтар, ата-бабалардың алмастай өткір жырларын жаттап, домбыраға қосып айтып, мол ләззат алудамыз.
Халықтың саулығы - мемлекет байлығы
(2002 жыл - Денсаулық сақтау жылы)
Табиғат пен адам! Табиғат пен адамнан асқан кереметтік пен құпия сырлар болуы мүмкін бе, айтыңызшы?! Әлемді және оның ғажайып ғаламаттарын, өмір мен өлімнің сырын, адамның табиғатқа деген қарым-қатынасының құпиясын білу сияқты қажеттіліктерден келіп адам мен табиғат арасындағы байланыстың бар екенін дәлелдейміз.
Шоқан Уәлиханов.
Жоспар
1. Ана баламен әсем.
2. Жері байдың - елі бай.
3. Денсаулық - зор байлык, дені саудың - жаны сау.
4. Суы дәрі, шөбі бал дала көркі қазір қандай!..
5. Мемлекет байлығы - дені сау азамат қолында.
Адам баласы жарық дүниеге жарқ етіп келген соң-ақ, оны дұрыс тәрбиелеу, оның денсаулығын сақтау, оған білім беру, адамгершілік, әсемдік жағынан өмірден өз үлесін алатындай дәрежеге жету жолын ойластырады. Халық жас баланың ұғарлықтай немесе өзі ойлау қабілетінің дәрежесіне жеткенше, ұғымына сай, түсінуіне жеңіл, іздегені табылып отыратындай сөздерді ұққыза береді.
Ұшқан құс, жүгірген аң, қыбырлаған жәндіктердің бәрі де баласының аман болуын, дені сау болуын саналылықпен ойламаса да, соған қажеттіліктің барлығын да дайындайды. Ата-анасы екеуі соның қамқоршысы болады.
Ал, ерекше назар аударатын, баласының дұрыс өсіп, дені сау, он екі мүшесінің аман болуы, өмірден өз орнын алуына ең алғаш тәрбие беретін алып күш - ана. Балалардың көпшілігінде, тіпті оң жасқа дейінгі балаларда не бір дыбыстарды дұрыс айта алмайтыны болады. Әсіресе - «Р» дыбысын сөз арасында «Л» етіп айтатын ерке, шолжың балаларда кездесетін әдет. Ендеше ата-анасы осы кезде тілін жаттықтыру үшін, дұрыс сөйлеу үшін, дауыс мүшелерін жаттықтыратын жаңылтпаштар айтқызды. Әуелі жайымен айтса, артынан шапшаңдатып айтуға үйретеді. Мысалы:
Әй, Тайқарбай, малыңды жадыраға жай, Тайқарбай. Әй, Тайқарбай дегенің қай Тайқарбай? немесе,
Торта қойдым,
Орта қойдым,
Орта қойдым,
Жорта қойдым, -
деген сияқты сөздердің арасына тілі келмейтін «Р» әрпі бар сөздерді қойып айтқызады. Сөйтіп, тілін дұрыстап, сөйлеуге үйреткен соң, мағыналы жағынан да назар аударып, оның он екі мүшесінің сау болуымен бірге, адамгершілігі де дұрыс болуына ерекше назар бөледі. Ойлы, саналы, еңбекқор, мейірімді, досқа адал, ағайын-туғанға бауырмал болуын да ескереді. Жұмбақтар айтып ойландырып, мақал-мәтелдер айтып шешендікке баулып, ертегілерден таңғажайып құпия сырларды ашуға ынталандырып отыратын да ата-ана, әжелер болғанын білеміз. Бесік жырынан бастап:
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат бөпем!
Қонақ келсе, қой, бөпем,
Қой тоқтысын сой, бөпем.
Құйрығына той, бөпем, -
деп, баласының дені сау болуы үшін, жас балаға қой етінің, қой майының қажет екенін де ескертсе, тамағыңа тойып алып, тыныштықта бол, төзімділікке үйрен, басқа адамдарды сыйла, таза төсекте таза болып жата ғой деп тазалықтың да денсаулық үшін қажет екендігін құлағына құя береді. Үйге келген қонағын Құдайдай сыйлайтын қазағымның қасиетін жас кезінен-ақ құлағына құя берген ғой.
Ата-бабаларымыз баласының дұрыс болып өсуіне барлық амал-айланы жасап, қайткен күнде болашақ ұрпағының дұрыс адам болуына назар аударғаны мәлім. Әсіресе, Ы.Алтынсарин, Абай Құнанбаев, С.Көбеевтің өлең, әңгімелерінде адам баласының дұрыс есіп жетіліп, қоғамның бір азаматы болуына көңіл бөлген. Мысалы, Ы.Алтынсариннің «Мейірімді бала», «Бір уыс мақта», «Бала мен ана», «Жаман жолдас», «Бақша ағаштары», тағы басқа әңгімелері адам баласының тәрбиесіне арналған. Баланы тәрбиелеу, оны қоғамда атқаратын, мемлекетіне, ата-анасына пайда келтіретін адам болуы үшін, ең алдымен дені сау болу керектігін ескертеді. «Денсаулық - зор байлық», «Дені саудың – жаны сау» деген халық қағидаларын естен шығармаған жөн. «Бақша ағаштары» деген әңгімесінде Ы. Алтынсарин.
... – Мынау ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неге қисық біткен? -деп сұрады баласы. Оның себебі, балам, анау ағашты бағу-қағумен өсірген, қисық бұтақтары болса кескен. Mынay ағаш бағусыз, өз шығу қалпымен өскен, - деді атасы.
... Бағып-қағуда көп мағына бар, сен де өзіңе ғибрат ал, сен жас ағашсың, саған да күтім керек...» деп, денсаулық, тазалық мәселесіне арнаған. Дені сау, өмірдің ащы-тұщысын көрген бала, еңбекпен шыныққан жастар батыл да, қуатты болады. Тек өзіне, не ата-аңаға ғана емес, мұндай жігерлі жігіттер Отан қорғауда да ерлігін көрсетсе, қоғамда да қажетті орында өз көмегін көрсетеді.
Ана мен баланың, халықтың дені сау болу үшін, табиғат ананың да орасан зор қамқорлығы бар. Сайлар мен жыраларды қуалай өскен қалың қарағайлы ағаштар, көл жиегін жағалай қоршаған тал мен терек, Тереңкөлдің балығы да қайықпен аула, аумен аула, жазда да, қыста да азық болатын. Балалар көл жиегінде қармақ салып, жаз күндері Тереңкөл жиегінде болатын.
«Балықтары бақандай, шортандары атандай» болған көл байлығын Қараталдың Айтмағанбет, Мұратбек, Дұлаттар ғана емес, көрші селолардан орыс бауырларымыз да аулап, рахаттанатын.
Орман - тоғайы қандай! Жазық даласына - «Айшаға той қылған», «Сарманақ» деген жерлерге бара қалсаң, сарыбас шөп пен жоңышқа арасы қып - қызыл томардай - томардай жидектен аяқ алып жүре алмайсың. «Мұсаның қара ағашы - іші толған бүлдірген, шиелері теректей, «ауызға салсаң атады, фонтан атқан шүмектей»... Coл Сарыарқаның сары белі, самал желі, шалқар көлі қазір қандай күйде ?...
Кітап беттерінен «Арал теңізі балыққа бай» дегенді оқитынбыз, сол Арал суы қазір сарқылған, кемерінен тартылған, балығы жағада аузын ашып тулаған, су тайыздалып, кемелер жиекке батқан. Осының барлығы баяғы атом қару соққан сойқанның, атом апатының ақтопалаң ойраны. Семей сияқты Сарыарқаның сары белін тәжірибе жасайтын өлім еліне айналдырғанын кім ұмытар?!. Шала бала, ауру ана, қуарған, оққа күйген қайран дала, қашан жайқалып, қашан көгерер?!
Ежелден-ақ ер елім десе, ел жерім деп еңіреп өткен ер мен ел ешқашан ешкімнің тепкісіне түспеген. Жерін де, елін де игілігіне иемденген. Жері саудың - дені сау, жер семіз болса, төл егіз болады, малға бай болса, жаны да бай деп өткен халқым, бизнесмендер жерімнің байлығын тонап, орманын отамаса екен деудеміз. Жер - халық байлығы. Халқым жер емшегін емген, малмен күнелткен халық. Халық тұрмысы жақсы болса, дендері де сау болмақ.
Тек арамызда шылым шегіп, атамыздан қалған ас емес, арақ-шарап ішетін жастар саны көптеп саналуда. Болашақ ана - қыз бала шылым шексе, одан әсер ұрпақ не болмақ? Сондықтан да, мемлекеттің байлығы - халықтың саулығы болса, сондай жаман әдеттен аулақ болуға ерекше назар аударса дегіміз келеді. Жұмыс та жоқ, «жұмыссыздық аздырар адам баласын» деген қандай дұрыс пікір, нақыл сөз екен.
Адамы сау, сәбиі сау ел - ең бай ел екен. Денсаулық жылына орай, халықтың, балалардың демалысы мен сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында спорт мектептері ашылып, жастарымыз денсаулығын жақсартуда. Алты жастан 18 жасқа дейінгі барлық балалар медициналық толық тексерістен өтетін болып отыр. Келер жыл - ауылды көркейту жылы болады десе, ауыл көркейіп, «еңбекпен тапқан нан тәтті» деп еліміз байып, ауылымыз тойып, ақ нанды алақанымызға салып аяласақ, сары қымыз сабада тұрса, құрт-ірімшік өреде болса, ауру дегеннің ауылы алыста болады. Сары қымыз шаңырағымызда тұрса, арақ деген аласапыран асты ауызға да алмас еді. Жастарымыз еңбек етіп, дені сау болса, мемлекетіміз де бай болар. Шоқан халқына сенген ғой, сондықтан да былай деп халқын дүние жүзіне таныстырып кеткен:
«Қазақ халқының епті қолы мен табиғи жаратылысының зеректігі терең шатқалдағы өзеннен суды тартып үстіне шығарады. Су қандай тереңдікте жатса да, оны егістікке шығару қазақ диқанының қолынан келеді», - деп сенім артқан, халқымның дені сау болса, мемлекетіміз де, қоғамымыз да бай болады...
Азаттық үшін алысқан халықтың арыстан ұлы
(Кенесары Қасымұлы туралы ой толғау)
Қазақстанның XVII-XVIII ғасырда болған ірі көтерілістерінен Кенесары көтерілісінің ерекшелігі, оған Үш жүздің бұқара халқы түгел қатысты... Кенесары көтерілісі алғашқы жылдары-ақ кең қанат жайып, жалпы халықтық қозғалысқа айналды... Кенесарының қызметінде біріккен мемлекеттік биікке жетуге ынтығушылық байқалады.
Ермұхан Бекмаханов
Жоспар
1. Халықтың әлеуметтік жағдайының көріністері.
2. Қаһарман қолбасшы Кенесары - халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін алысқан ардагер.
3. Кенесары батыр ерлігі халық жырларында
4. «Қош аман бол, Сарыарқа, өскен жерім,
Қайтқан қазбай қалың ел көшкен жерім ...»
Тарихтан жақсы білеміз, 1835 жылғы 5-қазанда патшаның жарлығы шығып, қазақтарды құнарлы деген жерлерден ығыстырып, шеткері аймақтарға көшіріп, оның орнына орыстық округтар ашылып, қала, қорғандар сала бастағаны айқын. Орта жүз қазақтары ауыл-ауыл болып, Оңтүстікке, Балқаш маңына қарай атамекенінен айырылып, шұбырып көше бастады. Деректерге жүгінсек, қазақтардың 4 млн. 313 мың десятина жері орыстарға бөлініп берілген соң-ақ, олар орман-тоғайды қиратып, табиғат байлығын талан-таражға салды. Бұндай іске қарсылық көрсеткен ел азаматтарын орыс шенеуніктері ұрып - соқты.
Осындай қорлыққа шыдамаған Кенесары Қасымұлы патша үкіметіне наразылығын білдірді. Сөйтіп ұлт-азаттық көтерілісіне бүкіл Үш жүздің азаматының елін-жерін сүйген ардагерлері тізе қосты. Қазак халқы шұрайлы жерінен айырылып, көкірегін шер, көзін шел басқан, мал-жаны талан -таражға түскен кезде ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарман қолбасшысы, Көкше жерінің төл презенті, Абылай ханның тән ұрпағы, халқы үшін басын бәйгеге тіккен Кенесары болды. Ол бірден көтеріліске шығып, халық мазасын алған жоқ, ойланды, толғанды. Патша үкіметіне талай хат жолдап, халықтың «босқындарға» айналмауын талап етті. 1838 ж. Көктемде Батыс - Сібір губернаторы арқылы жолдаған хатында:
«Менің қалауым, халқымның еркін тыныштықта өмір кешуі екендігін сізге хабарлауды құрмет деп есептеймін... Сіздің қоластыңыздағы халықты тартып алады деп қауіптенесіз. Қырғыздарға жерін алып отырып, ауыр алым-салық саласыз, олай болса сіз бізді төмендетіп отырсыз, ал біз бұған наразымыз. Халық өз жерінде малын бағып, аздап егінін салып отырса, ел арасы тыныш... Мен өз халқымның игілігі үшін, достық қатынаста болуды кездеп, бекіністерді, салынған дуандарды тарату, тұтқында отырған біздің адамдарды босатыңыз!» - деп хат жолдаған екен.
Бірақ, қаншама тыныштыққа «достыққа Кенесары патша үкіметін шақырса да, байлыққа көзі құныққан олар қанауды тоқтатпады. Халық жырларындағы Қобыланды, Ерсайын, Тарғын, Қамбар, Баян, Қабанбай, Бөгенбайлар өз халқының елдігін қорғап жорыққа шыққаны жырланады ғой. Сол сияқты Кенесары да көтеріліске шықты. Бірақ халқы үшін жасаған көтерілісін тарих талай саққа салғанын тарихтан да, халық жырларынан да оқыдық.
Өзінің ордасында батыр Кене,
Тарттырып домбыраны отыр Кене.
Қиялы домбырамен сыбырласып,
Жатқандай шабуыл не? Жортуыл не?
Домбыра ауған елге сырласқандай,
Көңілінен Кене ханның кірді ашқандай.
Ел қандай, Арқа қандай, дұшпан қандай,
Ауған ел арт жағымен жауласқандай, - деп, дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров Кенесарының бір көрінісін елестетеді. Жалпақ қазак даласынан қуғанын, тау шатқалынан түлкі қаққан аңшыларша жазық дала жоңға шығарып, Алатау етегіне сонау Арқадан әкеліп, аңдай қамалап отырған патшаның отарлау саясатын ой елегінен өткізіп ақын алдына жайып салады. Кең даланың, бейғам елдің байлығын талап, жерін пайдаланып, халқын ырқына көндіру, азып-тоздыру үшін қару-жарақты отрядтарын патша үкіметі халық арасына жайып жібереді де, олар ойына келгенін істеді.
Осындай қазақ елін талан - таражға салып, қыз-келіншектерін қорлаған, ауылдарын өртеген, ежелгі атамекен жайлауын, өрісін қылыш сілтеп тартып алған патша өкіметінің озбырлығына қарсы Кенесарыдай беделді, білікті, намысты, аузына жұрт қараған табанды адамдар қол жинап шықпағанда, кісі есігінде жүрген қандай адам атқа ер салар еді?!. Кенесарыны хандықты көкседі дегендер де болып, Хан Кене туралы шығарма жазғандарды да жер-жерге қудалағанын да оқыдық.
Ақыры Үш жүздің елім деп еңіреп туған ерлерін ертіп атқа қонған, елін жауға, отаршылдарға бермеу жолында арпалысқан азаматы Кенесарыны бүкіл патша жендеттері болып соңына шырақ алып түсіп, қарулы жасақтарымен соққылам, әйелі Күнімжанды, бала-шағасымен, ауылымен тұтқындады. Кенесары өзі айтқандай, «жақсылықты бір Құдайдан болмаса, орыс ұлықтарынан күтуге болмайтынына» көзі жетеді.
Қазақтың ұшы - қиырсыз кең жері - Арқадан қоныс таба алмай, паналайтын тұрақ таппай, Кенесарының бүкіл қолы болып бір домбыраға мінгескендей қанжылап, жер ауғанын, тығырыққа қамалғанын Ілияс Жансүгіров «Күйші» поэмасында:
Болғанда бүгін мында, ертең қайда,
Мекені Кенеханның бір көшкен жұрт;
Артында орыс бар да,
Аулына Кенеханның қоныс бар ма? - деп тебірене жазғанда, жалғыз Кенесары емес, бүкіл қазақ халқының мұң-мұқтажын айтып, осындай ауыр хал бүкіл халқының басында екенін жасырмай-ақ жырлаған екен.
Алаштың басына түскен қайғы-қасіретті Мағжан Жұмабаев та өзінің «Батыр Баян» поэмасында да айтқан болатын.
... Қиын күн туған алаш баласына,
Шұбырып жапанның сар даласында ...
Арқаға аяқ салып, түскен барып,
Екі оттың – орыс, қытай арасына, - дейді.
Ақыры Кененің тығырыққа тірелген жері қырғыз Алатауы болғаны, халықтың көзінің ағы мен қарасындай әсем Бурабайдан батырға он шақты адам ғана әрең сиятын бір тар үңгір ғана аз уақыт тигенін оқығанда, жас жүрегің езіліп, жаның қиналады. Біз Кенесарының ерлігін Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасынан да білдік: «Кене хан Қасымұлы қырға көшкен, Үстінен туыстары шағынғанда» деп, патшаға бағынбай, басын имей өткен деп суреттейді.
Ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов қырғыз еліне Кенесары опат болған соң көп кешікпей барғаны мәлім, бірақ Кене ханның жағдайы туралы еш нәрсе айтпады. Тек қана Кенені «үгітші» деп дұшпан көзіне айтқаны болмаса, шындығында «Отважный мятежник» - «Ержүрек көтерілісші» деп тегін атаған жоқ екен. Өз жерінің қонысынан қуылған Кенесарыға қырғыз манаптары жер бере қояр ма, билік берер ме?.. Сондықтан да, барар жері, басар тауы қалмаған батырдың соңынан ерген елдері де, артта қалған ағайын-туысы, бала-шағасы бар қолбасшы болған Ағыбай, Бұғыбай, Сыпатай сияқты батырлары да қарабасының қамын ойлап, ыдырай бастады. Атақты жырау бірге жүрген Нысанбай ақын да опық жеп, қобызымен күңіреніп кейін қайтады. Осының бәрін көре-біле тұрса да Кенесары мен Наурызбай шегінбеді. Қайда барады, қазақ даласында орыс патшасының жендеттері отыр, олар Кенесары соңына жарық алып түсуде, келсе дарға асуға даяр отырған еді. Сондықтан екі батыр Кенесары Наурызбай ескі ұғым бойынша, күреспен алысып, шәйіт болған дұрыс деп ойлады.
1847 жылы Кенесары мен Наурызбайдың қолы тұйыққа тіреліп, қолға түсіпті. Наурызбайдың батырлығы, ерлігі туралы, батырлық тұлғасы ел аузында тамаша жақсы-жақсы жырланған аңыз-жырлар көптеп саналады. Сол секілді Кенесарыны жау жан-жақтан қамап жатканда, батыр Наурызбай өзінің Ақбоз атымен жекпе-жек шығып, қарсы келген манаптарды садақпен де, қылышпен де, айбалтамен де топайдай түсіріп тұрыпты. Ақыры Ақбоз аты аяғынан жараланып, Хан Кене мен Ер Наурызбайды қалың қол тұтқындап, азаптап өлтіріпті. Сөйтіп, орыс патшасының отарлау саясатынан қорықкан қырғыздар Кенесараның басын кесіп, губернаторға тапсырады ғой.
Халқым елін қорғаған, жерін жауға бермеген батырларын әрқашан ардақ тұтады. Отан соғысы кезінде қазақ батырларына Қазақстанды басқарып отырған Ж.Шаяхметов ағамыздың: «Сіздерді, қазақ жауынгерлері, Сырым Датовтың, Кенесары Қасымовтың аруаңы желеп-жебесін» деп батагөйлік жасағанын аталарымыздан талай естіген едік. Бабаларымыздың, отарлаудың салдарынан талай ардагер ағаларымыздың қуғын - сүргінге түскенін, жазықсыздан атылғандарын естігенде, оқығанда Мұқағали Мақатаев ағамыздың мына шумағы еске түседі:
Ой-хой, қазақ даласы, не көрмедің!?
Қанша қурап, қаншама көгермедің!?
Қорқыт Ата қобызымен боздаттың ғой,
Асанның шерге толы өлеңдерін.
Ой-хой, қазақ даласы, не көрмедің!?
Енді ғана есін жинаған елімнің ертеңі зор, бақыты мол болып, бабаларым аңсаған арманын ұрпағы ешкімге жерін де, елін де бермейді деп сеніммен айта алады.
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
Шығарма жазуға қойылатын негізгі талаптар
Ата салтын ардақтайық (Тұрмыс-салт жырлары)
Аттанып едім көп үшін... (Махамбеттің ұлы арманы)
Сөз маржаны (Мақал-мәтелдер туралы)
Сипаты сұлу жаннан асқан Баян
«Сорғалаған нөсердей жырын тыңда Дулаттың» (Дулат Бабатайұлының асыл мұрасы хақында)
Қилы заман келбеті – жыршылардың жырында (Бұқар жырау жыры туралы)
Ертегіден көрінер ел арманы
Аңыз-әңгімелер – халық шежіресі
«Алпамыс Батыр» жырындағы Алпамыс бейнесі
«Белгілі қанша жұртқа атым-Сара» (Біржан-Сара айтысындағы
Сара бейнесі)
Алмастай өткір сұңғыла жыр (Жыраулар поэзиясының өзіндік
ерекшеліктері)
Халықтың саулығы-мемлекет байлығы (2002 жыл-Денсаулық сақтау жылы)
Азаттық үшін алысқан халықтың арыстан ұлы (Кенесары Қасымұлы туралы ой толғау)
Достарыңызбен бөлісу: |