Шыңғыс айтматов таулар қҰЛАҒанда



бет18/19
Дата25.12.2016
өлшемі2,98 Mb.
#4695
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19


  • Қарасаңшы, жүгірген орманды! Ресей басталды, Ресей–анашым, шейін! – деп солдаттар бір–бірімен жамырай сөйлесті, өздері бейнебір Ресейдің емес, әлдебір өзге жерлердің адамдары секілді.

Олардың арасында бір жап–жас, ұзын бойлы жігіт бар болатын, солдат киімі оның үстінде әкесінің киіміндей салбырап тұрды, есімі Сергей Воронцов еді, взводта оны Сергий сопы, кейде Сергий әкей деп ат қойып айдар таққан-ды. Сөз арасында жігіт Құдай туралы еске алды, Құдай әулиелердің суреті емес, құбылыс деді, ол қандай құбылыс екендігін ешқайсысы да түсіне алмады, алайда, осының өзі жеткілікті болды, тісқаққандар оны келемеждеп, шіркеу тілінде Сергий сопы деген атақты тағып үлгерді. Бұған олар мәз–мейрам еді, Воронцовтың жасы небәрі он тоғызда болатын, сол себепті де олар ақылгөйдің үстінен күлгенді жөн санады. Ал ол өкпелеген жоқ. Осынау Сергий сағаттап маңдайша жанында, вагон есіктерінің көлденең ағашына сүйеніп, бәрінен де көп сол тұста, ашық жерде жалғыздан-жалғыз сопайып тұра берді. Өзгелері карта ойнады, әлде біреуінде вокзалда вагонға мінзерер кезде күні кешегі шығарып салушылардан қалған ішуге жарарлық ішімдік те сақталыпты және әдеттегідей, жол бойында жұмыс істеуге ілік табылмаудың арқасында барлық әңгімелер у–шуға, қысыр сөзге, арсын–гүрсін іс-әрекетке тола болды, басқалары ән салды, өздері тыңдады, ал оны, Сергийді есік жақ қана қызықтырды, зуылдап өтіп жатқан жаңа жерлерге қарай берді. Бәрінен де бұрын жас баладай қарап, таңдана көз салды, бұл тарапқа, нағыз ресейлік жерге Сергий алғаш рет бара жатты, мектеп бітірісімен Мәскеуге оқуға аттанғысы келді, бірақ бұның бәрі арман күйінде қалды, поезд ендігіде оны соғысқа қарай жүйткіте әкеле жатқан–ды. Өмір осылайша эшелонда, қозғалыста, әр стансада қайнаған су әкелу үшін қолға жез шәйнек ұстап сыртқа жүгірумен, солдаттың қара нанын жеумен, жолдағы әсердің Еділ бойындағы үш айлық әскери сапта даярлық өткізуімен алмасты. Және де әрбір сәтте, әлдеқандай ерекше, бұрын өзі байқамаған, көрмеген, ал өзгелер үшін, көпті көріп, ит көйлекті бұрын тоздырғандарға мүлдем қызық емес нәрселерді де қарасаңшы деп, кім болса да, Сергий жанында тұрғандардың жеңінен сілки тартатын. Анау бір жерде теміржолға таяу тұста ағаштан қиып үй тұрғызған әлдеқандай шағын ауыл көзге шалынады, қамысы қалың, өз алдына оқшау көлшік те жанға жайлы тиеді, әлдебір қылжақбас неге екені белгісіз сиырға салт мініп алған, жүрген жүрісін айтсаңшы, айнадай жазық далада зауыт жанындағы біп–биік құбырда жанып тұрған мұнай алауы да сәнді–ақ. Сергий осының бәрін түсіне, әңгімелерге арқау ете жөнелетін: әкесі жұмыс жасайтын мұнай өндірісінде де дәл осындай алау жанған құбыр бар еді. Қараңғы қысқы түнде қар аспаннан жауғанда өте әсем көрініске куә болатын: қар ұлпалары тербетіле төңіректе қалықтаса, аспанда алаулаған от көз қуанышына айналатын. Жаңа Жылға анасымен, әпке–қарындастарымен бір–бірінің қолдарынан ұстап, қар үстімен қаумаласа алауды қызықтауға баратын. Ал үйге оралғанда үйдің іші жылылыққа, жарыққа толатын, жабылып өлең оқитын, аналары жаңа пісірілген бәліш жегізетін, әкесі қашанда қатаң бухгалтер болса да, оның өзі көңіл көтеретін. Өзгелер Сергийдің еске алған сөздеріне келемеждей күлетін, қылжақбас сопы өлең айттық, бәліш жедік дегені несі деп... Өзі болса, қан майданға аттанып барады емес пе!

Ал жол торабындағы бір стансада поезд баяу қозғалды, ымырт мезгілі болып қалған–ды, Сергий бәрінің назарын бомбадан өртенген, сол себепті қосалқы жолға жеткізілген, әбден жарамай қалған паравоз бен дәл сондай ұрылып–соғылған вагондарға аударды. Ешбірі де бір ауыз ләм–мим деген жоқ, бірақ, әрине, әрбірі ойланды: бомбаның астында поезд қалайша жанған, фашистердің ұшақтары зуылдай ұшып келіп қалайша тиіскен, бұл вагондарда не болды деп? Өлгендері, жерге секіріп түскендері, жанып–күйіп кеткендері қаншама? Бұл көз жанары алдына келген соғыс салған сергелдеңнің бірінші шарпылысы еді. Зират басындағыдай тып–тыныш халде бір жерде топтала көріп, ымырт үйіріле жым–жылас күйде жан–жаққа тарқады. Көбісі сөз қатпай, үнсіз ойға шомып, махорка темекілерінен түтінді будақтатты.

Жол бойында қызықты жағдай болып, Сергийдің үстінен ха–ха–халап күлді:


  • Қарасаңшы! Құдықтарды көріп тұрсың ба, анау, қандай, ә? Құдықтың үстіне бастырма қойыпты, үй секілді қашап, өрнектегенін айтсаңшы! Ғажап!

Ол өзінің сөзіне жауап ретінде мысқылға тола сөзді естіді:

  • Сен құдыққа қарама, үй секілді қашап, өрнектеп демей! Одан да сен қызға қарашы, құдықтан су алып жатқан. Қарашы, тотыққан жүзін, бөксесі қандай, ә! Ал сен құдық, құдық деп тақылдай бересің: ох, сопы, сенің орныңда болсам, эшелоннан секіріп түсер ем, әттең, дезертир деген атқа қаламын да!

Күлкіге бәрі қарық болды.

Шынында да, өмірдің өзінде адамдар кімнің–кім екенін лезде–ақ таниды: бұл жігіт солайы–солай сарыауыз, сопы, бозөкпе, қайда қарау керектігін білмейді, құдай бойды да берген, иығы да қушиып қалмаған, ой–пікірі де пайымды, бірақ шыны керек, Сергий көп жағдайда әлі де бозбала секілді, ұялшақ және қиялилау. Сергийдің өзі де кей–кейде бұл жайлы өкіне ойға алатын, өз қатарластарына қараса қараптан–қарап қызығасың, ойға томпақ нәрселердің өзін көңілге дөп тигізіп айта алады, ал қыз- келіншектермен бірден тіл табысады. Ал бұл ше! Махаббатты сыр еткен бір оқиға кезінде бастан өткен–ді, ол да болса, құмға сіңген су секілді баянсыз аяқталды.

Мінеки, тағы да күні кеше вокзалда поезға жолаушыларды отырғызар кезде ерекше, бәлкім, күлкілі, мүмкін, өзгеше жағдай орын алды... Бүкіл жол бойы ол сәт есінен шықпай қойды. Оның бәрі де адамдардың бір қарап–ақ білетіндігінен еді, шынында да, кім бұл: құлық–сұмдығы жоқ сопы, бар болғаны сол ғана...

Ал істің шынайы мән–жайы мынада болатын, бұлардың әскери бөлімін дабыл бойынша, кенеттен, таң атпай жатып жөнелтті. Неге соншалықты жедел аттандырды, бұл жағын айту қиынырақ, бірақ бұйрық солай болды. Соғыс жүріп жатты, осының өзі көп жайтты айқындады. Бұйрықтың аты бұйрық. Жиналып аттану істері асығыс жағдайда атқарылды. Сәлден соң олар қала маңындағы лагерден бүкіл жаяу әскер болып, рота–ротамен Саратовтың шеткі көшелерімен стансаны бетке алып қозғалды... сол колоннадағылардың көпшілігі әскерге алынған саратовтықтар болатын. Көше бойымен жүріп, кейбіреулері өздерінің жатақханалары мен үйлері жанындағы терезелерінің жанынан және бұдан біраз күн бұрын өздері жұмыс жасаған фабрика қақпаларының тұсынан өтіп жатты. Осындайда жанынан өтіп бара жатқанда қалайша үн қатпассың? Содан соң басталды де, сау басына сақина сатып алды. Әрине, ешкім де сап түзеген қатардан сытылып сыртқа шыққысы келген жоқ, мұндайға командирлері шыдамайды, бірақ қатарда бара жатып, туыстарымен қоштасып қалғысы келген жаз кезінде айқара ашылған терезелерге қарап айқайлағандар табылды. Немесе қапталдағы жүргіншілерге үн қатты, сәлем берді. Ауладағы бала–шағалар жан–жақтан аяқ астынан шыққандай жүгіріп келіп (“Солдаттар келе жатыр! Қызыл әскерлер соғысқа бара жатыр!”) деп бір–бірін еліктірді. Оларға әйелдер, жұбайлары, әпке–қарындастары, көрші қыз–келіншектер қосылды! Тек осы сәтті ғана күткендей бәрі бірінің соңынан бірі қалмай, әйтеуір үстіне ілінгенін жамылып, аяғына сыйғанын киіп, бірі тәпішкемен, ал кейбірі, тіпті, жалаңаяқ, секіре басып және біреуі жуған шашына сүлгі ораған күйі, тағы біреуі ескі–құсқы юбкасымен ілесе шапты. Олар солдат етігімен адымдап келе жатқан қатар–қатар тізбектердің жанында жүгіріп жүрді, соғысқа аттанған оларға ақ жол тіледі, қоштасып барлығын да түгелдей Құдайдың бір өзіне тапсырды, солдаттардың бәрі дерлік олар үшін сол сағатта бір туғандай, бір қан, бір жандай еді. Жүгірген күйде баршасы тұс–тұстан үйлеріне, Саратовқа, Еділге, туған топырағына жеңіспен оралуды аманаттады, ал желікпе бір сормаңдай әйел жылап әрі дауыстап: “Сталиннің даңқы арта берсін! Сталиннің даңқы арта берсін!” деп айқайлай берді. Кейінірек, стансаға жақындағанда қатын–қалаштар айырылысар сәтте өздерінің басына не төнгенін бір–ақ сезгендей болды, өздерін, өздерінің соры ащы тағдырын еске түсірді, өйткені, майданға бара жатқандармен мәңгіге ажырасқан кезде бастарын тауға да тасқа да не үшін соғатындарына ендігіде көздері жеткен секілді, олардың бүкіл өмірі қазірден бастап соғысқа құрбандыққа шалынады, жесірлік тіршіліктің тұзы өле-өлгенше еш болатындығын түйсінді...



  • Ал, әйелдер, айқайды доғарыңдар! Қозғалысқа кедергі келтірмеңдер! Тарқандар!

Ешқандай үгіт және командирлердің айқайы оларға әсер етпеді. Солдаттар әдеттегідей сап түзеген қатармен, ал жандарында асыға–үсіккен әйелдер мен балалар Саратовтың бұралаң мол көшелерімен бірге өрлей, бірде төмен түсіп, жүре берді. Еділден бірте–бірте ұзай түсті...

Сергий ойламаған–ды, бір–бірінен ажыраудың соншама ауыр болатындығын, өйткені, дүниеге келгелі өмірінде алғаш рет қоштасқан–ды. Жанын қоярға жер таппады, әйтсе де, аяқтарын нық басып келе жатқан жанындағылар секілді ол өзін сергек ұстауға тырысты, көз көргендердің бәріне күле қарады, қолын бұлғады, ештеңе етпейді, басқа салғанның бәрін де көтереміз деп. Олай болмағанда ше? Ал іштей өкінген себебі - өзінің ата – аналарымен қоштаса алмады, олар ұлғайған жастағы қариялар болатын, бұл олардың ең кенжесі еді. Бір үлкен әпкесі Қытаймен шекаралас бір тұста, шекара заставасында, Қазақстанда тіршілік ететін. Екіншісі, Вероника осында, Саратовта тұрады, оның күйеуі майданда, тірі ме, тірі емес пе, белгісіз. Өзі жұмыста, кішкентай баласы бар, балдырғанды соңғы уақытта неге екені белгісіз бірден қартайған анасының қарауына қалдырды, әкесі–Воронцов Николай Иванович бүкіл ғұмыры бойында Еділдегі мұнай өндірістерінде бухгалтер қызметін атқарған, сол кезде ауруханада жатты, көптен бері кесел болатын. Осы жайлы бәрін тізіп Вероника қала маңындағы лагерге, әскери бөлімнің далалық поштасына хат жолдады, мұнда оларды күндіз–түні әскери әзірлікке баулыды. Туған–туыстарға барып хабар алуға рұхсат берілмейтін, бұл хаттарда Вероника бәрін де, неге алаңдаулы екендігін, өзінің бәріне де–жұмысқа да, үйге де және әкесіне ауруханаға барып үлгеруі қиынға соққанын бірін қалдырмай жазатын. Ол қашанда тынымсыз еді, бәрі үшін жаны ауыратын. Ол өз қарындасын жақсы көретін, Вероника өте ашық, ақкөңіл болатын, бәрін де жасырмай жазатын. Алайда қарындасының соңғы хатына Сергий жауап қатқан жоқ және жауап беретіндігін білмеді де, өйткені, өзіне өте жайсыз тиді. Жүрегіне қолайсыз, біртүрлі әсер қалдырды. Вероника хатында, бірақ ол бұның бәрін қайдан білген десеңші, Наташка туралы, оның бұрынғы кластасы жайлы жазыпты, оны мектепте “Коминтерн қыз” деп атайтын, себебі Наташка жетінші класта–ақ Коминтерн жөнінде өз өлеңін шығарып, Испанияда коминтерндік бригадалардың барлық елдердің жұмысшылары мен шаруаларының бақыты жолындағы күресін туындысына өзек етіп, Мәскеуге жолдаған еді, ол жақтан оған алғыс білдірген хат келді және бұның өзі мектепте елеулі оқиғаға айналды, ол бәріне сол хатты оқу үшін қолма–қол ұстатты. Ширақ, өршіл Наташка–коминтерн қыз соңыра белсенділік танытты, барлық жиналыстарда сөз сөйледі, оны бәрі білетін, ол да бәрін білді. Және де дәл соғыстың қарсаңында, көктемде бір жағдай болды. Бірде ол мектепте өткен кеште Наташкамен биледі. Оның өзі Сергийді билеуге сүйрелеп шығарды, ол вальс билеген жұпқа қарап терезе алдында тұрған–ды, ол кенеттен өзінің серіктесін жайына қалдырып, сенімді түрде қолтығына алып: “Жүр, Сережа, бәрінен бұрын сенімен билегенді қалаймын!” деді. Және де бұл оның айтқанын екі етпеді, пионердің аға вожатыйға көнгеніндей, Наташка оның небәрі иығынан–ақ келетін. Және де талдырмаш қыздың бойындағы соншалықты бірбеткейлік мінез қайдан шығады десеңші? Ал бұл болса, осы сәтті күткендей денесі ысып–жанды. Сөйтіп, олар билеген топқа қосылып кетті. Бәрі де осыдан басталды.

Сергий бұрын болып көрмеген сезімді бастан кешті, билеп жүрген көпшіліктің арасында жастықтың қызуымен басы айналды, вальс билегендердің бойынан көзге көрінбес ыстық оттың лебі ұрғандай тән мен тынысын ысыта бастады, құмарлық жалыны өзіне тартты. Сонымен біргелікте ол адамдардың көптігінен оңашаланып, тобырдан бөлектеніп, Наташкамен екеуі аспанға самғап, биіктен–биікке көтеріле ұшқысы және оны өзіне тарта бергісі келді. Ал Наташка–коминтерн қыз резеңкедей серіппелі және жұмсақ болатын, алғашқы сәттегі бойды тұмшалаған қолайсыздықтан арылып, екеуінің арасында күшейе түскен ерекше жақындықтың пайда болғанына Сергий қатты таңданды, жүрегі түскірдің дүрсіл қағуы үдей берді, оны тыныштандыру мүмкін емес–ті. Осынау бір–біріне тартылу қасиеті екеуін де баурап алды, алайда, Наташканың бет–бейнесі соншалықты жақын болса да, тынысынан ыстық леп сыртқа теуіп тұрғанына қарамастан, еш нәрсені сездірмегендей күйде еді, оның бұндай хал–ахуалын толқығандықтан Сергий түсінген жоқ. Тек қана ол кенеттен: “Мен білемін, Сережка, сен мені сүйесің, сен мен туралы армандайсың!” дегенде, ол оның әдейі жақындай түсіп, оттай жайнап күлімдеген көзін және өзіне тартатын жайдары жүзін көрді.

Сергий ұяң мінез танытты, мұндайды ол күтпеген–ді және оған даяр емес–ті, бір жақсысы екпінін жоғалтпай дөңгелеп билей берді. Айтқанына орай таң қалатын, қиып түсетін, көшеде айтылатын сәнді сөздермен жауап қатқысы келді, өзге балаларда бұндай қасиет өте жақсы байқалады, олар айтса болды, тынысың кеңейе жөнеледі, бойың балқиды, ал бұл айтса, сөзі шұбатылып, қиюы қашатынын қарасаңшы. Ол оған айтқысы келді, жақсы көремін бе, әлде жоқ па ойламаппын, дегенмен, өзіме ұнайтын секілдісің, тіпті, өте ұнайсың деп. Алайда Наташка алдын–ала білгендей, оның ойы мен ниетін байқап, сезгендей “Жауап бермей–ақ қой, Сережа, жауабыңның қажеті жоқ, босқа әуре болма! Мен әзілдедім,”- деді дөңгелене билеп және әуен ырғағына қарай алма–кезек басын бұлғай, әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып. – Бірақ түсінесің бе, мен сенің не ойлап тұрғаныңды білемін, сенің не дейтініңді мен–ақ айтайын, - Наташка өзінің сөзі естілсін дегендей залдың шетіндегі бір жайда тоқтаңқырады.

- Мен бәрінің де ішкі дүниесін жақсы білемін, кімнің қалай ойлайтынын да. Аудандық комсомол комитетіндегілер мені көреген насихатшы деп айтады. Сені де жақсы білемін. Сен мені сүйесің және жақында маған бұл туралы айтасың! Өйткені, сен біздің арамызда басқалардай емессің, өзгешесің. Айтайын ба, айтпаймын ба деп жүре бересің. Айтамын дегенше... сен бәрін білемін. Себебі сен қыздармен әлі де ешқашан ешнәрсе! Солай ма? Ия, солай! Мейлі жасырмай–ақ қой! Мен көзіңнен-ақ көріп тұрмын! Бірақ жақында саған бәрі мойыныңа асылатын болады! Сен абайла! Мен сенің алғашқың боламын! Сен менімен боласың! - деді де екеуі тағы да билей, дөңгелей жөнелді. Наташаның аузы дамыл таппады: - Барлық жерде бірге жүретін боламыз. Мен жиналыстарда сөйлеймін, ал сен газеттерге арнап жазатын боласың, журналист кәсібін игересің. Сен жақсы жазасың, бұны мен білемін. Түсінесің бе, мен өршілмін, мен сөйлегенде жұртты аузыма қаратамын, ал сен ақылға қонақ бересің, маған дәл өзіңдей керек. Ұқтың ба?

Мінеки, осындай әңгіме болған, әлде әзіл ме, әлде шын ба, осы жайлы ойлау қажет пе еді немесе мүлдем ұмытқан жөн бе, бірақ сол түні Сергий ұйықтамады, дәл бір өзін әлектр тогы ұрғандай таң атқанша сенделді. Содан соң оған хат жазуға белді бекем буды, бірақ соңыра жыртып тастады. Шынайы жазуды ретсіз деді, ал жай әншейін, ермек үшін, Наташкаға келістіре жазуды Сергий қызық көрмеді.

Уақыт өте сабырға жүгінді. Соңыра, мектеп бітіргеннен кейін, Сергий пединститутқа түскенде сол жазда соғыс басталды, олар болса жол–жөнекей екі рет жолығысты, бірақ махаббат туралы әңгіме қозғаған жоқ. Әрбір жолыққан кезде Сергий сол баяғы әңгімеге оралу сәтін күтті, бірақ өзі ыңғай танытпады, ол да ләм–мим деген жоқ. Шындығында, бұл тарихты ұмытқан абзал еді, бірақ әскерге шақыртқан қағаз келгенде, бәрі де әлдеқалай керісінше болып шықты. Сергий өзін-өзі ұстай алмады, ол тұратын көп қабатты үйге барды, соның жанында сенделіп, сарыла күтіп, кеткісі келіп, қалғанды да жөн санап екі ортада ойы толқып, сергелдеңге түсті. Күткені де дұрыс болды, ол үйіне келе жатты. Бірақ бәрі де қоңырқай тіршіліктегідей сезілді. Алау сөнерде де дәл осылай болады. Ол үшін отты лаулатарлық құрғақ бұталарды таба білу керек. Сергий оған әскерге баратынын және қоштаспақ ниетпен келгендігін айтты. Ол бұны мүлдем жайбарақат қана қабылдады, қазірде бәрін де майданға алып, ендігіде баршасы жұмылдырылып жатқандығы, өзінің асығыс екендігін, бірақ хат жазатынын уәде етті. Тезірек далалық поштаның мекенжайын жіберуді сұранды. Бұл Сергийді өте қуантты, бейнебір сол үшін ғана әдейі келгендей, хат жазысып тұруға келісуді ойластырмақшы болғандай, себебі, хатта көзбе–көз жолыққаннан әлдеқайда көп нәрсе айтуға мұмкіндік мол. Хатта кейде батылың жетпейтін сөздерді айта аласың. Алайда өзінің жазған хаттарына, ол оған бірінен соң бірі үш рет жолдаған–ды, уәде етілген жауаптардың біреуін де ала алмады, ал шындығында сарғая күтті, ойша түрлі сөздері мен жауаптарын сары майдай сақтап іштей қайталады. Солдат өмірінің ағымдағы тірлігінің арасында үміті ендігіде сөнген кезде кенеттен қарындасы Верониканың соңғы хатында, ол қайдан бәрін біліп қойған, Наташа–коминтерн қыз білетін адамдардың айтуынша, бір жыл бұрын әйелі қайтыс болған, майданға баруға броны бар, өзінен әлдеқайда жасы үлкен адамға күйеуге шығады деп жазыпты. Одан әрі қарай Вероника былай деп жазыпты: “Сережа, аяулы ағам менің, соған бола алаң болма. Мен сені білемін ғой, сен әртүрлі романдарды бас алмай көп оқығансың және бәріне де кітаптағыдай қарайсың, сөйтіп, өкінесің. Бірақ сен олай етпе. Түсінесің бе, сен мүлдем басқасың. Сен екеуіңнің болмыстарың әртүрлі. Оны ынты–шынтыңмен айыптама, күйеуге шыққысы келсе, бұл оның жеке ісі. Сіз екеуіңіз жарасымды жұп емессіздер. Маған сеніңіз. Тек қана сіз үйге аман–есен, сау келсеңіз болғаны, тезірек соғыс таусылса екен, ал сіздің бақытты болатындығыңызға, әлдебір бойжеткеннің сізбен бақыт табатынына мен еш күмәнданбаймын. Сережа! Тек сен мүлдем алаң болма, ағашым, қымбаттым. Және де тезірек біздерге орал... Соғыс тезірек таусылса екен, тезірек бітсе, шіркін...” Мінеки, хаттың айтары. Шынын айтқанда, өзі мен Наташка–коминтерн қыздың арасында өкінетіндей ешнәрсе де болған жоқ. Бірақ қарындасы оны қалай да жұбатқысы келіпті.

Ендігіде Наташкамен арадағы осынау аяқталмаған тарих өзі үшін еске кірелі–шығалы түс секілді өткен шақта, он тоғыз жыл жасаған ғұмырының ауқымында қалып қойды. Сол жай–күйімен майданға аттанды, өзі де түсіне алмай, дал болып, батпандай ауыр сезім мен өкінішті арқалап кете барды, тәжірибесі аз жанының сенгіштіктен босанғанын да сезінді. Ол өзінің балалық шағының қаласы болған жерден шетке кетіп сап түзеп, адымдап, тұп–тура соғысқа бара жатты, ал көше бойында әйелдер мен балалар қатарласа жүгіріп шығарып салды. Осы орайда олардың арасында қарындасы Верониканың болмағанына іштей өкінді, жедел жөнелтетінін білгенде, әрине, ол соңғы рет көріп қалу үшін қалай болғанда да, асығып жетер еді.

Бірақ қашанда да ауызға алар бір сөз бар, дүние ғажайыпсыз болмайды деген. Бәлкім сол сәтте дәл сондай жағдай да болды ма екен. Тағдыр қарындасының жоқтығын білдірмейін деп, орнын мүлдем кездейсоқ жәйтпен толтырғысы келген болар. Бұл жайлы ол жол үстінде вагонға отырғызған соң, біршама өзіне-өзі келгеннен кейін ойына алды.



Олар вокзалға бет алғанда, көпшіліктің арасында кенеттен бір сыған әйелі пайда болды. Оның қайдан келгені бір Құдайға ғана аян еді, әйтсе де, Саратовта жаз айларында әрдайым сығандардан аяқ алып жүре алмас ең. Сыған әйелі өзінің қара торы жүзімен, жүгіргенде теңселе сылдыраған құлағындағы төкпелі мыс сырғасымен,иығына жамылған қанқызыл жыртық шәлісімен және жерге етегі тиетін ұзын юбкасымен көзге бірден түсетін. Сыған әйелі – бұл қашан да сыған әйелі! Көшедегі көп адамдар мен сеңдей қозғалған жұртты көріп еліккен ол саптың бүйірінде асыға–үсігіп, әлдене деп айқайлады, ымдады, әлдекімді қатардан іздестіре бастады. Солдаттар оған жауап қатқысы келіп, бірін–бірі бүйіріне түртіп, қарасаңшы, сыған әйелі сені іздеп жүрген жоқ па деп бірі–біріне жымыңдасты. Ал біреуі, тіпті, өзін нұсқап:

  • Ей, сыған әйелі, ей, пысық әйел, мен мұндамын! Есітемісің? Бұл мен ғой! Сен бе мені іздеп жүрген, бал ашамысың?- деген сауалына:- Кезі келгенде саған да болжап беремін, - ал қазір өзіне керек адамды іздеп жүргенін айтқанда қатты таңданды. Айтқанындай, дәл келді.

Біраздан кейін ол шапқылаған бойда, мүмкін жоғарыдан берілген ішкі түйсігімен, бәлкім, өзінің қалауымен болар, іздеген адамын лезде таныды. Сапта адымдап жүріп келе жатқандардың таңданысына орай, бұл Сергий еді. Неліктен тек ол ғана? Не себептен оған, Сергийге жанынан екі елі қалмай үн қатты:

  • Тыңда, жігіт! Тыңда, бозбала, ей, сен, қара қасты, шетке шық, қолыңды соз, мен саған жолға шығарыңда бал ашып берейін, бақытыңа бал ашайын!

Сергий қатарда шетінен санағанда үшінші болып келе жатты. Бірақ мәселе онда емес–ті, ол бұндай ойда жоқ, өзіне беймәлім жағдайда не істеу керектігін білмеді. Бұған дейін ешқашан оған бал ашпаған–ды, отбасында бәрі де түрлі айла–шарғы бал ашудан бастарын аулақ ұстайтын, әкесі қандай да болмасын карталарға сенбейтін, анасы да ырымдарға оншалықты мән бермейтін, ал кенеттен пайда болған мынадай жөн–жосығы жоқ әрекетті қарасаңшы.

  • Керек емес! Мен қаламаймын! – деді ол күлімсіреп және иығын көтере оған айқайлап және өзінің бас тартқанына именіп, бәлкім, кешірім өтінгенде де болар ма еді, бірақ қалай және не үшін? Бұған қоса өзінің құрдастары да түрткілей жөнелді, сыған әйелі де біледі кімге бал ашуды, біздің сопыны ұнатып қалғанын қарашы деп. Шынында да басқа кімге бал ашушы еді? Ол, әділін айтқанда, Құдайға сенеді, олай болса, дәл үстінен түсті.

Алайда, сыған әйелі жабысып, жібергісі келмеді:

  • Тыңда, жігітім, бас тартпа, бұл – тағдыр!

Әлдебіреу оған есіне салып:

  • Оның есімі Сергий, - деді.

  • Сергий? Е–ей, Сергий, қымбаттым, ей, қара қасты! Мен саған айтып тұрмын, бұл – тағдыр, бас тарпта, Сергий сен әлі тым бозбаласың, сенің тағдырыңды баян етейін! Шын жүрегіммен бал ашамын. Не болатынын, бәрін, бәрін де айтамын!

Бірақ осы кезде әлдеқандай нақұрыстар оған дау айта бастады:

  • Ау, сыған әйелі, кедергі болма! Көріп тұрсың ғой, сапта келеміз.

  • Ал мен кедергі болмаймын, мен жол–жөнекей бар болғаны қолына қараймын!

  • Құрып кетші, мазаны алып біттің, кедергі болма, саған айтып тұрмын!

Сыған әйелі жас та, кәрі де емес–ті. Оның жүзінде Сергий байқағанындай кәдімгі қулық–сұмдықтың ізі жоқ болатын, керісінше, ашықтық, қарындасы Вероника секілді ниеттес пейіл бар еді. Вероника қашанда кімге болса да жақсылық жасауды жаны қалайтын және соны орындағанша тыным таппайтын. Ия, ол Вероникаға аумай ұқсайтын. Жоқ әлде оның өзіне қарап: “Мен саған әпкең секілді айтамын. Інімдей көргендіктен айтамын!” деп айқайлаған соң, солай көрінген шығар.

Және де сыған әйелі қарақұрым көпшіліктің ішінде қарасы көрінбей кеткен соң, Сергий, тіпті, оны аяп кетті және іштей өзіне-өзі кейіді, айтқанын істей салғанда болар еді, соншалықты ұялшақ болғанын қарасаңшы. Жақсы болмады, әйтеуір.

Сол арада олар стансаға жақындады, бәрі де сап түзеп, ротаның ізімен рота, взводтан соң взвод тізбектеле жүрді, әскерилерден кейін лықси келген саратовтық ел–жұрт та демде дуылдай, шулай жөнелді. Эшелон теміржол үстінде тауарлы вагондарының есігін айқара ашып дайын тұрған–ды. Поезд құрамы ұзыннан- ұзаққа шұбатылып, шеті–шегі көрінбестей еді.

Жолға аттанар алдындағы қарбалас тірлік басталды. Қай взвод қайсы вагонға мінетіндігін белгілеп, вагондар жанындағы ары–бері жүріс көбейді, ал әйелдер мен балалардан аяқ алып жүру және оларды қандай да бір күшпен сейілту мүмкін емес–ті.



Вагондарға мінгізу өте ұзаққа созылды. Перронда ыстық болды және таршылық кеудені қысты. Міну кезегін күткен Сергий сыған әйелін ұмытып та кеткен–ді, кенеттен ол тағы да көпшіліктік арасынан көрінді. Тапқанын айтсаңшы, ойпырмай, өлерменін қарасаңшы.

  • Ей, Сергий! Мен сенің ізіңмен келемін! Бас тартпа, жігітім, мені тыңда, сыған әйеліне құлақ сал. Тағдыр саған жолға шығарда бал ашуды бұйырады. Жоқ деме, соғысқа бара жатырсың, тағдырыңды білгейсің.

Сергий, тіпті, қуанып кетті:

  • Жақсы. Қажет болса, бал аш. – Зат салғыш қабын аяғының басына қойып, автоматын мойнына іліп, оған қолын созды.

Вагон жанында жолға аттанар сәтте, мінеки, взводтағы жолдастары қоршауында бал ашты. Сыған әйелі қолындағы сызықтарға назар аудара көз жүгіртті, әлдене деп күбірледі, еріндерін жыбырлатты, басын шайқады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет