Шыңғыс айтматов таулар қҰЛАҒанда



бет9/19
Дата25.12.2016
өлшемі2,98 Mb.
#4695
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19

  • Жақсы! Арсен, сені үйрететін мен емес, бірақ байқа, сені айналдыра қоршауға алуда. Хатты біз береміз, басқа амал жоқ. Дін иелері бізден қалыспайды.

  • Олар қандай дін иелері деп ең! Екі жүзді сайқымазақтар!

  • Мейлі, бұны мен әзіл ретінде айттым. Жалпы алғанда, сен таулықсың ғой, қай жерде өрге көтерілуді, қай жерде еңіске түсуді, қайда шыңырау бар екендігін өзің білуге тиіссің. Сапарың сәтті болсын...

  • Рахмет. Мен жүрдім, - деп жауап қатты Арсен Саманчин түсінуге тырысып, оның осынау тілегі нені аңғартады: жол қиындығын алдын-ала ескеруі ме, әлде өмірден де қымбат мәселе бар ма?

    Содан соң, редакциялардан тағы да екі қоңырау соғылды, бірақ бұлар зәру мәселелер емес–ті.

    Жанармай құю бекетінде ғана сәл кідіріп, Арсен Саманчин ендігіде таудағы топырақты жолдардың ала–құлалығына жақындады. Өр және сай жолдармен алма–кезек алмасу өзінше бір романтика және төңірегіңде әсем көріністер ашыла түседі, бірақ рульде отырғандықтан өте жіті болуды талап етеді, бұл автокөлік үшін де басы артық ауыр жүк. Жол бойына бар көңілін аударған Арсен Саманчин қапаланған халде баспасөзде оның медиафорумдағы сөзінің бір жақты, тар мағынада түсіндірілгеніне ой жіберді: түрлі конференцияларда оның пікірталасты сөздері көп болған–ды, бірақ ұйымдасқан түрде қысым жасау, шынында да, алғаш рет. Және де бұл ашықтан–ашық жүргізілуде. Арсен Саманчин өзінің жан дүниесіне сыйғызып жүрген және бұны жарық әлемде бірде–бір жан білмейтін аса қатерлі тірлігін кейінге қадырса, ал ол, жан–жағының барлығын өзінің, өзгенің трагедиясын саудаға салып, бұның да ізіне ашық күнде шам алып, өзі ойлағандай бұны қуып жетіп, идеялық нокаут бермекші. Егерде осындай болса, онда бұған да іркіле тұрудың қажеті шамалы, араб ханзадаларымен аңшылықты тәмамдаған соң, тікелей төтесінен соғу керек...

    Осынау тағдырды шешетін ой кешулерден арылу қиын еді. Ол ендігіде төрт сағат бойы жолда еді, көз жанары алдында бала жастан мейілінше таныс туған жер көріне бастады, бір кезде бүкіл округтегі ең ірі колхоз шаруашылығы болған ең үлкен ауылы, туып өскен Тұйықжарға дейін бір сағатқа жуық жол қалды, сонда да Арсеннің басында сол баяғы ойлар құжынай берді. Кеңістік бойымен қаншалықты ұзағанымен және жасы үлкенге және еркі әлжуаз емес адамға тән емес қасиет болса да, таңқаларлық кейіпте, балаға ғана тән, сағынышты үміт одан бір елі қалмай, ілесіп келе жатты: үкілі үміт егер де мүмкін болып, жүзеге асса! – осында және тап қазірде Айданамен көрісіп, әңгімелесер еді. Туған ауылға бірге барса қандай керемет болатын, рульде отырып, оған қайда және не үшін сапарға шыққанын сыр етіп шертер еді... жолға шығарда ол Айданаға біле тұра, мүмкін болмаса да, қоңырау шалуға әрекет етті, бірақ одан “Алло!” деген дауысын есітпей–ақ қойды, қаладан шығарда оған еш болмағанда бірнеше сөз айта алмады, бұған қазіргі таңдағы оның супер тағдыры, дәлірек айтқанда, супершоуменге басыбайлы таңылған тағдыры жол бермеді... Осынау ойдың тасқынында бейнебір Айдана осында және бұл онымен әңгімелесуде деп армандау ғана қалды.

    Және де сонда Айдана жанында, иығын тигізе отырғандай көрінді. Ол өте көңіл қойып отырды, әрине, сұлу еді, ол сұлу болуға тиісті де болатын, өйткені, әрбір әйелге сұлу болу–болмыстың ең алғашқы мәнді шарты, бұл адамзат баласы дүниесінде осылайша қалыптасқан нәрсе. Және де қарапайым болып көрінудің қажеті қанша, Айа шынында да, табиғатынан сұлу жаратылған–ды: бойы да, тұлғасы да, жүзі де, қара қастары астынан әрдайым жайнап тұратын көзі де, иығына дейін төгілген, бірде артқа қарай таралған, бірде тап–таза бетін көмкерген шашымен де, сахнаның сырты мен сахнаның өзін сұлулыққа бөлейтін. Ал даусы ше! Мұндай кезде Құдайдың өзіне үн қатып, оны оған сұлу да қуатты дауыс бергені үшін алғыс айту қажет еді. Солай емес пе, Айа? Ах, кешірім өтінем, бұл жөнінде еске түсірудің өзі артық. Түсінемін, түсінемін, қапаланамын, қорланамын, өзімді жерге тығар тесік таппаймын. Өйткені, сен айлалы, епті шоумендердің қолындасың, сені де диск секілді қалаған уақытта іске қоса алады және өшіре салады. Ал мені, есалаңды үптеп–сүптеп жібереді. Бірақ бұл жөнінде кейінірек сыр ашармын...



    • Тоқта? Қай жаққа кетпексің? – деп жанұшыра сөйледі Арс. Бірақ ол жанынан жым – жылас жоғалған–ды.

    Ауылда бұны күтуде, қаншама туыстары бар десеңші, туған қарындасы, күйеу бала–ұста, жиендері, қайындары, немерелес, шөберелес және басқа да ағайындар бар, солардың ішіндегі ең бастысы – Бектұр ағаның өзі бұның келетін сағаты мен минөтін есептеуде, өйткені, өте аз уақыт қалды, араб ханзадалары ендігіде бес күннен соң, он жетінші шілде күні сағат он жеті нөл–нөлде Әулиеата аэропортына өздерінің жеке ұшағымен ұшып келеді. Аэропорт қызметіндегі барлық мәселелер интернет арқылы келісілген, ұшып келуіне байланысты тұтас бір құжаттардың пәпкесі жинақталды және кері ұшу мерзімі ашық күйінде қалды. Ұшақ экипажымен біргелікте осы уақыт аралығында аэропортта немесе Бектұр Саманчин айырпортта тұрақтайды (оларға, арабтарға жеке ұшақ сен үшін өзіңнің “Ниваң” қандай болса, дәл сондай), қысқаша айтқанда, бәрі де бизнес – жоспарға сай әзірленген. Ал бұл болса, өңінде ме, әлде қиялыңды ма өзінің “Нивасын” айдап келеді... Кенеттен ол тағы да жанында пайда болды...

    • Сен қайда барасың, Арс? – деп сұрады ол.

    • Ой, кешір, Айа, - деді Арс күтпеген жәйттен бұлғақтай жөнелген машина рулін реттеп. – Мен саған қоңырау соққан ем, хабарласа алмадым. Ал сен, есіңде ме, Хайдельберг паркіндегі дәл сол көйлекті бүгін үстіңе киіп алыпсың, саған өте жарасады.

    • Сол үшін де күтіп киінемін, сен үшін ғана әдемі болып киіндім, Арс.

    Осы арада ол әңгіме ауанын өзгертті:

    • Қайда барамыз, сонда барамыз, бірақ байыппен сөйлесейікші. Бір нәрсе істеу керек, Айа.

    • Егер қаласаң, сөйлесейік.

    • Сен үшін таңқаларлық жаман нәрсе болмасын, бірақ көңіліңе тоқы: тірлік жаман болып аяқталуы мүмкін. Сенің өміріңе тікелей қатысы жоқ, бірақ...

    • Ал бұл не сонда? Бұл сенің өміріңе қатысты ма?

    • Менің өміріме ғана емес.

    • Не болды соншама, Арс?

    • Көрдің бе, сен ақылды, күшті, сұлу әйелсің. Құдайдың әуені басшылығымен ән салуың үшін саған құдайдың ғажайып дауысы берілген. Бірақ сен Құдайдың үмітін ақтай аласың ба? Өйткені, қазірде сенің өзге құдайың, бизнес – құдайың бар емес пе, оның есімі – Эрташ Курчал, Курчал – Құршал, қарғыс атсын оны! Ол семіздіктен масыққан жай байбатша ғана емес, Эрташ Курчал – шоуменнің шапанын киінген сайтанның өзі. Ол қолына бағынбайтындардың барлығын жек көреді. Мәселенің мән–жайын тез аңғарады, иісінен–ақ сезе біледі...

    • Руліңе қара, Арс!

    • Әбіржіме, Айа, бәрі жайында болады.

    • Ия, сен бір кезде мақтанған ең, рульде мен аспын деп.

    • Мүмкін солай да болар. Бірақ сен тыңдашы, мен сөзімді бітірейін. Ол жыртқыш өзінің иісті сезгіштігімен “Байлыққа және билікке ұмтылудың ауытқуы” атты мақаланың тақырыбынан–ақ менің кімді меңзеп отырғанымды бірден–ақ аңғарды, ал мақала мәскеулік газетте жарияланған–ды.

    • Мен қазірше оқымаған ем, Арс. Бірақ онда ешкімнің де аты аталып, түсі түстелмеген дейді ғой.

    • Мен де әлдекімді атайын деген жоқпын. Бұның қажеті жоқ. Түсінесің бе, әңгіме жалпы бұлтартпас ағым жайлы, байлық пен билікке ұмтылу жөнінде. Әрі бұл маңызды да емес, билікке төтелей ие болу немесе оны сатып алу қажет пе дегенде, екеуі де лайықты. Менің айтқым келгені, тыныс алу үшін ауа қандай болса, билік үшін байлық қажет деп, ал байлық тағы да тыныс алуға ауа қажет болғанындай билікті талап етеді. Өмірде солай жаратылған. Билік пен байлық бірінсіз–бірі өмір сүре алмайды, ал байлық арқылы билікке құмарлық және керісінше соларға өмірбақи ұмтылудың қауіптілігі мынада, мұндағы мақсатқа қалай болғанда да түрлі тәсілдермен қол жеткізеді. Және де мұнда кімнің маңдайына не жазылса, соны көреді: әлдебіреу бал жалайды, әлдебіреу қарғыс атып жер қойнына кіреді. Ал бұл неме мақалада өзінің жексұрын бейнесінің мәні өлтіре сыналғандығын тез аңғарды...

    • Ой, Арс, саған тек қана лекция оқытып қойса. Сен одан да жолға қара, рульіңді мықтырақ ұста!

    • Алаңдама. Байлық пен билік – бұл жатырда–ақ тұтасып кеткен сиам егіздері екендігіне сенімің әлі–ақ арта түседі деп ойлаймын.

    • Сен не, тағы да социализмге жармастың ба? Біз онда болмаған ба ек?

    • Әңгіме ол туралы емес?

    • Онда не жайлы?

    • Нарық құдайлары үшін біз екеуміздің құрбандыққа шалынғанымыз туралы. Бұл жөнінде сен не ойлайсың?

    • Оны сен өзің білесің! Мені зорлама, Арсен...

    • Неге үндемей қалдың? Жаның ауыра ма?

    • Тыңдашы, машинаны тоқтат! Әйтпесе, мен жүріп бара жатқанда есігін ашып, қарғып түсемін. Жетеді! Сен ойлағандай мен бұл жолға оп–оңай түсті дейсің бе? Сен бұның бәрін де менен жақсы білесің. Мәселе былайша қойылады: мен поп–шоу–бизнесінің кең алқабында жұлдыздарға үзеңгі сап шабуым керек немесе романтизмге салынып, дауыстай жылап, алақан жайып күн көруім қажет. Менің жанымды жұлқылама, сен білесің ғой, ата–апаларым–қариялар, тіпті, зейнетақыларын да алмайды және менің қызым олардың қолында. Өзге кісілерге оны тапсырғым келмейді, ал өзімнің уақытым жетпейді, мені қазір қолдан қолға ұстатпайды. Мен білемін, сен мен жайлы ойлайсың, жаның ашиды, мен білемін, сен әлі де Мәңгілік қалыңдық жайлы жан ауыртасың. Бірақ егерде сен өзіңді жалғызілікті идеалист деп есептеуге мүмкіндік берсең, онда менің не істеуім керек? Жоқ, жоқ біз екеуіміздің...

    • Неге ол жоқ, жоқ? Сен не туралы айтпақсың?

    • Біз екеуміздің бұдан былай жолығуымыз екі талай.

    • Неге?

    • Тыңда, мейлі мен саған арсыз болып көрінейін, бірақ ең соңында айта кетейін. Сөз дегенің бір басқа, іс жүзінде тірлік мүлдем бөлек. Енді мінеки, жападан–жалғыз қалғанда күйініп жүрсің, дүние дұрыс жаратылмаған деп, әрине, сен сияқтылар, жылауықтар аз емес. Ал оның бизнес–гаремі бар, онда мен секілділер де біршама. Және де ақша үшін бәрі де оған қуана жүгіреді, сөйтіп, қашан тағы да қажетіне жарар едік деп көздері төрт болады. Ия, саған эстрада және лимузин иесі жаныңа жақын емес, сен оның көзін де көргің келмейді, сонда не шықты? Ол бұрын ешкім емес еді, ал қазір бәрінің қожасы! Әрине, өзінің бизнесі арқасында. Күш оның жағында. Мінеки, бар болғаны осы!

    • Ия, Айдана, бар болған осы! Сенікі дұрыс. Бұған бір нәрсе де қоса алмайсың. Бәрі осылай. Бірақ менің тізе бүккенімді ол күте алмайды. Және де жуық арада кейбір нәрселерді сенің көзің көретін болады, сол үшін де осы жолды бетке алдым. Саған не болды? Алаңдама. Сен кінәлі емессің, бұған құшағына батырған нарық заманы айыпты. Оның құдайы - ақша. Және де бұл құдай әлемнің төрт бұрышын түгел қарпыған. Әбіржіме. Тоқта, сен қайда барасың? Тоқтасаңшы! Сен қайдасың? Қайдасың сен?

    Бірақ ол көзден ғайып болды. Арс, тіпті, көлігінің тежегішін басты, бейнебір Айдана Самарова шын мәнінде жаңа ғана жанында болғандай, бүйіріне бүйірін тақап оқырғандай және де көз алдында зымырап бара жатқан көліктен секіріп, қас–қағым сәтте ғайып болғандай, аң–таң қалыпта мойнын бұрды. Тез арада есін жинап, маңдайын өзінің алақанымен сарт еткізді, Арсен одан әрі қозғалды, өзіне-өзі күліп, басын шайқап, өзінің елірген қиял елесіне не сенерін, не сенбесін білмей, әдеттегідей қиял соңында кететіндігіне мейілінше кейіді. Алайда, өзінің санасында пайда болған қос тірлік пен өңіндегідей осы сұхбатты жүргізуге берген мүмкіндікті ақтауға себепші болған нәрсе - қашып құтыла алмайтын, мас ететін және кеудені қарс айыратын ащы сағыныш еді. Ал жалғыз ғана жұбанарлық жәйт мынада болатын, өзінің қиял–ғажайыпқа тола клипті санасы қаншама оғаш әрі күлкілі болып көрінгенімен, оның өзі шынтуайтқа келгенде нені ойластырғанын жарық әлемдегі бірде–бір жан білген жоқ–ты. Ешкім де... Ал білген кезде ше... Бірақ бұл маңызды емес, былайша айтқанда, ол басқа мәселе. Арғы дүниеде, тіпті, жаулар да бір–бірінің қолын қысып, құшақтасады дейді...

    Сол уақыттарда Арсен Саманчин таудағы туған ауылына жақындап қалған–ды, Тұйықжардың жоғарыға кілт көтерілетін шетінде келе жатты, жол бойындағы төбесі шифермен жабылған таныс үйлерге, ауылдың аулалары мен қораларына қарайлап, қуанып, толқыды, өзінің көз алдына елестеген қиялдарды ұмытты, өйткені, ол бұл жерге жарты жылға жуық оралмапты, енді мінеки, аман–есен, сап –сау жұпынырақ көрінсе де, бәрі–бір өз ауылына жақындай түсті, ал бұның алдында жол айырығындағы көрші ауылда жанармайды көлігіне құйып алды, бұл да осы маңда өте маңызды, бакты толтырып алып жүргенге жетпейді.



    Әрине, оны күтті. Ол аулаға енгенде қарындасы Хадиша және жездесі Орман үйден суырыла шығып, бұны құшақтарына ұзақ басты (ұстаның бойынан қыздырылған темірдің исі ұрып тұрды), ал қарындасы, тіпті, көзі жасаурап, итпен сауда жасап жүргеніне кейігендігін уақытша ұмытып, Ардақтың отбасының хал–жағдайын сұрастыра бастады. Өте көңіл тасытарлық кездесу болды. Туыстар бұның араб ханзадаларына аудармашы ретінде келгендігін білетін–ді. Бектұр ағаның өзі бес минөттен соң келді, ол да үздіге күткен–ді, бұл түсінікті де, себебі Арсенсіз Бектұр Саманчиннің қолы қысқа, ештеңе істей алмайды. Бектұр аға ат үстінде жамылғы киім жамылып, аяғына етік, басына шошақты ақ шапке киіп, салт атпен жүруге дайын күйде келісті отырған–ды. Және де гүрілдеген дауысымен аузынан шыққан алғашқы сөзі былай еді:

    • Мен сені күттім, Арсен, өте толқыдым, жақсы болды, дер кезінде келіп жеттің. Іс жоспар бойынша ойдағыдай, бәрі даяр. Мен саған бізді ұзақ күттірген аңшы–қонақтардан алынған факсты әкелдім. Оқырсың, аударарсың, бірақ бұның бәрі ертеңгі тірлік. Ал бүгін жайбарақат демал, өзіңе - өзің келіп ал. Жұмыстың шеті – шегі жоқ, мұрша беретін емес...

    Тағы да біршама әңгімелесті, шай ішілді, қарындасы дастарханын даярлап–ақ қойған екен, сол аралықта көрісу, сәлемдесу үшін көршілері де келіп жатты. Көшеде жүрген балалар да, “Ниваның” жанында айналсоқтады. Күтпеген кездесу де болды, ойда жоқта кластасы Тастанауғанмен сөйлесудің орайы келді. Оның азан шақырып қойған аты Тастанбек болатын, бірақ ауған соғысынан кейін, онда оның бақандай үш жылға жуық өмірі өтті, әлі де жеңіл–желпі жарақат алып, кеудесіне таққан орденмен оралды, содан ауылда оны Тастанауған деп атап кетті, ал отбасында бұдан да қысқартып, Тасауған дейтін болды. Жалпы алғанда мағынасы тастай берік ауған дегенді аңғартады. Тау қырғыздарындағы ең көп тараған есімдер де солай құрастырылған: Темірбек – темірдей берік, Темірхан – темірдей хан, Темірқұл- темірдің құлы... Мінеки, солай, кім ойлапты, оған ата–аналары көктегі белгілерге сай қуатты және мықты болып өссін деп берген атты (айтпақшы, ол сондай еді, бозбала шағында ауылдағы балуандармен белдесіп, күрескен де) ауылдастары жастық шағы Ауғанстанның жабайы тауларында өткен шайқастардың төсінде шойындай шыңдалып, болаттай суарылған жауынгерге құрмет белгісі ретінде Тасауған деп лезде өзгерте салды. Ол Арсен Саманчинмен бір класта оқыды, балалық шақтан рулас және дос еді. Кейінірек олардың жолы екіге ажырады. Арсен бүкіл студенттік өмірін Мәскеу мен Ленинградта өткізді, қалалық атанды. Тасауған оны әскерге шақырып, жаяу әскер бөлімшесі құрамында Ауғанстанға жіберген кезде облыстық ауылшаруашылығы техникумының агрономия бөлімін тауысуға тақау болатын. Құдайға шүкір, Горбачев әскерлерді ауған жерінен шығарған соң, ол өзінің колхозында қалды, сол уақыттарда реформалар бұрқ–сарқ етті, ауылдық аудандарға жерлерді жеке меншікке алу жүзеге аса бастады. Тасауған осындағылардың бәрі секілді кіші ауылшаруашылығы бизнесінде табан тіреп шыдас берді, дәлірек айтқанда, өзгелер сияқты әупірімдеп күнелтті, зорға күнін көрді, жер-жерлерде солай болатын, ал алыстағы тауларда, тіпті, қиын–ды.

    Бұның барлығын өзінің ауылдастары ынтыға күткендігін ағасының келуіне орай қарындасы айта бастағанда оның есіне түсірді.



    • Барша туыстарың сені зарыға күтуде, Тасауған үш рет келді, сені сұрады.

    Арсен бәрімен де асыға–үсіге сәлемдесіп, сөйлесе алды. Көршілерінен басқа, Бектұрдың бастығынан өзгелері ауылдастары оны дәстүрлі “байеке” демей, тап–таза қазіргі заманғы “шеф” деген атаумен атайтын болыпты, Тасауған да көрісуге келді. Олар да қатты құшақтасып, сәлемдесті. Екеуі де бір–біріне қуанды. Екі жылға жуық көріспегендерін еске алды. Осыған байланысты Тасауған былайша сөз өрбітті:

    • Бұндай ол жақта, сендерде, қалада, әрбірінің өз телефоны бар, кіммен, қашан сөйлесемін, өзімнің қалауымда. Ал бізде телефон атауы жоқ, болуы да екі талай. Өзің білесің, Арсен, әлі де ауылда электр жарығы бар, әйтеуір, Кеңестер кезінде жүргізіліп қалды. Ал ұялы телефон шефтің және оның екі көмекшілері – Бөріби мен Жанарбекте ғана бар, сен оларды білесің, мектепке бірге баратынбыз.

    • Ия, әрине, білемін, - деп күлді Арсен және де ескі досын сөзіне орай үміттендіруге әрекеттенді. – Ал ұялы телефон жайлы былайша ойлаймын: араб ханзадаларымен барыстарды аулап алайық, сен сонда бәлкім, әжептеуір қаражат табарсың. Шеф Бектұр аға қалаға келгенде сені барыстарды қуушылардың ішіндегі негізгісі деп айтқан–ды. Ал бұл оңай шаруа емес, жартастарға өрмелеу, жарлардан секіру және де кеңірдегің үзілгенше айқайлау деген. Бектұр аға сені өте құрмет тұтады, оның үстіне Ауған тәжірибесі сенде жеткілікті. Төлемақы жаман болмайды деп үміттенемін. Ұялы телефон және тағы да бірер нәрсе сатып аларсың. Ең бастысы, барыстар қораға кірсін дегін.

    Тастанауған белгісіз халде иықтарын көтереді:

    • Қалай болатынын көрерміз. Әлі де сөйлесерміз. Сен күлме, Арсен, бірақ қар барыстары біздегі тауларда өте сирек кездесетін аңдар, олар жөнінде балалық шағымызда біздерге қаншама ертегілер айтылды десеңші, ал ұялы телефондар қалада қапқа тығылған картоптардай төбе–төбе. Кім не қалайды, гәп сонда,

    • Солайы солай – ау, - деп келісті Арсен Саманчин, – бірақ поезд өз жүрісінен жаңылмайды. Қазірде бұл ертегі емес, көріп, біліп тұрсың, араб аңшыларына барыстарды өзің қуалап әкелетін боласың. Ендігіде бұл үлкен бизнеске айналды.

    • Ия, әрине, үлкен бизнес. Айтарың бар ма?

    • Шеф Бектұр аға аң қуушылардың саны бесеу деді, сен бригадирісің, бәрінің өз аттары бар және ат үшін де бөлек ақы төленеді.

    • Бұл дұрыс, - деп сөзін қуаттады Тастанауған.- Біз бесеуміз. Және де біздің аттар мықты. Жалғыз мәселе – аяқ баспаған таулар мен қар үстінде жортуға тура келеді, сол үшін үзеңгі ақысын да төлесе дұрыс болар еді – бизнестің аты бизнес. Мейлі, ертеңге дейін. Жақсы ма?

    • Жақсы!

    Ауладан шыға беріске жетпей, Тастанауған ойлана тоқтады, сірә, әлдене айта алмағандай. Солай болды да. Ол қайта оралды:

    • Ия, бір нәрсе айтқың келе ме? Тыңдайық.

    • Шетке шығалықшы. Түсінесің бе, сен біз үшін өзіміздің адамсың, өйткені, мұндағылардың барлығы Тұйықжарлықтар. Арабтарға не, біздің тауларда аңдарды атады да, жөндеріне кетеді, ал біздер не істеуіміз керек, бұны өзіміз ойлауымыз қажет. Мінеки, аң қуушылардың бесеуі сенімен бірге отырып, сырлассақ дейді. Бұндай жағдай тағы да бола ма? Айтпақшы, біздер саған да шефтің тапсырмасы бойынша атты әзірледік, өйткені, анау араб ханзадаларымен біргелікте сенің де жорғалауың керек. Сенің атың ат–ақ, тамаша, әлі–ақ көріп көзің тояды, ер–тұрмандарының бәрін лайықтап қойдық. Сөйтпегенде ше, шеф айтты–болды, бітті! Саған атты да көрсетеміз, атқа қонасың, жүріп–тұрып байқайсың, сонымен бірге шай ішеміз, сөйлесеміз?

    • Жарайды, мен шефпен келісейін.

    • Сөйлес, бірақ бұны да айт, жай әншейін, кластастармен кездесемін деп. Және де есте тұт, жеңілірек тамақ жеу және ішу бұ жолы болмайды, ол басқа кезде. Біздің бестік осылайша шешті, қазір мәндірек тірлік бар.

    • Алаң болма, Тасауған, мен де ішуге онша емеспін (“Евразия” мейрамханасында жуырда тола стакан арақты қалай жұтқанына мақтанғысы келген–ді, бірақ осының бәрінің артында кім тұрғанын еске түсіріп, ашу – ызадан булықты). Әрине, біздердің бас қосып, шүйіркелесіп отыруымыз қажет, өйткені, біздер замандастар ғана емеспіз, бір мектепте оқыдық қой.

    • Бұл рас, Арсен, ал бестіктің біреуі бұрынғы мұғалім, оны сен білесің, бірге оқығанбыз, аты – Сексен. Есіңде ме, біз оны үрпек бас Саксағай деп мазақ ететінбіз. Ол кейін педучилищеден соң, дене шынықтырудан сабақ берді.

    • Ия, есімде, әрине.

    • Енді мінеки, Сексен – Саксағай қазір ат бағады, мұғалімнің тиын – тебеніне бүгінде күнелте алмайсың.

    Арсен үндемеді, айтатұғын ешнәрсе таппады. Ал Тасауған сөзге байыз тапқызбады:

    • Сексен өте жақсы адам, бірақ тағдыры оны оңдырмай шырмалдырды. Екі жылдай арлы–берлі саудамен айналысты. Оған өкінеді, әрине. Қойшы, орындыққа жайғасайық, Сексен туралы екі сөз айтайын. Шыда, тыңдап көр.

    • Мен дайынмын. Жүр, тізе бүгейік.

    • Сексеннің ертегісі бар, ертегі деуге де бола ма, айтуға қиын... Бірақ ол бұл жайлы айтқанда тура бір сотта ант бергендей сөйлейді.

    • Бұл сонда қандай ертегі?

    Тасауған аз – кем үндемей, жауап қатты:

    • Арлы–бері жүргендерді өмір қайда лақтырмайды десеңші, Сексен де небір қауесеттерді естіген болуы керек, оларды өзіне бейімдеп айта береді. Неге екені белгісіз ол араб елдеріне мұнай өндірушілерге өте мін таққыш, жұмақта тұрғандай өмір кешетін осынау эмираттарды жек көреді. Оның ойынша, олар мұнай өндіруден жатып ішетіндерге айналған, содан да құтырынған бағадан естері шығуда дейді. Ол айтқандай, жердің қанын сорып, қараптан–қарап байлыққа шылқып отыр.

    • Бұл баршаға белгілі жалпығаламдық жағдай ғой, - деп ескертті Арсен Саманчин. – Мұнай долларлары салтанат құруда.

    • Солайы солай – ау. Ал олар, араб байлары жасаған тірліктерді біздер, тіпті, түсімізде де көре алмаймыз. Білесің бе, олар ең қымбат джиптерде автожарыстар ұйымдастырады екен және де қайда деп ойлайсың? Сахара құмдарында.

    • Сахара?! – деп таңдады Арсен. – Ия, сайтан алсын, мұндайды естімеппін! Ия, тауларда жантүршігерлік жарыстарды жаны сүйетіндер болады, ол құмдарда жарысу, бәлкім, қаныңды басыңа көтеретін шығар.

    • Жалғыз осы болса мейлі де! Мінеки, көз алдыңа елестіп көр, Арсен, бізге бұл жайлы Саксағай көзкөргендердің сөзіне иек артып айтты және теледидардан да көрсетті, біздер есімізден тандық. Тіпті, көзіміз маңдайымызға шығып кетті. Сол джиптердегі жүргізушілер, ондай джиптер бізде атымен жоқ, тіпті, біздің шефте де, оған да джипті сол жақтан, эмираттардан ба, кувейттен бе айдап әкелген дейді... Мінеки, бұл жүргізушілер тек жай айдап қана қоймайды. Олар өздерінің супер джиптерінде бастарын бәйгеге тігіп, құм төбелерді, біздердегідей шоқыларды қуалай, бір – бірімен жарысады, бірде төменге кілт секіреді, бірде тағы да жоғарыға ұшып шығады, тұп – тура мұхит толқындарында тақтаймен ойнағандай. Естен тандыратын осы тақта қалай аталады?

    • Меніңше, серфинг, бұл ағылшынша. Қажеті шамалы. Не болыпты?

    • Мінеки, мәреге ең соңында жеткен джип жолы болмаған деп есептелінеді, оны “жазалау” қажет, сөйтіп, жазасын тартқызады да. Және де олар, ойлап көрші, тап сол жерде ермек үшін дуылдаса күліп, жолы болмаған көлікке бензин құйып өртейді, ал өздері билейді, көңіл көтереді, ұтылған жүргізуші де олармен бірге шаттанады, шампанмен бір–бірін шомылдырады және де бұл олардың ең соңғы жексұрындар сияқты жасаған іс - әрекеттеріне ешкімнің де шаруасы болмайды. Олар бұған түкіріпті, ертең–ақ өздеріне түк болмағандай су жаңа джип сатып алады, олар үшін бұл тірлік шырт түкіргенмен барабар, ең бастысы, көңілдері көтерілді. Және де олар бір кездері сол жақтағы құмдарда бейшара түйелерге мініп желе жортып, Құдайға құлшылық жасап, түйесінің сүрінбеуін, құмда із–түзсіз жоқ болып кетпеуін тілеген баяғы бедуиндер – далалықтар еместігін дәлелдеді. Соның барлығы, Арсен, мұнай скважиналарынан лықсып атылған миллиондарға және миллиардтарға есептің жоқтығынан. Әлемде неге осылай болады? Және де ешкімнің бұған жауап бергісі келмейді, біреулер джипті қызық үшін өртейді, ал басқалары, мәселен, біздер балаларға мектепке киініп бару үшін аяқ киім сатып әпере алмаймыз.

    • Мен түсінемін, - деп жай үнмен жауап берді Арсен Саманчин.

    Тасауғанның соңғы сөзі жанын жегідей жеді, өзін қоярға жер таппады. Бұндай әңгімені ол күтпеген–ді: ойлаған–ды, анау–мынау туралы сөз етеміз деп. Және де қызулана түскен Тасауғанды сабасына түсірмек үшін былай деді:



    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19




    ©engime.org 2024
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет