Шыңғыс айтматов таулар қҰЛАҒанда



бет8/19
Дата25.12.2016
өлшемі2,98 Mb.
#4695
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

Бектұр Саманчин өте сенімді түрде, ойын тиянақтап және туыстарша оң пейілмен өзінің ұсыныстарын айтып, жалғастырды. Ол қағазға жоспарлары мен схемаларын түсірді, таулар мен қойнауларда аңдарға құрылатын неғұрлым мүмкін болатын қоршауларды белгіледі. Жабайы жыртқыштарды қоршауға қуалап кіргізу үшін, жергілікті жерді бірнеше тараптан қоршау қажет болатын, ең жақсысы, үш – төрт жақтан және де бірдей қимылдап, жануарлардың тиісті бағытта қашуын мәжбүрлейтін жан шошытарлық дыбыстарды шығару керек еді. Әрине, істе шикілік те кездесуі ғажап емес–ті. Бірақ та қандай жағдай болмасын, жер тарпып тұратын аттарға мінген кем дегенде бес–алты қоршауға алушылар ең қолайлы сәтте жыртқыштарды қуалап кіргізуі шарт. Аң аулауға келгендер үшін сәттілік – иелері үшін де ең үлкен сәттілік: ақша бәріне бірдей үлестері бойынша бөлінеді. Сондықтан, бәрі де сәттіліктің серік болуы үшін мейілінше жандарын салатындағы түсінікті жәйт...

Бектұр Саманчин өзінің жеке бақылауымен атқарылатын осындай жауапты жұмысқа сенім көрсетілген ауылдастарының аттарын атады. Оның сөзі бойынша олар қазірде дайындалуда, бұлар салт атты қуғыншылар аттарды баптауда, қарулар мен барабадарды әзірлеуде...

Олар осылайша жайғасып, асықпай шай ішті және де тек қана аңшылық жайлы әңгіме–дүкен құрған жоқ, өзге де түрлі тұрмыс–тіршілік хақында пікірлесті, туған өлкеде көптеген, саналуан мәселелер бартұғын. Сонымен бірге олардың сұхбаты кезінде ерекше және тіпті адам сенбес оқиғаға жол ашылды.

Істің мәнісі мынада еді, жазғы маусымда аулада және үйлердің маңайында көпқабатты үйлердің ернеулері астын және шартақтарды паналайтын көптеген көгершіндер мен қарлығаштар ұшып жүретін. Оларға ешкім де назар аудармайтын, көгершіндер әлі де тұрғындардың жанарын кей – кейде өздеріне бұрғызатын, ал қарлығаштар көпшілікті қызықтырмайтын, олар өздерінше тіршілік кешетін. Олар топ–топ болып және бөлектене ұшатын, қанаттары қатайған балапандарын ұяларынан көтеретін, ұшуға үйрететін. Мейлі ғой, олар өздерінше ұша берсін, өйткені, қарлығаштар ең адал, ең сүйкімді,ең ілтипатты құстар, шырыл қаққан торғайлар секілді емес... Жоқ ондай емес. Тек солармен ғана қандай да бір түсініксіз, аң – таң боларлық, мүмкін, одан да зор оқиға орын алды...

Ағалы – немере інілі Саманчиндер әңгімеге алданып стол жанында жайбарақат отырған кезде кенеттен ашық терезе арқылы аула жақтан екі қарлығаш, бәлкім, екі құс жұбы ішке енді. Егер де олар пәтерге кездейсоқ кіргенде, онда сол жерде–ақ, сол терезе арқылы кері ұшып кетер еді. Бірақ осынау даусы әуенді құстар, тіпті, ұшып кеткісі келмей, керісінше, шаңырақ астында қанаттарын жайған күйде айналып, тынымсыз әуендете, екпіндері басылмай ұша береді.


  • Ой, қарасаңшы, мұнда қарлығаштар қайдан жүр? – деп таңқалды Бектұр аға, тіпті орнынан көтеріле бастады. Және де осылайша аула жақтан ішке жиі ене ме?

  • Жоға, алғаш рет. Ешқашан да ішке кірмеген. Олар мұнда қарақұрым, о жаққа, бұ жаққа терезе жанынан зуылдап ұша береді. Олардың үй төбесі астында ұялары бар,-деп Арсен Саманчин жай–жапсарды түсіндірді.

  • Мүмкін, бір нәрседен шошынды ма? Терезені кеңірек аш, шығып кетсін.

Арсен терезені айқара ашты, бірақ қарлығаштар әуендерін доғармай, тарыдай көздері жалтылдап, төбеде айналып ұша берді. Олар неге екені белгісіз бір нәрсеге қобалжулы еді. Оларды адамадармен жақын болуға әлде бір нәрсе итермелегендей, осы тұрғын бөлмеге олар бір нәрсе жайлы айтпақшы оймен, әлдекімді ақылға шақырмақ ниетпен ұшып кіргендей секілденді... Арсенге осылайша елестеді және тіпті, күлкілі көрінді. Ал үлкен Саманчин орындық тірегіне ілінген сүлгіні қолына қысып ұстап, құстарды терезе арқылы айдап шығуға кірісті. Қарлығаштар бас сауғалап ұшып кетті, көзден жоғалды...

  • Еріккеннің ермегі болды – ау, - деп Бектұр аға басын шайқады. – Оларға бұнда не бар еді? Мейлі, ұшып кетті. Әлі де тер төгу қажет, уақыт аз қалды. Енді анықтайықшы, сен қашан келесің, жерлес қуғыншылармен қашан кездесеміз? Және де сенімен біз келісім – шарт түзуіміз қажет қой!

  • Екеуміздің арамызда келісім – шарт неге керек? Мүлдем міндетті емес.

  • Жоқ- жоқ, қазіргі уақыттың талабы осындай. Бизнестің темірқазығы – келісім – шарт.

Арсен Саманчин сөзден жалтармақшы болды. Бұның не қажеті бар, мен сізге сенемін, аға, әкеме сенгендей, - деп бірақ аузын ашып та үлгермеді, қарлығаштар тағы да ішке ұшып кіріп, шаңырақ астында жылдам айнала бастады.

  • І-ім, - деп таңдана дауыс көтерді Бектұр аға, - қайта оралыпты! Бұл нені аңғартады?

Ия, олар оралды, бейнебір бір нәрсе айтқысы немесе тыңдағысы келгендей немесе оларды толғандырған нәрсе жайлы білгісі келгендей, сол минөттерде Арсенге осылайша ой келді және де ол осынау ерекше беймаза халдегі қарлығаштарға қарай беруге және оларды қайта–қайта тыңдай түсуге әзір еді, бірақ Бектұр аға оларды қуалап шығуды және терезені жабуды өтінді. Сүлгіні қолымен бұлғауына және терезені тастай етіп бекітуге тура келді. Бұған қоса Арсен кондиционерді толық қуатына қосты. Ыстық ауа қолайсыздығын Бектұр ағаның сезінбеуін қалады.

Бірақ бір минөт өтер - өтпес қарлығаштар тағы да терезеге бүтіндей жабысып, әуенімен құйқылжыта берді, дәл бір адамдарға бір нәрсені жеткізгісі немесе әлде нені ескерткісі келгендей тынымсыз харекеттеніп, тірі жан түсінбес мінез – құлқымен өздерін түсінуге ұмтылды.

Бектұр аға иығын көтерді, тіпті, аузынан сөзі де шығып кетті:


  • Бұл не? Жақсылық па әлде жаманшылық белгісі ме? Жарайды, көңіл бөлмейік. Перделерді жап, бәлкім, сонда тынышталар.

Терезенің перделерін тегіс жауып қоюға тура келді.

Туыстар біраз отырды, түрлі тірліктерді, маңыздысын да, жай әншейінін де талқылады, бірақ осынау жұмбақ қарлығаштардан жасырынғандарына таңқалу және өкіну сезімінен Арсен арылмады. Құстардың мұндай мінез – құлқы туралы ол бұрынырақта ешқашан естімепті де...

Бұл жайлы Бектұр Саманчин өзінің ең жақын туысының жайдары және ұғынықты сөздеріне өте риза болып, немере інісінің сүрбойдақ өміріне тиесілі тақырыпты қозғаған сәтте де өз ойын жалғастыра берді.


  • Арсен, сенде бәрі жақсы, - деді ол оның көзіне қарап, - рахмет. Бірақ мінеки, сенің дастарханың сүрбойдақтыкі, қапа болма. Мәселе, әрине, шайда емес, бірақ сен бұны қашанға дейін соза бермексің? Болды, уақыты жетті, өзгелер әнеки, бес–алты рет үйленіп үлгереді, тағы да бұны теледидардан көрсетіп мақтанады, ал сен болсаң, бір кезде сүріндің де әлі де тұра алмай келесің. Жоқ, бұлай еткен жарамайды, Арсен. Сен әлі де жассың, ақылдысың, өте ақылдысың, марқұм әкең сенімен өте мақтанатын еді, сен былайша айтқанда, бай емессің, бірақ кедей де емессің. Барша туысың сенің үйлену тойыңды күтеді. Мен дайынмын, менің бір табын атым бар, құдаларға қалың мал ретінде берем, егер қажет десең, қалаға айдап әкелем. Күлме сен. Жақсы әйелдер қалада да, ауылда да көп. Таңда. Уақыт өтіп барады... Ия, сенің өзің де бұны жақсы түсінесің.

Арсен күлді де қойды, келіскендей басын изеді және әңгімені өзге тақырыптарға аудармақ болғанда, бір кезде Бектұр Саманчиннің есіне қайта түскенін қарашы:

  • Арсен, тыңдашы, мүмкін бұл қарлығаштар мұнда арлы – берлі бекерге ұшып жүрген жоқ шығар, ә? Олар да сенің әйеліңді көргісі келеді, ал ол пәтерде жоқ,- деді өзінің әзілдей айтқанына ха–ха–халай күліп. Бірақ Арсен мейілінше байыпты түрде жауап берді:

  • Ондай болса, кәнеки, жақсы болар еді.

Және де соңыра Бектұрды аула ішінде шығарып салғанда, ойша іштей қайталады: “Ондай болса, кәнеки, жақсы болар еді.” Ал Бектұр Саманчин ендігіде басқа жайлы, өзіне пайдалысын ғана ойлай бастады. Жуып – шайған соң, бар сәулетімен жарқыраған, өзінің қуатты джиптің жанында шаң басқан Арсеннің “Нивасын” көріп, ол былай деді:

  • Тыңда, Арсен, егер де бәрі ойлағанымыздай және есептегеніміздей болса, сен осындай джипті өзіңе сатып алар ең. “Нивада” отырған жақсы, көлік жаман емес, кеңес заманынан мұраға қалған, бірақ қазіргі уақытта сен сияқты адамға ең қолайлысы – бұл джип.

Арсен Бектұр ағайына алғыс айтты.

  • - Рахмет, аға, рахмет, көрерміз, қалай боларын, тауда, әрине, джип қолайлы, бірақ көрерміз. – Ал өзіне-өзі тағы да : “Ондай болса, кәнеки, жақсы болар еді” дегенді іштей қайталап, әңгімені басқа арнаға бұрды: - Тыңда, Итібай, қалай демалдың? Жарайсың, әрдайым өзіңді осылайша ұста. Біздің таулардағы жолдарға әрбір адам көндіге бермейді.

  • Ия, біздер Итібаймен осы жолдардың қаншасын басып өттік деп ойлайсың? Үш жүз мың!

  • Үш жүз қырық болды, - деп Итібай мақтанышпен сөзін жөндеді.

Содан соң, олар құшақтасты, қош айтысып, Арсен джиптің соңынан қолын бұлғай: “Ондай болса, кәнеки, жақсы болар еді” деп, әлі де өз ойынан арыла алмады.

Және де бір сарсаңға салған себеп бар еді, Арсен Саманчин осынау жұмбақ қарлығаштарды еске алып, жаны еш тыным таппады. Ол ешкімге де олар жөнінде айтайын деген емес – ті, күлкілі болар еді, тек қана Айдана бұл оқиғаны дұрыс қабылдап, оны романтикалық тұрғыда түсіндіре алатын, ол бәлкім, бұған осыдан қандай да бір сюжет жасауға, мүмкін либретто немесе өлең шығаруға кеңес беруі мүмкін–ді. Айдана сезімді оятатын әңгімелерге арналған осындай шұғыл нәрселерді ойда жоқта тапқанды жақсы көретін. Бұл ғашық жандарды одан әрі жақындастыра түседі. Мұндай әңгімелерді олар қаншама айтты десеңізші! Ал қазірде телефонмен де оның дауысын ести алмайсың, сол “Лимузинге” мініп, көзден ғайып болды... Өкінішті, әйтпесе, оған осынау бір жұмбақ қарлығаштар – хабаршылар туралы айтып берер еді. Қызық – ақ, олар нені жеткізбек болды?

Әрине, бірнеше күннен соң, бұның барлығы ұмыт болды, Тұйықжар тауында бизнес – аңшылыққа әзірлену оңай болмайтын, тірлік бастан асатын, бірақ кейінірек, сол жерде, өзінің туған ауылында, келгеніне бесінші күн болғанда, ол өзінің күнделігіне: “Көзге көрінбейтін есіктер немесе пәлеге ұшырау формуласы” деген тақырыппен көкіректі күйдірген жазбаны жазған–ды.

Күнәсіз қарлығаштар дәл осыны ескерткісі келді ме? Бірақ олар бұны қайдан білсін? Күлкілі. Ақымақшылық. Ойдан құрастырылған қиял. Солай көрінетін. Қазірше солай–ақ болатын. Қазірше ғана... Бірақ бұндай жазбаның Арсен Саманчиннің қаламынан шыққаны болашақтың белгісі еді. Қазірше алдағы көз жетер кеңістіктер тап–таза болатын, қобалжитындай жәйттер жоқ еді, себебі, бәрі де өз кезегімен, бизнес – жоспарға сай өтіп жатты.

Ал ол, оған тағдырдың не дайындағандығын әлі де ешнәрсе білмегендіктен, Айдананы көре алмайтындығына және оған ерекше қарлығаштар туралы айта алмайтындығына жас баладай қобалжыды. Қалайша, Айдана оп – оңай шауып келер ме еді. - Ау, қайда, ғажайып құстар, қарлығаштар деп?! Ия, есі жайында ма, аластатылған аянышты нақұрыстың?

Сол уақыттарда басқа бір аластатылған аң, Жолбарыс, бейнебір сең соққандай Үзеңгілес асуы түбінде сандалып жүрді. Ол нені күтті? Оны не күтті?

VI

Екі күн өткен соң, Арсен Саманчин өзінің “Нивасының” рулінде жолда еді. Араб ханзадалары ағалы–інілі немерелес Хасан мен Мысырдың келуіне санаулы күндер қалған–ды. Әрине, олардың монархтарға тән толық аттары күрделі әрі тым ұзақ болатын, оларды жаттап алу қажет еді. Бірақ қазірше ханзада Хасан мен ханзада Мысыр деудің өзі жеткілікті саналатын... Олардың аң аулауға деген ынтызарлығына қызмет көрсету үшін Арсен Саманчин туған өлкесіне, Тянь – Шань жоталары сілемдеріне, қияндағы Тұйықжар тауына қарай бет алды.



Жол ұзақ – бес сағаттай. Және де жол жақсы таныс болса да, ол оның бойымен бірнеше рет жүрген–ді, әсіресе, көлікті жүргізуді үйренгелі бері әрбір жол сапары нағыз сынаққа айналатын, жол жартысына шейін асфальттанған еді, одан ары қарай, таулы өлкенің баурайы мен құлама жар шеті топырақты жерге ұласатын. “Нива” әлі де бабында болатын, бірақ соңғы жылдары қала мен шеткі аймақтарда қаптап кеткен қазіргі заманғы шетелдік көліктердің арасында сирек кездесетін бағалы нәрседей көрінетін.

Қазірде ол шеткі аймақтың дәл шығыс тұсында келе жатты. Қала маңындағы тұйық көшелер мен құрылысы аяқталмаған үйлерді жанап өткен жол шеткері орналасқан бау бақшалар мен кенттерден өтіп, бұрынғы колхоздар мен совхоздардың егістік алқаптарына қарай бағытталатын. Ал одан ары тау маңындағы төбешіктерге ұласқан ұлы Тянь – Шань тауының қарлы жоталар көзге шалынатын дала басталатын, мұнда атам заманнан бері шатқалдар мен қойнауларда Жолбарыс пен қабыландардың лайықты тұқымдасы жыртқыш қар барыстары мекендейтін, олар кенеттен халықаралық аңшылықта тым назар аударарлық нысанаға айналып үлгерді.

Мінеки, сол жаққа, аспанасты заңғар тау жақты бетке алып Арсен Саманчин келе жатты, өзінің “Нивасына” отырып туған өлкесіне қазірде тек қана түрлі тұрмыс жағдайына орай, бірде жаназаларда, бірде той–томалақтарда, бірде жақын ағайындарының қоныс тойларында ғана бой көрсететін. Туған қарындасының үйіне де баруы қажет, оның күйеуі жергілікті ұста, ал ұсташылықпен бүгінде көп ақша таба алмайсың, қарындасы үйге қосымша құрылыс жүргізу қажеттігін, ұлы Өскенді үйлендіруге керектігін бұрыннан–ақ айтып, меңзеген–ді. Егер де бәрі ойдағыдай болса, аңшылық та сәтті өтсе, онда құрылыстарына әрине, қалайда да міндетті түрде ақша берген жөн.

Осы ретте Арсен Саманчин өзінің кіші отанына ерекше күйде аттанған–ды, бұндай жағдай үшін себеп те болмаған еді. Осы жерлерде баршаға белгілі аңшылық бизнесмені Бектұр Саманчиннің, туыстасының үніне үн қосқандығын Арсеннің жерлестері солай болуға тиіс нәрсе секілді қабылдады: ағайы екендігінде дау жоқ, бірақ аспаннан құлап түскен үйме – жүйме доллардан өзінің үлесін кімнің алғысы келмейді? Бұндай батпан құйрықты қар барыстарынан, дәлірек айтқанда, араб аңшыларынан алуға уәде етілген, өйткені, бұл да бұрын болып көрмеген тірлік, аңдар да қазірде нарықтық айналымға түсті: мұнда барыстар болмаса, онда осыншама ақшаны сол ханзадалар бостан–босқа жұмсар ма еді?

Ал мұндай ақша алақанға түскелі тұрғанда кімнің жан дүниесінде не болып жатқанын білуді қалайтындар кемде- кем шығар. Әркімнің өз шаруасы басынан асады, ал өзгемен не ісі бар, күл болмаса тұл болсын. Және де сондықтан да Арсен Саманчиннің аудармашы болуға келісім беруіне қозғау салған шынайы себептердің тамырына ешкім де үңілгісі келмеді.

Қолы рульде болып, жылдамдыққа және қарсы бағыттағы автокөліктерді бақылап, әсіресе, шұғыл бұрылыстарда, ол аумақты, төбесіне дейін жүк артқан ауыр көліктердің, оларды қытайдыкі деп атайды, жантая қозғалғанын байқағанда, әрбір ретте, олардың жанынан өткен сайын жеңілдене демалатын Арсен осынау жол қиындығында да бір ғана нәрсе жайлы ойлаумен болды: бұдан былай қалай өмір сүру қажет, не етпек керек? Және де жалғыз осы болса ғой! Бұнымен қапталдаса баз-баяғы бірбеткей, жанынан бір елі қалмай, жегідей жеген ой қайта–қайта орала берді, бұндайда әрдайым өзінен-өзі безіп кеткісі келді. Мінеки, Арсен Саманчин рульді ұстағанымен тынышсызданды, оны іштей “ең шешуші жауап белгісі” титықтатты, ол өзінің бойында бықсып жанған, бірақ ешбір өше қоймайған кек алу ынтызарлығын өзі үшін осылайша белгілеп, айдар тақты. Өзі таңқалатын, соншалықты көргенсіздік танытқанына, өзін-өзі жеңе алмағанына, мәдениеті жетіспейтіндігіне, өзінің осыншалықты жай-күйіне рухани балама таба алмағандығына. “Бір уақыттарда мені альтурист деп, өзінен басқалардың ғана қамын ойлаушы дейтін, - деген сөз оның есіне түсті, түптің түбінде бейшара болып қалды. Алғашқы қауымдық түйсік жегідей жеуде, нарықтық идеология да мен үшін емес, көзден таса етіп лақтырғысы келеді... Социалистік басынудан арылып, біздер нарыққа жабысып қалғанымызды түсінетіндер кемде–кем. Ал нарық кімде–кім өзімен үйлескісі келмесе, өлтіреді. Егер сені өлтіріп жатса, сен де өлтір. Оның “шешуші жауабы” осы.” Сөз жүзінде ол өзіне-өзі кейіді, жазғырды, келемеждеді, бірақ ділінің тұңғиығында ешқандай өкінбеді немесе кешірім өтінбеді. “Шешуші жауап” беруге толық моральдық құқы бар деп есептеді.

Ол тау маңындағы кеңістікке өзінің “Нивасымен” осылайша тереңдеді, урбанизацияға ұшыраған өзі секілді бәлкім, егер бар болса, Құдайдың өзі ұмытқан немесе Құдай дегенді аузынан түсірмей жүріп Құдайды ұмытқан тірі жандар тобырынан мейілінше ұзай түсіп, өзімен бірге жанын жеген үрей мен толқуды, қайғы мен мұңды алып кетті. Оны Айданамен ажыратқан, оны бұқаралық мәдениеттің түрмесіне алдап кіргізген сол қаланы қарғыс атсын. Қараңызшы, бұқаралық мәдениет темір торлы түрме секілді бола алады екен, сондай–ақ, көзге көрінбес бұл түрме шынайы түрінен ешбір қалыспайды: онда күзет жоғарыдан, бейнекамералардан бақылайды, ал мұнда бизнес–күзет тәулік бойы жаныңда жүреді: есік сыртында, сахнаның арғы жағында, лимузин салонының ішінде... Ал мәңгі – бақи тауда кезіп жүру тәлкегіне түскен Мәңгілік қалыңдықты олар аңди алмас еді. Қалада онымен ешкімнің ісі жоқ... Және де оған сахнаға шығуға, адамдардың жаны мен санасына енуіне рұхсат етілмеген...

Алайда, Арсен Саманчиннің өзін қала, тіпті, жібергісі келмеді, жол бойы ұялы телефонына тыныштық бермей қоңырау шалды, оларға лезде немесе қолын рульден жібермей немесе жол апатына түспеу үшін жолдың жиегіне тоқтап жауап беруге тура келді. Қоңыраулар негізінен түрлі редакциялардан болатын, олар уәде етілген мақалалар мен сұхбаттардың мәтіндерін күтіп жатты. Оларды кейінге, мейілінше ұзағырақ мерзімге қалдыруға тура келді, ал кезекті хабарларды жоспарлап қойған, өте табандылық танытқан кейбір редакторлар мен тележүргізушілерге демалыста жүргендігін, яғни өзіне-өзі демалыс бергендігін, оған толық құқы бар екендігін және алдағы үш апта бойы жолда болатындығын, қазірде қала аумағынан шығып кеткендігін түсіндіруіне тура келді. Жалпы алғанда, осынау кезекті проблемеларды қазірше кейінге ысырудың, келісудің сәті түсті, бірақ екі жағдайда кезек күттірмес мәселелер кесекөлденеңдеп тұрды, оларды кейінге қалдыруға болмайтын және пікірталасты тақырыптар еді, қоңырау шалғандар телефонда түсініктеме беруді және талқылауды талап етті, себебі, баспасөзде және телетүсініктемелерде актуальды қоғамдық мәселелер бойынша оның айтқан сын пікірлеріне жедел жауап беру қажет–ті. Жағдай ол үшін жаңалық емес еді, оған пікірталасқа жиі қатысуға және түрлі мәселелер бойынша өзінің көзқарасын дәлелдеуге тура келетін, бірақ өз орнында, редакцияда мән–жайды анықтау бір мәселе де, әлдеқайдан, телефонмен пікірталас тайталасына қатысу мүлдем бөлек нәрсе. Алайда, қайда қашып құтылмақсың. Мінеки, ол қазірде аялдауға мәжбүр болып, әңгімелесуі қажет болды. Ең жақсысы, телефонмен сұхбаттасушы өз адамы, “Жаңа жол” газетінің бас редакторы Құмаш Байсалов болып шықты. Оларды бұрыннан журналистік жұмыстар өзара байланыстырған – ды.



  • Тыңда, Құмаш, - деді Арсен Саманчин ашулы үнмен, - не болып қалды соншама, өрт тигендей? Мен жол үстіндемін, саған айттым ғой. Келейін, содан соң, талқылаймыз...

  • Мен түсінемін, Арсен, бірақ мен сенің конференцияда, медиафорумда сөйлеген сөздеріңді білесің бе, есіңде ме?

  • Әрине, есімде.

  • ... Енді мінеки, біздің, жергілікті дін қайраткерлері: мұсылмандар, христиандар, тіпті, либерал – баптистер ашық хат жазыпты. Мен саған айтқан ем, сен үнемі буынсыз жерге пышақ ұрасың деп.

  • Ал енді осынау құдайға құлшылық ететіндерді түлен түрткендей не көрініпті? Неге олар соншама қауыша қалыпты? Өзге уақыттарда бір – біріне қол ұшын бермейтін шіркіндер...

  • Неге дерің бар ма, сен жалпақ әлемге естірте көпшіліктің алдында ғалам тәңірісінің, Құдайдың бар екендігіне тісіңді батырып, оны хатта айтылғандай, өзіңнің “Сөздеріңе” бағынышты етіпсің.

  • Сонда қалай? Бұның мәнісі не? Егерде менің сөзіме бағынышты болса, онда ол қандай Тәңірі? Болмайтын нәрсені сөз еткендерін қарасаңшы.

  • Түк болмағандай алдаусыратпа, Арсен. Сен білгенсің, не айтып, не дейтінінді. Ал енді олар сенің өкініш білдіріп және ел–жұрт алдында өзіңнің бағыт–бағдары тек адасушылық қана емес, ақиқатты қасақана бұрмалау деп мойындауыңды талап етеді.

  • Тоқта, тоқта, қандай бағыт дейсің?

  • Ал сенің есіңде ме, Алматыдағы медиафорумда сөйлеген сөздерің?

  • Әрине, егерде еске түсірсем... Бұл қашан, сонау мамыр айында болған емес пе?

  • Дұрыс, жиырма бесі мен жиырма жетісі аралығында.

  • Солай, бұдан кейін ше?

  • Енді сен тыңдап көр, мен олардың қоятын талаптарының мәнісін саған оқып берейін.

  • Ал, бола ғой.

  • Телефонның қуаты жете ме?

  • Мазаланбай – ақ қой, зарядтаушы өзіммен бірге.

  • Онда оқиын: “Сонымен, біргелікте талқылау нәтижесінде бір пікірге қол жеткізіп, біздер әлемдік дін оқулары өңірлік орталығының өкілдері өзіміздің ашу–ызамызды білдіреміз және айыптаймыз: белгілі журналист Арсен Саманчин “Евразия медиафорумындағы” конференцияда жабайы, шын мәнінде атеизмнен де қауіпті тарихтың көшпелі кезеңіндегі философиялық “Сөз” мәтініне иек артып және дәйектеме жасап, құдайға тіл тигізді”. Есітіп тұрсың ба?

  • Ия, ия, есітіп тұрмын.

  • Мінеки, осы, ал одан әрі сенің мәтінің. Айтпақшы, конференцияда сөйленген сөздердің бәрі теледидар арқылы көрсетілгені есіңде қалды ма? Мен қазір оқып беремін, шыдай тұр, мінеки, сен не дегенсің және бұл олардың хатында келтірілген: “Мүмкін, қазіргі заманғы БАҚ – тың шын мәніндегі жаһандық маңызын түсінуде өзіндік тәсілім, өзіндік түсінігім көрініс тапқан болар. Сондықтан мен дәуіріміздің ақпарат кеңістігін қалыптастырушылардың тек жауапкершілігі мен күнделікті көкейкесті маңыздылығын еске салуға өзіме ерік берумен біргелікте, сонымен қатар сөздің әмбебаптығын түсінуде ежелгі тамырына үңілуге, көнеге жасырынған мұраға қалғандарды түсінуге байланысты көне метафораларға табан тіреймін. Жекелей алғанда, үстемдік етуші әлемдік діндер догматтарынан көптеген ғасырлар бұрын, көшпенділер дәуіріндегі қазақ – қырғыз поэзиясындағы нақылға айналған сөзді келтірейін. Онда былай делінген: “Сөз аспан көгінде Құдайды бағып – қағады, сөз Ғарыштың сүтін сауып, біздерді сол сүтпен әулеттен әулетке, ғасырдан ғасырға ұластырып асырайды. Және де сол себепті Сөзден тыс Құдай да, Ғарыш та жоқ, Сөздің күшінен асатын әлемде өзге күш жоқ, Сөздің жалыны мен қуатының ыстығынан жоғары әлемде жалын жоқ.” Осынау әмбебап айырықша ойды сонау замандарда дүниені ат үстінде шолатын көшпелі философтар, сол кездердегі суырып салма ақындар көңілге түйіп, тоқыған.”

  • Ал мұнда біздің молдалар мен поптардың көңілін көншітпейтін нәрсе не екен?

  • Ол мынау: олар бірауыздан осындай шамданарлық сөзді, құдайды бекер етушілікті қалайша көпшіліктің алдына шығаруға, сөйтіп, неге ол жайлы теледидар арқылы таратуға болады деп есептейді?! Сен түсіндің бе?

  • Ия. Әділін айтқанда, мен олардың тарапынан мұндай іс-әрекетті күтпеген ем. Олар кеңірек ойлайды дейтінмін. Алайда бұл менің сенімімді шын мәнінде бір мысқыл да шайқалтқан жоқ.

  • Жақсы, бізге қандай әрекет етуді бұйырасың?

  • Қайсысын қажет десеңдер.

  • Түсінікті. Енді мінеки, Арсен, көңіліңе түй, сен жол сапарда болсаң да, не себепті саған қоңырау соқтым, біздер дін иелеріне дереу қолдау көрсетіп, осы хатты бірінші бетке береміз. Түсін сен, біздер қол ұстасып келеміз, бірақ егерде біздер қазір бұны істемесек, біздің газет қаржысыз қалады. Бізге мұның шет жағасын білдіргені былай тұрсын, ашық түрде жариялап үлгерді. Ал біздің “түйреуіш” кім екенін өзің білесің.

  • Қалайша білмеймін. Ол сендердің ғана “түйреуіштерің” емес, жақында барлық мәдениет оның қаржысына қарайтын болады. Және де бәрі оның қолына жиналады, байлық та, үкім де.

  • Яғни, сен бізге өкпе артпайсың ғой?

  • Ешқандай. Кірісе бер. Ал мен өзімнің бағытымды қорғаймын. Ақиқат үшін газеттен орын табылады.

  • Мейлі, жақсы! Тек қана сен түсін, Арсен, мен еріккеннен емес... Өйткені, сенің бұған дейін де “түйреуіштерге” өте ұнамаған мақалаң болған еді.

  • Қандай мақала?

  • Ресей баспасөзіндегі.

  • А–а, ия.

  • Мақаласының бір өзі неге тұрады десеңші: “Байлық пен билікке ұмтылудың ауытқуы”! Қандай мақала бұл! Тас ғасырынан бастап, біздің бүгінгі күнге дейін түгел қамтылған...

  • Ия, ондай болған, - деді Арсен Саманчин жайбарақат үнмен, бұл мақала да өзінің ролін атқарды, көңіл толмаушылықты туғызды деп ойлады, енді, мінеки, соққы беру үшін дін иелерін жұмылдырды, ал олар болса, жұлқына кірісті. Және де осының бәрінің соңында сол баяғы Эрташ Курчал тұр. Бұл жайлы күмәнданбады. – Мейлі, Құмаш,–деп ол ұялы телефонын иегіне тақата сөзін жалғастырды, - назарда тұтатын боламын. Ал қазір менің қозғалуым қажет. Қазірше, Құмаш!



    Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет