Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының 2009 жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары туралы
А Қ П А Р А Т
2009 жылдың бірінші тоқсанында басқарманың жылдық жұмыс жоспарына сәйкес біршама жұмыстар атқарылды. Өткен 2008 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылып, 2009 жылға жаңа міндеттер белгілеу мақсатында ақпан айында облыс әкімінің қатысуымен «Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудағы 2008 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындылары және 2009 жылғы міндеттері» атты облыстық кеңес өткізілді. Кеңеске аудан және қала әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің бастықтары, облыстық басқармалардың бастықтары, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының директорлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңес барысында 2008 жылы атқарылған жұмыстар талданып, олқылықтар мен кемшіліктер ашып көрсетілді, оларды жою жолдары белгіленді.
Бекітілген кестеге сәйкес қаңтар айында Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында, ақпан айында Глубокое ауданы әкімі аппараты мен әкімдіктің құрылымдық бөлімшелерінде, наурыз айында Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы тексеріліп, практикалық көмек көрсетілді. Глубокое ауданы әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде тексеру қорытындысы қаралып, осы бағыттағы жұмыстарды жақсартудың іс-шаралар жоспары бекітілді.
Есепті кезеңде Достық үйлері жанындағы ұлттық-мәдени орталықтардағы жексенбілік мектептеріндегі мемлекеттік тілді оқытудың жағдайы талданып, тыңдаушылардың құрамы, оқыту бағдарламасы, сабақ өткізудің әдістемелік жолдары қарастырылды. Қазір облыстағы 52 ұлттық-мәдени орталықтар жанындағы жексенбілік мектептердегі 11 топта 255 тыңдаушы мемлекеттік тілді үйренуде. Өскемен қаласындағы «Возрождение» жексенбілік мектебіндегі 7 топта 175 тыңдаушы қазақ тілін оқып үйренсе, 15 ұлт өкілдерінің 726 тыңдаушысы ана тілдерін оқуда. 2007-2008 оқу жылының қорытындысы бойынша облыстың жексенбілік мектептерінде мемлекеттік тіл мен ана тілдерін үйренуде жетістікке жеткен 19 оқушысына ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жолдамасы беріліп, «Аюлы» демалыс үйіндегі «тіл лагері» ұйымдастырылды.
Мемлекеттік органдардың қазақ тілін оқытуда ұйымдастырудағы қызметін жақсарту мақсатында наурыз айының 19-да «Риддер қаласы әкімдігінің мемлекеттік тілді оқытуды ұйымдастырудағы іс-тәжірибесі» тақырыбымен көшпелі семинар-кеңес өткізілді. Кеңеске аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің бастықтары және мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының директорлары мен әдіскерлері, мұғалімдері қатысты.
Тыңдаушылардың сабаққа қатысуы, берілген материалдарды меңгеруінің жайына ай сайын мониторинг жасалып отырылады. Мысалы, өткен екі айдың қорытындысы бойынша аудан, қалалардағы мемлекеттік қызметшілердің сабаққа қатысуының орташа көрсеткіші 56,9 пайыз болды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда тиісінше 5,2 пайызға көп. Оқу материалдарын меңгеру деңгейі өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 11,3 пайызға өсіп, 68,7 пайызды құрап отыр. Облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығында аралық тестілеуден өткен тыңдаушылардың материалды меңгеру деңгейі 50 пайыз болды, бұл өткен жылғы осы кезеңдегі көрсеткіштен 12,2 пайыз жоғары.
Қазір облыстағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының негізінде 1458 мемлекеттік қызметші қазақ тілін оқып, үйренуде. Оның ішінде 591-і облыстық мемлекеттік тілді оқыту орталығында, 867-сі аудандық және қалалық оқыту орталықтарында оқиды. Облыс бойынша барлығы 394 үйірмеде 5173 мемлекеттік қызметші қазақ тілін оқуда. Бұл облыстағы барлық мемлекеттік қызметшілердің 55,2 пайызы, яғни 2008 жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп. Жалпы мемлекеттік тілді оқуға тілек білдіргендердің саны 2007 жылмен салыстырғанда 20 пайызға артты. Сонымен қатар, аудан және қалаларда тілдерді оқытудың инфрақұрылымын жасау, бірінші кезекте ересектерді оқытудың озық әдістемелерін қолдана отырып азаматтардың басқа санаттарына қазақ тілін оқыту облыстағы мектептер негізінде ұйымдастырылған. Жалпы облыс көлеміндегі 800-ден астам үйірмеде 13 мыңнан астам тыңдаушылар мемлекеттік тілді үйренуде. Мемлекеттік тілді меңгерген мемлекеттік қызметшілер саны өткен жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға артып, 59,5 пайыз болды.
Облыстағы мектептерде қазақ, орыс және ағылшын пәндері мұғалімдері әлі де болса жетіспеуде. Мәселен, жыл басында облыс мектептерінде 14 қазақ тілі мұғалімі, 5 орыс тілі мұғалімі 11 ағылшын тілі мұғалімдері жетіспеуде. Осының салдарынан облыс көлемінде, әсіресе ауылдық жерлерде 11 мектепте ағылшын тілі оқытылмауда. Осыған байланысты ақпан айында Семей қаласының оқу орындарында «кадр жәрмеңкесі» өткізіліп, ағылшын тілінің 6, қазақ және орыс тілдерінің 3 маманымен келісім-шарттар жасалды. Осындай «кадр жәрмеңкесін» сәуір айында Өскемен қаласының оқу орындарында өткізу жоспарлануда.
Облыста мемлекеттік тілде тәрбиелеп, оқытатын мектепке дейінгі балалар мекемелері мен мектептердің санын жоспарлы түрде арттыру жұмыстары жүргізілуде. 2007 жылы облыста 13 балабақша, 5 мектеп ашылса, 2008 жылы 10 мектеп 5 балабақша, 6 топ ашылды. 2009 жылдың 1-тоқсанында Өскемен қаласында 100 орындық «Балапан» атты балабақша ашылды. Бекітілген жоспарға сәйкес 2010 жылға дейін облыста 28 балабақша 16 мектеп ашу жоспарланған. Қазір облыста бар 108 мектепке дейінгі балалар мекемелерінің 32-сі қазақ тілінде, 39-ы аралас тілде, 37-сі орыс тілінде оқытып, тәрбиелейді. Облыстағы қазір жұмыс істеп тұрған 767 мектептің 384-і қазақ тілінде, 182-сі аралас тілде және 201-і орыс тілінде оқытады. Барлық оқушылардың 54 пайызы қазақ тілінде білім алуда.
2008-2009 оқу жылының бірінші жартысында облыс мектептеріндегі мектеп бітірушілердің орыс тілінде оқитын сыныптарында қазақ тілінің білім сапасы 62 пайыз, үлгерімі 100 пайыз, ал қазақ сыныптарында 72,3 пайыз білім сапасына және 100 пайыз үлгерімге қол жеткізді.
Тілдерді дамытудың проблемалары бойынша жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша ақпан айында «Шығыс Қазақстандағы тілдік ахуал» және «Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминология комиссиясының 2000-2008 жылдары бекіткен терминдері» жинағы шығарылып, облыстың мемлекеттік органдары мен мекемелеріне, ұйымдарына таратылды.
Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілін Заңның талаптарына сәйкестендіру және халыққа қызмет көрсету салаларында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында ақпан айының 22-нен наурыз айының 22-не дейін облыс көлемінде «Тілге құрмет-елге құрмет айлығы» өткізілді. Айлық барысында облыстық басқарма, аудандар мен қалалардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері қоғамдық ұйымдар мен «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерін, оқу орындарының студенттерін тарта отырып, 78 рейд ұйымдастырды. Рейд кезінде 568 нысан тексеріліп, 304 жеке меншік нысандарында қателіктер анықталды, оның 210 түзетіліп, 94-нің басшыларына жіберілген қателіктерді түзету үшін уақыт берілді.
Осы жүргізілген тексерулер нәтижесі бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою және алдағы уақытта болдырмау мақсатында облыстық прокуратура тарапынан 18 ұсыныс енгізіліп, заң талаптары жөнінде 17 түсінік берілді.
Облыс көлемінде 173 баспа бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген, оның 47-сі мемлекеттік, 126-сы жеке меншік түрінде. Осы баспа бұқаралық ақпарат құралдарының 17-сі мемлекеттік тілде, 77-сі екі тілде, 62-сі орыс тілінде және 17-сі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде материалдар жариялауда. Басқарманың тапсырмасымен және қадағалауымен орыс тілді аудандарда шығатын газеттерде қазақ тілінде қосымша бет шығарылып келеді. Мәселен, Риддер қаласының «Вечерка», Шемонаиха ауданының «ЛЗ сегодня» газеттерінде аптасына бір рет қазақша бет, Зырян ауданындағы «День за днем» газетінде айына бір рет қосымша бет, Глубокое ауданының «Огни Прииртышья» газетінде аптасына 1,5 бет қазақ тілінде шығарылуда.
Тоқсан кезінде мемлекеттік тіл саясатының өзекті мәселелері бойынша телеарналарда 2 тақырыптық хабар ұйымдастырылып, 10-нан астам бейнематериалдар көрсетілді. Облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінде тапсырысты 3 бет шығарылып, тіл саясатының көкейкесті мәселелері бойынша облыстық және аудандық, қалалық газет беттерінде 40-тан астам мақала жарияланды.
Есепті кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдарда тілдік нышанға байланысты азаматтардың құқықтарының бұзылу фактілері болған жоқ.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 18-бабының орындалуы бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп отырылады. Мәселен, «Қазақстан-Өскемен» телеарнасында қаңтар және ақпан айында мемлекеттік тілдегі хабардың жиынтығы 58 пайызды, «Қазақстан-Семей» телеарнасында- 53 пайызды, «Алва ТВ» телеарнасында 50 пайызды құрады. Облыс телеарналарында «Жүгіртпе жол» жарнамаларында, мәтінді мемлекеттік тілге аударуда жіберілген 8 қателік анықталып, тәртіпке келтірілді.
Есепті кезеңде облыстың мемлекеттік органдарындағы құжат айналымына мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік тілдегі құжаттардың үлес салмағын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Облыстың қалалары мен аудандарындағы мемлекеттік органдарда қаңтар-ақпан айларында кіріс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 67,8 пайыз, шығыс құжаттарында 98,5 пайыз болып, кіріс және шығыс құжаттарындағы орташа көрсеткіші 83,1 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік тілдің үлесі 8,9 пайызға артты.
Мониторинг қорытындысы бойынша облыстық басқармаларда қаңтар-ақпан айларында кіріс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 43,1 пайыз, шығыс құжаттарында 79,2 пайыз болып, кіріс және шығыс құжаттарындағы орташа көрсеткіші 60 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік тілдің үлесі 10,3 пайызға артты.
Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын облыстық басқармаларда қаңтар-ақпан айларында кіріс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 54,4 пайыз, шығыс құжаттарында 71,6 пайыз болып, кіріс және шығыс құжаттарындағы орташа көрсеткіші 61,3 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік тілдегі құжаттардың үлес салмағы 23,2 пайызға артты.
Облыс әкімінің аппаратында қаңтар-ақпан айларында кіріс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 44,2 пайыз, шығыс құжаттарында 98,6 пайызды құрап, орташа көрсеткіші 90,7 пайыз болды. Орташа көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,2 пайызға артты.
Аудан және қалалардағы мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілді қолданудың үлес салмағы аудан және қала әкімдерінің рейтингісін анықтау бағанамасына енгізілген.
Есепті кезеңде облыстың барлық мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілде құжат дайындай алатын басқа ұлт өкілдерін ынталандыру жөніндегі комиссиялар құрылды, ол комиссияның құрамына Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мамандары енгізілді. Тоқсан қорытындысы бойынша облыстың мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілде жұмыс істей алатын басқа ұлт өкілдерінің 14 мемлекеттік қызметшісіне 79,3 мың теңгенің ақшалай және заттай сыйлықтары берілді.
Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы
Достарыңызбен бөлісу: |