Шәймерден Қосшығұлұлы (1874—1937) І және II Мемлекеттік Думаға Ақмола облысынан екі рет сайланды. Ол өз жерлестерінің арасында өте беделді әрі құрметті азамат еді. Қазақ халқының шын мәніндегі біртуар ұлы болатын. Ш. Қосшығұлұлы өлкедегі мұсылман дінінің мүддесін қорғады. Сол үшін полиция тарапынан талай рет қуғын-сүргінге ұшырады.[1]
II Мемлекеттік Думаның таратылуы және оның қазақтар үшін салдары[өңдеу]
Бірінші орыс революциясы қатаңдықпен басып тасталғаннан кейін патша үкіметі елде қуғын-сүргін шараларын жүзеге асыруға кірісті. 1907 жылы реакцияшыл сайлау заңы шықты. Ендігі жерде бұратана ұлттар, соның ішінде қазақтар да сайлау құқығынан айырылды. Патша үкіметі Қазақстанның байырғы халқы сайлауға қатысуға әлі дайын емес деп санады. Сондықтан да 1907—1917 жылдарда қазақтар Ресейдің Мемлекеттік Думасына сайланған жоқ. Патша үкіметінің бұл шарасы қазақ халқының ашу-ызасын туғызды. 1907 жылғы маусымда Ақтөбе, Петропавл, Костанай сияқты тағы да басқа қалаларда наразылық митингілері болып өтті. 1908 жылы Ә. Бөкейханов Выборг үндеуіне қол қойды. Ол үндеу II Мемлекеттік Думаның таратылуына қарсылық ретінде қабылданған болатын.
Келесі шақырылған Мемлекеттік Думаларда қазақ халқының мүдделерін Т. Седелъников, В. Недоносков, Н. Бородин, И.И. Космодемияновский, А. Виноградов, Н. Скалозубов сияқты орыс депутаттары белсене қорғады. Орынбор губерниясынан сайланған депутат Т.И. Седельников Мемлекеттік Дума мәжілісінде былай деп ашық айтты: «Жүздеген мың қырғыздар... мүлде жерсіз қалып отыр, ұлтарақтай ғана болмашы жері бар қырғыздардың саны кем дегенде миллионға жетеді». Қазақтардың жерге қатысты құқығын башқұрт Ш. Сыртланов, татар депутаты С. Максудов қорғады.
Закавказьелік депутат X. Мамедов III Мемлекеттік Думаның мінберінен бүкіл мұсылман фракциясының атынан сөйлеген сөзінде Ресейдің ішкі аймағынан шаруаларды Қазақстанға қоныс аударуды онда қазақтардың жерге қатысты занды құқықтары шешілгенге дейін тоқтата тұруға шақырды. Қазақтың белгілі саяси қайраткерлердің бірі Мұстафа Шоқай Думаға депутат болмаса да, III және IV Мемлекеттік Думалардағы мұсылман фракциясының құрамына кіріп, ондағы мұсылман депутаттардың назарын қазақтардың бастан кешіріп отырған ауыр халіне аударды.
Бірінші орыс революциясының қазақ халқына тигізген ықпалы[өңдеу]
1905—1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы жеңіліске ұшырады. Бірақ ол қазақ халқының қоғамдық сана-сезімін арттыруға, өлкедегі демократиялық қозғалысты дамытуға орасан зор ықпал етті. Ресейдегі революциялық оқиғалардың әсерімен қазақ халқының көрнекті перзенттері саяси сахнаға көтерілді. Халықтың таңдаулы өкілдерінің Ресей Мемлекеттік Думасына қатысуы Қазақстан тарихында аса маңызды рөл атқарды. Қазақ халқының көшбасшыларына айналған зиялылар Ресей империясының өкілетті органының мінберінен ең маңызды проблемаларды, жерге қатысты мәселелерді принципті түрде батыл көтере білді.
Бірінші орыс революциясы жылдарындағы оқиғалар қазақ халқымен Қазақстандағы басқа да ұлыстардың саяси белсенділігін арттырды. Қазақ жұмысшылары өз алдына дербес саяси күш ретінде көріне білді. Солай бола тұрса да ол жылдардың оқиғалары Қазақстандағы ұлттық-демократиялық және жұмысшы қозғалысының әлсіз, әлі де жетілмегенін көрсетті.[1]
Достарыңызбен бөлісу: |