Тақырып 2. Қазақ халқының ұлттық қозғалысының бастаулары.
1.1. ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы саяси өмірдің жандануы.
1.2.1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, тарихи маңыздылығы және оған заманауи көзқарас.
1.3.Қазақстандағы Алаш және басқа саяси партияларының қызметі.
Ресейдегі тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революция Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкеде езгінің отаршылдық, әлеуметтік және басқа түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшы, аграрлық қозғалыстардың жедел қарқынмен дамуына серпін берді. Өлке халқының әртүрлі топтарының Ресейдегі 1905-1907 жж. революцияға көзқарасы бірқалыпты болған жоқ. Өлкенің экономикалык және саяси дамуы дәрежесі баяу болғандықтан Ресей орталығынан гөрі жұмысшы қозғалысының қарқыны төменірек болып тек революия жылдарында жаңа сатыға көтерілді. Оған өнеркәсіп пен қала жұмысшылары белсене қатысты.
1905 жылғы 9 қаңтардағы қанды оқиға және одан кейінгі Ресей империясының өндірістік орталықтарындағы халық қозғалысы туралы хабарлар қазақ даласына тез тарады. Верный, Әулиеата қалаларының, Перовск, Қазалы, Орал, Актөбе, Семей темір жол станцаларының демократиялық ниеттегі еңбекшілері наразылық білдірді, ал Ақмола облысы мен бүкіл Дала өлкесінің орталығы Омбыда бүкілхалықтық ереуіл-шерулер болды.
1905 жылдың ортасында бүкіл Орынбор-Ташкент темір жолы бойындағы (Түркістан, Перовск, Жосалы, Қазалы, Шалқар) станцаларда жұмысшылар өздерінің экономикалық жағдайын жақсартуды, жұмыс күнін қысқартуды талап еткен ереуілдер өтті. Петропавл темір жол депосының жұмысшылары саяси ереуіл ұйымдастырып, ал олардың Орынбордағы әріптестері жұмысты тоқтатты. 1905 жылғы қаңтар-ақпан аралығында өлкені қоныстанған кедейлердің патша үкіметіне ашу-ызасын білдірген көптеген жиналыстар өтті.
Бірінші орыс революцияның өріс алу барысында әлеуметтік таптар мен саяси бірлестіктер мен партиялардың бағдардамалық көзқарастары айқындалды. Әрбір саяси партия революциядағы өзінің жуыр кездегі іс-қимылын, өзге партиялар мен ағымдарға көзқарасын, сондай-ақ мемлекеттік бағыт-бағдарларға сын-ұсыныстарын айқындап, белгіледі.
1905-1907 жж. Қазақстандағы жұмысшы қозғалысы қалыптасып орталықтағы әріптестерінің тәжірибесіне сүйеніп өзінің дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Ресейдегі революциялық оқиғалармен ұштасып Қазастанның жұмысшылар шоғырланған аудандарында ірі-ірі саяси және экономикалық ерулер болып өтті.Оған 1905 жылы желтоқсанда Успенск мыс руднигінде, 1907 жылы маусым айында спасск мыс қорыту зауытында, Қарағандының кен орындарында және Семей, Орал, Ақтөбе, Верный, Қостанай және басқа қалалар мен кәсіпорындарында өткен ереуілдерді жатқызуға болады.
Бірінші орыс революциясы жылдары өлкеде РСДЖП-ның алғашқы топтары мен ұйымдары қалыптаса бастады, ол құбылысқа аталған партияның Сібір, Астрахань, Самар, Саратов комитеттері елеулі ықпалын тигізді. 1904 жылы пайда болған "Сібір социал-демократиялық Одағы, әсіресе оның Омбы ұйымы аса маңызды іс тындырды. Ол бірінші кезекте Петропавл, Көкшетау қалары мен солтүстік-шығыс аудандарындағы, сондай-ақ Жетісудағы жұмысшылар, жалпы еңбекшілер арасында айтулы үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
Қазақстандағы алғашқы өз бетінше оқып үйренетін марксистік үйірме Атбасар қаласында болды. Оны 1896 жылы Оралдан жер аударылған жұмысшы А.Д. Ушаков ұйымдастырды. XX ғ. басында бұндай үйірмелер Ақмолада, Петропавлда, Оралда, Қостанайда, Семейде, Верныйда және өлкенің басқа да қалаларында пайда болды.
Революцияның алғашқы айларында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан марксистік үйірмелер негізінде Петропавл мен Оралда РСДЖП ұйымдары, Перовскіде, Қазалыда және Түркістанда, ал біршама кейінірек Ақмолада, Көкшетауда, Ақтөбеде, Павлодарда және өлкенің басқа да қалаларында социал-демократиялық топтар құрылды. Алғашқы РСДЖП ұйымы Семейде қалыптасты.
Революция жылдары (1905-1907) Қазақстан жұмысшыларының кәсіподағы қалыптаса бастады. 1905 жылдың қарашасында Н.Смуров, Н.А.Покатилов және Н.И. Ульянов басшылығымен алғашқылардың бірі болып Орал теміржолшыларының, кәсіподағы, одан кейін неғұрлым жақсы топтасқан әрі жауынгер ұйым- баспахана жұмысшыларының кәсіподағы құрылды. Қатарына 6 мың адамды топтастырған Орынбор-Ташкент теміржолшыларының өлкедегі ең ірі кәсіподағы 1906 жылы құрылып көптеген революциялық әрекеттерімен белгілі болды. Кен өндіру саласында алғашқы кәсіподақ Успен руднигінде құрылып, ол Орыс-Қырғыз одағы деп аталды. Деректер бойынша бірінші орыс революциясы кезінде еліміздің бар-лық, жұмысшылары мен қызметкерлерінің бар болғаны 3,5 проценті 20-25 түрлі салалық кәсіподақтар қатарына тартылған болатын.Сайып келгенде, мұның өзі жергілікті жұмысшылардың аздығы, олардың кәсіпорындар бойынша шоғырлану дәрежесінің төмендігі және өндірістік қызметтерінің маусымдылығы елеулі әсерін тигізген. Түрлі одақтың саяси ұйымдарға еңбекшілердің аз тартылуы жұмысшы қозғалысының тек әлсіз болғандығынан емес, халықтың басым көпшілігін қазақ шаруалары мен Ресейден қоныс аударғандар құраған және өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуының баяулығы да себепкер болды.
Елдегі үкіметке қарсы қоныс аударушы шаруалардың, соғысқа қатысушылардың отбасыларынан қымбатшылыққа, лауазымды адамдарға, салықтар төлеуге және жұмыстық міндеттерін өтеуге байланысты ереуіл-күрестері күшейе түсті. 1915 ж. наурызында Жетісу облысының Верный, Лепсі және Пржевальск уезіндегі ауыл түрғындары орталық үкіметтің баға саясатына қарсы наразылық білдірді. Лепсі уезінің Андреевск, Осиповск елді мекендерінде, Верный уезінде әйелдер көпестер дүкендерін қиратып, тауарларын талап алып кеткен, 1916 ж. Зайсанда болған әйелдердің бас көтеруі әскери күшпен тоқтатылып, 13 адам қамауға алынған.
Сөйтіп 19 жылдан кейін жаңа революциялық дәуіріндегі бой көрсетулердің басым көпшілігінің әлі ұйымдаспаған сипатта болғанына қарамастан, өлкенің жұмысшылары мен шаруаларынық саяси сана-сезімін дамыту үшін олардың зор маңызы болды. Қазақстан еңбекшілерінің барған сайын қалың топтары отаршылық езгі мен таптық қанауға қарсы күреске тартыла түсті.
1914 жылы Ресей империясы бірінші дүниежүзілік соғысқа тартылды. Бұл империалистік сипаттағы соғыс барлық халықтарға, соның ішінде Казақстанға да ауыр зардаптарын тигізді. Ол патша шенеуніктері мен жергілікті әкім-қаралардың және байлардың зорлық-зомбылығы мен озбырлығын күшейтті. Соғыс қажетіне Қазақстаннан көп жылқы, ауыл шаруашылық өнімдері жөнелтілді. Жергілікті халықтан алынатын салық 3-4 есе көбейді, шаруалардың ірі қара малы мен мал өнімін соғыс қажетіне алу да жедел қарқын алды. Осының бәрі егістік жердің қысқаруына, ірі қара мал басының күрт азаюына әкеп соқты. Елдің өнеркәсібіндегі жалпы күйзеліс пен ауылшаруашылығының құлдырап күйзелуі олсызда әлсіз Қазақстан экономикалық қуатын төмендетті. Калалар мен ауылдардағы еңбекші бұқараның жағдайы күрт төмендеді.
Кәсіпорын иелерінің, жергілікті бай мен әкім-қаралардық зорлық-зомбылығы 1916 ж. 25 маусымда Ресей үкіметінің "Бұратана халықты мемлекеттік қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртібі туралы ереже" қабылдануына байланысты тіпті күшейе түсті. Жұмыстан немесе әкімшілік ережелері мен талаптарын орындаудан бас тартқан азаматтарды қамауға алу немесе үш ай мерзімге дейін тұтқындау, болмаса айып ретінде ақша өндіріп алуға кесетін болды. Азық-түліктің екі-үш есе қымбаттауы да халықтың наразылығын өршіте түсті.
Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, оларды отарлау езгісі мен еңбектегі қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Қазақтардың жасы туралы құжаттардың жоқтығын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл ағамандары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын "қара тізімге қосты", ал байлар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты.
Майдан жұмысына қазақ жастарының ішіндегі кедей балаларының алынуы қалың халық арасында зор наразылық туғызды. Елде болыстық басқармаларды талқандау, ауыл старшындарын, қатыгез, жағымсыз байларды өлтіру, ірі иемгерлердің шаруашылықтарына шабуыл жасау, жер сату жөніндегі құжаттарды, алым-салық қағаздарын т.б. жойып жіберу секілді ашу-ыза әрекеттері кең орын алды. Сойыл, кетпен, шалғы, орақ, мылтық, қылышпен қаруланған ел адамдары байлардың ауылдарын өртеп, малдарын айдап әкету әрекеттерін жиілей түсті. Халықтың үкіметке және оның жергілікті өкілдеріне ереуілдері мен ашық көтерілістері жиналып келіп, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты.
1916 ж. таптық және езушілікке, соғысқа деген өшпенділіктің күшеюі жаппай құбылысқа айналды. Соғыс елдегі жалпы-ұлттық дағдарыстың пісіп-жетілу процесін тездете түсті. Соның жарқын бір көрінісі Қазақстан мен Орта Азияның барлық аймақтарын түгел дерлік қамтыған 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілісі болды.
Көтерілістің сипаты мен қозғаушы күштері. Өзінің сипаты жөнінен қозғалыс отаршылдыққа және қанаушылыққа қарсы, халық-азаттық қозғалысы болды. Қазақстандағы көтеріліс Ресей әкімшілігі үшін де, сондай-ақ жергілікті үстем тобы үшін де күтпеген жерден басталды.
Көтерілістің негізгі себептері отарлық езгінің күшеюі, жердің тартып алынуы, салықтар мен алымдардың шексіз өсуі, еңбекшілерді үстем топтардың қанауының күшеюі, ұлттық араздықтың өршітілуі, соғысқа байланысты қалың халықтың жағдайының күрт нашарлауы, орыстандыру саясаты болды. Патша өкіметі өзінің Қазақ даласындағы басты міндетін империялық өкімет негізінде орыс мемлекеттігін нығайту деп білгені кездейсоқ емес еді.Әртекті болғанымен, 1916 ж. қозғалыс ұлт - азаттық сипатта болып және отаршыларға, империалистік соғысқа және иемденуші топтарға қарсы бағытталды. Оның негізгі қозғаушы күші ауылдың еңбекшілер бұқарасы болатын: ұлттық шаруалардың қалың топтары, жергілікті жұмысшылар, батырақтар, қолөнершілер. Сол кездегі деректерде бүлікшілердің орасан көбі қырғыздардың кедей табынан тұрады, "пүрс атты таптар - байлар ғана үкіметке адал болып қалуда"' деп көрсетілген.
Көтеріліс отарлауға және империалистік саясатқа қарсы бағытта өрбіді. Халықты ұлттық және саяси жолындағы көтерілістің басты міндеттерімен салыстырғанда бұл көтерілістің таптық жағы (ауылдың феодалдық басшы топтарына қарсы күрес) екінші кезектегі мәселе болып қалды.
Бұл кездегі империя көлемін қамтыған саяси тұрақсыздық жағдайында Орынбор қаласында шоғырланған қазақ окығандары өзара кеңесіп, кезек күттірмейтін ұлттық мәселелерге байланысты бір тұжырымға келу үшін жалпы қазақ съезін шақыру туралы шешім қабылдады. Олар "Қазақ" газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу жолдады. 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынборда болған "Бүкіл қырғыздық" съезде "Алаш" партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оның құрамына Әлихаң Бокейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т. б, кірді. Бұл партияның сол жылы 5-13 /18-26/ желтоқсанда Орынборда өткен екінші съезінде Қазақ автономиясы -Алашорда Үкіметі - ұлт Кеңесі құрылды. "Алаш" партиясының Бағдарламасы бекітілді. Ол негізгі 10 бөлімнен тұрады. Олар: 1) Ресей демократиялық федерация болып жариялану туралы; 2) Ресей құрамында Қазақ ұлт автономиясын құру; 3) Халықтар арасында тең құқықтық орнату; 4) Дін туралы, дінді мемлекеттен ажыратып шығару; 5) Елдегі билік және сот туралы; 6) Елді қорғау, әскер және халықтық милиция құру;7)Халықтың табысына қарай салық салу; 8) Жұмысшылар туралы; 9) Ғылым және білім туралы; 10) Жер мәселесі.
Жаңа құрылған үкіметтің құрамына 15 адам, Халық Кеңесі төрағасы болып Әлихан Бөкейханов бекітілді. Бұл үкіметтің негізгі мақсаты ұлттық бірлікті жандандыру саясаты болған еді. Осы козғалыстың өмірге келуі отаршылдық езгідегі халқымыздың ғасырлардан бергі қордаланып келген және әбден пісіп-жетілген наразылығының айқын көрінісі болды.
Большевиктер билікке келісімен-ақ, ұлттық мүддені негізгі мұраты санаған, Қазақстандағы бұл қозғалыс пен Алаш партиясына пролетарлық төңкерістің салтанатты шеруі жолындағы кедергі есебінде қарады. Бұл бағыт оның ішкі және сыртқы саясатында /халықаралық коммунистік қозғалыстағы да/ ашық көрініп, әсіресе, Сталиннің жеке билігі орнағаннан кейінгі кезеңде жетекші бағытқа айналды. Соның салдарынан бұрыңғы империяның шет аймақтарында дами бастаған ұлттық қозғалыстарға үзілді-кесілді тежеу салынды.
1918 жылғы 5 қаңтарда Бүкілресейлік құрылтай жиналысының күшпен таратылуы Алаш автономиясын құру мүмкіншілігіне де зардабын тигізді. Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер Алаш партиясы, біріккен ұлттық зиялылар большевиктерге қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені күштеп танушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдык топтардың таптық мүддесін қорғайтын, төңкеріске қарсы кертартпа күш есебінде қарады.
Сөйтіп, қазақ елінің ғасырлар бойы мыңдаған асыл азаматтары басын тіккен биік арманы — ұлттық мемлекетті қалпына келтіру ісі — Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметімен бірге тоталитарлық өктемдік пен империялық зомбылықтың шабуылына көміліп, тарих қойнауында қала берді.
3. 1918 жылдың бірінші жартысында Кеңестіктердің ішкі қарсы-ластығының шиеленісуі ел ішіндегі қарсыластыққа әкеліп соқтырды. Қарсыластықтың негізі ауыл мен қала, жұмысшылар мен шаруалар арасында болып шиеленісе түсті. Жұмысшы-шаруалар Кеңестерінің орталық пен ел өңіріндегі өкімет тізгінін басып алуы, алғашқы кезден-ақ биліктен алыстатылған топтардың қарулы қарсылығына туғызды. Яғни, бүкіл мемлекеттегідей Қазақстанда да азаматтық қарсыластық қарулы ұрысқа - азамат соғысына әкелді.
Азамат соғысының оты 1917 жылдың қарашасында Торғай облысының әкімшілік орталығы Орынборда тұтанды. Мұнда атаман Дутов Кеңес үкіметін құлатып, ондағы С. Цвшилинг басқарған революцкялық комитетті тұтқындады. Ал 1917 ж. 13 қарашасында Жетісудың казактары Кеңестермен күресу үшін Әскери үкімет құрылымын ұйымдастырып, Верныйға осы өңірдегі ақгвардияшылар мен юнкерлерді топтастыра бастайды.
1917 ж. қарашасында революцияға қарсы ауқымды топ Оралда құрылды. Басшылыққа келген әскери үкімет жергілікті Кеңесті таратып, өңірдегі билікті қолына алады. Осынау әскери үкіметтер Қазақстандағы революцияға қарсы ақгвардияшылардың басты күші болады. Олар ақгвардияшыл офицерлерге, казак станицалары мен келімсектер елді-мекендерінің бай-билеуші топтарына сүйеніп, жергілікті кадет, эсерлер мен меньшевиктерден, Алаш, Шура-Ислами партиялары басшыларынан тағы басқа саяси қозғалыстар мен топтар тарапынан қолдау тапты.
Атырауда (Гурьевте) 1918 жылы 23 наурызда Орал казактары бүлік шығарды. Бұнда генерал Толстовтың бұйрығымен жұмысшы және солдат депутаттары Кеңесінің 9 мүшесі сотсыз атылды. Ал осы жылы наурыз айының аяғында ақгвардяшылар Алаш Орда өкілдерімен бірігіп, Орал қаласында төңкеріс ұйымдастырды.
Сайып келгенде, Кеңес үкіметін құлату үшін ел ішіндегі ақгвардияшылдармен бірігіп алған ірі-ірі дамыған мемлекеттердің қатысып қолдауымен 1918 ж. жазында азамат соғысы кең көлемде жайылып кетеді. Олардың еқ басты пәрменді күші елдің солтүсітігі мен шығысында, яғни Австро-Венгрия тұтқын солдаттары сапар шегіп бара жатқан бағытында болады. Сібірде 1918 жылдың мамырында Антанта елдерінің қолдауымен Чехословак әскери тобының офицерлері бүлік шығарды. Кейін олар ел ішіндегі жаңа үкіметке қарсы күштермен бірігіп, Петропавл, Ақмола, Атбасар, Қостанай, Семей қалаларын басып алды. К, Сүтішев, И. Дубинин, П. Калюжная, Ғ. Ыдырысов, Қ. Шугаев, П. Салов және басқаларын азаптап өлтіріп, Өскемен Совдепінің төрағасы Я. Ушаковты тірілей кеменің оттығына тастады.
Қазақстан тарихы. 5 томдық. 1-5-томдар. –Алматы., 1996, 1997, 2000, 2010.
Қазақстан тарихы: Лекциялар курсы. / Ред. басқ. т.ғ.д., проф. Қ.С. Қаражан. – Алматы: Нұрпресс, 2011. – 376 б.
Қазақстанның қазіргі заман тарихы. Хрестоматия. (1917-1939). 1т. Ред. басқарған Қ. С. Қаражан. Алматы, 2007.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, 1999
Кан Г.В. История Казахстана: Учебное пособие для вузов. – Алматы, 2005.
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. – 4 кітаптан тұратын оқулық. Алматы, Қазақ университеті, 2016.
Ұлы Дала тарихы: учебное пособие/Кан Г.В., Тугжанов Е.Л. – Астана: Zhasyl Orda, 2015. – 328 стр.
Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. – Алматы, 2010.
Қазіргі Қазақстан тарихы: Хрестоматия /Б.Ғ.Аяғанның ред. – Алматы, 2010.
Қазақстан тарихы: Оқу құралы. / Ред. басқ. проф. Б.С. Сайлан. – Алматы: ҚазМемҚызПУ, 2012. – 452-б.
Артыкбаев Ж.О.; Раздыков С.З. История Казахастана: Учебник. – Астана: Фолиант, 2007. – 344 с.
Достарыңызбен бөлісу: |