16. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбектерінде Қазақ хандығының – ұлттық мемлекеттіліктің бастауы ретінде бағалануы
Қазақ хандығының тарихы жас мемлекетіміздің идеологиясын қалыптастыруға септігін тигізді. Оған бірнеше дәйек келтіруге болады. Біріншіден, 1991 жылы өзінің саяси дербестігін жариялаған Қазақстан Республикасы мен ХV ғасырдың ортасында өз туын тіккен Қазақ хандығы арасындағы тарихи сабақтастық, жалғастық, үндестік және идеологиялық өлшемдердің болғандығын сезіну, соларды дәлелдеуге бағытталған талпыныстар; Екіншіден, Қазақ хандығының тарихы арқылы қазақ халқының шығу тегін білуге деген қызығушылықтар; үшіншіден, қазақ халқының ХV-ХVІІІ ғасырлар және ХХ ғасырдың соңындағы мемлекеттілігі атауларының негізінде «Қазақ» сөзі тұрғандықтан, екі тарихи кезең арасындағы байланысты бағамдау; Үшіншіден, қазақ хандығының тарихы негізінде қоғамды мемлекетшілдік идеяға жұмылдыру, жас буынды өз мемлекетін сүюге, патриотизмге тәрбиелеуге шыңдау, т.б. Жалпы алғанда, Қазақ хандығының тарихын қоғамға паш ету ғылыми жағынан ғана емес, бүгінгі күннің идеологиялық талаптарынан туындап жатқан құбылысқа айналуы тиіс. Яғни, ХV-ХІХ ғасырлар арасын қамтыған Қазақ хандығы Қазақстан тарихында ерекше орын алып қана қоймай, осы кезеңде қалыптасқан ұлттық сана мен халықтың өзіне тән ерекшеліктері қазіргі біздің қоғаммен тікелей ұштасып жатыр. Сонымен қатар, сол кезде өмір сүрген хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер, бектер мен әмірлер, ақындар мен жыраулар, ишандар мен абыздардың жүріп өткен іздері және ерлік пен елдікті дәріптеген небір айтулы тарихи қызметтері қазіргі таңдағы жас ұрпақ үшін өшпейтін үлгіге айналып отыр. Тіпті, ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі де – қазақ халқының мүддесіне сай қызмет ететін, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жоспары да Қазақ хандығымен байланыста дамыған. Алайда, тарих үрдісі көрсеткендей ол жүзеге аспай қалды. Ал кеңестік негізде құрылған Қазақ АКСР-ы, одан кейінгі Қазақ КСР-да қағаз жүзінде егеменді деп аталғанымен, іс жүзінде орталықтың толық бақылауында болып, ұлттық мүддеден гөрі орталықтың мүддесіне сай саясат жүргізілді. Сөйтіп, қазақтардың санасына мемлекетсіздік идеясы бірте-бірте сіңіріліп, мемлекеттілікті Ресейдің әкелгендігі сияқты қасаң қағида бірте-бірте қалыптаса бастады. Тіпті, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Ресейдің орталық мерзімді басылымдарында «Қазақстан Республикасы ұзақ өмір сүре алмайды. Өйткені, тарихта қазақтардың өз мемлекеті болмаған, оларға мемлекеттілік идеясы жат», деген пиғылдағы ойлардың белең алғаны бәрімізге белгілі. Мұндай пікірлер әлі де толық өшпей жатқаны шындық. Сондықтан, осындай теріс пиғылдағы көзқарастарға тек тарихшылар тарапынан жүргізілген ғылыми негіздегі объективті зерттеулер ғана тосқауыл бола алады. Осылайша, жоғарыда айтылған ойларымыздың бәрін қорытындылай келе, Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі деп есептеліп, сол кезде басталған этникалық дамуларды қазіргі уақытта ұлттық деңгейге жеткізіп, Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына ықпалын тигізіп, Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа мемлекеттің құрылуына негіз қалап, идеологияның тарихи өлшеміне айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |