49. Ы. Алтынсариннің ағартушы-педагог ретіндегі рөлі
Ыбырайдың өмірі мен ісіне көз жіберіп, оның жұмыс еткен жағдайын еске алсақ, таңқалмасқа болмайды. Ол іске кіріскенде, сонау Торғай, Қостанай, Орынбор қолтықтарындағы қазақ далаларында қараңғылықтың қаймағы бұзылмай, мұрты кетілмей жатқан болатын. Татар молдалары арқылы тағы басқа да жолдармен ел ішінде уын жая бастаған ислам діні, оны таратушылардың «балаңды орысша оқуға берсең, шоқынып кетеді»,— деп елді үркітуге барынша күш салды. Ыбырай, не Ыбырай тəрізділерді оқытып шығарғандағы миссионерлердің ойлаған ойы мен көздеген мақсаттары Ыбырайдың ойлаған мақсат, көздеген нысанасы мүлде басқаша болды. Олардың үстіне елдегі бай-феодалдармен тіпті өз туыстарымен де оның тілек-мүдделері қабыспады. Ыбырайды оқытқанда «əкесінің баласы болар», — деп олар үміт етуші еді. Ол армандары орындалмады. Оқып білім алып, өз тізгінін өз қолына алған күннен бастапақ Ыбырай туыстарынан іргесін бөлек салды. Олардың күткен үміттерін үзіп кетті. Осы айтылғандардың бəрі де Ыбырайдың жолында бүк түсіп жатқан үлкен-үлкен бөгеттер болатын. Өзімен білімі деңгел, көзқарасы бір серігі жоқ, ең қараңғылықтың жуан ортасында жалғыз өзі болса да, Ыбырай бар бөгетке қарсы барып, күрес майданына шықты. Сүйгені де, сүйенері де халық болды. Сол халықтың келешегі үшін басын бəйгеге тігіп, желіні ұзаққа тартып, белсеніп іске кірісті. Кезіндегі жағдаймен санаса отырып, Алтынсарин екі түрлі ірі мəселені алдына мақсат етіп қойды: біріншісі — мектеп ашу, бала оқыту — жалпы халық ағарту жұмысы да, екіншісі халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тəрбиелік істері. Оның барлық іс-амалы мен бізге қалдырып кеткен мұраларына көз жүгіртсек амалсыз осы қорытындыға келеміз. 19 Өзінің алғашқы адымында-ақ ол мектептің ролін бірінші орынға қойды. 1871 ж. 31 августа Н.И. Ильминскийге жазған хатында жастарға дін мектептерінің басын қатырған зияннан басқа ешбір пайда бермейтінін, халықтың ілгері дамуына бөгет жасайтындықтарын айта келіп: «Қазақтардың білімге қолын жеткізетін ең басты құрал — мектеп. Бірақ даладағы мектептер шашылыңқы, сондықтан əлі пайдалы бола алмай отыр, əйтсе де олардың үміт күтері — мектеп, тек қана мектеп жəне қазақ халқының болашағы да мектептермен байланысты»,— деді. Ол кезде мектеп, оқу, оқыту мəселесіне əркім əр түрлі қарады. Қазақ ішінде мектептің, оған бала оқытудың пайдасын тез ұққандар да, баласын орысша оқытатын мектептерге беруден тартыныңқырағандар да болды. Тіпті үстем тап өкілдері феодалдардың өздері де бірыңғай болған жоқ. Ислам дініне берілушілер жəне ескілікті берік сақтағысы келгендер қадым оқуын қолдады. Кейбіреулері өздерінше жаңаға қарай бейімделіп, ел билеу үшін де орысша білу керек деп ұқты да, балаларын жана мектептерге беруді мақұл көрді. Мұндайлар қазақтың əр губерния, əр үйездерінен де табылды. Бұлардың жерлері басқа болса да, аңсаған арман, көздеген мақсаттары бір болатын. Ата-аналары: «оқу-өнеріңмен біз үшін қызмет ет» десе, миссионерлер: «біліміңді патша үкіметінің ықпалын қазаққа молырақ таратуға күш сал» десе, Ыбырай тəрізді халықтың адал ұлдары алған білімдерін өз елін мəдениетке жетелеуге, оқу, ағарту ісін өркендетуге жұмсады. Ол кезде надандыққа белшесінен батып жатқан елді оқуға шақыру, мəдениеттілікке үндеу айтарлықтай тарихи іс еді. Сол бір тарихи кезеңде əлеуметтік мəні зор үлкен іс, ауыр жүкті арқалаған адамның бірі Ыбырай Алтынсарин болды. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық — білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін 20 ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндірді. Есті бала мен ессіз баланы қарама-қарсы қойып, жастарға кімнен үлгі алып, кімнен безу керектігін көрсетті. Алтынсарин мейілінше қиын жағдайда жұмыс істеді, талай бөгеттерге кездесті. Өтірік арыз, «Жаптым жала, жақтым күйенің» неше түріне жолықты. Бірақ ол күрестен қажыған жоқ. Əсіресе оның келешекке сенімі зор болды. Аңсаған армандарын өзі орындай алмаса, болашақ жастар орындайды деп білді. Елді қараңғыдан жарыққа шығаратын жастар, тек қана жастар деген қорытындыға келді. Өзін қоршаған қараңғылық, надандықтарды шеней келіп: «Біз надан боп өсірдік, Иектегі сақалды, «Өнер жігіт көркі»— деп, Ескермедік мақалды. Біз болмасақ сіз барсыз, Үміт еткеи достарым, Сіздерге бердім батамды» — деді. Ыбырай қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар, адамгершілікке, махаббат, достыққа, еңбекке, жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюшілікке, қысқасын айт-қанда, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді жəне жастарға бала кезінен бастап дұрыс тəрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды. Балаға жастай дұрыс тəрбие беру бүкіл дүниежүзіндегі педагог-ғалымдардың ертеден бері үлкен көңіл аударып, айрықша көтерген мəселесінің бірі десек, XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласынан оларға үн қосушы бірінші қазақ педагогі Ыбырай Алтынсарин. Бұл мəселе жөнінде ол көптеген педагогтердің, əсіресе орыстың алдыңғы саптағы ұлы педагогғалымдары К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, Бунаковтар- 21 мен пікірлес болды. Оның 1879 жылы басылған «Қазақ хрестоматиясын» алсақ, əрі методология, əрі методика жағынан жастарға дұрыс тəрбие беруге лайықталынып құрылғандығын көреміз. Методологиялық жағы татар тіліндегі əдебиеттер арқылы далаға кең тарауға бет алған ислам діні, оның зиянды əрекеттеріне қарсы шығу, оның орнына шын ғылым беретін жаңа принципті ұсыну жəне оны орыс алфавиті арқылы өзінің ана тілінде тарату болса, методика жағынан: балалардың жастарына лайықты, ең, керекті материалдарды жанастыру болды. 1. Бұл кітапқа балалар өмірі туралы орыс тіліндегі əртүрлі хрестоматия, көбіне Паульсонның хрестоматиясынан алынған əңгімелер; 2. Əр түрлі жастағы адамдардың өмірін суреттейтін əңгімелер; 3. Қазақ жыршыларының өлең, жырларынан үзінді; 4. Қазақтың мақал, мəтелдері. Осы тəрізді төрт бөлімнен құралады. Жинастырған материалдарына да, құрастыруларына да автордың мейілінше ұқыптылықпен қарауымен қатар, олардың тəрбиелік мəніне зор көңіл бөлгендігін де аңғару қиын емес. Соңғы зерттеушілер (Ə. Дербісəлин) Алтынсариинің отыз бес аудармасының барлығын айқындатып жəне əңгімелерінің көпшілігі И.И. Паульсонның «Книга для чтения и практических упражнений в русском языке» хрестоматиясынан алынған да, басқалары К.Д. Ушинскийдің «Детский мир», «Родное слово», Л.Н. Толстойдын, балаларға арналған кітаптарынан алынғандығын анықтап отыр. Бұлардың көпшілігі дəл аудармалар да, бір қатары ерікті аудармалар. Кейбіреулері орысшадан тек тақырып, сюжетін ғана алып, қазақтың өмірі мен тұрмыс салтына жақындатып, өзінше жазған деуге болады. Қалай болғанда да жастарға дұрыс тəрбие беру үшін олардың дүние танушылық көзқарасын кеңейту үшін «Қазақ хрестоматиясының» тек өз кезі ғана емес, қазірдің 22 өзінде де мəні зор. Сондықтан да ол талай жылдар, талай рет басылып, мектеп оқушыларына ұсынылып келеді. Бұл кітапқа енгізілген əңгімелер: еңбек сүюшілік, оқу, өнерге ұмтылушылық, Отанын-елін сүюшілік, талаптылық, жігерлік, іздемпаздық, кішіпейілділік, махаббат, қайырымдылық, адамгершілік, жинақтылық, тағы басқа осылар тəрізді жақсы мінез-құлыққа тəрбиелеуге керекті мəселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты, надандықты, сот-қарлықты қарсы қойып, жастардың мұндай əдеттердең аулақ болуына жол көрсетті. Мысалы: Хрестоматияға енгізілген өлең, əңгімелердің балалардың жасына, сана-сезімдеріне лайықтыланып, педагогика ғылымының міндетті түрде тəрбиешілерден талап ететін əдіс мəселесінің беріқ сақталуы өз алдына, сонымен қатар жоғарыда аталып өткен: оқу, еңбек, талап, мейірімділік тағы басқа тақырыптарға арнаулы, қолға таяқ ұстатқандай əңгімелерді əдейі, саналы түрде таңдап алғандығын да көрмей кетуге болмайды. Кітаптың беташары оқуға шақырудан басталып, оның əлеуметтік мəнін түсіндіру болса, сонымен қатар негізгі тақырыбының бірі — еңбек. «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» əңгімесінде, ең кішкентай жəндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға, үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа дейді. Кейде сəл нəрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, «аз жұмысты қиынсынып» бойкүйездікке салынушылық өмірде көп кездеседі. Бұл жақсы əдеттің нышаны емес. Сондықтан балаларды жастайынан-ақ бойкүйездікке, жалқаулыққа қарсы еңбекке тəрбиелеу мəселесіне Ыбырай ерекше көңіл бөлген. Жастарды еңбек етуге дағдыландыруды үгіттеген оның басқа да əңгімелері аз емес. Жазушы «Атымтай жомарт» əңгімесінде еңбекті дəріптейді. Ешнəрсеге мұқтаждығы жоқ Атымтай 23 еңбектен ұдайы қол үзбейді. Бұл ел аузында ертегі жыр болып кеткен, ежелгі араб жұртының əңгімесі болатын. Ыбырай осы ел аузындағы ертегіні балаларға арнап əңгіме етіп ұсынды. Əңгіменің идеясы да, кейінгілерге үлгі боларлық жағы да Атымтайдың сөзінен айқын көрінеді. Атымтай бір сөзінде: «Күн сайын өз бетімен тапқан пұлға нан сатып жесем, бойыма сол нəр болып тарайды. Еңбекпен табылған дəмнің, тəттілігі өзгеше болады екен»,— дейді. Алтынсариннің тəрбие жөніндегі негізгі тақырыбының бірі — талап. Талап етіп талпынбаса, адам баласы ешбір алға баспаған болар еді. «Талапты ерге нұр жауар»,— деген халық мақалы да өмір тəжірибесінен туған пікір. Жастық шақ жігер, қайраттың толы кезі. Бойдағы жасырын талант, өнерлерін жарыққа шығарып қалатын кез де осы. Ол үшін талап керек. Əр нəрсені де жігермен істе, өзіңнің не нəрсеге қабілетің, ыңғайың бар, қолыңнан не келеді, соны жақсы біл, қай өнердің соңына түссең, əрі өзіңе, əрі коғамға пайда келтіре аласың, талаптан да таңдап ал дейді. Кейде талаптың, жігердің жоқтығынан жап-жақсы өнердің жарыққа шықпай кетуі де мүмкін. Сондықтан өз талабыңмен өрге шық дегенді айтады. Ыбырай жас ұрпақтарға дұрыс тəрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мəселесіне ерекше көңіл бөлді. Баланы дұрыс күт, түзу тəрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал деді. Бұл жөнде де елге үлгі боларлық əңгімелер жазды. Оның осы тақырыпқа жазған бір əңгімесінде: «Жаздың бір əдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты керіп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» — деп сұрады баласы. «Ата-анаңның тілін алсаң ана ағаштай сен де түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай болып бағусыз өсерсің. Мынау ағаш бағусыз өз қалпымен өскен»,— деді атасы. «Олай болса бағу-қағуда көп мағына бар екен ғой»,— деді баласы. «Бағу-қағуда көп мағына барын- 24 да шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең сен де мына қисық біткен ағаштай қисық өсерсің»,— деді. Бұл əңгіменің оқушылар үшін де, оқытушылар үшін де үлкен тəрбиелік мəні бар. «Баланы жастан»,— дегендей, оған жас күннен түзу тəрбие беру, оның болашақ өмірі үшін керек. Есейіп кеткен соң қисығын түзеу қиынға түседі. Кейде сол қисаюмен барып мерт болады. Ыбырайдың бұл əңгімесі қазіргі мектеп балаларын тəрбиелеу үшін де үлгі бола алады. Махаббат, мейірімділік туралы, əсіресе, «Мейірбанды бала», «Шеше мен бала», «Аурудан — аяған күштірек» деген үш əңгімесін алуға болады. Махаббат, мейірімділік ата мен ананың үй ішіне деген махаббатынан басталады. Адамгершілікті ту ғып көтерген ұлы адамдар да алдымен өз атасын, өз туғандарын сүйеді олардың кейбіреулері өсе келе, тек «атасының баласы болмай, адам баласы» бола біледі. Тек өзіме ғана болсын деген мещандық көзқарасты аттап өтіп, адам деген ардақты атқа ие болушылардың шын бакыты үшін қол созады. «Мейірімді бала» əңгімесінде, 13 жасар қыз патшаның үкімі бойынша қолы кесілуге бұйырылған əкесі үшін, патшаға арыз етіп, өз қолын кесуге ұсынады. Қыз: «тақсыр, жұмыс жасап, бала-шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз»,— дейді. Мұнда жас қыздың тек қана атасы емес, анасы мен бауырларына деген де махаббаты суреттеледі. Ананы қандай түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін жазушы «Аурудан — аяған күштірек» деген əңгімесінде айқын көрсеткен. Бұл əңгімеде аяғы сынған Сейіт деген бала жанына аяғының ауруы қанша батса да анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағандығы айтылады. Автор бұл көріністі былай суреттейді: 25 «Сейіт орам-ораммен жүріп бара жатқанда, бір арбалы келіп аңдаусыз соғып, кетіп аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан баласын көріп, шошынғаннан шешесі талып қалыпты. Мұны көрген соң Сейіт жыламақ түгіл, сынған аяғын орнына салып таңып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай жатты. Сонда сынықшы кісі: «Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың?» деп сұрайды. Сейіт шешесі шығып кеткен соң, демін алып сынықшыға сыбырлап: «ауырмақ түгіл жаным кезіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, əжем де қиналып жыламасын деп жатырмын», — деді. Сейіт шын мəнінде мейірімді бала болып суреттеледі. Мұндай жастарда жалпы адамды сүйетін жақсы мінездің біртіндеп өсетіндігі сөзсіз. Бала кезінен əлпештеп өсірген анасының қадірін білген жас алақанына салып аялап, тəлім-тəрбие беріп отырған ұлы анасы — Отанын сүйетін, ол үшін де өз жанының ауырғанына ыңқ етпейтін нағыз отаншыл болып шығады. ЬІбырайдың бұл əңгімесінің идеясы осы. Бұл əңгімені осылай түсінсек қана Сейіттің мейірімді мінезін дұрыс түсіне аламыз. Тəрбие мəселесін сөз қылғанда, ерекше тоқтап өтуге керекті мəселенің бірі — Ыбырай еңбектерінде түрлі елдердің мəдениет майданындағы өзара достық қарымқатынастары, да бейнеленіп отырады. Ыбырай балаларға шетелдің жақсы адамдарын үлгі етуі — оның жалпы адам баласының достық идеясын аңсағандығын көрсетеді. Ыбырай қазақ халқын қалай еткенде тез көркейтуге болады деген сұраққа жауап іздеді, төбеге шығып төңірегіне қарады. Оның көзіне өскелең орыс елінің озық мəдениеті түсті, осы мəдениетке бой ұрды. Орыс халқы қазақтың досы, үлгі-өнеге боларлық үлкен ағасы. Біз осы халықтан үйренуіміз керек: идеясынан рух, мəдениетінен нəр, өнерінен үлгі алуымыз керек деді. Сөйіп Ыбырай бұдан жарты ғасыр бұрын осы идеяның жаршы- 26 сы болды. Жаршысы болып қана қойған жоқ, оны өз қолымен іске асыруға кірісті. Біз жоғарыда хрестоматияға енгізілген əр түрлі əнгімелердің Паульсон, Ушинский, Толстой тағы басқалардан алынғандығын көрсетсек те, талдау үшін мысалға келтірілген əнгімелерді: «Алтынсарин əңгімелері»—деп атадық. Өйткені, олардың аударма екені белгілі бола тұрса да орта мектептерге арналған оқу құрал не кейбір мақалаларға көп жылдар бойы шартты түрде солай жазылып келгендіктен, бұл ұғымды біз шартты түрде қолданып отырмыз. Екінші, сол тақырыптарды қамтитын оның өз қаламына тəн де əңгімелері болғандықтан («Бай мен жарлы баласы», «Надандық», «Қыпшақ Сейітқұл». Олар жөнінде кейін тоқталамыз) аудармаларын да қоса «Алтынсарин əңгімелері» деп атауды ерсі көрмедік. Бұл жердегі біздің дəлелдемегіміз жастарға дұрыс, жақсы тəрбие берудегі оның көзқарасы мен үлгі үшін кітабына енгізген əңгімелерінің тəрбиелік мəнін көрсету болғандықтан, солай жалпылап атадық та, аудармалары туралы; жазылған жеке зерттеулерге сілтеме бердік. Екінші жағынан, Алтынсариннің opыс авторларынан алған əңгіме, көркем шығармаларын қазақшалауында ерекшеліктері де бар. Ол əңгімелерді аударғанда Алтынсарин барлық жерде тұпнұсқасын бұлжытпай, сол күйі аударуды принцип етіп қоймаған. Кейде тақырыбын, кейде сюжетін, кейде баяндау əдісін езгертіп, қайткен күнде де, қазақ өміріне жақындатып, қазақ балаларына түсінікті баяндауды негізгі нысанасы еткен. «Алтынсарин əңгімелері» дегенде біз бұл жағын да еске алдық. Əңгіме атында емес, тəрбиелік мəнінде, ол əңгімелердің өз кезінде атқарған қызметінде ғой. Мəселеге осы тұрғыдан келсек, өзі жазған əңгімесі болсын, орысшадан аудармалары болсын Алтынсарин жазба əдебиетіміз тарихында балалар əдебиетінің негізін салушы — атасы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |