48. Ш. Уәлихановтың Қазақ тарихы мен мәдениетіне байланысты ғылыми еңбектерінің маңызы
Туған халқына деген өлшеусіз махаббат Шоқанды қазақ халқы тарихының ғылыми негізін қалауға ұмсындырды. Оның этнографиялық жазбалары, тарихи зерттеулері күні осы уақытқа дейін құндылығын жойған емес. Шоқанның қазақ халқының түп-тегі туралы ойларының да теориялық- методологиялық маңызы зор. Көшпелі жұрттың, әсіресе жазу-сызуы ерте кезден тасқа қашалып жазылған тайпалардың тарихын айқындар басты көз қазақ халқының шығу тегі, түп-тамырының асыл діңгектері болып табылады. Жалпы, олардың кейбір үзінділері өркениетті елдердің жылнамаларындағы деректермен астасып жатыр деп атап көрсетті ол. Жазба ескерткіштердің хабарларына баса мән бере отырып ұлы ғалым халықтың ауыз әдебиетіндегі деректердің аса маңыздылығын атап көрсетеді, жазба дереккөздермен салғастырғанда бұлардың нақтылығы айқындала түседі деп ой қорытқан.
Ұлы Дала өркениеті тудырған шежіре мәліметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз кезінде Ш. Уәлиханов қазақта «бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», – деп атап өткен [1, 157-б.]. Расында да, қазақ мәдениетінде, төл әдебиетінде үлкен деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келді. Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін келелі мәселе. Шежіренің негізгі мақсаты – тарихи білім жүйесінде сақталатын дәстүрлі мәдени құндылықтар мен дәстүрлі қоғамның рухани-әлеуметтік, идеологиялық-саяси сабақтастығын қаматамасыз ету. Осының барлығы ұлттық мәдениеттің тұғыры болғандықтан, оны тұрақты қоғамдық институтқа айналдыру мақсатында шежіре түсінігінің дәстүрі төңірегіне киелілік сипат ұғымы, ерекше қасиеттеушілік берілгені де байқалады. Халықтың фольклорлық мұрасында сақталған «жеті атасын білген ер – жеті елдің қамын жер» дейтіндей әлеуметтік формулалар — осының бір даналық айғағы [2, 6-б.].
алықтың тарихи мәліметтер зерттеушілер үшін құнды болуына қарай, әр заман тарихнамашылары қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған ірі ғалым Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат қылды. Кейін бұл мұралар Г. Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ә. Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған генеологиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоғалтпаған [2, 7-б]. Шежірелердегі тәңірлік дүниетаным белгілері де айрықша көрінеді. «Көнетүркілік салтты, оның наным-сенім, әдет-ғұрып, той-думан, жол-жоба дәстүрлерін, жыр-өлең сипатында жалғасқан тарихи аңыздарын, әр түрлі уақытта өткен жырау жырларын, салтанат пен әуенге деген құштарлығын, халық әдеті мен билердің шешендік өнері мен билік айту өнегесі сияқты парасат, ақыл-ой мұраларын сақтаушылары деп қазақтарды айту қажет», – деп кезінде Ш. Уәлиханов ескерткен [3, 30-б.]. Шежірелерді жиып отыру ортағасырлардан бері ел ортасынан шыққан атақты адамдары айналысқаны осыдан байқалады. Әрине, алдымен бұл тектілерге тән әулеттік әдет. Ш. Уәлиханов еңбектерінде Есім хан, Тәуке хан, Сәмеке мен Әбілмәмбеттің ұрпақтарында сақталғандығы шежірелер туралы айтылады. Шежірелік жазбалар авторлары бар нақты тарихнамалық туынды белгілері болғандықтан, бұларды шежірелік тарихнама ретінде қарастырылуы әбден дұрыс.
Тұрмыстық фольклор жанрына тән мақал-мәтел, бесік жыры, бата, беташар т. б. сөз үлгілерін халық мәдениетін игерген кез келген адам біледі. Ән, әуен, жыр, өлең – бұлар шежірелік деректі сақтау қызметін атқарушы дәстүр тасымалдаушы құралы болып табылады [3, 32-б.]. Қазақ шежірелеріндегі «Қазақ түбі» мәліметтері қазақ руларының барлығы ерте заманнан келе жатқан түрік жұрағаты десе, генеалогиялық жағынан оған жатпайтын төре, қожа, төлеңгіттер қазақ құрамынан тыс айтылғандықтан да кірме топтар қатарында есептеледі. Мұны Ш. Уәлиханов та мақаласында анық көрсеткен. «Қазақта «кірме» деген сөз бар. Ол сөздің мағынасы өз отанынан, ата мекенінен, ру-тайпа ортасынан жақсы-жаман себептермен шығып кетіп, өзге елге келген, сіңісіп кеткенге дейінгі адамдарды айтады» деп, шежіре кірме ұғымына анықтама береді. Қазақ руларының ішінде өзара алмасқан аталар да аз емес [4, 220-б.]. Шежірелерде осы сияқты тарихи-әлеуметтік құбылыстар түсіндіріліп отырды. Қазақ ортасында бір рудан басқа рудың құрамына ауысып жүрген тұлғалар қай заманда болмасын көп болған. Жаңа рудың ішіне олар, әрине, бала, ұл қатарында кіретін болған. «Бұлар өз әулетін жоғалтпай, қожа, төре, ноғай, татармыз деп өз үрдісін, тарихын, тегін жоғалтпай, сақтап қалуы қайсарлығы, табандылығы, ұждандылығы деу қажет. Бар қасиеттерінің барлығы да қазақ болып кеткендер», – деп түсіндіреді Сондықтан қазақтың барлығы бір-біріне қарға тамырлы қазақ болады [5, 4-б.
Сондай-ақ қазақ шежірелерінде қазақ хандары туралы деректер жинақы түрде баяндалады. XVIII ғасырдың ауызша тарихи дәстүрі туындыларында қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күрес тарихы ерекше суреттеледі. Бұл туралы Ш. Уәлиханов: «Ата-бабаларының ерлігін жырлайтын көне жыр-аңыздар жазу-сызуға түспей ауызша айтылып келуіне қарамастан, шежіре сақтаушы жыршылардың суырыпсалма импровизаторлық ғажап өнер қабілеті мен халықтың тарихи өлең, дастан, ертегі, аңыз, әңгімелерге ден қойып сүйіспеншілікпен тыңдауының арқасында ұзақ жылдар бойы ауыздан ауызға айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып осы күнге дейін сол өзгермеген таза қалпында сақталған, және жапан даланың әрбір шетінен хатқа түсірілген сол мұралардың барлық көшірмелері өзара ұқсас келеді», – деп жазған [1, 149-б.]. Жыр дәстүрін атқарған қызметі жағынан шежірелік мұраға жатқызған өте дұрыс. Жырау мен жыршы атқарған әлеуметтік-мәдени қызметті осы шежірелік жады мен дәстүрлі тарихи сана арқылы іске асырған. Сол тарихи дәуір шындығын жырға салған атақты Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Қожаберген, Үмбетей, Бұқар сияқты тарихты шежіре еткен жыраулар болған. Ш. Уәлиханов қазақтың әрбір текті ақсақалы өз руының шежіресін анық біледі деп айтқан [1, 149-б.]. Шоқан жазған шежірелік шығармалардың ең әйгілісі – «Абылай», «Қырғыз рулары», «Ұлы жүз туралы», «Ұлы жүздің аңыз-әпсаналары», «XVIII ғ. батырлар жыры», т. б. Бұл еңбектерде Шоқан тек қазақ емес, сондай-ақ жалпы түрік-моңғол жұртының тарихи жәдігерлері туралы көп ізденген: яғни, олардың шығу тегі, тарихи деректері, мәдени ерекшеліктері, тәңірлік түсініктері, бақсылық дәстүрі, ру құрылымы, халық күнтізбесі, хандары, космогониясы, наным-сенім жүйесі, қазақ ортасындағы мұсылмандық құқық, шежірешілер, қария сөз, аңыздардың мазмұны, атақты адамдары, рухани құндылықтары, т. б. көптеген мәселелердің барлығының басын қайырып, зейін қойып, тиянақты ізденген
Cонымен, Шоқан жазбаларындағы тарихи дерек ретіндегі қазақтың түп-тамырын айғақтайтын шежірелік шығармаларының орны ерекше. Қорыта келгенде Шоқан Уәлиханов бізге аса бағалы ғылыми мұра қалдырды, олар Қазақстан, Орта және Орталық Азия халықтары тарихының, этнографиясының күрделі ғылыми проблемаларын шешуге көмектескен бай мұра деп айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |